Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Секеңкөк (Әңгіме)
728
оқылды

Авторы: Көшкенбай Қисапұлы

 

Алыстан мен мұндалап көрінетін Оңқаты серегі молданың сәлдесіндей аппақ тұманнан енді арылған. Көктемнің алғашқы жаңбыры жер ананы мейірлене бусандырып, тамырына нәр бере бастаған. Бір аптадан бері сай саланың қары еріп, көк шыққан. Пышақтай қырлы жартастар көк аспанға тік шаншылып, ерекше айбат пен асқақтық белгісіндей айбарлы көрінеді. Қара жартастармен қоршалып, қарағайлармен көмкерілген көрікті мекенге өң беріп тұрған тағы бір сұлулық – тостаған түбінде мөлдіреген судай етектегі шағын көл. Алыстан тіптен жылтиып кішірейе көрінеді. Күз мезгілінде орталап, көктемде жаңбыр суымен қайта толатын көл жағасына көктемде ағараңдап ащы шығады. Сол сәтті малшылар да қалт жібермей қырып-жонып қаптап, түйеге теңдеген күйі жайлауға артады. Жаз бойы көкке тойған төрт түлік ащы шөлін осымен басады. Жазғытұрымғы қар суынан қуат алған Оңқаты табиғатының нағыз құлпыратын шағы – қоңыр күз. Жаз бойы жан баласы аяқ баспай қорғауда болған малшылар жайлымының жайқалатын мезгілі. Салқын самал көкірегіңді емдеп, тынысыңды одан сайын аша түседі. Бастаудан жырып әкеліп арық салатын қарапайым еңбек адамдарының көктемгі еңбегінің жемісі. Көлге қонақтаған аққу-қаз, ермен шөптер мен ақ жусанның жұпар иісі, шегірткенің дамылсыз шырылы, қойшылардың қара өлеңдеткен көңілді қоңыр әуені – бәрі бұл өлкенің әніне – ән, сәніне – сән қосатын.

***

Оңқатыны ежелден мекен еткендердің бірі – Тағай ақсақалдың ауылы. Көктемде малын төлдетіп, сары күзді қарсы алатын атақонысы. Әр таудың қуысында тастан қаланған қоралар мен қарағайдан төрт қырлап шапқан үлкенді-кішілі ағаш үйлер. Дәл сондай жинақы да таза ауылдардың бірі – Тағың ақсақалдың ауылы. Алтайдың ақбас құзынан құлдилаған қар аралас сай суындай екіге жарылған ұзынша мұрттың ортасында дөңгеленген шағын бурыл сақалы бар, жасы алпысты алқымдаған қария екі күннен бері шың басындағы кәрі қырандай бастау басындағы төбешікке шығып, ой мен қырды дүрбілеумен болды. Ауыл ақсақалының бұл отырысы – көші-қон алдындағы дайындықтың бір белгісі еді. Жайлауға шығар мезет жеткенде адам баласы түгілі – жарықтық мал да мазасызданып, көңілде алаң басылмай, жерсінбей кететіні ақиқат.

Көшкенде ауыл маңын айнадай етіп тазалап кету қарттың жастайынан қалыптасқан үйреншікті әдеті. Тазалықты өмірлік серік еткен қарияның ішкі жан дүниесі де бастау суындай таза. Тағай ақсақалдың осы пайғамбар жасына дейін балаларына дауыс көтеріп, ағайынмен айқайласпағанына көршілері куә. 

Сәрсенбінің сәтіне жоспарланған көші-қон да басталды. Кеше кешке матап қойған атан түйелер кезегімен шомдалды. Көп жасап, бар қиындықты көрген қариядай жасынан жүк артып әбден үйренген кәрі атан түйелер де, өмірге енді қадам басқан жас жігіттей биыл ғана арқасына ауыр жүк артқалы тұрған қара бура сияқты асаулары да бар. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Ауыл азаматтары ет пісірім уақыт ішінде жүкті артып, арқанды тартып тастады. «Ал, Құдай жол берсе қозғалайық, қарақтарым», – деп Тағай ақсақал сырын өзі жақсы білетін қоңыр азбанына асықпай жайғасты. «Жол болсын, көш байсалды болсын!», – деген дыбыстар әр тұстан шығып жатты. Шұрқыраған жылқы, мөңіреген сиыр, маңыраған қозы-лақ, орнынан қинала қозғалып, баяу ғана бақырған түйелер, қойшы соңына ере қыңсылаған төбет иттер – түгелі алыстан қараған адамға керемет суретшінің қайталанбас туындысындай еді.

Бұл көшті көптен күткендердің бірі – сегіз жасар Сейсен болатын. Оқуын аяқтай салысымен ата-апасына баруға асығатын мектеп оқушысына ауыл өмірі қызық. Ұстаздарынан алған білімін, жоғары мектеп оқып, қала көрмей-ақ, адамдықтың шыңына шыққан ауылдағы қазыналы қарттардың қасында жалғастыруға ынтық.

Қайтқан құстай тізбектелген көп көштің арасында күміс ері күн көзіне шағылыса жарқыраған қарияның қасында үйірлі жылқыны алдына салып, бала Сейсен «Жорға тайлатады». Көштің бағыты – Ұзын-Көйтен жайлауы. Оңқаты кезеңінен асса болғаны, жасыл кілемдей жайлау көзге бірден шалынады. Түйелі көшке де ең қиыны осы – асу. Көштің алдын бастаған талай ұзақ жолға үйренген қара атан. Үлкен үйдің қара шаңырағы осы қара атанның үстінде. Жарықтық киелі шаңырақты мал да болса сезінгендей, аяғын паңдана басады. Қара бура бір қиғылық салмақшы еді, Мұратбектің өрмелі қамшысы мен айбарлы айқайы жөнге салды.

Таң атысымен қозғалған түйелі көш күн тас төбеге көтеріле қыратқа жетті. Ендігі жол ылдилап барып, жазыққа түспек. Қара шапанның екі етегін қымтана тақымына басқан, Алтайдың таулы жотасындай кесек қыр мұрынды Тағай ақсақалдың мінер жағында қоңыр құнанды тобылғы қамшымен сипай қамшылып, өмірде өз ақыл-ойы жетпеген сұрақтарын қойып, екі езуі екі құлағында Сейсен келеді. Есіне өткендегі бір оқиға түсіп: – «Ата, мен оқудан келгеннің ертеңінде мал қайырып жүріп, үш атты ауыл адамдарын жолықтырдым. Ол кісілерге жеке-жеке амандасқаным дұрыс па, әлде барлығына бір сәлем жете ме деп ойладым да, жеке-жеке «Салаумағалөйкөм!» деп қол беріп шықтым» – деді, Сейсен балаға тән шынайлықпен. Көп күлмейтін ауыр мінезді қария: «Әй, баламысың деген, үш адам түгілі – үш жүз адам болсын, ауыз толтырып бір «Ассалау» десең жетеді, қарағым», – деді немересінің қылығына еріксіз жымиып.

Көш кезеңнен түсе жаз жайлауды сағынған төрт түлік Үшбұтаны бетке ала шұбады. Көш алдында жылқылар. Ауыл жылқыларының көбісі – баран, тек ішінде екі құла, төрт ағы бар. Жұрт осы белгілерінен танитын. Жал-құйырығы төгілген қоңыр айғыр үйір соңынан басын салақтатқан күйі бүлкектей жөнелді. Аттар да арттарынан жарыса шапқылады. Барлығын көзден қалт жібермей келе жатқан Сейсеннің қазіргі арманы тез есейіп, әкесінің ақбоз аты мен кенже ағасының қаракөгіне міну. «Жарықтық жануарлардың сыртқы тұлғасын-ай, көз сүйсіндіреді. Азамат болып, тақымым толып, мен де ертегідегі ақбоз атты ханзадаға айналсам ғой, шіркін», – деп қиялдап қояды. 

Көлеңке ұзарып, күн сәл салқындаған шақта шаршап-шалдыға түйелі көш жасыл жайлауға жетті. Қар кетісімен көгалдана бастайтын Ұзын-Көйтен жайлауы – неше түрлі хош иісті гүлдермен көмкерілген. Салқын самал есіп, жасыл желек тербеледі.

Көрші ақысы – Тәңір ақысы. Алыстан көрінген Атайың ауылының көшін көре салысымен маңайдағы құдайы көршілер аппақ көңілдері іспетті – ақ дастарқандарын қолдарына ала, түйелі көшке қарай жан-жақтан ағылды. Елге сыйлы, абыройлы Тағай ақсақалды үлкен-кіші барлығы атын атамай, жұрт болып, «Атайың» деп кеткен. Түйелерді шөгеріп бола бергені сол-ақ еді, аттылы-жаяу шай әкелушілердің алды да келіп жетті. «Ассалаумағалөйкөм, мал-жандарыңыз аман ба, жайлау жайлы, қой майлы болсын, қыстан аман шықтыңыздар ма?» – десіп бір-бірлерін көрмегелі бір жылдың жүзі болған көршілер амандық-саулық сұрасып мәз-мейрам. Кең пейілді көршілердің дархан дастарқандарынан салқындаған іркіт, жаңа тұздалған сары май, қайнатқанына көп болмаған жас құрт, қызыл ірімшік, ақ ірімшік дейсіз бе ақ тағамның барлық түрі кездеседі. 

Бір аптаның ішінде ойдан-қырдан келгені бар ауыл түгел жаз жайлауларына жайғасты. Үшбұтаның ең жоғарғы бұтасын – төрдегі өз орнындай Атайың ауылы мекендейді. Жайламаса, сән болмайтын киелі жайлау одан сайын құлпыра түскен. Ұядағы жұмыртқадай топтасқан киіз үйлер, жер ананың төсіне жабысқан төрт түлік, гүл теріп, көбелек қуған періште пейіл балалардың «қата қал, қата қал; қара жерге жата қал»,   – деп еркелей әндеткен сәби әуендері, шыңғыртып асау үйреткен бозбалалардың айқайы мен күлкісі, желідегі құлындардың жез қоңыраудай кісіністері – баршасы ауылды одан сайын құлпыртып, жайната түскен. 

Ауыл азаматтары қойға мініп жауыр болған мініс аттарын жіберіп, орнына жайлаудағы той-томалақты шарлайтын жорға-жүйріктері мен бозбалалардың жаз бойғы ермегі бәсіре тайларын ұстаған. Атағашқа қысқартып байлап қойған көп арғымақтың арасында Мұратбектің атақты Секеңкөгі де бар. Тыпыршып, жер тарпыған бұл жануардың осал жылқы еместігі тұрқынан-ақ байқалады. Мінілмегеніне бір жыл болса да жыра салып семірмеген, бірқалыпты. Бір күн арқандап, ішін тарттырмай-ақ бірден алыс жолға шығып кетуге дайын тұрғандай. 

 

***

Секеңкөк құлын кезінен айдаған жылқының алдын бермес нағыз желаяқтың өзі. Үйірлі жылқы жусап жатса, басқа құлындардың мазасын ала түрте кетіп, жарыса шапқылап, тіптен, еріккенде күн шуақтап тұрған енесімен ойнайтын. Кешкісін құлын ағытар шақта жалғыз өзі үйірлі жылқыны бір айналып шауып шықпай, көңілі тыншымайтын. Әр әрекеттерін үнемі сырттай бақылап отыратын көнекөз қарттар: «Бұл құлыннан бір өнер шығады», – деп көп болып тілеуін тілеп, үлкен үміт күтті.

Ақыл – жас ұланнан, жүйрік – тай-құнаннан. Секеңкөк келер жылғы жайлаудағы той-тілеуде бәйге бермеді. Бәйге төбенің шаңын шығарып, апшысын қуырды. Өрге салса өршелене шабады. Қысыр емгеннен болар, кеуде күші орасан. Кейде тіпті, құнан жарысына қосып жіберген кездер де болды. Тісін әдейілеп көрмесе, тай екені байқалмайтын. Дүбірлі ортаға әбден еті үйренген көк тай басын тартса болғаны, көк аспанға қаққан қазықтай артқы қос аяғымен тік шаншылып тұрып алатын. Басын сәл босатса болғаны, аяқ-аяғына тимей секеңдеп, билеп баса жөнелетін. Осы қылығына сүйсінген жұрт осы жаздан бастап «Секеңкөк» атап кеткен-ді. 

Жайлауға шыға арқаны кеңге салып, бар қиындықты ұмытатын малшылар үшін жаз мезгілінің орны бөлек. Әркім өз шама-шарқынша әулеттегі той-томалақты елдің жиысы, күннің жылысы болған көк жайлауда өткізуге ниетті. Шабады-ау деп үкілеп үміт күткен бәйге аттарын да осы жаз жайлауда анықтайды. Ақсу, Сырғалы, Шыбарқарағай, Дөңгелексаз, Ұзын-Көйтен, Жыланды жайлауларында күнде той. Әкімдер малшылар күнін өткізеді, біреуі келін түсіріп, қыз ұзатады, енді бірі сол тойдан бәйгелі болып, «тойы – тойға ұласқан» қазақтың қашанда той-думаны тарқаған ба?!..

Секеңкөктің қолға әрең ұсталатын шоқтығы биіктеп, мінер жағына құлаған жалы да қалыңдай түскен. Жаз бойғы той-тілеудің бірінен кілем, бірінен тоқты өңгерді, Секенкөктің өнерін түгел ел көрді. Көмбеге жақындаған мезетте халықтың айқай-шуынан қуат алып, одан сайын құстай ұшатын. Үстіндегі шабандозды шөпек құрлы көрмей, арындаған күйі бәйгеден талай қара үзіп келді. Үстіндегі бала да риза, тойға жиылған жалпақ жұрт та риза. Секенкөктің елге танылған тұсы да осы құнан кезі еді. Дөненге шыққан жылы қышқашталып, бәйгеге қосылмады. Тек, аман-сау жазылып, ат қатарына қосылғанына тәубә деді.

Бестісінен бастап Секеңкөк бәйге аты емес, орта бойлы, қара торы, өңді келген жиырмадағы келбетті жігіт – Мұрабектің алыс жолдағы жансерігіне айналды. Мүкеңнің тағы бір қасынан қалмайтын жан жолдасы ұзын бойлы, ақсары келген, сом тұлғалы – Серікжан. Екеуі бала күннен тай-құлындай тебісіп, тел өскен нағашылы-жиен құрдастар. Отау құрар жасқа келген жігіттерге ауыл үлкендері еркіндік берген. Қызды ауылға қырындап, талай үйдің иттерін шулататын нағыз серлік құрар кездері. Тек, Тағай ақсақал мен бәйбішесі ақжаулықты Қуан әженің шаңырақ иесі Мұратбекке айтқан бір ауыз ескертпе ақылдары мынау еді: «Айналайын, кенже! Біз бір аяғы жерде, бір аяғы көрде қалтырап отырған қарттармыз, қол-аяғымызды жылы суға малмаса да, бір шәйнек шайымызды дұрыс демдеп беретін, алыс-жақыннан келген үрім-бұтағымыз бен ағайынды оң көзімен қарсы алып, отымызды өшірмей, түтінімізді түзу түтетерлік, елге ана боларлық жақсы келін керек, осыны есіңнен шығар ма!» – дескен, қос қария. 

Сол жылдың жазында Жыландыны жайлайтын бір текті әулетке Тағай ақсақал бастаған бір топ ағайын құда түсіп, қыс қонысы жақындағанда екі ауылдың арасын жол қылуға уағдаласты. 

Жыландының қапталында бір көк, бір құла атты екі жолаушы шаңдатып келеді. Бұлар болшақ қалыңдығын көріп қайтқан Мұратбек пен сенімді серігі Серікжан еді. Сырлас замандастардың астындағы арғымақтары да бір-біріне бауыр басып, үйірлесіп алған. Мұратбектің астында жасынан бәйгеге қосылып, аяғын қалай алып жүруді жақсы меңгерген оқтаудай жараған Секеңкөк. Серікжанның міңгені де осал емес. Жырдағы Ақанның Құлагеріндей омыраулы, жалды келген денелі құла ат. Екеуі де ел ішіне танымал. Бұл арғымақтардың әкелері құла айғыр жарықтық та өте текті жануар еді-ау! Ел аузында әлі күнге дейін аңыз болып айтылып келеді.

***

Жон-жоталар қысқы ақ көрпесін жамылған. Жайылымы таусылған малшылар қостарын теңдеп, жылдағы әдетінше Қаракөлге қос тігіп, қыстың қысқа болса да аязды күндерін осында қарсы алуға бекінген. Көбінің үстінде қасқыр ішік пен қызыл түлкі тымақ. Қызыл күреңденген жігіттердің иықтарында мылтықтың болымсыз ғана басы қылтияды.

Сырттай қарағанда сұсты көрінетін Қаракөл табиғатының жаратылысы да өзгеше. Малдың қабырғасындай салаланған көк шағыл даралар мен сұры қорым тастарды дала тағылары – ілбіс пен сілеусін, арқар мен тауешкі мекендейді. Топтасып жүрмесе, алғыз-жарым жүргіншілерге аса қауіпті. 

Қыстың қаһарына, аяздың ашуына мінген кезі. Өрістегі жылқыларды түгел қырау шалған. Дала сақшылары – көкбөрілердің жем іздеп жортатын мезгілі. Жалы қарға тие сүйретілген құла айғыр басын тебіннен жұлып алып, кісінеп кеп жіберді. Жан-жақта жайылып жүрген жылқылардың барлығы бір қауіптің төнгенін сезіп, шұрқыраса қалды. Әдетте бөлек жүретін аттар да, айғыр үйірдің ішіне кіріп кетті. Құла айғыр жылқыны айналып шауып шықты да, бейне бір соғыста қол бастаған батырдай алдыға озды. Жер бауырлап кеп қалған түз тағылары бір жабағыға да жабыса алмай, танаулары тасқа тиді. Жасырынып келгеннен түк шықпасын білген аш қасқырлар ашық айқасқа дайындалды. Үйірлі жылқының тағдыры өз мойынында екенін жақсы сезінетін құла айғыр тісін ырсита ырылдаған көкжалды қос аяқтап тұрып тұмсықтан теуіп қалғаны сол-ақ еді, түз тағысының қаңқ еткен үні ғана естілді. Өзгелері құла айғырды жабылып, ортаға алып жеңбесе, жеке-дара жеңе алмастарын біліп, жан-жағынан арсылдай қаумаласты. Енелерінің бауырына тығылған жабағылар мен қабақ қарын биелер кісіністерін күшейткеннен басқа ештеңе істей алмады. Алдына келгенін тістеп, артына келгенін теуіп, өз өмірі емес, өзгенің өмірін құтқаруға барын салған құла айғырдың қуаты аздан соң қайта бастады. Айғырдың әлсірегенін сезген арандары ашылған қорқау қасқырлар құла айғырдың жалынан, құйырығынан тартып жүріп жерге құлатты. Жауымен жан берісіп, жан алысқан құла айғырдың көз алдында дала тағыларының арсылдаған бейнесі қалды.

Қыстың ұзақ түнінен оянған қостағы жігіттер түнде болған өлім мен өмір арасындағы арпалыстан бейхабар еді. Тек, ақ қар үстінде қызыл қанға боялған құла айғыр мен серейіп жатқан көкжалды көргенде барып, бастарын шайқап, таңғалысты.

***

Алтайдың өркештенген тәкаппар тауларына қонақтаған түйенің шудасындай ақшулан тұмандар ұйқысынан енді оянып, баяу жылжиды. Жер бетінде таңғы шық шашылған күмістей жарқырайды. Таң құланкиектеніп қалған. Таңғы несібелерін терген бозторғайлардың дамылсыз шырылы таза ауада тербеле қалықтайды.

Таңмен таласа бие жинап келген Серікжанның құру-құрулаған зор даусынан бүкіл ауыл оянды. Желбегей киіне жүгіріп шыққан ауыл жастары айғыр үйірді ортаға алып, құлындарды жалынан, санынан сипай жүріп желіге байлап шықты. Серікжанның астында жылқымен бірге шапқылып, әбден еліріп алған Секеңкөк ауыздығын қарш-қарш шайнайды. Билеп басып, шиыршық атады. Топты жылқы көрсе, тайындағы қиқуы есіне түсіп, одан сайын тықыршып, дегбірсізденіп кетеді. 

Серікжанның ерте тұрғандағы ойға алған ісі – көктемде су салып кеткен шаппасы мен қаша-қорасын көріп келу болатын. Үлкен үйге асыға кірді де, толы қымыз құйылған сырлы тегенедегі сары қымыздан бір-екі кесе асыға-үсіге жұтты да жол қамына кірісті. Күндегідей емес, көңілі алаң. Жүрегінің соғысы жиілеп, іштегі теңіз толқыны одан сайын тулай түскендей. «Бүгін маған не көрінген», – деп іштей өз-өзінен күбірлеп қояды. Қаңтарулы тұрған Секеңкөктің шап айылын қаттырық тартты да «пісмілә» деп жолға шықты. 

«Биыл ой мен қырда шаруам көп, Секеңкөкті жазда өзің мініп тастамасаң, құр шығатын түрі бар, жарықтыққа обал болар» , – деп Мұратбек көп жылғы жол жолдасы Секеңкөкті, көп жылғы жан жолдасы Серікжанға тапсырған. Секеңнің Секенкөкті мініп жүруінің де ең негізгі сыры осы болатын.

Ащы тері тамшылап, қос құлағын қайшылап Секеңкөк басын тартқан сайын өршеленіп, шұлғи басады. Серікжанның қарулы қолы болмаған да әлде қайда ала жөнелердей. Таңғы сиырларын енді сауып жатқан жолдағы ауылдардың қатын-қалашының барлығының көзі – Серікжан мен Секеңкөкте. Батыр тұлғалы Серікжан олардың сұқтана қарағандарын ұнатпай: «Осы қатындар қызық, күнде көріп жүрген адамға танымай тұрғандай несіне тесіле қарай береді, тіл-көздері тасқа», – деп қомпылдап қойды. Секеңкөктің сергек жүрісі кімді де болса жалықтырмасы анық. Жол алыстаған сайын адымы ашылып, жүрісі үдей түскен. Өзеннің сары құмы шыққан жар қабағына келгенде барып басын тартты. Еңістен тізгінді қос қолдап тартпаса, бой бермейтін Секеңкөктің сыры иесіне мәлім. Ауыздыққа бой бермей, тік шаншылма құмқайрағы мол қабақтан ағызып келеді. Жылдамдығы бәсеңдер емес. Тақымын қысып, тізгінді шірене тартқаннан басқа қайран жоқ. Сол қарқынмен зулатып келе жатқан Секеңкөктің мінер жақ алдыңғы аяғы байқаусызда сүрініп қалғаны сол-ақ еді, денесін қайта тіктей алмай, бар салмағымен омақаса бір-екі аунап кетті. Мұндайды күтпеген сорайған Серікжан да алып денесін игере алмай, теңселіп барып алға қарай оқша атылды. Ақ шаң бұрқ етті! Екеуі де қыбырсыз, жым-жылас!

Басы айналып, көзі қарауытқан Серікжан біраз уақыт ес-түссіз отырды. Қабағы жарылған, маңдайында құм аралас қою қан. Оған да қараған жоқ, жалма-жан Секеңкөктің жанына жақындады. Қатты тебінмен келіп жығылған көк аттан еш қимыл байқалмайды, тек, екі көзінен ыстық жас парлап, екі танауы делдиіп ішін соға ыңқылдап жатыр. Тұруға дәрмені жоқ. Бар сыры мен мұңын екі көзінің мөлдір айнасынан сездіріп жатқандай.

 Сол тұста қойшының арқандаулы атын алып жүрген бір жас жігіт жүгіріп келді де, аттың халін көріп: «Енді мал болатын түрі жоқ, болмаған да пышаққа ілінсін, жарықтық», – деп қонышындағы шолақ кездігімен Секеңкөктің тамағын орып кеп жіберді. Жасыл желек қызыл қанға боялды. Серігін өлімге қимай тұрған Серікжан теріс айналып кетті. Жаңа ғана басын тоқтата алмай келе жатқан тұлпарының қанша қамшыласа да, қайта тұрмасын көрген Серікжан: «Қайран желаяқ, жануарым-ай, өліміңе асыққан екенсің ғой, мені расымен ер-тұрманын құшақтатып жолда қалдырып кеткенің бе?» – деп, Секеңкөктің жапырақтан үзілген тамшыдай ыстық жасын сүртіп, солқылдап тұрып өкіріп жіберді.

***

Секеңкөктің қазасын ауыл кешқұрым естіді. Еңкейген қариядан, еңбектеген балаға дейін көздеріне жас алды. Түсте ғана шайдай ашық тұрған көк аспан да Секенкөкті жоқтап, көңілі босағандай түнеріп келді де, айналаны сел қылды. Жасын жарқ етті, жер ананың бүйірі солқ етті! Үлкен-кіші түгел күбірлеп пісміләсін айттып, тәубәсіне келді.

Шыбықты ат қып мінген ауыл балаларының өзі Секеңкөктей болғысы кеп, тайпала басып, тік қарғып ойнайтынды шығарды. Олардың сәбилік санасында, балалық қиялында «Секеңкөк» ұғымы аласармас арман, қол жетпес биіктей көрінді.

Секеңкөк аттың жұлыны үзіліп, мойыны шықты ма, әлде тіл-көз тиді ме оны білген ешкім болмады! Тек, «Секеңкөк» аты одан сайын жаңғырып, одан сайын асқақтап, ақшулан бұлттармен араласа «Секең мінген – Секеңкөк» – деп ел ішінде аңызға айналып кетті.