Авторы: Қоңыр қаз
«Туған елім! Қайғылы әрі қасиетті елім!
Сен үшін жан аямай қызмет етпек –
Ең ардақты ісім деп есептеймін!»
(Міржақып Дулатұлы)
Түн. Қара түн. Терезеден қала шамдарының бозғылт жарығы ғана бөлмені әрең шалып тұр. Сағат түнгі екі. Қаламым мен қағазым ғана ояу. Бірақ жүрегімде бір ауыр ой тығыны тұр. Бір сөз... бір сөйлем... шықпайды.
Бір сәтте есік тық ете қалды.
Мен селк ете түстім. Ешкім жоқ сияқты. Бірақ... есік өзінен өзі сықырлай ашылды.
Кіріп келе жатқан адам – ол. Иә, дәл өзі.
Кітаптардағы фотосынан танитынмын.
Көзқарасы сұсты, бірақ мейірлі. Иығы тік, жүзінде өкініш пен үміт қатар жүзіп тұр.
– Мені іздедің бе? – деді.
Мен орнымнан тұрып, қалтыраған үнмен:
– Сіз... Сіз Міржақыпсыз ба?...
Ол бас изеді. Көзіме тіке қарады. Әлдене айтпақ болғанымды сезіп, алдын орап:
– Үнсіздікті жарып өтпесең, ертең даусыңды естір құлақ қалмайды.
Мен жауап бере алмай қалдым.
Ол бөлмеге кіріп, баяу жүріп келіп, менің дәптерімді қолына алды. Айналдырып қарап шықты.
– Жаза алмай отырсың... Себебі сен сөз емес, шындық айтқың келеді. Ал шындық – қорқақтардың жолы емес.
Мен іштей:
– «Қазір бәрі басқаша. Біз тәуелсіз елміз. Айтуға болады, бірақ... бәрібір қиын...» деп күбірледім.
Ол менің ойымды оқығандай:
– «Басқаға әділет іздесең де,
Әуелі өзің түзу бол...» деп жазып едім, – деді.
Терезеге бұрылып қарады. Қала шамдарына көз тастап тұрып:
– Еркін ел болдыңдар. Бірақ сөздеріңде еркіндік жоқ. Ар алдында тұрғанда ғана адам шынымен оянады.
Осы сәтте ол да, мен де үнсіз қалдық.
Сосын ол жайлап орындыққа жайғасты. Дауысында реніш те, үміт те бар.
– Сен не үшін үндемейсің? Ұстазсың. Балаларға шындықты айтуға тиіс емессің бе?
Мен сыбырлап:
– Айтам. Бірақ... бізде жүйе бар. Қағида бар. Бұйрық бар...
Ол күлді. Ащы күлкі.
– Қағидаға бағынып, қайратсыз боп кеткен ұлт – тек көлеңке.
Мен түрмеде отырғанда артымнан ел ерсін деп емес, ертеңді ойлаған ұрпақ оянсын деп жаздым.
– Сендер ояндыңдар ма?..
Мен басымды салбыраттым.
Ол орнынан тұрды. Маған жақындап:
– «Ұлт үшін деген күшті
Өз ұлтыңнан аларсың.
Таласқа түссе өмір мен ұят,
Ұят жеңбек шын арсың.»
– Сендерде ұят деген қайда кетті? – деді де, терең күрсінді.
Терезе сыртынан тық-тық еткен жаңбыр даусы естілді. Қала оянып жатқандай. Бірақ менің ішімде ғана түн қоюланып бара жатты.
– Бізге не қалдырдыңыз? – дедім.
Ол жай ғана:
– «Оян, қазақ!» қалдырдым. Бірақ сендер ұйықтайсыңдар. Бейқам ұйқы – бодандықтың төсек орнындай жайлы.
Ол маған қарады. Сол сәтте оның жүзіне жарық түскендей болды. Әлдене айтып үлгермей, есік өзінен өзі ашылып, қайта жабылды.
Мен қайта жалғыз қалдым.
Қағазға ұзақ қарадым. Қаламымды алдым. Сөз жүріп кетті. Қағаздың шетіне:
«Ар алдында...» деп жаздым.
Тыныс белгісін қоймадым. Өйткені бұл сөйлем – аяқталған жоқ. Бұл сөйлем – менің де өмірімнің жалғасы.
«Көзі ашық қазақ баласы,
Сен де ойлан, замандасым!
Жазғанымды оқы да біл,
Өз қамыңды өзің ойла!..»