Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Кішкентай тышқанның үлкен арманы
160
оқылды

Авторы: Xanshaiym

 

Шалғайдағы орманда кішкентай тышқан өмір сүріпті. Оның өзі кішкентай болғанымен, арманы үлкен екен. Тышқанның кей арманы тіпті ерекше болыпты.

– Мен аспанға ұшқым келеді!, – деп армандапты бірде тышқан.

Оны естіген орманның өзге де мүшелері күліпті. Әсіресе жүйрік қоян мысқылдап:

– Сен ұша алмайсың, сенде қанат жоқ!, – депті.

Әңгімеге тиын да араласып, ол да бұл орындалмас арман екенін айтыпты.

– Сен кішкентай ғана тіршілік иесісің, жерде жүргенің дұрыс, – депті тиын тышқанға қарата.

– Бірақ тышқан мойымапты. Ол ескі кітапты тауып алып, әуе шары қалай жасалатынын зерттепті. Күндіз-түні еңбектеніп, түйіршіктерден, жіптерден, жапырақтардан өзіне кішкентай шар жасап алыпты. Сосын шарға мініп, аспанға сәл көтеріліп ұшыпты. Барлық аң аң-таң қалады. Кішкентай тышқан сол кезде:

– Кішкентай денеде үлкен арман болуы мүмкін, – деп айқайлапты.

Мұны естіген жан-жануарлар осы сәттен бастап ешкімнің арманына күлмейтін болыпты.

Жұмбақтың жауабы

Ертеде Тамды деген ауылда оқушылар арасында байқау өтіпті. Бұл байқаудың басты шарты бойынша оқушылар жұмбақтың шешімін табуы керек екен. Бір қызығы, барлық қатысушыға бір жұмбақтың жауабын табу жөнінде тапсырма беріліпті.

Ол жұмбақ былай екен. «Менің мың жылдық жасым бар, бірақ мен ешқашан қартаймаймын. Мен кіммін?».

Балалар бұл жұмбақтың жауабын таппай қиналыпты. Қанша күн ойланса да нақты жауапты ешкім білмепті. Тек Әбу атты бала бұл жұмбақтың жауабы кітап деген ұйғарымға келіпті.

Байқау қорытындыланар күні оқушылар өз нұсқаларын ортаға салады. Кезек Әбуге келеді. Ол: «Жұмбақтың жауабы – кітап. Кітап ешқашан қартаймайды, ешқашан құндылығын жоғалтпайды» деп айтады. Бұл жауапқа бәрі риза болады. Сол кезде бала Әбу білімнің, ізденістің қаншалықты маңызды екенін терең түсінеді. Сол күннен бастап ол терең ойлауға талпынып, ізденісті серік етіп, биік белестерді бағындырады.

«Гүлді жұлма, балақай!»

Айжарық жазғы демалыс уақытында аулада ойнап жүріп, әдемі гүлді көрді. Гүл сары түсті, күн сияқты жарқырап тұр еді. Алыстан көз тартады.

– Неткен әдемі гүл, – деді Айжарық.

Ол гүлді үйге апарып қояйын деп ойлады да аулада өсіп тұрған әсем гүлді қолымен жұлып алды. Сөйтті де үйге әкеліп, терезенің алдына қойып қойды. Сәлден соң гүлдің басы салбырап қалды. Ал кешке таман мүлде солып қалды. Тамырынан үзілген гүл қурай бастады.

– Гүл неге солып қалды екен, – деп ойлады Айжарық.

Келесі күні аулада тағы да ойнап жүріп, бақшаға көзі түсті. Кеше өзі жұлған гүлдің орны бос тұр екен. Сол сәтте көбелек сыбырлағандай болды:

– Егер сен гүлді жұлмасаң, ол әлі талай адамға қуаныш сыйлар еді. Бізге де, саған да, – деді көбелек.

Сол сәтте Айжарын бәрін түсінді. Енді ол гүл көрсе, тек иіскеп, қарап, ешқашан жұлмайтын болды.

Жақсы амал

Өзі қатарлас балалармен бірге Айдын да жазғы демалыста нағашы ата-әжесіне қыдырып барды. Бір күні атасы Айдынға өсиет айтып, жақсы амал туралы әңгімелеп берді.

– Ең жақсы амал – табиғатқа жанашырлық жасау, – деді атасы.

– Сонда қалай, не істеу керек?, – деді Айдын.

Атасы:

– Мысалы сенің жасың бесте, сен биыл менімен бірге бес тал ек, оған су құй, күтіп-бапта, – деді.

Айдын:

– Ата, сонда алты жасқа толғанымда алты тал егемін бе?, – деп сұрады.

– Иә, – деді атасы.

Айдын сол жылдан бастап осы бір жақсы амалды іс жүзінде жүзеге асырды. Әр жыл сайын жасына сәйкес тал егіп, оны күтіп-баптап, су құйды. Жыл өткен сайын бақшадағы талдардың саны да көбейе түсті.

Биыл Айдын алтыншы сыныпқа өтті. Қазірдің өзінде Айдынның еккен талдары алғашқы жемісін бере бастады. Ол бақшаға қараған сайын атасының «Ең жақсы амал – табиғатқа жанашырлық жасау» деген сөзін еске түсіреді. Айдын осынау жақсы амалды інісі Мұхит пен досы Медетке де айтып, оларды да тал егуге, күтіп-баптауға үйретіп жүр. Мұхит пен Медет те Айдын секілді тал егіп, жақсы амалды жалғастыруда.

Бата үйренген бала

Қаланың мектебінде білім алатын Өркеннің тілі орысшаға жатық. Ол достарымен көбіне орыс тілінде сөйлеседі. Бірақ қазақшаны да жақсы біледі. Өркеннің үйіне жақында ауылдан жиені Жомарт келді. Жомарт тек қазақ тілінде сөйлейді. Ол орысша білмейді.

Бір күні Өркеннің әкесі кешкі астан кейін бата берді. Батадан кейін Жомарт көкесіне:

– Мен де бата білемін, – деді.

Көкесі Жомартқа риза болып, арқасынан қағып, маңдайынан сипады. Өркен Жомартқа қызығып бата жаттай бастады.

Жомарт өзінің жаттаған батасын Өркенге үйретті.

Оның батасы былай еді:

«Сұрасаң, бата берейін,

Үстем болсын мерейін!

Дастарханымыз мол болсын,

Қайда жүрсек жол болсын!

Ата-анамыз аман болсын,

Тыныштық, бейбіт заман болсын!».

Бала тілі – бал

Ерлан мен Нұрлан бір үйдің егіз ұлдары. Олардың Еркін есімді ағасы мен Кәусар есімді қарындасы бар. Ерланның мінезі томаға тұйық болса, Нұрлан ашық-жарқын мінезді.

Бір күні Нұрлан балалармен бірге далаға ойнауға шықты. Ол аяғына жаңбырлы күні киетін аяқ киімді киіп алды. Бірақ күн ашық, жылы әрі жайдарлы еді.

Анасы:

– Нұрлан, дала жаңбырлы емес, аулада балшық та жоқ. Неге жеңіл аяқ киім кимедің?, – деп сұрады.

Сонда тілі балдай тәтті Нұрлан:

– Анашым, уайымдамаңыз, мен балшықты өзім-ақ тауып аламын, – деді.

«Бала тілі – бал» демекші, Нұрланның бұл жауабына балалар ду күлді.

Тойымсыз дәу

Бір ауылда Талқанбай есімді бай болыпты. Оның мал-мүлкі мен дүниесінің есебі жоқ екен. Тіпті малының көптігінен оны санаудың өзі мүмкін болмапты. Талқанбай қанша бай болса да өте тойымсыз, дүниеқұмар адам болыпты. Сол себепті жұртшылық оны Тойымсыз дәу деп атайды екен.

Бір күні Талқанбайдың бәйгеге қосып жүрген жүйрік аты аяғын қайырып алады. Малшылар әрі-бері емдегенімен ат мінуге жарамай қалады. Тіпті кейбіреулер оны сою керектігін айтады. Талқанбай қанша қимаса да амалдың жоқтығынан жүйрік атын сойып алады.

Бай атын сойып жатыр дегенді естіген кедей-кепшік садақа сұрап келеді. Бірақ Талқанбай бай оларға бір асым ет те бермейді.

– Өзімнің жүйрік атымды өзім жеймін, – деп әйеліне үлкен қазанға ет астырады.

Ет дайын болғанда да ешкімді шақырмай бір өзі бар етті жеуге кіріседі. Қарны тойса да көзі тоймаған Талқанбай бай тамақтанып болған соң гүпті болып ауырады. Тойымсыз дәудің жаны қиналады. Ол осылайша өз тойымсыздығынан қатты ауырып, өмірден өтеді. Осы оқиғадан кейін ел-жұрт «Қанағат қарын тойғызар» деген сөздің қадірін тереңірек түсініпті.

Екі көрші

Бұрында бір ауылда Асан мен Үсен деген екі көрші болыпты. Олар егін егеді екен. Екеуінің де бақшасы жайқалып тұратын болыпты. Өзге де көршілер бұл екі бағбан көршінің бау-бақшасына қызығады екен. Әлгі екі көрші жыл сайын бірінен бірі асып түсемін деп түрлі жеміс ағаштарын егіп, өнім алып, оны сатып күн көреді екен.

Бағбан көршілердің бірлігі мен татулығы, еңбекке құштарлығы көпке үлгі болыпты. Бір күні Асанның кетпені сынып қалыпты. Ол Үсеннің кетпенін уақытша пайдалануға сұрап алыпты. Осы жылы Үсеннің егіні бітік шықпай, керісінші Асанның еккен жеміс ағаштары өте көп мол өнім беріпті. Асан бағбан көршісіне қызыға да, қызғана да қарап, іштей мұңайыпты. Бұл қызғаныштың соңы дауға ұласыпты.

– Сен менің кетпенімді пайдаланып егін ектің. Кетпенімнің арқасында мол өнімге ие болды. Ендеше сол мол өнімде менің де үлесім бар. Кетпенімді бергенімде сен егін еге алмайтын едің, – деді Асан көршісіне.

– Асан-ау, кетпенде тұрған не бар? Егіннің бітік шығуы күтіп-баптағанға байланысты ғой. Бұл менің адал еңбегімнің, маңдай терімнің, ала жазбай бел жазбай істеген жұмысымның жемісі, – деді Үсен.

– Жоқ, қалай болғанда да кетпенімнің үлесі бар. Ал кетпен менікі. Ендеше, әр атыздан алған өніміңді бөлісесің, – деді Асан.

Үсен көршісінің бұл қылығына, көзқарасына қатты ренжіді. Осылайша екеуінің арасында түсініспеушілік пен кикілжің дауға ұласты. Бағбан көршілер мәселенің түйінін тарқатып, төрелігін айту үшін ауыл биіне жүгінді.

Екеуінің де ой-пікірін тыңдаған ауыл биі терең күрсінді.

– Сендерге сұрағым бар, – деді ауыл биі.

– Қойыңыз, жауап береміз, – деді Асан мен Үсен жарыса.

– Асан кетпенін берген екен. Оны Үсен пайдаланыпсың. Жерге егін егіп, мол өнім алыпсың. Асанның айтуынша, енді сол мол өнімде оның да үлесі бар екен. Соны теңдей бөліп, маған да үлестірсің дейді ол. Солай ма, Асан?, – деді ауыл биі.

– Иә, дұрыс айтасыз, дәл солай, – деді Асан.

– Ендеше, тыңдаңдар. Екеуің де үлкен арықтан су алып, сол сумен егін суарасыңдар. Ол үлкен арықты халық бірлесе қазған. Үлкен арықтан сендердің көшелеріне қарай тағы да қосымша бір арық қазылған. Оны да осы ауылдың үлкен-кішісі бірлесе қазды. Асан сен де, Үсен сен де жұрттың еңбекпен қазған сол қос арығын пайдаланып, содан аққан суды тұтынып егін егіп келесіңдер. Ендеше екеуіңнің де еккен егіннен тапқан пайдаларыңда халықтың үлесі бар. Бүгіннен бастап бір келі өрік терсеңдер оның жартысын халыққа тегін таратасыңдар. Бұл да кетпеннің мысалы секілді. Менің шешімім осы, – деді ауыл биі.

Жиналған жұртшылық ауыл биінің шешіміне риза болды. Ал Асан мен Үсен үнсіз қалды. Асан өзінің ретсіз шағымданғанын түсінді. Үсен көршісін кешіріп, жұрттың көзінше қос көрші бір-бірінен кешірім сұрасып, құшақтасты. Осылайша бір кетпеннің мысалы мен ауыл биінің әділ шешімі қос бағбанның еңбегінің, бірлігінің таразысы болды. Осы күннен кейін Асан мен Үсен ауылдың үлкен қарияларына, мұқтаж отбасыларға бау-бақшадан жиналған өнімнің бір бөлігін тегін таратуды қолға алды.

Кім мықты?

Ынтымақ деген ауылда Ғалым есімді ата болыпты. Ол ауылдың балаларына түрлі сұрақ қойып, оның жауабын бірге талқылап, балаларға бағыт-бағдар береді екен. Бір күні Ғалым ата ауыл балаларына «Бұл өмірде кім мықты?» деген сұрақ қойды. Балалар сұрақтың жауабын іздеп, үлкен-кішіден сұрап, ерекше белсенділікпен ізденді.

Айбол бұл сұрақтың жауабын «Елін қорғайтын ер мықты» деп ойлады. Бұл жауап көпшіліктің көңілінен шықты. Ал Асқар «Сол ерді қолдайтын ел мықты» деп топшылады. Бұл жауапты да көпшілік құп көрді. Еркін мен Ернұр «Бәрінен де аспан мықты, ол қолжетпес биікте және бәрін көтеріп тұрған жер мықты» деді. Көкке қарап бой түзеген, ой түзеген жұртшылық бұл жауаптың да орынды екенін айтты. Ержан «Өсімдіктерге, жан-жануарларға, адамдарға, жер-жаһанға нәр берген су мықты» десе, Ерлан «Бұл өмірде білімді адам мықты, ол бәрін біледі» деп өз нұсқасын ортаға салды. Осылайша балалардың пікір әртүрлі болып, сұрақтың нақты бір жауабын таба алмады.

Белгіленген уақыт өтіп балалар Ғалым атаның алдына жиналды.

– Ал, балалар, сұрағымның жауабын таптыңдар ма? Қане, кім айтады?, – деді Ғалым ата.

Айбол топтың алдына суырылып шықты.

– Елін қорғайтын ер мықты, – деді.

– Бәрекелді, дұрыс-ақ. Бірақ сол ердің елі болмаса қалай мықты болады, ердің ер болуы үшін қолдайтұғын елі болуы керек, – деді Ғалым ата.

Сол сәтте Асқар:

– Ғалым ата, дұрыс айтасыз, мен ел мықты деген жауапты айтқым келген, – деді.

– Асқаржан,  ел мықты болуы үшін оның өзіне тиесілі жері болуы керек. Жер – ең басты құндылық, – деді.

Еркін мен Ернұр:

– Біз аспан мен жер мықты деп топшылағанбыз, – деді.

Ғалым ата тағы да өз ойын айтты.

– Айналайын, Еркін, Ернұр, жауаптарың дұрыс-ақ. Бірақ сол жерде су болмаса, ол құрғап қалады, шөлге айналады, шөлде тіршілік болмайды, – деді.

– Онда менің жауабым дұрыс. Өсімдіктерге, жан-жануарларға, адамдарға, жер-жаһанға нәр берген су мықты, – деді Ержан.

– Ержанның да жауабы орынды. Бірақ сол сулы жерді игеретін, көгертетін, көктететін адам қажет болады, – деді.

Сол сәтте Ерлан:

– Ғалым ата, мен бұл өмірде білімді адам мықты, ол бәрін біледідеп ойлаймын, – деп өз жауабын ортаға салды.

Ғалым ата білімді адам табиғаттың ең қымбат, баға жетпес жетістігі екенін айтып, осы сұрақтың дұрыстығын айтты. 

– Білімді адам өзінің білімін, күш-қуатын, өнерін, біліктілігін елін қорғауға, елін қолдауға жұмсаса, өскен ортасын түлетіп, қоғамға пайдасын тигізсе, құндылықтардың қадірін білсе ғана мықты болмақ. Мен сендердің мықты азамат болғандарыңды қалаймын, – деген Ғалым ата балалардың болашағына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.

Балалар Ғалым атаның өсиетінен өнеге алып, мықты азамат болуға талаптанып, бір-біріне болашақта мықты азамат боламыз деп уәде берді.

Табиғаттың заңы

Бір отбасында төрт ағайынды жігіт болды. Олардың ең үлкені Жақып еді. Жақыптан кейін Бекболат пен Нұрболат деген егіз ұлдар бар. Ал үйдің кенжесі Дархан – әрі ерке, әрі пысық бала.

Бір күні балалар ойнап жүріп, «Жылдың қай мезгілі керек емес?» деген сауалға жауап іздеді. 

Жақып:

– Жаз мезгілі керек емес, жаз ыстық, аптап ыстық адамдарға да, жан-жануарларға да зиян, – деп шорт кесті. 

Бекболат:

– Қытымыр қыста ел-халық әбіржиді, қар күреп әуре болады. Одан қалды отын тасып, оны жарып, бейнетке түседі. Қыс айлары керек емес, – деді.

Нұрболат күзді ұнатпайтынын айтып, бір-екі мысал келтірді:

– Күз айлары жаңбырлы. Жаңбырда дала балшық болады. Кей үйлердің шатырынан су ағады. Малдар да дұрыс жайыла алмайды. Меніңше, күздің қажеті жоқ, – деді.

Ағаларының пікірін тыңдап отырған Дарханға кезек келді.

– Дархан, сен не дейсің? Сенің пікірін қандай?, – деді ағайынды жігіттер әрі ерке, әрі пысық інілеріне назар аударып.

– Көктемді жақсы көресіңдер ме?, – деді ол.

Ағалары көктемнің ешқандай зияны жоқ екенін айтып, көктемде тіршілік атаулы түлеп, мал-жанның өрісі кеңейіп, жұрттың ауызы аққа тиіп, береке мен молшылық орнайтынын жеткізді. Осы кезде босағадан ағайынды жігіттердің әкесі еніп, ол балаларының әңгімесіне құлақ түрді.

– Әке, біз «Жылдың қай мезгілі керек емес?» деген сауалға жауап іздеп жатырмыз. Мен жаз мезгілі керек емес, жаз ыстық, аптап ыстық адамдарға да, жан-жануарларға да зиян деген пікірдемін. Ал Бекболат «Қытымыр қыста ел-халық әбіржиді, қар күреп әуре болады. Одан қалды отын тасып, оны жарып, бейнетке түседі. Қыс айлары керек емес» дейді. Нұрболат «Күз айлары жаңбырлы. Жаңбырда дала балшық болады. Кей үйлердің шатырынан су ағады. Малдар да дұрыс жайыла алмайды. Меніңше, күздің қажеті жоқ» деп тұр. Дархан әлі өз пікірін айтпады. Сіз қалай ойлайсыз?, – деді Жақып әкесіне сұраулы жүзбен.

Әкесі ұлдарына жымиып, кенже ұлы Дарханға назар аударды.

– Дархан балам, сен не дейсің? Сеніңше жылдың қай мезгілі керек емес?, – деді әкесі.

Дархан:

– Меніңше әр мезгілдің өзіндік орны бар. Ол табиғаттың заңдылығы. Жазда аптап ыстық болмаса, жер қызбайды. Күзде жаңбыр жаумаса, сол жерге көктемде егін бітік шықпайды. Ал қыс жылы болса, ауру-сырқау көбейеді. Меніңше, төрт мезгіл де керек, – деді ол.

Әкесі баласының жауабына сүйсініп:

– Дұрыс айтасың, қарағым. Бізге төрт мезгіл де керек. Тек сол төрт мезгілдің ерекшелігін адамдар дұрыс түсініп, соған сай еңбек етіп, жұмыс істеуі қажет, – деп түйіндеді.

Балалар табиғаттың заңдылығын түсініп, оны бұзуға болмайтынын ұқты.