Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Проза» номинациясы: Қоқыс жәшігі
1,055
оқылды

Авторы: Шатқал

 

Саят 5-сыныпта оқиды. Оқу үлгерімі өте жақсы. Ол «менде бір ғана мәселе бар» деп ойлайды. Егер сол шешімін тапса, әлемде Саяттан бақытты бала жоқ секілді болып көрінеді, солай елестейді де. 

Сынаптай сырғып жатқан уақыт. Бір-біріне ұқсас күндер. Қыж-қыж қайнаған тынымсыз тіршілік. Саят әдеттегідей сабақтан соң мектеп ауласында достарымен өткен түндегі футбол ойындарын талқылап, әр нәрсеге дауласып, бәстесіп жатты. Арасында спорт тақырыбын мүлде түсінбейтіндері де бар. Бірақ, олар да қалыспайды. Бір-біріне қыршаңқы сөз, қисық әзіл айтып, болмашы дыбысқа да арқа-жарқа болып күледі. Бір-бірінің сөзін іліп әкетуде, өз ойларынша, құдды ауыздыға сөз бермей жатқан секілді. Сол маңнан күлкінің сан түрі шығып жатыр. Тіпті, өткен-кеткен адамның құлағына түрпідей тиетін ерсі күлкі де еміс-еміс естіледі. Әдетте, осындай абыр-сабырды мектептің бірнеше мұғалімі ғана сап тияды. Соның бірі – жаны әркез жадырап жүретін, өзіне жарасымды киінетін, өте ұстамды, бірақ сабақ пен тәрбиеге келгенде темірдей тәртіпті ұстанатын Жадыра апай. Ал, кейбір мұғалімдердің мұндай орынсыз ыржаң, болымсыз қылжаң ортаны тоқтатумен мүлдем шаруасы жоқ...

Соңғы сабақ аяқталып, балалар бүгін «әлемдегі ең мықты футболшы кім?» деген сұрақ турасында сөз таластырып тұрды. 

– Месси! – деді бірі. 

Оның сөзін бірнешеуі қоштады. 

– Роналду, – десті екіншісі. 

Мұны да қолдаушылар бар. 

Родри, Ямал... Әркім өз нұсқасын айтуда. Күндегідей бөстекі сөзімен ортаны бүлдіріп тұрғандар табылады. Бұл жолы Саяттардың айғай-шуын Жадыра апай тыйып тастамады. Сондықтан болар, олар біразға дейін көсілді.

Ертеңінде мектепте бір оқыс оқиға кеңінен гу-гу тарады. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін Жадыра апайдың баласы ауруханаға түсіп қалыпты...

Кейбіреу жанашырлық танытады, енді біріне қызық керек. Көп кешікпей белгілі болғаны, оның ұлы қоқыстан қалбыр жинап жүріп вирус жұқтырған екен. Бұл әңгіме Саяттың сыныптастарына да жетті. Өйткені, олар анасының қайда жұмыс істейтінін жақсы біледі. 

– Сенің анаң қоқысты тез арада жинап алғанда, Жадыра апайдың баласы ауырмас па еді? - деп қалды Қайрат есімді қылжақбас сыныптасы сөз арасында. 

Саят әуелгіде оған жұдырық ала жүгіргісі келген. Әрине, алып денелі Қайратқа шамасы келуі қиындау. Артынша ойланып қалды. Өйткені, бұған дейін жылпос Жандос есімді сыныптасының көзін көгертіп, мектепте жиналысқа түскені бар. Білекке емес, ақылға сеніп іс-әрекет қылған бала осы жолы байғұс анасын ойлады.

Сыныптастары үшін әлгі айтылған сөз жай қалжың болуы мүмкін. Сол сәтте ұмытылады. Бірақ, Саят үшін жанын жаралайтын ауыр сөз еді. Жалпы, оған анасының тазалық мекемесінде жұмыс істейтіні ұнамайды. Соған өзінше намыстанады. Оның жалған намыс екенін ажырата да алмай жүр. 

Саяттың анасы Сәбираш таң қылаң бергенде оянып, сарғыш жилетін киіп, сыпырғы мен қоқыс жинағыш арбасымен көшелерді аралап, күл-қоқыстан тазартып шығады.

Саят 2 жыл бұрын анасына еріп, оның жұмысымен танысқан-ды. Анасына қішкене қолғабыс етіп, онысына мақтанып-масаттанып, ара-тұра қоқыс жинауға құмартып та, қызығып та жүруші еді. Бірақ өсе келе ойы өзгере бастады. Құрбы-құрдастарының аналары кеңседе жұмыс істейді. Ата-аналар жиналысына келгенде әрқайсысы өз көлігінен түсіп жатады, киген киімдері де өзгеше көрінетіндей. Ал Сәбираш көбіне мектепке бас сұға алмай қала береді. Оның бір емес, бірнеше себебі бар...

Саят жатар алдында:

– Неге менің анам басқалардай жұмыс істемейді екен? – деп жиі-жиі ойлайтын.

Кейде анасына «Неге жұмыс ауыстырмайсың?» деп айтқысы-ақ келеді, бірнеше рет нақты оқталғаны да бар. Бірақ, анасының сілесі тастай қатып, шаршап-шалдығып келетінін бала жүрегі түсінеді де, райынан тез қайтады. 

Саят сабақтан келгенде анасы асүйде шай ішіп отыр екен. Бүгін жұмыстан ерте қайтыпты. Шаршағаны жүзінен білінеді. Ауырып та тұрған секілді.

– Тамақ дайын, балам, – деді ол ештеңені білдірмей. Содан соң баласының маңдайынан бір иіскеді де:

– Жаңа ғана бір әріптесім хабарласып, түнгі ауысымға шығуымды сұрады. Баласы ауырып жатыр екен. Соған баруым керек. Сен сабағыңда оқы. Сосын ертерек жатып демаларсың, – деді жанашырлық танытып.

– Түнде де жұмыс істейсің бе? – деді Саят қабағын шытып.

– Қала таңертең таза «ояну» үшін біреулер түнде де жұмыс істеуі керек, құлыным! Сен оны жақсы білесің. Бүгін түнде жұмысқа шықсам, ертең күні бойы үйде боламын. Сен сабақтан келгенде, жақсы көретін бәлішің мен тамағың дайын болады. Айтпақшы, компот та дайын тұрады, – деді анасы күлімдеп.

Саяттың жүзіне қан жүгірді, бірақ не деп сөйлерін білмеді. Іштей бұл жұмыстың неге соншалықты маңызды екенін түсінгісі келмегендей.

Келесі күні сынып жетекшілері маңызды хабарлама жасады.

– Балалар, сенбі күні «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасы аясында сенбілікке шығамыз. Өзіміздің алтын ұямыз – мектеп ауласын тазартып, көшет егеміз. Тазалыққа бәріміз үн қосуымыз керек. Ата-аналарыңа да хабар беремін. Ертең сағат 9:00-де мектеп ауласына жиналамыз, – деді. 

Сол-ақ екен, сынып бірден ұлардай шулап кетті:

– Түуу, апай!..

– Қоқыс тереміз бе сонда? 

– Апай, қоқыс жинайтын арнайы адамдар бар емес пе, солар не істейді? 

– Маған анам қоқыс тергізіп қоймайды! 

– ...

Білімге бас ұрған ұрпақтың басым бөлігінің ойы осыған саяғанына сынып жетекшісі басын шайқап, шарасыз күйде қалды. 

Сенбілік туралы хабарламаға Саят та аса қуанбады. Бірақ, іштей қапелімде мектеп ауласының тазалығы үшін әр оқушының іс-әрекеті маңызды екенін есіне түсіріп, кеше ғана анасымен болған диалогты ойға алды. 

Сенбі күні таңертең бәрі мектеп ауласында жиналып, жұмысты ойдағыдай атқарды. Аула тазарып, көшеттер де егілді. Бірақ, 4-5 күн өтер-өтпестен айналаның баяғы қалыпқа келгені байқалды. Бұл уақытта «Таза Қазақстан» ұлттық экологиялық жобасы аясындағы апталық өтіп, мектепте тәрбие сағаттары, жиындар, іс-шаралар легі жалғасып жатқан-ды. 

Жетіншіде оқитын баласы жазылып, жұмысқа қосылған Жадыра Сайынқызына мектеп директорынан ерекше іс-шара ұйымдастыру туралы тапсырма түсті. Ол экология тақырыбына қатысты мектепте бұрын-соңды болмаған кездесу өткізуге бекінді. Оған себеп те жоқ емес...

Қоқыс жәшігінен қалбыр ыдыстарды жинап, оны тиын-тебенге өткізіп жүрген баласы бірнеше күн ауруханада жатты. Қауіпті вируспен күресті. Ал бір апта бұрын мұнтаздай тазарған мектеп ауласының көркі қашып кеткені де рас. Иә, сыпырылған жер емес, шашылмаған жер таза болады. Бұл оқиғаның бәрі Жадыра апайды бейжай қалдырмады...

Шыны керек, мектептегі танымал тұлғалармен кездесудің көбіне әнші, актер, ақын-жазушы және журналистер шақырылып жатады. Қоғам тарапынан «ғалымдарды, өнертапқыштарды көтермелеуіміз керек» деген ой-пікірлер жиі айтылады. Бірақ, дәріптеу жағы кемшін түсіп жатқандай. Сонымен қоса, биыл еңбек адамдарын насихаттау, «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында салада қызмет етіп жүрген тұлғалардың есімін кеңінен таныту жұмыстары қарқын алды. Осының бәрін ой елегінен өткізген Жадыра апай мектепке бірнеше маманды қонаққа шақырды. Олардың арасында Саяттың анасы Сәбираш та бар. 

Күріштен және оның сабағынан түрлі өнім дайындап, патенттеп үлгерген өнертапқыш ғалыммен бірге төрге Сәбираш та жайғасты. Оны жұмысындағылар ұсынған екен. Себебі, Саяттың анасы өзара ұжымдық отырыстарда салиқалы, салмақты әңгімесін айтып, тілек айту барысында өзін жақсы ұстайтынын әріптестері жақсы біледі. Әрі ол мектепте баласы оқитынын да басшылық хабардар, сол үшін Сәбираштан артық ешкім жоқ деп шешім қабылдаған. 

Кездесудің басты ұйымдастырушысы Жадыра апай бірнеше күн бұрын мектеп директорына іс-шараның сценарийін таныстырып шыққан еді. Расын айту керек, мектеп басшылығы жиынның жоғары деңгейде өтетініне сенімсіздік те білдірген болатын. Десе де, Жадыра Сайынқызы барлық жауапкершілікті өз мойнына алды.

Кездесу барысында өнертапқыштың жұмыстары оқушылардың қызығушылығын оята түсті. Оған дәлел, сабақта ондай белсенді болмайтын Беріктің өзі сұрақтарды қарша боратумен болды. Күріштен жасалған өнімдердің экологиялық жағынан таза екені, химиялық қоспасыз жасалатыны айтылды. Ең бастысы – жергілікті өнім. Шикізаты да өзімізде толып тұр. Жиын барысында ғалым кісі ғылыми жаңалықтар туралы да айтып, оқушыларды қызықтырды. Көп күттірмей кезек Сәбирашқа да келді. 

Ол еңбек адамының әрбір іс-әрекетіне тоқталып, еліміздің жұмысшы мамандарын барынша насихаттап жатқанына риза екенін жеткізді. Сөз арасында оқушыларға тазалық мәдениетін сіңіру туралы ұсынысын да айтты. Күнделікті жұмыс барысында қоқыс жәшігінен түрлі зиянды заттарды байқайтынын, сол себепті қоқысты сұрыптаудың маңыздылығына тоқталып, қала тұрғындарынан, әсіресе кәсіп иелерінен химиялық зиянды заттарды қоғамдық қоқыс жәшігіне тастамауын сұрады. Оның бала денсаулығына қаншалықты қауіп төндіретінін жеткізуге тырысты. 

Осы сәтте Саят іштей анасының шешендігін қалт жібермей бақылап отырды. Жұмысының қоғам үшін, ел үшін маңызды екенін ұғына түскендей. Тіпті, тазалықшы анасымен мақтанатынын жарияға жар салғысы, қатты айғайлап айтқысы да келді. 

Саяттың терең ойға шомған сәтін бірнеше апта бұрын баласы вирус жұқтырған Жадыра апай бөліп жіберді. Ол сөзге етене араласып, оқиғаның да мән-жайын баяндап берді. Кездесу сценарийдегіден ауытқыды, бірақ барынша шынайылық көрініс тапты. Оқушылар ұйып тыңдады. Мектеп ауласының тазалығы фотосуреттер арқылы экраннан «дейін» және «кейін» деген форматта көрсетілді. Осы сәтте оқушылардың көбі басын төмен салбыратты. Одан соң әр адам өз ауласын, көшесін таза ұстаса, тазалық мәдениеті бірте-бірте қалыптасатыны сөз болды. Кездесуден соң оқушылар кейіпкерлерге сұрақ қойып, жауабын алып жатты.

Бірнеше күннен соң жергілікті газетке Жадыра Сайынқызының мектептегі іс-шара туралы жазған көлдей мақаласы жарияланды. Оны мектеп мұғалімдері бір-біріне қызығып та, қызғанып та жолдады. Оқушылар да оқып, мәз-мейрам болысты. Ең бастысы, көпшілік кездесуден соң кез келген істің себеп-салдарымен күрескен тиімді екенін ұғынды. 

«Шашылған жер жиналар, бірақ тағы шашылады. Маңыздысы, тазалық мәдениетін қалыптастыру екен» десті бәрі...