Авторы: Хан бала
***
Абайдың сөзінде тұр – ақыл, арың,
Мен оны жазғанынан бақыладым.
Абайдың қара сөзін қамшы қылып,
Ұста да, ей, оқырман, атыңа мін.
Сол кезде жақындайды алысың да,
Адамзаттың кетпейді салы суға.
Құнанбайдың баласы сөз қалдырып,
Үйретті мыңмен жалғыз алысуға...
Абайдың абайла деп отырғанын,
Жүрегіңмен ұқтың ба, оқырманым?
Қолыңды мезгілінен кеш сермеп қап,
Қадірлім, опынбағын, опынбағын.
«Толық адам» – санадым Абайды ірі,
Қаперімнен шығарам қалай мұны?
Өлеңі өлмес ақынның ал, мен үшін,
Арайлап атқан әр таң – Абай күні!
Абайдың сөзінде тұр – ақыл, арың,
Мен оны жазғанынан бақыладым.
Абайдың қара сөзін қамшы қылып,
Ұста да, ей, оқырман, атыңа мін.
***
Есептеулі барлығы қалада қарғам,
Кейде іске аспай қалады санадағы арман.
Айдан сұлу аруды далабы алдаған,
Аңқау қызға ессіз ұл талақ арнаған.
Талантсызға тік тұрып қол соққан елде,
Таланттардың еңбегі бағаланбаған.
Есептеулі иә-иә-иә қалада бәрі,
Шырылдаған жетімін қоғам алдады.
Біреулердің ас болды тонап алғаны.
Тірегі көптің іске асты шолақ арманы.
Еске ұста. Есептелген кейбіреудің,
«Әзір асқа тық қасық» бола қалғаны.
Қала солай. Сәт сайын есептелесің,
Өз көрпеңді өзгеге төсеп бересің.
Фб. Инста. Тик-токтан өсек тересің.
«Жылқы ма?» деп қарайсың есекке несін,
Аңқау көршім-ай, ауылдан қалаға келген,
Асықпағын сен де ертең есеп бересің.
***
Мен талай күнімді жылаттым,
Мен талай түнімді жек көрдім!
Сан мәрте өзімді сұлаттым,
Құдайға, былайға көп көндім!
Өксігін баса алмай таң талай,
Ұялып күн басын көтерді.
Сен сонда...
Сен сонда қалқам-ай,
Ұмыттың. Ұнаттың бөтенді.
Сол күнің өзіңе ұнай ма?
Сол күнім өзіме ұнайды, ә!
Біз жасай алмадық. Түк айла...
Сен жалғыз, мен жалғыз...
Құдайда...
***
Бәлсінбеймін бөлекпін деп басқадан,
Демеймін де шуағыңды шаш маған.
Қасым қартты қан қақсатып қойып ең,
Мені де аяп жатқан жоқсың, Астанам!
Бір басыма қонбаса да титім бақ,
Ел қатарлы күн кешемін мыйтыңдап.
Ұлы дала көшесінде келемін,
Ұлылардан бізге жеткен...
Күй тыңдап.
Өмір жолы бола бермес теп-тегіс,
Сірә мені өкіндірмес өткен іс.
Мәңгіріп ер жылжымайды алға-артқа,
Мәңгілік ел көшесінде кептеліс.
Елден де ұят. Өзімді-өзім жиі алдай,
жүріп келем. Үмітпенен қиялда Ай...
Суық қала.
Сен, сырт айнал, мен сені,
«Сүйемін!» деп айқайлаймын ұялмай!
***
Жақын тарта алмасаң да жаныңа шын,
Күндер өте жүрекке бағынасың!
Табылдың шапалағын жеген қыздай,
Айтты деме бір күні сағынасың!
Естелік те жазарсың сәл өкініп,
Қиялыңнан құрарсың тағы өтірік.
Мен жайлы аңыз қылып айтқаныңда,
Сені ұйып тыңдайды бәрі отырып...
– Махаббаттың отына күйгенім жоқ,
Ол сүйді. Ал, мен оны сүймедім!, – деп.
Екі бетің қызарып отырарсың,
– Бар болғаны бір вальс биледім, – деп...
Көрінгенмен Жайық боп тасығандай.
Тыңдаушыдан қулықты асыра алмай,
Ертегі айтып болған соң еңірерсің,
Мені сүйетініңді жасыра алмай!
***
Ақшаны айтып мақтанасың айташым,
Өз еліңнің білмей тұрып сай-тасын!
Баласы жоқ адамдардың алдында,
Сөз бастарда кім болса да байқасын.
Біреу бәлкім батқан шығар бар мұңға,
Ал қапалы шығар біреу тағдырға.
Ата-анаңмен мақтанарда абайла,
Ата-анасы жоқ адамның алдында...
Көңіліне көп адамның қарайла,
Одан төмен боп қалмайсың, жарай ма?
Тыңдаушыңның бір мүшесі кем шығар,
Денсаулығың жайлы айтар да абайла?!
Шығарарын білмес көңіл кімді өрге,
Бұрынғының сөзі маржан білгенге...
Байлық жайлы айттың, тыңдар уақыт жоқ,
Түскі асыма тиын таппай жүргенде...
***
Шылымымның түтіні бұлтқа айналып,
Жатырмын. Жатпаса да ұрт майланып...
Қолым бос. Кітабыма үңілемін,
Жұмыссыз қалғанымды ұқпай, налып...
Бос жатырмын. Күн әбден қақағанда,
Жырымды жазбай тыныш жата алам ба?
Байқамағандай болып өтті, кетті,
Мейірім таныта алмай АПА-АҒАМ да...
Үмітімде алдайды, басқасы да,
«Өңкей қиқым би болған бас-басына»
Телміріп такси-тірлік ақшасына,
Аздап түсе бастапты АҚ шашыма...
Жазылғанын көрермін пешенеме,
Бәрін ұғып жатырмын өсе келе...
Тірілерден қайыр жоқ. Жиі барам,
Қабанбай батыр жатқан кесенеге.
***
Зауқым жоқ ештеңеге білсең еді,
Дамып жатырмын десем кім сенеді?
Ақсақ түйе бастаған көштің басын,
Күтпеген жерден керуен жүрсе кері...
Қоғам осы кейіпте қалжырадым,
Қанағаттандыра алмай жан құмарын.
Тышқан аулай алмайтын мысық құсап,
Барлығынан көңілім қалды жаным.
Адам көп бірін-бірі таба қылған,
Сондықтан қар жауып тұр қабағымнан.
Адам құны арзандап керісінше
Иттің бәсі биік тұр адамыңнан!
***
2065 жылы оқылатын Өлең
Соңғы сұхбат жасадым ұлымменен,
Ұқсын деп ол мендегі сырымды ерен.
Ұлым үнсіз тыңдады. Ақсақалдай,
Суланып көзі. Иегі дірілдеген.
Соңғы сұхбат жасадық кеше отырып,
Әңгімеге қоспай-ақ, еш өтірік...
*Ұлы дала көшесін орындық қып,
Білмеймін неше отырдым, неше тұрып...
Соңғы сұхбат жасадым тұңғышыммен,
Қайыр болмайды дедім мың кісіден.
Тәптіштеп түсіндірдім деп ойладым,
Мылтық мықты боларын ұңғысымен...
Соңғы сұхбат жасадым тұяғыммен,
Демедім бірақ оған зиялы – Мен!
Дос дүбәра боларын өзіне айттым,
Пайдасымен кей сәтте зиянымен...
Ұлым естен шығарма қанағатты.
Арқалап алып қалды аманатты!
Бітті бәрі.
Мен кеттім.
Ал, мені елім,
Иығына салып-ап, бара жатты.
***
Шыны қала,
Тұман басып кей сәтте құбылады, ә.
Ізіңе ерген інілер кібіртіктеп,
Жөн сұрасаң айтпайды шынын аға!
Шығарып салғыш бәрі күнде ертеңмен,
Кездерімді кімге айтам түнде өртенген.
Жаралымын!
Көрші атамдай қатулы қала бүгін...
Қайта айналып келсе деп қиялдандым,
Батпырауық ұшырған бала күнім!
Бірақ, одан...
Не табарым белгісіз, белгілісі,
Мазамды алмаса екен енді кісі...
***
«Сезім шіркін ақ жаңбырға ұқсайды,
Алматы да жаңа жауып, жаңа жауып басылған...»
Т. МОЛДАҒАЛИЕВ
Аспан-қыздың жасқа толған жанары,
Жаңбыр болып жуындырды қаланы.
Жел-әуенге бойы балқып ағаштың,
Жапырағы судан сырға тағады.
Найзағай-қарт ара-тұра от шашып,
Бурыл бұлттар бір-бірімен достасып.
Аспан-қызға аң-таң болып қарайды,
Қолшатырды қорған қылған қос ғашық.
Жауын жауса жайнатады гүл бағын,
Жаңбыр жанды тазартады.
Біл, жаным!.
Тұманбайдың өлеңіне жазылған,
Шәмші ағаның ұлы әуенін тыңдадым.
***
Өліп-өшіп еңбегің еленгенше,
Көтке бөстек жасайды сенен көрпе.
Қай көтеннің дәуірі туды екен деп,
Көтен аңдып өтесің өле-өлгенше.
– Есенқұл Жақыпбек
Тастан соққан бұ қала,
Адам жанын ұға ма?
Күннің шығып, батқанын,
Бүк түсіп-ап жатқанын,
Көрсетпейді тасалап,
Көк тіреген мұнара.
Күресесің кімдермен,
Ішпей жүріп жарып ас.
Саты да көтеріл-ген-мен,
Көршің кісі танымас.
Тәлтіректеткен тағдыры,
Адам ұқпас бар мұңы,
Ішер асқа жарымас,
Анау ағай тағы мас.
«Ішесің» деп неге сен,
Бұрқылдайды жеңешем.
Қызығын ұрлап ұры күн,
Көрсете алмай қарсылық,
Құлдыраңдайды құлыным,
Қара терге малшынып.
Сипай сүртіп мұрынын,
Жүк көтеріп жүр інім.
Сәндеп қиған кекілін,
Бояуы қалың бетінің.
Үлде менен бүлденің,
Иесі болып жүр келін.
Міз бақпайсың тас қала,
Сөзім бітті масқара.
Баласы көп жандардың,
Басында жоқ баспана.
Тілдеп күнде құдайды,
Сары қатын жылайды.
Танылғанмен аты елге.
Жалдамалы пәтерде.
Ойнап-күле алмайсың,
Өзіңді-өзің алдайсың.
Содан шығар бәрі үнсіз.
Шешілмейді мәселең
Мықты таныс-тамырсыз.
Мән-жайыңды түсініп,
Көрсететін кісілік.
Жаны ашитын, ұғатын,
Көкең керек екен ғой.
Кіріп-шығып тұратын,
Көтен керек екен ғой!