Парламент Сенатының спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Орнықты даму саласындағы Ұлттық мақсаттар мен міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссияның кезекті отырысы өтті.
Digital Qazaqstan стратегиясы: тұрақты даму кепілі
1,308
оқылды

Онда Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында цифрлық өзгерістердің орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге әсері туралы мәселелер талқыланды.

Отырысты ашқан Мәулен Әшімбаев цифр­ландыру орнықты даму мақсаттарының негізгі индикаторларының 70 пайызына дейін қол жет­кізуге ықпал ететінін атады. Осыған орай ауқым­ды цифрландыру және жасанды интеллектіні енгізу ОДМ-ға қол жеткізу жолындағы маңызды бағыттардың біріне айналып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қазір IT-экожүйені дамыту үшін жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Сондай-ақ Сенат төрағасы Digital Qazaqstan біртұтас стратегиясын іске асыру құқықтық реттеудің оңтайлы тетіктерін қалыптастыруды және барлық мүдделі тараптың күш-жігерін жұмылдыруды талап ететінін тілге тиек етті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев үш жыл ішінде Қазақстанды жаппай цифрлық елге айналдыруды міндет етіп жүктеді. Цифрлық өзгеріс Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге өзінің тікелей және сомды үлесін іс жүзінде қосуы керек. Сондықтан цифрлық шешімдерді олар нәтиже беретін, тиімділікті, ашықтықты және азаматтардың өмір сүру сапа­сын арттыратын жерлерде пайдалану айрықша маңызға ие. Бұл салада тиімді құқықтық база қажет. Осы мақсатпен, Сенат қазір «Жасанды интеллект туралы» заңды қарауда. Сондай-ақ Парламентте Цифрлық кодекстің жобасы бел­сенді талқыланып жатыр. Бұл құжат  цифрлық құқықтық қатынастардың негізгі ережелерін белгілейтін алғашқы кешенді заңнамалық акт болмақ. Жалпы, депутаттық корпус Қазақстанда Орнықты даму мақсаттарын және цифрлық күн тәртібін ілгерілету жолында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша еліміздегі орнықты даму мақсат­тарының 93 пайызы электронды платформалар арқылы бақыланады. Соған сәйкес, цифрлан­дыру бойынша жобаларды бірлесіп іске асыру барысы жан-жақты талқыланып, нақты ұсыныс­тар айтылды. Бұл ретте жаңа технологияларды басқарудың және дамытудың заңнамалық базасын қалыптастыруға арналған «Жасанды интеллект туралы» заңға және Цифрлық кодекс жобасына баса мән берілді.

Сонымен қатар инклюзивті білім беру ісі мен сапалы денсаулық сақтау саласын жетілдіру, гендерлік теңдікті, теңгерімді экономикалық өсуді және қоршаған ортаны қорғауды қамтама­сыз ету жолында цифрлық технологиялар айқын артықшылыққа ие екені айтылды. Соған қара­мас­тан қатысушылар әр саладағы өзекті проб­лемаларға да тоқталып өтті. Бұл ретте сарап­шылар цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту шаралары айтарлықтай көлемде энер­гияны қажет ететініне назар аударды. Осыған орай Мәулен Әшімбаев Энергетика, Жасанды интеллект және цифрлық даму, Экология және табиғи ресурстар министрліктерінің, сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің елдің энер­гетикалық қуатын дамыту жолындағы үйлесімді жұмысы айрықша маңызға ие екенін айтты.

«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Digital Qazaqstan бағдарламасында өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыру қажет. Жалпы, бүгінде өндірістік және басқару процестерінің тиімділігін, ашықтығын, экологиялық тазалығын арттыру үшін жасанды интеллектіні қолдануға ерекше орын беріліп отыр. Жаңа цифрлық парадигмада технология әлеуметтік әділеттілік пен ресурстарды тиімді пайдалану үшін тиісті жағдай жасауы керек. Ең бастысы, жаңа технологиялар азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға тиіс.

Жалпы, Қазақстанда ІТ-экожүйе халық­аралық деңгейде дамып келе жатқанын бәріміз білеміз. Бірақ оған тоқмейілсуге болмайды. Цифрлық өзгеріс орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге өзінің тікелей және сомды үлесін іс жүзінде қосуы керек. Сондықтан цифрлық шешімдерді олар нәтиже беретін, тиімділікті әрі ашықтықты және азаматтардың өмір сүру сапасын арттыратын жерлерде пайдалану ай­рықша маңызға ие. Бұл салада тиімді құқықтық база қажет. Осы мақсатпен Сенат қазір «Жасанды интеллект туралы» заңды қарап жатыр. Ол жаңа технологияларды басқарудың және дамытудың заңнамалық базасын қалыптастыруға арналған. Сондай-ақ Парламентте Цифрлық кодекстің жобасы белсенді талқыланып жатқанын атап өткен жөн. Бұл құжат  цифрлық құқықтық қатынастардың негізгі ережелерін белгілейтін алғашқы кешенді заңнамалық акті болады деп күтілуде. Жалпы, депутаттық корпус Қазақстанда орнықты даму мақсаттарын және цифрлық күн тәртібін ілгерілету жолында жүйелі жұмыс жүр­гізіп келеді», – деп Сенат төрағасы бүгінгі оты­рыста айтылған ұсыныстар мен бастамалар ал­дағы бірлескен жұмыс барысында маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

Парламенттік комиссияның отырысында Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму бағдарламасы тұрақты өкілінің орынбасары Сухроб Ходжиматов, қазақстандық және халықаралық компаниялардың басшылары мен өкілдері және Сенат жанындағы сарапшылар клубының мүшелері сөз сөйледі.