Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Сұры кітап
203
оқылды

Авторы: Aqsagala

 

Сіз ғажайыпқа сенесіз бе? Сенбейсіз бе? Ендеше, мен сізге бір ғажайып оқиға айтып берейін. Дайынсыз ба? Ал, онда тыңдаңыз.

Менің он жасқа толған туған күніме әжем сырлы көк сандығын ашып, ішіндегі заттарды бипаздап сыртқа шығарып отырып, ең түбінен үлкен ақ матаға оралған бір затты алып шықты. «Сенің туған күніңе сыйлық», – деген соң, мұрным пысылдап, әжемнің төбесінен төніп мен де тұрмын. Ақ матаның ішіндегі заттың не екендігін білгім келіп, дегбірсізденіп барамын. Асығатын әжем ба? Өзі ылғи «Асыққан шайтанның ісі», – деп отыратын. Сол әдетімен оралған ақ матаны байыппен ашады.

– Тууф, әжетай, болыңызшы. Андағы не? – дедім.

– Қазір, құлыным. Осы сыйлық саған. Асықпа! – деді де ісің жалғастыра берді. Болды-ау әйтеуір. Манадан алып-ұшып тұрған көңілім су сепкендей басылды. Реңіштен көзіме жас та келіп қалды. Енді қайтейін, сарыла күтіп, сарғая тосып тұрғаным, шеті әбден мүжілген, жалба-жалба сұры кітап.

– Ой, әже, – дедім өкпемді жасыра алмай. Ал әжем болса сол сабырлы қалпын жоғалтпай:

– Ұста, қарғам. Бұл кітаптың ендігі иесі өзің! – деді де көмбе иісі аңқыған ескі кітапты қолыма ұстата салды. Бір жағы әжемнің көңілін қимай, бір жағы сыйлағандықтан кітапты алып, сүйретіле басып бөлмеме бардым. Ашып та қарамастан компьютер жанындағы суырмаға тастай салып, өзім ойынға кірістім. Кеш батқанша ол кітапты ұмытып та кеттім. Кешкі астан соң далада біраз ойнап болып, төсегіме құлай кеттім. Көзім енді жұмыла бергенде әлде ненің сытырын естідім. Алғашында мән бермедім. Бара-бара сатыр күшейіп кеткен соң көзімді аштым. Міне қызық! Суырма айналасы жап-жарық. Бұл не ғажап?! Қорықсам да суырмаға жақындадым. Қорқынышымды әуесқойлығым жеңіп, ақыры аштым.

Керемет! Бұндай да болады екен. Бұрын сонды мұндай ғажапты кім көрген. Манағы ескі кітабым сиқыр толы түстермен жайнап тұр. Ұқыппен қолыма алдым. Ақырын аша бергенім сол еді, бір тылсым күш ішіне қарай тарта жөнелді. Қанша қасарысқаныммен болмады, ішіне сүңгідім де кеттім. Айран-асыр, алақтап жан-жағыма қараймын. О, тоба! Айналам өлең-жырға, айшықты сөздерге толып жүр. Күнделікті қолданып жүрген сөздерім жұлдыздай жарқырап тұр. Қайсы бір сөздер көмескі көрінеді. Енді біреулері сүйретіліп әзер тұр. Аяғымды санап басып, алдыға жылжыдым. Ойпырмай! Қазақ тілінде мұнша сөз барын кім білген. Көзім кітаптың төріне түсті. Сүбелі, сүбелі салмақты сөздер жиын ашып отыр. Қабақтары қатулы. Не айтып жатқандарын білгім келіп жақындай түстім. Ести алар емеспін. Тағы бір жылжығаным сол еді Қадір Мырза Әли атамыздың өлеңі мені байқап қалды. «Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте» деп киген хандар қалпағы бар. Түрі өте қатулы. Кібіртіктеп төмен қарадым.

– Міне солардың біреуі. Өзге тілде шүлдірлеп, өз тілінде міңгірлейтін қазақтың қызы демесі барма. Барлық өлең-сөздер маған жалт қарады. Тығыларға жер таппай, ақталарға сөз таппай, тізелерім дірілдеп отыра кеттім. Ұяттан екі бетім дуылдап барады.

– Кешіріңіздерші мені, баба тілім, – деп жылап жібердім.

«Тіл байлығы, тіл тазалығы ұлт қасиетінің, салт санасының негізгі өнегесі, нағыз белгісі» деген Бауыржан атамыздың сөзі төніп келді төбеме. Тура оқулықта көрген Момышұлының сұсты көзқарасындай.

– Жә, балам! Тұр орныңнан. Ер соңымнан! – деп бұйырды. Үнсіз ере бердім.

– Қорықпа! – деп гүр ете қалды. Ол дауыстан одан бетер дір еттім мен сорлы. Айналама абайлап көз салып келе жатырмын. Бабамнан қалған асыл тілімнің кей жағдайларын көріп, кеуде тұсым шымырлап қоя берді. Менде бұрын мұндай жағдай болмаған. «Обал-ай» деп келемін ішімнен. Жауһар қазынамызды осынша халге түсірген мына біз бе, солардың бірімін бе деп өксіп келемін. Кітаптың барлық дерлік бөліміне барып шықтық. Біріне бірі сүйеніп, кейбірі қансырап, енді бірі ессіз сұлық жатқан қазағымның мағынаға толы мұрасын көріп жаным шырылдады.

– Айналайын, анамның тілі, бабамның тілі, енді қадіріңе жетпесем мені қазақтың қызы демей ақ қойыңыздар. Осыдан айналама өзге тілде үн қатсам, мені кешпеңіздер! – деп шырылдадым.

«Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді» деген Ғабит Мүсірепов атамыздың сөзі маңдайымнан сипады.

– Жылама, жылама, қызым,– деді. Саған бұл кітапты әжең жай сыйлаған жоқ. Біздің, қазақ тілінің ертеңгі тағдыры сендердің, жастардың қолында. Осыны достарыңа жеткіз, – деді майда үнмен.

Көкірегім ғажап күйге, санам сырлы сөзге толып, мен шынайы өмірге орала бердім.