Авторы: АлДияр Теңіз
I толғау
Қырықаяққа қызығады көбелек
Қырықаяққа қызығады көбелек
Жерді басып, аяғыммен жүрсем деп.
Көбелекке қызығады қырықаяқ
Гүлден-гүлге ұшып-қонып көрсем деп.
Қолда бардың қадірі жоқ болса егер,
Басқа бақтан бақыт іздеп не керек.
Жусан, изен қызығады қаңбаққа
Еркін, азат, жүреді деп дөңгелеп.
Жақсының да жамандығы болады,
Түбін тергеп, негізіне үңілсең.
Жаманның да жақсылығы болады,
Аңғармайсың қолды сілтеп, түңілсең.
Бал арасы гүлден шырын тереді,
Шыбын-шіркей үймелейді тезекке.
Қораз шырқап, шырқамасын бәрібір
Күн менен түн ауысады кезекпен.
Жақсылыққа жақсылықпен жауап бер,
Әр істің бар салдары мен себебі.
Жамандыққа жақсылықпен жауап бер,
Сасытпауға етке тұзды себеді.
II толғау
Ит тірлік жасап жатса ұяласың
Ит тірлік жасап жатса ұяласың,
Өзге тұрмақ, өзіңнен ұяласың.
Өзегіңнен тепсе де, өгейсітіп,
Қалайша жамандыққа қия аласың?
Наданмен дауласуың болмас өнер,
Өзімдікі жөн деуге ол да шебер.
Құмай тазы болғаның кімге керек,
Қаншықтан да қадірсіз болсаң егер.
Қасқыр тоқпын демейді қойға қарап,
Ағынға қарсы жүзбес мәйда шабақ.
Жамандық шақырды деп зеки ме екен,
Ұлып алғым келеді айға қарап.
III толғау
Кешір ана, бүгін тағы жыладың
Кешір ана, бүгін тағы жыладың,
Қаңқу сөзден қажыды ма құлағың?
Көк аспанда қалықтайды қыран құс,
Тышқан аулап күнелтеді құладын.
Болмаса да дәлелі мен дерегі,
Әзәзілдер жала жапқыш келеді.
Аққа Құдай жақ дегенмен өмірде
Ақ мата да тез кірлегіш келеді.
Көңіл-кесе, отқа салып қақтаған,
Берік, бірақ нәзіктігін сақтаған.
Ащы шындық ұнамайды адамға,
Майдай жағар нәпсімізге мақтаған.
Мендік көңіл төрдегі боз кілемдей
Тұрсын тек, өн бойына дақ кір енбей.
Жалғанда шындық іздеп шөліркеймін,
Шарабы түгесілген маскүнемдей.
Қайда қалды бала шақ, балғын күнім,
Жалғызсырап есейіп қалдым бүгін.
Малдың түгін ойлайтын жан емеспін,
Ауырсынбай өтейін ардың жүгін.
Адал болып көрінер арамдар да,
Көз жасыңды көрсетпе жамандарға.
Жылама, қыстан кейін көктем шығар,
Сен бақытты боларсың балаң барда!
IV толғау
Кешір әке, қадіріңе жеттім бе
Кешір әке, қадіріңе жеттім бе?
Орыныңды толтыра алмас ешкім де.
Мәңгілік мекеніңе асықтың ба,
Сыймай кеттің мынау жалған бес күнге!
Ағат кетсем демедің, сынамадың,
Сен барда биіктедім, құламадым.
Енді ғана сезіндім, амал бар ма,
Мәуелі бәйтерегім құлағанын.
Кімнен ақыл сұраймын, қайда барып,
Кеткендей бәрі ұсақ боп, майдаланып.
Қайран-ай, менің қара шаңырағым,
Иесіз қалғаны оның айдан анық.
Біз енді арнаймыз тек дұғамызды,
Перзентте амал бар ма одан ізгі.
Әке, саған ризамыз, қарыздармыз,
Қатеміз болса кешір, сен де бізді.
Дәл сендей кім мұңымды түсінеді…
Ала атың түнде бүгін түсіме енді.
Иесін іздеді ме жануарым,
Ақбақай кісінеді.
Ақбақай күрсінеді.