Авторы: Asil_kiz
Таңғы самал есіп тұрған жайлаудағы киіз үйдің алдында алаша үстінде отырған қария – Төле ана. Жүзінде жылылық, жанарында мейірім бар. Жасы тоқсанға таяғанымен, тілі ширақ, ойы орамды. Оның әрбір сөзі – шежіре, әрбір ісі – өнеге.
Жанында отырған жеті жастағы немересі Айбар әжесіне қадала қарап отыр. Қолында асығы, көзінде сұрақ. Осы сәтте бала:
– Әже, неге біз киіз үй тігеміз? Неге жайлауға келеміз? Қалада тұра бермейміз бе? – деп сұрады.
Ана жымиып, немересінің шашынан сипап:
– Балам, бұл сұрағын өте орынды. Киіз үй – біздің ата-бабамыздың ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмірінің жемісі. Ол – тек баспана емес, ол – қазақтың өмір салты. Жайлау – табиғатпен үндесіп өмір сүрудің көрінісі. Ата-бабаң төрт түлікпен тіршілік еткен. Олар үшін табиғат – ана. Сондықтан да жаз жайлауға көшіп, табиғаттың шипасын алып, тынығатынбыз. Бұл – бір жағынан, балаларға өмірді үйретудің де мектебі, – деді.
Айбар ойланып қалды. Бір сәт үнсіздіктен кейін:
– Әже, сіз неге мені күнде ерте тұрғызасыз? Демалғым келеді ғой... – деп еркелігін жасырмады.
– Е, ботам, сен қазірден ерте тұрмасаң, еңбекке баулынбайсың. Қазақта: «Ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» дейді. Еңбекқор адам ғана елге сыйлы, табысты болады. Біздің салтымызда жатыпішерге орын жоқ. Атасы ұйықтап жатса, немересі де ұйықтайды. Атасы малға шықса, немересі ілеседі. Міне, тәрбиенің бір мысалы осы, – деді қария.
Сәлден соң Айбар тағы бір сұрақ қойды:
– Әже, неге сіз келген-кеткен адамға міндетті түрде дастархан жайып, шай бересіз?
– Өте жақсы сұрақ, қарағым. Бұл – қонақжайлық деген салтымыз. Қазақ үшін қонақ – Құдайдың өзі. Қонақ күту – бір парыз. Бұл – жомарттыққа, мейірімділікке үйретеді. Үйге келген жан аш қалмасын, жолаушы жолдан шаршамасын деген ниет. Міне, осы арқылы біз адамдарға деген ізеттілікті үйренеміз, – деп абыз ана тереңнен толғады.
Сол сәтте көрші ауылдан келген келін «Ассалаумағалейкүм, апа!» деп сәлем берді. Ана орнынан тұрып:
– Уағалейкүмассалам, шырағым. Аман жүрсің бе? Жақсы келдің, төрге шық, – деп үйге бастады.
Айбар келіннің иіліп сәлем салғанына таңырқай қарап:
– Әже, бұл не үшін сәлем салады? – деп сұрады.
– Бұл – келін сәлемі. Жаңа түскен келін үлкендерге құрмет көрсетеді. Осы арқылы ол инабатты, ибалы екенін білдіреді. Қарағым, салт-дәстүр – біздің рухани байлығымыз. Ол – тек қана рәсім емес, ол – адамгершілік сабағы. Қазірден үйренсең, ертең өзің де ұрпағыңа үйретесің, – деді ана.
Кеш қарайғанда әже мен немере бірге отқа қарап отырды. Көкжиекте күн ұясына батып бара жатқан. Әженің сөзі немеренің жүрегіне сіңіп жатқандай. Ол енді жайлау мен киіз үйді, қонақ күтуді, ерте тұруды, сәлем салуды жай рәсім деп емес, үлкен мағынасы бар тәлім деп ұқты.
Сол түні Айбар әжесіне еркелеп:
– Әже, ертең мен сізбен бірге таң атқанда тұрып, қой бағуға барамын, – деді.
Ана күлімсіреп:
– Жарайсың, қарағым. Сен менің үмітімсің. Сендей ұрпақ барда салтымыз да, елдігіміз де мәңгі жасайды, – деп немересін құшағына қысты.