Авторы: Мерген
Қашанда қарапайым жандардың еңбегі ерен. Бұлардың қатарында «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкері Жанаргүл Бекбау да бар.
Кейіпкеріміз 1977 жылы Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы, Жымпиты ауылында дүниеге келген. 1994 жылы аталған ауылда Қадыр Мырза-Әлі атындағы орта мектепті үздік бітірген соң 1994 жылы А.С.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Жаратылыстану-география» факультетіне оқуға түсіп, 1998 «географ-эколог» маманы бойынша тамамдайды. Жас маман алғаш жұмысын өзі білім алған орта мектепте ұстаздық қызметтен бастайды. Ал 2003-2004 жылдары аудандық және облыстық балалар мен жасөспірімдердің туризм орталығында «Бивуак» туристік кешенінде бас маман, экскурсия жүгізушісі болып еңбек жолын жалғаған. 2016 жылдан бері Жамбыл жеріне табан тіреп, бүгінгі таңда «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызымет етіп келеді.
Ол өзінің бұл салаға шын ықласымен бет бұрғанын, кезінде өзі диплом қорғаған мамандығымен байланыстырады.
Қысы-жазы күннің ыстық-суығына күйіп-жандым, жаңбыры мен қарын тобықтан кештім. Тынымсыз еңбек пен атқарған ісіме жауапкершілікпен қараудың арқасында осы кәсіптің шыңына шығып келемін. Оған өз білімім де әсер етті. Өйткені мен кезінде табиғат тазалығына жақын эколог мамандығын игергенмін. Тағдыр деген қызық қой. Жаным қалаған мамандықты игерген маған табиғатқа дәл осылай қамқор болуды нәсіп етті, – деп өткенін еске алады Жанаргүл Толашқызы.
Кейде қала тұрғындары жаздың ыстығына күйіп, қыстың аязына тоңып жүрсе де жұмысын тоқтатпайтын мейіріміді жандарға «Осы еңбек несімен қызықты?» деп сұрайтын көрінеді. Сондай сәтте ол: «Жол – біз үшін бітпейтін қызықтың бастауы, саяхат. Кейде жолда қызықты оқиғаларға тап болып, бейтаныс адамдарға да қол ұшын береміз. Көше бойын аралап, өзімізге тиесілі аумақты тазалап, сыпырып жүріп, жаңарған, гүлденген қаланың сәнін көреміз. Сондай сәтте қала көркіне өз үлесімізді қосқанымызды мақтаныш тұтамыз», – деп жылы жауап береді екен.
Шынымен де еңбек еткен адамның үлкен-кішісі жоқ, кәсіптің де үлкен-кішісі болмайды. Тек қана абыройлы, маңдайалды еңбек, ақ адал нан ғана бар. Әңгіме барысында кейіпкеріміздің қара өлеңнен қара жаяу емес екенін аңғардық. Қолы қалт етсе кітап деген сырлас досын қолға алады екен. «Өлең жазу, Тәңірдің маған берген сыйы» дейді. Бір өлең оқып беруге қолқа салдық.
«Қолына ұстап сыпыртқы, күрек, қайласын,
Екі білектің күшімен көрген пайдасын.
Көшенің көркін, келбетін сомдап, тазартқан,
Дәл біздей жанды кім көрді, қане, қайдасың?
Төрт мезгілде тартынбадық еңбектен,
Қанағат қылдым қара жұмысты терлеп мен.
Нәпақа тауып, отбасын жүрген асырап,
Жұмысшылар, қайсар едің сен неткен!
Ерін кеберсе, көркіңді сенің кім бақсын,
Күс-күс қолдардан өзгермес, бірақ сымбат, сын.
Жылы сөзіңмен алғысты жаудыр, аянба,
«Сары күртелі» адамдар маған қымбатсың!» – деп ақ қайыңға сүйеніп айбаттана жыр оқығанда күн-ана елжіреп сала берді...
Иә, ақын жүрегі қашанда нәзік. Өлеңнен кейін, сөз арнасын серіктестеріне бұрды. Жанашыр жүректен шыққан шынайы сөзге бізде елжіреп сала бердік.
– Қазір біздің серіктестіктің жол тазалығы учаскесінде қызмет ететін адамдардың дені – көпбалалы аналар, жалғызбасты жандар, еңбек демалысына бір-екі жыл қалған қариялар. Күнделікті жұмыс барысында жол жиегіндегі жұмысшыны көлік қағып, жарақат алып қалатын және қайғылы оқиға орын алатын кездер де болып тұрады. Азға қанағат қылған ақжарқын жандардың көкейінде өкініші де бар. Еңбекақының аздығынан баспанаға қол жеткізе алмай, «Отбасы банкі» арқылы қолжетімді бағада тұрғын үй алу үшін кезекке тұрып, таңын үмітпен атыратын отбасылар арамызда қаншама, – деп күрсінген ақын қыз 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесі сияқты мерекелерде қолдарына гүл шоқтары мен жағдайы төмен отбасыларға қаржылай көмек қолын созатын қайырымды жандардың барын айтып, көңілін жұбатқандай болды.
Ортақ табиғат – ортақ үй. Ал табиғаттың тазалығы әрбір азаматты ойландыруы керек. Жанаргүлды жабырқататын жайттың бірі – шаһар тұрғындарының кейбірі тазалыққа атүсті қарайтыны.
– Табиғат тазалығы күнделікті қарапайым іс-әрекеттен басталса құба-құп болар еді. Кез келген адам тазалық мәдениетін ұстанып, көшеде кетіп бара жатқанда қолындағы ішілген сусын мен желінген тәттінің қаптамасын не пластиктен жасалған немесе шыны ыдыстарды, алюминий қалбырларды, тіпті қағаз қаптамалар мен полиэтилен пакеттерді көрінген жерге лақтыра салуды доғарса ғой. Осындай қоқыстарды тастамай, арнайы қоқыс жәшіктеріне салып отырса, сіз бен біздің көше тазалығына қосқан үлкен үлесіміз болар еді. Бұл мәдениетіміз бен адамгершілік құндылығымыздың жоғары көрсеткіші әрі осы кәсіп адамына деген сый-құрметтің белгісі болмақ, – дейді тазалық сақшысы.
Қара еңбекпен қатар өнерін де өлтірмей, шығармашылыққа бет бұрған кейіперіміз бұл күндері Қазақстан авторлар қоғамының, Қырғыз әдеби шығармашылық бірлестігінің мүшесі. Халқаралық, республикалық, жыр мүшайраларының жүлдегері. Өлеңдері республикалық басылымдарға енген. Сонымен қатар Әлем халықтары Жазушылары одағының «Серпін», Қырғыз елінің «Рух-Бейне» академиясының медалінің иегері атанса, бірнеше өлеңдеріне танымал сазгерлер ән жазыпты.
Күрегі мен қаламын қатар ұстаған ол бүгінде төрт баланы тәрбиелеп отырған көпбалалы ана. Жүрегі ақын, жұмысы қарапайым Жанаргүл Толашқызына толағай табыстар тілейміз!