Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен жалпы отырыста депутаттар Құрылыс кодексінің жобасы мен «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайдалануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Зияткерлік меншік туралы заң екінші оқылымда қабылданды.
Құрылыс кодексі бірінші оқылымда қолдау тапты
1,485
оқылды

Мәжіліс Құрылыс кодексі жобасы мен сәулет, қала құрылысы және құрылыс мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатты Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев таныстырды. 

Құрылыс кодексіндегі негізгі жаңалық­тардың бірі – бас жоспарлардан бастап егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына дейінгі барлық жоспарлау құжаттарына міндетті кешенді қала құрылысы сараптамасын енгізу. Енді барлық қала құрылысы жобасының орындалуы Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі арқылы бақыланатын болады.

– Бұл сәулет, қала құрылысы, санитарлық-экологиялық нормалардан ауытқуларды ерте кезеңде жоюға, ғимараттардың тығыздығы, қабат саны, абаттандыру, санитарлық-қорғау аймақтары және басқа да параметрлердегі қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді. Аталған шара сыбайлас жемқорлық қаупін жоюға және стандартты қала құрылысы құжаттарының ашықтығы мен дәйектілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Е.Нағаспаев.

Мемлекет құрылыс саласын да қадағалауды күшейтеді. Қадағалаудың жаңа түрі – бұзушылықтар анықталған жағдайда құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата тұруға мүмкіндік беретін жедел әрекет ету шарасы енгізіледі. Тиісті қадағалау органдарының қатысуымен құрылыстың барлық кезеңінде жоспарлы тексеру жүргізіледі. Тұрғын үйді қабылдауға және нысанның пайдалануға дайындығы туралы қорытынды беруге Мемлекеттік сәулет-құрылыс қадағалау органы мен Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдерінің қатысуы міндеттеледі.

Құжатта жеке блок цифрландыруға арналған. Жыл соңына дейін жоспарлаудан бастап іске қосуға дейінгі барлық үдерісті толық цифрландыруды қамтамасыз ететін Бірыңғай ақпараттық жүйе әзірлеу жос­парланып отыр. Соның нәтижесінде, барлық қатысушыға «бір терезе» қағидаты бойынша бір портал арқылы жұмыс істеуге мүмкіндік жасалады.

Жұмыс тобының жетекшісі Мұрат Әбенов өзінің қосымша баяндамасында жобада архитектуралық, қала құрылысы және құры­лыс қызметі жөніндегі шешімдерді талқылауға қоғамның қатысуын кеңейтуге ерекше мән берілгенін атап өтті. Бас жоспарлар, елді мекендерді жоспарлаудың егжей-тегжейлі жоспары және оларға енгізілген түзетулер міндетті түрде мәслихат депутат­тарының, азаматтардың және қоғамдық ұйымдардың талқысына ұсынылуға тиіс. Мүмкіндігі шек­теулі жандар үшін ғимараттар мен инфра­құрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету арқылы кедергісіз орта құру стандарттары да қамтылған.

Бұдан бөлек, кодекске сейсмикалық қауіпсіздікке арналған жаңа тарау енгізіледі. Алайда талқылау барысында заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшесі Бақытжан Базарбек бұл нормалар құжаттың Үкімет ұсынған нұсқасында жеткілікті деңгейде пысықталмағанын атап өтті. Депутат жұмыс тобы оның сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі ұсыныстарын қолдағанын, бірақ екі негізгі мәселе шешімін таппай отырғанын еске салды. Бұл тектоникалық бұзылыстарда, сондай-ақ тау бөктерінде және сел мен көшкін қаупі бар аймақтарда көпқабатты үй тұрғызуға қатысты тыйым салуға қатысты ұсыныстар.

Сұрақтарға жауап беру барысында Ерсайын Нағаспаев Мәжіліс депутаттарының ұсыныс­тары ескеріле отырып, кодекске жаңа тетіктер енгізіліп жатқанын атап өтті. Оның ішінде сейсмикалық оқшаулау жүйелерін пайдалану, нысанның барлық қызмет ету циклының кезеңінде сейсмикалық қауіпті бағалау, I деңгейдегі нысандарда сейсмометриялық стансалар орнату, нысандарды міндетті түрде сертификаттау тетіктері бар. 

Депутат Руслан Қожасбаев баяндамашыдан жедел әрекет ету шарасын жүзеге асыру негіздері туралы сұрады. Ол сондай-ақ, қан­дай органдарға тиісті өкілеттіктер берілетінін пысықтады, жаңа нормалар сыбайлас жемқорлық қатеріне, мемлекеттік органдардың кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласуына жол бермеуі керектігі туралы сауалдар қойды.

Ерсайын Нағаспаев бұл өкілеттіктер Мемлекеттік сәулет-құрылыс инспекциясына берілетінін айтты. Инспекторлар арыз-шағымдар бойынша немесе жоспардан тыс тексерулер кезінде нысандарды аралап, бұзушылықтарды анықтай алады, қажет болған жағдайда құрылысты уақытша тоқтата алады немесе елеулі бұзушылықтар анықталған жағдайда рұқсаттарды қайтарып алады. Инспекцияның барлық әрекеті ақпараттық жүйеде тіркелетін болады.

Сондай-ақ депутаттар құрылыс индус­триясын толық цифрландыру, қала құрылысы мен елді мекендерді дамыту, тұрғын үй бағасының өсуін тежеу, жылжымайтын мүлікке берілетін ең төменгі кепілдік мерзімін 10 жылға дейін ұлғайту, жылжымайтын мүлік нысандарын салу және реконструкциялау кезінде мемлекеттік сараптама жүргізу тәртібіне қатысты салалық министрліктер өкілдеріне сұрақтар қойды.

Мәжілісте сарапшылар мен қоғам өкіл­дерінің қатысуымен Құрылыс кодексінің жобасын екінші оқылымға дайындау жұ­мыстары одан әрі жалғасады.

Мәжіліс «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске көмірсутек және уран секторында жер қойнауын пайда­лануды жетілдіру мәселелері бойынша енгізілетін заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттар бастамашы болған заң жобасы көмірсутекті барлау мен өндіруге инвестиция тартуға, сондай-ақ уран өнер­кә­сібінде мемлекет мүддесін қорғауға бағытталған.

Заң жобасын депутаттарға таныстырған Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Еділ Жаңбыршин түзетулерде «аз зерттелген аумақ» ұғымын енгізу ұсынылғанын айтты. Бұл – өңірлік геологиялық зерттеулер жүргізілмеген немесе перспективалық шөгінді бассейндері анықталмаған аумақтар. 

– Инвестордың сенімін қамтамасыз ету үшін, енді өз қаражаты есебінен аз зерттелген аумақта геологиялық зерттеу жүргізген инвестор барлау және өндіру кезеңіне басым әрі кепілді құқық алады. Бұл үшін алғашқы 3 жыл ішінде келісімшарт аумағының кемінде 30 пайызын қамтитын 2D сейсмикалық зерттеу жүргізу талабы енгізіледі. Бұл әдіс инвестордың мүддесін қорғайды және елге жаңа геологиялық деректер береді, – деді ол.

Сондай-ақ заң жобасында жер қойнауы учаскелерін резервке қою мерзімін шектеу және босайтын учаскелерді электронды аукцион арқылы нарыққа шығару мерзімі де қарастырылған. Бұл тәсіл бәсекелестікті арттырады, барлауды жеделдетіп, нарыққа жаңа қатысушылардың шығуына жағдай жасайды.

Жаңа уран кен орындарын барлау және игеру бойынша басым құқықтарды ұлттық компанияға беру ұсынылады. Бұл ереже елдің энергетикалық теңгерімін сақтауға және Қазақстанның атом энергетикасы саласындағы позициясын нығайтуға бағытталған.

Ұсынылған норманы талқылау барысын­да депутат Мұқаш Ескендіров атом электр стансаларының қарқынды салынуына байланысты уранға әлемдік сұраныс артып отырғанына назар аударды. 

Заң жобасын қарау депутат Ерболат Сатыбалдин жетекшілік ететін жұмыс тобының отырыстарында жалғасады.

Сонымен қатар Мәжіліс зияткерлік меншік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауын іске асыру мақсатымен әзірленген.

 – Авторлық құқық және сабақтас құқық туралы заңға өзгерту енгізуге ерекше назар аударылды. Олар ұжымдық басқару саласын цифрландыруға бағытталған. Бұл ұжымдық құқықтық басқару ұйымдары қызметінің ашықтығын және авторларға сыйақыны әділ бөлуді қамтамасыз етеді. Осы мақсатта депутаттардың ұсынысымен Бірыңғай цифрлық платформа құру қарастырылған. Бұл платформа авторлар, пайдаланушылар және ұжымдық басқару ұйымдары арасындағы шарттарды электрондық форматта рәсімдеуге, барлық қатысушының есебін нақты жүргізуге және жалған мәліметтердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді жұмыс тобының жетекшісі Н.Байтілесов.

Сонымен қатар 2029 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұжымдық құқықтарды басқару ұйымдары шығыстарының үлесі жиналған авторлық сыйақы сомасы 30-дан 20 пайызға дейін қысқартылады. Бұл авторлар мен авторлық құқық иелеріне төлемдерді 70-тен 80 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ таңбаларды тауар белгілері ретінде сараптау мен тіркеуді жеделдету нормасы қарастырылған. Алдын ала сараптама жүргізу мерзімін өтініш берілген күннен бастап бір айдан 10 жұмыс күніне дейін, ал толық сараптама жүргізу мерзімін 7 айдан 3 айға дейін қысқарту ұсынылады. Бұл үшінші тұлғалар тарапынан болатын жосықсыз іс-қимылдардың алдын алуға көмектеседі.

Бұған қоса, патенттік сенім білдірілген өкілдерді даралау құралдары мен өнеркәсіптік меншік объектілері бойынша мамандандыру институты енгізіледі. 

Жалпы, отырыс қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары өзекті әлеуметтік-экономикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 13 депутаттық сауал жолдады. Олар Мәжілістің ресми сайты мен телеграм арнасында жарияланды.