Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
Поэзия» номинациясы: "Бостандық босағасы"
938
оқылды

Авторы: Қарқара қарлығашы

 

Тәңірдің кенжесі

Жүрегі найзағай отымен апталған,

Тұяғында патшалар кеудесі тапталған.

Шоқтығы – шоқыдай,

Биік ол, алтыннан құйылған тахтардан.

 

Жалы-желменен есілген,

Дүбірі сайтанның отауын көшірген.

Кісінеген даусынан,

Періштенің кіндігі кесілген.

 

Шаңы – әлемнің күнәсін өшірген,

Танауы- озон қабаты тесілген.

Ізі –пайғамбардың етігі шешілген.

Жылқы тәңірдің кенжесі,

Пейіштің сүтімен өсірген.

 

 Бостандық босағасы

Жалынымен жанымды оттай күйдірген,

Сендегі сол егіз еді күй мұңмен.

Кекіліңде пайғамбардың исі бар,

Маңдайыңнан сүйдім мен!

 

Жәудіреген жанарыңда

Жас,

Шер,

Мұң.

Дірілімен балқытардай тасты ерінің.

«Бұл не деген толықсыған сұлулық?»

Деп таңғалып,

Кеудеңді искеп мас болдым!

 

Қандай көркем орналасқан жақ, басы,

Деп тұр көзі: «Мәңгі есіңде сақташы».

Сенің арқаң – дүниенің ең төрі,

Сенің кеудең – ұжмақтың қақпасы.

 

Үш айлық жолды басардай үш аттап,

Тұлпарым ең, тұяғының іші аппақ.

Құшырлана сипай берем сауырын,

Мойынынан құшақтап.

 

Сен бар кезде төрт құбылам түгел деп,

Мен тұрдым,

Сен...

«Бостандыққа жібер» деп.

Сені міну мендегі бар бостандық,

Мен сені емес, сен мені алдың жүгендеп.

 

Сен жүйрік боп, сар ізіңе түсті арлан,

Көресіні көрдім менде дұшпаннан.

Сері болдым айдың нұрын арқан қып,

Жылқы баптап, түлкі қуып, құс салған.

Арғымақты сүйген артық қол жетсе,

Ақылы жоқ аруларды құшқаннан.

Жануарым, сен тұрасың ылғи да,

Мені аялап қолы жетіп қысқарған!

 

 Кемпір қосақ шылбырлы

Әй үкілі жиренім ай...

Сені ойласам жүрек сыздар шым-шымдап,

Ел менен жұрт атыңды айтып жүр шулап.

Төрт жолы төрт тұяғың секілді,

Өлең құйып мен отырмын бір шумақ.

 

Күтем сені келеді деп бәйге алып,

Таң алдында арғымаққа айланып.

Қалғамын мен қыз мінезді жануар,

Кісінеген дауысыңа байланып.

 

Кезіңде де, «көрмегенсің» азып тай,

Сауырың бар ат болдыртар жазықтай.

Айда әнеки қораланып қалыпты,

Уа, жануар!

Сен айланған қазықтай.

 

Апта сайын алма ағашын кеміртіп,

Мендей сені бағады кім семіртіп?

Елең етем жарық еткенде найзағай,

Қайта келетін сыяқты сен үркіп.

 

Жүйрігім- ай жал- құйрығың сүзілген,

Іңір сенің көлеңкең ғой қызыл рең.

Көз жасымды төге- төге көрдім мен,

Кемпір қосақ шылбырыңдай үзілген…

 

 Айға аунаған арғымақ

Тықыршитын аламанға қоспасам,

Суырылып шығып еді топта сан.

Жұлдыз төбел күннен туған күреңмен,

Айға аунаған арғымақтан еш қашан…

 

О, жануар сені емеспін кем көрген,

Ақ сұлыдан сүтке шылап жем бергем.

Әлмисақтан тағдырымыз жарасып,

Жаралғанбыз мен топырақ сен желден.

 

Жүруші едім кейде артыңнан өте алмай,

Айналсоқтап, не алыстап кете алмай.

Шаба қалсам шапшаңдығың еді ғой,

Көлеңкең де қалатындай жете алмай.

 

Шапса жүйрік күдір, ойпаң, жарды ұқпай,

Айғайлайсың тамағың бір қарлықпай.

Уа, жігіттер! Атым шықсын десеңдер,

Аламаннан атың шықсын шаң жұтпай.

 

Менімен бір анам сені өмірге ап,

Келген сынды ұйқымды алдың сен ұрлап.

Қалың гүлді шөп қып бергім келетін,

Гүл сыйлайтын арулардан көңіл қап…

 

Жануарым құны жетпес жүз нардың,

Кешір мені!

Дәмін білмес тұз, балдың…

Әлде қайда сенің терің аштырақ,

Көз жасынан мен жылатқан қыздардың…

 

Періште жирен

Перште жирен,

Сені жаратып қаралмай егісте күйген.

Тойға кетуші ем күмістеп мініп ап сені,

Жал- құйрығыңды сүзілтіп тегістеп үйден.

 

Үкілі жирен,

Арпамен жасап жүруші ем күтімін үйден.

Елдің барлығы қарайтын сендегі ерге,

Маған қарамай шапанын жұпыны киген.

 

Жел қанат жирен,

Жылқы ішіндегі жүйрік ең, мен қалап сүйген.

Төбеліңді кім? бұл күнде түйме қып тағып,

Қабағын түнде түсімде бер қарап түйген…

 

Беу! текті жирен,

Белімді сенен өзгеге серіт еттім имен.

Жүрегімнің жерлеймін қай түкпіріне,

Өзің жәйлі жазылып ертекті күйген.

 

Жауырыныңа тәңірім жасырды қанат,

Бота көзіңнен адастым ғасырды қарап.

Тұз орнына түсімде қайткенің жирен?

Қарашығымнан тұрғаның жасымды жалап…

 

 Жылқы мен қазақ трагедиясы

(Жырбаян)

І

Ерте, ерте,  ерте де,

Ұлтым ақын...

Болыпты мыс.

Жұртыма жылқы жақын.

Ұялап үлгірмеген рухына түн,

Ұятының құймаған кез ұртына құм.

 

Қазақты жықпаған кез,  үркіп аты,

Сәбиі тай мінсем деп ұмтылатын.

Үйірде бір арғымақ құлын туса,

Аналар соған лайық ұл туатын.

 

Сол ұлды іздеп қазақ жүр осы күнде,

Тапсам оның қоям деп есімін не?

Жылқы кетіп,  пірі өлді есігінде,

Рухы кетіп ұлы өлді бесігінде...

 

Қайда бүгін сол қазақ теңдесі жоқ,

Бәріне де ол, бас изеп,  көнді есінеп.

Ат байлайтын болғасын кермесі жоқ,

Қақпайлайтын боп алды кеудесі көп.

 

Міне осылай бәрі де кері кетті,

Беттен құлап бестінің белі кетті.

Елден безіп еңіреп сері кетті,

Жалғыздығын жанына серік етті.

 

Құй батпаққа осылай батып мұңлы,

Шошқа аунамас жерге елім жатып тұрды.

Жүйрік туды,  ал оны сатып тынды,

Жігіт туды, ал оны атып тынды.

 

Атып тынды,  намысын жойып алды,

Күлкісі ұятты,  қорлады ойыны арды.

Жылқы ішінде құлагер құлын туды,

Оны бір бай соғымға сойып алды.

 

Сойып алды білмеді аяуды әлгі,

Қанша пышақ жүзінде тай аунады.

Құлагерсіз өмірге келемін деп,

Ақан туды, ол бірақ, жаяу қалды.

 

Қазақ енді қай атпен шапқалы жүр,

Аты жоқ қазақтың қай мақтаны бұл?.

Жылқысын сатып болып кейбір сатқын,

Отаны мен жерін де сатқалы жүр.

 

Байлық,  мәнсап табам деп жаны ұшып жүр,

Қара жұмыстан қолы қарысып жүр.

Жарыстырар жүйрігі таусылғасын,

Өзі мен өзі қазақ жарысып жүр.

 

Аяимын деп жүріп сол мисыздарды,

Домбырам мойыны сынып күйсіз қалды.

Көк мойнақ көптен бері үйірсіз қап,

Көп қазақ көптен бері үйсіз қалды.

 

Жақсы аттың бас сүйегі күлге кетті,

Жақсы адамның өмірі түрме де өтті.

Ертоқымын еліміз өртегелі,

«Ер» деген сөз ерменен бірге кетті.

 

Жүрегі де тұр оның  білем сыздап,

«Елім» деген жылады ұлы елсіз қап...

Жылқысының жүгенін жоғалтқалы,

Ұрпағы да қор болды жүгенсіз қап.

 

Сайраса қамаудағы торда бұлбұл,

Өз тілінде қылғаны ол, орманын жыр.

Жылқының тілін білген қазақ қазір,

Ұлтының тілін білмей қорланып жүр.

 

Қазақтың қазаққа ешбір бағасы жоқ,

Ақсаңдайды атының тағасы жоқ.

Құлагерлер туады қорқам бірақ,

Қайтем деп болса мінер баласы жоқ...

 

 ІІ

Құлагер жете алмай қор болдым саған,

Бола ма, өзін-өзі қор қылса адам.

Жылқыны текті дейді, тектілікке,

Апыр-ай! Қай антұрған қол жұмсаған?!

Алтынға баламайтын тас темірді,

Достықтан жалған деген басқа өмірді.

Алаш едік ашыққан қонақ түгіл,

Атын сойып тойдырған аш бөріңді.

 

Қанша қазақ жүр тұлпар мінгісі кеп,

Тұлпарсыз өмірді ол да сүргісі жоқ.

Ақандары айғайлап асаба боп,

Құлагерлер базар да тұр кісінеп.

 

Сатбадық ба, білмеймін, саттық кімді?

Жақсыларым жақынын жат қып тынды.

Бұрын қазақ жақсыға ат мінгізген,

Бүгін қазақ жақсысын ат қып мінді.

 

Жүйріктің жүйрік болар бір кескіні,

Жігіттің жігіт болар шын кеспірі.

Құлагермен бірге өліп шын достығы,

Бәйгеден кеп жүр елдің күндестігі.

 

Содан бері қаншама жас төгілді,

Содан бері қаншама бас көмілді.

Құлагерсіз қаншама бәйге болды,

Сағынайсыз қаншама ас берілді?!

 

Ақанды аңыз, ал асты, жыр қылады ел,

Бәріне де тарих шын куәгер.

Содан бері ұстатпай әр қазақтың,

Жүрегінде тулап жүр бір құлагер...