Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Ләзім (әңгіме)
1,056
оқылды

Авторы: Байжігіт

 

Желтоқсанның ызғарлы кеші. 

Қала орталығындағы зәулім мейрамхананың жарықтары түнгі аспандағы жұлдыздардай жымыңдайды. Іші қыз-қыз қайнап, жастардың қуанышына толы. Бұл – Ақжанның досы Әмірханның туған күн кеші еді.

Кенет есік ашылып, ішке үш қыз кірді. Олардың үстіндегі қысқы пальтолары ақ ұлпа қарға көмкерілгендей, жүзі суықтан қызарып кеткен.

Бірақ ішіндегі біреуін көрген сәтте Ақжанның жүрегі дір ете қалды.

Аққұба жүзді, ойлы көзді, нәзік күлкісімен айналасына нұр шашып тұрған ару…

«Кім бұл?» – деді іштей.

Қасындағы досы есікке қарай асығыс басып бара жатты. Ақжан орнынан тапжылмады. Ол көзін жаңа ғана кірген қыздан ала алмады. Бұл әлемде тек екеуі ғана қалғандай, уақыт бір орында тоқтап қалғандай сезілді.

Қыздар жайғасқаннан кейін де Ақжанның көзі сол аруға қайта-қайта түсіп кетеді. Оның қарасы сезілсе керек, музыкант жігіт кенет «Сен үшін жаралғандаймын» әнін әуелетіп қояберді.

Ақжан ойланып үлгерген жоқ.

Өзін бейне бір тылсым күш билеп алғандай, қызға қарай қадам басты.

– Би билейсіз бе? – деді жұмсақ үнмен.

Қыз бір сәт үнсіз тұрды да, күлімсірей бас изеді.

Би алаңында олар музыка ырғағымен теңіз толқынындай тербеліп тұрды. Ақжан жүрегінің дүрсілі шымырлап, қынай беліне қолы тигенде денесін тоқ ұрғандай болды. Мұндай сезім оған бұрын-соңды таныс емес еді.

– Атыңыз кім? – деді ол ақырын.

– Ләзім…

«Ләзім» десе, «Ләзім екен»…

Ақжан бұл есімді бірнеше реет қайталап айтты. Неге екенін білмейді, бірақ бұл есім дәл осы қызға ғана арналғандай сезілді.

Олар алғаш реет сөйлессе де, бірін-бірі бұрыннан білетіндей еді. Бәлкім, бұл – тағдырдың сыйы ма әлде жүректің үнсіз мойындауы ма?

Екі вальс тез өте шықты. Бірақ Ақжан үшін бұл тым жылдам, тым қысқа көрінді. Ол Ләзімді жібергісі келмеді, жанына жақын тұра бергісі келді.

Кеш аяқталды. Бірақ Ақжан үшін түн ұйқысыз өтті.

Таңғы ақ қар кіршіксіз сезімдей жерге жұқа ақ мамық болып түсіпті. Ақжан далаға шығып, көрші үйде тұратын досы Жасқанаттың үйіне барды. Ол екеуі бала күнінен бірге өскен, айырылмас достар еді.

Үйге кіре бергенде, көзіне оттай басылған көріністен тұрып қалды.

– Ләзім?!

Иә, дәл өзі! Қасында құрбыларымен шай ішіп отыр. Ақжан өз көзіне өзі сенбеді. Қыздардың күлкісі естілді.

– Ой, ұл, кел, шайға отыр! – деген Жасқанаттың әкесінің үнінен кейін есін жинағандай үстел шетіне жайғасты.

Ақжан үнсіз отырып, ыстық шайды сіміре берді. Бақыты өзіне өзі келіп тұрғанын сезіп, іштей тағдырына алғыс айтты.

Қыздарды қалааралық автобусқа шығарып салғанда, Ақжан батылдық танытып, Ләзімнің телефон нөмірін сұрады.

Қыз күлімсіреп, нөмірін берді.

Кешкісін телефонына хабарлама келді:

«Біз аман-есен жетіп алдық! Рақмет, өзіңе!»

Осы таныстықтан бастап Ақжан әр күн сайын Ләзімге хабарласып талай таңды көз ілместен атқызған да еді...

Сол бір түннен бастап бозбаланың өмірі күрт өзгерді, бойындағы томаға тұйықтық сынды мінездер күн өткен сайын артта қалып мейілінше сыршыл, сезімшіл боп бара жатқандай.

Іңкәр көңіл, таза сезім діттеген нысанасына да дөп тиіп қолына қонбастай болып көрінген хордың қызындай хас сұлулдың кіршікісіз жанары мен пәк көңілінен тыныстап жан-жағына маңғаздана басатындай. Жаныңмен жаның, биік өрең, пайымың мен парасатың тетелес жанның қасыңда болуы да бір ғанибеттей көрінетін Ақжанға!

Ай артынан ай, жыл артынан жылда жылжып қос сұлулық бойынан табылатын ақ періштесінің туған күні ертең еді.

Ақжан қаз-қатар тізілген сауда дүкендерінен сыйлыққа кісі бойындай бір сары қонжық пен гүлін қолына ала салып «Шәуешек қайдасың» деп атбасын бұрды...

Шәушек – тарихи қала.

Талай сырды ішіне бүгіп жатқан сырлы қала.

Қалаға келісімен Ақжан жанқалтасындағы ұялы телефонына қол салып үлгіргенше, ту сыртынан өзіне қарай нұрлы дидарымен жымия үн қатып келе жатқан Ләзімді көргенде жүрегі атша тулады.

Бейне алғаш көрген сәтіндей қобалжи тіл қатты.

– Ләзім – ау! Несіне әуре болдың өзім-ақ бара берер едім ғой! Ұят болды – дей беріп қолындағы кішігірім сыйлығын ұсынды.

– О, қандай керемет, рақмет Ақжан! Түк те етпейді, қысылып қайтесің! Оданда мен саған қаланы таныстырайын.

Ақжан да қарсылық танытпастан бірден келісе кетті. Талай мәдениет ауысқан, талай тарихтың куәсі болған қала алғаш келген кісісіне бірден өзінің ыстық бауырына басатындай көрінді. Қаланың хақ ортасындағы саябақтағы тас мүсін алыстан менмұндалап көрінді.

Ләзім таныстырып келеді.

– Бұл кісі Дубек Шалғынбаев деген Құлыстай өңірінен шыққан ағартушы, журналист. Елеулі еңбегі үшін халық осындай айбарлы мүсінді орнатыпты.

Ақжан таң тамаша болды!

Күре жолдың бойымен бойлап отырып қызыл кірпішпен батысша һәм шығысша сәулет өнерін байланыстыра салған Шәушек қаласындағы «Қызыл үй» деп аталатын тарихи ғимаратқа жетті.Өзінің білетін бар ақпаратымен бөлісіп жатқан арудың, биік парасатымен тұшымды ойлары оны әр секунд сайын биіктетіп бара жатқандай. Содан шығып өзі оқитын аймақтық орта мектепке алып келіп. Мектептің қысқаша тарихын баяндай келіп, ғасыр бұрын талай нәубеттің куәгері болған топырақтың үстінде тұрмыз, бұл арда түрме болған, деген де Ақжанның жүрегі шым ете қалды. Өткенге көз салды, бірақ бұлыңғыр, бір бөгет бардай қарауытып ештеңені елестете алмады.

Ымырт үйріле кешкі қаланы тамашалап, Ләзімді үйіне жеткізіп салып.

Өзі Емілге бет түзеді. Үйіне енді келіп төсегіне жайғаса берген тұста хабарлама келді. Ашып қараса Ләзім:

«Ақжан, аман-есен жетіп алдың ба? Бүгінгі тосынсыйың үшін алғысым шексіз! Бақыттың не екенін сезіндіргенің үшін де рақмет!

Хабарламаны бір деммен оқыған Ақжан жүрегі жарыла қуанғандай болды. Бірақ іштей бір белгісіз сезім мазалап тұрды. Ол хабарламаға бірден жауап бермеді. Көп ойланып, кенет ойына өлең жолдары оралды:

«Сұлулығың көркем гүл, күлкің таңдай,

Бұрымды шаш, қара қас – сұлу маңдай.

Бір ғасырда бір рет қайталанбас,

Қыз кезікті көрікті қарағайдай…»

Олар екі бағатта, екі соқпақта, екі кеңістікте өмір сүріп жатсада сәт сайын тілдесіп тұратын-ды.

Араға жылдар салып, қос ғашық өмір атты ұзақ жолдың қос торабына түсті. Бірі күншығыстағы жоғарғы оқу орынына үздік нәтижемен қабылданса,  екіншісі түсіп тұрған оқу орынынан бас тартып жас шағында тарихи отанына бет түзеуді жөн санады. Атамекеніне келіп оқуын жалғастырып жатқан Ақжан араға үш жыл салып Емілді бетке алды. Үш жылдан кейінгі өзгеріс әр қадам басқан сайын алдын орай берді. Киелі Құлыстай өлкесінің Орқашар тауының баурайындағы ата-баба қорымына барып дұға жасап болысымен қала орталығындағы туыс-туған, дос-жарандарының ақ дидарын көріп, жылыстап өте шыққан өткенге сәл көзінің қиығын салды.

Балалық шағы, бозбалалығы өткен өз ортасы жатырқасын ба, қайта достардың ортасында отырған сәтте ұялы телефонына белгіз нөмірден қоңырау түсті. Еппен алып құлақ түбіне төсей бергені сол еді, ар жағынан:

– «Ақжан» – деп сызылып шыққан сыбызғының үніндей таныс дауыс жанын жадыратты, бұл Ләзім еді. Арсалаңдаған көңілін сәлде болсын басып, бәсең үнмен:

– Аман-есен жеттің бе, Ләзім?

– Иә, Ақжан жетіп алдым. Өзің қалай жеттің? Ерке Еміліңіз сағыныпта қалған болар.

– Өткелден өтіп жеткенше асықтым, біреу мені тағатсыздана күтіп тұрғандай. Емілде сағынған болар, менде Емілімді сағындым! Жалғыз баруға дәтім шыдамады, Ләзім..

Демін ішіне тартып езу тартқандай, өзіне ғана тән бұлақтың сылдырындай күлкісімен бір күліп алды да іле жауап қатты.

– Сіз аңсап келген Еміл мен Ләзіміңізде сізді күтіп тұр.

– Рас айтасың ба, қалқам-ау! Бұл не, менің түсім бе, әлде өңім бе?

Дос-жарандарына бір ауыз түсіндіріп айтты да, бала күнгі досы Дәуірдің жеңіл машинасымен қала орталығынан күншығыс жақтағы Еміл өзенін бетке алды.

Жанарына таң шығындай мөп-мөлдір бір бейне қарауытып көрінді. Қыз жүрегі сезімтал болады деуші еді, расыменде солай болса керек ту сыртынан келе жатқан Ақжанның аяқ дыбысынан емес, жүрек қағысын сезгендей ойлы жанарына моншақтай жас ұялап, екі бетінің ұшы қызара түсіп бауырына басын қойды. Екі тән, бір жан болып жанарларымен сөйлесіп, жүректерімен үндесіп сүт пісірімдей уақыттың қалай өте шыққанын да сезбей қалды.

– Жарығым-ау! Бәрі де кеше сияқты өңмен түстің арасындай. Бізді таныстырғанда, табыстырғанда осы Еміл емес пе еді... Қаншама жылдан кейін өзіңмен қайта қауышуымыздың да куәсі осы күнбастысты бетке алып сылдырап ағып жатқан осы Еміл! Сенсіз өткен күн мен түнім жапан түзде адасқан бейбақтай болдым, қалқам!

Батар күнге қарап орағытып сөйлеп тұрған Ақжанның жүрек толқытар үні құлақ түбінен естілген де жылылыққа, іңкәрлыққа төсеген басын бір сәтке болсын көтерместен үнсіз тыңдап тұр. Қызара батқан күннің сәулесімен төңірек қызыл түске шомып бара жатқандай. Жылыстап ағып жатқан Емілдің ерке толқындарымен қалықтап бір-бірін демеп күнбастысты бетке алып жүзіп бара жатқан қос аққу жағада тұрған Ақжанға сондай бақытты көрінді...

Ертесі таң қылаң бере қанаттасқан қос аққу Балқаш көлінде екінші өмірлерін бастайтынына көзі жеткендей, арттарынан тамсана қарай берді.

– Ләзім-ау! Көп ойландым, көп толғандым. Жұмыр басты пенде өмірінде бір ғана жанды сүйіп өтеді дегенге көзім анық жетті.

Ләзім де ботадай қос жанары мөлтілдеп:

– Ақжан, өзіңмен бүгін болса да қол ұстасып кетуге дайынмын, бірақ ортамызда асу бермес асудың бар екені саған да, маған да аян! Бір әкеден тараған қос қарылғашын көз алдарынан шығарғысы келмейтін ата-анам бар. Олар менің бағымды қасақана байлап отырған жоқ, әкемнің үкімет қызметкері екенін білесің, сол үшін де бізге қол ұстасып ғұмыр кешудің ауылы алыс сияқты көрінеді де тұрады. Бәрін де түсінемін, түсініп те келем.

– Қалқам-ау! Бүгін былай ертең қалай болары беймәлім, бұл тірлікте бас тартатын да сәттер болады. 

– Бүгін өзіңді жүзбе-жүз көріп, мауқымды басып, жүрегіме сақтаған бар сырыммен бөлісейін, өткеніме бір сәт болсын оралайын деп келдім. Кейде тағдырыма налимын, жұмыр жердің екінші бір бетінде болғанда риясыз сәттерім ұзағырақ болар ма еді?!

Ұйқысынан оянған Ақжан таң сызып келе жатқан шақта көрген түсі көз алдына бірден келіп, санасын сан соқтырып, ойландырып толғандырып қойды. Мүмкін сәйкестік пе, әлде қалай екенін түсіне алар емес. Ләзімнен көз жазып қалуы аздай, туған өлкесі – Құлыстай атырабы осыдан он-он бес жыл бұрын балалықтың бал дәурені өткен ауыл іргесі енді қаңырап бос қалғандай. Бір кездері қаз-қатар тізілген жер үйлердің орнында қазір көмескі із ғана қалыпты.

Жан-жағына көз тастады. Бұрынғыдай емін-еркін жүрген, жүздері таныс ауылдастарының бірі де жоқ. Әлде бәрі басқа ғаламға қоныс аударып кеткен бе? Сол баяғы ойнақ салған балалық, бозбала болып бозала таңды қарсы алған жастық шақ - бәрі де осында өткен секілді еді ғой… Енді бәрі бейтаныс, бәрі өгей. Қайда кеткені белгісіз. Аяқ астынан бір аждаһа жұтып қойғандай!

***

Жаздың жайма шуақ күні. Ертіс жағасында өткеніне көз тастап отырған Ақжанның телефонына хабарлама келіп түсті: «Ләзім, тұрмысқа шығып жатыр…» Қанша уақыт өтсе де, оны біреуге қия алмады. Аһ, ұрды! Үнін кім естір, мұңын кім тыңдар.. Бір түсінсе Қуан түсінер. Ертіс жағасынан бірден қала шетінде тұратын досы Қуанның үйіне қарай жаны жабырқап, тәні зілдей болып әзер жетті.

– Ой, бала! Саған не болған, салымың суға кетіп, құр сүлдерің қалыпты ғой. Не жағдай?

– Сен сұра ма? Мен айтпай-ақ қойдым. Тынығайын сәл мұрша бер. Тілдесерге шама жоқ.

– Ой, сандалған неме! Бүгежектемей айтшы енді, не болғанын...

– Сен де болмадың ғой. Ләзім, енді мендік емес. Естігің келгені осы ма?

– Ей, ақымақ. Оны құлай сүйдің. Қанша ма жыр арнап, алысқа көз сатқаның аз ба еді?! Біреуін місе тұтты ма? Тіпті есі болса егемендіктен асқан бақыт бар ма?

– Айтарға оңай емес пе, Қуан? Жіпсіз байланды ғой.

– Біреу оны байлап-матап ұстап отырған жоқ, кімде болсын әкесі мен анасын қанжығасына байлап жүрмейді ғой. Қанша ма рет бардың, алдынан өттің. Ер емессің бе, езіліп егіле бермей еңсеңді көтер, айналайын! Сендер сияқты қаншама тағдыр бір таудың күнгейі мен теріскейін құшақтарына басып егіліп өтер әлі...

Жанды жерін дәл көздеп айтып тұрса да, Қуанның сөзі шын. Айтарға сөз таппады, сөзін доғарып, үнсіз жеңді.

***

Сол күні түнде ішкі бұлқынысы өлең болып құйылды. Соңғы мәрте бәлкім енді жазбайтын да шығар Ләзімге ең соңғы сөзін арнап, телефонына жолдап жіберді де, үнсіз көзін жұмды...

«Сүйгеніңді бөтенге қиясың ба,

Сыясың ба жалғанға сыясың ба?

Маған таныс балапан тіл қатады,

Бейтаныс, әлде кімнің ұясында…»