Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы:  (өлеңдер топтамасы)
802
оқылды

Авторы: Жан Аман

 

Рух

(Абай Құнанбайұлының рухына)

Өртеп түнде өзекті кезекті ойлар,

Көштер көшті, көңілді мезі етті айлар.

Миығынан күледі тірлік мынау,

Кешегі мезет қайда?

 

Мазағына малынған мылқау күннің,

Жазары да жалғанның бір таңба ілді.

Жамалса да жылдарға жамау – қайғы,

Маңдайында сәуле бар мың тағдырдың.

 

Уақыт тұрса талайды, сірә, құртып,

Рухы өлмеске балайды мұраны ұлты.

Мүсіркесе мезгілдер, міне, осыдан

Менің жаным мезгілсіз тұрады үркіп.

 

Тірлік мұрша бермесе бір тынымға,

Жан да құштар жол іздеп, жұлқынуға.

Бір жарыққа ұмтылып жарқ еткен бар,

Ырғалып қалған да бар жұрт ығында.

 

Лайық боп өткендер қаншама,

Ғайып боп кеткендер қаншама...

 

 

Оралу

Орала ма жыл құстары бағыттардан беті ауған,

Топырағын аңсай ма екен түн қорыған тобырлар?

Өзін іздеп шайырлар да шаңын жұтқан шаһардан,

Мұңға жалғыз орана ма жаяулар да жолында әр?!

 

Құбаладан іздейді өзін қаладағы топ қалың,

Ғұмыр оған жырақ кеткен танытар ма тамырын?

Маздап жатып тебірентер туған жердің шоқтары,

Қайта алмаған қарт біледі ұшқан ұя қадірін.

 

Жыл әкеткен сезімдер де, күн құбылтқан ойлар да,

Жан сезбеген жылы шақ та өткен туған өлкеде.

Уақыт бізді ілестіріп, шеңберінде айналған

(Өзімізді бөтен күйге ертіп кеттік ертеден...)

 

Сырт айналған сағаттар да сыр бүгердей түңілген,

Бала күнгі бояуларды бәрі іздейді бір уақыт.

Туған төрдей айқара ашпас құшағын да ғұмыр кең,

Үміт тұрар өз қалпында өміріңді зырлатып, сеніміңді құрғатып.

 

Аңғал шақтың әр таңбасын қалдырып сол мекенге,

Ойларға алғыс айтып жүріп құшағында түнеткен,

Қаның тамған, барың қалған бір нүктеге кетерде

Қимай тұрып кезеңдерді маңдайыңнан жылы өпкен,

Туған төрге ораламыз өшпейтін әр жүректен.

 

 

«Келешек»

Беймаза даңғылдың бойымен шат болып

қайтамын кей кеште,

ақтарып қайтамын барымды шамдарға.

Жоқ болып қайтамын түндерде,

(Кітаптар үйіне от болып оралам таңдарда).

 

Осылай күн кешемін,

айларға айырбастаймын да ойларды,

Бұлттардан іздеймін уақыттың күбірін.

Күрсініп үлгерген кешегі күндерім

Бейдауа мұңымен тұрады тұтатып шылымын.

 

Өткеннің өкініші де

ғасырдан ұзақтау шақтарға жұтылған.

Кеш сайын қызыл күн бүркейді жүзімді

уақыттан ұтылған.

 

Келешек күтеді көпірде...

 

 

Мезгіл

«Жүрек кейде ақыл түсіне алмайтын дүниені біледі»

Қорғасындай қайнаған...

Жар басында жүдеу жан.

Бар күнәдан биік тұр өңі сүттей Ай ғана,

Ақ шырақтар мезгілсіз төбелерге түнеуде әр.

 

Тірлік қажап, шегіне жеткізбеген ойларды,

Күндер жылжып меңіреу.

Жер жарыққа жұтылып, ағаруға айналды,

Күздің қара суығы көрінеді реңінен.

 

Біздің тағдыр – Ай ғұмыр,

Жер ғұмырға байланған.

Мұңмен сүртіп жүзіндегі қайғыны,

Мезгіл жетім ай астында ойланған.

 

Әлде мен бе ойланған...