Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Ар
1,093
оқылды

Авторы: Дарабоз

 

 ...Елдің туы жығылмас

 Тілдің туы жығылмай.

 Қадыр Мырза Әли

 

Тұңғиық тіл көп адам бата алмаған,

Тереңіне кіл мықты сапарлаған.

Сол мықтының жанында қай кезде де,

Еріп жүрген құтыңмен қатар налаң.

 

Биік шың тіл айбары көк тіреген,

Құзарына қырандар көп түлеген.

Сендік тұғыр неліктен қасиетті,

Бүркіттер көп сол үшін тепкі жеген.

 

Әжімді тіл ғасырлар табы қалған,

Арыстардың намысы, ары болған.

Тарихыңа көз тігіп, үңілгенді,

Талай мәрте арландар қауып алған.

 

Бәйтерек тіл мәуелі, саялы бақ,

Зиялыны қорғашта ая, жұмақ.

Ал әйтпесе, мәңгүрттер жон арқадан,

Деспе тіліп, ұрғылап сояры хақ.

 

Мөп-мөлдір тіл кіршіксіз бүлінбеген,

Сені естісем боп қалад мұңым керең.

Зәмзәміңді татып ем шөлдегеннен,

Жігерімді ояттың тірілмеген.

 

Баба тілі шөкпеген үзік керуен,

Шемендерді рухымен сүзіп келген.

Сен арымсың таңдайға суың тиіп,

Маңдайыма Тәңірім сызып берген.

 

 

Көз..

 Өлер жерден кеттік біз,

Енді мәңгі өлмейміз!

Жасасын, Алаш, жасасын!

Сұлтанмахмұт Торайғыров

 

Мен, жылдардың жанарына үңілдім,

Кірпіктері қасіретке малшынған.

Түндерінің түндігінен түңілдім,

Аспанынан жауын емес қан сауған.

 

Жылдың көзі - ғасырлардың айнасы,

Айғыздалған дәуірлердің жасымен.

Көкірегім, жанартаудай қайнашы!

Қасіреттің әжімінен шошып ем.

 

Кескінінде кектер толған шерлі өңнің,

Келбетіне сұстанады ай қарап.

Тұлпарлардың құлағанын көргенмін,

Мөлдіреген қарашыққа тайғанап.

 

Сүйеп тұрған күреңдерді сүрінген,

Уақыттан асып түскен шебер кім?

Алыптардың алтын басы ілінген,

Жылдар, сенің кірпігіңе не дермін?

 

Аспан сынды айналмайтын елеске,

Тұлпарлар ол-Алатаудай ар шығар.

Алыптардың мөлдір рухы емес пе?

Көздеріңнен тамып кеткен тамшылар.

 

Тереңіңнен телмірсе де зындандар,

Иілмейміз!

Уақыттарға сауап бұл.

Жылдар-жылдар көздеріңді жұмбаңдар!

Қарашықтан «Өлмейтіндер» қарап тұр.