Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Поэзия» номинациясы: Жырыңды оқып...
1,062
оқылды

Авторы: Сырсандық

 

Сен туған жер көшет толы Оралда,

Қарапайым жырмен қалдың санамда.

Адалдықтың ақ намысын кірлетпей,

Адамдықтың мәнін бердің ғаламға! 

 

Шынайы жыр!

Бағасы оның шын ұлы,

Ұзақ болар шынайылық ғұмыры.

Құт алуды адалдықтан үйренді,

Кітабыңды ұрлап алып бір ұры. 

 

Ата көрмес қоғамда бар неше сұм,

Қантөгіспен қайтаратын есесін.

Жырыңды оқып,үйіне кеп қарттардың,

Ұл әкетті әкеменен шешесін. 

 

Сен өлеңді жазған жоқсың бекерге,

(Ұлы жырдың шынайысын шекер де!)

Жырыңды оқып,жүрегі тас бір ана,

Өз сәбиін сатпай қойды шет елге. 

 

Өмір майдан қалып қойып өтінде,

Өлеңіңе асығасың жетуге.

Жырыңды оқып,кафесі бар сараң бай,

Жесірменен қолын созды жетімге. 

 

Бір өлеңге сыйдырасың ғажапты,

Бір бойыңа өңгере сап азапты.

Жырыңды оқып,ұлттан безген бір ұлан,

Атақтан да биік қойды қазақты. 

 

Ел есінде өзің жазған жырлар көп,

Шоқ болғандар сөздеріңнен күнде алды от!

Жырыңды оқып,бір парақор кетті ғой,

Әділдіктің ақ жолында құрбан боп. 

 

Осы сенің мақсұт еткен мұратың,

Қадыр емес халық еді шын атың.

Жырыңды оқып,той бастады асаба,

Жырыңды оқып,есеп берді бір әкім. 

 

Асқан мән бар!

Көріңіздер шын бойлап,

Ізгілікке ие болып тұрды аймақ.

Жырыңды оқып,арғы атасын жас ұқты,

Ошағы мен отан асы тұр қайнап! 

 

Елің алды сауғалаған құтты шын,

Әлем айтар,

Ғалам айтар бітті сын.

Қазағы бар Қадыр ата бақытты,

Қадыры бар қазақ елі мықтысың! 

 

Жаралғандай бостандықтың туынан,

Ғазалыңнан еркіндікті ұғынам.

Жырыңды оқып,шынайы жыр төріне,

Тәй-тәй басып келе жатыр бір ұлан.

 

Өлмес Абай!

Ғасырдан озғаныңды жылдар растап,

Тұр міне,бағаң биік,тұлғаң да асқақ.

Бұл дәуренді бір сынақ деп қабылдап,

Жыр керуенді бір өзі тұрған бастап!

 

Өмірге келдім дерсің:

Неге?!Қалай?!

Талпынсаң ұғарлыққа себебі оңай.

Біз ол кезде саған кеп бас тірейміз,

О,біздің данышпан-ай,көреген-ай.

«Абай болу» үшін де білім керек,

Білім тану үшін де керек Абай!

 

Жан адалды қалайды,тән оңайды,

Жеңілге еру жігітке жарамайды.

Құдайды тану парыз ең әуелі,

Құдайды тану үшін таны Абайды!

 

Еңбек сатар баланың әр ісі-оңда,

Бас көтермес патшаның бағы-сорда.

Жасқа да,кәріге де ортақ сөйлеп,

Күзді бұлт,қысты теңеп кәрі шалға.

Төрт мезгілін Абайдың ұққан дұрыс,

Орта мен табиғатты танысаң да.

 

Өнер-білім пұшпағын жырдан илеп,

Зейнетін көрер болсаң бұл да бейнет.

Қара көзім ашылысын десең егер,

Қара сөзін оқысаң...

Бір ғанибет!

 

Арманды уақыт деген жолдар көміп,

Сол демейді сүрінсең алдан келіп,

Бес асылын Ұлының ұмытпайық,

Жүрген кезде бес күндік жалғанға еріп.

 

Аллаға аян!

Кім туып,кім өледі,

Абайға аян!

Ұққанға күн ереді.

Мыңмен жалғыз алысқан Абай болса,

Мыңмен бірге жарысып тұр өлеңі!

 

Бір парақ жыры болса,болады үй-бақ,

Жүрекке тоқып сөзін,дара күй тап.

Абай біздің мақтауға зәру емес,

Біз Абайға мұқтажбыз...

Ол-ақиқат!

 

Сол қазақпыз.

Қуанған атым аса,

(Жақсы еді Абай сыртымыздан бақыласа...)

Қадырша айтар болсам:

«Нағыз қазақ» -

Қазақ емес Абайды оқымаса!

 

Тұлпар кейіп танытса арығандай,

Жүйрік ебін табады жаны қалмай.

Абайды тану керек әрбір қазақ,

Сәби алғаш анасын танығандай.

 

Сені танып,жол табар пенде талай,

Жаратқанға қол жайдың сен де солай.

Өлсе өлер айтары жоқ ақындар,

Сөзсіз мәңгі жасайды,өлмес Абай!

 

Шүкірлік пен тәубе

Тәуелсізбін, азат болып күн кешкем,

Өріледі Өлең атты гүлдестем.

Тәуелсіздік мейрамында демалам,

Тәуелсіздік қалай келді, білместен.

 

Ақ таңдарым ғажап болып атты-ай паң,

Оқығанды және көрген шақты айтам,

Қайраттардың өлімдерін көрмедім,

Нұрсұлтанның ерліктерін жатқа айтам.

 

Алуан-алуан замандарды кешті есім,

Кеш туылдым, Жаратқаным шешкесін.

Отты жырын Жұбандардың білмейміз,

Қалқаманның өлеңімен өскесін.

 

Өткен тарих мұзға аунап, көл кешкен,

(Ұлы Уақыт орындарын төр дескен)

Эля менен Айкаларға хат жаздық,

Сәбира мен Ләззаттарды көрместен.

 

Тәуелсіздік-Азаттықты тең еміп,

Құтты болған, мықты болған ел едік.

Дефицитің бізге таныс сөз емес

Талонменен келген нанды жемедік.

 

Елордамыз Астана деп тоқыдық,

Мәз боламыз Ханшатырда отырып.

Орынбор мен Қызылорда туралы,

Қазақстан тарихынан оқыдық.

 

91-де адасқан ел шын тапты із,

Жұдырықпыз жұмылғанда шындап біз.

Рубль деген өзге елдің ақшасы

Теңгеменен сусын алар ұрпақпыз.

 

Шарықтаған шабытымды ұғар жүз,

Ұялымен шер тарқатар ұланбыз.

Балға және орағыңды айтпаңыз,

Көк аспанда қалықтаған қыранбыз.

 

Тарихыңды тамырлы ету-сәтті ырым,

Бақ табатын, мақтанатын сәт бүгін.

Тәуелсіздік-ащы жаспен келгесін,

Біздер үшін тәтті ұғым.

 

Атып жатыр тыныштықты аулай таң,

Мектебіме аман барып, сау қайтам.

Бодандықты сезінбедім. Шүкірлік.

Азат елде туғаныма тәубә айтам!

 

Тәуелсіздік хақында

Уақыт пен кеңістік тоғысқан шақта,

Дүр тарихымыз ұлтымыз тегі.

Немістер нұқып,орыстар шапқан,

Қайткенмен бабам Рухы күшті еді.

 

Ақтабан болып,Алқакөл болып,

Шұбырып яки сұлап та көрдік.

Арды сатпадық сорпа тер болып,

Бірақ атақтан жырақта болдық.

 

Қындағы шықсын деп алмасымыздың,

Дəл осы күнге шөлдеген бабам.

Жеті қырымен Елбасымыздың,

Сегіз қырлы ерлер ерлеген заман!

 

Өткенде қалды секемшіл кездер,

Өткеріп бастан жолдарды ғажап.

Шашыратуды көздемес өзге ел,

АСЫҚ АТУДЫ қолға алды қазақ.

 

Көк туымызды көтерді ер ұлың,

Еңсегей ерлер шықты ғой керім.

Тізгіндей жүріп шетел көлігін,

Ат жалын тартқан мықты ғой елім.

 

Ұлт болудамыз белдерді асқан дəл,

Шын жүрегіммен тілерім осы.

Біздерде Мағжан сенген жастар бар,

Жүрегім-қазақ! Жүрегім осы!

 

Өткізіп балғын балдай уақытты,

Жастардың əркез болсын бойы озат.

Ақынмын шіркін қандааай бақытты,

Дəл мендей сен де Елсің ғой Қазақ!

 

Кешірім!

Жауыздыққа шырмалғандай осы күн,

Өлеңімнің таңы-уайым, кеші-мұң.

Сен қайдасың, мен қайдамын, ел қайда?!

Сені ұмыттық, кешір бізді Кешірім!

 

Берік еткен есті ұлдардың антын кім?!

Серік еткен осы елімнің салтын кім?!

Қыс келді деп сылтау айту өтірік, 

Сені ұмыттым, содан шығар салқынмын.

 

Сараңдықта, жамандықта жоқ есеп,

Уа, Кешірім!

Жалықтырды мені өсек.

Кешір мені, кешір мені Болашақ!

Ал мен сені кешіремін Келешек!

 

Көңіліме түйір дәнін көп септі ой,

Жалған шығар десем ойға тек сеп бой.

Өкпелемей мына жалған дүниеде,

Кешірумен, кешіріммен өтсек қой.

 

Туысқанмен бет жыртысып жүрміз біз,

Ерімейді жүректегі сол бір мұз.

Пенде біткен түсінгенде күнәсін,

Жаратқаным кешірген ғой,

Біз кімбіз?! 

 

Абайсызда дұшпандайын дос сынар,

Оған аса мән бермейді, есті бар.

Сендер мені кешіріңдер, Адамзат!

Мен сендерді кештім ал... 

 

Ауылым

Бір сынақ күте берсін құйынша алдан,

Менің әжем мал айдап, сиыр сауған.

Атамнан ердің ісін үйреніп ап.

Қалаға айдап салма,

Тиын саудам.

 

Беу, қырым!

Сен көтерші паңдығымды,

Көтеріп...

Жойып жібер бар мұңымды.

Көңілім мына сенің кеңдігіңнен,

Мырзалыққа бастайтын жолды ұғынды.

 

Сенде өткен, мұңсыз айым, жайсаң күнім,

Таза ауаңды жұтып ап, тайсалды кім?!

Сұңқарыңнан үйрендім биіктеуді,

Тұлпарыңнан шығар, ә қайсарлығым

 

Мен сенде көрмегем ғой құрықты аса,

Қадамымды жүргесін күліп баса.

Әр қалада жыр жазып жүргендерің,

Ауыл сені, жақсы еді ұмытпаса.

 

Түйінін сенде тапқан қиын шаруам,

Көңілім гүлдендірген күйін солған. 

Су ішкен құдығыма «шылп» еткізіп,

Қалаға айдап салма, 

Тиын саудам!

 

Қажетке жарау

Табиғи сезімдерді қолдан жасап,

Қанша адам жоғалады жолдарда сан.

Бір адамға бақ болып қона алмасам,

Бір адамға хат болып жолданбасам...

 

Күңіреніп кетеді-ау дүние тым,

(Сезімге басты аясақ бір иетін)

Сәбилерге күлкі боп үйірілмесем,

Қарт таяғы болмасам сүйенетін.

 

Телімеңдер жырымды ізгілікке,

Бақыттан күдер үзіп бізді күткен.

Жігіт қызға оқитын жыр болмасам,

Айтатын сыр болмасам қыз жігітке.

 

Кешегі көрген тәтті түс алдаса,

Бүгінгі бастап қойған іс оңбаса.

Түндерде жұлдыз болып жарқырамай,

Гүлдерге күн нұры боп түсе алмасам.

 

Мен қалай ертеңімді күліп тосам,

Мен қалай қарай алам тұныққа сан.

Шөлде қалған хайуанға су болмасам,

Желде қалған бейбақты жылытпасам.

 

Шаттықтан болғанымен ғасыр масаң,

Қасиетті ұмытар асыл жасар.

Жылағанның сүлгісі бола алмасам,

Қуанғанға құшақ боп ашылмасам.

Кедергі тоса берсін неше өткелдер,

Безіне берсін мені дос еткендер.

Дүниеде ешқашан болмаған деп,

Келмеген деп өмірге есептеңдер!

 

Мейірім керек

Түрлі түсті қоғамнан бүлінбеді Ар,

Кімге опа береді түңілген ал.

Адамдарда бəрі бар!

Керек десең,

Жарты əлемді жаулайтын білім де бар.

Жоқ дей берсек,

Барымыз қалыс қалар.

Жұмыс та бар,қызметте таныс та бар.

Адамдарда бəрі бар!

Керек десең,

Нан қиқымын алатын намыс та бар.

 

Алладан келгеннен соң жедел хабар,

Сосын мына дүние сенен қалар.

Адамдарда бəрі бар!

Керек десең,

Абырой бар,

Шен де бар,

Бедел де бар.

 

Жанармен азайғасын ұғысулар,

Дауласады даурығып,бірі шулар.

Жылы көңіл не дейсің,əр адамның,

Үйінде ағып тұрған жылы су бар.

 

Бəрі де бар!

Əуре етпен санамалап,

Қала да абат, дəл сондай дала да абат.

Түгел жылтыр қасиет көше кезіп,

«МЕЙІРІМ» үйде қалғандай бала қарап.

 

Жылылықты ұққанмен отты қыран,

Жиі-жиі алады соққы бұдан.

Пенделерге жоқ болып кетті бəрі,

Кіп-кішкентай МЕЙІРІМ жоқтығынан.

 

Əрқалай тағдыр берер əлдекімге,

Бұл қасиет тұрақтасын ерге күнде.

МЕЙІРІМ қалу керек жүректерде,

Адамдар қалу үшін жер бетінде!

 

Туған жерге

Ей,тас тірлік!

Ауылымды жырлайыншы мұрша бер,

Шөліркеді,құлазыды,сусады ер.

Мен еңсемді тік ұстаймын қалайша,

О,Туған жер қара талың сынса егер. 

 

Қарияңның батасымен көгергем,

Жер-Анаңды мықтымын ғой,мен емген.

Сәл ұмытсам,

Рас, дайынмын!

Жаза боп – 

Қара тасың құйылса да төбемнен! 

 

Ердің ісі!

Сен деп түссе отқа кім,

Жазығыңнан биіктеуге жоқ хақым.

Туған жерді сақта батыр деміңде!

Жазар болсаң жүрегіңе сақта, Ақын! 

 

Көзайым ол-

Жыласаң да,күлсең де,

Бала шағым содан тәтті біл,сен де.

Ала шаңың қуат берді таусылмас,

Болашағым содан жарқын бір сенде! 

 

Қасиетің де,қадірің де шын асыл,

Қыран баптап,кең жаясын құлашын.

Жаулығына жасын сүрткен анадай,

Соңдарына елеңдеумен тұрасың. 

 

Құмына аунап,

Қанып ішіп суынан,

Ұмыт қылсам Ар алдында жығылам.

Қала мені тоңдырады,сонда мен,

Алып ұшып өзіңе кеп жылынам. 

 

Кездерім жоқ кердең басып,сүймеген,

Сөздерім де от,бойды шабыт билеген.

Туған жерім-тұғырымсың,

Мен-қыран!

Неткен асқақ!

Шалғым жерге тимеген. 

 

Туған жерім-перзентіне ЖЕРҰЙЫҚ,

Үлкенінің сөзін ұқтым мен ұйып.

Келер болсаң,

Асқынбай кел,

Аспай кел,

Келер болсаң өр басыңды кел иіп! 

 

Жығылдым һәм аяғыма нақ тұрдым,

Ерлігіңді айтқызбай-ақ көп білдім.

Қала жаққа білім қуып кетсем де,

Ата-әжемнің АСТАНАСЫ боп тұрдың. 

 

Ердің ісі!

Сен деп түссе отқа кім,

Жазығыңнан биіктеуге жоқ хақым.

Туған жерді сақта,Батыр,деміңде!

Жазар болсаң жүрегіңе сақта,Ақын!