Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Бисембайдың бақыты
666
оқылды

Авторы: Ақбөкен

 

Күннің ыстығы жазық даладағы сай-саланың барлығын дерлік әлдеқашан құрғатып біткен. Мамырдағыдай емес, басын жел қозғаған жусанның өзі көңілсіз тербеледі. Тұяқ тиген жерден бұрқ еткен шаң дем жұтқысы келгендей ауада біраз тұрып қалады да, баяу қалқып ұшы сарғая бастаған шөптің үстіне қайта қонады. Меңіреу даладағы көз тоқтатарлық көрініс осы ғана. Ара-арасында «ұстай алсаң, қуып жет!» дегендей, адам бойымен шамалас тентек құйын зу етеді де жоқ болады.

Бір ауылдың қойын бір өзі бағатын Бисембайдың көз алдында өмір осылай өзгеріссіз өтіп жатқанына бірнеше жыл болып қалды. Кезінде совхоздың малын баққан әке баласына тышқақ лақ та қалдырмады. Төбесін қамыспен жапқан тоқал тамнан басқа мұра еткен ештеңесі жоқ. Қызыл үкімет үшін жанын сала жұмыс істеген жарықтық жалғыз баласына қамшы ұстап қой соңында салпақтауды да жарытып үйретпеді ғой, шіркін.

Бірақ Бисембай бүгінгі күйіне еш налыған емес. Күн сайын атқан таңына алғысын жаудырып, көкжиектен сығалаған қызыл шапақ ағарып, айнала жарқырай бастаған тұста ауыл шетіне жиналған бес жүздей қойды алдына салып өріске қарай тартып отырады. Ауылға қойды сол кеткеннен күн тас төбеге көтерілгенде бір-ақ қайырады. Онысы – амалдың жоқтығынан. Жаз басталғалы көктен тамшы тамбай, аңқасы кепкен айдалада жұтарға су қалмағандықтан уақ жандық ауылға келіп шөл басуға мәжбүр. Осындайда сайсыз, саясыз жазық даланы құдды қатігездіктің бір мысалы дерсің!

Міне, бүгін де қойды аман-есен ауылға жеткізіп, салқын суға мейірі қанған Бисембай үйінің көлеңкесінде маужырап жатыр. Тамақ дайын болғанша аз-кем уақыт осылай белін жазатыны бар. Өрістен келісімен астына мінген кәрі атын суарып, ер-тоқымы мен жүгенін сыпырып ашық қораға бос жіберген. Оған да өкпе жоқ, дамылсыз жүрсе де, далаға тастаған кезі болмады. Ол болмаса, қойды қалай бағар еді-ау?! Ал қой соңынан далаңдап жаяу ерудің қорлығын Бисембай жақсы түсінеді.

Әке-шешесі араға үш-төрт ай салып бірінен соң бірі о дүниелік болған жылдары ауыл поштасынан ай құрғатпай келіп тұратын зейнетақы да сап тыйылған. Бүкіл үйдің жыртығын жамап келген азын-аулақ ақшаның тоқтағаны шолжаң өскен Бисембайға қатты батты. Жасы қырыққа таяғанша тұрақтап жұмыс істеп көрмеген ол үйдегі қатын-баланы асырау керектігін сонда түсінді. Алыс-жақындағы ағайын мен дос-жараннан қызмет сұрастырғанмен, ешқайсысынан мардымды жауап келмеді. Шынын айтқанда, ешбірі жұмысқа қыры жоқ Бисембай үшін өз мойындарына жауапкершілік алуға ынталы болған жоқ. Ол да өзінікін түсініп, арқасын қаратқандардың артынан жүгіре қоймады. Көп ұзамай қораның бір бұрышында ілулі қалған екі өрім қамшыны қолына алып, ауылдың қойын бағуға кірісті. Әкеге тартқаны рас болса, әлі-ақ осы жолда абырой жинайтынына сенді. 

Көліктің жоқтығынан алғашқы жылы қой соңында жаяу далақтап шаршайтын. Кешке үйіне жеткенде борбайынан әл кетіп, тамақ ішер-ішпестен салулы төсекке құлай кетуші еді. Кейін ауылдағы соғысқа қатысқан көзі тірі жалғыз шалды балалары қалаға әкететін болып, көк есегін Бисембайға сыйлап кеткен еді. Содан бастап Бисембайдың жүдеу көңілі жаздай жадырап, бір қуанып қалған. Бірақ арада ай өтті ме, өтпеді ме әлгі көк есекті бұралқы иттер талап өлтірді. Қойды көлікпен бағып үйреніп қалған ол бір-екі күн жаяу жүрді де, әйелінің күңкілін құлаққа ілместен үшінші күні жинаған ақшасына көрші ауылдан құнан сатып алған. Мініске алғандықтан, оны сол бойда піштіріп тастады. Ат мінген есек мінгендей емес екен, бойыңды тіктеп, басыңды жоғары көтеріп ұялмай жүре аласың. Ер үстінде отырып қамшыны қолыңа қысып ұстап, жаяу адамның үстінен төніп сөйлегенге не жетсін?!

Содан бері он жылдай уақыт зымырап өте шыққан екен. Әуелгі кезде басын биік ұстайтын ат бұл күні шыбындағанда болмаса, қамыс құлағын ерден асырмайды. Құдды сол қалпында қой соңынан ілбіп жүру тумай жатып-ақ пешенесіне жазылып қойғандай. Қазір әбден қартайған. Қамшылағанның өзінде аяғын баспайтын болған. Биыл сойып алмаса, алдағы қыстан аман шығуы да екіталай.

Бисембайдың күнде көлеңкеде жатып ойлайтыны – осы, көлік мәселесі. Он жыл мінген сенімді серігіне ескерткіш қойса да жарасады. Әттең, астында темір тұлпары болса... кәрі атты соймай-ақ, еркіне жіберуге дайын. Кейде қу далада қызыл мотоциклмен жылқы қуып немесе аң аулап жүрген жігіттерді көргенде іші удай ашиды. Арманы «Планета» еді ғой! Өзі «Урал» сияқты ауыр да емес, қарғып мініп шаба беруге болады. Тез сынатын «китайский» көліктерден мың есе артық! «Советский» сапаға тең келер не бар дейсің?!. Атауының өзі неге тұрады, ә? «ПЫ-ЛА-НЕ-ТА»! 

Бірақ қанша жыл солай армандағанмен, қой соңында жүріп тапқан ақшаның өз орны бар. Бала-шағаның тамағы, киім-кешегі дегендей. Қашан байығанша кәрі атты мініп жүре беруге тура келді.

Тіпті, балаларын еркелеткен кездері оларға осы мотоцикл туралы қиял-ғажайып әңгімелер айтып, аузын аштыратын. Бірде бірге киік қуамыз десе, келесіде артына салып алып бүкіл Қазақстанды араламақшы болады. Осындай мазмұндағы бір-бірінен айнымайтын әңгімелерді төрт баласы да естіген. Бірақ ешқайсысының осы сәтке дейін қос дөңгелекті көлікпен «құйын қуған» кезі болған емес.

Осылайша мотоциклді армандап жүрген Бисембай бірде астындағы кәрі атынан да айырыла жаздаған...

Былтыр «шалдың баласы» атанып кеткен үлкен ұл жиырмаға толып, келін түсірмекші болған. Ағайын-туыс «ерте үйленіп не табасың?» деп жатқанда бұл баласының бетінен қақпай, рұқсатын берген. Тоқал тамнан келінге арналған бір адамдық орын табылар деді. Бір қасық су мен бір үзім нанын қызғанғысы келмеді. Оның үстіне, бұрын өзі де жиырма жасында үйленем дегенде әке-шешенің қарсылығына тап болған-ды. 

Баласының келін әкелгені туралы сүйінші хабарды қойда жүріп естіген. Ат үстінде маужырап келе жатқанда велосипед мінген көрші үйдің баласы бұған алыстан айқайлап жетті. 

– Сүйінші, Би аға! Сүйінші!

– Ал айта ғой, сүйіншіңе не берейін? – деп қалтасын қармай бастаған. Бірақ қолына бір-екі құрт пен сіңбірігі сіңген салтақ-салтақ орамалынан басқа ештеңе ілінбеді.

– Алдымен сүйіншіңізді беріңіз! Сосын айтамын, – бала ентігіп тұр.

– Ойбай-ау, астымдағы кәрі атымды алмасаң немесе суырып жанымды алмасаң, саған беретін қазір ештеңем жоқ, қарағым.

Оған көнетін бала жоқ.

 – Аға, бұл – үлкен қуаныш, беріңіз сүйіншімді!

«Үлкен қуаныш» дегенді естіген Бисембай «Мә!» деп айдағанға әрең жүретін кәрі атын ұстатып жіберуге шақ қалды. Онысының қателік болатынын сол бойда түсіне қойды да, ойын жинақтап үлгерді. Өлген әке-шешенің көрден тұрып кетпегені анық. Аяқ астынан табылатындай жоғалған жекжат-жұрағаты тағы жоқ. Сонда не болу мүмкін? Жақында ғана айтылған келін туралы әңгімені Бисембай сол жерде ұмытқан еді.

– Қап, бәлем... Жәрәйді, сүйіншіңе екі мың теңге берейін, айта ғой. Бірақ қазір емес, үйге барған соң, жеңгеңнен алып берермін.

Қадалған жерінен қан алатындай болған бала ақша туралы естіп райынан қайтайын деді.

– Анық бересіз ғой, иә?

– Оу, көкем-ау, бұған дейін менен алданған адамдай не деп отырсың? Айтсаң – айт, айтпасаң – айтпа, – баланың ашық саудаға көшуі Бисембайдың жынына тие бастады.

– Ыдырыс келін әкелді!

– Не дейд?! Біздің Ыдырыс па? Е, дүние-ай, аузынан ана сүті кеппеген бала еді ғой... – бұл жаңалықтан хабары болса да, Бисембай тосыннан естігенде шынымен таңырқап қалды, – Жәрәйд, бара ғой, сүйіншіңді кешке аларсың.

Бала ләм деместен кері бұрылды да, ауылға қарай тартып отырды.

Бисембай қазір сол күнді ойласа, өзінен өзі ұялады. Сол сәтте сүйіншіге атын ұстатып жібергенде қызық болатын еді. Тағы да қой соңында жаяу салпақтап жүретін бе еді, кім білсін?!

«Әй, алаңғасарлығым-ай!» деді ішінен.

Желпи соққан самал көлеңкеде жатқан оған майдай жағып барады. Анда-санда көзін сықситып аспанға бір қарайды. Күндегіше күнгей мен теріскейге ерсілі-қарсылы ұшқан ұшақтардың ізі жолақ-жолақ болып сайрап жатыр. Кейбірі түтілген түбіт жүндей тез ыдырап, көзден жоғала бастаған.

«Өзім сияқты адамдар осы самолеттармен де ұшып жүр-ау, – деп ойлады ол, – Құлап кетсе, қайтеді? Қорықпай қалай ұшады екен?»

Сосын күндегі әдетінше ауылды жарып өтетін пойыздар бен ұшақтарды өзінше салыстыра бастады. Қайсысымен жолаушы көп жүреді? Күніне қаншасы жүреді? Ішіндегі адамдары қандай? Осындай жауабы белгісіз сұрақтармен өзінің миын ашытып, күс басқан саусақтарын кезек-кезек бүгіп санағандай болады. Кейде осы бір баянсыз ойдың жетегінен ертерек шығып, басқа дүниелерді ойлап кетеді. Бірақ дәл қазір самолет пен пойыздың «текетіресін» біржола шешіп, түбіне жетпекке оқталды.

– Түске дейін ұшақтың алтауы анық ұшады, – деді ол қолымен бетіне қонған шыбынды қағып жатып. – Кешке дейін тағы сонша. Ал пойыздың... т-ә-ә-ә-к, Атырауға, Ақтауға, Ақтөбеге, Алматыға, болды! Төртеуі ғана жүреді екен! Оның екеуі күнара қатынайды. Ещо... жарығы жылт-жылт етіп түнде ұшатын самолеттер де бар! Соған қарағанда... – дей бергенде жанына әйелі келе қалды да, тамақтың дайын екенін жеткізді.

– Оу, кемпір, сен тоқта. Осы адамдар самолетке көп міне ме, әлде пойызға көп міне ме? – деп қойып қалды. Оның жауап бермейтінін де, ол туралы мүлде ойламайтынын да біледі, бірақ сонда да көптен бері ішіне сыймай жүрген сұрақпен бөліскісі келді.

– Қуасың ба?! Оны неғылайын деп едің? – әйелі бір көзін қысып аспанға қарады да, – Пойызға шығар. Әйтеуір, біз мінген күндері бос вагон көрмедік қой, – деп шаңқылдай жауап берді.

– Өй, ақымақ... үйден шығып көрмеген сен надан ештеңе білмейсің, таңнан кешке дейін пойыздан гөрі самолет көп жүреді екен! Оны өзім дәлелдедім! Соған қарағанда, самолеттегі жолаушылар көп болу керек. Қап, бәлем, бір күні дым көрмеген сені сол ұшақпен аспанға ұшырмасам! – шалқасынан жатқан Бисембай әйелін кекетіп өтті.

Бір аяғымен үйге кіріп үлгерген дүр қара келіншек тоқтап қалды да, басын кері шығарып байына естірте:

– Қорадағы кәрі ат пен менен басқа ештеңеге мініп көрмеген сорлының сөзін қарай гөр, а? – деді.

Бисембай естісе де, естімегендей кейіп танытып жата берді. О қатынға салса, бұдан да зорғысын айтар. Құдай оған сүйреңдеген тілді аямай-ақ берген. Бірақ «басқа ештеңеге мініп көрмеген» деген сөзіне іштей намыстанып қалды.

– Қап, бәлем, тұра тұр! Осыдан қызыл «Планетаны» мөңкітіп әкеліп тақымға баспасам ба?! Бұның аузын солай жаппасам болмас. Сосын өзім айтқан пойызбен де жарысармын!

Соңғы сөзін Бисембай орнынан тұрып бара жатып күбірлеп қана айтты.

 

***

Тамақ ішіп болған соң, шынтақтап жатқан көпшігін басына салып бір сағаттай мызғып алмақ болды. Әлсін-әлсін ашық қалатын ағаш есіктен ішке емін-еркін кірген шыбынның ызыңын елең қылар емес. Жанына келіп еркелей бастаған кенже ұлына да назар аудармады. 

Шай үстінде әйелінен тағы да сөз естіп алғаны сырт көзге байқала қоймайды. Бұл жолы үйдегі қордың көлемін сұраймын деп бәлеге қалды. Жобаға соқса, қызыл «Планетаның» жайын жеткізбекші болып еді, дүр қара қатын іштегісін оқып қойғандай алдын орап кетті.

– Сенің көзіңе Амангелдінің күнде бұзылатын қызыл мотоциклі түсіп жүргенін білемін. Қолдағы ақшаны соған құртқанша неге біз үйді шатырлап алмаймыз?! Неге бұзаулы бір-екі сиыр сатып алып, аузымыздан ақ май ағызып отырмаймыз?!

Әйелінің бір от алса, жуық арада басыла қоймайтынын өзі де жақсы біледі, тілін жұтқандай томсырайып отырып алды.

«Хм, бір-екі сиыр... иә, саған!».

... Амангелдінің қызыл «тұлпарын» бір теуіп гүр еткізгенде бала-шағасы шулап қоя берді. Әсіресе, кенжесінің «Машина, машина!» деген үні ап-анық естіліп жатты. Бисембай болса, оған «Қайдағы машина?! Бұл – мо-то-цикл!» деп қабағын түйеді. Бала қояр емес.

«Машина! Машина!».

Дауыс дәл құлағының түбінен естілгендей болып көзін ашып алса, шынымен үйдің алдына келіп тоқтаған машинаның даусы естілді. Баласы соны айтып жанында тұр екен. 

Тұрып бара жатып қабырғаға ілінген сағатқа қарады, жатқанына жиырма минуттай болғанын көрді. Бәсе, денесін ауыр салмақ басып, басының ішінде бомба жарылып жатқандай мең-зең боп тұр.

Аласа есіктен еңкейіп сыртқа шыққан кезде қақ алдында келіншегі тұр екен. Қос бүйірін таянып алған. Не мұқатқаны, не шынымен қуанғаны белгісіз жымиған күйі бұған қарап:

– Құтты болсын! – деді.

Бисембай аулаға кіретін үлкен қақпа жаққа қарап еді, өз көзіне өзі сенбей тұрып қалды. Мотоцикл! Мотоцикл болғанда қандай?! Қып-қызыл мотоцикл!

Көзін уқалап жіберіп қайта қарады. Жоқ, расымен өңі екен! Құдай-ау, көктен іздеген арманының жерден табылғаны ма?

Жанында тұрған адамдарды енді-енді аңғара бастады. Қалада жұмыс істеп жүрген үлкен ұл мен келін және тостағандай тақиясын төбесіне тастай салған бейтаныс бір жігіт тұр. Сірә, ол моторы әлі гүрілдеп тұрған «ГАЗ-53» көлігінің шопыры болар деп топшылады. Бәрі жамырасып амандасты.

– Амансыңдар ма? Бұ неғылған шу? – өзінше түк сезбегенсіп жатыр.

– Алда келе жатқан туған күніңіз құтты болсын, әке! Мына көлік – біздің өзіңізге дайындаған сыйлығымыз. Қытайдың қолынан шыққаны болмаса, тәп-тәуір дүние. Қабыл алыңыз!

Ұлынан тап мұндайды күтпеген Бисембай не айтарын білмей тұтығып қалды.

Осы сәтке дейін Ыдырысты баласынып келгені бекер болыпты. Қас пен көздің арасында ұққан дүниесі осы. Қанаты қатайған балапан қомдана бастаған сәтте-ақ оны торға ұстамай, еркіндікке жіберу керектігін білді. Ұшсын! Көрсін мына әлемнің кеңдігін! Өзі құралпы жастармен бірге өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, ыстығы мен суығын бірге кешсін! Міне, қарақан басын емес, алдымен әкесінің арманын айнытпай тани білген бала далада қалмайды...

Көңілі алып-ұшқан Бисембай қызыл мотоциклді жеткізіп берген тақиялы жігіттің асыққанына қарамастан, сүйрелеп үйге кіргізді. Қазанға ет салдырып, оған дейін жолаушылардың шөлін басу үшін шайға отырғызды. Қойға жоғары сыныпта оқитын екінші ұлды жіберген ол дастарқан басында қонақ жігіттің тамырын тарқатып аз-мұз отырды да, әңгімені су жаңа көлігіне әкеп тіреді. Сүт қатқан күрең шайды ерекше ықыласпен сораптай ішіп, қолтығындағы құс жастықты әлсін-әлсін мыжғылап қояды. Әдетте қонақ келсе, сыртқа қуып жіберетін кішкентайларының бәрін бұл жолы есіктен сығалатпай жандарына қаз-қатар отырғызды.

– Көрдіңдер ме, әне?! Әкелеріңде әйбат бір мотоцикл бар. Енді бәріңді сонымен кезек-кезек қыдыртамын. Құрт-құмырсқа жейтіні болмаса, қысықкөз көршілердің қолынан бәрі келеді. Мынаны да мен үшін жасаған Қытайға рақмет. Орыстың ескі-құсқысынан осының өзі он есе, тіпті жүз есе артық па деймін! Жеп-жеңіл ғой өзі, жеп-жеңіл!

Бисембайдың дабырлаған дауысы сыртқа ап-анық шығып жатты. Бұл жолы «Планета» мен «советский» сапа туралы бір ауыз сөз айтылмады. Есесіне, Қытайдың мақтауын келістіріп, жұрттан естіген ғажайыптардың тігісін жазып, тәпсірлей сөйледі. Ересектер жағы үнсіз күлісіп, кішкентай балалары оның көмейінен төгілген әр сөзді аңыздай көріп, аңтарылып қалған. Ол дастарқанда отырып-ақ осы аптаның ішінде айналадағы ағайындардың бәріне амандасып шығуды жоспарлап та қойды.

Басындағы бақытын бір көлікпен өлшеген Бисембай осылайша арманына қол жеткізгендей еді. Дегенмен пешенеге жазылатын пенделік оны да айналып өтпеді. Шуылдақтарына әлсін-әлсін еміреніп, шаңырағын ұстап отырған әйеліне шаттана қарағанмен, шынайы бақыттың нақ солар екенін әлі ұғына қоймады. Су жаңа көлік мінсе де, қолына қамшы ұстап, қой соңында жүретінін мүлде есінен шығарғандай кергиді. Кеудені жарған мақтаныш жүзінде ойнап, желпіне сайрайды. Айналасына кербездене көз жүгіртеді. Бұл оның туабітті болмысы еді. Бұл – Бисембайдың өз биігі, өз бақыты.

... Сол күні бүтін бір ауылдың маңдайына жазылған жалғыз кәсіби қойшының үйінде түн ауғанша ешкім ұйықтай қоймады. Сол түні әр ауладан әупілдей үрген иттерге қосылып қытайлық қызыл мотоциклдің дырылдаған дыбысы үзік-үзік естіліп жатты.