Авторы: Әлкеш ҚАЛҚАМАН
Жармоладағы жалғыз
1
...Күз болса, құс қайтады жайлауына,
Дұшпанның біздер түстік байлауына.
(Батақтың Сарысы)
Ызасын қазандай қайнатып,
Негізсіз жаламен шатылды.
Қызғаныш Сібірге айдатып,
Қызғаныш тереңге батырды.
Сол шақта ән салды ер Сары,
Сол шақта ер Сары төкті жыр:
Шайқалған сияқты жер шары,
Қозғаған сияқты көкті қыр.
Тереңге батырар қара түн,
Оны енді құсалы тосар күз.
Құс-өлең қаққанда қанатын,
Қайғыға батқанда Қосан қыз,
Жанардан мөп-мөлдір жас шығып,
Жармола жігерін үгеді.
Талай рет маңдайын тасқа ұрып,
Қараңғы қапаста түнеді.
Түнекте көңілсіз күн өтті,
Жауыздар жазықсыз жазғырды:
Өлеңге байланған жүректі
Әуенге айналған тағдырды.
Қап-қара қабырға жан-жағы,
Жырлары тұншықты кеудеде.
Болмаса сөзінің салмағы,
Соншама жылады ел неге?!
Енді оны мың құшақ жылытпас,
Енді оның күні де қараңғы.
Сезімтал жүрегін жырып тас,
Суық сөз тағы да қадалды.
Жан емес жазадан қашатын,
Жазықсыз... сол үшін күйінді.
Сағыныш еңсені басатын,
Сағыныш бет-жүзін жиырды.
Жарыққа шықпады қаншама ән,
Қаншама ән кеудеде шулаған?!
Өзінің иесін аңсаған,
Тарлан ат тынымсыз тулаған.
Жасауыл қинауға құштар ма,
Кезеніп тұрады қаруын.
...Жайлауға асыққан құстар да,
Есіне салғандай ауылын.
2
Қаншама асыл ер атылды,
Далада жабайы аң сынды?!
...Белгісіз бір әлем шақырды,
Көретін жарығы таусылды.
Қанша өлең қағазға түспеді,
Жоғалды көз жасы секілді?!
Ғайыпқа сіңуге күштеді,
Темірдей төзімі кетілді.
Түрмеде қабағы түйіліп,
Шабыттың кемесі күйреген.
Бақастық қара бұлт үйіріп,
Содырлар сойылын сүйреген.
Қосыла алмайды Қосанға,
Үзгісі келмейді үмітін.
Сарының көңілі босар ма,
Қу тақтай үстінде күні-түн?!
Серінің жанары алаулап,
Аруды сүйгені айып па?!
Жасауыл жатқанда манаурап,
Қашады жүйткіген Жайыққа.
Зарлы әнін шырқауға құлшынып,
Домбыра даусына құмартты.
Бостандық көгіне ұмсынып,
Айдауда көздері мұнартты.
Өлеңін жүрекке жазады,
Сарының орны ма абақты?!
...Әншіні өзінің қазағы,
Қараңғы қапасқа қаматты.
Әр талдың түбінде жатады,
Қысастық қылғанның қақпаны.
Батырдың жанына батады,
Қазақтың қазақты сатқаны.
Түсіне еніп те жүр еді,
Ауылдың өшпеген оттары.
Ақынның жүрегін тіледі,
Қазақтың қазақты соттауы.
Сұсты еді қарулы қарауыл,
Ызғарда батыр да ызбарлы.
Айлалы жаулары ана бір,
Отыз-ақ жылды да қызғанды.
Жармола. Жалғыздық. Сал Сары,
Жүректі қинайды жыр тағы.
«...Жауыздық жалмады қаншаны,
Қазақты сатқындық құртады!»
БЕЛГІСІЗДІК
Ғалым-педагог, қоғам қайраткері Телжан Шонанұлы 1938 жылы атылды. 10 күннен кейін оның жұбайы Шахзада Шонанова (Қаратаева) да оққа ұшты.
Беймәлім болашақ шақырған,
Тағы да жарқырап атты күн.
Заманы құрдымға батырған,
Заманы тонаған шаттығын.
Асылдар атылып жатқанда,
Қасірет шеккендей ел жаны.
Шахзада қайғыға батқанда,
Өмірмен қоштасты Телжаны.
Сорлы әйел отыз төрт жасында,
Өкпе айтып қатыгез адамға,
Өкпе айтып қатыгез ғасырға,
Бүрісе береді қамауда.
Шұңқырға зайыбын тастаған,
Енді оның орнын кім толтырмақ?!
Шыдамы сарқыла бастаған,
Түрмеде жылады солқылдап.
Біреулер шошытқан ақырып,
Шахзада тым ұзақ зарлады.
Ауыр ғой жарының атылып,
Елеусіз шұңқырда қалғаны.
Ешбіреу қарамас көңілге,
Қайтерсің тепкілеп-ұрғанын.
Адамдар білмейді өмірде,
Алдында не күтіп тұрғанын.
Ештеңе білмейді адамдар,
Шамасы жетпейді болжауға.
Сондықтан сәт сайын алаңдар,
Талпынып жақынын қорғауға.
Таңертең қай жерде боласың,
Қай жерге барасың кешкілік?!
Түнде қай көшені шоласың,
Жаһанға жан даусың естіліп?!
Қай айда ескірер ойларың,
Қай жылың жағады жаныңа?!
Тағдырдың жасырып қойғанын,
Біле алмай жүресің тағы да.
Шахзада ештеңе білмеді,
Мұндайда өтпейді уақыт та.
Әйелдің көңілсіз күндері,
Талпына алмауы бақытқа,
Бір жылу іздеуі түрмеде,
Тым ауыр... расында тым ауыр.
Ештеңе айтпады күн неге,
Тағы не ойлады мына іңір?!
Осылай уайымға батты әйел,
Жауыздар мылтығын жиі атты.
Қараңғы қапаста жатты әйел,
Салқында солған гүл сияқты.
Жақсылар толтырды түрмені,
Телжанын ойласа, шоқ құшты.
Белгісіз... таң ба еді, түн бе еді,
Жазықсыз Шахзада оққа ұшты.
Түсініксіздік
Мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың жары Дәмеш Ермекова жазықсыз тұтқындалған...
Айыбы бар ма еді Дәмештің,
Түрмеге тоғытты оны да.
Шындықты білмейді әлі ешкім,
Кім қақпан құрды екен жолына?
Жұбайы жаламен атылды,
Жұрт үшін тер төккен аянбай.
Сорлы әйел сол шақта аһ ұрды,
Қайғыға батуды қоя алмай.
Қатайтты қараңғы түндері,
Соққылар қатайтты аяусыз.
Тұйыққа тіреді түрме оны,
Күндері зырлады баянсыз.
Өтті ғой сұрықсыз шақтары,
Жұмысқа жегілді далада.
Әкені аз ба еді атқаны,
Неліктен тиіскен анаға?!
Неліктен ананы қорлаған,
Жарынан айырылған қапыда.
Мұң шағар досы да болмаған,
Шүйлікті неге әйел затына?!
Ақталды... жүректе дақ қалды,
Ойланта береді кеш... күндіз.
Кешем деп бақытсыз шақтарды,
Күйеуге шықпайды ешбір қыз.
Біреулер өмірдің ғажабын,
Махаббат майданы деседі.
Тартқанмен ғашықтық азабын,
Қосылып бал ғұмыр кешеді.
Біреулер сүйгені атылып,
Өзі де түрмеде жатады.
Амалсыз жігері уатылып,
Жалғыздық жанына батады.
Дала дүниетанымы. Ценестезия. Антиальтруизм
Жалғыздық. Аспанымда ерғашты бұлт,
Теңселтті тереземе жел бас сұғып.
Қураған қалауымның қара ағашын
Құлатты қайта-қайта жер жатсынып.
Көз – сараң! Мейірімге тіл де – сараң,
Шарасыз хәлде шерді кімге шағам?!
Ғайыпқа ұмытылған жеке өмірі
Жұтылып бара жатыр бірнеше жан.
Қараңғы. Тым қараңғы түрмеде түн,
Тұл жетім үміт гүлін күнде егетін.
Болашақ жолықпайды Бостандықпен
Өзіммен осы маңда бірге өлетін.
Сергелдең. Сенделуде самала күн,
Таңдаудың талқандады жала бәрін.
Бейбаққа даусы талып естіледі,
Бейуақта шетінеген шарананың.
Сырдаң күз. Аңсар ауар басқа қырға,
Құлдилап ұшар қиял қас-қағымда.
(...Менің не жазығым бар, абыз төбе,
Менің не жазығым бар, тас қабырға?!)
Темір тор. Шаттығынан мұңы басым
Тұтқынның тасасына тығыласың.
Сейілткен ой тұманын кеудемдегі
Сағынам шексіздіктің шұғыласын.
Тар қапас. Үркек сезім. Қағидалар
Жүректі жаралауды тағы ұйғарар.
Сүрмейді жарты көңіл шалқып өмір,
Жалғанда ақиқат жоқ жан иланар.
Жарым түн. Сығалаған ай да әдемі,
Құшақты айға әдемі жайды әлемім.
Дін аман алып шыққан шырғалаңнан
Далалық көзқарасым қайда менің?!
Жалғыздық. Аспанымда ерғашты бұлт...
Камерадағы бір күн
Ер жүректi азаматтың басына,
Бұл жалғанда нелер келiп, не кетпес?
(М. Жұмабаевтың «Тұтқын (М.Д-ға хат)» өлеңінен)
Атқанда абақтыда таң қылаңдап,
Салқындық тоңдырады тәнді қармап.
Бұйыққан сәттерінде бұрыштарда,
Басынан басқа жаққа қарғыған бақ.
Үн-түнсіз сарылумен сырғыды-ау күн,
Мәні жоқ қабырғаны қырғылаудың.
...Құс үні тебіренте бастағанда,
Ысылы естіледі кіл «жыланның».
Күбірлеп кей нәрсені көктен сұрар,
Сабырын сұмырайлар еппен сынар.
Ұшқындап жауған қардай аппақ жүрек –
Қап-қара тасқа айналып кеткен шығар.
Мықтыны төзім деген жеңді уайым,
Мұң бұлтын сейілтеді енді қай үн?!
Сәлемі сияқтанып сағыныштың,
Есіне сала берді жел жұбайын.
Мініп ап шабыт атты арғымаққа,
Қарайтын толғаныспен тау-қыратқа.
Ұшырып әзиз жанын еркіндікке,
Тақтайда... тар бөлмеде қалғымақ па?
Өлеңнің жалындаған отын көріп,
Жылы жел сипай берді бетін келіп.
...Күн батып бара жатты ұясына,
Бейуақта сөнген үміт секілденіп.
Жүрек жылаған жыл
(цикл)
1938 жылы атылған қоғам қайраткері Ұзақбай Құлымбетовтың қызы Қабираның жазылмас жарақаты, қалың қасіреті, алып сағынышы жырға айналды.
Ұзақбай Желдірбайұлы қазақ балаларының білім алуына баса назар аударған тұлға. Ол нәзік жандыларға қорған болып, аштықты ауыздықтауға тырысты.
Ақын Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнар да жылдар бойы осындай мұңлы күй кешті...
1
Жасырады екен нені күн,
Оңашалықта...
жабығудан да жерідім.
Жанып-өртендім... үзілген шақта үмітім...
Сетінегенде сенімім...
Жағымсыз дауыс жатталып қалды санада,
Шақырымдар бар арада...
Сен абақтыда тоңған жоқсың ба, жан әке,
Мен жаураған жоқпын...
далада...
Жалғанның қатал сынағы,
Бауырларым да көзінің жасын бұлады.
Бұрында мені еркелік екен өксіткен,
Сол күні жүрек жылады.
Жып-жылы еді ғой әрбір жыл,
Аударылғаны-ай...
төңкерілгені-ай тағдырдың.
Көз жасымды ешкім байқамаған да шығар-ау,
Тамшыларына қосылып аққан жаңбырдың.
Арман ғой саған еркін күн,
Жылуын жанның суығы жеңді дертімнің.
Анашым зарлап жатқанда,
Ызаға беріліп мен тұрдым.
Айналамдағы қап-қара бұлттан түңілдім,
Бүлінді бәрі... бүлінді.
Өмір-ай, менің әкемді әкеттің қасымнан,
Сен тағы... алып кетер екенсің кімімді?!
2
Өмірдің күзі, көктемі, кысы, жазы – мұң,
Шаршадым... мен де қажыдым.
Әкешім, сенің қамыққан үніңді естимін,
Түрмеде туған күйінен Құрманғазының.
Ұмытылмайды... сол бір шақ... азып-тозған күн,
Жалғыз қалғанда езілгенімді жазғанмын.
Аңсағаныңды сеземін оқып жатқанда,
«Сағындым...» атты өлеңін ақын Мағжанның.
Әкесін жақсы көретін шығар кім-кімде,
Ал, жақсы көрмеу... мүмкін бе?!
Рысқұлды ойлаған Тұрар да,
Мұңдасым болды бұл күнде.
Көзге елестейді тұңғиық ойға батқаның,
Тастың үстінде жатқаның.
Қойылған болар дамылсыз сауал-сұрақтар,
Жойылған болар хаттарың.
Көңілсіз таңдар бізде атар,
Алдыңда сенің кері оралтпайтын із жатар.
Салқын сөз...
салқын...
салқын күн...
Жан-жүрегімді сыздатар.
3
Сезінем... бүгін басқа әлемдемін,
Әлдекім қарап тұрғандай сазарып көктен.
Жасқанар ма едім,
Түріңнен сенің түрмеде бозарып кеткен.
Мәнсіз күнім бе,
түсім де бұлдыр.
Білмеймін, әлде, бұл әлсіздігім бе,
Қараңғылықтың ішінде жүрмін.
Жұлқына алмадым,
Ұмытпағасын әрбір күн,
әрбір жылды да.
Бұлқына алмадым,
Тепкісін татып тағдырдың мына.
Ақиқаттарды жаттап жүр едім,
Шыңдалмайды екен сыналмай батыл.
Менің аппақ жүрегім,
Қара түнектен әлі де шыға алмай жатыр.
Күндерді ақырын кешем,
Алыстарға ұшқан бақыттың құсы не деді?!
Әкешім, керек қой ақылың десем,
Аруақтармен бірге кеп түсіме енеді.