Қазақстанда төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қағаз түрінде көрсетілетін қызметтерге өтініштерді онлайн режимінде беру мүмкіндігін ұсынады. Шара коронавирустың таралуына жол бермеу мақсатында физикалық байланысын болдырмау үшін енгізіледі.
Өзгерістер, ең алдымен, келесі қызметтерге қатысты:
1. Жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау;
2. Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін тағайындау;
3. Жүктілікке және босануға байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлемдерді тағайындау;
4. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;
5. Жергілікті өкілді органдардың шешімдері бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек тағайындау;
6. Көпбалалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы тағайындау.
Қағаз форматта көрсетілетін қызметті алуға өтініш беру үшін порталда авторизациядан өту қажет, ол egov.kz электрондық цифрлық қолтаңбаның (бұдан әрі – ЭЦҚ) көмегімен жүзеге асырылады. Одан әрі оң жақ жоғарғы бұрышында сіздің ТАӘ-ға курсорды қойған кезде тізім ашылады, «электрондық өтініштер» дегенге басу қажет.
Әрі қарай, «Онлайн қызметке тапсырыс беру» батырмасын пайдалану керек, содан кейін барлық өтініштеріңіз бойынша жеке кабинет ашылады. Сол бөлімде тиісті батырманы пайдаланып жаңа өтінім жасай аласыз.
Жаңа өтінішті құру бетінде келесі жолдарды толтыру қажет болады:
- пошта адресі – өтініш авторының нақты тұратын мекенжайы (елдімекен, көше, үй, пәтер нөмірі);
- телефон-өтініш авторының ұялы телефоны;
- өңір-ашылатын тізімнен уәкілетті мемлекеттік орган орналасқан өңір таңдалады;
- алушы-қызметті алу бойынша өтініш жіберілетін мемлекеттік органның атауы;
- мазмұны – мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы;
Файл – өтінішке қосымшалар: мемлекеттік қызметті алу үшін қажетті құжаттардың скан-көшірмелері.
Қорытынды әрекет ЭЦҚ көмегімен өтінімге қол қою болады. «Сертификатты таңдау» батырмасын басыңыз және атауы «RSA...» деп басталатын файлды таңдаңыз, содан кейін жүйе құпия сөзді енгізуді сұрайды.
Өтініш беру нәтижесінде сіздің өтінішіңіздің мәртебесі Жеке кабинетте көрсетіледі.
Сұрақтар туындаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталықтарының немесе халықты жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері азаматқа Whatsapp мессенджері арқылы бейне қоңырау шалады.
Естеріңізге сала кетейік, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірқатар қызметтерін электрондық форматта алуға болады: egov.kz порталы арқылы, SMS-хабарламалар, EgovKzBot2.0 telegram-боты арқылы.