Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Топтама өлеңдер
864
оқылды

Авторы: Ақбөкен

 

Элегия

Адамзаттың бәрі бала болып дүниеге келеді.

Ересек болып туған екі-ақ адам бар.

Олар – Адам ата мен Хауа ана...

Автор

 

Адам ата!

Бес күн жалған берді ме саған опа?

Толқын ойды қозғай ма қайғы желі,

Ішіңдегі боздай ма бала бота?!

 

Болмады ма бесігің берген бөлеп,

Қызығын сен көрмедің, көрген бөбек.

Есігіне өмірдің егескендей

Ересек боп ендің сен, елден бөлек!

 

Бала болмай, жаралдың баба болып

Әміріне Тәңірдің дара көніп.

Дауа болып дертіңе келді Һауа

Одан бірақ кетпеді заман оңып!

(Сабағынан бидайдың зауал өніп...)

 

Екі бетің қызарып қысылғанда,

Періштенің қондырып құсын қолға.

Бал балалық шағыңда батпақ ойнап,

Батпырауық жақсы ғой ұшырған да!

 

Ата сенен, алайда азап қашқан,

Ғаршы-ағладан тыңдадың ғажап дастан.

Сен ЖҰМАҚТА тудың ғой не дегенмен

Балалар ше көздерін «ТОЗАҚТА» ашқан

 

Жетімдер үйі дейтін...

 

 

Құлан

Жылауық-ақ

Қыздай болып ағады тұма бұлақ.

Ұлары жоқ Ұлытау тұр аңырап,

Құланы жоқ қайғырып құба қырат!

 

Сол құба қыр, құмы бар құланы жоқ

Тағыларсыз болмай ма Тұраным от?!

Жоқ әлде олар безді ме жер бетінен,

Сыңсыған ұлар құстың сыңары боп?

(Мұңына мұқым әлем кінәлы боп?)

 

Кектенді олар! Біздерге ауыры — осы.

Енді олардың болмаймыз кәрі досы.

Құдай үшін адамбыз! Бәлкім бірақ

Құлан үшін кісінің бәрі Жошы?!

 

Үзілуі мүмкін бе із кенеттен

Күйкі ғұмыр болмасын күзбен өктем.

«Құс қайтарған» Қазанғап, күй тілімен

Қасиетің қалды ма бізге жеткен?

 

Кие кетіп даламнан, Жер үсті дау

Еңіреген құлансыз еңіс мынау!

Келер ме екен күй шалсам Кетбұғадан,

Домбырамды әкеңдер теріс бұрау.

 

Кешірім

Қызыл шоққа қылыш тілді қайратып,

Әулие емес, әуейілеу күй бақтым.

Қанша лаңның қан базарын қайнатып,

Қанша адамның «қағба-жанын» қираттым?

 

Адам түгіл жануарға тым епті,

Зарар қылып, айлам асып түсіпті.

Бермек болып қолымда жоқ сүйекті,

Ермек көріп «ит қылыппын» күшікті.

 

Жан біткенді қоя тұршы... Обал тым,

Жәндіктерді кеттім ғой мен құмша илеп.

Дернәсілін арқалаған о, бәлкім,

Құмырсқаның түрі еді ол тым сирек?

Мазалайды жанды осылай жиі арым,

Жоғалса деп жаманшылық ділімнен.

Енді ешкімге тимесе екен зияным,

Қолдарыммен,

Көздеріммен,

Тіліммен.

 

О, Жаратқан! Болсын осы шешімім:

«Алсын менен кім өзіне не керек.

Жылағанда сенен сұрап кешірім».

Көз жасымнан қанып ішсін көбелек!»

 

 

Мағрифат бақшасында

Ышықтың елтіп ғазал әуені,

Көзе бал еді — жалқын қан.

Бір гүлді көрдім гөзал әдемі,

Бұлбұлды көрдім шарқ ұрған.

 

Шарқ ұрған бұлбұл «шар зарба» қызып,

Ұмытты гүл деп өз басын.

Тырс еткен қандай қанжарда жүзіп,

 Маржанға тізіп көз жасын.

 

 Аңсары да осы, арманы да осы –

Аппақ гүл, бейне аппақ нұр.

Тағдырдан жалғыз алған үлесі,

Жырлайды гүлді мақтап бір:

 

«Кеудемді бір күн нұр тесіп өлем,

Гүл кешіп өлем, шаттанам!

Кебінімді орап күлтесіменен,

Күн көшіне мен аттанам!»

 

Ғашықтың дерті өртеген жанын,

Ең терең мәнін кім ұғар?

Бастайды ол солай ертемен зарын,

Жоқ-дүр уақыты тынығар.

 

Түскендей кенет гүлдің назары,

Бұлбұл бақыттан сайрады.

Кеудесін кернеп нұрдың ғажабы,

Сырдың қазаны қайнады.

 

Жаратқан жар боп, пір де жебегей,

Бұлбұлды нұрмен ең ыстық.

Ұмтылды кенет гүлге жебедей,

Жоғалды уақыт, кеңістік.

 

Самғады жаны байсалды көкке,

Ал мұнда басты рухты зіл.

Қадалды тікен қайсар жүрекке,

Қан тамды гүлге қып-қызыл.

 

Тең келмес енді тіпті оған пәк нұр,

Құдірет! Жаса Һай-мәңгі!

Ғашықтың қанын ұрттаған ақ гүл,

Қып-қызыл раушанға айналды.

 

Еске алдым сонда аққу бейнесі

Сақталған мәңгі жанды ізгі:

Өлеңімді оқып ақ гүлдей беті,

Қызарып кеткен сол қызды...

 

 

Жарықты аңсау

Мен – көлеңке,

Сен – жарық күн.

Көп зарықтым нұрыңа.

Кетті сұп-сұр мөр жағып мұң,

Менің аппақ жырыма.

 

Жоқ қыл жарық мен-түнекті,

Бер тілекті жалындым.

Жан шыдатпас дерт үдетті,

Сағындым ғой,

Сағындым.

 

Кетсем еріп ақ нұрыңа,

Тағдырыма ризамын!

Дауа болсын жан мұңыма,

Жарығыңды қи, жаным!

 

Сізге…

«Суытады шын ғашық сыңарды не?»

Саған айтар жауабым мынау міне:

Алыстата береді араларды,

Айтылмаған іштегі бір әңгіме.

 

Айтпаған сыр тартпаған күй сыңайлы,

Күннің нұрын жүзіңе құй шырайлы.

Бәрін-бәрін айтайық. Қала берсе

Сөйлесейік гүлдердің исі жайлы.

 

Ақ жүрекке байланып сайраса тіл,

Қуаныштан тамаша — жайнаса түр.

«Сырласайық» демеші. Ол орнына

Бар болғаны сырлы аяқ шайға шақыр.

 

Жарай ма?

 

 

Ғашықтық ғазалы

Ғашықтықты жырласаң, әнші-жыршы,

Жанарыңа мөп-мөлдір тамшыны ілші.

Ғашықтардың жан емі – жылы сөздер,

Ғашықтардың әлемі – Ғаршы-Күрсі.

 

Ғашықтардың мінезі – мақпал жібек,

Жан болса да бір өзі жатқан жүдеп.

Ғашықтардың жұпары – жаңбыр исі

Ғашықтардың кітабы – аппақ жүрек.

 

Сағынышы хатындай мұрағаттың,

Махаббатқа келмейді сына қаққым.

Ғашықтардың құтты ғой қуанышы,

Ғашықтардың мұңы да – мүбәрак мұң.

 

 

Моцарт. Реквием

Көне Вена – ауропа атырабы,

Ескі пәтер ел-жұрттан алыс мүлде.

Ұлы талант талықсып жатыр әні,

Ұлы өнерді қия алмай әл үстінде!

 

Моцарт еді ол! Моцартты көрге берме,

Жалғыз Моцарт хабардар тың мақамнан!

Құлақтары перделі пенделерге

Періштенің күлкісін тыңдата алған!

Жаны – түрме болғанда, тәні – сүлде,

Алақанын соққанмен қаймана зор.

Ғұмыры оның – музыка, ал ішінде

Қуанышты, құдай-ау, қайда мажор*?

 

Өң бозарған, әл кетіп, тән арыған,

Жаратқан да демепті: «жақсы күйде өл».

Тамшылады Моцарттың жанарынан

Сальеридің* уындай ащы минор*!

 

Өлім-жендет көздеген өтті жебе,

Моцарт енді қалмайды бек күйінде.

Бес сызықтың бойымен бет түзеген

Бесік жыры айналды реквиемге!

 

Саф әуен деп сазгердің өмірі өткен

Жүрегінен бір кезде «ән» соқпады.

Сұлық түсті білегі керуеттен,

Сырғып түсті сақина саусақтағы!

 

Жаныңды өртеп ғасырдың өрт күйігі,

Азалы әнмен төгілер көңіл жасы.

Ауропада Моцарттың «Реквиемі»,

Ал Арқада Біржанның «Теміртасы!»

 

Мажор – «қуанышты» әсер беретін музыкалық лад.

Минор «мұңды» әсер беретін музыкалық лад. Антонио Сальери ұлы композитор. Моцарттың бәсекелесі.

Реквием қаралы характерге арналып жазылған музыкалық шығарма, аза күйіү. Теміртас Біржан салдың соңғы ән.