Ұшқышсыз ұшатын дронның табылғаны туралы видео алдымен әлеуметтік желіде тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Желіде тараған видеодағы ер адам Бөрлі ауданы Қызылтал ауылы маңына дрон түскенін айтқан. Ақпаратты БҚО Полиция департаменті растады.
«Бөрлі ауданы маңайынан ұшқышсыз ұшу аппаратының бөліктеріне ұқсас нәрсе табылды. Қазір Полиция департаменті мен тиісті мекемелер анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ескерте кетейік, ұшқышсыз ұшу аппаратына ұқсас нәрсе елді мекеннен тысқары аумақта анықталды. Қазір тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, осындай ұшқышсыз ұшу аппаратының сынықтары бұған дейін Бөкей Ордасы Жәнібек аудандарынан табылған болатын.

Осы оқиғаға қатысты Қорғаныс министрлігі ресми хабарлама таратты. Министрлік мәліметінше, зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелмеген.

«Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданында белгісіз ұшқышсыз ұшу аппаратының жарылысы тіркелді. Оның қалдықтары елді мекендерден алшақ аймақта табылды. Зардап шеккендер мен материалдық шығын тіркелген жоқ. Уәкілетті мемлекеттік органдармен бірлесіп, оқиғаның мән-жайын және нысанның шығу тегін анықтауға бағытталған тексеру іс-шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР Қорғаныс министрлігі әуекеңістігін бақылауды күшейту және әуе нысандарының мемлекеттік шекараны рұқсатсыз кесіп өтуін болдырмау мақсатында қосымша шаралар қабылдады. Сондай-ақ бұл аппараттар тиесілі болуы мүмкін шетелдік серіктестермен консультациялар жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА, Батыс Қазақстан облысы
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.