Авторы: Жетісулық
(әңгіме)
Мамырдың жұмсақ самалы Алматының көкжиегін аймалай есіп тұр. Жеңіс күніне санаулы күндер ғана қалғандай. Досым, Марлен екеуміз газет басшылығының ұйғарымымен қаланың шетіндегі еңсесі биік, ауласы гүлге көмкерілген үйдің алдына келіп тоқтадық. Бұл – даңқты батыр, Ұлы Отан соғысының ардагері, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының үйі.
Марлен сөмкесіндегі диктофонды сипалап қойып:
– Сен дайынсың ба? – деді сыбырлайды.
– Дайынмын, бірақ… Бауыржан атаға сұрақ қоямын деп тілім байланып қалмаса болды, – деп күлдім.
Есікті қаққан сәтте іштен салмақты қадамдардың дыбысы естілді. Ашылған есіктің ар жағында тік қараған өткір көздер мен жылы жымиыс тұр еді.
– Кіріңдер, балалар, – деді Бауыржан аға. – Жеңіс туралы, соғыс туралы білгілерің келсе, бәрін сұраңдар. Бірақ әуелі шай ішіп алайық.
Үй іші жайлы да жылы. Қабырғада сарғайған фотосуреттер, майданнан жолданған хаттар, медальдар самсап тұр. Шай үстінде әңгіме басталды.
Марлен:
– Ата, соғыста ең қиын сәттеріңіз есіңізде ме?
Бауыржан:
– Ең қиыны – оқ пен снаряд емес. Ең қиыны – сарбаздың үмітін өшірмеу. Жараланған жауынгердің көзіне қарағанда, сен оған тірі қаласың деп айтуға тиіссің. Ал іштей оның соңғы сәттерін өткізіп жатқанын біліп тұрсаң…
Бір кезде батыр маған бұрылып:
– Ал сен, балақай, не сұрайсың?
Мен:
– Сіз батырлықты қалай түсінесіз? – дедім.
Момышұлы жымиып:
– Батырлық – қорықпау емес. Батырлық – қорыққаныңмен алға жүру. Қорқыныш – адамның досы. Ол сені сақтандырады, бірақ тоқтатпауы керек, – деді.
Сол сәтте селк етіп, көзімді ашып алдым. Жан-жағыма қарасам бөлмеде өзім ғана. Үстелде – диктофон. Марлен жоқ.
– Бұл… түс пе? – деппін дауыстап.
Жаңа ғана досыммен бірге, батыр Бауыржан Момышұлымен сұхбаттасқандаймын. Дауысы, жүзіндегі әжімдері, тіпті амандасқанда алған қолының жылуы – бәрі шынайы сияқты.
Сәл тұрып, іштей:
– Демек, бұл – батыр өз елін әлі де қолдап жүргені… – дедім, өзімше түсімді жорып.
Терезеден сыртқа көз тастасам, әкімшілік ғимаратының төбесінде желмен жарысқан көк байрақ желбіреп тұр. Ал көкейімде желмен тербелген көк тудың әр толқыны батырдың сөзімен үндесіп тұрғандай сезілді.
Марленнің қайда кеткенін, әлде расында болды ма, жоқ па – білмеймін. Бірақ бір нәрсеге анық көзім жетті:
батырдың рухы тірілерге әлі де дем беріп, ертеңге сенім сыйлап жүргендей.
Диктофонды қолыма алып, жазу батырмасын бастым да, даусым дірілдегенмен, жүрегім берік күйде сыбырлап айттым:
– Батырлық – сол қорқынышыңмен алға жүру…
Мүмкін бұл түсті, Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» кітабын оқыған әсерінен көрген шығармын кім білсін.