Мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд көлемі екі есеге азайған – Ұласбек Сәдібеков

Ұласбек Сәдібеков бюджетпен бірге ұсынылған құжаттардың сапасы әлі де көңіл көншітпейтінін айтты. Көп жағдайда мақсаттар мен көрсеткіштер нақты шығындармен байланыспайды, өлшенбейді және қоғамға пайдасын тигізбейді. Даму жоспарлары да көбіне формалды түрде дайындалған.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Ұласбек Сәдібеков Үкімет ұсынған 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын талқылау барысында бұл жаңа Бюджет ережесіне сәйкес әзірленген алғашқы құжат екенін айтты. Жаңа ережеге сәйкес, мемлекеттік шығындар ел экономикасының өсу қарқыны мен инфляция деңгейінен артық болмауы тиіс. Яғни, құжаттың басты мақсаты – қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Мәжіліс депутатының айтуынша, биылғы ерекшелік – бюджет жобасында Ұлттық қордан мақсатты трансферттер қарастырылмаған. Мұндай нәтижеге салық және бюджет жүйесіндегі реформалар арқасында қол жеткізілді. Нәтижесінде, республикалық бюджеттің өзіндік кірістері артып отыр.

 Бұл қосымша табыстар қарызды өтеуге, әлеуметтік төлемдер мен резервтер қалыптастыруға жұмсалады. Бюджет шығыстарының шамамен 80 пайызы әлеуметтік сала мен жалпы мемлекеттік шығындарға тиесілі. Оның ішінде әлеуметтік бағыттағы шығындар – 38%, ал мемлекеттік басқаруға кететін қаражат – 42%. Яғни, қазіргі таңда мемлекеттік шығыстар көлемі әлеуметтік саладан да асып отыр. Бюджет кірісі мен шығысы теңестірілген, бірақ мұндай тепе-теңдік көбіне даму жобаларына қаралған қаржыны қысқарту арқылы жасалды. Даму бюджеті тек бұрын басталған жобаларды аяқтауға бағытталып отыр. Ал маңызды емес және елдік деңгейге жатпайтын кейбір инвестициялық жобалар республикалық бюджеттен алынып тасталды,  деп атап өтті депутат.

Ұласбек Сәдібеков бюджетпен бірге ұсынылған құжаттардың сапасы әлі де көңіл көншітпейтінін айтты. Көп жағдайда мақсаттар мен көрсеткіштер нақты шығындармен байланыспайды, өлшенбейді және қоғамға пайдасын тигізбейді. Даму жоспарлары да көбіне формалды түрде дайындалған.

Шығыстарды шолу тек негізгі баптармен шектеліп, басымдықтар мен тиімділікке нақты баға берілмеген. Яғни, жаңа форматтағы бюджет дайындалғанымен, бұрынғы тәсілдер әлі де сақталып отыр. Парламентке алғаш рет ұсынылған мемлекеттік активтер мен квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі Ұлттық есеп те осыны дәлелдейді. Онда активтерді басқару тиімділігінің төмендігі, артық міндеттемелер мен мемлекеттік үлес табыстылығының аздығы атап өтілген. Сонымен қатар  мемлекеттік компаниялардан түсетін дивиденд көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе азайған. Бұл бюджеттің кіріс әлеуетін төмендетіп, квазимемлекеттік сектор саясатын қайта қарауды қажет етеді,  деді депутат.

Жұмыс тобы 12 отырыс өткізіп, 27 бюджеттік бағдарлама әкімшісінің және квазимемлекеттік сектор өкілдерінің есептерін тыңдады. Депутаттар жалпы сомасы 2 триллион теңгеден асатын 130-дан астам түзету ұсынды. Оның бір бөлігі шығыстарды нақтылауға, қалғаны инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларға қосымша қаржы бөлуге бағытталды.

Сондай-ақ заң жобасын қарау барысында депутаттар 2026 жылы Үкімет резерві есебінен өңірлерді дамытуға қосымша 30 млрд теңге бөлуді ұсынды. Аталған қосымша қаражат жылу және электр энергетикасын, газбен және сумен жабдықтауды дамытуға, жағалауды нығайту жұмыстарына және басқа да бағыттарға жұмсалады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар  ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету мақсатында заң жобасына 1 триллион теңгені қайта бөлу жөнінде түзетулер енгізілді. Бұл қаражат бастапқыда Қаржы министрлігінің «Жаңа бастамаларға арналған шығыстары» аясында қарастырылған болатын. Енді ол бюджет қаражатын игеретін мемлекеттік органдар арасында бөлінеді.

Бөлінген қаражат отандық өндірісті дамытуға, өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдауға, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығын техникалық жағынан жаңғырту арқылы еңбек өнімділігін арттыруға бағытталады,  деп нақтылады депутат.

Сөз соңында Ұласбек Сәдібеков республикалық бюджет Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған мақсаттарға сай дайындалғанын атап өтті. Ол әлеуметтік саланы қолдауға басымдық беріп, елдің тұрақты дамуына жағдай жасайды. Мәжілістің барлық тұрақты комитеттері өз қорытындыларын ұсынып, Қаржы және бюджет комитеті «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын қабылдауды ұсынды.