Авторы: Тұлға
I. Мұрагер
Күрең-күрең, күрең күн,
Тағдырымда тау аңқыған шүлен мұң.
Мен – Алтайымнан Әлпіге,
Ертісімнен Дунайға,
Тізгінімді шалқа тартып шірендім!
Күйбің-күйбің, күйбелең,
Аспанымда алшын жұлдыз сиреген.
Мен – Елім, тегім, жерімді,
Өзен, белім, көлімді,
Ойлай-ойлай, күйзелем...
Мен кім едім, кім едім?!
Дешті-қыпшақ даласының ұлы едім.
Күңіренген күйменен,
От айналып билеген,
Жылқы мінез Жүрегім!
Алдай да алдай, осы күн,
Ұмытқан жөн мен жосығын.
Мен – Ұлық ұлыс жалғасы,
Текті өзеннің арнасы,
Хан Шыңғыспын, Жошымын!
Мұнар-мұнар, мұнар күн,
Баста қашан тұрар күн?!
Мен – көзі тиген тағдырдың,
Оғы тиген әркімнің,
Әлгі – ақсақ құланмын...
Тақсыр да тақсыр, тақсыр күн,
Жанарды тағы жас қылдың...
Мен – Жемқорға берген азығын,
Қақпанға берген аяғын,
Жаралы, жүдеу қасқырмын...
Өртедім, жандым, өртелдім,
Шайқалдым, талай теңселдім...
Мен – аршамен жанын емдеген,
Намысын жатқа бермеген,
Куәгерімін кешенің,
Мұрагерімін ертеңнің!
II. Әруақ шақыру
Намысын найза түйреген,
Маңдайын кәпір сүймеген,
Тереңге талай батпаған,
Отқа да салса күймеген,
Текті Елім қайда, Әруақ?!
Ұлыстың ұлық ұлдары,
Ғұн менен Сақтың жұрнағы,
Атына қонса аттандап,
Артынан ерген құлдары,
Хандарым қайда, Әруақ?!
Жошы да Жошы, Жошы елім,
Жолаушы сынды осы Елім...
Көшпенді деген атты алып,
Тағы да қайда көшемін,
Мекенім қайда, Әруақ?!
Ойнақшып, күрең, тор қасқам,
Жағамда еркін Ел жатқан,
Ұлық ұлыс боп ұйысып,
Алтын орда боп жалғасқан,
Ұлысым қайда, Әруақ?!
Ішіме жұттым дертімді,
Семсерге бердім сертімді,
Өзімнен өзім тұншығып,
Билей алмаймын еркімді,
Намысым қайда, Әруақ?!
Қараңғы, түнек күнімді,
Құмыққан ащы үнімді,
Бабадан қалған далам мен
Еліме мынау бүгінгі,
Жар болшы өзің – Әруақ!
III. Шернама
Бағзыда,
Алтай тауында,
Жар болып Тәңір, жаратқан,
Ертістің еңку маңында,
Елімнің еркін шағында,
Тәнімдей таза таң атқан.
Ұлытау – болып айбыным,
Ұлыстың туын көтердім,
Сонда,
Ұмытып бәрін қайғының,
Шаттыққа толып айдыным,
Бекер қуанған екенмін!..
Содан бері...
Тағдырдан талақ бодым да,
Ошағым бықсып маздаған,
Олжасы болып ордың да,
Сорласы болып сордың да,
Құрып та кете жаздағам...
Жабылып қара түндігім,
Жерменен жер боп беделім,
Байланып жатқа кіндігім,
Құл болып шықтым бір күні,
Басын жоғалтып Кененің!..
Тынысым содан тарылды,
Кім екен маған оқ атқан?
Пәнидей нәзік жанымды,
Сәбидей нәзік таңымды,
Байғыз үнімен оятқан?!
Төбемде содан күн қалғып,
Күлікті күлге қаңтардым,
Ай менен кетіп жылдан құт,
Шырмауына шырмалдық,
Бодандық деген арқанның.
Ұлытау болған айбыны,
Ұлыстың туын көтерген,
Ұмытып сонда қайғыны,
Шаттыққа толып айдыным,
Қуанған екем бекер мен!..
Бір күні...
Кеудеме қонып жан-ие,
Қанатын қақты сан рет,
Сене алмаймын әліге,
Сарнап жатты радио,
«Тәуелсіздік таңы» деп...
Бүгінде,
Қалса да қанша жыл ұзақ,
Айтпаған талай сөзім бар...
Мұңға батып күнұзақ,
Бөрі болып, тым ұзақ
Ұлыған талай кезім бар!..
Хан Шыңғысым, Жошы хан,
Оянғын қайта, ер бабам.
Еліктей болып жосыған,
Теңіздей болып тасыған,
Шерім мен осы шернамам!
IV. Шер қайтару
Дешті-қыпшақ даласынан дерт емген,
Алтай-мұңым, өзегімде өртенген.
Ертіс-жырым, жүрегімнен тасыған,
Жошы-шерім, кімге барып шертем мен?!
Қазақ болдым, қанды көріп, аһұра,
Тарихымды сан ғасырдан асыра.
Жан ниетті, салақұлаш дұшпанды,