Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Тастанды таудың қонағы (Әңгіме)
701
оқылды

Авторы: Тататұңға 

 

Күздің көмескі түні тау ішін тұмшалап алған. Ай батып кеткендіктен, қараңғылық бүркеген орманды шоқылар етегін үрей кезіп жүр. Ағысы баяулаған өзеннің сарынына қосыла сұңқылдаған байғыз үні жақыннан талып жетеді. Алтайдың құзар шыңдарынан, шың етегіндегі тұма бұлақтардан бастау алатын ұлы Ертістің салалары ұсақ сары алтынға толы. Жергілікті жұрт «Кебек алтын» деп атайды, бірақ, қызығын ішкі қытайдан ағылып келіп жатқан кезбе келімсектер көреді. Сай тағанындағы өзен бойын жағалай қазған жеркепелерде тұратын келімсектер қонысынан шаңқылдаған дауыстар үзіліп-үзіліп естіледі.

Кешегі нөсерден соң электр өшіп қалғандықтан мұндағы адамдар ерте жатып қалған. Елі селдіреген қойнаулардағы малшы ауылдар мен етектегі шағын қалашықты жалғайтын қара жолдың асуға жетер тұсында, ағаш көпір маңындағы иінде орын тепкен ескі үйден қызғылт шам жарығы сығыраяды. Ескі болса да еңселі балшық үйдің алдына атты арба келіп тоқтады.

Арбадан домалай түскен ер адам есікке жетті де, тарсылдата қақты.

– Дохтыр, есікті ашыңызшы! Алыстан келіп едік. Жеке айтар бұйымтайым бар...

Елуді алқымдаған егде әйел ауыр қарағай есікті жартылай ашқан. Үйден тамақ дәмі аралас дәрі-дәрмектің жағымды иісі тыстағы салқын ауаға аңқып қоя берді.

– Апа, сіз екенсіз ғой, амансыздар ма?...

Бұл өңірге аты мәлім дәрігерді қарайған қазақ атаулы «Дохтыр» десе, ауыл баларының атауымен оның әйелін үлкені де кішісі де «Апа» дейтін. Осынау құзар тау, жыныс орман, бел-белес арасында шашырай ғұмыр кешетін малшы ауылдардың шаңырағында «шыр» етіп дүние есігін ашар әр сәби сол апаларының босандыруымен өмір жарығын көрген. Оған қоса «Туыт анасы» деген құрметті аты тағы бар. Ел ішіне қадірлі қос дәрігердің сонша мыңдаған кіндік балалары да бар.

– Үйге кіріңіздер.

Арба үстінде тағы екі әйел отырған. Бірі анасы, екіншісі жиырмаға енді толған жас қыз. Жас болса да дөңгелене шермиген қарны еркін қимылдауына мүмкіндік берер емес. Шешесі қызын сүйемелдеп түсіріп жатқанда, төргі бөлмеге өткен ер адам дәрігермен оңашада күбірлеп сөйлесіп тұрды. Үйге қинала кірген жас қыз босағадағы орындыққа жайғасты да құрсағын сипап қойды. Іштегі шақалақ анасының ыстық алақанын сезгендей қолымен әлде, аяғымен тірей «Мен бармын!» дегендей аунап түседі.

Іштен ақсаңдай шыққан дәрігер оған жақындады да, тыңдағыш аспаппен жүрегін, құрсақ тұсын мұқият тексеріп шықты. Басын шайқап қойып қайта кіріп кетті. Ішкі бөлмедегі әңгіме қайта жалғасты. Бірде естілер-естілмес күбірлессе, арасында айқайға ұласа жаздайды.

– Дохтыр, айтып тұрмын ғой. Құдаласып, көп қалыңмал алып қойған жеріміз болса да, бұл қағынғыр өзге жігітпен сөз байласыпты, мынау ішіндегі түйнек те содан. Осы күзде ұзатып, құтты орнына қондырмақ едім, дүйім жұртқа масқара ете жаздады. Осы пәледен құтқарсаң, соғымдық ту биеңді іргеңе байлаймын.

– Толғағы тым жақын қалған екен. Туғалы тұрған баланы өлтіріп, күнәға бата алмаймын. Оның үстіне қызыңыздың да жағдайы мәз емес. Өз беттеріңмен түсірмек болып, қара сабынды көп ішкізіпсіңдер. Осы күнге дейін менің ауламнан ем іздеп келген кісі өлімі шығып көрген жоқ. Ауданға емханаға апарыңдар!

Сол сәтте туыт анасы апа дохтыр күйеуін келесі бөлмеге ымдап шақырып алды.

– Байқұс қыздың халі тым мүшкіл, тау ішінің ырғағы көп жүрісін енді көтер алмайды, қан көп кетсе, екеуі де жазым болары хақ. Өзін ғана алып қалайық та, тасбауыр әке-шешесін қайтарып жіберейік. Бес күннен кейін келсін.

Дәрігер қырық жылдай отасқан жарының сөзінен бір нәрсені түсіне қойды. Екеуі қатарласа ортаңғы бөлмеге келді де:

– Біз ақылдастық. Қыздарыңды қалдырып, өздерің кете беріңдер. Күн дүйсенбіге ауып барады, алдағы жұма кешке қарай келіп алып кетесіңдер. Қалғанын өзіміз жайғастырамыз...

Анау екеуінің қуаныштан бал-бұл жанған жүзі қызғылт шырақ жарығымен анық көрінеді. Алғыстарын жаудыра тысқа шықты да, арбаларына отырып етекке қарай салдырлата жөнелді. Апа әлсіз ыңқылдап, бүйірін таяна қиналған жас қызды оңаша бөлмедегі төсекке сүйеп апарып жатқызды да, дәрі ішкізді.

– Қамықпа, қызым! Жақсылап ұйықтап ал. Босанар күнің тақау, сол үшін укол салуға болмайды. Қазір сорпа жасап беремін, қара сабынды көп ішкен соң ішегіңе зақым келген. Оның да амалын табармыз.

*   *   *

Арада төрт күн аунады. Дәрігер өздеріне жарым күншілік жерде, тау арасында қыстайтын нағашыларына хабар жіберді. «Мұрат тез келіп қайтсын. Жаратқанның көзі түзу екен» деді хабаршы балаға.

Тау сағалап, өзен жағалап, алтын шайқап жүрген кезбелердің құлағына қайдан жеткенін кім білсін, кешкісін екеуі, одан кейін тағы біреуі келіп кетті. Күздің салқын кешінде түте-түтесі шыққан мақталы шапан киген, жалаң аяғына керзі етік киген қызыл мұрын кезбе шал дәрігерге қолқа салды.

– Сендер бала түсіреді дейді. Өлі туған шақалақты бала жолдасымен қосып бізге сат. Ақша, болмаса бір сәрі сары алтын береміз. Бала сорпасы біз үшін мың да бір ем...

Бойын қатты ашу буған дәрігер оны емханасынан қуып шықты.

– Мың жылдар бойы адам етін жеумен келесіңдер. Енді Алтайдың қойнау толы байлығын асап жатсаңдар да тойынар түрлерің жоқ. Сендер келгелі бұл мекеннен құт кетті, жас жігіттеріміз сенің қызыл үкіметің салған зобалаңнан бас сауғалап, өзге елдерге кетіп жатыр. Тастанды таудың алтынын қанағат тұтпай, тастанды баласына дейін ауыз салмақсыңдар ма?!

******

Таудың түні қашанда қорқынышты. Үкі уілі мен байғұз сұңқылына түнгі желден суылдаған орман дауысы қосылса, тіпті, ғаламат үрей төндірмек. Дәрігердің шағын емханасында үш жерден шырақ жанып тұр. Абыр-сабыр күй кешкен екеуі жаны шырқырай тұмса толғақ қысқан жас ананың қасында айналып-үйіріліп жүр. Толғақ жиілететін укол салынған, қажетті дәрі берілген. Осынау бір қиын сәтте сайтандай сап еткен қыз әкесі мен шешесі есік алдында арбадан түсіп жатты.

Есіктен кіре қысқа амандықтан соң жанарын есірік дегбірсіздік буған шешесі:

– Дохтыр, андағы түйнекті мына матаға орап бере салыңыз. Тумай жатып туа шөккір пәлекетті иірімге батырып, біржола құтылайын. Заң орындары біліп қалса, басымызға қаласы тиер...

Сол сәтте осы уақытқа дейін сабыр сақтап келген, дәл осы уақытқа дейін қаншама сәбиді аман босандырып, тұла бойын анаға тән мейір билеген туыт анасы айқайға басты.

– Өзегіңді жарып шыққан өз қызыңнан туған баланы сонша жек көрген, өз қолымен өлімге тастайтын қандай жауыз қатын едің! Сұрың құрысын, сен найсаптың! Сол сәбидің орнына өзің өлетін жөнің бар еді ғой.

Арғы бөлмеден шыққан дәрігер сабырлы қалпын бұзған жоқ. Жұбайына «Тоқта!» дегендей ишара білдірді де:

– Дабырламаңдар, алыс-жақындағы ел естіп болыпты. Өзің айтқандай заң орындары білсе, түрмеге кетесіңдер. Бала өлі туды, уколмен өлтірдік. Матаңды маған бер, шымқап орап, тас байлап Ертіске өзім лақтырамын. Ертең бәрімізге кесір қалмас үшін шүңетке батқанын өз көзіммен көруім керек...

Қыз шешесі ұсынған ескі қоржыннан сұры матаны алған дәрігер ішке кіріп кетті де, ораулы баланы алып қайта шықты. Екеуді ертіп, қиыршық тасты жарқабаққа келді де, ұзыншақ малта тасты құндаққа мықтап байлады. Байлады да қабақ шетінде тұрып, қос қолымен әуелете ырғап, иірімге лақтыра салды. Қараңғы тыныштықта әлсіз су гүріліне ілесе «Шоп» еткен дауыс шыққан.

– Иірім түбі мәңгілік мекенің болды. Қош енді, тастанды таулардың тастанды қонағы!.. – деп күбірледі дәрігер.

Сай жақтағы келімсектердің жер кепесінен даурыққан, ұрысқан түсініксіз дауыстар естілді. Елдің ішкі аймақтарындағы әр жерден келген бұл кезбелердің арасында жиі жаңжал туатын. Бұл Ертістің түбінде бір-бірімен жауласқан қаншама келімсектің сүйегі жатқаны да жұмбақ. Олармен бірге тау қазақтарына не бір сұмдықтар ілесе келгені, кезбелердің табаны тиген жерде шөп қурап, қарағайлардың балтыры сарғайып кететіні ел ішінде гу-гу әңгімеге тамыздық болатын...

******

Оншақты жыл өткенде бұл маң адам танымастай өзгерген. Тау арасын иірлеп, сан тарамға бөлінетін соқпақтарға жаңа жол салынып, Ертіс үстіндегі көпір жаңарған. Дәрігер де бұ дүниелік емес, шағын емханасы жабылып, соңыра төбесі түсіп, орнында тұқыл тамдар ғана қалған. Туыт анасы қазақ жұртына қоныс аударған ұлдарымен бірге бұл тауларға қош айтқан. Таулардың сұлбасы, айқара көкке бой созған самырсын мен қарағайдың тамтығы, долы Ертістің қорыс-қопасы шыққан жағалауы мен жесірдің зарындай жылап аққан, тартылған суы қалған.

Байырғы қиыршық тасты жарқабақ шетінде он жеті жастағы қызын ерткен бір әйел отыр. Көз шарасына лықси келген жасты сүртіп тастап, мұқыл тамды нұсқады:

– Сен анау үйде дүние есігін аштың, әкең екеуімізді перзент сүю бақытына бөлеген сол үй. Шағын емхана еді, дохтыр ата әулетімізге жиен екен. Қандай ардақты жан еді, қазір О дүниелік. Қабірі мұнда емес, тым, тым алыста... Сен туа сала әкең бұл маңнан қоныс аударуға бекіді де, Қайыртыға көшіп кеттік. Енді осы жұрттан өткен сайын дұғаңды оқып, атаңның рухына шапағат тілей жүр! Біз осынау жұбай жандарға, қос қамқоршымызға өмір бойы қарыздармыз...

Екеуі осылай сөйлесіп отырғанда, өздерінен сәл төменірекке тағы бір әйел келіп, суы төмен артқан иірімге телміре ұзақ қарап тұрды. Жоғалтқан ең қымбат асылын ізгендей, әр толқынға тесірейе қарайды. Бурыл тартқан шашына, тым жұпыны киіміне, қайғы буған сұрқына қарап, екеуі ақырын қасына келді.

Олардың жақындағанын сезсе де, дым білмегендей тұра берді. 

– Он жеті жыл болды, осында, шүңет түбіне батқан қарғамды іздеп жүргеніме. Тым құрыса құндағын, құндағына байланған тасты тапсам, қара жер бауырына тастап, жүрегімді біржола суытсам деп едім. Ешқандай із қалмаған... – деп күбірледі.

Қыз ештеңе түсінбесе де, анасы бірдеңені сезіп тұр. Жүрегі атша тулап кетті де, ыстық бір ағын тұла бойын соғып өткен. Тез кетуге асықты.

– Қайтайық, құлыным, әкең іздеп жатқан болар...

– Бұл қызың ба? –деп сұрады анау әйел. – Қыз тусам, мәпелеп өсіріп, қалаған жігітіне ұзатамын деген сертім бар еді. Бірақ, Құдай маған ондай бақытты бірер сағатқа ғана берді де, қолымнан алып қойды. Өмірімдегі ешкім түсінбес құпияның сырын дохтыр ата мен мынау жарқабақ қана білетін. Ол ата қазір бұл өмірде жоқ деседі. Оның қатыгездікке барар жауыз адам емес екенін жұрттың бәрі айтады. Әттең, сол түні осы иірімге өзім неге секіріп кетпедім екен?...

Шешелі-балалы екеуі жон арқасын ғасырлық күн қақтаған қойтастарды аралай өтіп, күре жолға түсті. Артта мұндағы жұрттың ата-бабасына мыңдаған жыл мекен болған қарт таулар қалып барады. Қыз шешесі соңына бұрылып, жар жеигінде отырған мұңлық әйелге көз тастады да өзіне-өзі:

«Қыз құрсағыңнан шыққанымен, сенікі емес. Тумай жатып тастанды болған ендігі иесі мен және мынау орманды таулар» деп күбірледі.