Авторы: Риза
Күн ұясына қонуға қамданған кешқұрым шақ. Сәуір айының бас жағы, астына мұз қатқан қалың қардың еріп кеткеніне көп бола қойған жоқ, ауадан көктемнің иісі шығады, дала тып-тынық. Жер дегди қоймаған, көрші бес-алты бала біздің үйдің қасындағы алаңқайда бір-бірімізге доп лақтырып ойнап жүрміз, алты ай қыс арқалаған қалың киімдерімізді жұқа күртеге ауыстырып жеңілдегесін көңіліміз шат-шадыман, дауысымыз жарқын-жарқын шығады, бір-бірімізге иығымыз тіресіп тұрса да, айқайлап сөйлесіп қоямыз, бірдеңе айтамыз да күлеміз, арасында жүгіріп келіп, келісім мен татулықтай белгісін білдіргендей алақан айқастырамыз. Әкем бір-екі күндікте туған торы биені құлыншағымен түнгі салқында тоңып қалмасын деп қораға жетектеп алып бара жатыр, шешем жақында төлдеген сиырларын сауып болып, екі шелек сүтін әзер көтеріп, үйге кіріп кетті, енді бір сағаттай сепаратор тартады, сосын оны жуып болғасын, бізді кешкі асқа шақырады. Өзімнен бірер жас үлкен, екі беті алмадай қып-қызыл Айнашқа допты лақтырып кеп жіберіп едім, ол оны ұстай алмай, көше жақ бетке артынан қуып кетті. Бәріміздің көзіміз допта, ойымыз кешегі жауған жаңбырдың жиналған суына түсіп кетпесе болар еді деп тұрғанда, Айнаштың:
– Шекспир пен Өтен келе жатыр! -деген дауысы кешкі ауаны жаңғыра естілді. Жапа-тармағай жүгіріп, бірдеңеден құр қалғандай алқынып, ауылдағы жалғыз, ұзын көшеге шықтық. Көшенің сонау басында бірі ұзын, екіншісі аласа бойлы екі адам асықпай адымдап келеді екен.
– Мен кеттім, үйдегілерге бұл екеуінің келе жатқанын тез хабарлауым керек, есіктің бәрін кілттеп, қонаққа кетіп қалған боламыз, сендер бар ғой, айтып қойып жүрмеңдер, иә!? – деп бізден үш үй кейін тұратын Талғат алды-артына қарамай зытты.
– Шекспир пен Өтен өткенде біздің үйге келген, үстері сасып жатыр, суға түспегендеріне тура тоғыз ай, жо-жоқ, бір жыл болған сияқты, жағымсыз иіс барлық бөлмені алып кетті, олар кеткен соң есік-терезені қанша ашып қойсақ та қолқаны қапқан күлімсіден арыла алмадық, апама айтайын, қораға барып тығылсын, ал біздер «үйдеп апам жоқ» деп бұл екеуін кіргізбейміз, - деп Дидар да сүріне-қабына добын тепкен күйі үйіне бет алды.
– Жазира жеңешем осылар біздікінен асып ішіп кеткен соң, қатты жиіркеніп, лоқсып, ақыр соңында құсып, ауырып қалды, бет-аузына шыққан ұшықтың орны әлі кеткен жоқ. Білесіздер, жеңешем жақында кішкентай бөпе әкеледі, сондықтан мен оның тағы да сырқаттанып қалғанын қаламаймын, Қайырбай көкеме барып айтсам, үйге кіргізбеудің бір айласын ойлап табар,- деп Айнаш та кері бұрылды. Оның артынан Алма мен Арман да ағаштың бұтағына іліп қойған кеудешелерін алып, маған қол бұлғағандай ишарат білдіріп, кетіп бара жатты, мен де басымды изегендей болдым, бірақ назарым дәл біздің аулаға беттеп келе жатқан екі кісіде еді.
Дәл сол сәтте менің де үйге жарыса жүгіріп, соңғы жаңалықты желпіне жеткізуіме болар еді, бірақ соңғы айларда ауылда аттары көп аталып, гу-гу әңгіменің басты кейіпкерлері болып жүрген осы бір екі жанды көзіммен көргім келді, олар неге екенін белгісіз, біздікіне әлі бас сұқпаған болатын. Ең әуелі аяқтарына көзім түсті, бойшаң келген Өтен резеңке су етік киіп алыпты, ал аласа бойлы Шекспир қысқа галош іліпті. Жүрегім зу ете қалды, отыз бес-қырықтардағы Өтендің оң жақ беті едәуір қисық екен, шодырайып шығып тұрған жақ сүйектен көзі де сығарайып кеткен. Шекспирді сыртынан көргенім бар еді, осыдан екі-үш жыл бұрын әжеммен тойдан келе жатқанда үй жағында мал қайырып жүрген, оң аяғын сылтып басады екен және сол қолы ішіне қайырыла бітіпті, мұндай бітімді өмірімде бірінші рет байқаған мен қатты таңғалдым, бір түрлі кеудемде аяныш сезімі оянғандай болды:
– Мына кісінің жүрісі неге қызық, аяғы неге ақсайды, қолы неге қайырылып кеткен?
– Саттар басқарма осыдан он-он бес жыл бұрын бұны ауылға алып келгенде, осындай кейіпте болды, кім білген, мүмкін туа бітті мүгедек пе, әлде жүре-бара ауруға шалдықты ма, өзінде оны баяндайтын тіл де жоқ. Құдай жар болсын, бірақ ақыл-есі дұрыс секілді, сол үйдің шаруашылығын ұршықтай иіріп отыр, ерте тұрады, кеш жатады, ішкен асына адал. Бірақ басқарма мен Дәукен апай бүгінде әбден қартайды, ол кісілер кетсе, мына екеуінің күні не болмақ? Екеуі де мүгедек, еңбекке жарамайды, көмектесер ағайыны да жоқ... – деп әжем ауыр күрсінді.
– Ана Өтен ше, солардың баласы ма?
– Иә, ұзақ жыл бір сәбиге зар болып, алладан тілеп алған ұлы ғой, құдайдың бұйрығына шара бар ма, туа сала сырқаттанып, ақыр соңында бір жақ беті қисайып, көзін жауып тастады, бетін әрмен қылсын. Ағай мен апайда билік те, байлық та болды, бірақ жаратқан ие баламен келетін бақты пешенелеріне жазбапты, қайтейік. Сен балақай көп сұрақ қойып кеттің, жаңбыр жауғалы тұр, одан да тездетіп үйге жетіп алайық.
Өтен мен Шекспир жақындап қалды, бағыттары біздің үй сияқты деп болжадым, ішімнен бір түрлі қуандым, елдің аузынан түспей жүрген осы екеуімен, шынымды айтсам, жүзбе-жүз көріскім келді. Ұзынтұра Өтен әлдебір ойға шомғандай назарын төмен салыпты, ал алпысты алқымдап қалған Шекспир шал, керісінше, алақ-жұлақ етіп, көзін бір жерге көп кідіртпей, айналасына бей-берекетсіз қарай береді екен. Бір кезде екеуі дәл біздікіне бұрылды:
– Үйдегілер бар ма?- деді Өтен өлімсіреген, әлсіз дауыспен.
– Иә! – дедім мен көптен күткен көкем көктен түскендей күлімсіреп.
Екеуі ілби басып, сыртқы есікті ашып, Өтен кішкене өтірік жөтелгендей белгі беріп, үйге кіріп бара жатты. Балшық шашырап былғанып қалған етігімді ауладағы ағаштың түбінде қалып қойған қарға барып батырып, тазалағандай боп, мен де арттарынан асықтым.
– Ооо, аса қадірлі қайнағам мен ақ балдызым бүгін ат басын біздің шаңыраққа бұрыпты ғой, қош келдіңдер, бәйбіше, туысқандарың келді, тездетіп қазаныңды көтер, шәугіміңді толтыр! – деген әкемнің ашық-жарқын дауысын етіп сәл-пәл кідіріп қалдым, жұрттың бәрі сол екеуін көргенде жапа-тармағай қашып, есіктерін бекітіп, қақпаларын кілттеп жатырғанда, біздікілердікі не қонақжайлылық десейші?! Естуімше, Өтеннің әкесі мен менің нағашы атам рулас екен.
Әкемнің шат-шадыман, көңілді кейіпте қарсы алғанына әуелі екеуі кішкене тосылып қалды, әдеттегідей Өтен көзімен жер сүзді, жұқалтаң келген Шекспир ақ қырау шалған маңдай шашын сау оң қолының сұқ саусағымен қайта-қайта көтергіштеп, аузын ашып, тілін шығарып, басын бірнеше рет шайқады, маған осы қимыл-әрекет оның қуанғаны сияқты болып көрінді.
Шешем төргі бөлмеге шап-шаң жүгіріп, ою-өрнекті мақпал көрпелерін жайды, әкем қонақтардың сырт киімін ортаңғы бөлмедегі шкафқа іліп жатты. Ұршық иіріп отырған әжем де түтілген жүндерін жинап, көзілдірігін шешіп:
– Төрлетіңдер, амансыңдар ма, қарақтарым, – деп жылы шырай танытты.
Жасы кіші болса да Өтен жоғары шықты, Шекспир төменірек қасына жайғасты. Теледидар қосылып тұрған, екеуінің көзі сонда. Әкем жер үстелді әкеліп қойды, әжем оның үстіне дастархан төседі. Шешем ас үйде соғымнан қалған сүр етті мұздай суға жақсылап жуып, қазанға салып, газдың астын жағып жатып:
– Сендер сабақтарыңды оқыңдар! – деді маған.
Күртемді іліп, жатын бөлмеге кірсем, төртінші мен бесіншіде оқитын інілерім Самат мен Самғат жартылай жабылған есіктен төрде отырған қонақтарды сығалап қарап жүр екен, мені көрген бойда екі езулері құлақтарына жетіп, ыржаң-ыржаң етіп, ауыздарын қолымен басып, сұқ саусақтарымен Өтен мен Шекспирді нұсқады. Мен оларға жасы үлкен әпкелері ретінде қабағымды түйіп, жұдырығымды көрсеттім. Бір құтырса тоқтату қиын Самат онымды елемегендей есікті тарс жапты да:
– Сене алар емеспін, ауылдың ең атақты екеуі бүгінгі кеште біздің үйді қош көрген бе? Уау, жұпар аңқыған «хош иістерін» айтсаңшы, денелері шіріп кеткен бе, не пәле, әжемдер қасында қалай шыдап отыр екен?
– Мәә, ананы қара, Шекспирдің киіп алған екі шұлығы да шұрық тесік, бәшәйлары бізге «бривет!» деп тұр, хи-хи-хи – деп кішкентай Самғат та қалысар емес.
– Риза апатай, айта қойшы, неге оның аты Шекспир, ол қандай мағынаны білдіреді? – деді бір сәтте Самат кішкене ойлы жүзбен.
– Он сегізінші ғасырда Шекспир есімді ағылшынның атақты жазушысы болған, – дедім.
– «Жаман иттің атын Бөрібасар деп қояды» дейтін әжем, хи-хи-хи, – деп Самғат ішін ұстай жерге құлады.
– Дереу доғарыңдар! Дауыстарың жер жаруда, ұялсаңдар нетті!
– Риза, сонда Өтеннің беті енді тіпті түзелмей ме, жаман қисық екен, – деген Самғаттың сауалына жауап берместен, екеуін құлақтарынан сүйреген күйі бұрышта тұрған сұры диванға атып ұрдым. Ар жақтан әжемнің:
– Ризатай, анаңа көмектесе ғой! – деген дауысын естіп, жүгіріп шықтым.
Қонақ бөлмедегі үстелдің үсті жайнап кетіпті, қақ ортада осы кеште ғана үлпілдеп піскен таба нан туралған тәрелке, екі жерге жаңа ғана тартылған сұйқылтым қаймақ, қарында сақталған сары май, әжем қатырған сары шекер, құрт пен ірімшік, пірәндік-пешейне, тары-талқан, өрік-мейіз қойылыпты. Шешем алыстан аңсаған төркіні келгендей қолды-аяққа тұрмай жүгіріп жүр. Әшейінде ыдыс-аяққа көп араласа қоймайтын әкем де қайнаған тоқ самаурын мен аққұман қоятын электр плитаны өзі әкеліп жайғастырып жатыр. Газдегі қара қазан қайнап, әжем еттің көбігін алып тұр, сүр қазының иісі үйді аралап кетіпті, қасықтарды апарып қойдым. Самғат пен Саматтан басқамыз шайға жайғастық. Қонақтарда үн жоқ.
– Өтенжан, айналайын, шай ішіңдер, – деп әжем нан туралған тәрелкені кішкене алдарына ысырыңқырап.
– Балдыз, алдарыңа ас қойдық, екі қолдарыңды бос қойдық дегендей, жақсылап шай ішіңдер – деді әкем де.
Өтен көңілсіз отырғандай көрінді маған, көз-жанарында ауыр мұң бары сезіледі, адамның бетіне тура қарамайды екен, шешем ұсынған кесені де төмен қараған күйі алды, ештеңеге қол созбай, тек қу шайды қысыла-қымтырыла сораптап отыр. Ал, Шекспирдің қимылдары ширақ, «іш, же» деген сөздерге басын изеп қояды, сосын ерекше шаттанғаны ма арасында артқа қарай шалқайып, қоқиланған көзқарас білдіретіндей, сау қолымен нанды да жып-жылдам жұлып алып, алдына қойып, қасыққа сары майды толтырыңқырап салып жағып жеп жатыр, қарны әбден ашып қалған сияқты.
– Балдыз, қайнаға, мүмкін ет піскенше, кішкене жүз грамдатармыз, апа, қалай қарайсыз? – деді әкем әжеме жаутаңдап.
– Өтенжан – шағын ғана ауылымыздың аса абыройлы адамдарының жылдар бойы жаратқаннан ел-жұрт болып жалынып сұрап алған жалғыз қарашығы ғой, біздің шаңыраққа құрметті қонақ, өзі қаласа, кішкене ғана жұқалатуға рұқсатымды берем, – деді әжем. Әкем орнынан атып тұрып, төрде тұрған серванттан бір бөтелке мен үш кішкентай қырлы рөмке алып келді де, аузын ашып құя бастады.
– Жезде, мынаған құйма, көтере алмайды, құсады, – деді Өтен Шекспирді иегімен нұсқап. Үні булыға, жарықшақтана шықты. Шекспир де сол сөзді қостағандай қайта-қайта басын шайқап, ыңырсып бірдеңе айтқандай болды.
– Шакеңнің тілегі жүрегінде екенін жақсы білеміз. Ау, Шаке, түсіндің ба, сені айтып жатырмын – деді әкем Шекспирге барлай қарап, ол «Иә, иә» дегендей сұқ саусағымен көзіне түскен шашын артқа қайырып жіберіп, сау қолын жүрек тұсына қойды.
– Ендеше, Өтен балдыз, өзің бірдеңе деп жібер, – деді әкем. Ол алдындағы арақ құйылған рөмкені қолына алды, бірақ көтерген жоқ, сол тұрған күйінде:
– Денсаулық болсын деймін, – деді жай ғана.
– Айналайын, айтқаның келсін, деннің саулығынан артық не байлық бар?! – деп әжем терең күрсінді. Әкем мен Өтен рөмкені ауыздарына апарып, жартылай ішті.
Теледидар қосылып тұр, бәріміздің аузымыз аста болғанмен, көзіміз сонда байланған, бірақ ойымыз әртарапта секілді, мысалы, мен мына қос мейманның өзгеше кескін-кейіптеріне, көзқарастарына, қимыл-қозғалыстарына қайран қалып отырмын, көңілімнің арғы түкпірінде мүсіркеу сезімі қылаң беріп, өзіме түсініксіз бір күйге ендім, күндіз далада көп ойнап қойдым ба, ыстық шай ішіме барғасын ұйқы қыса бастағандай болды.
– Мықты кісі!!! – деді Өтен. Бәріміз оған жалт қарадық! Жаңалықтарда елдің Президенті Жезқазғанға іс сапармен барғанын көрсетіп жатқан. Жаңа ғана дауысы әзер шығып отырған адамның бірден сенімді түрде өз пікірін білдіруі әуелгіде кішкене тосындау естілгені рас, әжем селк ете қалды, шешем шайдың шамасын ауыстырған жатқан болу керек, онысы сәл-пәл жан-жаққа шашырап кетті, ал әкемнің жүзіне күлкі үйіріліп:
– Әрине, мықты жан, әйтпесе ел басқара ма!? – деді Өтенді қолпаштап. – Балдыз, тағы бір алдыртып қояйық, - деп ортайған ыдысты толтырды. Бұл жолы да жартылай жіберді.
– Бәйбіше, бүгін біздікіне ағаң мен інің әдейілеп келген екен, осы қуанышқа қара домбыраңмен бір «әу» деп жібермейсің бе? – деді әкем шешеме қиылып.
– Көптен ән айтпап едім, қалай болар екен? – деді шешем күлімсіреп.
– Әпке, ән айтыңызшы, көптен дауысыңызды естімедік! – деді Өтен жұлып алғандай, үнінен туысқандық наз, өзімсіну анық танылды.
– Қызым, домбыраны алып кел! – деді әкем маған. Жатын бөлмеге қарай жүгірдім.
– Айналайын, апатайым, амансың ба, қадірлі меймандардың «қош иісімен» араластырып ішкен шайдың дәмі бөлек болар, ә, ха-ха-ха, – деп алдымнан сумаңдап шыққан Саматты итеріп жіберіп, домбыраны алып төр жаққа құстай ұштым.
– Өтен, сен менің ән айтқанымды көріп пе едің? – деген шешемнің сауалына:
– Бала кезімде апаммен сіздердікіне барғанбыз, ол кезде 17-18 дер шамасындасыз, дәл осылай қазан көтеріліп, шай ішкенбіз, сонда ағам (шешемнің әкесін айтып отыр) сізге ән айттырған, сол сәт есіме түсіп, өткен күндерге деген сағыныш бойымды балқытып отыр..., ол кезде Өтен-Өтеш – дүниедегі ең бақытты бала болатын... уһһ, - дегенде аузынан сөз емес, жалын шыққандай болды маған.
– Айтатын несі бар, ата-анаң өзіңді ханзададай баптады ғой, Өтенжан, сен дегенде шығарға жандары бөлек екенін көзімізбен көрдік, жатқан жерлері жайлы болсын – деп әжем алақанымен бетін сипады. – Осылай әңгімеңді айтып отыршы, балам, сөзің қандай түзу еді- деді әжем риза кейіппен.
– Жарайды, ендеше, сол күні қандай ән орындап едім? – деді анам домбырасының құлақ күйін келтіре отырып.
– «Ақ көйлек, қызыл бешпетті» айтқансыз... – деді Өтен, үйге кіргелі жүзінен алғаш рет қуаныштың лебі есіп.
Ақ көйлек, қызыл бешпет-ау, әдемі қыз-а й,
Тиген жоқ әлі ешкімге, әдемі-ау, әлегіміз-ай.
Бірге өскен кішкентайдан құрбы ма едің-ей,
Біз сізден әлі күнге, әдемі-ау, дәмеліміз-аййййй – деп анам әуелеткенде дастархан басындағы бәріміз терең ойға шомып кеттік, тек Шекспир ғана әлсін-әлі қозғалып, бәрімізге қайта-қайта қарағыштап, ана бөлмеден бірін-бірі итеріп, мына жақтағы «қызықты» бақылап жүрген менің қос ініме басын шайқап, қабағын түйгендей қыр көрсетіп, көп қозғалақтады. Ал Өтен анам әнді бастағаннан малдас құрып отырған күйінде басын төмен салып, оң қолының саусақтарымен сол жұдырығын сипаған күйі тапжылмай тыңдады. Ән біткесін де бірер минуттай басын көтермей отырды, үйдің ішін түгел үнсіздік жайлады, тек құлақта «әдемі-аууу...» деген анамның әуенінің жаңғырығы ғана тұрды.
– Әпке, әніңіз де, әнді айтқандағы сәніңіз де сол қалпында екен, санаға өтті, жүрекке жетті, алла разы болсын! – деді Өтен өте байсалды қалыпта. – Біз секілді өмірдегі шерменделердің қас-қағым сәтке де болса шерін тарқаттыңыз... деді де көзінен ытқып шығып, қисық бетін бойлай ағып кеткен жасын алақанымен сипап, сүртіп жіберді.
– Пах, шіркін, менің балдызым ағып тұрған ақындардай қалай-қалай көсіледі-ей?! Өтеш, шынымды айтайын, сенің осылай сөйлегеніңді алғаш көруім, ешкімге білдіртпей ішіңе жиған қазынаң қисапсыз сияқты. Сосын бар ғой сен мына тәтті тірліктен түңіле бермеші, әлі қайда, бұйырса сұп-сұлу келіншек аласың, әййй, перзент сүйіп, санынан шатасып жүресің – деді әкем шыбынның ызыңы естілетіндей тыныштықты бұзып.
– Балалар, шай ішіп болып қалған сияқтымыз, ас қайтарайық, таза ауаға шығып келіңдер, оған дейін біздер еттің қамырын жая берейік – деді әжем.
Дастархандағы ыдыс-аяқты ас үйге апарып жүрмін, әжем ет түсіріп жатыр, шешем картоп ашып отыр.
– Әже, «өмірдегі шерменделер» деген кімдер? – дедім Өтеннің сөзі ойымнан кетпей.
– Алтыным сол, жалғыздық пен жоқшылықтан жаны күйзеліп, әркімнің қас-қабағына қарап, тамағын асырап жүрген жанның ішкі күйзелісінің сыртқа шыққан бір сәттік қана көрінісіне сен де куә болып қалдың-ау, қайтейін... тек жаратқан өзі жар болсын... – деді әжем. Өмірімде алғаш рет қойған сауалыма нақты жауап алмадым.
Ет үнсіз желінді, үлкен асқа ащы су қойылмады, Өтен мен Шекспир қос кеседен сүзбе қосылған сорпа ішті, одан кейін әжем өз қолымен ұйытқан айран құйып берді, ас қайтарылды, мен қонақтардың қолына су құйдым.
– Апа, жезде-әпке, шын ықыластарыңызбен ұсынған ас-суларыңыз үшін алғыс айтамын, көлдей көңілдеріңізге құдайдың берері мол болсын, бала-шағаларыңыз аман болсын. Жезде, жаман балдызыңа бір тілегіңді айтып қойшы, басым көрге кіргенше орындауға жігіттік уәдемді беремін, – деді Өтен. Әкем дәл осы сөзді күтпесе керек, кішкене қипақтап, жөткіріп:
– Иә, бір тілегім бар енді, – деді нығырлап. Әжем мен шешем сұраулы жүзбен әкеме жалт қарады. – Шәкеңмен екеуің бүгін біздікіне қонып кетіңдер, ертең бүкіл ауылға мақтанып айтамын ғой, – деді әкем.
– Жарайды, жезде, дегенің болсын! – деді Өтен, жанары тағы да жасқа шыланғанын шамаладым.
Түнімен дөңбекшіп, түрлі түстер көріп, жайсыз ұйықтадым. Ауылдың шетінде бір төбешік бар еді, соған жүгіріп мініп-түсіп жүр екенмін, бір кезде Өтен мен Шекспир келе жатты, мен оларды көріп қуанып кетіп, қолымды бұлғап шақырдым, бірақ олар қосарлана: «Өмірдегі шерменделерді» шақырып қайтесің?» деп бұрылып кетті.
Самат пен Самғаттың дауысынан оянып, төсегімді жинап, ас үйге бардым.
– Әже, кешегі қонақтарыңыз мына қасықтардың қайсысын пайдаланды, есіңізде ме? – деп жатыр екен Самат.
– Айналып қана кетейін, о не дегенің, ыдыс-аяқтың бәрі жуылды, қолыңа түскенімен іше бер.
– Әжеее, мен олардың аузына салған қасықтан жиіркенем, сондықтан сізден сұрап тұрмын.
– Сен, балақай, көп сөйлеме, ішсең іш, ішпесең бар, тым артық кеттің, – деді әжем қабағын түйіп.
– Енді олар біздің үйге жиі келіп тұрады, сондықтан мына қасыққа «Ө», мына қасыққа «Ш» деп қоям, яғни Өтен мен Шекспир, сіздер де шатастырмай осыларды беріңіздер, – деп айтқанынан қайтпайтын Самат пышақтың ұшымен жаза бастады.
Беті-қолымды жуып келсем, дастарханда сабына «Ө» және «Ш» деп жазу түскен екі қасық жатыр, бірден ойыма Ө – өмірдегі, Ш – шерменделер деген тіркес түсті... Кешегі көрініс, түндегі түсім, қасықтағы жазулар... жүрегім қатты соғып кетті, тамаққа да тәбетім тартпады.
P.S. Өтен мен Шекспир жаз бойы ауыл үйді аралап, кешкі астарын бұйырған жерден ішіп жүрді, күніне бір мәрте тамақтанғасын ба, әлде денсаулықтарында кінәрат болды ма, екеуі де қатты жүдеп кетті. Біздің үйге де келіп тұрды, әжем, әкем, шешем, сол баяғы бірінші бас сұққандарындай құшақ жая қарсы алып күтті. Күз түсіп, күн суытқан қазан айының бір түнінде екеуі от жағып жатып қалған екен, далаға шығып тұрған мұржаларына күндіз кептер түсіп кетіп, бітеп тастап, түтін кері қарай лықсып үйге еніп, ұйықтап жатқан екі бейбаққа иіс тиіп, мәңгілік мекендеріне аттанып кетіпті. Көршілері таңертеңмен күнделікті түзге шығатын екеуін түске дейін көрмегесін, ілулі тұрған есікті бұзып ашып, үйге енгенде екі мүрденің үстінен түскен. Сөйтіп, өздері айтпашқы «өмірдегі шерменделер» бес күндік жалғанмен осылай қоштасқан. Ауыл халқы көпке дейін кешке салым жалғыз көшенің бойымен тамақ тілеп, ұзынды-қысқалы болып келе жататын екеуін ұмыта алмады, «біздікіне кірмей-ақ қойса екен...» деген мысықтілеулеріне өкінді, біраз дастарханда «Ө» мен «Ш» деп жазылған қасықтар иесін күтіп жатты, бірақ не пайда...