Авторы: Оtepbergentegi
Сергелдең сезім
Өткен күн жолаушыдай жағадағы,
Желкілдеп қол бұлғайды орамалы.
Бұл күнде сапар шексем Алматыға,
Ойыма осы оқиға оралады…
***
Жолаушы вокзал іші анталаған,
Серік тек иыққа ілген сумка маған.
Пойызға маңғыстаулық жайғасып ап,
Жол тарттым Алматыға Шымқаладан.
Құс қанат пойыз шіркін ұстатар ма,
Түсіп ап рельс атты тұс-қатарға.
«Азығы ер мен бөрі – жолда» деген,
Аттандым Алматыға іссапарға.
Аядай екі адамдық вагон іші,
Әже отыр ағаш балдақ сүйеніші.
Ауру аяқ, таяқтың күшіменен,
Жол тартқан Тараз жаққа үлкен кісі.
– Балам-ай, аяқ – сырқау, көріп тұрсың,
Аллаһым бір басыңды толықтырсын.
Шәйнекті ыстық шайға толтыра сал,
Жаратқан жақсы бір жар жолықтырсын!
Шайқалған отарбамен шайқасумен,
Шәйнекпен жол қысқарды айқасумен.
Ақ жаулықты кісіден алғыс алдым,
Әжім басқан әжеме шай тасумен.
Тараздан қасымдағы кісім түсіп,
Жатырмын жалғыз енді ішім пысып.
Зеріктім
Екі адамдық тар купені,
Тастады жалғыздықтың күші қысып.
Тағдырым тап басқандай тура ойдан,
Қыз мінді қас қарая «Луговойдан».
Пері ме, «Іздегенге – сұраған» боп,
Таппассың бір мін, сірә, тұла бойдан.
Жылжиды жүрдек пойыз тербетіле,
Бойжеткен көз тоймайды келбетіне.
Отырмын сұлу қызға тіл қата алмай,
Теңіздің қол жетпейтін меруерті ме?
Аралап жүргендейін сезім бақты,
Еріксіз көзбен шолам өзің жақты.
Ескі әдіс:
– «Сағат неше болды?» – дедім,
Шыдауға ары қарай төзім жоқ-ты.
«Мақпал, – деп, – менің атым» сөз бастады,
Қиыла мойыл қара көз тастады.
Аруда есі-дертім, есім кетіп,
Қалайша қырағы қыз сезбес бәрін?!
Болар ма мұндай тосын байқағаны,
Ішімнен қыздың атын қайталадым.
Риясыз шын күлкісі еліктіріп,
Елітіп әкетті-ау сайтан алғыр...
Қыз келді, шай құйылды тостағанға,
Жан бітті қапас болған тас вагонға.
Болмасын қыздан ұят деген оймен,
Шақырдым пойыздағы ресторанға.
Жаудырдым көкейдегі сұрақтарды,
Қыз маған өзі жайлы сыр ақтарды.
Екеуміз сөз жарасып, қол ұстасып,
Купеге түн ортасы бір-ақ бардық.
Қалмады түні бойы сыр жасырған,
Жұбымыз жарасқандай бір ғасырдан.
Тығылып тыңшыдайын жолсеріктен,
Таң атты құшақтасып бірге асырған.
Кешкісін кездесуге сөз байластық,
Суымай сезіміміз, тозбай достық.
Вокзалда құшақтасқан бізге қарап,
Өткендер жақтырмайды қозғай басты.
Мәңгілік махаббат қой өмірге азық,
Тапқандай жүрегіме темірқазық.
Фотосын тастап кетті қоштасарда,
Артына «Хабарлас!» деп нөмір жазып.
Алам да суретіне қарай берем,
Болдым-ау тілім мылқау, алау денем.
Кездесер кешті енді күтудемін,
Ішкі өртті өрекпіген қалай жеңем?..
Белімді жолға шықтым бекем буып,
Арманды алдарқатқан кетем қуып.
Асықтым алып-ұшып,
Кездесер жер –
Әкемтеатр алдында, мекен жуық.
Театр алды... Кездесер таяу уақыт,
Гүл шоғы мен тербейді баяу бақыт.
Әуезов ескерткіште отыр әне,
Паңдана, көңіл күйі қаяу тартып.
Уақытты күткен адам ермек етер,
Нешені сағат тілі сермеді екен?
Сынаптай жарты сағат сырғып өтті,
Неліктен кездесуге келмеді екен?
Қыз біткен кездесуге кешікпей ме?
Уақыт та жан шырылын есітпей ме?
Сыртылдап бір сағат та өте шықты,
Амалың кешіккенде нешік кейде.
Осы ма сарылғанда жетер жерім,
Мүшкіл хал Хатикодан бетер менің.
Нөмірді сан қайталап тере бердім, –
Мақпал қыз телефонды көтермеді...
Жөңкілер уақыт шіркін алмай тыным,
Сезгендей кездесудің болмайтынын.
Серік боп сезіміме алай-дүлей,
Түнерді көк аспаны Алматының.
Сарғайдым театр алдын тұрақ қылып,
Танытты қыз жат мінез, жырақ қылық.
Гүл шоғын тастап кеттім урна ішіне,
Көзінше Әуезовтің лақтырып.
Келмеді...
(Бұл бойжеткен қатыра ма?)
Сағаттап жігіт күтіп отыра ма?
Жер асты жолын нұсқар бекет жаққа,
Беттедім жер шұқылап метроға.
Күл болып асқақ арман аспандағы,
Төмен жылжып метроның баспалдағы.
Алыстан кенет... кенет сені көрдім,
Қасыңда бөтен жігіт...
Рас па алдағы?!
Жабысып бір қолымен аш беліңе,
Қапсыра орап апты кәстөміне.
Мен төмен кете бардым, сен – жоғары,
Жүрек жылап, жанардан жас төгіле.
Махаббат менің үшін құдірет бір,
Аяққа тапталды ма, құрып кеткір!
Ызадан көкірегім ашу кернеп,
Кеудемді ащы өксік жырып өтті.
Сабалап қамшы-өмір жон арқаны,
Көкке ұшты албырт сезім, жоғалды әні.
Өртеніп ішкі әлем мең-зең күйде,
Сандығым жүрек атты тоналды анық.
Көшенің елең қылмай жаңбырын да,
Келемін Абай атам даңғылында.
Жанымды жегідей жеп қайта-қайта,
Қылығы кезбе қыздың таң қылуда.
Имандай сенген жаным сен емес пе ең?
Алмайсың телефонды елеместен.
Жауапсыз қылығыңа зығыр қайнап,
Жібердім хабарлама СМС-пен.
«Адамсың жүрегімен сүймеген шын,
Әйтпесе қалай мұндай күйге енерсің?
Сергелдең сезіміңді серік етсең,
Көбелек өмірге де үйренерсің».
Бар ма екен хабар алар амал басқа,
Жарты күн жолдас болған замандастан.
Сол қыздан жауап келді көп күттірмей,
«Менімен ендігәрі хабарласпа!»
***
Пойызды тағдыр дерсің,
Күн-түн мейлі
Біреуді әлдилейді, сілкілейді.
Біреуді күтіп алып, шығарып сап,
Сезімді сыйға тартып, сын тілейді.
Ит тіршілік
Бас сұғып ем көршімнің ауласына,
Әйелімен ит жайлы дауласуда.
– Арлан итті асырап нем бар еді,
Тілеп алдым сақина сау басыма!
Е, төбетім! Жатырсың неге бұлай?
Жай жатыспен қоймассың егеңе ұнай.
Құр тамақтың соры деп жақтырмайды,
Жүрген жерде әйелім сөгеді ұдай.
Өңі қашып көршімнің сұссыз беттен,
Миын жейді әйелі тыз-тыз еткен.
– Тайыншадай сенің мына арланыңнан,
Мәшкі итім мың есе артық үй күзеткен!
Арлан жатыр есік пен төрдей болып,
Көзді басқан көрінеу шелдей болып.
Мәшкі итке жеңгеміз желпілдейді,
Бергендей-ақ сыбаға теңдей бөліп.
Арлан итке таласу – бекершілік,
Тамақ үшін талайлар кетер сынып.
Итаяқтан мәшкі ит алаяды,
Құдай қосқан көршісін бөтенсініп.
Мәшкі иттің мән бермей ырылына,
Айқасуды ар көріп қырылуға.
Айтақтаған адамнан азу тісті,
Төбеттердің жүндері жығылуда.
Кейбіреуге ит артық азаматтан,
Қанден итің ісімен озады аттан.
Бұрынғының иті аз бүгінгі таң,
Егесіне көрінбей "қаза тапқан".
Баяғының иттері – бөрі басар!
Маңғаз қалпы паңдықпен көзін ашар.
Қазіргінің қандені байбалам сап,
Тұра қусаң, айналып кері қашар.
Қанден итті не пайда мақтағаннан,
Шабаланып айтақпен атқа қонған.
Қасқыр алар арланды күзетші қып,
Арланбадық Бөрібасар, Ақтабаннан.
Қожайынға жағынған, жарқын кейпі,
Үй күзетсін, қорысын
Бәлкім, мейлі.
Қанден итің қаппайды, тістемес, тек
Балақ тұста тұрып ап шәңкілдейді.
Көп адамның көнбей-ақ бұйрығына,
Қожайынның кіретін құйрығына.
Мәшкілердің дәурені жүріп жатыр,
Үйірімен үймелеп ұйлығуда.
Қанден итің үргенмен таппай тыным,
Арландай ит анық қой таппайтының.
Төбет өлсе, білдің бе, үйдің маңын,
Қандендердің қаңғыбас қаптайтынын.
Кез келсе егер қасқырдан тартынбаған,
Айналмасын қанденге нар тұлғалар.
Қанден итің жағымпаз сырт айналып,
Ұры иттің ұялмай артын жалар.
Қайқаң қағып құйрығы, құрақ ұшып,
Жанға жағу қанденнің, ұнау – ісі.
Құндылықты жоғалтпас қарекет қып,
Қанден иттей болмайық, Құдай үшін!
Ұстаз – ұлы есім
Бүгінгі таңда ғаламторды аша қалсаң, мұғалімге күйе жағып, ұстаз атаулыны жерден алып, жерге салып жатқандар қаншама?! Мұғалім – парақор, жалақор, арызқой, ұр да жық... Осыдан кейін талғамы биік талапкер ұрпағымыз сын садағына ұшыраған «атышулы» мамандықты таңдай қоймасы айдан анық. Сонда мұнтаздай мұғалім қайдан шықпақ?
Автордан.
Жемтігін тап басқандай желкесінен,
Шүйлікті мұғалімге ел шетінен.
Иесі ұлағатты мамандықтың,
Былыққа неге батты белшесінен?
Бұл күні ұстаздардан сый кеткен бе?
Білімді кінәлі ме үйреткенге?
Жау көрдік неге сонша мұғалімді,
Боп алды ұстаз жаман қит еткенге.
Ақ еді ұстаз аты, көркем еді,
Хақ еді білімменен көмкерері.
Ұстазды қараласа, жамандаса,
Ұяттан жан дүнием өртенеді.
Заң басқа, бүгіндері заман басқа,
Айтарым күйе жағар замандасқа:
Ұстазың ұлы ақылшың емес пе еді,
Жоқ па еді жамандаудан амал басқа?
Білімге құштар қылып сусындатқан,
Қиынды қилы-қилы қисындатқан.
Жар салып жақсылығын неге айтпасқа,
Ағайын, мұғалімнің сиқын баққан.
Мақтауға болып тұрса тіл қысқалық,
Даттауға тым болмаса тырмыспалық.
Ұстанған ұлт рухының ұстанымын,
Ұстаздар – ұстамды да көнбіс халық!
Бұрында ұстаз тұрған қатар алда,
Айтқаны ұстазыңның – қатаң уағда.
Дәлдікпен қазақ атам айтып кеткен,
«Әзиз тұт ұстазыңды атаңнан да».
Күткендей жарқын өмір, қадам алдан,
Жетелеп бала күнгі балаң арман.
Болсақ деп ойлаушы едік мұғалімдей,
Ұстаздай тәлім көрген, сабақ алған.
Бұлжытпай айтқанынан шыға білдік,
Ұрысса, ұяттан ба, ұға білдік.
«Адамның адамдығы – жақсы ұстаздан»,
Мамандық абыройлы – мұғалімдік!
Түсетін шәкірт үшін сан егеске,
Мұғалім үлгі тұтар жан емес пе?
Бағбанның арқасында жас шыбығың,
Саялар келешекте тал емес пе?
Шығатын құзар шыңға өр еңбекпен,
Ұстаздың абыройын төмендетпе.
Естісек жарым ауыз жақсы сөзді,
Екі елі жетпей қалар төбең көкке.
Ұмытар өзге десе өз баласын,
Ықылас, ынтасына таңғаласың.
Сарп етіп бар уақытын солар үшін,
Шыңдайды шәкіртінің көзқарасын.
Аямай бойындағы жігер-күшін,
Әз басын бәйгеге де тігеді шын.
Тиеді мұғалімге талай-талай,
Ұстазды ғайбаттасаң, білемісің?
Телегей білімі асқан, сырға қанық,
Төрінде әл-Фараби тұрғаны анық.
Адамзат ардақтысы – ұстаз қауым,
Сондықтан отыралық нұрға малып.
Іргесін қалап қазақ мектебінің,
Ыбырай таңдамады текке мұны.
Алашқа Ахмет пенен Сұлтанмахмұт –
Сыңғырлап қоңыраудың жеткен үні!
Заманды кінәламай нарық басқан,
Ұлықта ұстаздарды тарықпастан.
Данагөй Абай хакім айтқандайын,
Балаға үйретейік жалықпастан!
Тақпайық мұғалімге қатал айып,
Ұстазға жала емес, бата лайық.
Теңізде білім атты еркін жүзіп,
Кемеңгер, кемел халық атанайық!