Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Жер перзенттері (фантастикалық әңгіме)
222
оқылды

Авторы: Biaga

 

«Ғылым таппай мақтанба.»

 – Абай

Балалар, Кендебайдың бойынан қандай адамгершілік қасиеттер байқадыңдар? – деді Айгүл ұстаз даусын соза сөйлеп. Оның бұл мәнері менің ұйқымды келтіріп жіберді.

– Сендер небәрі 5-сыныпта оқисыңдар. Сендерге түсінікті болсын деп, осылай баяулата, әндете сөйлеймін. Мұғалима жан-жағына қарап, бізден жауап күтті ме, қолдау күтті ме, қадала көз тастады. Кішкентай сынып болсақ несі бар, сөз ұқпайтын кеңкелес емеспіз, әңгіменің астарын аңдамайтын ақымақ емеспіз. Біздің қолымыздан бәрі келеді: партадан секіру, борды шайнамай жұту, терезенің алдына шығып, суретке түсу, гүлдің жапырақтарына есімдерімізді баттитып жазып кету. Партамда жатқан оқулықты немқұрайлы жаба салдым да, жағымды таянып, қиялға берілдім. Ертегілерде айтылатын сиқырлы жүзік менің қолыма түссеші! Үш тілекті ғана орындайтын алтын балықты кездестірсем қайтер едім? Оған үш емес, үш жүз тілегімді орындатып алар едім.

– Хантөре, саған Кендебайдың қай әрекеті ұнады? – деп ұстаз иығымнан қаққанда барып, ойымды кілт үздім.

– А, Кендебай ма? Атына мініп, көзін жұмып ұшқаны ұнады. Сол жерде мен болғанда көзімді ұзақ жұмуға шыдамым жетпес еді,-дедім орнымнан шала көтеріліп. Сынып ішін күлкі көмкерді.

– Басқа қандай ісін жөн санадың? – деп Айгүл апай қасымнан кетер емес. Өзі мұғалім емес, тергеуші сияқты.

– Барлық әрекетін құп көремін. Ең бастысы-оған ешкім үйге тапсырма бермейді, ол түннің бір уағына дейін біз сияқты сабақ қарамайды. Атына мініп, ұшып жүреді. 

Оқушылар дуылдап кетті. Менің сөзім жандарына жақса керек, қол шапалақтап, кей тентектері ысқырып қояды. Бір сәтте бәріміз бірдей орнымыздан көтерілдік. Бір кісідей оқулықты жаптық та, ұшатын құстай қолымызды қомдап алдық. Мұғалима түкке түсінбей, әндетіп әлденелерді айта берді.

– Адамгершілік... Уәдеде тұру... Ерлік... - оның даусын құс қанатының суылдап ұшқан дыбысы үзіп жіберді. Сыныптағы отыз оқушы аяқтарымыз жерден көтеріліп, ауада ілініп тұрмыз. Біріміз мұны қызық көріп, сықылықтап күлсек, енді бірі қорқып, бақырып жылап жіберді. Мен ерекше мәзбін. Табаным жерден біржолата ажырағанда, бір еркіндікті сезінгендей болдым. Тек қолынан кітап түспейтін Әлихан мен Зәуре, Аруналар ғана ұша алмады. Олар да қолдарын құстың қанатынша ары сермеді, бері сермеді, түк шықпады. 

– Сендерге салмақ тастау керек, – деп жіңішке даусыммен айғайлай сөйледім. Өйткені өзгелерден озып, төбеге дейін қалықтап барған мен едім. Басқалары менің өкшеме таяу қашықтықта қалқып жүр. Мендей болу қайда сендерге?

– Қане, шәкірттер, тыныштық сақтаймыз, – деп Айгүл апай шаңқ етті. Әншейіндегі биязы даусы қайда? Үнінде өктемдік, адуындылық жоқ, керісінше жалыну басым тәрізді. Мен терезеге жақын тұрған досым Ақбердіге даланы нұсқадым. Жаңа бейімімізді бүкіл қалаға көрсетпейміз бе? Мені сөзсіз түсінетін жан досым терезені аша қалып еді, бәріміз ұмар-жұмар болып, сыртқа бет алдық. Біреудің аяғы әлдекімнің маңдайына тиіп, шар еткен үні естілді. Оған назар салып, қайырылған ешкім болмады. Ұшу қабілеті дарымаған үш оқушысымен ғана қалған қарт ұстаз Айгүл оларға:

– Тез сынып жетекшілеріңді шақырыңдар! – деп бұйырды. Құдды бір жетекшіміз келсе, бізді аяғымыздан тартып түсіретіндей. Жайшылықта улап-шулап жүретін даңғаза басымыз мектептің ауласына қарай қанат қақтық. Қолымыз - қанат, аяғымыз-құстың құйрығындай. Мен топ бастап келемін. Қауырсындай қалықтап, аулаға топ етіп қонуды ойлап едім, оным теріске шықты. Жерге қанша шүйілсем де, табан тірей алмадым. Қара жерге бәтеңкемнің тұмсығы тие берсе болғаны, қайтадан зуылдап көкке көтерілемін. Бұл жолы бұрынғыдан да алысқа зымырап барамын. Қызық көріп, сақылдап күлесм де, бойымда үрей бары рас. Тым болмаса досыммен қатар қалықтасам ғой. Ол менің аяғыма қанша жармасса да, иық тірестіре алмады. Төменге қарай құйғытып келемін. Осы күйі жерге қадалып қалсам қайтемін? Өлем ғой онда! Осы ой зәре-құтымды қашырып, көзімді тарс жұмдым. Бір мезетте у-ду болған оқушылардың арасынан бір-ақ шықтым. Байқаймын, әлі жерге жетпеппін. Олар қол созымда ғана тұрса да, қона алар емеспін. Сыныптастарым да менің соңымды ала, ауаға сап түзеді. Олар ұшқыш-сарбаздар сияқты, мен-даңқты қолбасшымын. Осы ойдан масайрап, төменде дүрліккендерге масаттана қол бұлғадым. 

– Түсіңдер, кәне! Қазір ата-аналарыңа қоңырау шаламын! – деп жекірді сынып жетекшіміз Динара ұстаз.

– Әкем іссапарда, ал анам ұрыспайды, – деп мен тіптен шаттана ауада төңкеріліп, би қимылдарын жасауға көштім. Сыныптас дос-құрбыларым да менің әрекетімді қайталап, билей бастады. Жерде жермен-жексен болып тұрған жетекшіміз әдетінше бізді телефонның камерасына түсіре бастады. Оның дағдысы осы. Кім тәртіп бұзса, соны дереу суретке түсіріп, ата-анасына жолдай қояды. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген осы.

– Балалар, сыныпқа қайтыңдар. Мен сендерге «Ер Төстік» деген ертегі айтып беремін, – деп дауыстады Айгүл апай. Оның ертегісіне қызыққан біз болмадық, қайта көкке көтеріліп, самғай жөнелдік. Мектептің төрт көзі түгел жиналып, аспанға аңқайып қалған. Қанша оқушы әлеуметтік желіден тікелей эфир түсіріп тұрғанын сезе қойып, әуеде өнер көрсете бастадым. Қалғандары менің қимылдарымды айнытпай қайталады.

– Ау, балалар, бұларың қалай Біз жер бетінде жыбырлап жүруге жаралған адамдармыз, құс емеспіз. Қоныңдар, кәнекей! – Осылай деп қол бұлғаған қартаң ағайды танымадым.

– Директор ағай, мен құтқарушыларға қоңырау шалдым. Дәрігерлер мен психологтерге де хабар бердім. Ата-аналары да құлағдар болды, – деп бір жас мұғалім оның алдында безек қағып тұр. Е, директор деген қарт кісі бола ма? – Мен директорды қатал апай деп елестетуші едім, – деп саңқ етті Сымбат. Өзі кітапты мәнерлеп оқығанда, даусы шықпай қалушы еді, бүгін саңқылдауын қара. Үнемі жерде жүріп, үні шықпай қалған екен ғой. Не де болса, әуеге көтерілгенімізге мәзбіз. 

– Мен құтқарушыларға қоңырау шалған апайды директор ма деп жүрсем,-деп Сезім жанымызға келіп, шеңбер жасап тұруға тырысты. Бірақ бір күш бір-бірімізге бізді тым жақындатпай, қол ұстасуға жеткізбей қойды. Аяқ астынан кәдімгі ұшқышқа айналғанымызға қуансам да, ішкі қорқыншымды жеңе алар емеспін. Бірақ ол қалпымды достарыма сездіру ойымда жоқ. Қоқиланып, қолымды сермеп-сермеп, олардан оза шықтым.

– Директор кім? Ол қандай болады? Сендерде осыдан басқа ой жоқ па? Одан да анау бұлттарға дейін ұшып барып, соларды жастанып біраз жатайық!

Осыны айтып, зуылдай жөнеліп едім, шыр ектен дауыстан тоқтап қалдым. Сөйтсем, телефонын қолына бір сәт алмаса, демі біткендей ырсылдап қалатын Керім екен.

Балалар, тез қайтайық! Мен қалта телефонымды партаның үстіне ұмытып кетіппін. Сосын бұлтты төсек еткенімізді суретке түсірмеймін бе? – Оның осы сөзін бәріміз мақұлдап, жерге қайта бағыт алдық. Ұшып әдістеніп қалыппыз, әжептәуір бұрылып, бір-бірімізді қақпай, әдемі сап түзеп тұра қалыстық. Бұл кезде мектептің ауласы шу-шұрқан болып жатыр еді. Тәртіп сақшылары, дәрігерлер, аналар, әжелер, оқушылар мен мұғалімдер мидай араласып кеткен. Біз терезеден оп-оңай сынып бөлмесіне зымырап кірдік те, қолымызға телефон тие салысымен, жылдамдығымыз күшейіп, басымызды төбеге ұрып ала жаздадық. Бүгежектеп жүріп, қайта аспанға көтерілдік. Өзге бір де бір затымызды керек санамадық. Селпи жасап, жұртты таң қалдыру-басты мақсатымыз. Бүгінгі бейнежазбаларымыздың көрсетілімі атақты блогерлердің жазбаларынан асып түсері анық. Өз-өзімізді суретке түсіріп, бағанағы түйенің өркеші тәрізді ақша бұлтты бетке алдық. Жылдамдығымыз зымыраннан бір кем емес, шүйлігіп келіп, бұлтқа жақындадық. Сырттай қою көрінгенімен, жақындап келіп байқадық, іріп кеткен ақ мата тәрізді екен. Жайғасып отырмақ түгілі, ұстау да мүмкін болмады. Сонда да мақтаның арасында жүргендей суретке түсіп, мәз-мейрам болдық.

– Келіңдер, бұлтты қар сияқты жентектап алып, атысып ойнайық! – дедім мен көшбасшылық қасиетімнің өзгелерден жоғары екенін көрсетіп. Олар қостай кетті. Бір қызығы-телефондарымыз да ауада қалқып, жанымыздан алысқа кете қоймады. 

– Жердің тартылыс күші жоқ болды. Қараңдаршы, біз ұялы телефондарымызды өзімізге магниттей тартып тұрмыз,-дедім жаңалық ашқандай даурығып.

– Ол нендей күш? 

– Жер бізді қалай тартады? Енді ұшпаймыз ба?

– Біз телефонды емес, олар бізді өздеріне жабыстырып алған жоқ па?

Достарымның мына сөздеріне жауап берместен, бұлтты шетінен үзіп алып, уысымда шар тәрізді пішінде айналдыра бастадым. Кішкентай шар-бұлтты Сымбатқа қарай лақтырып қалдым. Оның қызарып кеткен бетіне барып, мамықтай жабысты. Күлкіге қарық болдық та қалдық.

– Қармен атысып көрсем де, бұлтты атыс ойыны етпеппін,-деп таңырқаған Жантөре бір кесекті маған қарай жібертіп қалды. Аппақ бұлт иегіме жабысып, Аяз атадан аумай, ауада дөңгелеп түстім.

– Күнге жақын тұрсақ та, тоңа бастадым, – деді Сымбат костюмін қаусырынып.

– Ал менің қарным ашты, – деген Жантөренің даусы бәрімізге тамақ ішетін мезгілдің әлдеқашан болғанын есімізге салды.

– Бұлт тамақ болуға жарай ма? Адамның өсіп-жетілуі үшін таза ауа, мөлдір су, нәрлі тамақ керек. Бұлтта қорек заттар бар ма?

– Байқап көрейік, – десті балалар шу етіп. Бәріміз ақша бұлтты шетінен алып, қаужаңдай бастадық.

– Саябақтарда сататын тәтті мақта сияқты ма десем, мүлде дәм жоқ,-деп Сымбат тыржиып, түкірініп қойды. Рас, бұлттың әдемі түрі болмаса, азық болуға жарайтын сиқы жоқ екен.

– Онда үйімізге қайтып, тамақ ішейік. Түс ауа жаңадан ашылған саябақта жолығайық. Ұшудың қызығына батайық!

Соңымнан ілескен бір топ досымды ертіп, Жер-анаға қонуға күш салдық. Бұл жолы жерге бес метрдей жетпей тұрмыз. Әне, анам мен әкем бірге тұр. Екеуі де қолдарын бұлғап, әлдене дейді. Еріндерінің жымына қарап, не айтып тұрғандарын сездім.

– Осының бәрі ана телефонның кесірі, – дейтіндей анам.

– Басқа өнерің болмаса, осылай не жерде емес, не көкте емес, екі ортада қалатының анық еді, – деп тұрғандай әкем. Оның ерні ұзақ жыбырлағаны сонша, маған қатты ұрсып тұрғандай сезілді. 

– Мәссаған! – деді Жантөре жерді нұсқап. – Менің бүкіл туысым жиналыпты. Туған күнімде он шақтысы ғана келген еді. Енді қара, нағашыларым, аға-жеңгелерім, тіпті көршілерім де жүр. Бәрінің басы бір-ақ сәтте қосылыпты.

Оларды бірге көргеніңе қуанып тұрсың ба? Ал мен мектепке анаммен бірге әкемнің де бас сұққанына шаттанып қалдым.

– Әне, топтың тура ортасында тұрған көзілдірікті қыз-менің шетелде оқып жүрген үлкен әпкем. – Сымбат әдетінше мақтана сөйлеп, қалтасындағы бантигін шашына тақты. Тақпай қайтсін, жетекшіміз саусағын безеп тұр.

– Қайсысы сенің әпкең? Анау бұйрабас қара ағайдың жанында тұрған ба? – Сымбаттың парталас құрбысы Сырғалым да сөзге араласты. Ол топ ішінен өз туғандарын іздейтіндей. 

– Біз біраз ғана ұштық. Ал сенің шетелде білім алып жүрген әпкең қай кезде келіп үлгерген? – Мен мақтаншақ Сымбатты келемеждеуге кірістім.

– Мүмкін емес!-деп ол кенет бақырып жылай бастады. 

– Аспанда да, жерде де мақтануды бір қоймайсың! – деп оны біржолата келеке еттім.

– Жоқ. Әпкем Италияда оқуда болатын. Егер ол келіп үлгерсе, біз уақыттан жаңылдық! Аспанда уақыт бөлек жылжитын сияқты!

Оның бұл сөзіне кәдімгідей ойланып қалдық. Байқап, барлап, жан-жағымызға зер салдық. Жерде тұрғандардың бәрінің үстерінде жылы киім, тоғай жапырақтары бұрынғыдай сарғая бастаған күйде есмес, жерде жайрап жатыр.

– Айгүл апайдың шашын ақ басыпты, қатты қартайған ба? Сонда біз аспанда қанша уақыт қалықтадық? – дедім төменге әрі таңдана, әрі қобалжи қарап.

– Оның шашы бұрыннан ақ шалған, тек бояп жүретін. 

– Бояп үлгермеген, немесе бізді уайымдап кенеттен ағарып кеткен,-деп Жантөре ой қосты. 

– Жерде жүргенде уақыттың өтпейтіні бар еді, әуеде оның қалай жылжып кеткенін сезбей да қалдым ғой, – деп мен бұл жолы оларды мақұлдай баяу сөйледім.

– Менің апам мен әкем кішкентай сәби көтеріп алыпты. Мен мектепте оқып жүргенде, апам жақында кішкентай інім болатынын айтқан.

Сымбат нұсқаған жаққа бәріміз көз тіктік. Шынында да оның әкесі кішкентай нәрестені құндақтап көтеріп алыпты. Апасы қос қолын көтеріп, жалынып-жалбарынып тұр.

– Жағдайымыз қиын тәрізді, – дедім тағы да билікті өз қолыма алып. Біздің бұлт жамылып, күн көзіне қыздырынғанымыз қысқа ғана сәт сияқты. Ал жерде көп нәрсе өзгерген.

– Күзден кейін қыс келеді. Онда қайтеміз? – деп Сезім жылай бастады. 

– Қонудың амалын жасаймыз, – деп қайраттандым мен. Не қайран етерімді әлі жоспарлаған да жоқпын. Кинолардан көруші едім, осындай қиын жағдайда қалғанда, көшбасшы мықты жоспар құратын. Жоспар құрар едім-ау, оны қайда жазамын? Қалам-қағаздан жұрдаймыз ғой.

– Біз сынып бөлмесіне ұшып кіре аламыз. Ал неге үйімізге ұшып қайта алмаймыз?

– Менің үйге қайтқым келеді! – Сезім әлі жылап тұр. Бет-аузы тыржиып, мұнша сүйкімсіз көрінер ме? Одан да бұртиып қана көз жасын бұлайтын Айару әдемі көрініп кетті.

Біз жан-жаққа бытырай қанат сермегенде, төменнен зор дауыс естілді. Дауыс зорайтқышпен бір әскери киімді ағай сөйлеп тұр:

– Балалар, тарқамаңдар. Біз қазір құтқарушыларды жібереміз. Ол ағаларың сендерді ұшаққа мінгізіп, жерге түсіреді. Ешқайсың бөлек кетпеңдер!

– Ұшақта шай, тамақ бересіздер ме?-Мен келісім жасауға жарап қалыппын. Ол да мені бала көрмей, жел жеткізген сұрағыма жауап берді.

– Әрине, ұлттық тамақтарға тоятын боласыңдар. Шұбат, айран да бар!

– Қазы жегім келіп тұр. –Осы сөзді айта сала Жантөре бір орнында шыр айналып сәл тұрды да, менен бірер қадам төмендеп кетті.

– Фасфут болса жақсы еді,-деп мен көпшіліктің тілегін жеткіздім. Осы кезде Жантөреден өзгеміз тағы да әлденше метрге биіктей жөнелдік. Бұл жолы шарықтауымыз өзімізге кәдімгідей қорқыныш әкелді. Қол ұстасуға да шамамыз келмеді. Ұлардай шулап, даусымыз Жер орбитасынан асып кетті. Жер-ана бір қозғалды. 

– Достарым, қорықпаңдар. Біз-жаңа заманның ұшқыштарымыз. Бізге ештеңе қауіпті емес. Одан да Жантөренің айтқан сөзін қайталайық. Сонда біз де төмендейміз.

Менің ақылыма құлақ асқан балалар хор айтқандай айғайға басты:

– Біздің қазы жегіміз келеді!

Бірақ біз күткендей болмады. Ешкім Жантөрмен қатарласа алмады. Сол аяғымыз салбырап, әуелеген күйі қалып қойдық. Тіпті құтқарушы ағайдың даусы талып естіледі. Бұл сәтте бір орында тыпырлаған Жантөре төмендеп бара жатты. Оның не дегенін біз ести алмадық. Құйын соғып, құлағымыз шуылдап, ештеңені естіртпеді.

– Ол не деді? Қалай ойлайсыңдар?-Мен амалым құрып, достарыма сұраулы көзбен қарадым.

– Үй жұмысын орындамай келгені үшін мұғалімдерден кешірім сұраған шығар.

– Жоқ, ән айтқан болар.

– Анекдот айтуы да мүмкін.

– Кейде апасының тілін алмайтын. Анасына жалынған шығар.

Әр түрлі жауаптан соң, менің санамда бір ой жарқ етті. Осылай ауада салбырап тұра бермей, қай амал болса да жасап көрейік. Дәл осы мезетте телефоныма хабарлама келіп түсті:

– Жантөре ұлттық тамақтардың атауларын айтып еді, жерге топ ете түсті. Сендер де соны қайталаңдар, – деп жазыпты өлең жаттауды жаны сүйетін Әлихан.

– Ұлттық тағамдардың түрлерін білеміз ғой. Бірігіп айтып, бәріміз қонайық. – Менің ұсынысымнан соң сәл ақылдастық та, бар даусымызбен айғайға бастық:

– Қазы-қарта, жал-жая, қуырдақ, асылған ет, бал қуырдақ, тай қуырдақ, борша ет...

Тұрған орнымыздан жылжыған да жоқпыз. Бұл айламыз іске аспады. Тамағымыз қарлыққанша айғай салсақ та, төменге құлдилап кеткен ешкім көрінбеді. Төңірек қарауытып, қорқынышты реңге ұласты. Аспан әлемінде сайран салған қамсыз шақта күн-ана тек жадырап тұрып еді ғой.

– Тезірек жоғары көтерілейік. Неғұрлым күнге жақын болсақ, соғұрлым суықтан аман қаламыз.

Менің ақылымды алған топ жоғары қарай зымырай жөнелді. Дауласқандар да болды.

Мен ғаламтордан оқығанмын. Жерден биіктеген сайын ауа да суи береді. Біз неге саған сенуіміз керек?

– Күн батпайды деп пе едің? Күн жердің келесі қырына қарай аунап түскенде біз тұрған маңай да суынады. Үстімізде сырт киім де жоқ.

– Достар, сабыр етіңдер. Біз осы кезге дейін күннің айналасында ұшып жүрдік. Күн-ана бізді жылы нұрымен еркелетті. Бүгін де үмітімізді алдамас. 

– Күнді маңайлап көрейік. Егер ол батуға ыңғайланса, бір пана болатын жер табуымыз керек, – деген Айарудың сөзіне құлақ асып, бәріміз шырқау биікке көтерілдік. Қарсы алдымыздан мұздай жел есті. Аппақ бұлттардың арасы ұядай жылы екен. Сәл аялдап, Күн-анаға жақын бардық. Мұнда бойыңды маужыратар бір жылылық бар.

– Тым болмаса үсіп өлмейтін болдық, – дедім жеңіл күрсініп. Өзімді шытырман оқиғалы фильмдердің басты қаһарманындай сезініп тұрмын.

– Жантөре қазір үйіне барып, қазы жеп отырған болар. Сорпадан да ұрттап, әбден әлденгені анық. – Бұл сөзді Сымбат тамсанып тұрып айтқаны сонша, бәріміздің қарнымыз шұрылдай жөнелді. Кенет алыстан гүрілдеген мотор даусы естілді. Алғашында қорқып қалдым. Бөгде ғаламшардың тұрғындары ма деп сескенгенімді жасыра алмадым. Сөйтсем, күнге жақындап келе алмай тұрған құтқарушы ағайлардың ұшағы екен.

– Ұшақ күнге тым таяу келсе, өртеніп кетер. Біз өзіміз ұшып барайық,-деп қолымды сермей беріп едім, балалар бет-беттерімен ұша жөнелді. Бірін-бірі қағып-соғып, өршелене ұшады. Құтқарушылар тек бірінші болып жеткенімізді таңдап отырғызатындай жанталасады. Алайда ешкім ұшаққа жақындап бара алмады. Бұл не сиқыр? Ұшақтың қанатынан соққан құйын бізді тіптен маңайлатпады. Ұшақтың есігі ашылды да, іштен арқасына парашют байлаған батыр ағай көрінді. Өзі ұзын бойлы, кең иықты, сымбатты екен. Мен де өскенде құтқарушы боламын! Жердің қадірін білмей, кітапты жауып тастаған балаларды қиындықтан арашалаймын! Осы ойға келуім сол екен, ұшақтың жанына көзді ашып-жұмғанша жетіп бардым. Соңымдағы достарым шуылдасып қалып қойды.

– Біз бәріңді құтқарамыз. Уайымдама, балақай, – деп дауыстады батыр аға. Балақайы несі? Қарсы алдында жиырма шақты ұшқышты бастап жүрген капитан тұрған жоқ па? Осы менмен ойдан соң ұшақтан қайта алыстап кеттім. Достарымның қасына барып, мән-жайды баяндадым.

– Білуімше, біз жерде жүргенде тым асып-тасып, жан адамға жақсылық жасамаған сияқтымыз. Бірлікті, сыйластықты ұмытып, тек телефонға үңілдік. Ақыры салмақсыздық күйіне душар болдық. Көпшілдікті ұмытып, өзімшілдікке душар болдық.

– Оны қайдан білесің? Chat GPT айтты ма?

– Тик-ток блогері солай деді ме?

– Жоқ, өзімнің жүрегім солай деп тұр. Қашанғы телефоннан ақыл сұрай береміз? Бір уақ өз жүрегімізді тыңдайықшы. Ойлап қараңдар, сыныпта Әлихан отырған жерінен мүлде қозғалмады. Себебі неде? Ол кітапты көп оқиды. Кітапханада көп уақытын өткізеді. Біз оны ботаник деп мазақтап, заманынан артта қалған деп күлдік. Ал ұстаздар неге ұшпады? Олар көп кітап оқып, білім жинаған адамдар.

– Құтқарушылар кітап оқып отыра ма, адамдарды ажалдан арашалай ма? – Сымбаттың тапқыр сұрағына да жауап таптым.

– Олар адамдардың, жануарлардың өмірлерін сақтап қалады. Жасаған жақсылықтары көп болған соң, жерден көтерілмейді. Әрі құтқарушы батыр болу үшін кітаппен дос болғандары анық.

– Мұны білгенде сынып бөлмесінддегі бес гүлге дұрыс қарайтын едім ғой. Суды уақтылы құймай, біреуі солып қалып еді. – Сымбат көзінен жасы моншақтап жылай бастады.

– Әжем «күшікке тамағын бер» дегенде үнемі телефондағы ойынға алданып, ұмытып кетуші едім. Сол күшіктің обалы шығар осылай аспандап кеткенім.

– «Үй тапсырмасын жазып отырмын» деп апамды алдап, өзім онлайн ойындарға есім кететін. Сол оңбағандығымның жазасы әуе болды ма?

– Әкем телефонымды тығып тастап, жұмысына кетіп қалғанда, мен сөреге бойым жетпей, кітаптарды бірінің үстіне бірін қойып, баспалдақ жасағанмын. Кітаптардың реніші осыншама ауыр болады деп ойламаппын.

– Мен сабаққа шашымды жайып келгенде, ұстаз ескерту жасаған. Ал мен дөрекілік танытқанмын. Ұстазды ренжіткен адам жер бетінде жорғалап жүруге де жарамай қала ма?

– Ал мен үйдегі ғаламтор желісін үзіп тастаса, ата-анама қиғылық салатынмын. Туған күніме кітап сыйлаймыз дегенде, үйді басыма көтеріп жылағанмын. Ақыры қымбат телефон сатқызып алдым. Бәріміз де қателеспіпіз. Сол ерсі қылықтарымызды түсіндік қой.

Сөзімді аяқтамай жатып, өз еркімізден тыс арқан бойы қашықтыққа төмен түстік. Аңтарылып қалдық. Он жыл өмірімізде кімдерді ренжітсек, солардың бәрін айтсақ, онда үйді-үйімізге қазір-ақ жетерміз. Телефондарымыз соңымыздан қалған жоқ. Бізді қоршап, көзге көрінбейтін жіпке тізіліп тұра қалды. Бір қуанғанымыз-арамызды бөліп, қол ұстастырмай тұрған белгісіз күш жойылып, иық тірестіріп тұра қалдық.

– Осы мәселенің бәрі мына айналардың кінәсінен,-дедім өзімді ешқашан жазғырмайтын әдетіме басып. Без еткен телефонның түймешесін баса қойдым. Апам мен әкем экраннан қатар көрінді. Түрлерінен мазасыз қалып байқалады.

– Балам, ақылды құлыным, – деді анам еміреніп. Апамның осыншама мейірлі сөз айтқаны есімде жоқ.

– Батырым, сенімен сырласуға уақыт таппай, ақшаның соңына түсіп кетттім. Ренжімей үйге қайтшы. Ұрыспаймын, – деді әкем тым жұмсақ үнмен. Мына қызықты қара! Мен жерге қона алмай уайымдап жүрсем, олар мені бұрынғыдан да жақсы көріп кетіпті. Мұны білгенде әуеде әлі біраз сайрандай тұруым керек екен. 

– Апа, әке, сіздердің еш айыптарыңыз жоқ. Мен өзім ғаламтордың тұтқынына айналып... – Сөзімнің соңын апамның өксік араласқан даусы үзіп жіберді.

– Сенімен досымдай сырласып, керек жерінде мұңдасудың орнына қолыңа ақша ұстатып, телефон сыйлауды ғана білдік. Үйге қайтшы. Отбасылық жақсы дәстүр ойлап таптық. Әр кеш сайын бірігіп кітап оқып, сенімен ашық пікірлесетін боламыз. Тек ортамызға оралшы!

Қос бірдей қымбаттым бірін-бірі құшақтап, көз жастарын көл етіп отыр. Осы сәтте барлық оқушылар өз ата-аналарымен сөйлесіп тұрған еді. Бәрінің даусында сағыныш пен өкініш реңі бар.

– Апа, әке, жыламаңыздар. Мен еркін өстім. Бетімнен қаққан жоқсыздар. Бойымда батырлық бар. Бұл жағдайдан да ерлікпен шыға аламын! -Саңқылдаған даусым әсерлі шықты ма, әкем анамды құшағынан сырғытып жіберіп, экранның алдына бір өзі жайғасты.

– Жеті атаңды жаттатпаған едім. Біліп жүрші. Жетінші атаң жау қашырған батыр болған. Алтыншы атаң атағынан ат үркетін болыс болған. Бессінші атаң...

Түу, мен кілең батырлар мен би-болыстардың ұрпағы екенмін ғой. Бұған дейін неге айтпаған ешкім? Бәсе, бойымда тулап жатқан қан тегін емес екенін ішім сезуші еді. Әулет шежіресін жаттап тұрғанымда келесі желіге тағы бір сөйлеуші қосылып кетті. Айгүл ұстаз екен.

– Сендер Жантөренің амалын жасаңдар. Балапандар, бар уайымым сендер болдыңдар. Не азықтарың жоқ, не білім алып жүрген жоқсыңдар. Ендігі күндерің не болады?

Адам қартайғанда уайымшыл бола ма? Әлде Айгүл апай бізді қанша тентек болсақ та, шектен тыс жақсы көре ме? Елжіреп сөйлеп, көзіне жас алды. Ар жағынан Әлихан бастаған үшеу қылтиды. Сынып ішін бейнеқоңыраудан бір көрсетті. Парталардың көбі бос. Сынып қаңырап тұр. Өлі тыныштық орнаған. 

– Ойнап-күліп жүретін сендер болмаған соң, көңілім құлазып тұр. Бойларыңа ұлттық құндылықтарды сіңіруге барымды салсам да, сендерді телефонға тәуелділіктен құтқара алмадым. Сол үшін мені кешіріңдер! -Ұстаздың әжімнен қыртыстанған жүзін жас жуды. Қартайғанда мен де осылай жылауық боламын ба?

– Ұстаз, қайта сіз бізді кешіріңіз. Тентек болдық. Кендебай ертегісіне қызықпадық.

– Қазір біз «Қобыланды батыр» жырын оқып тауысып, Дулат Бабатайұылының «О, Ақтан жас, Ақтан жас» өлеңін оқып жатырмыз. Әлихан өлеңді жаттап та үлгерді.

Ұстаздың сөзін растағысы келді ме, экраннан Әлихан көрінді де, өлеңді мәнерлеп айта жөнелді.

– Қажыма, Ақтан, қажыма,

Жетерсің, әлі, жетерсің, – деп аяқтады. 

Бұл сөздер бейнебір өзімізге арналғандай, қона алмай діңкелеген жиырма шақты оқушы шулап қоя бердік.

– Қажымаймыз.

– Үйімізге жетеміз!

– Қиындықтан қорықпаймыз.

Шу басыла бергендде, ұстаз қайта сөйледі:

– Абай аталарың қырық бес қара сөз жазып, өмірдің мәнін түсндірген. Жетінші қара сөзінде былай депті: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: Біреуі-ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар-тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды, һәм өзі өспейдй, қуат таппайды. Біреуі-білсем екен демеклік. ...Мұның бәрі-жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.» Сендер тек тән құмарын орындау деңгейінде қалып қоймасын деп тырысқан едім, әттең-ай десеңші!

Жерде жүргенде құлақ аса бермейтін ұстазымыздың әрбір сөзін қалт жібермей тыңдадық. Ол сөзінің соңын жылап аяқтаса да, көңілімізде бір үміт пайда болды. Ұстаз бізге тығырықтан шығатын жол көрсетіп тұрғандай сезіндік.

– Абай аталарың жайлы көп білсеңдер, бәлкім, жерге оралар күндерің де алыс емес шығар деп үміттенемін.

– Рахмет, ұстаз, біз тіпті тән қалауын да орындап жүрген жоқпыз. Аспандап кетіп, көңіліміз көтерілді ме, әйтеуір ішіп-жеуді қойдық,-деп баяндай беріп едім, балалар батырлығымды жоққа шығарды.

– Өтірік айтасың. Бізде ішіп-жейтін ештеңе жоқ. Ұшуда береке болмайды екен. Қалықтай берсең қарын тоқ болмайды,-деп шулап ала жөнелді. Мұғалімнің көзінше батыр болып көрінгім келген ішкі ойымды достарым мүлде түсінбеді. Осы кезде байланыс үзіліп кетті. Телефондарымызға ата-ана, жақын-жуықтар, тілші, блогерлерден қоңырау жауып кетті. Бәрі бір мезетте қоңырау шалғандықтан, ешқайсысымен байланысқа шыға алмадық. Есесіне құтқарушылар қайта ізімізге түсіп, жақын келіп, ұшақтың есігін ашты. Тағы да бір-бірімізді басып-жаншып, тұра ұмтылдық. Ішкі қаупім расталды: бұл жолы ұшаққа ешкім кіре алмады. Белгісіз күш «мен, мен» деген балаларды жан-жаққа лақтырып жіберді.

– Достар, Абай атамыздың сөзі естеріңде ме? Ұстаз жиі айтып отыратын «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Осылай ақыл айтқан Абайды неге тыңдамайсыңдар? Ышқына айғайлап, оларды тіршілік үшін күресте өзімшілдікке салынған сықпыттарын өзгерткім келді. Оған құлақ асқан ешкім болмады. Жапа-тармағай ұшаққа және ұмтылды. Тағы да беттей алмады. Күтпегген жерден ұшаққа орнатылған жасанды интелект «қауіп! қауіп!» деп белгі берді. Құтқарушылар бізге уәде еткен фасфуттар мен газды сусындарды ауаға тастады да, өздері шұғыл түрде жерге қайтуға мәжбүр болды. Нағыз талас енді басталды. Сэндвичтің жартысы Ақбердінің қолында қалса, бір үзімі Айарудың уысында кетті. Кейбір сусындарға жармасқандар оларды иелене алмай, шексіз әуе кеңістігіне қоя берді. Бей-берекет түрімізге қарап, жылап жібердім. Кәдімгідей таусылып, еңіреп салдым. Жерде жүргенде ешқашан шын жылап көрмеппін, айтқанымды орындату үшін әншейін көзімді жасқа шылайтынмын. Қолымда қалған бургердің бір түйірін таңдайыма салып, дәмін алдым. Сусын тимеген соң, көз жасымды табиғи шырынға айналдырдым. Көз жасым кермек татиды, әрі ұнамды, әрі жағымсыз бір күй.

– Тоқтатыңдар!-дедім бар даусыммен шарылдап. – Қойыңдар енді. Бүйте берсек, ешқашан Жер-анамызға қайта алмайсыз. Мәңгі-бақи уақыттың құрсауында қалып, әуе кезіп жүретін боламыз!

Менің ащы үнімнен азан-қазан шу сап тыйылды. «Ішсем, жесем» деген ниетпен бірін-бірі түтіп тастауға дайын тұрғандар енді жанар түйістіруге де дәттері жетпей, төменшіктеп қалған.

– Айгүл мұғаліменің айтқан естеріңнен шығып кетті ме? Абайдың өнегесін биік ұстасақ қана қазіргі мәселеміз шешіледі. Бір-бірімізді туған бауырдай көріп, қамқор болайық! Біз жыртқыш емеспіз, адам баласымыз!

Топ ішінен мақұлдау райындағы сөздер естілді:

– Иә, біз адамбыз!

– Дұрыс айтасың, дауырмал болайық!

– Абайдан не үйреніп едік, түгел есімізге түсірейік!

– Жер мен көктің арасында сенделгеннен қиыны жоқ екен. Ақылдасып, қайтудың амалын табайық!

Көпшілік ойымды қсстаған соң, мен жылаған кезде мұрнымның бітіп қалғанына қарамай сайрай жөнелдім:

– Бастауыш сыныптарда Абайдың өлеңдерін оқып-үйренгенбіз. Телефонға телміріп, бәрін ұмытып қалдық па? – Міңгірлеген даусыма Күн күліп, ақша бұлттар айналамда дөңгелей жүзді. Табиғат та маған үн қосып, құшағына басып тұрғандай.

– Былтыр қыста Абайдың «Қыс» өлеңін өткенбіз. Мен жаттап алғанмын. – Айару тақ ете қалды.

– Абайдың «Білімдіден шыққан сөз» деген жолы бар өлеңін жартылай білемін. – Ақберді де құр алақан емес екен.

– Ал Абайдың өлеңдерін есімізге түсірдік. Үйге барар жол қайда? – Сымбат осылай деп дау көтерді.

– Біз көкке бір-ақ күнде ұшқан жоқпыз. Білімсіздік пен ойсыздықтан ақыры осы күйге түстік. Сол сияқты бұның қайтуы да бірден болмайды. Сабыр керек! – Мен билікті біржолата өз қолыма алып, елді байсалды болуға шақырдым.

– «Сабыр түбі-сары алтын» деп айтып отыратын әжем, – деді сүйкімді Айару ұзын кірпіктерін жиі қағып.

– «Сарғайған жетер мұратқа» деп соңын айтпайтын ба еді? – Сымбат құрбысын әзілмен бір түйреді. Сыныптағыдай шын шекісуге емес, қалжыңмен сырласуға бейім екенін жылы даусымен аңғартты.

– Мен іштей ойланып, мынадай сараптама жасадым. Ұшудың машақатынан құтылу үшін біздің ойымыз да таза болу керек. Менмен, пасық ойлар жүрегімізді кірлетсе, оралу мәңгі арман болып қалады. Ұшпай қалған Әлихан ешкімнен көмегін аямайтын нағыз ақ көңілдің өзі. Зәуре шығарған есебін Сымбат сияқты бұлданбай көшіруге беретін.

– Аруна өтінішімізді жерге тастап көрмепті. Суретті де әдемі етіп салып, естелікке таратып беретін. – Айару мен Сымбат, Сезім үшеуі жарыса сөйлеп, ойымды біржолата бекітті.

– Ендеше, қызғаншақтыққа, өзімшілдікке жол жоқ. –Мен алтыншы атам Асубай тәрізді билік айтып, топ ортасында шәниіп тұрмын. 

– «Бөлінгенді бөрі жейді» деп айтып отыратын атам. – Сезім сөзін халық мақалымен тұздықтап қойды. Мен білмейтін өнерлерің көп екен ғой. Сиқырлы айна бәріміздің өнерімізді тұсаулап, тіл-ауыздан айырып тастапты. 

– «Жүз теңгең болғанша, жүз досың болсын» деген мақал білемін, – деп сенімсіз үн қатты Ақберді.

– Қойшы, ей, көпшіл, бірлікшіл болу туралы мақал айтсаңшы,-деп Сезім оны бірден жазғыра жөнелді.

– Міне, өзгенің қатесіне күлуге, кінәлауға әзір тұрамыз. Қою керек! – Көшбасшы болуды ақыл айту деп түсініп, ортаға киіп кеттім. Бір-бірімізді бауыр тұтуға уәде етіп, Күннің шапағатына шомылып, жылы нұрға қарық болып тұра бердік. Бір шаршаған сәтте көз шырымымызды алу үшін қалыңдау шөккен мақта бұлтқа жантайдық. Мүшкіл халімізді табиғат та сезіп тұрғандай, бұлт төсеніш болуға келісіп, бір шеті мақта көрпеге айналып қоя берді. Жібек жел бізді сәбидей тербетіп, таңғажайып ұйқы әлеміне жетелей жөнелді. Тәтті түс көріп, елес қуып жатырмыз. Үйді-үйімізге қайтып, туғандарымыздың ыстық құшағына енгенімізді бәріміз көргендейміз. Тек ешкім тіс жарып ештеңе айтпады.

Бұлт төсеніп, мамық жастанып жатып ойға кеттім. Бұрын жерде жүрген кезімде бөлмемде оңаша қалуды ұнататынмын. Ойынға беріліп, тамақтанбасам, апам бөлмеме келетін. Сол кезде бұлқан-талқан ашуланатынмын. Өзімді тордағы құстай сезінуші едім. Ата-анам маған еркіндік бермейтін күзет сарбаздарындай көрінетін. Сөйтсем, менің аңсаған еркіндігім жалғыздық екен, олардың күйіп-пісіп жүргені бағынышты ұстау емес, қамқорлық болып шықты. Әттең, соны өз кезінде түсінбеген мен дымбілмес екенмін ғой. Түсімде апам мен әкемді көрдім. Жүгіріп барып, мойындарына асылдым. Құшақтары мұндай ыстық болар ма? Күйіп бара жатып оянып кеттім. Бұлт төсегімнен тұрып, жан-жағыма қарадым. Күн-ана мейірлене қарап тұр. Өзі менің апамнан аумайтын сияқты. Үнемі жарық болғандықтан, қай мезгіл екенін біле алмадым. Сенделіп жүргенімізге қанша уақыт болды? Жанымыздан кетпей, үйіріліп тұрған телефондардың арасынан өз айфонымды алып, сағатқа қарадым. Жердің уақытымен қазір таңғы үш екен. Құдай біледі, апам мені уайымдап, көз ілмей отырған шығар. Тик-тоқты ашып қалып едім, желі жұлдызына айналған Жантөренің парақшасына тап болдым. «Салмақсыз болудан сақтану үшін кітапты көп оқып, ұлттық құндылықтарымызды қадірлеу керек!» деп жазыпты. Дұрыс айтасың, досым! Сырттан көмек келмейді. Өз ақылымыз бен біліміміз ғана құтқарады бізді.

Адам баласы ерекше қасиетке ие екенін әуеде жүріп білдім. Кез келген жағдайға бейімделуге дайын тұрады екенбіз. Уақыттан шатасып, ішіп-жемнен таршылық көрсек те, бұл күндері көңіліміз көтеріңкі. Қол ұстасып, шеңбер болып тұра аламыз. Қаласақ, аспанды жаңғыртып әнге саламыз. Бұлтқа бас қойып, арманға берілеміз. Сондықтан бізді ешқандай жел бытыратып шаша алмайды. Бірлігіміз мықты болған соң, тобымыз тарқамайды. 

– Хантөре, мотор үнін естідің бе?-деді Ақберді жатқан жерінен басын жұлып алып. Бәріміз құлақ тіктік. Иә, бұл расында да мотор даусы еді, тек құтқарушылардың ұшағынан сәл шағындау секілді. Үні тым бәсең, нәзік естілді. Біз бұл уақытта бей-берекет ұшуды қойып, топтанып әрекет етуге көшкенбіз. Оған көмектескен, әрине, Абай өнегесі. Дауыс жақындап келгенде, іш тарта таңқалдық. Ұшақ пішіндес бір құрылғының ішінде адам тәріздес бір тіршілік иелері көлбеңдейді. Көздері атыздай, қол-аяқтары шілдей, бойлары қысқа. Сүйкімсіз түрлері аз болғандай, дауыстары да келісіп тұрған жоқ.

– Ей, адам баласы, жер бетіне сыймай, көкке өрлеп шығып, серуендейтін болғансыңдар ма? -Ұшақтың бір шеті қақпа тәрізденіп ашылған кезде, бізге қарап сөйлеген алғашқы сіріңкенің айтқаны осы болды.

– «Сәлем-сөздің анасы» деген. Алдымен есендесейік, – дедім алға қарай қалықтап шығып. 

– Ол не нәрсе? – деген жауапқа достарым күліп жіберді. Мынадай ғаламат ұшағы, дамыған ғылымы бар тіршілік иелері амандасуды білмейтіні шынында да күлкілі көрінді.

– Амандасу деген ең алғаш көріскен адамдардың бір-біріне айтатын жылы сөзі. Жағдайын сұрау, амандығын білу деген ғой. – Ереже жаттауға салақ басым өзім амандасудың анықтамасын құрап кеткенімді білмей қалдым. Бесінші атам Байболаттың шешендік өнері дарығаны даусыз.

– Ол қандай жылы сөз? – деді инеліктей қатқан бөгде жан.

– Сәлеметсіз бе? Армысыз! Қайырлы күн! Осы сөздердің бірін қолданып, амандасуға болады. – Олар өзара кеңескен түр танытып, еріндері жыбырлап біраз тұрды.

– Армысыз, адам баласы! – деді сәлден соң деміккен үнмен. Ең әдемі үндері осы ғана сияқты.

– Білімі тасып, өнері асқан Жер перзенттерінен жалынды сәлем! – деп мен саңқ ете қалдым. Мұндай бейнелі сөздерді қалай тауып айттым! Әлде аспанда салбырап тұра-тұра діңкем құрығаннан, өзіме беймәлім талантым ашылып жатыр ма? Әйтеуір аяқтыға жол, ауыздыға сөз берер түрім көрінбеді.

– Жер перзенттері, біздің ғарыш кемемізге кіріп, ас-ауқат ішіңіздер! – Тосын ұсынысқа не дерімді білмей, достарыма қарадым. 

– Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген сөзін естен шығармайық. 

– Шақырған жерден қалмайық!

– Бұлар адамзат емес, өзге ғаламшардың тұрғындары. Оларды қалай «бауырым» деп құшақ жаямыз?

– Бір қауіп төнсе, құпия сөз «аттан» болсын. Нар тәуекел, бөгделердің мекеніне кіріп көрейік!

Соңғы сөзді мен айттым. Бәрі бас шұлғып қостады. Осыдан соң сыпайы, бірлескен қалыпта ғарыш кемесіне көтерілдік. Барлық жерді алтынмен аптап, күміспен күптеп тастаған. Бірақ ауада бір салқындық бар.

– Жер перзенті, қазір күш-қуат сыйлайтын дәрумендер алдарыңызға келеді. – Инеліктей имиген сиықсыз капитан бізді дастарқанға шақырды.

– Бізде, Жерде оны дастарқан деп атайды. Асқа отырмай тұрып, бата беріледі. Ақ бата жол ашады. – Ауылда атам ас алдында бата беруші еді. Содан көргенімді істеп, бөгделердің жайған дастарқанына бата бердім. Бар ойым үйге қайту болып, ернімнің ұшында жалғыз тілегім қалып қойды.

– Ақ дастарқан! Ақ бата! Қандай тамаша өлкеде тұрасыздар! – Капитан көмекшісіне ымдап еді, ол бір батырманы басып қалды. Лезде әрқайсымыздың алдымызға жайнаған дастарқан тосылды. Бір өкініштісі-жеке тамақтануға тура келеді екен.

– Бай дастарқаныңызға, ақ ниетіңізге ризамыз! – Осылай деп алма тәріздес бір жеміске қол создым. Әдетіммен қомағайлана бір асамақ едім. Тісім батпады. 

– Ақ бата! Ақ ниет! Қандай ғажап сөздер! – Капитан менің әуреленіп отырғаныммен шаруасы жоқ,. Әрбір сөзіме әсерленіп, толқып отыр. Қаужағдай алмай мен әуремін. Достарым да дәл осындай сарсаңға түскен.

– Жер перзенті, біз дәрумендерді тікелей жемейміз. Арнайы түтіктер арқылы ішеміз. – Көмекші тағы бір батырманы басып еді, әрбір үстелдің жанынан жіп-жіңішке түтік пайда болды.

– Ал жер тұрғындары асап-асап жейді, сусынды сіміріп ішеді. Шіркін, қазақтың қуырдағы мен бал қымызына не жетсін! – Аңсай айтқаным сонша, енді жат жерліктердің Жерге баруға аңсары ауды. Біз түтіктен тамақтанып, алғысымызды айттық.

– Жер баласы, дәрумендер ұнады ма? – Капитан бізге тесіле қалды. Сұрғылт жүзінен нендей көңіл күйде отырғанын анық байқай алмадым.

– Бәрі керемет! Расымен қуат береді екен. Әлденіп алдық. Бірақ...

– Не ұнамай қалды? Кемшілік болса, айтыңдар. Біз ғылыми кеңес құрып, лезде түзетеміз. Капитанның мына сөзіне таң қалдым. Өздері ғылым іздегенде Жер перзенті, мына бізден жылдам сияқты. Он жыл жер бетінде жүріп, ашқан бір ғылыми жаңалығым жоқ. Іштей ұялып қалдым.

– Дәмнің сапасына айтарым жоқ. Тіл үйіреді. Тек әркімнің жеке отырып тамақтанатыны қиын екен. Бізде, Жерде қазақ халқы ортаға үлкен дастархан жаяды да, сол жерде отырып кеңеседі, пікірлеседі.

Капитан көмекшісіне ымдап қалды. Ол үлкен экранды қосып, ақ халат киген бөгделерге тапсырма-нұсқау берді. Сәлден соң алдымыздағы жеке үстелдер біріккен үлкен дастарханға айналды. Төрде мен отырмын, капитан оң жағымда. Өзгелері қаз-қатар жайғасқан. 

– Сен айтқан ақ дастархан осындай бола ма?-Капитанның ішкі қуанышын іркіліп сөйлегенінен сезе қойдым. 

– Шүйіркелесіп отырып ішкен ас тым тәтті болады,-дедім ризашылығымды білдіре басымды иіп. Ол да басын имек еді, түп-түзу желкесі қозғалмады. Өзінің ғылыми кеңесіне үздіксіз тапсырма бере бастады. Жылдамдатып сөйлегенде дым түсінбедім. Байқауышма, иіліп ізет білдірудің ғылыми жолдарын табуға бұйрық берген сыңайлы. Өздері ауада дыбыссыз қалқиды. Сөздері кейде ишараға айналып кетеді. 

– Ақберді, маған танысу туралы бір мақал айтшы,– дедім жақын отырған досыма сыбырлап.

– «Мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген мақал бар. Ғаламтордан оқығанмын. – Ақберді маған бұрын-соңды бұлай көмектеспеген шығар.

– Капитан, қазақта «мыңның жүзін білгенше, бірдің атын біл» деген мақал бар. Танысып отырайық. Менің есімім-Хантөре. Бұл-досым Ақберді. Одан ары отырған – Айару. – Бәрін жағалай таныстырып біткенше, капитан атымызды жаттап та үлгерді.

– Есте сақтау қабілетіңізге таң қалып отырмын,-дедім есімімізді ерні жыбырлай қайталаған капитанға.

– Несіне таң қаласы, Хантөре? Абай атамыз айтыпты: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар». Капитан естігенін қайталап, ойында бекітіп отырды. Сол себепті есімдерімізді жаңылмай айтып отыр.

– Айару сөзге араласып, таңданысымның жөнсіз екенін айтты. Мен оның бұлайша білімді болып кеткеніне тіптен аузым ашылып қалды. Бұрын сыныпта өзіне жолап кеткенді апасына айтып шағымданып, ұлдардың шаңын қақтырушы еді. Енді байсалды білімді қыздың кейпіне енген. Осы әуе оқиғасы бәріміздің жан-дүниемізге үлкен өзгеріс әкелді-ау шынымен.

– Хантөре, бізде нақты есім жоқ. Атқаратын қызметімізге қарай капитан, көмекші, сарапшы деп атай береміз.

– Онда біз сіздерге әдемі есім таңдап берейік. – Сезімнің ұсынысын бәріміз қуаттап, капитанға лайықты ат кеңестік. Ақберді орнынан тұрып, капитанның құлағына «сенің атың-Ақылбай» деп үш рет айқайлады. Әр сөзінен соң капитанның көзі шырадай жанып, жүзіне қан жүгірді. Е, бұлардың қан-сөлсіз жүрген бір себептері аттары болмағандықтан екен ғой. Жер перзенттері келіп бұлардың мәселесін оп-оңай шешіп берді. Тоқта, біздің Жерге қайту мәселемізді кім қолға алады? Осылай қонақ болып, бөгделерді баулып жүре береміз бе?

– Хантөре, сен неге уайымшылсың? Менің көңілдің райым бақылайтын құрылғым сенде бір уайым барын хабарлапты. -Капитанның сөзіне не дерімді білмедім. Сыр ашайын ба, әлде жасырып қалайын ба? Адамның көңіл күйін көзінен ұғушы еді, бұл приборына қадалып отырады екен.

– Мәселемізді айтайық, мүмкін, көмектесер, – десті қыздар жағы.

– Жау болып шықса қайтеміз. Одан да ештеңе білдірмейік. – Бұл-ұлдардың шешімі.

– Жер перзенттері, сіздер алаңдамаңыздар. Біз Марста тұратын жаратылыс иелеріміз. Жерде ғажайып тіршілік барын әлдеқашан анықтағанбыз. Бірақ Жер балаларымен бірінші рет кездесіп отырмыз. Сондықтан достық ниетімізді білдіреміз.

Капитанның таза қазақша сөзіне қайран қалып отырмын. Марс тұрғындары болса марсша сөйлемей ме? Біздің тілімізді қайдан біледі?

– Жасанды интелект түрлерін өте көп ойлап таптық. Біз өз тілімізде ойлаймыз, ал аудармашы жасанды интелект оны бірден аударып, дыбыстап береді. Сол үшін арамызда тілдік кедергі туындап тұрған жоқ.

Капитанның сөзі достық көпірін орнатып, жылы байланысты тереңдете түсті. Біз өз мәселемізді баян еттік. Жер деп аталатын нұрлы ғаламшарда тым алаңсыз өмір сүргенімізді, кейін телефонға тәуелді болып, барлық құндылықтарымызды құрдымға кетіріп, ақыр соңында салмақсыз күйге ұшырағанымызды баяндап бердім. Ол ғылыми кеңесін құрып, бірден тапсырма берді. Шұғыл кеңес «Жер перзенттерін қалай үйлеріне қайтарамыз?» деген тақырыпта ашылды.

– Жәрдембай, тездетсін,-деді көмекшісін есімімен атаған Ақылбай капитан. Үлкен экраннан қауырт тірлікке кіріскен ғалымдардың бейнесі көрінді.

– Хантөре, байқауымша, Жер перзенттері тым сұлу екен. Біз мыңжылдықтар бойына сырт келбетімізді сүйкімді етуге тырысып келеміз. Әзірге жеткен биігіміз шамады. -Капитан әсерлі сөйлеп, біраз демікті.

– Жер бетінде алғаш адам баласы пайда болғанда, сұлу болмапты. Талмай еңбек етіп, сұлулыққа құмартыпты. Ақыры қазіргідей қараса көз сүйсінетіндей болмысқа ие болыппыз. – Білгішсініп отырмын. Алғаш деген қай ғасыр деп сұраса не деймін? Қап, Қазақстан тарихының хронологиялық кестесін жаттап ауым керек еді. Бірақ Ақылбай капитан мені сұрақпен қыспады.

– Еңбек етуден кенде емеспіз. Біздің бар уақытымыз ғылыми жаңалық ашумен өтеді,-деп жеңіл күрсінді Ақылбай.

– Сіздерде қандай ұлы адамдар бар, яғни, қайталанбас өнерлі жандар? Қазақта Абай Құнанбайұлы деген ұлы хакім, ақын, ойшыл өмір сүрген. Оның сөздері жүз сексен жыл өтсе де, әлі жаңғырып тұр. Сұлулық ақылмен де келетін шығар.

– Бізде бәрі ғалым. Бірақ сұлу ешкім жоқ.

– Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп айтыпты. Нағыз адам болу үшін «бес асыл істі» бойға жинауға өнеге етіпті. Олар-талап...

Сөзімді достарым жалғап әкетті.

– Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым.

– Ал адамдыққа жат қылықтарды Абай ата «бес дұшпан» деп атапты. Олар-өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ.

Ақылбай мен Жәрдембайдың бар назары бізде, аузымызға кіріп кете жаздап ұйып қалған.

– Талап-жақсы іс қылуға талпыну,-деп Сезім капитанға қарап сөйлеп кетті.

– Еңбек-сол талпынған іске жеткізетін ұлы іс, – деді Айару кең тыныстап.

– Терең ой-адамның санасында үнемі жүріп тұратын биік ой қорыту үрдісі, – деді Сымбат аспай-саспай.

– Қанағат-қол жеткен табысқа шүкір ету, барға көңіл тойдыру. – Керім де әңгімеге кірісті.

– Рақым-бүкіл тіршілікке мейіріммен қарап, кеңпейілділік таныту, қажет жерде кешіре білу, – деген Сымбат маған қарады. 

– «Бес дұшпан» деген өсектен басталады. Сұлу, ақылды болу үшін алып қашпа сөзден аулақ болу керек. Ғайбат сөйлемеу керек.

Менің ойымды Ақберді іліп әкетті.

– Өтірік-өсектің досы. Өтірік жүрген жерде ешқандай іс алға жылжымайды.

– Мақтаншақтық өтіріктен шығады. Мақтаншақ болу жақсы іс емес. -Жер бетінде мақтанудан алдына жан салмайтын Сымбат тіптен салиқалы ой тастады.

– Еріншектік-біздің салмақсыз күйге ұшырауымыздың басты себебі. Еріншек болу-өнер мен таланттың жауы, – деп мен өз басымнан кешкенімді қоса бейнеледім.

– Бекер мал шашпақ деген-қолдағы барды ысырап ету, зая кетіру. Абай атамыз бұған да қарсы.

Капитан Ақылбай көзі тостағандай болып отырды да, әрқайсымызға иіле бастады. Ғылыми кеңес білу, ізет білдірудің жолдарын тапқанын білдік.

– Жер перзенттері, сендер қандай бақыттысыңдар?! Шынайы Адам болудың ережесін жазып кеткен ғұлама тұлғаларың бар. Неге осыншама сұлу екендеріңнің құпиясын мен де түсіне бастадым.

Біз қол шапалақтап, оларға ілтипат көрсеттік. Сыныптағыдай ысқырып, елдің мазасын алмадық. Биязы сөйлеп, қасқайып отырмыз. Өзге ғаламшардың тұрғындарына үлгі болуға жарап қалғанымызға іштей марқайып, мақтан тұтып отырмыз.

– Ғылыми кеңеске сәт сайын тапсырма беріп, үздіксіз жаңалық ашқызып келдім. Оным артық болыпты. Қолымыздағы ғылыми жетістіктерді қанағат тұтуды жөн көремін. – Капитанның мына сөзін тәнті болған біздер дүр етіп қалқымалы орындықтардан тұрдық. Марстықтардың өнегені қабылдауы тым жылдам екен. Тамаша!

Біз дастарқанға бата берген соң, бір батырма арқылы оны жинап тастады. Содан соң ғарыш кемесін аралауға шақырды. Біз қуана келістік. Өңіміз түгілі түсімізде көрмеген ғарыш кемесін емін-еркін аралау бақыты бұйырады деп кім ойлапты? Таңданысымызды терең жасырып, капитанға еріп келе жатырмыз. Барлық бөлмелер жоғары технологиялармен жабдықталған. Бір шағын бөлмеде бір қызметкер түрлі-түсті көзәйнек тағып отыр. Оның себебін сұрасам, мәнісі былай екен:

– Бізде жалығу деген болады. Күнде қайталанатын тірліктерден марстықтар қажып кетеді. Сол сұрқай өмірімізді тым болмаса онлайн түрлендіру үшін осылай түрлі-түсті көзілдірік тағып, жасанды жайқалған әлемге кіреміз. Бұл шараны сауықтыру деп атаймыз.

Достарыма қарап едім, олар сыр бермеді. Біз жерде жүрген кезімізде «шаршадық, өмір қызықсыз» деп аттан салушы едік. Сөйтсек, нағыз бақыт Жер бетіне келіп қонақтапты ғой. Сұлу табиғат, өнерлі адамдар, ынтымағы жарасқан отбасы, адал достар! Нені арман етсең, соған шынымен құлаш ұруға мүмкіндік бар. Мыналардай көзілдірікке алданып, жалған өмір сүріп жүрген жоқпыз.

– Білесіз бе? Жер тұрғындарында игі дәстүр бар. Ол той деп аталады. Қуаныш кезінде үлкен дастарқан жаяды, ән айтады, би билейді, түрлі ойындар ойнайды. Сауық кеші деп те аталады. Өнерді тамашалау үшін арнайы концертке барады. Бүкіл Жер шарын аралап, өнеріне адам баласын тамсандырған Димаш әншімізді айтсаңызшы!

Бұл жолғы сөзіме капитан түсінбей қалды. Сөзін үзіп сөйлеп, әуреге түсті.

– Той деген не? Сауық кеші деген сауықтыру емес пе?

– Иә, ол да сауықтыру шарасына ұқсайды. Бірақ ол жерде жалғыздыққа орын жоқ. Бәрі шынайы, өміршең келеді.

– Ән деген не? Димаш қалайша Жер жүзін аралап шықты?

– Ән-өнердің бір түрі. Димаш ән орындап, ғаламат дауысымен әлемді дүр сілкіндірді. – Мақтанғаннан аузыма орамды сөз түспей, кідіріп қалдым. Мақтаншақтықтан аулақ болу керектігі есіме түсті. Жоқ, бұл рухани мақтаныш қой. Рухани мақтану әрқашан орынды.

– Абай да домббырада ойнап, ән салған. Қаншама әндері бар. – Сезім сөзімді сабақтады.

– Абайдың «Әнді сүйсең, менше сүй» деген ұлы сөзі бар. Данышпан ақын әнді ерекше сүйген. Жүрегі үнемі ән салып тұрған. Бұл-ұлы өнер. – Айару мен Сезім бірін-бірі толықтырып, капитанның санасына тиісті ақпараттарды жеткізді-ау деймін. Капитан бір кезде барып тілге келді:

– Жерді сырттай барлап, зерттеп жүргенімізге қанша уақыт өтті? Сонда да адам баласының осыншама тылсым қырлары барын еш білмеппіз. Ән деген айғай емес екенін бүгін түсіндім. Абайдың әнін орындап беріңіздерші. Жаттап алайық!

Мен Айаруға қарадым. Ән сабағында тамылжыта шырқайтын әдемі дауысты әнші өзі емес пе? Ол Сезім мен Сымбатқа көз қиығын тастады. Мұнысы «қостаңдар» деген белгі. Шағын бөлмеде Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әні әуеледі. Балаң, нәзік дауыстар еркін самғады. Адамзаттың Абайы мұраға қалдырған ұлы әуен Күн жүйесіндегі ғаламшарлардың бәріне естіліп, оларды өз сиқырымен тербеп тұрды:

Желсіз түнде жарық ай,

Сәулесі суда дірілдеп,

Ауылдың жаны терең сай,

Тасыған өзен гүрілдеп...

Жан-жүрекке жетіп, ой-сананы жаңғыртқан таңғажайып ән тәмам болғанда, дүркірете қол соқтық. Көңілімізге қоныс тепкен адамзаттың ұлы өнер табыстарына мақтану, кеуде керу сезімдері әлі атойлап тұрды.

– Жер перзенттері, сендердің осыншама сұлу болу себептеріңнің сырын енді түсіндім. Сендер өнерді жараттыңдар. Сол себептен де жандарың да, тәндерің де сұлу. – Капитан Ақылбайдың сөзіне бас иіп, инабатты түр таныттық. Шіркін, Жерде жүргенде неге сонша ерке, есер, тентек болдық? Неге шыбық тимес шыңқ етерлердің кейпінде жүрдік? Енді, міне, Күн-ананың бауырында өзге ғаламшардың тұрғындарына білім мен өнерден дәріс оқитын деңгейге жетіп тұрмыз. Үйге қайтудың кілтін тапқандаймын. Қиналсақ, Абайдан ақыл сұрайық. Жанымыз қысылса, Абай әлемінен жауап іздейік. 

– Білесіз бе, өте ертеде қазақ жерінде Қорқыт ата деген ойшыл өмір сұріпті. Сол абыз ажалмен күресте ұлы құдіретті өнерден тауыпты. – Айару осылай деп саңқ еткенде, көзім бақырайып кетті. Қыздардың ақылды, ойға жылдам, тапқыр келетіні несі екен? Бұл ақпаратты қай кезде көре қойды?

– Ғаламтор тек қана зиян емес. Білім жетілдіруге де болады,-деп сыбыр етті Айару ойымды оқып қойғандай.

– Бізде, Марста еңбек ерлеп тұр. Ғылым қарыштап дамыған. Бірақ адамзаттан кенжелеп қалуымыздың себебі-өнер дамытпаппыз. Ән сала алмаймыз. Биі мүлде білмейміз. – Капитан тағы да ғылыми кеңесшілеріне тапсырма беріп, былдырлай жөнелді.

– Сөз өнерін айтайық Ақылбай капитанға. Өлең оқып, жыр айтып, сурет салып, сыр айтып, өнерге махаббаттарын оятайық. – Достарым дуылдап, бір ауыздан осылай десті. Біз бір-бір экранға төне қалдық. Мен өз жанымнан өлең шығара бастадым. Бұрынғыдай жасанды интелектіге шығартып алып, ұстаздан жоғары баға сұрап қиғылық салатын кезім емес. Жүрегім ұйқасты жолдарды өзі төгіп тастады. Мен тек экранға жазып үлгердім. Ақберді бір дастарханда ұлттық тағамдардан дәм татып отырған берекелі отбасының суретін салды. Сезім жұмбақ жасырды. Айару ою-өрнекпен Жердің картасын белгілед. Капитан бізге назар аударғанда, барлығымыз өнер туындымызды аяқтап үлгердік.

– Біз ойымызды символдармен жеткіземіз, – деді Ақылбай экранға таңдана қарап.

– Біз, адам баласы ойымызды өнер туындысы арқылы жүрекпен жеткіземіз, – дедім толқи сөйлеп. – Өлеңімді оқып берейін.

Перзентіміз біз Жердің,

Қонақ болып сен келгін,

Абайы бар данышпан,

Ғажабы көп бұл елдің!

Ғылым тауып мақтанған,

Білім алып шаттанған,

Нағыз Адам мына біз,

Болашаққа аттанған.

Кей сөздерім ұйқастан сүрініп жатса да, шын жүректен шыққан соң, капитан қуана қабыл алды. Жерге қонаққа баратынын хабарлап, серіктестерін де қуантып қойды. Өздері қуанғанда шыр көбелек айналады екен. Біз оларға төс қағыстырып, құшақтасуды, арқаға қағып құттықтауды, сүйінші сұрап шын шаттануды үйреттік. Мәре-сәре болып, қуанышымыз қойнымызға сыймай тұрғанда, Жәрдембай келді. Ғарыш кемесінің сыртында күдікті қозғалыс анықталғанын хабарлады. Оған қоса біздің салмақсыз күйден толық арылғанымызды жариялады. Экранға Ақылбаймен бірге көз тастасақ, «сәлемдеме» деген жазуы бар алып дорба ауада қалықтап тұр.

– Сынамаға үлгі алыңдар! – деп тапсырды Ақылбай құшағынан мені босатпай.

– Марс пен Жер енді дос болады. Бұл – Жерден жеткен сәлемдеме. Қауіпті ештеңе жоқ! – Менің нық сеніммен айтқан сөзіме марстықтар ойланып қалды. Ақылбайға ғарыш кемесінің есігін ашудан басқа жол қалмады. Жердегі ғалымдар да ғылыми жаңалықтарын осы алып дорбаға түйіп жіберген сияқты. Түйіншектің буылған аузы сөйлеп кетті. Сәлемдеменің құрамы сағынышқа толы хатттар, ұлы адамдардың ұлағат сөздері жазылған газет-журналдар, отбасылық суреттер, ең бастысы Абай ақынның кітаптары екен. Сәлемдеменің аузы ашылғанда, жан-дәрмен ұмтылмадық. Мәдениет сақтап, алдымен қыздарға кезек бердік. Олар өз отбасыларының, жақындарының жүрекжарды хаттарын алып, көз жастарына ерік берді. Қауышарын, кездесер сәтін біліп сағыну бақыт қой, шіркін! Содан кейін ғана ұлдар жағы үшбу хаттарды ашып, мәнерлеп оқуға кірістік. Жантөре бүкіл жұртты жаппай кітап оқуға үндепті. Қазір әрбір баланың қалтасында Абайдың кітаптары, киімддерінде данышпанның ұлы сөздері, телефондарында Абай әндері құйқылжиды екен.

– Біздің ғалымдар да мықты ғой. Балалардың салмақсыздық күйге түсуіне өнер мен білімнен қол үзіп, уақытын өлтіріп, телефонға құр телмірулері себеп болғанын дәлелдеп шығыпты. – Ақберді марстықтардың алдында мақтанышын жасырмады.

– Бірақ телефоннан бас тартқан ешкім жоқ. Керісінше оны тек білім алу, байланыс құралы ретінде ғана қалдыруды жөн көріпті. Қандай тамаша! – Сымбат телефонмен біржолата қоштаспасына қуанып тұрғандай.

– Иә, телефон жай ғана ғылымның жетістігі. Біз оны білім алу мақсатында қолданғанымыз орынды. Денсаулыққа зиян келгенше қолдан түсірмей ұстап, тәуелді болудан тыйыламыз!

– Құп болады, капитан Хантөре! – деген ұранды жауап естідім. Осы сәт Ақылбай да бізге күлімдеп қарап тұрғандай сезілді. Бұған дейін өң-түссіз бозарған жүзіне қызыл шырай жүгіріпті.

– Капитан Ақылбай, Сізді өнері мен ғылымы сәт санап алға басқан Жер кіндігі Қазақ еліне қонаққа шақырамын! Сәлемдемеден сізге де ұсынғым келеді. Абай атамыздың өлеңдер кітабы жандарыңыздан табылсын! 

– Жүріңіздер, құдайы қонақ болыңыздар! Сұлулықтың сырын үйренесіздер! Әрі қазақ халқы өте бауырмал, сыртқа теппейді. -Айару да қиыла өтініп, ақыры Ақылбай ғарыш кемесінің бағытын Жерге қарай бұрды. Жол бойы Абайдың әндері шырқалып, өлеңдері баппен оқылып жатты. Хакімнің қарасөздері Марс тұрғындарын да қалың ойға бастады. Олар аз уақытта бізден үйренген салттары бойынша Жермен тілдесіп, олардан сүйінші сұрады:

– Сүйінші! Біз Жер перзенттерін өздерінің Атамекеніне аман-есен апара жатырмыз. Оларда салмақсыздық дерті байқалмайды. Шеттерінен өте дарынды, кілең алғыр балалар екен!

– Қалағаныңызды алыңыз, Марс капитаны! Жер халқы сіздерді гүл шоғымен қарсы алуға даяр! – Бұл жауапты естіген біздер алақайлап, марстықтарды құшақтай алдық. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген өнегесі санамызға сіңіп кетіпті.

Зымырап келеміз! Аялдауды білмей жүйткіп келеміз. Жарықтың жылдамдығы да бізге ілесе алмайды. Өйткені біз өз қателігімізден сабақ алып, Жерді сағынып келеміз. Табан тіреп, тайғанақтамай өмір сүру үшін балаға ақыл мен білім, өнер мен ғылым керек екен. Құр босқа телефонға тәуелді болу бізді бар өнерден айыратынын енді білдік. Қайтып салмақсыз күйге түспейміз. 

Марстың ғарыш кемесі «Байқоңыр» ғарыш айлағына тұмсық тіреді. Есік ашыла бергенде, әуелеген ән, күмбірлеген күй естілді. Қазақ елі Марс тұрғындарын ата салтымен қарсы алды. Гүл шоқтарын лақтырып, ерекше құрмет көрсетті. Табанымыз жерге тигенде, қатты қуандық. Салбырап әуеде тұрғаннан артық қорлық жоқ екен. Тілшілердің барлық сұрақтарына екі-ақ сөзбен жауап бердік: «Абайды оқыңдар!» Абайдың өлеңдерін оқыған біз жаңа дос, шын бауыр таптық. Салмақты болмысымызға оралдық. Жер мен Марстың достығынна дәнекер болдық. Жер перзенттерінің өнер мен білімін жалындатып, Жер-ананың бесігінде өмір сүргені қандай бақыт!