Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Жан тыныштығы
1,033
оқылды

Авторы: Ай

 

Таң бозарып атып келеді. Тыныштықты тек ауылдың сыртындағы иттердің шәуілдеп үргендері ғана бұзып тұр. Қайсар көрпесін сәл ғана түріп, төбеге қарап ұзақ жатты...

Аяулы анасы өмірден өткелі ол үшін бар тіршілік тоқтап қалғандай... Орнынан тұрмай, қыбыр етпей үш күн жатты. Күн артынан күн, ай соңынан айлар жылыстап өтіп жатса да барлығы көз алдында, бәз баяғыдай, сынаптай сырғып өтіп жатыр...Неге? Адамның өмірінде қайғы деген мүлдем болмаса ғой. Егер адам өмірінде бір рет бақытсыздыққа кездессе, өмір бойы баз кешіп, жылап өту керек пе?... Жоқ, олай болмауы керек! Әрбір пенде бақыт үшін жаралған! Сондықтан мұң торлаған қалың қара бұлттан кейін, жылуын шашқан күннің де шығары сөзсіз. Әйтпесе дүниеге келудің еш қызығы болмас еді. Болашаққа сенімің жоғалған күні адам өмірге де сенімін жоғалтады. Сол сеніміңді жоғалтушы болма, сонда ғана өзіңе де, өміріңе де қажетті құлшынысың жоғалмайды... Қалың құрсаудағы тұмшаланған ойының арасынан мен мұндалап бір жарық нұр шуағын төккендей... Жанына жақын Қалима әжесі мен Жүніс әкесін де сары уайымға салып қойғанын жүрегі сезеді. Әзірге қолдан келгені, бала күнінен сырлас болған-күнделігі...Бар ішкі жан тебіренісін, анасына деген ыстық сағынышын, күйзелісін көз жасын бір сығып қойып, күнделігіне тізбелей жаза бастады...Күнделігі жүрегіне сабыр сыйлап, жанға қуат беретіндей. Ой құрсауына шомып отырғанда кешегі көрген түсі ойына орала кетті…

Түсінде ол кең жазықта жалғыз келе жатыр екен. Жол екіге айырылып тұр. Бір жол – кең әрі таза, маңайы көк майса, қызылды-жасылды гүлдерге толы. Екіншісі – тар, қиыршық тасты, ой-шұқыры көп екен. Бірақ жолдың соңы жарыққа бастайтын секілді. Ол ойланбастан жеңіл жолға бет алыпты. Бірақ сол сәтте аспаннан самаладай анық үн естілді: «Қайрат, ақыл, жүрек – үшеуі бірдей болса, толық адам сол..., асықпай ойлан, балам!»

Оянып кеткен Қайсардың жүрегі атша тулап жатты. Бұл сөзді ол бұрын естіген. Иә, иә, қайдан естіп еді? Бала күнінен әжесінің ұлы Абайдың құнды мұраларын санасына сіңіргендігі сонша, ойына бірден сап ете түсті. Бірақ соны түсініп пе еді?

Қайсар – он жеті жаста. Ауылдағы мектептің 11-сыныбында оқиды. Әкесі Жүніс – қарапайым етікші. Қалаға барып, қатынап жұмыс істегенімен, жүрегі үнемі ауыл деп соғады. Анасы өмірден қайтқаннан кейін Қайсардың қас қабағына әкесі мен әжесі үнемі қарағыштап отырады. Қалима әже – шыншыл, парасатты, дана Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа білетін көзі қарақты кісі.

Сол күні кешкі астан соң Қайсар маңдайын терең әжім қатпарлаған әжесіне жақындады.

– Әже...сіз менің болашағыма алаңдап, сәби күнімнен даналық пен ізгілікке толы дүниелерді үйреттіңіз. Абай атамыз «толық адам» дейді ғой... Ол кім өзі?Қалима әже сәл жымиып:

– «Толық адам деген – тек білімі көп адам емес, жүрегі таза, сөзі мен ісі бір жерден шығатын жан. Абай айтады ғой: Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста...» – деді.

– Сонда адам жүректі де тәрбиелеу керек пе? – деді Қайсар.

– Әрине, айналайын, ақылдым. Ең алдымен жүректі. Жүрексіз ақыл – суық. Қайратсыз ақыл – әлсіз. Үшеуі тең болса ғана – адам кемелденеді, – деді әжесі жай ғана.

Қайсар терең ойға батты. Бұл – ол үшін өмірдің жаңа парағы басталғандай еді... Сол түні ол күнделігіне былай деп жазды: «Адам тек біліммен ғана адам емес. Ізгілік, сабыр, кешірім, қанағат, әділет - міне, нағыз байлық. Мен өзімді сол жолға бағыттаймын. Абай айтқан толық адам болуға бар жан-тәніммен тырысамын...»

Көктемнің алғашқы күндері... Жер көктей бастаған. Ауыл тіршілігі де қыза түскен. Қайсар мектептен соң әкесінің етік шеберханасына барып, қолғабыс жасап жүр. Жүніс шебер – қарапайым, қой аузынан шөп алмайтын, көп сөйлемейтін адам. Бірақ баласын еткен еңбегімен тәрбиелейтін нағыз әке.

Бір күні шеберханаға ауылдың дәулетті тұрғындарының бірі – Байбек келді. Көлігі жаңа, үстінде қымбат киім, қолында қалың әмиян. Бір түрлі кедең қағып, мысқылдай қарайды. Жүніске жаңа етік тіктіргелі келген екен.

– Сенің балаңды қалаға жұмысқа шақырсам қалай болады? Күнін көреді, ақша табады. Кешті босқа батырып, құр сенделмей, адам болады, – деп жуан қарнын сипай әкесіне қарап кеңк-кеңк күлді .

Қайсар түк естімегендей тіс жармады. Бірақ ішінен бір нәрсе қарсылық білдіріп тұрғандай. Әкесі де ләм-мим демеді.

– Ақша үшін бәрін тастап кету керек пе? Адам болу – тек байлықта ма? – деп ойлады. Кешкісін әкесі:

– Балам, бағанағы естігенің туралы сен не ойлайсың? – деп сұрады.

– Әке... Адам болу тек ақша табумен өлшенбейді ғой... Абай атамыз: «Адамның баласы - адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» дейді...

Жүніс үнсіз жымиып:

– Демек, менің балам – босқа емес, көкірегі ояу, ойлы өсіп келеді екен, – деді.

Келесі күні Қайсар мен досы Мұрат ауыл шетіндегі бұлақ басына келіп, сыр шертісіп отырды. Мұрат қалаға кетуді армандайды. «Бизнес ашам, көлік алам, танымал болам» дейді.

– Ал сен ше, Қайсар? – деді Мұрат.

– Мен әуелі өзімді табуды қалаймын. Абайдың «толық адам» жолымен жүріп көргім келеді. Білім, қайрат, жүрек – үшеуін тең ұстауға тырысам...

Мұрат күліп:

– Сол жолмен бай болып жарытпайсың, бауырым, – деді.

Қайсар сабырмен:

– Мүмкін. Бірақ адам бақытты болу үшін бай болу шарт емес. Бастысы адал адам болу, – деді.

Сол түні әжесі Қайсарға Абайдың 19-шы қара сөзін оқып берді:

«Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ... Арлы болмай, адам болмайды.» Қайсар күнделігіне жазды:

«Менің таңдауым — жеңіл емес. Бірақ Абай айтқан толық адам болуға ұмтылған жан ешқашан адаспайды...»

Көктемнің аяғы... Ауыл іші қарбалас. Қайсар ҰБТ-ға дайындалып жүрген. Жыл бойы еңбектенді, нәтижелері де жақсы болатын. Бірақ бір күнде бәрі өзгерді...

Сынақ күні, белгісіз себеппен оның құжаттары уақытында тіркелмей қалған. Мектеп қателік жіберген екен. Қайсар емтиханға кіре алмады.

Бәрі абыржып жатты. Достары уайымдап, әкесі үнсіз күйзеліп отыр. Бірақ Қайсар ашуланған жоқ. Әжесі оған тебірене қарап:

– Қарағым, бұл – сабыр сынағы. Хакім Абай айтады ғой: «Сабыр – адамның шын қорғаны». Көңіліңді жықпа, сағың сынбасын құлыным, бұл да өткінші, – деді.

Қайсар түнде жалғыз қалғанда ауыр ойларға батты.

– Неге менің еңбегім зая кетті? Әділет қайда? Енді қандай амал қыламын,-деп қалың ой құрсауына шомып бара жатты.

Сол сәтте ол Абайдың 5-қара сөзін есіне түсірді:

«Адам баласына сабырлық, тәуекел, талап, шындық, рақым, қайрат, ақыл, жымия білу сияқты жақсы қасиеттер жарасады...»

Кенет бойын жеңілдік биледі. Құлаған жоқ - қайта ішкі дүниесінде бір нәрсе оянғандай болды.

Келесі күні мектепке барып, ешкімге ренжімей, мұғаліммен сыпайы сөйлесті. Қосымша емтихан тапсыру мүмкіндігі берілді.

– Сен шынымен де салиқалы, сабырлы екенсің, Қайсар, – деді мұғалім таңырқап. – Басқа біреу болса, ашуланар еді, шаңымызды қағар еді.

– Сабыр- жеңіс кілті, апай, – деді ол жымиып.

Сол кеште Қайсар күнделігіне:

«Бүгін мен өзіме дәлел болдым. Сабырсыз адам – отсыз шырақ сияқты. Ал шын жарық – ішкі тыныштықта.»

Қосымша емтиханнан кейін Қайсар лайықты балл жинады. Ауылдан алыс емес колледжге грантқа түсті. Әкесі қуанып:

– Қалаға барып, бөлме жалдап оқимыз. Біраз жинағаным бар, – деді.

Бірақ Қайсар:

– Әке, сіздің шеберханаңызға да көмек керек. Мен ауылдан қатынап оқи берейін. Қалаға барып, сонда жатып оқу – арман емес, білім қай жерде де табылады, – деді.

– Балам, біз сенің жақсы өмір сүруің үшін еңбек етеміз ғой, – деді Жүніс.

– Иә, бірақ мен үшін жақсы өмір – тыныштық пен ар-ұят, – деді Қайсар. Абай айтқан «қанағат» – байлықтың басы.

Мектепті бітірген соң, достары түрлі бағытқа тарап кетті. Мұрат қалаға кетіп, тез байып үлгерді. Бірақ бір күні ауылға оралғанда, жүдеп, көңілсіз келген еді.

– Достым, мен бәрін таптым – ақша, көлік, киім. Бірақ өзімді жоғалттым, – деді ол.

– Өз-өзіңді қайта табу ешқашан да кеш емес, Мұрат, – деді Қайсар.

Ол Абайдың 25-қара сөзін еске салды:

Қанағат – рақым, ойлап қой, 

Арзанды қымбат деп бағала...»

Мұрат үнсіз қалды. Бұрын мазақтаған «толық адам» жолының шын мәнін енді түсінгендей болды.

Кешке Қалима әже екеуі шай ішіп отырғанда, әжесі:

– Адамның байлығы – жүрегінің тоқтығы. Қанағатсыз адам – аш көңіл, – деді.

Қайсар дереу күнделігіне:

«Бүгін мен шын бай адам – дүниесі емес, көңілі толған жан екенін түсіндім. Қанағат – еркіндік береді. Ар – оның қорғаны...» Кешірім – жүректің жеңісі... деп түртіп қойды.

Жаз. Мамыражай жайма шуақ күн...Ауылда бір қарапайым той өтіп жатты. Жиналған жұрттың арасында Қайсар, әкесі Жүніс, досы Мұрат та болды. Бірақ сол күні күтпеген жағдай орын алды.

Бұрынғы мектептегі бір сыныптасы – Арман Қайсарға себепсіз дөрекі сөйлеп, көпшіліктің көзінше намысына тиді. Елдің бәрі аң-таң. Қайсар үндемеді. Іштей булығып, ашынып,күйіп тұрса да, ашуға бой алдырмады.

Кешке әкесі:

– Неге үндемедің, балам? Ер жігіт арын таптатпайды ғой, – деді.

Қайсар ауыр күрсінді:

– Иә,әке, мен қашан да өзіме есеп беріп, ұлы Абайдың даналығын жолнұсқаушы ретінде санаймын. Ұлы Абай: «Ашуды ақыл жеңбек керек...» дейді. Егер мен оған жауап қайтарар болсам, ол екеуіміз бірдей боламыз.

– Ал намысың қайда? – деді Жүніс. 

– Адам болу үшін әр сәтте өз жүрегіңе қарап тұру керек, әке. Мен бүгін жеңілген жоқпын. Өз ашуымды жеңдім, – деді Қайсар.

Келесі күні Арман өзі келіп, кешірім сұрады. Жағдайы қиын екен, ащы сумен арпалысып, іште жиналған ішкі ренішін сыртқа осылай шығарған секілді. Қайсар ештеңе демей, иығынан қақты:

– Адам кейде сүрінеді. Бірақ адам болып қалу - кешіре білуде...

Қоңыр кеште әжесі баяу дауыспен:

– Балам, сен жүрегіңді тәрбиелеп келесің. Бұл -толық адамның ең үлкен белесі. Кешіре білу – нағыз мейірімнің көрінісі, – деді.

Қайсар әдеттегідей күнделігіне жазды: «Адамның күші – жұдырығында емес, жүрегінде. Кешірім – әлсіздік емес, керісінше рухтың мықтылығы.»

... Колледждің соңғы курсын аяқтаған соң Қайсардың алдында үлкен таңдау тұрды. Оқуды жалғастырып, қалаға кету ме, әлде ауылда қалып, елге қызмет ету ме?

Достарының көбі қалаға кетіп жатқан. Мұрат та енді басқа адам — байсалды, сабырлы. Ол Қайсарға:

– Қалада көп мүмкіндік бар. Бірақ сен ауылда қалсаң, нағыз керек адам боласың, – деді.

Қайсар тұңғиық ойға шомып кетті. Бір күні шеберханада отырып, әкесіне:

– Әке, мен ауылда қаламын. Мұнда да білім бар, тәрбие бар, еңбек бар. Жаныма жақын нәрсе – осы. Абай: «Адамның адамшылығы – істі қалай істегенінде» деген. Мен ауыл балаларына соны көрсеткім келеді, – деді.

Әкесі үнсіз ғана басын изеді. Көзінде мақтаныш...

Көп ұзамай Қайсар ауыл мектебіне тәрбиеші болып жұмысқа орналасты. Әжесі қуанып:

– Шырағым, сен енді өз жүрегіңді ғана емес, өзгенің жүрегін де оятасың. Ұлы Абай: «Толық адам – өз жүрегімен өзгеге сәуле шашатын жан» деген, – деді.

Сол күзде Қайсар ауылда «Абай ілімі» атты үйірме ашты. Балалармен бірге қара сөздер оқып, мәнін талдай бастады.

– Абай не үшін «Қайрат, ақыл, жүрек» үшеуін тең ұстау керек деді? – деп сұрады бір оқушы.

Қайсар жымиып:

– Өйткені адам тек ақылмен де, күшпен де толық бола алмайды. Жүрек – бәрінің орталығы. Мейірімсіз ақыл – қатал. Қайратсыз жүрек – әлсіз. Ал осы үшеуі тең болса – адам толық болады.

Сол кеште күнделігіне:

«Мен жолымды таптым. Абайдың жолы – жүрекке, арға, адамдыққа апарар жол. Бұл жолда мен адаспаймын. Өйткені мен өз жүрегіммен өмір сүруді таңдадым.»деді.

Күн өткен сайын Қайсар ауыл балалары арасында беделге ие бола бастады. Ол мектептегі әр оқушыны жеке танып, тек сабағын емес, жанын түсінуге тырысатын. Оқушылар да оған еркін ашылып сөйлесетін.

– Ағай, өмірде бақыт деген не өзі? – деп сұрады бір оқушы.

Қайсар ойланып барып жауап берді:

– Бақыт – жүректің тыныштығы. Абай айтады ғой: «Дүние де өзі, мал да өзі – ғылымға көңіл бөлсеңіз...» Бақыт – ішкі жетілу арқылы келеді. Білім, еңбек, ізгілік арқылы...

Бір күні аудан орталығынан арнайы комиссия келіп, ауылдағы жастар тәрбиесі мен мәдениетін тексерді. Қайсардың сабағына қатысқан олар таңданып:

– Бұл жай мұғалім емес,-деді біреуі. ...Бұл – жүректен жүрекке жол тапқан нағыз ұстаз.

Сол күні аудан әкімдігі Қайсарды «Жыл мұғалімі» атандырды. Бірақ қайсар ол марапаттан бұрын балалардың шынайы ықыласын бағалады.

-Сіз бізге Абайды ғана емес, өзімізді де таныттыңыз, – деді бір оқушысы көзіне жас алып...

Кешкісін әжесі:

– Шырағым, сен жарық бола алдың. Жарық болу – күн болу емес, шырақ болу. Біреудің қараңғысын жарық ету – адамдықтың биігі, – деді.

Қайсар дереу күнделігіне:

«Мен жарық іздеп жүріп, өзімнің де шырақ жағуға шамам бар екенін түсіндім. Бұл жол - ұзақ. Бірақ осы жол - Абайдың жолы. Жүректің жолы...»

Қыс. Ауыл аппақ қарға оранған. Қайсар мектептен келе жатып, ауыл шетіндегі жағдайы қарабайыр отбасының баласы -Саянды көрді. Саянның аяғында жыртық етік, үстінде жұқа күрте.

– Үйге жүр, балам, – деді Қайсар.

Сол кеште ол өз шәкіртіне аяқ киім мен жылы киім тауып берді. Бірақ бұны ешкімге айтқан жоқ. Таңертең сыныпта Саян жымиып отырғанын көріп, оның жан дүниесі тыныштыққа толды.

Сол аптада ауылда үлкен жиын өтті. Ақсақалдар кеңесі ауылдың жаңа рухани кеңесшісі ретінде Қайсарды тағайындады.

– Бізге дінді емес, адамдықты ұқтыратын жастар керек. Сен -соның бірі де, бірегейісің!- деді масаттанып ел ағалары.

Қоңыр кеште Қайсар әжесінің жанына отырды.

– Әже... Мен кейде Абайдың «толық адамына» жеттім бе деп ойланып қалам...

– Жеткен жоқсың, шырағым, – деді әжесі. – Бірақ сол жолдасың. Толық адам – шексіз кемелденудің жолы. Сен жүрекке қарауды үйрендің. Енді өзіңнен өткендерге шырақ жағуды жалғастыр...

Сол түні Қайсар күнделігіне соңғы жолдарын жазды:

– «Адам – іштей жетілген сайын сыртқы дүние өзгереді. Толық адам болу – мәртебе емес, жауапкершілік. Бұл жол – мейірім, сабыр, қайрат, ақыл мен жүрек үйлескен жолы... Мен сол жолдамын. Күндердің күнінде өзгеге де жол көрсетер шырақ болғым келеді...»

Қайсардың өмірі – Абай айтқан «толық адам» болуға ұмтылған адамның саф үлгісі. Ол бай болмады, әйгілі де болмады. Бірақ ол талай жүректерге із қалдырды... Өйткені шын жарық – жүректен басталады.