Авторы: Батыр Бауыржанұлы
Зау биікке көзім салдым қызығып,
Ұлылығы сұлулықпен жарасқан.
Бұлт моншағы бытыр-бытыр үзіліп,
Мөлдір-мөлдір шашу шашты көк аспан.
Шаттанамын, шарықтаймын, тамсанам,
Көл бетінде шортан сынды шоршыған.
Алақанға жинадым да,
Мен саған,
Алқа тақтым күміс, кәусәр тамшыдан.
Көкірегіме қуат құйып тамшы – күш,
Өлеңіммен жар салам.
Көмейінен алтын төкті әнші құс,
Сол алтыннан сырға тақтым мен саған!
Бұл махаббат мәңгілікке ұласқан,
Жанарыңда шапағат бар, гүл, нұр бар.
Моншағыңа сыйып кеткен ұлы аспан,
Ал сырғаңа ұя салған бұлбұлдар!
Жұматайдай жырламайын мен неге,
Сезім бағы ұсынғанда жүзімін.
Шұғылаңды шаштың менің кеудеме,
Жүрегіме тағып алған жүзігім.
Қаламымнан тамған бал
Әуелден жаным сүйді жыр жазғанды,
Елітіп әуеніне жалын – күйдің.
Жалықпай араладым гүлзарларды,
Гүлдердің шырыны мен нәрін жидым.
Жұпарды хош аңқыған сүйіп анық,
Іздеген сұлулықты Арамын мен.
Сиямды гүл нәрінен құйып алып,
Қағазға бал тамыздым қаламыммен.
Көне шаһар, жас қала
Кеше Манчестерге келгенбіз. Қала айрықша ұнады. Әсерленіп, өлең жаздым. Бұл жыр Манчестерге арналғанмен, жалпы Англия шаһарларының сипаты бар.
Автор, 26.08.2025 жыл
Бұл шаһарды көнекөзге телиді ел,
Заманалар қырау салған шашына.
Ақсақалдай аңыз айтад(ы) көне үйлер,
Жел-жауыннан әжім түскен тасына.
Дария-кеуде абыз сынды түр-түсі,
Бүгілгенмен, бейнесі тұр кішірмей.
Көне үйлердің «қартайыпты» кірпіші,
Сарғайыпты, қарияның тісіндей.
Сал дәуренін еске алып кешқұрым –
Самалы да әфсана айтып, еседі.
Ондағы ескі нысандардан естідім,
Англияның даңқты күнін кешегі!
Жаңа үйлер де сап түзеген қаламда,
Таңданумен тағатымды тауыстым.
Жарқыраған ғимарат та көп онда,
Көзді арбайтын құйрығындай тауыстың.
Зәулім, әсем ғимараттың не түрі,
Есіңді алар мың құбылған перідей
Сылаңдаған сұлу сынды кейбірі,
Енді бірі кербезденген серідей.
Жұлдыздарға ұмтылады таласып,
Қыран құстың заңғардағы күйіндей.
Ғимараттар көз тартады жарасып,
Сері менен хас сұлудың биіндей!
Бір қарасаң, қазыналы ақсақал,
Бірде әнге, қуанышқа мас қала.
Бұл Манчестер – Шекспирдей қарт шаһар,
Һәм Ромео-Джульеттадай жас қала.
Жанарымды сиқырлаған сағыныш
Жанды баурар, көзді арбар гүлмісіз?
Әлде бәлкім, түйреп алар сүңгісіз?
Келіп едім сен тұратын қалаға,
Сағыныштан аяқ алып жүргісіз.
Тап болдым мен ғажайып бір ғаламға,
Әр түйірі сағыныштан жаралған.
Асфальты сағыныштан төселіп,
Үйлері де сағыныштан қаланған.
Естеліктер құйылады санаға,
Көк аспаннан жаңбыр емес жауады ән.
Суын ішсең, сағыныштың дәмі бар,
Сағыныштың иісі аңқиды ауадан.
Өткен шақтың қайта есігін ашады,
Сағыныштың ошағы.
Күн де, тіпті, бұл қалаға сәуле емес,
Сағынышын шашады.
Сағыныштан таң сарғайып атады,
Сары түске боялады шапағы.
Өрнектасы қоңыр мұңнан өрілген,
Бұл – сағыныш шаһары.
Сезімсізге белгісіз,
Тәтті мұңым жүзжылдыққа бергісіз.
Түнгі көше шамдарындай сарғайған,
Сағынышым сенгісіз.
Жылдар бұрын кетіп едім «келем» деп,
Дәптерімде саған жазған өлең көп.
Алабөтен алабұрттым алдымнан,
Сен шығардай,
Елеңдеп.
Қарақаттай мөлдіреген жанары,
Ару едің түндей тылсым жамалы.
Жанарымды сиқырлаған сағыныш,
Сары гүлге айналдырды қаланы.
Жастығымның ең әдемі аралы
Иығыма сүйегенде басыңды,
Жүрегімнің жауқазыны ашылды.
Махаббатым нұрландырып ғасырды,
Күн тарады шашыңды.
Ұстағанда гүлдей нәзік қолыңнан,
Аппақ қанат пайда болды жонымда.
Ішім толды алаулаған жалынға,
Отырғандай ханның алтын тағында.
Оттай ыстық құшағыма қысқанда,
Көкірегіме құйылған-ды күш қандай!
Кеудем сайрап, көктемдегі құстардай,
Көңілім өсті бұлт үстінде ұшқандай.
Қоштасарда жалт бұрылып қарадың,
Қос жанары қарақаттай маралым.
Жас жанымның желбіретті жалауын,
Сезімнің ақ самалы.
Соның бәрі сағым сынды бүгінде,
Сені ойлап, өтті күнім, түнім де.
Жел соғады атыңды айтып, уілдеп,
Көрем сені көктемгі ағаш бүрінде.
Тұман торлап сананы,
Мендік жүрек қалса-дағы жаралы.
Сол бір сәттер келмесе де оралып,
Жастығымның ең әдемі аралы –
Өзіңсің.
***
Мен сені сүйдім –
Ауға оралған балықтай шырмалып.
Мен сені сүйдім –
Қимастығымен күзде ұшқан тырнаның.
Мен сені сүйдім – жәндіктей өрмекші торына тұтылған.
Мен сені сүйдім – құмардың құлындай ойында ұтылған.
Мен сені сүйдім – шынжырланған иттей байланып,
Мен сені сүйдім – Мәжнүндей ессізге айналып.
Мен сені сүйдім – тордағы тағыдай қамалып,
Мен сені сүйдім – қасыңнан кете алмай омалып.
Мен сені сүйдім – қақпанға түскен бөрідей қаша алмай,
Мен сені сүйдім – көндігіп, бұғалық түскен асаудай.
Мен сені сүйдім – жүректі, жанымды шоқ қарып,
Сырымды өзіңе төгілген сүттей ақтарып.
Сен болсаң, сындырып сенімнің жақтауын,
Бүріктің от-жалын.
Мендегі сезімнің кіршіксіз аппағын,
Шұлғаудай аяққа таптадың...
Көрінбейтін шатыр
(баллада)
Адамзатты қасіретке батырған,
Ажал кейде жай отындай атылған.
Құрылысшы боп істейтін бір кісі,
Жазатайым құлап өлді шатырдан.
Зәредей де қиянат жоқ салтында,
Жұрт Құранын бағыштады марқұмға.
Айдай сұлу жары қалды аңырап,
Алты жасар ұлы қалды артында.
Бүлдіршіннің көз алдында көшті бұлт,
Жас жүрегін жеді уайым, тесті құрт.
«Әкең өлді» – деп айтуға батпады,
«Ол шатырда жұмыс істеуде» – десті жұрт.
Күндер өтті оралмады панасы,
Жапырақтай сарғаяды баласы.
«Шатырдағы жұмысында» – дей берді,
Жанарынан жаңбыр жауып анасы.
Сағынышы алаулайды лапылдап,
Көзден жасы нөсерлейді сатырлап.
«Әке, қашан келесіз?» – деп балақай,
Ұзақ-ұзақ айғайлайды шатырға.
Жан-жүрегі жерошақтай жанғаны-ай,
Күтті әкесін, асқар тауын ай маңдай.
Жылдар өтті, оралмады алайда,
Сол шатырда мәңгі қалып қойғандай!
Жай түскенде, жас ед(і) шыбық-талдайын,
Ұл ержетті, азамат боп нардайын.
Күбірлейді шатыр жаққа көз салып:
«Әкешім, сіз биіктесіз әрдайым».
Көкірегі шемен толып, «аһ» ұрып,
Шерлі жігіт күбірлейді ақырын:
«Жел-жауыннан қорғап тұрған сіз менің –
Төбемдегі көрінбейтін шатырым».
Шағаланың ұлы анасы
Сүйсінтіп тасты, құмды, ай, балықты.
Көңілі тек суында жайланыпты.
Кіндігі шағаланың теңізіне,
Сәбидей құрсақтағы байланыпты.
Теңіз ғой шағаланың мұнарасы,
Панасы, данышпаны, ғұламасы.
Бесігі теңіз оның тербететін,
Және де теңіз оның Ұлы Анасы!
Жаңылсам, жол көрсетер маған ұдай,
Кеудемде сағыныш бар самаладай.
Шарықтап жүріппін ғой мен де елімде,
Теңізге еркелеген шағаладай.
Жел есті сездім қазақ атырабынан,
Ағаштың сыр естідім жапырағынан.
Шағала туған теңіз тамшысынан,
Жаралғам мен Отанның топырағынан.
Салмағы алып күндей ғарыштағы,
Еңсені сағынышым жаныштады.
Теңізін шағаланың тамашалап,
Ойладым Ұлы Анамды алыстағы.