Парламенттік реформа: Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді

Президент алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін білдірді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысында Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет екенін айтты,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді.

«Мемлекет басшысы ретінде мен үшін Парламент – еліміздегі саяси жүйенің негізгі тірегі. Сондықтан алдымен Конституцияға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болады. 

Негізгі заңның 40-қа жуық бабы өзгереді. Содан соң кем дегенде 10 конституциялық заңға және 50-ден астам кодекс пен заңға түзету енгізу керек болады. Мұны жаңа Конституция қабылдаумен тең келетін іс деуге болады. 

Әрине, бұл жұмыстың бәрін табан астында, бір сәтте жүзеге асыру мүмкін емес. Тыңғылықты дайындық керек», деп атап өтті Мемлекет басшысы. 

Осы ретте Президент алдағы реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты ой-пікірін білдірді.

«Біріншіден, біз барлық реформаны тек эволюциялық жолмен жүргіземіз. Яғни, азаматтардың сұранысы, төл ерекшелігіміз бен еліміздің түпкі мүддесі ескеріледі. Парламенттік реформа кезең-кезеңімен іске асырылып келе жатқан ауқымды саяси жаңғырудың қисынына сай келеді. 

Естеріңізде болса, саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілген еді. Онда өкілдері аз партияға Мәжілістің тұрақты комитеттерінің бірінде төрағалық лауазым атқару және парламенттік тыңдау өткізу туралы бастама көтеру құқығына кепілдік берілді. 

Бұдан бөлек, партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылды. Содан соң 2022 жылы жүргізілген конституциялық реформаның арқасында біз Мәжілістің құзіретін елеулі түрде кеңейттік. Нақты айтқанда, бүгінде Мәжіліс заң қабылдайды, ал Сенат мақұлдайды. 

Бұл алғашқы қадамдар еді. Енді соңғы жылдары қоғамдағы саяси мәдениеттің едәуір өскенін ескере отырып, біз бірте-бірте және байыпты жолмен бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз. 

Екіншіден, парламенттік реформа «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласына толық сай келеді. Жаңа да атап өттім, бұл – мемлекетіміздің құрылымын айқындайтын басты тұжырым. Түптеп келгенде, парламенттік реформа және осыған дейін жүзеге асырылған реформалар біздің аймақта бұрын-соңды болмаған, шын мәнінде, жаңа басқару жүйесінің негізін қалайды. 

Сондай-ақ тағы бір маңызды мәселеге назар аударғым келеді: Парламентті реформалау бұл – Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – айқын. Біз өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғыртуымыз керек. Осылайша, азаматтарымыздың мүдделері мен тілек-ниетін білдіретін заң шығарушы орган мүлде жаңа сипатқа ие болады.

Үшіншіден, алдағы реформа экономика, әлеуметтік және технологиялық даму секілді басқа да салалардағы жан-жақты жаңғырулармен үйлесім табады. Мысалы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. 

Бірқатар елде қазірдің өзінде «электронды» немесе «цифрлық парламент» элементтері сынақтан өткізіле бастады. Бұл азаматтарды саяси өмірге араластырудың жаңа формаларын қамтамасыз етіп, заң шығару үдерісінің тиімділігін арттыру мақсатында жасалады. 

Келешекте бұл үрдіс күшейе түспек. Сондықтан біз де осы бағытқа саналы түрде күш саламыз. Алдағы уақытта e-Parlament қазіргі электронды  үкімет – eGov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни, заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады, e-Parlament жүйесі қыр астында тұр. Жақында өмірімізге дендеп енуі мүмкін. Сондықтан заң қабылдауда мүлде қате жіберуге болмайды», – деді Президент.