Авторы: Aldiyar
ҚАРА ӨЛЕҢ
Қара өлең, жүйрігімсің жалың майда,
Самалмен бірге салған әнім қайда.
Жұртыма атам жатқан жеткіз мені,
«Көрейін қызығыңды осындайда...»
Иіскеп топырағын тұмарымнан...
Сол әуен кетпей қойды құлағымнан.
Еңкейіп су ішейін кербұғыдай,
Бүлдірген татитұғын бұлағымнан.
Төбемді көкке жеткіз, күлкімді айға,
Ұлынан баба таулар жыр тыңдай ма?!
Самалы аймаласа сағыныштың,
Бәтқұндыз бәйшешектер құлпырмай ма?!
Алдымнан шығар болса қалқатайым,
Жан сырын жарау тартқан тарқатайын.
Үрпінен тәтті ойлардың түртер едім,
Иіскеген көрпекөкті марқадайын.
... Қиялмен, мен осылай аяңменен,
Аядай күндерімнен баян көрем.
Бұ да бір бүршік атқан жүрегімде,
Ақанның әуеніндей аяулы өлең.
ҚАМШЫ
Әкемнің төріндегі қара қамшы,
Көмескі тірлігімнен дараланшы!..
Ат сырын білген адам өзіңе ынтық,
Кез болса құмартады саған аңшы.
Сырыңды ұғына алмай жұмбақтаған,
Жырымды жүрегіме шыңдап бағам.
Әкемнің төріндегі асыл қамшы,
Тіріліп көнекөздей тіл қат маған.
Қазақпен қиян асып көштің дедік,
Сонда да қасиетіңді, кеш, білмедік!
...Іздейді ызбытыңды от-көңілім,
Жалыны бара жатса өшкінденіп.
Жанына жуымаған сабыр, әдеп,
Жамандар жармасқанда жабыла кеп.
Тағдырым тулар болса тізгін бермей,
Тар жерде оң қолымнан табыла кет.
Жарасып мойнағыңа тобылғы сап,
Өрілдің менің өмір жолым құсап.
Адассам аламаннан қия басып,
Жыландай айбат шегіп жонымды шақ!
АҚЫРҒЫ СӘТ
«Естіледі терезеден темірлі,
Тыста соғып жел уілдеп тұр гулеп...».
Мағжан Жұмабаев
Жел уілдеп терезеден темірлі,
Аңсатады еркіндікті... Өмірді.
Тастай суық күңіреніп құрсауда,
Желдей жібек ақын-жүрек егілді.
Сол жүректен тағы туар жас өлең,
Жас өлеңнің тал бесігі – тас еден.
Тас еденде ол қалады шырылдап,
Мырс етеді
мінберден бір «мас өрен».
...Ақын-жүрек сергек тым,
Күрсінісі естіле ме жер-көктің.
Сұм өмірдің сағатындай тықылдап,
Керзі етігі жендеттің.
Суық қару төнді келіп желкеге.
Қайран ғұмыр!
Дәл осындай келте ме?!
Ақын-жүрек сырын айтты соңғы рет,
Жібек желге – еркеге.
Бұлт жауып күн-шарды,
Дүниенің қас-қабағын мұң шалды.
Ақын-жүрек дамыл тапты мәңгіге,
Асыл рухы тастап шықты құрсауды.
АЛТАЙ ЖАҢБЫРЫ
(Сұлтанмахмұт Торайғыровқа)
«Ақ жауын сілбілеп тұр. Мен Қызылқайың
сарқырамасының жиегіндегі кәрі қайыңның
түбінде таң алдындағы Шолпан жұлдыздай
туып-батқан аяулы ағаны емірене есіме алып, әлі
отырмын»
О.Бөкей. «Сарыарқаның жаңбыры»
Алтайда жаңбыр.
Бозамық қырлар. Боз дала.
Боз жусандарым, қызғалдақ та бар азғана.
Аяулы ағатай, сағынамын-ау, сағынам,
Сарғаяр болдым жазда да.
Сен жайлы міне марқа бұлттар да кеңесті,
Көргендей болам өткеннен сол бір елесті.
Алтай тауым ғой!
Алтай тауымнан сұрайын,
Қан менен шердің мазары еді ғой ең ескі.
Су емес мұнда, қан жорғалаған бұлақ көп,
Боздақтарым-ай,
жер көксеп өткен пырақ боп.
Сол шақтан бері Ахмет менің кеудеме,
Қамар түндерім құлай береді жылап кеп.
Іздесең, дәйім, сағынышыңның дауасын,
Құмыққан мынау қойнауға қарай барасың
Бар екен нендей сиқыры, аға, сезінші,
Суы мен нуын, от пенен нұрын, ауасын.
Алтайда жаңбыр.
Жусан иісіне марқайдым.
Қызғалдақ біткен тартуы мынау мәрт айдың.
Ағатай, сен бе ең жаңбыр боп келіп Арқадан,
Алқызыл гүлін сүйіп бір өткен Алтайдың.
ҰЛЫ САПАР
(Абай рухына)
«Асыл сөзді іздесең,
Абайды оқы, ерінбе...»
С.Торайғыров
Жолаушымын жаны арып, шәрбат сөзге шөлдеген.
Көкшіл тұман көз алдым, жиделі жазық көлбеген.
Ақ селеуі желдеген, ақ жауыны селдеген,
Мағұрып пен Машырық арасындай жол көрем...
«Жеті жұлдыз» көңілдің көкжиегін кемерлеп,
Ыстық қайрат, нұрлы ақыл жүрегімнен тең өрлеп.
Қалам қасты айлардың жарығымен келемін,
Атқан оқтай шеберлеп, шапқан аттай төмендеп.
Тау бөктерлеп тағыдай, су жағалап еліктей,
Жалғызаяқ жол жүріп, жалғыздықтан зерікпей.
Іздегенім асыл сөз, іздегенім асыл сөз,
Ауырлығы табыттай, жеңілдігі көбіктей.
Іздегенім асыл сөз – маңдайы жарық тұлғадай.
Зүміреттей, жақұттай Һәм меруерт сырғадай.
Өрісі кең өртеңге өсетін гүлдей немесе,
Арыстан баб ұртына сақтап келген құрмадай.
«Көкжалы боп теңіздің» толқындармен таласып,
«Мариенбадтың бағына» бір барармын адасып.
Магелланның мінсем бе кемесіне мен де бір,
Тұлпарындай Түркінің ауыздықпен таң асып.
Тәнімді өртеп терімсал, күні қақтап алаптың,
Сарғаярмын шетіндей көнетоз бір парақтың.
Сүйенгенім сол кезде кең сөрелер болмай ма,
Даласындай қазақтың, қаласындай Фарабтың
Ақ селеуі желдеген, ақ жауыны селдеген,
Беу, жиделі жазығым, көз алдымда көлбеген!
Қайта өзіңе келемін құлдыраңдап құлындай,
Енесінің, еріксіз, сусынына шөлдеген.
Бұлбұл құстай сайратып сезімдердің сүлейін,
Өлең-сөздің патшасы-ау, сарайыңда жүрейін.
Дана сөздің дариясы, өркендейін жағаңда,
Қара сөздің кеніші, қылует қып кірейін.