NIS конференциясына 1500 қатысушы мен 60-қа жуық отандық және шетелдік сарапшы жиналмақ
Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар
159
оқылды

30–31 қазан күндері Астана қаласында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы XIV NIS Conference 2025 халықаралық конференциясын өткізеді, - деп хабарлайды Aykin.kz

Биылғы жиынның тақырыбы – «Цифрлық дәуірдегі мектеп білімі: басты трендтер мен талаптар». NIS конференциясына 1500 қатысушы мен 60-қа жуық отандық және шетелдік сарапшы жиналып, білім беру технологиялары, көшбасшылық, мұғалімдердің кәсіби дамуы, оқу сапасы және балалардың әл-ауқаты мәселелерін талқылайды.

Жиынның басты спикерлері –  ҚР Президентінің кеңесшісі Алексей Цой, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева, ҚР Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Басқарма Төрағасы Әнуар Жанғозин. 

Халықаралық сарапшылар арасында Ұлыбританиядан білім берудегі жасанды интеллект маманы Дэн Фицпатрик пен Bedrock AI және Diverse AI компанияларының негізін қалаушы Тоджу Дьюк, АҚШ-тағы Аделаида университетінің жасанды интеллект және білім беру профессоры Райан Бэйкер, Аустралиядан Кертин университетінің профессоры Кок-Синг Танг және басқа да әлемдік деңгейдегі мамандар бар.

Екі күндік бағдарламада пленарлық және панелдік отырыстар, тақырыптық секциялар, сараптамалық пікірталастар, зерттеу постерлері байқауы, тәжірибелік воркшоптар мен демонстрациялық сабақтар, сондай-ақ «NIS.KORME» көрмесі ұйымдастырылады.