Атырауда еріктілер медициналық маска тігуге кірісті, - деп хабарлады Азаматтық орталықтың директоры Әйгерім Досқалиева.
«Бүгін 600-ге жуық медициналық маска дайын тұр. Масканы тігуге 22 кәсіпкер құлшыныс білдірді. Олардың арасында «Іскер ана» жобасымен сертификат алып, үйінде тігіншілік іспен айналысатын аналар да бар. Бастапқыда медициналық масканы тұрғындардың осал топтары үшін дайындауды ойластырған едік. Алайда, өзге де тұрғындар сатып алуға ниет танытты. Сол себептен, медициналық масканы сатуға шығардық» -деді Әйгерім Досқалиева.
Оның айтуынша, еріктілер дайындаған масканы үш сағаттан соң жуып, үтіктеп, қайта пайдалануға болады. Еріктілер масканың бір бөлігін тұрмысы төмендер отбасыларға тегін таратуды көздеп отыр.
Сондай-ақ, Азаматтық орталыққа бірнеше кәсіпорын қызметкерлері үшін медициналық маска тігуге тапсырыс берген.