Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Жүректегі жырлар
853
оқылды

Авторы: Қыр баласы

 

Ауылға сағыныш

Біздің ауыл жағасы Қаракөлдің,

Әлі есімде, мойнында ана белдің.

Ағам келе жататын ала таймен,

Мен ол кезде жас болдым, бала болдым.

 

Жүрген кезде есейер шақты армандап,

Жылдар жылжып, арада Ай жатқанды аунап.

Санам гүлдеп оқуға аттанғанмын,

Ағам мінген ала тай ат болғанда.

 

Сол кеткеннен ауыл да, Анам да алыс,

Көңілде күз күңіреніп, санамда қыс.

Сағынысып сәл ерте қайтатынбыз,

Біздің жаққа асығып барарда құс.

 

Көңілімнің көгінен бұлт арылып,

Айлар аңсап, жеткенде жыл сағынып.

Ақ жаулығы адалдық айнасындай,

Анам күтіп алатын құрсағы құт.

 

Естелігін өткеннің жылға ысырып,

Күндерім-ай, жоғалған құмға сіңіп.

Көбелегін көгалдың қуған шақты,

Керегенің көгіне жүр жасырып.

 

Шеше

Үрейінен үһілеп бағанағы,

Не болар деп құбылған заман әлі.

Қара пештің түбінде қайран шеше,

Балаларын ойлайды қаладағы.

 

Қабағына сағыныш қатпар салып,

Жанарына түнеген жас қаншалық.

Ала-құла атырған таңдарының,

Қарымына үміті ақталса құт.

 

Тек жақсылық көрсет деп пешенеден,

Тіліндегі тілегін еселеген.

Іштен ғана тілейтін дұғаңдағы,

Мен екенім белгілі бесенеден.

 

Үзік-үзік жылдарды жалғап арман,

Үмітпенен атады таңдары алдан.

Қайран шеше, бағы үшін баласының,

Тағдырынан тауқымет таңдап алған.

 

Жанарына шағылып пештегі нұр,

Қараша үйге келеді төстеп іңір.

Түн ішімен анамды қартайтады,

Тігісінен сөгілген кесте ғұмыр.

 

Қыстауда

Бұлт мақта, ауа жұпар, тасы мәрмәр,

Күңгейдің бұлақ аққан басынан бал.

Қарашы, ақ сүңгіге ораныпты,

Сонау бір сәуірдегі жасыл аңғар.

 

Баласындай жаны пәк, ойы бұла,

Ақша бұлтты шығарып мойынына.

Қариядай мейірімді қарт Қаратау,

Бар қыстауды алыпты қойынына.

 

Күн көзіне шағылып, қар жармасып,

Сұр(ы) шоқыдан көлеңке қалғанда асып.

Осы ауылдың құдайы қонағындай,

Сар(ы) атандар келеді маң-маң басып.

 

Ауылым-ай, мекені дала, қиыр,

Жақсылыққа қашанда баласы үйір.

Танасына танауы қаңсыған ба?

Үйге асығып келеді мама сиыр.

 

Қыстаудағы ауылдың сәлемі ғып,

Болмасын деп даламда бәле, бүлік.

Тыныштығын ауылдың күзеткендей,

Бөрібасар үреді әрегідік.

 

Маңдайына біткендей балалы үйдің,

Әлі біте қоймаған дала күйбің.

Күн еңкейіп ауылдан, көтерілді,

Мен мұндалап, түтіні қара қидың.

 

Боранда

Бәрін біліп отырар барлап алдан,

Әке бүгін жаңылып қалды амалдан.

Дала боран, көрінбес ат құлағы,

Әлгі бала не болды малға барған.

 

Малмен ықтап кетер деп бала тағы,

Үйде отырған анасы бал ашады.

«Үйкүшіктеп сен неге шықпай қалдың,

Барсаңшы енді, бала ғой, адасады»

 

Таңнан үйде, дымы жоқ істеген еш,

Мызғымайды, бір амал істер емес.

Күйгелек кемпірінің күңкіліне,

Айтатыны: «жігіт қой, кішкене емес»

 

Іш жыймай-ақ, дегені бұлай тағы,

Үйде отырған ананы мұңайтады.

Жауабына шалының мұқатқаны,

«Сен саңлақ малшы деп кім айтады»

 

… Тұл іңірмен танытып селбестігін,

Босатқандай белін сәл жел кешқұрым,

Әке үміті ақталды әне тағы,

Үні естілді іргеден Кербестінің.

 

Іңір

Толқын сүйіп таусылған қынай қабақ,

Апай төсін айдынның нұры аймалап.

Жамыраған жұлдыздан сырға тағып,

Сынық Ай тұр төбеде сынай қарап.

 

Іргеаяғын көмкерген қырмыз(ы) құрсап,

Іргесіне іңірдің жұлдыз жусап.

Сай басынан сырғанап түн келеді,

Айласынан тыным ап күндіз бір сәт.

 

Келеді түн. 

Айласын Айға асырып,

Өңін ұрлап іңірдің майда тұнық.

Су ағашын іздейді Сырғалы қыз,

Ысқырады бозбала сайда тұрып.

 

…Іңір оңып барады майда тұнық

***

Ауылдың кеші

Баяғы мендей “қала” ма, бауырдың да есі?

Бауырында соның бабамның басы қалғандай,

Несіне осы қала деп ауырдым деші.

 

Барқыт белдердің,

Бағасын, білем, бәрінен артық көргенмін,

Сонда да сонау сәулелі сәби шағымды,

Құндақтап құмға қалаға тартып бергенмін.

 

Ертегіде емес,

Өңімде көрген гүл көмген келтелі белес,

Сағымдай сырғып санама орала қалса,

Өзегімменен кетеді өртеніп өңеш.

 

Тас қаладағы

Талыққан күнім жанымды жасқа малады.

Жатбауыр болып жүрсем де басқа қалада,

Алақаныңды аяулы жастанам әлі.

 

Ауылдың кеші

Несіне осы қала деп ауырдым деші…

 

Жыр ару

Басы бар, аяқ-қолы бар,

Ән көрдіңдер ме аққұба?! 

Ж. Жақыпбаев

Көзінің қара мойылы – ән,

Қара қас, қасаң қабағы.

Сағалы Сырдың бойынан,

Жыр көрдім мөлдір жанары.

 

Жыр көрдім, мөлдір жанары,

Алдында емес, күн сұлу.

Жыр өзен болып ағады,

Жырласа ару, Сыр сұлу.

 

Тыншымай тулап, ет жүрек,

Арасында қап елестің.

Жолықсам қайта деп тілеп,

Көңілімнен кетпей көмескі үн.

 

Жұматай болса жолығар,

Ән көрдің бе деп аққұба.

«Басы бар, аяқ-қолы бар»,

Жыр көрдім, аға, пәк бұла.

 

Жолынан жүрді тосып Ай,

Қол создым көкке құлаштап,

Жыр Ару көрдім осылай.

Бір Ару көрдім тым асқақ.

 

 

Дәрігер қыз

Көлеңке күннен тығылған,

Ақпанның айлы кеші бір,

Табысқан жандай бұрыннан.

Сырласып кеттім, несі бұл?

 

Қалсада түсіп кешқұрым,

Ас үйде шәугім ысқырып.

Сезбейді жаным ешбірін,

Жатсада боран тыста ұлып.

 

Көмкерген бейне жүзін гүл,

Сәндідей сомен кеш осы,

“Өзіңмен жасты қызым бұл,

Дәрігер”- деді шешесі.

 

Тіледім тілсіз ішімнен,

Салма деп жолын теріске.

Арылмай жүрді түсімнен,

Ақ қалат киген періште.

 

Артынан сан ай алмасып,

Қалғанда сонау жылып бақ.

Бауырына кірді бар ғашық,

Самалы тұрған қыдықтап…

 

...Күлгенде көктен Ай тағы,

Аралап келдім бақ ішін.

Бір әнді іштей айтады,

Солқылдап барып дауысым.

 

 

Меңі бар қыз

Меңі бар қыз,

Мен емес-ау, ұнатқан сені жалғыз.

Енді қайтіп жолымыз тоғыспаса,

Жазымышы тағдырдың деп ұғармыз.

 

Тілі шекер,

Шыққан демі ауаны пүліш етер.

Құшағында ғаламның тербеледі,

Күннің таңдап түскендей нұры сетер.

 

Көзі көркем,

Жанымды ерітеді сөзің еркем.

Періштелер сені әлі ана дейді,

Әке дейді көресің, мені де ертең.

 

Меңді сұлу,

Табансыздық, үмітті желге ұшыру.

 

Ауылдан келген хат

Ақ боран бір сәт тынығып, жәй қалыпта есе,

Қап-қара түннің бауырына байланып көше.

Жатқанда үйден соғылған қоңырау үні,

“Жылқыны түгел базарға айдадық кеше”

 

Жат көзден аман тұрсын деп қосқан жүрдегі,

Үйірді түгел іңірттеу жоспар күндегі.

Жалғызаяқ жол бауырына бастап баратын,

Қара күңгейдің қуысы бос қалды ма енді.

 

Бос қалды ма енді жотасы Ашыбұлақтың,

Ақ боран ізін жататын жасырып аттың.

Жонында талай жылқымен таң атырғанмын,

Жатқанда нұрға қанатын батырып ақ түн.

 

Алтайдан асып атқанда бозарып көктем.

Ақ жусан аңқып жатқанда бозамық беттен,

Іші білді ме жарықтық Алабас аттың,

Саудаға түспей отарда жоғалып кеткен.

 

Белгісі болған байырғы бала күнімнің,

Жылқыдан жаным үзілсе шала бүліндім.

Көзімді ілсем тамады маңдайыма кеп,

Жанардан аққан көз жасы ала құлынның.

 

Қым қуыт тірлік жанымды жараласа тым,

Сағыныш еді ол ауылға ала қашатын.

Түйірін аңсап туған жер топырағының,

Үйірін іздеп келердей Алабас атым.

 

 

Ескі досқа

Бердібек досым…

Еске алдым елді сағыныш көп жүдеткесін,

Қолбайлау болып қу тірлік соға алмай жүрмін.

Сеземін “келмедің” деген елдің өкпесін.

 

Сеземін сағынғанын да бауырдың мені,

Естелік еске оралып тәуір күндегі.

Жырақтап кетіп қойнынан туған ауылдың,

Самайдан сүйер сағынтты сауырдың желі.

 

Естеліктердің жанымда елесі қалып,

Аласұрамда тұрамын мен осы нағып.

Алабас атты көрдің бе аттанған күні,

Жіберген едім босатып, өресін алып.

 

Сағынышым-ай санадан күлкіні айырған,

Қытығы келген құнандай үркіп айылдан,

Ағадан сәлем айтарсың інімді көрсең,

Ұсақ бұйратта қиқулап жылқы қайырған.

 

Аттандырғанды деп ауыл “саған сенемін”,

Әппақ үмітті әлі ақтап барам, сеземін.

Түсімде дәйім бозбала шағымды көрем, 

Дүрбі сап жүрген басында Аралтөбенің.

 

 

 “Жульетта”

Үскірік желі, далада Ақпан,

“Верона” емес, Арқаның.

Ақ ұлпа қар мен самала жапқан,

Сұлбасын сұлу қалқаның.

 

Жиналған халық, бар сәнді құрып,

Наурызнамаға* кешкілік.

Алдымнан шығып қарсы алдың күліп,

Сырғаңның үні естіліп.

 

Сабырымды ұрлап, тағатымды алған,

Қара көз, құлын мүсінді ең.

Сен мені ұқпай барасың қарғам,

Сүйемін деймін ішімнен.

 

Парис* пиғылға құрық салайық,

Құлып салайық екеулеп.

Екеуміз сосын тұрып қалайық,

Хан* тауын мәңгі мекендеп.

 

Көзімнен бәрін байқамай қалсаң,

Дәлелдің қанша керегі.

Жульеттамын деп айта бер, қалқам,

Ромеомын ғой себебі.

 

Көктем келді тағы да Астанаға

Астанаға тағы да көктем келді,

Көктем келді құбылтып көк пен жерді.

Менің мына кеудемде әлі қаңтар,

Сағынғаннан сары жон, бөктерлерді.

 

Көктем келді тағы да, Астанаға,

Көк көйлегін киіпті бақ та, дала.

Ойнасам да тауымда тас үй қалап,

Үйрене алмай келемін тас қалаға.

 

Батпағынан жасап ап балшық адам,

Күндерім ай, қыдырып қал сұраған.

Маңдайымнан күн өтіп шөлдеп келіп,

Таңдайымды жібіткем бал тұмадан.

 

Келсін көктем, жайнасын арыған тал,

Мен сияқты олар да жарық аңсар.

Сағынған соң сары жон, бөктерлерді.

Менің мына кеудемде әлі…

Қар! Қар!

 

Қараша ауыл

Қалғалы жанарымнан тым алыстап.

Сан күндер өтті мүлгіп, жыл ағыстап,

Тұрғанды мен ауылдан аттанғанда,

Асқарлы Алтай басын тұман ұстап.

 

Куәсі қанша көктем, қанша күздің,

Мен соннан таңдайыма ән тамыздым.

Басынан “Жеті бастау” жылжып аққан,

Сыңғырлап сырғасындай қалқа қыздың.

 

Аптығып, тау басына күн сүрініп,

Қалғанда шолпан сөніп, түн түріліп.

Бардың ба “Қарала ағаш” күңгейіне,

Тұратын шоқысына бұлт ілініп.

 

Шалымы да келмейтін қай төреңнің,

Арда ұлдарын сағынбай қайтем елдің.

Ағам түсіп келетін “Қасқа жолмен”,

Айылын тартып мініп Айтөбелдің.

 

Қарашықта қатталып қараша ауыл,

Сағыныштың меңдеді жарасы ауыр.

Қараша ауыл сағындым күндеріңді,

Құстар жеткен асығып, дала сәуір.

 

Сағыныш

Толықсыған Ай алқа тағынғанда,

Себеп таппай жүрегім дамылдауға.

Сағынғаннан өзіңді шығар деймін,

Салып тұрған әнімнен жаңылғанда.

 

Сұлығымен сыр айтып солғын әннің,

Есіміңді жырлайтын болдым әр күн.

Сағыныппын шынымен деймін тағы,

Құлақ күйін таппасам домбырамның.

 

Сен тұрасың ішінде жанарымның,

Тұтқындалған жаныңа жаралыңмын.

Гүл бейнелім, қай жерде жүр екенсің,

Өптіріп желге әтірін тамағыңның.

 

Жансың-ау, бар қайғымды ұмыттырған,

Сен үшін кетем жанды қылып құрбан.

Сағынбайын десем де Күннің көзі,

Саған ұқсап кетеді күліп тұрған.

 

Түн көрпесін жамылған аспан ана,

Сенсіз мынау сияқты басқа қала.

Жанып ысып, барар ем алып ұшып,

Еңболмаса емессің, Астанада.

 

 

Астана сенің қалаң

Хафиз сыйлаған екі шаһарға

Алматыны да қосып ал дедім.

Жүрсін Ерман

 

Білмейсің жәй күйімді ұғып,

Өзгеден асып туғансың.

Сен маған шәй құйып жүріп,

Өзіңе ғашық қылғансың.

А.Жакейхан

 

Астана мамыр кеші, саялы бақ,

Құшағын маған да ыстық жаяды нақ.

Күнде еңкейіп барады, күңіреніп,

Күрең үйге шынтағын таянып ап.

 

Көшелерден көрінбей, бақта да біз,

Сырымызды тек іштей ақтарамыз,

Мен өзім деп айтпаймын неге екенін,

Сағынып жүр деп қоям Астанаңыз.

 

Деймін, иә Астана сағынып жүр,

Жанардан жас, қаламнан тамызып жыр,

Көп гүлдер де көңлімді тарта алмайды,

Көрікті емес жалғызға бағы құрғыр.

 

Жанарыма мұң салып, көңілге алаң,

Сағынады ол неліктен дедің маған.

Алматыны Лариса қызға берсе,

Аяулым-ау, Астана сенің қалаң.

 

Биік қойып басыңды, бағаңды елден,

Бақытым деп Тәңірден маған келген.

Шәй құйылған кесемді ұсынғанда,

Астананы, Алтыным, саған бергем.

 

 

Қараша

Жағып кеткен сезім бар кезінде сен,

Сен себепкер, түн бойы көз ілмесем.

Қармаппын-ау қолымды мезгілден кеш,

Ардақтым-ау, жүре бер өмірде есен.

 

Бақытыңды тауыпсың, кеше көрдім,

Мен қайтейін, қайғымды еселермін,

Салқындығын сеземін бүгін қатты,

Кеше біздер қыдырған көшелердің.

 

Бәрі бәрі салқынға санаса да,

Бәлкім бұл күз толы ма тамашаға.

Сар жапырақ, сары ала сезімдерді,

Аманаттап барамын қарашаға.

 

Қош жапырақ, моншақтар күзгі досым,

Сен де үнсіз жылайсың, үздігесің.

Енді ешқашан бір жерде айтылмайды,

Екі жаққа айрылған біздің есім.

 

Көкейімнен кете алмай, тұрып тұнып,

Түсіме кеп жүрсең де күліп кіріп.

Қарашада түскен қар қара жерге,

Ақ сезімді жіберер ұмыттырып.