Авторы: SSJ
Медицина — бұл жүрекпен жасалатын ғылым.
Адам тәнін емдеу үшін – білім керек,
Адам жанын емдеу үшін – мейірім керек.
Астананың ең алғаш Ақмолаға ауысып келген уақытында жарқыраған, бүгін тып-тыныш, ескі ауданында, замана шаңы мен уақыттың желі сүріп өткен ескі бес қабатты үй тұр. Осы үйдің үшінші қабатында – тарихтың ізі қалған үш бөлмелі пәтер бар. Жөндеу жұмыстары жуықта жасалып қабырғалар жаңарып, еденге жылы төсеніш төселіп, жиһаздар да заманауи түрмен тізіліп қойылған. Бірақ бұл жаңашылдықтың астарында уақыттың тығыны сияқты бір сырлы тыныштық, бір жұмбақ иіс бар еді.
Жоқ, бұл иіс зәру немесе жат иіс емес. Бұл – өткен дәуірдің, көне замандардың деміндей аңқыған хош иіс. Бұл – иесіз қалмаған, иесі үнсіз қалған антиквариаттар мен бір замандарда даңқы шыққан, енді қалың шаң басқан сегіз қатар кітап сөресінен аңқыған үнсіз сарын.
Сөрелерде сақталған кітаптар – жай кітап емес, олардың арасында ұлттық кітапханалардың өзінде кездеспейтін сирек мұралар мен адамзаттың ақыл-ойына мәңгілік ескерткіш болған әлемдік бестселлерлердің тозған, бірақ рухы биік басылымдары тұр. Қағаздары сарғайып, бірақ әр әрпінде тарихтың демі қалған сол кітаптардың беті көп жылдан бері ашылмаған.
Қабырғада ілінген антиквар мүсіндер мен сөрелерде тұрған ескі заттар – бұл тек бұйым емес, бұл – өткен ғасырлардың көзіндей, сұлулығы мен мұңы қатар өрілген үнсіз шежіре. Олар – бір кезде қуаныш көрген, кейін қайғы жұтқан ғасырлардың елесін өз бойына сіңірген, сол тарихты үнсіз ғана күзетіп тұрған жансыз куәгерлер.
Бұл үйде қарт Алмагүл, қызы Аңсаған, немересі Айман және күйеу баласы Жомартпен бірге тұрады. Олардың бөлек үйлері болса да, Алмагүлдің сырқатына байланысты бірге тұруға шешім қабылдаған.
Алмагүл Қошқарбайқызы бүгін таң шапағымен бірге оянды. Ұзақ жылдар бойы тіршіліктің ащысы мен тұщысын татып, уақыт желі бойынан баяғыда-ақ өтіп кеткен. Тәні де, жаны да шаршаған, күннен-күнге сыздап, салқындап бара жатқан бір ескі жұрттай еді.
Ісінкі қабақтары кірпігін бүркеп, көзге еріксіз салмақ түсіріп тұр. Ол ауыр қозғалып, ескі кереуеттің қасында тұрған айнаға жақындап, күміс жіптей шаштарын тарақпен баяу тарап тұр. Айна бетінде бейнесі анық көрінетің – терең әжім торлаған бет, бүкірейіп қалған иық, шөгіп кеткен иек. Үлкен еріндерінің жиегінде жіптей жіңішке сызық тартылып, баяғы жымиыстың елесі ғана қалғандай.
Алмагүлдің көз алдына кенет бір замандар елесі оралды – жастықтың жайдары күзі, алғашқы оқу жылдары, қыз-келіншек кездің жалындаған шағы. Бірақ қазір... Бәрі алыста. Алыстап қана қоймай, өзімен бірге бүкіл жылылықты да ала кеткендей.
Кенет бойын әлдебір мұң билеп, еңсесі түсіп кетті. Бірақ дәл сол сәтте, сырттан бала дауысы естілді – көрші пәтердегі немересінің мәз-мейрам күлкісі. Әлсіз бір жылу жүрегіне тарады. "Уақыт бәрін алады, – деп ойлады ол ішінен, – бірақ өмірдің өзі әлі де жалғасып тұр..."
– Е, Алла... бала-шағама ұзақ ғұмыр бере гөр! Немерелерім елін сүйген азамат болсын! – деп, шын жүректен мейірлене қарап, күбір еткен Алмагүл апа жымиып қойды.
Сексен жастың салмағы – аты айтып тұрғандай-ақ: жас күніндегідей иығын тік көтеруге бекінсе, фарфор ыдысындай шашырап қалатындай ауырады. Сәл ісінген аяқтарын байыппен басып, жатын бөлмесіне қайта беттеді. Жаны тыныш, денесі ауырмаса да, жүрегі әлдебір ескі сағынышпен күрсінді.
Бөлмеге кіре сала сөресіндегі ескі, сарғайған сурет көзіне түсті. Бұл суретте осыдан отыз жыл бұрын жан жары академик Жанайдармен тұрғаны бинеленген. Оған біраз қарап тұрып өзің таныса да, өзімен бірге өмір сүрген, жастық шақтың куәсі болған тәні мен жанына жақын жанды тани алмады. Есіне түсіре алмағанына көңілі құлазып, әлденеге ренжігендей кейіппен терезеге қарай аяңдады. Аяқтары ауыр тартып тұрса да, орнынан секіре перделерді екі жаққа серпіп, терезені кеңінен ашты.
Сол сәтте бөлменің ішіне құйылған күн сәулесі – тап бір немересінің нәзік саусақтарындай, жүзін сипап, сүйектен өткен жылуымен ішін жылытып жіберді. Терезенің ар жағындағы алма ағашы мамырдың таңындай балбырап, гүл ашқан. Сол нәзік иіс Алмагүл апаның жанын елітіп, еріксіз көзін жұмдырып, терең тыныс алғызды.
Бұл иіс – жұмақтың лебіндей. Құстар да сайрап, бірін-бірі қуалап, аспанды әнге толтырды. Көктемгі иіс, құстардың шат шуы – бәрі де: «Сыртқа шық! Тіршілікті сез!» – деп тұрғандай еді.
Шынында, Алмагүл апаның сыртқа шықпағанына бірнеше ай болыпты. Бірде денсаулығы, бірде Астананың қақаған аязы бөгет болған. Бірақ бүгін... бүгінгі жарық, бүгінгі көктем – оны баурап, өмірге қайта шақырғандай болып тұр.
Жақсы көңілмен артқа шегініп, қызы әдеиі қойып кеткен кереуеттің жанындағы ескі альбомдағы суреттерге көз жүгіртіп, көбісін танысада - танымасада бір сәтке өткенге саяхаттап барып қайтқандай болды. Содан кейін, қазіргі шаққа қайта оралып, өз-өзіне серт беріп, сыртқа шығуға бел буды. Иығына күртесін жауып, мойнына шәлісін орап, баяу, бірақ нық қадаммен есікті ашып, сыртқа беттеді...
Есік алдындағы өзі секілді көпті көрген, Астананың сан дауылы мен ақ боранына мойынсұнбаған, қатты желге иілмей, еңсесін тік ұстаған қара тал да бүгін ерекше күй кешіп тұрғандай. Қою жасыл жапырақтарын жайып, жылы самал желге теңселе билеп, баяу ғана сыбырлап тұрғандай еді.
Бұл – осыдан отыз төрт жыл бұрын марқұм жұбайымен бірге жаңа қонысқа алғаш көшіп келгенде, үмітпен, ырым етіп аулаға егілген жалғыз тал. Сол кезде екеуі ағаштың жас діңіне жіп байлап, «өміріміз ұзақ болсын, тамырымыз тереңге кетсін» деген ниетпен күлімсірей қарап тұрған. Ал қазір сол тал ғана куә – өткеннің, үндемей сыр шертетін жалғыз досы іспетті.
Алмагүл апа бұл талды есіне түсіріп, жүрегі шымырлады. Бірақ, ғажабы сол – алпыс жыл бірге өмір сүрген асыл жарының жүзі көз алдына анық елестемеді... Әлсін-әлсін оның бейнесін іздеп, жан-дүниесі аласұрды.
Иә, Алмагүл апа соңғы тоғыз жылда жадынан жаңылған. Сұм ажал емес, бірақ сол ажалдың бір баламасындай болған – Альцгеймер дертімен сырқаттанып келеді. Сол дерттің салдарынан таныс жандарды, өз қаны мен жанынан шыққан туғандарын да танымай қалып, жанарына жас үйіретін.
Соңғы кездірі тіпті бәрі бөтен көрініп, өмір бойы тұрған үйі де жат жердей көрініп, жетім баладай жылап та алатын. Ал кей сәттерде – құдірет қой – жадына жарық түскендей, бәрі-бәрі есіне түсіп, балаша қуанып, жалғыз қызынан жүз қайта сұрап, өткен күндерін сағынышпен теретін.
Бірер сәт ой құшағында тербеліп, өзімен-өзі күбірлеп келе жатқан Алмагүл апа үйдің жанындағы Ататүрік саябағына қалай жетіп қалғанын өзі де байқамай қалды. Аяқтары өздігінен жол тауып, жүрек қалаған бағытпен алып келгендей.
Ұзыннан-ұзақ созылып, асықпай ағып жатқан Есіл өзені күн шуағына шағылысып, мөлдір бетінде алтын сәуле ойнап, апаның жанын бір сәтке жайландырып жіберді. Жаны еркін тыныстап, бойы сергіп, жүрегінің түкпірінде әлдебір жылы сезім бүр жарды.
Бүгін күн ерекше жылы еді. Көк аспан мүлде бұлтсыз, көкжиекке дейін ашық. Жасыл желек сыбдырлап, Астананың қаһарлы қысынан аман шыққан саябақтағы әрбір тал – жұмақтың төрінен көшіп келгендей, жапырақтарын жайып, самал желмен бірге сыбырлап тұр. Олар да Алмагүл апамен бірге тыныстап тұрғандай, сырласып тұрғандай.
– Неткен ғажап күн, үйден бекер шықпаппын! – деген сөз ауызынан еріксіз шығып, оны өзі естіген сәтте жас балаша қуанып, күліп жіберді. Кеудесін бір жылы леп кернеп, жаға бойындағы ескі ағаш орындықтардың біріне келіп жайғасты.
Осы отырған күйі – жан-жағына көз салып, көкірегінің түкпірінде тығылып жатқан естеліктер сандығын ақтара бастады. Санасының түбіндегі алтын сандық ақырын ашылып, әр жібінің ұшынан бал күндердің елесі сырғып шығып жатты. Жастық шақ, қызымен бірге кешкі серуен, немерелерінің күлкісі – бәрі-бәрі осы бір тыныш саябақтың ішінде қайта жанданғандай еді.
Осы тыныштықты кенет алыстан естілген баланың шат дауысы бұзды.
Жасы төрт-беске енді толған, балбыраған томпақ қыз:
– Мама! Мама! Келші! Мына жерге отырайықшы! Шаршап кеттім! – деп, былдырлай сөйлеп, әжеге қарай жүгіріп келді.
Бейтаныс әжеге бір сәтке таңырқай қарап, сескенгендей кідіріп, бірақ бала көңілімен тез үйреніп, орындықтың шетіне бойы жетпей томпандап әрең шықты. Кішкентай алақандарымен орындықты ұстап, тізесін тік көтеріп отыра қалып, терең демалды.
Бірер минуттан кейін анасы да асықпай басып, қызының жанына келіп жайғасты. Үшеуара үндемей отырып қалды. Бір жағынан – өмірдің күзінде отырған әже, екінші жағынан – көктемнің гүліндей бала. Уақыт осылайша айналып, үндемей өз үкімін жүргізіп тұр.
Мама! Үйге қашан қайтамыз? Бармай-ақ қояйықшы, қайтқым келмейді! Сен маған балмұздақ алып бермедің! Әкеме айтам! Маған берген ақшасы қайда?! – деп кішкентай қыз бір минуттың ішінде тоқтамастан сөйлеп шықты.
Анасы үнсіз ғана күлімсіреп, бір сәтке өз-өзін қылмысты сезінгендей болып, қасында отырған Алмагүл апаға көз қиығын тастады. Қарттың жанарынан мейірім мен түсінік байқалған соң, қызын құшағына алып, басынан сипап:
– Дала әлі салқындау, ауырып қаласың. Балмұздақты үйге барғанда алып беремін, жарай ма? – дегені сол еді, қыз сөзін бөліп:
– Сен алдында да солай айтқансың! Сені атаға айтамын! – деп қабағын түйіп, кішкене еріндерін шұнтитып, Алмагүл апаға қарай бұрылып отырып алды.
Анасы:
– Қой, барғанда аламыз! – деп қызын сабырға шақырып, иығынан ұстаған сайын, томпақ қыз иығын тартып, апаға жақындай түсті.
Бұл көрініске жүрегі елжіремей тұра алмаған Алмагүл апа қолтық астындағы сөмкесін ақтарып, ішінен әдемі қағазға оралған бір-екі тәтті кәмпит суырып алып, қызға ұсынды.
Кішкентай қыз қос қолын алдына қусырып, бір сәт ойланып қалды – алсам ба, жоқ па деп. Сосын анасынан рұқсат сұрағандай көз тастады. Анасы күлімсіреп, басын изеді. Сол сәтте қыздың жүзі жайнап шыға келді – бейне бір күн күркіреп жауған соң, көк аспанда қайта шыққан кемпірқосақ секілді.
– Рахмет сізге! – деді анасы сәл ұялып. – Міне, біз осындай бұзықпыз... Еш нәрсеге көнбейді. Атасының қызы, айтқанын алмасақ, атасы ұрсады! – деп, қарт әжеге кешірім сұрағандай жымия қарады.
Алмагүл апа да күлімдеген жанарымен жас ананың жүзіне мейіріммен қарап, сөзге келмей-ақ түсінісіп тұрғандай болды. Сонан соң жүрек түбінен шыққан жылы үнмен, алақандарын алға созып:
– Дана болсын, дара болсын! Ұлы тұлға болсын, аман болсын, шырағым! – деп, үнімен ғана емес, бүкіл жан-тәнімен бата беріп үлгерді.
Сол сәтте саябақтың үстінен өткен жылы леп, құстардың сайрауы мен күн шуағы апаның осы батасына үн қосқандай еді. Бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан үміттің, мейірім мен ізгіліктің үнсіз жалғасы болатын.
– Әумин! Айтқаныңыз келсін! – деп мейірлене жымиып, кәмпит жеп отырған қызының басынан сипады анасы.
Осы бір аяулы көрініс Алмагүл апаның жан дүниесінде әлденені қозғалтты. Соңғы кездері жадына жат болып кеткен, бірақ жүрек түбінен өшпей сақталып келген жастық шағының елестері кенет қайта тірілді. Еске түскен сол бір сәт – осы жағалауға алғаш көшіп келген күндер...
Қырық жыл бұрынғы Астана мүлде бөлек еді. Бұл жағалау бойында ескі саябақ болған. Сол шақта қыдырып жүрген адамдар аз, бірақ өзен бойында балық аулап отырған ер адамдар көп болушы еді. Жайлы, сабырлы, тыныш күндер... Сол мезетте, құдайдан жалбарынып тілеп, отыз жеті жасында дүниеге әкелген жалғыз қызы төрт жаста болатын.
Әлі есінде – кішкентай қызы алаңсыз жүгіріп барып, жағалауда балық аулап отырған кісілердің жанына жайғасып, ұсталған балықтарды санап отыратын. Біреуінің шөмішіндегі балықты санап, екіншісіне жүгіріп барушы еді. Сол сәт – тап кеше ғана өткендей, иірім-иірімімен, иісімен, дыбыстарымен, егжей-тегжейіне дейін көз алдына келе қалды.
Сонда апа жүрегінде бір шындықты ұқты: адам баласының жады – алып кітапхана. Ол жерде бастан өткен әрбір сәт – бір парақ, бір тарау. Уақыт өте кей беттерді жауып, ұмытқанмен, олардың ешқайсысы жойылмайды. Сол сөрелерде шаң басып жатса да, бәрі жазулы тұрады.
Кейде біз ол парақтарға қайта орала алмай қаламыз. Бірақ бір иіс, бір дауыс немесе бір көрініс – соны қайта ашып бере алады. Ал Альцгеймер дерті – бұл кітапхананың кілтін жоғалтып алғандай күй. Ондай адам кей беттерге кездейсоқ қол созып, мүлдем басқа тарауды ашып жібереді. Сөйтіп, бүгінгі өмірін ұмытып, өзге уақыттың тұманына еніп кетеді. Қасында жүрген жақындарын танымай, бөтен елде адасып кеткен жетім баладай күй кешеді...
Қанша уақыт өткенін өзі де білмейді. Терең ойға батып кеткен Алмагүл апа қасындағы кішкентай қыз бен анасының орнынан тұрып, үн-түнсіз кетіп қалғанын аңдамаған да екен.
Ең сұмдығы сол – апа есіне түсіріп отырған өткеннің ішіне еніп, енді кері қайта алмай қалғандай күй кешті. Бұрынғының сұлбасы мен бүгінгінің шындығы кірігіп, шекара жоғалды. Ақыл-ойы сол баяғы – қырық жыл бұрынғы сәтке тұтас сүңгіп кеткен.
Кенет, ол өз-өзіне сеніп:
– Қызым! Аңсаған, бері келші! – деп дауыстады.
Алайда бұл шақыруға ешқандай жауап болмады. Қасында жүгіріп жүргендей көрінген жалғыз қызы – қазір жоқ. Тек самал жел ғана жапырақ сыбдырын әкеліп, тыныштықты тербеп тұрды.
Ал балық аулап отырған ер адамдар... Олар да ғайып болды. Жағалауда енді ешкім жоқ, тек бос орындықтар мен баяу ағып жатқан өзен ғана қалды.
Бір сәт бұрын ғана жүрегін қуаныш кернеген жас ананың көңілі – енді шоқтай басылды. Сол қуаныштың орнын абыржу, жалғыздық және түсініксіз суық үрей басты. Тәні осы саябақта отырғанымен, жаны мүлде басқа жерде еді – өткеннің тұманында адасып жүр.
Орындығынан атып тұрып:
– Аңсаған! Аңсағааааан! – деп жанұшыра айқайлап, жан-жағына алақтай қарады. Дауысы шырқырап, саябақ тыныштығын қақ жарып, жаңғырып кетті.
Қызы үн қатпаған соң, жүрегі дір ете қалды. «Суға кетіп кеткен жоқ па екен?!» деген үреймен, Есіл өзенінің бетіне көз жүгіртті. Баяу ғана тербеліп жатқан өзен – дәл қазір тылсым әрі үрейлі көрінді. Көзіне ештеңе түспеді. Бірақ жүрегі алқынып, үрейі өршіген сайын, ойы сан саққа жүгіріп, тұла бойын суық тер басып кетті.
Апамыз қартайған тәнінің сыр бере бастағанына қарамай, баяғы жас кезіндегідей асығып, саябақ ішіне қарай қайта жүгірді. Жаны жас, бірақ тәні оған ілесе алмады – әр қадам сайын аяғы сыр беріп, демі қысылып, жүрек соғысы қаттылап, ауыра түсті.
– Аңсаған! Аңсағааааан! Қызым! Қызымды көрмедіңіздер ме?! Қоңыр жиде киген, төрт жаста! – деп, қарсы кездескен әрбір адамнан жылап тұрып сұрап жүр. Жанарынан жас көл болып ағып, шашы бетіне жабысып, дауысында үміт пен үмітсіздік қатар өріліп жатты.
Оны сырттай бақылап тұрған адамдар дүрлігіп кетті:
– Ойбай, немересін жоғалтып алған ба? Обал болған екен... Полицияға хабарласу керек шығар... – десіп, жандары ашып, артынан алаңдай көз тастап тұрды.
Бірнеше жас студент те бұл көрініске селт етіп, көмекке келуге тырысты. Олар да саябақ ішіне кіріп:
– Аңсаған! Аңсағааааан! – деп бірге айқайлап, айналаны аралай жүгіре бастады.
Ал шындық... шындық мүлде басқа әлемде еді. Іздеген қыз – шын өмірде жоқ, өткеннің сағымындай, жүректің түкпіріндегі елес қана болатын... Аңсаған қызы қазір қырық төрт жасқа келген, бірақ дәл қәзір Алмагүлдің түйсігінде кішкентай қыз кеіпінде еді.
Құдайдан жылап сұрап алған жалғыз қызы – Аңсағанды жоғалтып алғанына жүрегі езіліп, санасы шымырлап, апамыздың қарт денесі сыр берді. Көзі қарауытып, аяғын шалыс басқан күйі алға қарай құлап түсті. Әлсіз бұлшықеттері ауыр денесін ұстап қала алмады. Екі тізесі мен алақандары жерге қатты соғылып, оңбай жырылып, қанталап кетті. Бірақ ауырсынуға қарайтын апа жоқ – жан айқайымен қызын іздеп, тәлтіректей орнынан тұрып, алға қарай тағы да жүгіріп кетті.
Альцгеймер ауруының тағы бір ауыр көрінісі – галлюцинациялар еді. Бұл симптом көбіне дерттің соңғы, күрделі сатыларында байқалатын. Бұған дейін апада ондай елес болмаған. Бірақ қатты күйзеліс, алысты жүгіргеннен кейін көтерілген қан қысымы – ми қан айналымының бұзылысына алып келді. Тамырлар қысылып, сана тұманданып, шындық пен қиял қайтадан араласа бастады.
Тағы да:
– Аңсаған! Аңсағааааан! – деп шырылдап жүгіріп келе жатқанда, кенет алдынан қара тұман ішінен бір ит шыға келді. Апаның шын өмірде ең қатты
қорқатын қорқынышы да осы еді – қабаған ит еді. Сол сәтте ғана есінен шырылдап іздеген «Аңсаған» есімі ұмытылып, орнын басқа үрей басып кетті.
Жаңа ғана санасында тірі бейнесін құшақтап жүрген қызы ғайып болды. Енді тек – қара тұман, үрей және қашу ғана қалды.
Апамыз зәресі ұшып, жан дауысымен айқайлап, иттен қашып, артқа қарай тұра жүгірді. Осы бір қысқа сәтте ол қайтадан шынайы өмірге оралды – енді ол алаңсыз ана емес, бүгінгі күні қалжыраған, тізесі қанға боялған, демі үзіліп тұрған, жалғыз қалған кәрі адам еді...
– Көмектесіңдер! – деп жан дауысымен айқай салып, апамыз тұра жүгірді.
Алдынан қарама-қарсы келе жатқан ерлі-зайыпты жас жұп не болғанын түсінбей, абдырап тұрып қалды. Қарт ананың жүзі түтігіп, көзі алақтап, тізелері қанап, алақанын шошайта, біреуден қашып келе жатқанын байқаса да, нақты не болғанын аңдай алмай қалды.
– Апа! Не болды? – деп үлгермей жатып, Алмагүл апа олардың жанына ақсаңдап, тәлтіректей жүгіріп өте шықты. Артына қайта-қайта жалтақтап, галлюцинациялық елес – қара иттің жетіп келе жатқанын көріп, зәресі ұша түсті. Ішкі үрейі оны тағы қатты жүгіртуге мәжбүр етті.
Саябақтан шығып, жолдың бергі бетіне, үй жаққа қарай ұмтылғанда, көзінің алды бұлдырап, санасы тұманданып, ал енді кәрі тәні шаршап біткені сол еді.
Кенет...
Ызғыра зулап келе жатқан қара түсті көлік тоқтап үлгермей, апаны соғып өтті. Әжеміздің денесі ауаға ұшып, жол жиегіне ауыр гүрс етіп құлады. Сөйлемек болған дауысы тілінен шығып үлгермей, көзі бір сәтке жарқ етті де, артынша қараңғылық жұтып жіберді...
Көлік жүргізушісі жолға толық мән бермей, бір қолымен рөлді ұстап, екінші қолымен кофе ішіп келе жатқан болатын. Дәл сол сәтте, аяқ астынан алдыңғы әйнекке соғылған қатты соққыдан кофесі қолынан ұшып кетіп, салон ішіне шашылып кетті. Шошып кеткен ол рөлге ие бола алмай, көлік қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, алдынан келе жатқан басқа көлікпен қатты соқтығысты.
Жол бойында жүрген адамдар мен өтіп бара жатқан көліктер бұл сұмдық оқиғаның куәсі болды. Бір сәтте бәрі тоқтап, абыр-сабыр басталды. Бірі жол шетіне ұшып кеткен қарт әженің жанына қарай жүгірсе, енді бірі — соқтығысқан екі көлікке беттеді.
Бәрі бір сәтте болғандай... Қатты соққыдан кейін, көлік иесі бірер секундқа есінен танып қалды. Басына талып тұрған салмақ пен ми ішіндегі шу қайта орнына келгенде, көзін ашты.
Алғаш көргені – қарсы бағыттағы көлік, майысқан темір, быт-шыты шыққан әйнектер... Қарсы көлікте үш ересек пен 2 бала бар екен. Рөлде отырған еркектің басынан қара қан саулап ағып жатыр, өлі – тірісі белгісіз, бір қимыл жоқ. Қасындағы жолаушы әйел не болғаның білмей есін енді жинап есенсіреп отыр. Артыңдағы балалардың ақырып жылаған дауыстары тап бір соғыс киносындағы көріністі есестетеді.
– Мен... мен... өлтіріп қойдым ба?.. Адам өлтірдім ба? – деген үрейлі ой келген сәтте, аяқ-қолдары қозғалыссыз қалып, тұла бойын мұздай үрей басты. Қимылсыз қалшиып, не істерін білмей, қатып қалды. Бұл қорқынышты сәтте тіппі денесіндегі алған жарақаттардан ауырсыну сезілмеуде.
– Ойбаааай, Алла! Анау кемпір өлді-ау! Жедел жәрдем шақырыңдар! Ойбай-ай, ойбай! – деп, апамызға ең жақын тұрған бір егде әйел шыңғырып, жанталаса жүгіріп келіп, жол шетінде сұлап жатқан Алмагүл апаның денесіне ұмтылды.
Жол бойында адамдар абдырап, бірі жедел жәрдемге, бірі полицияға қоңырау шалып, енді бірі апаның жанына келіп, тынысын тыңдап, білегін ұстап, әлдене істеуге тырысып жатты.
***
Осы сәттерде мен – әлі Атырауға кетпеген кезім. Астанадағы ауруханлардың бірінде жұмыс істеп жүрген күндерім еді. Шұғыл операция болмағандықтан әдетімше бірінші қабаттағы кофе автоматынан Латте алып келе жатқан кезім еді. Шіркіндік таңғы жұмысты кофенің иісімен бастағанға не жетсің. Бүгін ерекше тыңыштық! Сағат он бірге жуықтаса да операция жоқ, тап бір дауыл алдыңдағы тыңыштық секілді. Осы жан рахаттанатың таңғы тыныштықты қабырғадағы дауыс зорайтқыштың ащы үні бұзды:
– Внимание! Внимание! Массовый ДТП! Всем реаниматологам, травматологам и хирургам подойти в приёмный покой! Внимание! Внимание! Массовый ДТП! Всем реаниматологам, травматологам и хирургам подойти в приёмный покой! Повторяю: массовый ДТП! Все свободные реаниматологи – в приёмный покой!
Дауыс қайталанып, аурухана іші бір сәтте жанданып кетті.
Бүгін менің кезегім – шұғыл анестезиолог. Бірақ қалада ірі жол-көлік апаты орын алған жағдайда, протокол бойынша барлық бос реаниматологтар, анестезиологтар, хирургтар шұғыл түрде қабылдау бөліміне жетуі тиіс.
Жүрегім әлденеге секем алып, үстімдегі халатты дұрыстап, бір сәтке іштей демімді жинап, жүгіре басып қабылдау бөліміне қарай беттедім...
– Бәсе, бүгін неге тыныш болып қалды десем!.. – деп өз-өзіме күбірлеп, қабылдау бөліміне қарай жүгіре жөнелдім.
Келіп жеткенімше, барлық кезекші реаниматологтар мен мейірбикелер жиналып, орындарын алып та үлгеріпті. Иә, дәл кинодағыдай көрініс. Осындай сәттерде ғана медицина шынайы күшін көрсетеді. Мүмкін, дәл сол үшін де мен бұл саланы сүйетін шығармын.
О, Жетпісбайұлы! – деді бір әріптесім мені көре сала. – Келгеніңіз жақсы болды! Төрт ересек пен екі бала келе жатыр.
– Не? Балалар да бізге келе жатыр ма? – деп таңданып сұрадым.
– Ааа, жоға! Балалар балалар ауруханасына баратың шығар. Бізге тек ересектер түседі. Қайсысын аласыз?
– Білесіз ғой, мен күткенді жек көрем. Әлбетте, біріншісі – менікі! – деп жымия жауап бердім.
Сөзімді естіген әріптесім де күле бас изеді.
– Әлбетте, ең жақсысы сізге – деп арқамнан қақты. Себебі барлық дәрігер жақсы біледі: жедел жәрдем ең ауыр халдегі науқасты ең бірінші алып келеді...
Көп күттірмей, бірнеше минуттан кейін реанимациялық жедел жәрдем бригадасы қабылдау бөліміне асыға кіріп келді.
– Мына жаққа, бері келіңіздер! – деп, оларды «Қарқынды терапия бөлмесіне» қарай бағыттадым. Бұл бөлмеде ауыр хәлде түскен науқастарға алғашқы диагностикалық және тұрақтандыру көмегі көрсетіледі.
Науқасты дереу жедел жәрдемнің каталкасынан біздің бөлімшенің керуетіне ауыстырдық. Қозғалыс – жылдам, нақты, үндемей ұйымдасқан.
– Ал, сайраңдар! – деп, жедел жәрдем дәрігерлеріне қарап сөз бастадым.
Реаниматолог-анестезиологтардың бір «жаман» қасиеті – өздерін басқа дәрігерлерден бір саты биік ұстауы. Шын мәнінде, бұл мамандық иелері барлық медициналық саланы жақсы біледі. Олар науқасқа қарап тұрып-ақ, ешқандай талдаусыз, инструментальді тексерусіз-ақ, не болып жатқанын сезіп тұрады. Одан қалса, науқасты кім қалай емдегенін, емдей алмағанын, не жасырып, қандай өтірік айтып тұрғанын да оп-оңай түсінеді. Сондықтан да, өзге мамандар оларды жақтыра бермейді. Бірақ ауыр хәлдегі науқас түссе – амалдың жоғынан, дәл сол реаниматологтың алдына жүгіріп келеді.
Ал әкімшілік ше? Олар үшін реаниматолог – бас ауруы. Себебі бұл маман әрдайым: «Мынау жоқ, анау жетіспейді! Қажетті дәріні алмасаңыз – науқас өледі. Алмасаңыз – туыстарына айтамыз!» – деп дау шығарады. Және шынымен де, аурухананың бір жылдық қорын бір айда тауысып қояды, ал өзі ешқандай табыс түсірмейтін бөлімнің өкілі.
Сондықтан болар, реаниматологтар көбіне ешкімге сенбей, емнің тәртібін де, бұйрықтың мазмұнын да жатқа білетін, басын жоғары көтеріп жүретін, тәкаппар көрінетін маман иелеріне айналады. Және... сол «жаман» қасиеттер маған да жұға бастаған еді. Реаниматолог ретінде енді ғана жұмысын бастап жүрген мен – осы мамандықтың жүгі мен мінезін иелене бастағанымды сезіп жүрдім...
– Науқас Қошқарбайқызы Алмагүл. Сексен үш жаста, – деді жедел жәрдем дәрігері жеделдікпен. – Көшеде көлік қағып, екі метрдей жерге ұшып кеткен. Құдай сақтап, көше шетіндегі топыраққа құлап түскен. Біз жеткенде есін жинаған, бірақ аты-жөнін білмейді.
– Оң жақ сан сүйегі сынған. Жгут қойғанымызға 17 минут болды. Қан қысымы – 137/89. Артериялық гипертензиямен тіркеуде тұрады.
– Болжам диагноз: оң сан сүйегінің жабық, орнынан тайған сынығы. Артериялық гипертензия. Бас ми соққысы. Екі тізе мен екі алақан терісінің жырылуы.
Мен басымды изеп, бір сәтке науқастың бетіне қарадым.
– Ауырсынуды басатын дәрі салдыңдар ма? Қан қысымы неліктен жоғары?
– А... иә, бұлшық етке трамадол салдық.
– Қанша?
– Бір миллилитр.
– Хмм... жеткілікті деп ойлайсыңдар ма? – деп көзімді сығырайта қарадым.
Жедел жәрдем дәрігері сәл қипақтап, сөмкесінен бір қағазды алып шықты.
– Сөмкесінде құжаттарымен бірге мына ламинатталған қағаз болды.
Мен қағазды қолыма алдым. Онда былай жазылған:
Аты-жөні: Қошқарбайқызы Алмагүл
Туған күні: 15.05.1940 ж.
Анам Альцгеймер ауруымен сырқаттанады.
Өзінің кім екенін, қайда екенін, қайда тұратынын ұмытып, адасып кетеді. Егер анамды жолықтырсаңыз, өтініш, мына номерлерге хабарласыңыз:
Тел: 8*** 8***
Тұрғылықты мекенжайы: Ташенова, а4–7
Қызы мен күйеу баласы
– Ооо... міне, керемет ойлап табылған! – дедім таңданып. – Барлық Альцгеймер науқастарына осындай жасау керек екен.
Мен сөзімді аяқтай бере, науқастың бетіне қайта көз тастадым... Тоқта... Мына кісі?!
Бір сәтке ішкі реаниматологтық суықтық жібіп, бетіме еріксіз жылы күлкі үйірілді. Өзімді де танымай қалған апаның жүзіндегі қорқыныш маған қатты әсер етті.
– Апатай, қорықпаңыз, – дедім мейірлене. – Сіз аман-есен үйге қайтасыз. Сіз сенімді қолдасыз.
Алмагүл апа еріндері дірілдей, көздері жәутеңдеп маған қарап, үнсіз ғана басын изеді.
– Жігіттер, жарайсыңдар! Апаны қалдырыңыздар, – деп дауысым жұмсарып, жедел жәрдем бригадасын босата бастадым. – Қыздар, бір миллилитр промедол бұлшық етке салыңдар. Сосын Қошқарбайқызы Алмагүлді реанимацияға тіркеңдер.
Промедол салынған соң, апаны КТ (компьютерлік томография) кабинетіне алып кетті.
Ұзын, салқын дәлізбен келе жатып, Алмагүл апа қорқыныштан өзін алаңдату үшін төбедегі шамдарды санаумен болды. Тыныш желіккен ауа мен жарқыраған жарық оған шындық пен елестің арасындағы соңғы көпірдей болып көрінді...
– Тура он төрт... егер арасы екі метр болса – жиырма сегіз метр... жуықтап алғанда – отыз метр... – деп күбірлеп келе жатқан Алмагүл апаның сөзін жанындағы мейірбике анық ести алмай:
– А? – деп жақындай түсті.
– Ешнәрсе, қарағым, – деді апа жай ғана жымиып.
– Алмагүл апа, мынау – КТ аппараты, – деді мейірбике жұмсақ үнмен. – Қазір сізді мына столға жатқызамыз. Мына дөңгелек қуысқа аппарат сізді өзі жайлап жылжытып кіргізеді. Қорықпаңыз, бар-жоғы бес-ақ минут. Біз бастан аяқ түсіреміз, сіз қозғалыссыз жатсаңыз болды. Біз анау терезеден қарап тұрамыз.
Апамыз бұл сөздерді толық түсінбесе де, шала-шарпы естіп, басын жай изеп, келісім берді. Жатқызған соң, аппарат іске қосылып, ішінде айналған техниканың гуілі шыға бастағанда, Алмагүл апа шошып кетті. Үнсіз үрей жанарын жайлап, басын оңға-солға елеңдеп қозғалта берді.
– Бір минут, тоқтатыңыз! – деді лаборантқа реаниматолог. Аппаратты дереу тоқтатып, өзі мен мейірбике апаның жанына қайта оралды.
– Апа, қорқып тұрсыз ба? – деп жылы үнмен сұрады. – Қаласаңыз, тыныштандыратын дәрі салайық. Ұйықтап кетесіз, көзді ашып-жұмғанша, өзіңізді бөлімшеде табасыз. Қасыңызда әлемдегі ең керемет реаниматолог тұр, қорықпаңыз, – деп әзілдей күлімдеді.
Бұл сөздер апаның көзіне жылылық ұялатты. Шүңірейген жанарында күлімсіреу пайда болды.
– Солай ма?.. Иә, жас болсаң да жанарың тыныш, терең екен... Маңдайың да кең екен... – деп апа байыппен қарап, мейірбикеге бұрылды. – Дәрінің қажеті жоқ, балам. Тек... мына жас қызды қасымда қалдырып қойшы.
– Жарайды, Алмагүл апай, – деп реаниматолог мейірбикеге бұрылып, – қорғасын фартугін киіп, жанына отыра бер.
Мейірбике бастарын изеп, фартугін киіп, апаның қасына жайғасқанда, аппарат қайта іске қосылды. Апаның қолы мейірбикенің алақанына жетіп, баяу ғана жанасып жатты. Содан соң, төбедегі жарық шамдарға қарап жатып, күбірлеп тағы да санады:
– Он бес... он алты... он жеті...
Бұл сандар – ол үшін жай есеп емес, өмірінің әрбір жылы, әрбір естелігінің көлеңкесі еді.
– А, жақсы, – деп мейірбике қорғасын фартугін киіп, Алмагүл апаның қасында қалды. Реаниматолог КТ кабинетіне қайта өтіп, монитор алдында орналасқан орынға жайғасты.
Лаборант микрофон арқылы үн қатты:
– Апа, қимылдамаймыз, тыныш жатамыз, жарай ма? – деп, КТ процедурасын қайта бастады.
Реаниматолог ескертіп қойды:
– Өздерің білесіңдер, ДТП болған. Бастан аяқ толық түсіру керек.
– Әрине. Максимум жеті минут кетеді, – деп лаборант басын изеп, қызыл түймені басты.
Аппарат бірқалыпты гүрілдеп жұмысын бастады. Алдымен – бас, сосын кеуде қуысы, іш құрылысы... бәрі біртіндеп экранға шықты.
– Ооо, басы таза екен. Құдайға шүкір, – деді реаниматолог тыныстай. – Кеудесі де таза. Тоқта... мынау жүрегінде тұрған не?
Қасында отырған КТ дәрігері мониторға үңіліп:
– Ааа, бұл – жүректің жасанды қақпақшасы. Әрине, биопротез. Қай кезде ауыстырды екен?
– Жарайды, шыққанда анамнезін толық жинаймын, – деді реаниматолог ойлана. – Ішек қуысы да таза сияқты. Бауыр, көкбауыр, бүйрек – зақым байқалмайды.
– Иә, жақсы. Бітті дегенше болсын, нәтиже протоколын тез жазып, DamuMed-ке енгізіп жіберем, – деді КТ дәрігері, пернетақтаға қол созып.
– Машина қағып кетті ғой?
– Иә. Құдай сақтаған. Осындай жаста – сүйек әйнектей: кальций де, фосфор да жетіспейді. Кішкентай соққының өзі шашыратып жібереді.
– Айтпақшы... жамбас сүйегі... сау ма екен? – деді реаниматолог көзін экраннан айырмай.
Дәл сол сәтте аппарат жамбас сүйектері мен аяқтарын түсіре бастаған еді. Кенеттен Алмагүл апа қорыққанан қозғалып, денесін көтеруге тырысты:
Қараңғылық. Суық темір. Үнсіз гүрілдеген аппараттың айналуы – Алмагүл үшін ештеңені білдірмеді. Ол енді қайда екенін ұмытып қалған еді. Жан-жағынан сығымдай жабылған қуыс түтік – оған құдды бір бейіттің түбі секілді көрінді.
Тыныс тарылып, жүрек дүрсілі құлағына соғылып тұр. Аяғы қозғала алмайды. Қолын көтеруге тырысқанда, ештеңе сезілмеді. Маңдайына салқын металл тиіп кеткендей әсер етті. Әлдебіреу үстінен ауыр тас жауып қойғандай...
– Қапас... қабір... – деді ол ішінен. Сосын кенет жан дауысымен ақырып жіберді:
– А-а-а! Құтқарыңдар! Мені көмбеңдерші! Құдайым-ау, ашыңдаршы! Тірімін ғой! Естісеңдерші! Аңсаған?! Аңсағааааан!
Ол жатқан орнынан атып тұрмақ болды, бірақ темір керует оның сүйектерін шегедей шаншып, тұла бойы оттай жанып кетті. Қараңғылықтан шыққан әлдебір бейнелер – балалық шағының түнінде көрген қорқынышты түс секілді – миына лап қойды. Бұрышта отырған қорқынышты қуыршақ, әкесінің қатал дауысы, жылап тұрған кішкентай өзі...
Мен енді жоғалғым келмейді... мені тастамаңдаршы... – деді ол қалтырай, ернін әрең қозғап.
Сол сәтте қасына жетіп келген реаниматологтың жылы дауысы да, мейірбикенің алақаны да – бастапқыда оған мүлде жетпей тұрғандай болды. Бейтаныс жүздер, жарық көздер, бетперде киген адамдар – бәрі оған бейне бір бөгде, суық әлемнің өкілдері секілді көрінді. Ол аузынан ақ көбік атқандай дірілдеп, жылап жіберердей болды.
– Қарағым... жіберіңдер... Мені көмбеңдер... менің... қызым... мен тірімін ғой... – деп күбірледі жан дауысымен.
Дәл осы кезде реаниматолог амалсыздан:
– Үш миллилитр Реланиум көктамырға, тез! – деп мейірбикеге нұсқау берді.
– Апа, тынышталыңыз! Мен қасыңыздамын. Қорықпаңыз! – деп Алмагүлдің алақанын ұстап, мейіріммен жұмсақ үнмен сөйлеп, сабырға шақырып жатты.
Лаборант та көп ұзамай диагностика үстелін кері жылжытып, науқасты аппараттан шығарып алды. Қап-қара түстегі түтік кеңістіктен шыққанымен, Алмагүл одан сайын абдырап қалды. Қасындағы бейтаныс адамдарға үрке қарап, жанталаса орнынан тұруға әрекеттенді. Бірақ – денесі тыңдамай, қатты ауырсыну жамбасынан жанын шығара жаздады.
– Қарағым, жіберіңдер! – деп бұлдана сөйлеп еді, дәл сол сәтте Реланиум әсер етіп үлгерді. Кірпіктері ауырлап, тынысы баяулай бастады. Тілі күрмеліп, үні өшіп, біртіндеп терең ұйқы құшағына енді.
– Басын ұрып ала ма деп шошып кеттім ғой, – деді реаниматолог демін ішіне тартып. – Саусағына пульсоксиметрді тағып қой. КТ-ны жылдам аяқтайық, сосын бірден реанимацияға апарамыз.
Мейірбике жылдам қимылдап, саусағына монитор салып, көрсеткіштерді бақылауға алды. Қалтарыста қалмаған ештеңе жоқ. Науқас енді сенімді қолда еді...
КТ-ны аяқтаған соң, апаны каталкаға жатқызып, реанимация бөліміне асығыс жеткізді. Бөлімшенің алдында реанимация бөлімінің меңгерушісі тосып тұр екен.
– Кешікпейтің шығар деп едім. Не болды, КТ-да концерт қойып кешіктіңдер ме? – деп меңгеруші реаниматологқа қарап сәл жымиды.
– Сізге мәліметтер біз жетпей жатып, бізден бұрын жетіп үлгереді ғой, пах – шіркін!...
– Менің барлық жерде құлағым да, көзім де бар екенін ұмытпадың ба? – деді ол көзінің қиығымен ескерту тастап, артынша өзі де күліп жіберді. – Жарайды, КТ не көрсетті?
– Оң жақ сан сүйегі сынған. Бас миы таза, ішкі органдарда зақым жоқ. Ми ісінуі де байқалмайды.
– Жақсы. Жеңіл құтылған екен.
– Қалғандары келді ме?
– Біреуі келмейтің болды – деді, өлгенін айтқандай. – Қалғаны қабылдау бөлімінде, диагностика жүргізіліп жатыр.
– Обалды – ақ! – деп терең күрсінді.
– Операцияға өзің кіресің бе?
– Иә, өзім тұрамын. Аааа... бұл кісінің кім екенін білесіз бе?
– Кім екен? – деп меңгеруші каталкадан төсекке ауыстырылып жатқан Алмагүл апаның жүзіне үңіле қарап, сәл кідіріп қалды. Бірақ тани алмады.
– Бұл кісі – Пәленше Түгеншенің анасы...
– Ееее, солай ма?.. – деп сәл үнсіз қалды да, – жарайды, операцияда аса мұқият бол!
– Әміріңізге құлдық!
– Қойшы, қалжыңың таусылмайды. Мен жиналысқа кетіп барамын – бітпейтін бюрократия...
– Қош болыңыз, – деп реаниматолог жымиып. Меңгеруші «қайта келемін, құтылмайсын әлі» деген көзқараспен өз жөніне жүріп кетті. Реаниматолог – анестезиологта Алмагүл апаға қарай беттеді.
– Қыздар! Маған шұғыл түрде: жалпы қан талдауы, коагулограмма, биохимия, қан тобын анықтау – бәрін алыңыздар. Сосын ЭКГ түсіріп, УЗИ шақырыңыздар. Қазір дексдор дозасын есептеп берем, тез қосыңдар – отаға дейін тыныш ұйықтап жатсын.
– Қан қысымын да өлшеп қойыңдар. Мен ординаторскийге барып, тағайындау парағын жазайын. Бір сағаттан соң операцияға көтереміз, – деп ол ординаторлық бөлмеге қарай беттеді.
Сол сәтте есік ашылып, ішке травматологтар да кіріп келді... Бейне бір шаңыраққа қадірлі қонақтай жайлы жүздерімен сәлем берді:
– Ассалаумағалейкум! – деп қысқа сөзді интонациямен ұзарта.
– Уағалайкумассалам! Кешіктіңдер ғой, күте-күте күннің өзі еңкейіп бара жатыр, – деп реаниматолог қабағын керіп, жымия сөйледі.
– КТ-дан келе жатырмыз, уақыт жоғалтқан жоқпыз. Өзіміздің дәлдігімізді білесің ғой, – деп ширақ жауап қатты екіншісі, көзімен күлкі үйіріп.
– Иә, иә, мұндай ертегілерді жаңа түскен резиденттерге айтып жүрерсіңдер, – деп реаниматолог мысқылмен мырс етті. Дауысы жұмсақ болса да, астарында таныс шындықтың шымылдығы тұр.
– Науқас реанимациялық деңгейде емес қой, неге сонда алып қалдыңдар? Операцияны қашан бастаймыз? Қыздарға айттық, операциялық залда құрал-сайман әзір.
Реаниматолог қабағын көтеріп, көзімен салмақ тастады.
– Оо, бұл қандай жаңалық? Бұрынғыдай "реанимацияға тастап кеттік" деп қашатын едіңдер. Тфай-тфай, көз тимесін, бүгін ерекше мейірімдісіңдер. Жарайды, бөлімге беріп жіберем, дайындалыңдар.
– Ерікпе, қалжың ғой, – деп жауап қатты травматолог, бірақ әзілдің астында бір шындық тұрғанын екеуі де сезіп тұрды.
Жарыққа толы ординаторскийдің есігінің ар жағында – адам жанының жол картасы сызылып жатты. Бүгін бір жан – бір дәуір – ота үстеліне жатпақ. Ал ақ халаттылар сол тағдырдың қылкөпірінен өтуге қам жасап жатыр еді...
– Қазір сағат қанша болды өзі?.. – деп реаниматолог қабырғадағы сағатқа көз тастап, күрсіне сөйледі. – Он бір екен. Ендеше, тура он екі жарымға белгілейік. Сол уақытқа дейін талдауларды алайық, біршама инфузия құямыз, қан қысымын ретке келтіреміз. Сонымен, алға. Ааа… мен интубациямен кіремін.
Бұл сөзді естіген травматологтар бір-біріне аңтарыла қарап:
– Интубация дейсің бе? Біз тек жарты сағатқа созылатын ота жасаймыз ғой, – деді таңырқап.
– Бұл апа гипертониямен диспансерлік есепте тұр. Сондықтан фентанилмен кірем. Сендердің жарты сағаттарыңа кем дегенде бір сағат қосу керек екенін жақсы білемін. Жұмыстарыңның аясын да, баянын да ұғып жүрмін, – деді реаниматолог, ирония мен шындықты қатар жымдастырып.
– Сендер солай айтасыңдар да, соңы созылып кетеді. – Травматолог та үнсіз қалмады.
– Аха, тағы да біз кінәлі болып шықтық, ә? Жарайды, дайын болғанда өзім хабарласамын. Операциялық залға ескертіңдер, бәрі әзір болсын.
– Келістік. Қазір пациентке көз салып шығайық, – деп травматологтар орнынан тұрып, ординаторскийден асықпай шығып кетті. Кетіп бара жатып, арттарында ақыл мен әзілге құрылған жылы әңгіме қалды. Ақ халатты күннің сарқыншағындай.
Сол сәтте зертханадан алғашқы нәтижелер де келіп жетті. Әр көрсеткіш – науқас тағдырының жіңішке жібі. Қан талдауы, коагулограмма, биохимия – бәрі мұқият сүзгіден өтіп, протоколдың сөзімен тіркеле бастады.
Инфузиялар баяу тамшылап тамырға тарап, денеде жылылық таралып жатты. Сол бір сұйық тамшының ар жағында – ақ халаттылардың үміті, сабыры мен кәсіби мейірімі қатар жүрді. Қан қысымы біртіндеп қалыпқа түсті. Алып күшке ұқсаған тыныштық залды меңдеп, бәрі үлкен іске дайындалып жатты.
Көп ұзамай каталкаға жатқызылған Алмагүл апа мен оны қоршап жүрген команда, бейне бір шайқасқа аттанғалы тұрған батырлар тобы іспетті, операциялық залға қарай жол тартты. Қарапайым көрінген бұл сапар – өмір мен өлім арасындағы жіңішке өткелге жасалған үнсіз жорық еді...
– Операциялық зал – өзгеше әлем. Бұл жерде уақыт баяу ағады, тыныштықтың да өз үні бар. Қабырғада ілулі сағаттың тықылы да естілмейді, ауада тек тазалықтың салқын лепті иісі сезіледі. Иә, бұл – шындық пен шекаралас жатқан ғалам. Мұнда әрбір қимылдың, әрбір демнің бағасы бар.
Стерильді ақ жайма үстінде жылтырай тізілген құралдар – жорыққа дайын тұрған қылыштардай, бір тәртіппен тізіліп, үнсіз тіл қатып жатқандай еді. Операциялық медбике әдеттегі дағдылы дәлдікпен, әр қозғалысымен хирургтер тобының ритмін алдын ала сезіп тұрғандай, салмақпен жұмыс істеп жатыр.
– Сәлеметсіздер! Дайынсыздар ма? – деп залға анестезиолог - реаниматолог кіріп келді. Дауысы сабырлы, бірақ ішкі мазасыздықты жасырып тұрғандай. – Осы зал қыста жылымайды, жазда салқындамайды, әйтсе де жүрек жылуын жоғалтпайды, ә?
– Сәлеметсіз бе! Дайынбыз. Травматологтар киініп жатыр ма? – деп медбике жауап қатты.
– Ох, оларды ұмытып кетіппін, – деп реаниматолог қалтасынан телефонын алып, травматологтарға қоңырау шалды.
– Алло!
– Алло, көтерілейік тезірек, қырық бес минут болды, күтіп отырғанымызға! – деп сәл қалжыңмен сызылып күлді.
Анестезиолог үстелдің бас жағына барып дайындықты бастады. Анестезияға арналған күрделі құрылғы – наркоз аппараты, табалдырықтан енген сәттен өзіне назар аудартатындай. Салқын металдың үстіне орнатылған бұл техника – ескі замандардың батырлары мінген тұлпардай, дайын тұруы керек.
– Ал, бастайық, сен де дайын бол! – деп аппаратына қарады.
Алдымен калибровка. Ол аппараттың экранына үңіліп, барлық параметрлерді тінте қарап шықты. Газ ағымының жылдамдығы, өкпені желдету режимі, дем алу көлемі, тыныс алу жиілігі – бәрі шегіне дейін тексерілді. Сығымдаушы камераның ырғағы мен қысым датчиктерінің сезімталдығы да қалыпты екенін көрсетті.
– Аппарат таза. Барлық сенсорлар жұмыс істеп тұр. Дыбыс жоқ, демек, қателік те жоқ, – деді ішінен.
Осы сәтте ота үстелінде жатқан Алмагүлдің кірпігі дір етіп, естің қалдығында қалқып жүргендей сыбырлап дем ала бастады. Көңіл тұнығы шайқалмай тұрғанда-ақ реаниматолог:
– Тез, 5 мл Пропофол, әзірше… Қазір қорқыныш ұстап, апамыз тұра қашпасын, – деп мейіргерге нұсқау берді.
Мейіргер апаны көзімен-ақ ұғынып, дәлдікпен көктамырға дәріні жіберді. Пропофол жүрек соғысын жұмсартып, Алмагүлді қайта ұйқы құшағына енгізді.
Реаниматолог асықпай, бірақ әр қимылы шегенделген шеберлікпен индукцияны бастауға кірісті:
– Маған индукцияға: 50 мг Польсуксан, 150 мг Пропофол, 180 мкг Фентанил дайында. Разрезге – 150 мкг Фентанил, 3.6 мг Ардуан дайындап қой. Интубацияға бәрі дайын ба? – деді ол, көзқарасымен әр нүктені шолып.
– Бәрі дайын! – деп жауап берді мейіргер. Салмақты үн, салмақты сәт.
– Ендеше... Бисмилля! – деді реаниматолог. Бұл тек бастау емес – бұл сеніммен айтылған, жүрекпен салынған аманат еді.
Ол мониторды қосты. ЭКГ датчиктері кеудеге қойылып, жүректің ырғақтары экранда тірі нүктелердей жүгіріп жатты. Пульсоксиметр саусақта, SpO₂ мен пульс – рет-ретімен тіркеліп тұр. Манжеттен қан қысымы автоматты өлшене бастады. Виталды функциялар – жүрек, тыныс, оттегі – барлығы бақылауда.
Сосын ол масканы ақырын қойып, 100% оттегімен алдын ала желдетіп шықты. Фентанил мен Пропофолдан кейін Польсуксан әсер ете бастады. Науқас тынышталды, демі тегістелді.
– Ларингоскоп! – деді бір сөзбен.
Препарат көктамырға жіберіліп, 45 секундтық үнсіздік орнады. Ол ларингоскопты қолына алып, ауыз қуысын ашып, интубациялық түтікті енгізді. Тыныс толқыны аппараттың экранына көтеріліп, өкпеге алғашқы машиналық дем келіп жетті.
– Интубация сәтті өтті. Өкпе керілімі – толық. Ауа ағымы – қалыпты. Ауа шығу қысымы – нормада. Масканы ал, жүйеге қоссақ болады, – деп сабырлы үнмен хабарлады.
Анестезия – толық бақылауда. Денесі ұйқыда, жаны аманатта. Алмагүл апа, өмір мен өлім арасындағы алтын көпірде, сенімді қолда еді.
Тура сол сәтте, бәрі өз арнасымен дайындалып жатқанда, операциялық есік сықыр етіп ашылып, ішке екі травматологтар кіріп келді. Олардың әр қадамы – жатталған, әр қозғалысы – нақышына келтірілген бейне бір көне шежіредегі шеберлердей.
Операциялық мейірбике – ұзақ жылдық тәжірибесі бар, жүзінде салқын байыптылық байқалатын шебер әйел – ешбір артық қимылсыз бірден оларға қарай бет алып, стерильді халаттарын жайып ұсынды. Бірі қолын көтергенде, екіншісі иық бұрып, халат киілді, соңынан шебер қозғалыспен қос-қостан қолғаптар кигізілді.
Тыныштық орнаған залда тек құрал-сайманның салмақты сыбдыры ғана естіліп тұрды. Олар бір-біріне үнсіз ишара жасап, науқастың жаралы аймағын қарап, жара шеттерін антисептикпен мұқият өңдеп шықты. Осы сәтте жарық сәулесі дәл жараға түсіп, теріден босаған қан мен сіңіп қалған жарақат ізі бір сәтке уақыттың да тынысын тежегендей болды.
Сосын, еппен, ақырын стерильді жаймамен (простыньмен) жабылды Алмагүл апамыздың денесі. Бұл – ота алдындағы үнсіз ант беру іспетті рәсім. Аяқталды. Жүректер соғып тұр. Қолдар дірілсіз. Енді кезек – шипа жолындағы күреске келген шын шеберлікке.
Барлық қозғалыс нақтылықпен орындалып жатты. Енді залда тыныштық орнап, тек аппаратуралардың бірқалыпты шиқылы мен экрандағы өмірлік параметрлердің ырғақты соғысы естіліп тұрды.
Осы кезде реаниматолог сәл еңкейіп, науқастың көктамырына тағы бір мәрте көз жүгіртті. Барлығы дайын. Енді бастауға болады.
Операциялық залда барлығы дайын. Аппараттар үндемей бақылауда, тыныс толқынындай ырғақпен витальды белгілерді тіркеп тұр. Травматолог сол сәтте бір қадам алға шығып, тыныштықты жарып, жуан дауысымен, қателесудің алдын алатын, операция алдындағы тайм-аутты бастады.
– Назар аударайық, бастаймыз, – деді ол дауыстап, бәрі бір сәтке тоқтап, оған қарады.
Травматолог айқын дауыспен сөзін жалғастырды:
– Науқастың аты-жөні: Қошқарбайқызы Алмагүл. Жасы – 83. Диагноз: оң жақ сан сүйегінің жабық, орын ауыстырған сынығы.
Реаниматолог сәл бас изеп, мәліметті растады.
– Жасалатын операция: жабық репозиция және остеосинтез. Операция оң жақ жамбас аймағында, – деді травматолог, стерильді қолын науқастың оң сан тұсына қарай бағыттап көрсетті.
– Жараның орны мен жағынан бәрі сәйкес пе? – деді екінші травматолог.
– Иә, оң жақ. Барлық құжаттармен сәйкестендірілді, – деді травматолог.
– Аллергиясы және басқа сезімталдығы? – деп сұрады анестезиологқа қарап.
– Медициналық карта бойынша жоқ. Дәрі-дәрмекке айқын реакция тіркелмеген, – деп жауап берді анестезиолог.
– Қан тобы мен резус факторы? – деді қайта қарап.
– 0(I) бірінші, Rh(+) оң. Қан дайындауда, қажет болған жағдайда резервте екі бірлік эритроцитарлық масса, – деп жауап берді анестезиолог.
– Инструменттер толық па? Импланттар тексерілді ме? – деді операциялық мейірбикеге қарап.
– Иә, барлық құралдар толық, остеосинтезге арналған пластина мен бұрамалар дайын, стерильді, – деді операциялық мейірбике.
– Антибиотиктік профилактика? – деп анестезиолог көз қиығымен сағатқа қарады.
– 20 минут бұрын енгізілді – цефазолин 1 грамм көктамырға, – деп анестезист мейіргер нақты жауап берді.
Осы кезде бәрі үнсіз қалды. Залдағы әрбір адам көзқарасымен келісімін беріп, басын изеді.
– Онда бастаймыз, разрезге рұқсат па – деді травматолог анестезиологқа қарап.
– Жоқ, 2 минут! – деді анестезиолог.
– Фентанил, 100 микрограмнан, көктамырға баяу салыңыз, – деді ол қасындағы анестезист мейірбикеге. Даусы – сабырлы, бірақ бұйрықтан тайынбайтын сенімді үн.
Анестезист мейірбике «ия» дегендей басын изеп, мөлдір ампуланы ашып, шприцке дәлдікпен мөлшерлеп толтырды. Саусақтары еппен қимылдап, көктамырға инені кіргізді. Сол сәтте, фентанил бойымен тарай берді — жүрек соғысы сәл бәсеңдеді, тыныс тұрақталды. Жан тыныштығы сезілгендей болды.
Осы бір сәт — үнсіздік пен сенімділіктің тоғысқан тұсы еді. Аппараттарда тыныс толқыны ырғақпен тербеліп тұр. Алмагүл апаның жүрек соғысы – бәсең, бірақ батыл.
Анестезиолог траматологқа қарап, қалың тыныштықтың ішінен:
– Бастаңдар! – деді рұқсат беріп.
Осы сәттен бастап, уақыт пышақ жүзімен кесіле бастады. Операция басталды.
Стерильді халаттарымен иықтарынан төгіліп тұрған ақ матаны сәл түйреп, алғашқы травматолог:
– Скальпель, – деді сабырмен.
Операциялық мейірбике абайлап, жүзі жарқ еткен құралды ұсынды. Бұл жарық – күн астындағы семсердің ұшындай лып ете қалды.
Травматолог теріге белгіленген сызық бойымен алғашқы кесуді жасады. Жіптей тартылған тері сызылып барып, ақ жайнаған тіндер ашыла берді. Екінші хирург құралдарын дайындап, жараны сәл тарқата беріп, көрінген бұлшықеттерді өңменінен өткізе қарап:
– Міне, сынған сан сүйек осында, – деді күбірлей. Дәл осылай ай бойы қараңғыда жатқан көмбені жарыққа шығарған археологтай.
Жара айналасын тыныш әрі мұқият өңдеп, қан ағып кетпесін деп қысқыштарды орналастырды. Қан айналымының әр тамшысын – сарқыттай көріп, ыждаһатпен тоқтатты. Жара төсіне жайылған стерильді драптар – тіптен жамылып жатқан ақ нұр секілді еді.
Бір сәтке бәрі үнсіз қалды – бұл үнсіздік күрделі жолдың бастауындағы дұғадай естілді.
– Түйреу мен бекітуге көшеміз, дайын болыңдар, – деді басты травматолог. Оның дауысы желдің екпініндей, сенімді әрі анық естілді.
Осылайша, адам тәнінің нәзік әлеміне жасалған жорық басталып кетті.
... Жасанды тыныс алдыру аппаратының ырғағы ақырын ғана соғып тұр. Алмагүл апамыз сол дыбыстардың арасынан кенет – өзге бір әлемнің үнін ести бастағандай болды. Бұл – тереңнен, жүректің түбінен көтерілген үн еді. Көңіл пернесін дір еткізген сол үн оны артқа – өткеннің тылсым иіріміне тартып ала жөнелді.
Көз алдына алыста қалған Арыс өзенінің жағасы елестеді. Бұл өзен – ертегідей көркем, мөлдір де мейірімді еді. Оның жағасында көктемде шоқ-шоқ болып гүлдейтін қызғалдақтар мен жусан исі терең тыныс тарттырмай қоймайтын.
Сол бір мамыражай күн еді. Көкте көгершіндер қалықтап, жер бетінде көк орай шалғын жібек болып төселіп жатқан-ды. Жағада сыңғырлай аққан өзен суының үні мен аспандағы бозторғай үні үндесіп, әлем ерекше бір күйге енген.
Жас Алмагүл жасыл шөпке отыра кеткенде, дәл қарсы жағынан бір бозбала келіп тоқтады. Оның иығына киген көкшіл гимнастеркасы мен күнге күйген жүзі бір көргеннен жүрекке ұялаған. Бойы сұңғақ, көзі мөлдір, өзі үнсіз тұрса да, сол үнсіздігімен-ақ көп нәрсені айтып тұрғандай еді.
– Саламатсыз ба, қарындас? – деді ол сәл жымиып.
Сол сәтте, су бетінде күннің сәулесі шағылып, Алмагүлдің жанарын тік жарық шалғандай болды. Бірақ әлгі жігіттің жымиысы жүрегіне тікелей құйылғандай, бір ыстық толқын бүкіл бойын шымырлатты.
– Менің атым Жанайдар, – деді ол тағы да. – Көктем сайын осы өзенге келіп, ой жинаймын.
Алмагүл де абыржып тұрып:
– Мен Алмагүлмін... – деді. – Бұл жерге алғаш келуім.
– Онда бұл жер сізге енді әркез таныс болып тұрады, – деді бозбала, – себебі бүгіннен бастап бұл жерде бір естелік қалды.
Сол сәтте көкте күн күлімдеді, өзен бетінде аққулар көрінгендей болды. Жел самалдай ғана ескенде, Алмагүлдің шашы желбіреп, жүрегі дүрсілдеп, тіпті айналадағы әлем де демін ішіне тартып, осы екі жас жанның табысқан сәтіне куәгер болғандай еді.
Ол сәт – жастықтың ең қымбат, ең кіршіксіз мезеті еді. Күннің нұрымен алтын жалатылған Арыс жағасы Алмагүл үшін махаббаттың алғашқы мекені, өмірінің бастауы болып қалды.
Ал дәл қазір, өмір мен өлімнің арасындағы аумалы сәтте, Алмагүлдің жаны сол жерге оралды. Сол бозбаланы көрді. Сол күлкіні естіді. Кеудесі шымырлап, көзінен жас мөлтілдеп ағып жатты...
Аппарат үнсіз соғып тұрды, бірақ Алмагүл апамыз – өткеннің ең тәтті жерінде жүр еді...
... Көктемгі Арыс жағасындағы алғашқы кездесуден кейін, Алмагүл мен Жанайдардың тағдыры ажырамас арнаға айналды. Олар сол өзен бойында жиі кездесіп, бірге шөп үстінде жатып аспанға қарап әңгіме айтатын. Бірде күн қызарып батқанда, Алмагүл жасыл шалғында отырып:
– Сен неге әркез үнсіз көп қарайсың? – деді еркелікпен.
Жанайдар күлімсіреп:
– Себебі мен сенің көзіңдегі барлық сұрақтың жауабын жүрегіммен естіп тұрам, – деді. – Сөйлескен сайын біз алыстай береміз деп қорқам. Ал үндемей қарағанда, мен сені өзіме жақын сезінем.
Бұл сөз Алмагүлдің жас жүрегіне алтын әріппен жазылып қалды. Олар сол өзеннің қасында өз армандарын, болашақ балаларының есімдерін ойлап, күлкіге қарық болатын.
– Егер қызымыз болса – Аңсаған дейміз, – деді бірде Алмагүл. – Себебі сені аңсағанымда келдің, мен сені аңсап таптым.
Жанайдар шөп арасындағы кішкентай гүлді үзіп, оның шашына қыстырып жатып:
– Аңсаған... Ол есім жүрекке жақын. Егер тағы бір қызымыз болса, оны Айман дейміз. Айдай аппақ болсын, – деп күлді.
Уақыт өте олар Арыстан алыстап, жаңа қалаға – Астанаға көшті. Бірақ Арыс өзені – олардың жүрегінде сақталған бір шөлмектегі хат секілді еді. Жанайдар кешкілік үйдің терезесінен қарап тұрып:
– Есіңде ме, Арыс жақта шөп арасында жатып, жұлдыз санап едік? – дейтін.
– Есімде, – деп күлетін Алмагүл. – Бірақ сен сол кезде әр жұлдызды ат қойып, бәрін қыз қылдың ғой.
– Себебі сенімен бірге тек қыздар жайлы армандағым келді, – дейтін Жанайдар.
Қызы дүниеге келгенде, Алмагүл көз жасын тыя алмай жатып:
– Аңсаған... сенің атыңды өзі алып келдің... – деді.
Жанайдар оны құшақтап:
– Біз енді үшеумізбіз. Бұл әлем бұрынғыдан да әдемі, – деген.
... Қазір міне, Алмагүл наркозда жатып, сонау жылдардағы шуақты күндерді санасында қайта сүріп отыр. Ол күйеуінің жүзін анық көрді. Көздерінде баяғыдан өзгермеген мейірім. Тіпті оның дауысын да естіді:
– Қорықпа, жаным. Мен сені күтіп жүрмін. Тағы да шөп арасында жата жұлдыз санаймыз. Бірақ асықпа. Қызың сені әлі қажет етеді.
Алмагүлдің көз жасы кірпігінен ағып бара жатты. Жан дүниесі терең бір тыныштыққа еніп, ауырсыну мен қорқыныштан алыстай берді...
Осы сәтте салқын әрі стерильді тыныштық орнаған операциялық залда аппараттардың үні ғана естіліп тұрды. Кенет, мониторға көз тастап тұрған анестезиолог көз қиығымен Алмагүлдің бетіне қарап қалды. Жаңа ғана бейжай жатқан апаның көзінің ұшынан бірнеше тамшы жас сырғып түсті.
Анестезиолог абыржи қасына келіп, жарықтың астында жатқан бетке еңкейіп:
– Көзінен жас... Бұл не? Ауырсыну ма, анестезия толық емес пе? – деп сыбырлап өз-өзіне сұрақ қойды.
Ол бір сәт үндемей қалды. Мұндай сәттер медицинада жиі кездеспейді – наркозда жатқан науқастың көзінен көп жас ақса, бұл – анестезияның жеткіліксіз болуынан да болады.
– Мейірбике, қан қысымын, жүрек ырғағын қайта тексерші. Реакция бар ма? – деді дауысын бәсеңдетіп.
– Қан қысымы тұрақты, пульс те нормада... – деп мейірбике жауап берді.
Анестезиолог тағы да Алмагүлдің жүзіне қарады. Онда тек қарттық пен аурудың ізі емес, терең бір сағыныштың, өткен өмірдің шежіресі жатқандай еді.
– Бұл – көз жасы ауырсынудан емес, жүректің ескі парағын ақтарған сезімнен... – деді ішінен.
Ол қолымен ақырын апаның маңдайынан сипап:
– Қорықпаңыз, апа. Біз сізді басқа өмірге жібермейміз... – деді мейіріммен.
Аппараттар үнсіз бақылап тұрды, ал операциялық залда... жүрек үнін есту үшін тыныштық орнағандай болды.
Операция аяқталған кезде, операциялық залда ұзаққа созылған тыныштық орнады. Соңғы шов қойылып, құралдар шетке ысырыла бастады. Травматологтар бір-біріне көзбен ғана келісіп, жара орнының тазалығын тексеріп, таңу процедурасын аяқтады.
– Успешно, – деді травматологтардың бірі жеңіл дем алып. – Барлығы протоколға сай өтті.
Анестезиолог та витальды көрсеткіштерге көз жүгіртті. Қан қысымы тұрақты, жүрек ырғағы қалыпты, тыныс алу реттеліп тұр. Бұл – ең жақсы нәтиже.
– Реанимацияда кешке Дексдор инфузиясын қосу керек, түнде тыныш ұйықтап, делирий болмасын, – деп мейірбикеге тапсырма берді.
– Көзін әзір ашпағанмен, бәрі жақсы, – деді анестезиолог, Алмагүлдің алақанына қарап. Саусақтары сәл ғана қимылдағандай болды.
Операциялық мейірбике барлық қолданылған құралдарды санап, есепке алып, стерильділік бұзылмағанын растады. Барлығы тәртіппен, жинақталып, тазалыққа оралды.
– Науқасты реанимацияға түсіреміз, – деді анестезиолог. – Оянған соң жанына қызын кіргіземіз.
Каталка қайта қозғалды. Баяу ғана, бірақ бұл жолы – өмірге қайта апара жатқан жолмен. Реанимацияға өз керуетіне жатқызып, өзі дем ала бастағанда ауызындағы трубкасын алып тастады.
15 минуттан соң Алмагүл толық оянды. Көзін ашқанда алдымен төбеде жарқырап тұрған шам көзін қарық қылды. Бірақ нағыз үрей – аузында тұрған түтік болды. Ол дем ала алмай, көкірегі қысылып, тұншығып бара жатқандай сезінді. Қимылдағысы келді, бірақ денесі ауыр, дәрі әсерінен әлсіз еді.
– Апа, ояндыңыз ба? – деген жылы үн жанынан естілді. Бұл медбикенің үні еді. – Аузыңыздағы түтік дем алуыңыз үшін. Енді қажет болмаса, алып тастайын ба? Мені естіп тұрсыз ба? Естіп тұрсаңыз, менің саусағымды қысыңыз.
Медбике Алмагүлдің алақанына өз саусағын ұстатты. Бірнеше сәт үнсіздік орнады. Бірақ кенет Алмагүл әлсіз болса да, саусақты қатты қысып қалды.
– Жақсы! – деді медбике қуана. – Енді түтікті аламын. Терең тыныс алмаңыз, жай ғана дем алыңыз.
Ол мұқият әрі тез әрекет етіп, эндотрахеал түтікті алып тастады да, дереу мұрнына оттегі беретін канюляны қойды. Алмагүлдің көзі жыпылықтап, жан-жағына қарап, қайда жатқанын ұғына бастады. Ақ төсек, аппараттардың дыбысы, қабырғадағы мониторлар – бұл реанимация еді. Бір сәтке жүзіне үрей мен тыныштық қатар ұялағандай болды.
Дәл осы сәтте есіктен анестезиолог кіріп келді. Жағдайды бақылап тұрған мейірбикемен көзтаныс боп, Алмагүлге жақындады.
– Апа, қалайсыз? Қатты қорықтыңыз ба? Барлығы сәтті өтті. Енді сіз қауіпсіз жердесіз. Ұйықтай беріңіз, бәрі артта қалды, – деп жай дауыспен сөйлеп, иығына жеңіл ғана қолын қойды.
Алмагүл анестезиологқа қарап, көзін жұмып, ризалықпен демін алды. Жылағандай, бірақ енді бұл – тыныштықтың, жанның қайта оралғанының көз жасы еді.
Осы сәтте реанимация бөлімінің есігі ақырын ашылып, ішке ақ халатты, қолында папкасы бар пульмонолог дәрігер кіріп келді. Қызыған көздерінен жасын сүрту үшін реанимациялық палатаға кірер сесік алдында бірер минутқа тоқтады. Терең тынысын алып, салмақты қадаммен науқасқа қарай жақындап, мониторға көз жүгіртті.
Анестезиолог Алмагүлдің жағдайының тұрақтанғанын көріп, жеңіл дем алды да, пульмонологқа қарап жымиып:
– Қош келдіңіз, әріптес! Науқас аман, оянып үлгерді. Қалғанын саған тапсырам. Мен... рұқсат болса, бір кофе ішейін, – деді әзіл аралас әңгімемен.
– Іше бер, лайықты демалыс, – деді пульмонолог жылы жымиып, науқастың тыныс көрсеткіштеріне үңіліп. – Мында енді мен бас-көз болам.
Анестезиолог басын изеп, шын жеңілдеген кейіппен реанимациядан шығып кетті. Ал палатада тыныштық орнап, тек монитор дыбысы мен ақырын тыныс алған Алмагүлдің өмірге қайта оралғаны сезіліп тұрды.
Пульмонолог дәрігер үнсіз келіп, апаның жанындағы орындыққа жайғасқанда, палатада бір сәтке тыныштық орнады. Монитордың бірқалыпты дыбысы, оттегі канюлясынан ақырын ышқыра соққан ауа ғана бұл тыныштықты бөліп тұр. Дәрігер байсалды үнмен:
– Қалдарыңыз қалай? Еш жерініз ауырып тұрған жоқ па? – деп сұрады.
Алмагүл бір сәт үнсіз жатып, күбірлей шыққан әлсіз үнімен:
– Жақсымын... Жүрегім соғып тұр, жаратқанға мың шүкір... – деді.
Сөзінің аяғында үні дірілдеп, көз ұясында мөлдір тамшы дір етті. Ол дәл осы сәтте өз өмірінде осылай біреудің жай ғана «қалайсың?» дегеніне қатты зәру болғанын түсінді. Жай ғана мейірімді дауыс, адами жанашырлық… жүрегіне шипа сияқты тиді.
Осы кезде көзі қарсы алдында отырған пульмонологтың жүзіне түсті. Үнсіз қарап отырып, әлденеге елең еткендей сыбырлады:
– Қарағым... Көзің... тым мұңды... тым таныс…
Пульмонологтың көздерінен өзіне бағынбай жас моңшақтап домалай кетті. Бұны көрсетпей үшін терәс қарап жастарын ақ халаттын женімен сүртіп алды.
– Сенің көзің... тура менің қызымдікі сияқты. Жарығым... ол да дәрігер боламын деп армандайды. Әлі бала, бірақ жүрегі... сенікіндей нәзік. Біреудің қабағы түссе, соған уайымдап, үйдегі барлық қуанышты ұмытып кететін… Сен де сондайсың ба, қарағым?
Пульмонолог көзін тайдырып әкетті. Бірақ Алмагүл оның көзіндегі терең сезімді байқап үлгерді.
– Ол бала кезінен-ақ өзгеге қол ұшын бергісі келіп тұратын. Бір күні далада бүрсеңдеп отырған мысықты көріп, көрпесін алып шығып, жапқан. Сонда мен түсінгем: бұл бала – адамдар үшін жаралған… Сенің де жаның сондай-ау... бірақ... көздеріңде... бір қасіретті сағыныш тұнып тұр. Сен мейірімдісің, бірақ өзіңе мейірім жетпеген сияқты…
Бұл сөздер пульмонологтың жүрегіне қанжардай қадалды. Кеудесінде тығылып жатқан шердің қақпағы ашылып кеткендей, демін ішке тартып, көздері боталап, жанарынан еріксіз жас ыршыды. Бұл жолы аққан жас моншақтарын Алмагүлден жасырмады.
– Бірақ сен жақсы дәрігерсің... – деді Алмагүл күлімсіреп. – Мен саған аман-есен жетіппін ғой... демек, бұл кездейсоқ кездесу емес...
Дәл осы сәтте дәрігердің бүкіл жан дүниесі сілкініп, өзін-өзі ұстауға шамасы жетпей, дауысында діріл пайда болды. Кенет орнынан тұрып, апаның қолын қос алақанына алып, көз жасына тоқтаусыз ағуына ерік беріп, Алмагүлдің қолын сүйе бастады.
– Мама... Мен ғой... Мен – сіздің қызыңыз Аңсаған... – деп дірілдеген дауысымен сыбырлады.
Сосын бүкіл жан-тәнімен:
– Мама!!! – деп еңкілдеп жылап жіберді.
Бұл жылау – тек сағыныштың емес, ұмыт қалған, жоғалған жылдар үшін, аман қалған махаббат үшін, естеліктің түнегінен тірі шыққан үміт үшін еді. Оның дауысы – жүрегінің қақ ортасын жарып шыққан, бала болмыстың шырқыраған жан дауысы еді.
Алмагүл сасқалақтап, түк түсінбей, күмәнді көзбен қарап:
– Қарағым, не айтып тұрсың?.. Менің қызым әлі кішкентай... Төрт-ақ жаста... Сен кімсің? – деді, даусы бозарып.
Дәрігер көз жасын сүрте:
– Жоқ, мама... Сен ауырып қалдың. Сен ұмытып қалдың... Күніге бірге тұрамыз ғой. Ал мен өстім. Мен дәрігер болдым. Сен мені осы жолға салдың. Сенің арманыңды орындадым... мен сені таптым, мама... мен сені бүгін қалай іздегенімді білсен... Мен дүкенге барып келгенше неге шығып кеткенсін? Неге өзінмен бірге телефонынды алып кетпегенсін? – деді өксіп.
Бұл сөздерден кейін Алмагүл: «Мынау кім» – деп, бірер минуттай жақтырмай отырып, бір сәтте көзі жайнап, беймәлім бір ескі бейнені іздегендей жан-жағын шолып, кенет тұла бойы шымырлап:
– Қызым... – деді, жүрек түбінен шымырлап шыққан ең қасиетті үнмен.
– Қызым!!! – деп тағы қайталады, көз жасы еріксіз сорғалап. Қос жанарымен қызын шынайы тани бастағандай, көкірегінен сағыныш пен аналық мейірім бірдей атылып шықты.
Екеуі үнсіз құшақтасты. Бұл құшақ – тек кездесудің емес, ұмыт болған аналық махаббаттың қайтадан өмірге оралған сәті еді. Бұл – жүректердің қайта табысуы еді.
Палатадағы алыстан бақылап тұрған мейірбике көздеріне жас алып, үнсіз бұрылды. Ол бірнеше минутта – адамзат тарихындағы ең шынайы құндылыққа куә болды: ананың баласын қайта тануы мен баланың анасын өайта тануына қанша күш жоғалтатынына.
Бұл кездесу – тағдырдың сыйы, Жаратқанның мейірімі, ал жүректер – енді ешқашан бөлінбейтіндей бірге соғып тұр еді.
Осы бір жүрек шымырлатар сәтте палата есігі сықырлай ашылып, ішке анестезиолог кіріп келді. Ол көз алдына жай ғана клиникалық палата емес, уақыттың тоғысқан жерін, тағдырлардың қайта түйіскен киелі сәтін көргендей, бір сәтке аялдап қалды. Тыныштықтың ортасында көз жасына ерік берген пульмонологты көріп, ол абайлап, жұмсақ үнмен:
– Дәрігер ханым, рұқсат болса, сізден бес минуттай... шығуыңызды сұрасам, – деді. Даусы ілтипатты, ал жанарында уайым мен кәсіби салқынқандылықтың көлеңкесі бар еді. – Апаның жағдайын тұрақтандыру үшін аздап тыныштық қажет...
Пульмонолог көз жасын асығыс сүртіп, басын изеді. Жүрегінің тереңінде бір нәрсе сынып жатқандай. Ол орнынан тұрып, апаның алақанын соңғы рет баяу сүйіп:
– Мені кешіріңіз... – деп сыбырлады.
Содан кейін, сәл еңкейіп, бетін сүймекші болып жақындай бергенде, Алмагүл әлсіз ғана қозғалып, жүзін теріс бұрып жіберді. Бұл деген Алмагүлдің қайта қызын ұмытып қалғанының және ауыруының күшейгенінің белгісі еді. Алдағы 1-2 жылда енді ешкімді танымай, жетім баладай жалғыздықта өмір сүретінінің куәсі еді.
Пульмонологтың жанын бұл әрекет шоқтай қарып өтті. Үмітпен жақындаған анасынан алыстаған бұл сәт – енді ғана енген жарықтың қайта сөнгеніндей болды. Көзіндегі жас қайта ағып, ол үнсіз бұрылып, ауыр жүріспен есікке беттеді.
Сол сәтте... жұмсақ төсекте жатқан Алмагүлдің жүрегі дір етіп, терең бір түкпірден сырғып шыққан таныс есімді сыбырлады:
– ... Аңсаған...
Бұл – тек есім емес еді. Бұл – ананың жүрегінде жылдар бойы сақталып қалған жалғыз үміттің жарқ еткен дауысы еді.
Пульмонолог есіктен енді шыққалы тұрған тұста, бұл сыбыр құлағына тигенде, бүкіл денесі дір етіп, жалт бұрылды. Көзі шарасынан шыққандай, даусын таныған баладай:
– Мама?! – деп жылап, бала секілді апасына қарай жүгіре жөнелді.
Жаңа ғана есіктен алыстаған бейне енді апасының төсегіне құлай кетіп, иығына басын сүйеп, шырылдап жылады. Оның бұл күйі — бүтін өмір бойғы сағыныштың, жетімдік жылдарының, жүректегі тастай салмақтың ағытылған ағысы еді.
Алыстан үнсіз қарап тұрған анестезиологтың жан дүниесі де төңкеріліп кеткендей болды. Бұл көрініс — барлық медицинадағы тәжірибелер мен хаттамалардан биік, адам жанының ең шынайы емі секілді еді. Ол көзінің шетінен еріксіз аққан жасты сүртпек болғанда, қасына бөлім меңгерушісі жақындады. Бір сәт үнсіз тұрып, барлығын көріп тұрған меңгеруші анестезиологтың иығына қолын қойды:
– Жүр... жетеді бүгінге, — деді үнсіз ғана.
Анестезиолог басын изеді. Екеуі үнсіз шығып бара жатты. Артта – ана мен қыздың шексіз сағынышы, көз жасымен бірге қайта оралған махаббат қалды. Бұл – медицинаның да, уақыттың да шеңберінен тыс, мәңгілікке жазылған махаббат хикаясы еді.
Оқиғаның соңы.
Бұл – бір отбасының ғана емес, бүтін адамзаттың жүрекке салмақ салатын шындығы. Альцгеймер – жадты ғана емес, тұтас тағдырды жұтып қоятын ауру. Анасы – Қошқарбайқызы Алмагүл, 1940 жылы туған (аты-жөні өзгертілген). Қазір ол кім екенін, қайда екенін есіне түсіре алмайды. Өз үйінің босағасын, өз қызының жүзін, өз атын ұмытады. Бұл тек есте сақтау емес – болмыстың сөніп бара жатқан шамы. Кезінде тіршіліктің отын маздатқан мейірім иесі, бүгінде бір мезетте ғасырлар алшақтығына кеткен бейне сияқты.
Оның қызы – Қайзерен Аңсаған (аты-жөні өзгертілген), пульмонолог дәрігер. Өзі күнде жүздеген адамның демін жеңілдетеді, бірақ өз анасының есте сақтауынан айырылғанын тоқтата алмайды. Бұл – ең ауыр дәрменсіздік.
Бұл оқиға – уақыттың жеңісі емес, махаббаттың сынағы. Егер сіз көшеде жылы жүзді, бірақ жанары адасқан Алмагүл ананы көрсеңіз – бұл жай ғана бір қария емес. Бұл – бір отбасының жүрек үміті.
Осы прозаның жазылуына рұқсат берген ең мейрімді пулманолоғқа алғысымды білдіремін!
«Альцгеймер – бұл адам өз өмірін көз алдында жоғалтып, өз үйінде адасып, өз баласын бөтен көріп, өзінің кім екенін ұмытып қалатын үнсіз ажал...»