Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.
Әкімшілік жазаның өтеуі – қоғамдық жұмыс
4,072
оқылды

Аталған өзгерістер негізінде 1 қыркүйектен бастап жасалған әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін жазаның жаңа түрі – қоғамдық жұмысқа тарту енгізілді. Осыған орай Қонаев қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаңа ереженің атқарылуын үйлестіру жұмысы бойынша жиналыс өтті. 

Құқық қорғау органдарының өкілдері мен жергілікті әкімдік қызметкерлері қатысқан жиналыста сот төрағасы Әлинасыр Қадыров ұсақ бұзақылық пен вандализмге қатысты істерде де әкімшілік жазалар қатаңдатылғанын атап өтті. 

– Қоғамдық жұмыстарға Әкімшілік кодекстің нақты қай бабын бұзғандар тартылатынына тоқталсақ, біріншісі – 73-бап. Яғни, отбасының мазасын алып, зайы­бының ар-намысын таптағандар. Кемі 20 сағат көшені қоқыстан тазартуға міндеттеледі. Егер бұза­қылық есепті жыл ішінде қайта­ланса, жаза еселенеді. Одан кейін 434-бап – ұсақ бұзақылық. Бұл бап бойынша көпшілік көп жиналатын жерлерде былапыт сөздер айтып, айналасындағы адамдарға тиiсіп, балағаттағандар 20-60 сағат көле­мін­дегі қоғамдық жұмысқа жегіледі. Қайталанса, 100 сағатқа дейін ұл­ғаюы мүмкін. Ал қоғамдық орында қоқыс тастаса, жаза 40-80 сағат аралығында бо­лады. Бұл – кодекстің 434-бабының 2-бөлігі. Сондай-ақ 440-бап. Демек, алкоголь iшіп не қо­ғамдық орындарға масаң күйде кел­се, 20 сағаттық жұмыс күтіп тұр, – деді сот төрағасы Әлинасыр Қа­дыров.

Жиналыста қоғамдағы заң­дылық пен тәртіпті сақтауға, тұр­ғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың тыныштығын қорғауға бағытталған маңызды тетіктерді үйлестіру қажет екені баса айтылды. Жиын қорытындысы бойынша түйткілді мәселелер талқыланып, ұсыныстар берілді. Құқықбұзушылықтың алдын алу, сот жүктемесін азайту мақсатында зерделеу жұмыстары жоспарланды.

Айта кету керек, заң жобасы ая­сында Әкімшілік құқық бұзу­шылық туралы кодекстің 11-бабы­ның санкциялары әкімшілік жа­за­­ның баламалы түрімен то­­лық­тырылды. Қоғамдық жұ­мыстарға тартылатындар: «Отбасылық және тұрмыстық қатынастар саласында заңға қайшы әрекеттер» (мысалы, тұрмыстық зорлық-зомбылық), «Ұсақ бұза­қы­лық», Қоғамдық пайдалану орын­дарын (көшелер, саябақтар және т.б.) ластау, «Арнайы қыз­меттерді жалған шақыру», «Қо­ғамдық орын­дарда алкоголь ішіп, мас күйінде болу», «Қоғамдық тәр­тіпті қам­тамасыз ететін тұлғаның заңды та­ла­бына бағынбау», Қоғам­дық орын­дарда ыңғайсыздық туды­ратын әрекеттер жасау, қорлау, тиісу», «Ар­найы қызмет көліктеріне (мы­салы, жедел жәрдем, полиция) жол беру міндетін орындамау», «Жаяу жүргіншілер мен басқа да жол қозғалысына қатысушылардың жол ережелерін бұзу», «Сотты құр­мет­темеу», «Соттың үкімі, шешімі не­ме­се басқа сот актісі мен орын­дау­шы құжатты орындамау». 

Мысалы, бұрын жалпыға ортақ пайдаланылатын орындарды, саябақтарды, скверлерді ластағаны, оның ішінде белгіленбеген орын­дарда коммуналдық қалдықтарды шығарғаны үшін (ӘҚБтК-нің 434-2-бабы) Жеке тұлғаларға тек 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Заң жобасы аясында қазіргі айыппұлға балама ретінде 40 сағат қоғам­дық жұмыстарға тарту ұсынылған. Ал заң жобасы бойынша қоғамдық жұмыстарды қолдану құқығы соттарға берілген. Әкімшілік айып­пұлды жеке тұлғаға тағайындау кезінде судьялар құқық бұзудың сипатын, кінәлі адамның жеке басын, оның 40 бұзғанға дейінгі және кейінгі мінез-құлқын, мүліктік жағдайын, сондай-ақ жауапкер­шілікті жеңілдететін және ауыр­лататын жағдайларды ескереді.

Айта кету керек, қоғамдық жұ­мыс­тарды жүкті әйелдерге, үш жас­қа дейінгі балалары бар әйелдерге, үш жасқа дейінгі балалары бар жалғызбасты ерлерге, 58 жастан асқан әйелдерге, 63 жастан асқан еркектерге, бірінші және екінші топ­тағы мүгедектерге және әскери қызметкерлерге тағайындауға бол­майды.

Кербез ЕСІМ