«Польша, Ресей, Украина, Беларусь және Балтық елдеріндегі фашистік концлагерьлерде қазақстандық әскери тұтқындардың болу тарихы» атты бұл жиын Екінші дүниежүзілік соғыста тұтқынға түсіп, фашистік лагерьлерде болған қазақстандық жауынгерлердің тағдырын зерттеуге арналды.
Іс-шараны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті қолдап отыр. Конференция аясында отандық және шетелдік тарихшылар, архив зерттеушілері мен жас ғалымдар бас қосып, фашистік Германия мен оның одақтастары басып алған елдердегі концлагерьлерге түскен қазақстандық сарбаздардың өмірі жайлы тың деректерді ортаға салды.
Тарихшылардың айтуынша, Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлер майдан даласында ерлікпен шайқасқанымен, олардың бір бөлігі ұрыс үстінде тұтқынға түсіп, концлагерьлерде болып, қиын тағдырлы өмірден өтті. Польша, Украина, Ресей, Беларусь және Балтық елдеріндегі лагерьлерде адам төзгісіз жағдайда күн кешкен бұл сарбаздар туралы нақты мәліметтер әлі де толық ашылған жоқ.
Конференция барысында бұрын құпия болған архив деректерін ғылыми айналымға енгізу, тұтқыннан тірі оралған ардагерлердің естеліктерін жинақтау және концлагерьлерде қаза тапқан жауынгерлердің есімдерін анықтау бағытындағы жұмыстар талқыланды.Қазыргі таңда бұрынғы құпия болып табылған архивтер ашыла бастады, тұтқыннан тірі оралған ардагерлердің естеліктері жиналуда. Сондай-ақ, концлагерьлерде көз жұмған жауынгерлердің ұрпақтары да ата-бабасының тағдырын білгісі келеді. Бұл – тек ғылыми мәселе емес, тарихи әділеттілікті қалпына келтіру жолындағы қоғамдық қажеттілік.
Конференция барысында әскери тұтқындардың тұрмыс жағдайы, лагерьлердің географиясы, тұтқындардың тірі қалу жолдары мен елге оралғаннан кейінгі оңалту мәселелері жан-жақты қарастырылды. Сонымен қатар, жиын – халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, зерттеушілер арасында ашық пікір алмасуға бағытталған.
Осы күнге дейін үнсіз қалып келген тағдырлар туралы айту – тарих алдындағы жауапкершілік. Аталған бұл маңызды конференция – өткенге тағзым, келер ұрпаққа аманат болмақ.