Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: {Өлеңдер топтамасы}
873
оқылды

Авторы: Пәруана

 ***

тірлігімде тып-тыныш жүргенімде,

әлдебір ой маздайды түнде мүлде.

тап ертең-ақ алыстап кетсем екен,

жүрегімді кемірген күндерімнен.

жұбатуға тырыспа, түсінбеші

(мейлі мені мына жұрт мүсін десін)

мен әлі де адасып келемін бе,

мені жұтқан ойлардың ішінде осы.

қайран шеше, қамыққан қайран әке

қайратың да таусылды-ау қайрап өтер.

сен жасыңды төгесің жалғызым деп,

мен басымды соғамын ойға бөтен.

енді бізді алады кім есіне,

(әлсіздердің не тиді үлесіне)

менің ойым жер бетін шыр айналып,

ғұмырыммен бір күні түгесілер.

түгесілер ғұмыр да, бақытың да

мен бақытты болмасам уақытында-

бейуақытта бозарып жатып алам,

жалғыздықтың бүктүсіп жатырында.

сол жалғыздық. жаныңды езе ме шын.

жалғыз жүрек бәріне төзеді осы.

неге ылғи да жабулы тұра беред(і)

мені күткен жандардың терезесі.

тауқыметке қауқарсыз сана күші,

адам біткен тағдырдың жаралысы.

мен өлгенмін. тіріліп кетем кейде,

қапияда түрткенде қалам ұшы.

 

 ***

«Ойдың мұңға жетелерін кеш білдім...»

Мейірхан Ақдәулетұлы

 Іңір түссе ойлармен кетем ылғи күресіп,

Содан бері жазылмай мең-зең болып жүр есім.

Күшігіме су бердім, гүлдерімді суардым,

Құдай өзі соңымнан келеді екен ілесіп.

Маған осы ойдан да опық жеген ұнайды,

Бірі кейде бұлыңғыр, бірі кейде шырайлы.

Көптен бері ұға алмай көндім енді осыған-

Көңілдегі көне сөз көлеңкесі Құдайдың.

Уақыт туар ұзамай құбылаға құлаған,

Құбылаға құлаған жүрек қана дін аман.

Қара сөзді қашамай, қара жерді қажамай,

Қайту керек шығар, ә?!

Қайту керек шығар, ә?!

Қалғып кетіп барамын қарашығым түн еміп,

Жалғыз ғана жарығым кетпесе екен түнеріп.

Біздің шығар биіктік бір төбешік емес пе,

Тереңдігін сөздердің Құдай өзі біледі.

Құдай өзі біледі!

 

 ***

Ауыл жақта бар еді үш төбешік.

Жусаңдары бір-бірімен тел өсіп,

Тербетеді майда самал жел есіп,

Кешкі іңірде  мал қайтады жайлаудан

Содан кейін мүңкіп тұрар көң исі.

 

... Ауыл жақта бар еді үш төбешік.

 

Ойынымнан оралғанда түс ауа

(Ержеткенше санамды кім тұсаған?)

Үш төбешік...  менің асыл үш ағам,

Әкем қалай өлмей жүрген құсадан?

Шешем қалай өлмей жүрген құсадан?

 

Ғұмырымда кетпегенмен көп есем,

Іні болып енді кіммен кеңесем?

Үш төбешік...  мені қорғап жүреді,

Ауыл жақта қалып қойды демесең.

 

Шын батылым жетпегенмен кей іске,

Кездерім бар қуанышпен түйіскен.

Сүйенерің жоқ демеші

Уа, Тағдыр,

Үш төбешік ағам жатыр,

Тиіспе.

 

Жүрегіме орнағасын күйік боп

(Ер болмасам, түсіме кір, кейіп кет)

Үш төбешік...  қайран менің үш ағам,

Өздеріңнен қайда барам биіктеп?

 

Бейітіне барған кезде түс ауа,

Әлі күнге қуат алам, күш алам.

Ауыл жақта үш төбешік бар еді,

Қалай өлмей жүр екенмін құсадан?...

 

 ***

Шешемнің шешілмеген шарқатындай,

Бір шерім кетті менің тарқатылмай...

 

Мама-ау, кезің де жоқ кенжеңді қаралаған,

Кезің де жоқ кенжеңді табалаған.

Маңдайымнан сүйесің бар болғаны,

Сөйлемейсің көсіліп неге маған?

 

Мама-ау, көше кезіп ойлармен қаңғырғаным,

(Қайда менің жанымның жаңғырғаны?)

Жеңілдеткін келді ме сүйіп солай,

Маңдайыма жазылған тағдырды ауыр.

 

Мама-ау, күбірлейсің кешкілік, күйінесің,

Тірлігіңе налымай иілесің.

Жолдарымнан жаңылып, сүрінгенде

Жаулығыңа жанарым үйір осы.

 

Мама-ау, бақытқа да, баққа да жарымаған,

(Пешенеме жазғанын қабыл алам)

Шыр-пыр болып жүргенің себепші тек,

Бұл күндері қалса егер жаным аман.

 

Мама-ау, өткенімнің барлығын қарға көміп,

Биігімде өтейін самғап өліп.

Көз жасыма тұншығып, таусылармын,

Ғұмырымда болмасам арға берік.

 

Тұман басса ертеңнің төңірегін,

Солай-солай сенім де сөгіледі.

Қауырсын қаламымды Тәңір бір күн-

Жүрегіме сұғатын көрінеді.

Мама-ау...

 

 ***

«Бұл далаға бір қарасам пейілім менің кеңейген-

Енді қайтем осы өлкені туған жерім демей мен!»

Ж. Нәжімеденов

Жыр-жүрегім толып тұр бүгін шерге,

Қасиетіңе киелі жүгінсем бе?

Тұрғызбасын, ешбіреу тауың түгіл,

Жалғыз түйір тасыңа сүрінсем де.

 

Бұлағыңа мөп-мөлдір сырым қанған,

Жоталарға жұп-жұмыр жырым қонған.

Табаныма тас батып, шөңге кірсе,

Өтінемін, оны да суырмаңдар!

 

Дархан дала дертіме азық болып,

Ақ қағазға қайғымды жазып беріп,

Майда,жұмсақ құмыңа құласам ғой

Құлазыған сәттерден қажып келіп.

 

Келгендей-ақ көсілер кез ыңғайлы,

Бой түзелді, өзіңде сөз ұлғайды.

Құдіреті тілімнің жетер ме екен,

Қалам алып толғауға өзің жайлы.

 

Естеліктер сенде өткен есімдегі,

Махаббатты маздаған өшірмеді.

Алаңдаймын, дем жетпей қала ма деп,

Алып таулар қозғалса төсіндегі.

 

Талай адам жаныңды табалады,

Қадіріңді ұқпай жүр, неге бәрі?

Тазалықты сендегі сезу үшін,

Көңілімді кірлетпей келем әлі.

 

Абырой ғой тасыңды арқаласақ,

Аялдай тұр, аялда, тарқама сәт.

Қиыр кезіп кетемін содан кейін,

Бір уыс топырағыңды қалтама сап.

 

Аспаныңдай сол кезде өр боламын,

Күннің өзі береді жанға жалын.

Білемісің туған жер жан-жарама

Жалғыз ғана жусаның ем боларын?!

 

Толқындары теңіздің қуатты екен

Өмірімді өзің ғой шуақты еткен.

Соңғы демім қалғанша сүйіп өтем,

Жүрегіме орнаған жұмақ мекен.

 

Дауа таппай тірліктен сабылысқан,

Асау сезім өзіңе алып ұшқан.

Ең ұлы өлеңдерді тудырады,

Ең ұлы саған деген сағыныштар

 

 ***

Жүрегіңе Хауаның нұры тамған,

Мен өзіңді ешқашан ұмыта алман.

Менің мең-зең ойымды түсіне алар,

Саған ғана жанымды ұсына алам.

Алыстасаң, аяулым, қарашықтан

«Мұңаямын содан соң, адасып қап»

Үмітімді жел айдап, үзе ме деп,

Сүйенейін алаңсыз тізеңе кеп.

Жетелесе өлеңнің тереңдігі,

Сонда жалғыз бақытым, көрер мұңым.

Кеудемдегі дертімнің дауасындай,

Табылар ма ғаламнан жан осындай?!

Жанарыңа жасырып әлденені,

Байғұс көңіл сол үшін сенделеді.

Пенде емеспіз, жарығым, бақыты кем,

Мүмкін бәрі оңалар уақытымен.

Дұғамызды бір күні қабыл етер,

(Тірі болса егерде Тәңір әкем)

Табылғанда мәңгілік бақ тұрағы,

Екеумізге тірліктің тәтті бәрі.

Басар ма екен жаныңды мұң сыздаған,

Маңдайыңнан сүйгенім үнсіз ғана,

Маңдайыңнан сүйгенім үнсіз ғана...