Авторы: Алтын кен
– Абайла, еңкей! – деді алдында күрең қасқа атқа мінген Болат ту сыртына бұрылып. Тұмса табиғаттың кереметіне көзін сатып келе жатқан Ермек аңдап үлгергенше болған жоқ. Торы ат ұйыса өсіп, жынысқа айналған қалың қарағаймен қапталдаса өскен қарақат, үшқаттың арасына сіңетін сүрлеумен екпіндей өте шықты. Қамсыз отырған Ермек ерден ауып түсіп қала жаздады. Ертоқымның алдыңғы қасынан тас қып ұстай алған. Бірақ қарағайдың қарсы біткен иір бұтағы қос аяғын оңдырмай сырды. Таудың көздің жауын алар құйқалы жотасындағы тамашаға тамсана смартфонына бейнеге жазып келе жатқан еді. Қас қылғанда оқыс әрекеттен қолындағы заты маңдайын жел мүжіп, күн жеген қожыр-қожыры мүктеніп, қына басқан қой тастың үстіне тарс етіп түсті. Өзі де оңбай жарақаттанды. Сүрлеудің қос қапталындағы қарағайдың діңіне қарсы біткен иір бұтағына терісін сырып алды. Әйнегі онсыз да шытынап, экраны анық көрінбеуге айналған смартфоны мүлдем істен шықты. Іштей қатты опынды. «Қалада жүре берсем, мұндай болмас па еді, қап!».
– Жайлау деген осы, балам, – деген Бекен аға Ермекке қарап. Жылы киініп жүрмесең, ауа-райына бойыңды үйреткенше салқын тиіп қалып жүрер, – деп ескертті.
Бір күн бұрын қалада достарымен аулада доп қуалап, қала берді смартфондағы түрлі ойындардың қызығына кенелетін Ермек алғашында төңірекке тосырқай қараған. Аспанмен астасып, көк тіреген қарағай, самырсындар таудың еңсесін одан бетер еңселі ете түседі екен. Сырт көзге алыстан аласа болып көрінген таудың асқар шыңдары етегіне жақындағанда тым биік, тәкаппарланып шыға келетіндей. Ермек көз алдындағы көгілдір таулар мен барқыт белдер, бетеге көмкерген жазиралы сайын далаға тамсанып таңырқай қараған сайын сұлулана түлеп, түрленетіндей. Арындай аққан тау өзенінің сарылы қандай керемет! Ауқаттанып алған бұлар күнгей беттегі қалың қарағайдың арасына көлеңкелеп кірген бұзауларды қайырып келуге аттанды. шашағы көк тіреген самырсын, шырша, қарағайдың самалға иілген бастары суылдағанда құдды бір тау өзенінің сарылына ұқсай ма, қалай? Келген күннен-ақ күнделікті қарбалас шаруаға араласып кетті. Атқа мінген үш бала тауға қарай өрлеп бара жатты.
– Қамсыз болмау керек, есіңнен шығарма, атқа мінгенде тізгінді ешуақытта бос қойма, – деді кейіген Болат.
Алғашқы күннен-ақ аяғын жарақаттаған Ермек келе-келе шынығып, жайлаудың өміріне едәуір төселе түсті. Мұндағы әр күн қарбаласқа толы. Жаздың әр таңы әрдайым салқын. Тіпті кей түндері жер бауырлай жөңкілген бұлттар асқақ шыңдардың асқарына жаулығын орай қойып, іле жаңбыр жауса, таңғы жуық көк майса шөп бетін шық тұтып алады. Таң рауандап атып, ұясынан асыға өрлеген күннің шапағынан шөп бетіне өрнек кестелеген шық жалт-жұлт етіп көзге шағылысады. Іле күн қызуы көтеріле еріп кетеді. Соның ызғырығы ма, таңға жуық пештегі оттың шоғы да қызуынан айырылып, үйдің іші салқын тартып кетеді. Ермек алғашында ұйқысын қимай маужырап, бәрінің соңынан оянатын. Қалада түн ортасы ауғанша аулада футбол ойнап, қала берді достарымен смартфонда түрлі ойындардың қызығына кенеліп, ұйқыға кеш бас қою әдетіне айналған. Соның әсерінен кей күндері түске дейін тырайып жатып, басы мең-зең болып оянушы еді. Ал мұнда оның бәрі көзден бұл-бұл ұшты.
Байланыс желісі анау айтқандай жақсы емес. Оған қамығатын жайлаудың тұрғындары ма? Смартфондарын үйдің ішіндегі қоржынға салып қояды көбінесе. Тек анда-санда сырттан қоңырау түскенде, не болмаса өздері біреуге хабарласатын сәтте ғана қолға тиеді. Ермек бұған да үйреністі. Сындырып алғанын ата-анасына Болаттың телефоны арқылы тілдескенде астарлап жеткізген.
– Қайырлысы балам, – деген сонда жайсыз жайтты естігенде анасы. – Әкең ашуланып жүрмесе жарар еді. Жаңа оқу жылы басталғанда басқасын сатып алармыз.
Тау бөктеріндегі адамдар тым сергек өздері. Өйтпеске тағы болмайды. Атқан таңмен таласа сиырды сауып, өріске айдап іргеден аулаққа ұзатып тастау керек. Күн ұясынан арқан бойы көтеріліп, қызуын аямай төге бастағаннан-ақ сона, бөгелек дегендер күшіне мінеді де, сауын сиырлардың мазасын қашырады. Тықыршып, құйрығымен сабалаған сауымның берекесін кетіреді. Сондықтан да таңғы салқында желіні жер сызған сиырларды сауып, бұзауларын бөліп алып, жайылымға шығару – бұлжымас тәртіп. Ермек жайлаудағы туысқандарының ерекше еңбекқорлығына қайран қалып жүр. Бәрінің де өздеріне тиесілі жүктелген шаруасы бар. Үйдің кенжесі Қанат – 6-сыныпқа көшкен қаршадай ғана бала. Бірақ сонысымен қоймай еңбекқор. Үлкендермен бірге ерте оянады да, керіліп-созылып бойын жазады. Содан кейін ұйқысын ашқан соң жылы киініп таңғы шықты таптай арқандаулы атына аяңдайды. Жүгендеп, одан кейін тоқым төсейді де, ерттеместен-ақ жайдақ мініп, сауын биелерді түгендеп, айдап келуге аттанады.
Болат Ермекпен тете. Бірақ ерте есейгендікі ме, тым салмақты, естияр. Анасына нағыз қолғанат. Үйде өздері екі ұл ғана. Сауылатын он бас сиырды Болат анасы Ақсана екеуі жайғайды. Ермектің жұмысы – қорадағы бұзауларды кезегімен енесіне жіберіп, иітіп береді де, бұйдасынан тартып қазыққа байлайды. Түсінетін адамға бұл да оңай емес. Әсіресе жаңбырлы күндері әуресі ауырлай түседі. Қара топырақ жаңбыр суынан ашыған қамырдай иленіп, тез лайсаңға айналады. Мұндайда ұзын қоныш резеңке етіп киген абзал. Бұзауды тартқанда табаның тайғанап, батпаққа белшеден батасың. Кейбір ожар мінез қиқар бұзау да оңай беріле салмайды. «Енемнің ақ сүтінен неге мені айырасың?» дегендей алакөзденіп, тартыншақтап жетекке жүрмей қояды. Әсіресе ала бел сиырдың қоңыр бұзауы сүзеген. Оны Ермек алғашында қайдан білсін. Болат та ескертпепті. Бірде бұзауды бұйдасынан тартып діңгекке күрмеп байлап жатқанда бөксесінен тиген ауыр соққыдан омақаса құлады. Тобықтан асатын мибатпақты басымен сүзе жалп ете түскен. Құдды біреу шірене тепкендей тиді. Болаттан көрейін десе, ол тым алыста тұр. Бәрін бақылап тұрған ол ішін баса шиқылдап күліп жатыр. Еңсесін тіктеп, түкке түсінбей мең-зең күйде әзер ес жиды. Сөйтсе, қоңыр бұзау қыр көрсетіп, екілене келіп екпінімен сүзген екен. Ту сыртына бұрылып қарап еді, танауын көтеріп, көзінің ағы ұлғайып бұзау тұр. «Қажет десең тағы да омақасып құлайсың» дегендей алаяды. «Таяқ жеп алғаны» Ермекке сабақ болды. Содан кейін әр бұзауды енесінен ажыратып діңгекке байлағанда сақ қимылдайды.
Бір жолы Ермек те сиыр сауып көргісі келді. Болат жуас деп тарғыл сиырды меңзеді. Бұзауын салып иітіп алды да, жүрелей отырып саууға кірісті. Алғашында оңай секілді сезінді. Бірте-бірте саусақтары қарысып, қолының қары талып кетті. Болат пен оның анасы Ақсананың күнделікті осы жұмысты ауырсынбай атқаратынына іштей таңданып сүйсінді. «Болаттың саусақтары талмай ма екен осы».
Сиырларды сауған соң сүтті жылыдай сеператорда тартып алу да бел қайыстырар шаруа. Ермекке бұл жұмыстың барлығы да таң. Сүт тартқыш құрылғының бөлшектерін құрағаннан кейін қолмен баппен айналдыру керек. Сағат тілінің бағытымен бір қалыпты қозғауға ерен еп қажет. Егер жылдамдықты бірден күшейтіп, не болмаса азайтсаң, сүттің маңызы дұрыс бөлінбейді. Бұл іске Болат әбден пісіп, үйреніп алған. Білегін түрініп, малдасын құра жайланып отырады. Содан кейін сауымда жиналған сүтті түгел тартып, маңызын айырады. Тартылған көк сүтті темірден құйылған ыдысқа қотарады да, күншуаққа қойып ұйытады. Ертеңіне ұйыған айранды Болаттың анасы дестелеп тіккен дорбаға құйып, өреге бауынан байлап іліп қояды. Сары суы дорбадағы иненің көзіндей саңлауларынан ағып сорғиды да, айран қатыққа айналады. Содан кейін Қанат пен Болат анасына болысып үшеулеп құрт жасауға кіріседі. Бірінші күні мұның бәрін бақылаған Ермек те келесі күннен шаруаға қосылды. Алақанына уыстап қатықты салады да, умаждап қысып сопақша, ал кейде дөңгелектей қалыпқа келтіріп табаққа тізеді. Осы қауырт жұмыстың барлығын атқарып, таңғы асқа отырады.
Үйдің отағасы Бекен ағаның еңбекқорлығына да тәнті. Түнге қарай жылқы күзетіне кетеді, таңға жуық келеді. Бірер сағат көз шырымын алып, ауқатын ішкен соң қотандағы отар қойды тауды бөктерлей өргізіп әкетеді.
Бие байлау, екі сағат сайын сауымға шығу үйдегі үш баланың еншісінде. Ең әуелі асау құлынды шалма лақтырып, құрық салып ұстаудың әсері өзгеше. Ермек шалма лақтыруды өзінен екі жас кіші Қанаттан үйренді. Қағілез бала жіптен есілген арқанды құлашын жаза доғал етіп жинап алақанына уыстай қысып алады. Сөйтеді де, енесінің бауырына тығыла қашқан қашаған құлындарға лақтырады. Мойнына шалма түсіп, тулаған құлынды Болат құлағынан бұрап біраз «тәртіпке салады».
– Жылқының жанды жері осы құлағы, – дейді Болат Ермекке. – Қос құлағының түбінен бұрай қыссаң, небір шу асауларың тырп ете алмайды.
– Құлыны мұндай шақар, енесі де асау шығар, – дейді Ермек бұғалыққа көнгісі келмей қарсылық танытқан жануарға қарап.
– Күнделеп сауып, үйретеміз, биыл сауынды үйірге дөнежін шығар үш бас бие қосылды. Бірінші тума болғандықтан, сауымға үйреттік. Десе де сақтықта қорлық жоқ, әлі бірнеше күн күнделеп саумасақ, жас биелердің мінезі шадыр, асау – деді.
– Өзің жуасытып, сауымға үйреттің бе? – Көзі шарасынан шыға таңырқаған Ермек бөлесінің батылдығына таңданды.
– Жоға, құрық тимеген шу асау бие бізді баласынып, маңына жуытпайды. Әкем бірнеше күн өзі сауып иліктірді. Әйтпесе қайда бізде ондай жүректілік.
– Берік жаңа күнделеп сауамыз дедің ғой. Сонда қалай, биені жығып сауасыңдар ма?
– Өй сен де, бәрін білгің келеді, ә. – Бөлесінің ынтызарлығына жымиған Болат түсіндіріп жатыр.
– Күнделегенде арқанды биенің мойнынан омырау тұсына таман күрмеп байлаймыз. Арқанның бір ұшын артқы сол жақ аяғының шашасынан іліп алып мойнындағы сақиналанып оралған арқанға таңылады. Сонда жылқы тебе алмайды, орнынан қозғалмай тырп етпей тұрады. – Ермек бірнеше күннен кейін биені күнделеуді өзі де үйреніп алды. Аса қиын емес екен.
Таңғы асты ішіп алып үшеуі бірінші бие сауымның сүтін әкеліп пісудің қамына кіріседі. Биені сауатын – Болат, Ермек пен Қанат жанындағы көмекшісі іспетті. Бойы сидам, екеуінен де ұзын ол бір тізерлеп отыра қалып сауғанда қимылына көз ілеспейді. «Құрау-құрау» деп дауыстап иітеді де, тізесіне қондырған шелегіне биенің сүтін сарқа сауып алады. Ақ көбігі көтеріле уылжыған саумалдың демін бастырады. Содан кейін анасы күбіні үйден алып шығып жылқының іш майымен сылап майлайды да, қарағайдың қураған бүрін тұтатып, түтінімен күбіні ыстайды. Ермек ысталған дәмді қымыздың қалай әзірленетінін сол кезде ұғынды. Көк түтін май сіңген күбінің ішін тұтып сүт пісірім уақыт тұрады. Орнына теңшеп қойған соң алдымен қымыздың түннен қалған түнемел ашықты қорын құяды. Оның үстіне еселеп жаңа сауылған бие сүті саумалды қотарып, қақпағын жабады да, піспекпен піседі. Алдымен Қанат өзі бастап жүзге дейін санап, қос қолына алма-кезек алмастырып піседі. Екінші кезек Ермектікі, жүз бір деп бастайды да, екі жүзге дейін санап тоқтайды. Екі иығы ауырып, қолының қары талып кәдімгідей ауырсынады. Болат болса, мұндайға әбден үйренісіп, шыныққан. Оған еш ауырлық түспейді. Иығымен киіз үйдің керегесіне сүйеніп алады да піспектей жөнеледі. Осылай үшеуі кезектесіп пісіп, мыңға дейін санағаннан кейін қақпағын ашып, күбінің ортан беліне жете шөпілдеп көпіршіген қымызды ожаумен алып кесеге аударып, жағалай дәмін көреді. Жуас қымыз жұтынғанда тамағыңды қырнамайды.
Жайлаудың қызығы екі күннің бірінде келетін қонақтар. Бекен ағаның достары, ауылдастары көбінесе қымыз ішіп,шөл басу үшін ат басын бұрады. Ара-тұра шетелдік туристер де бұл үйге соқпай кетпейді. Бірде ағылшын отбасы қыдырыстап келді. Мұздықтары жаздың аптабында да ерімейтін асқар таудың асқақ шыңдарына ілінген бұлт лезде аспанды бүркеп алады. Іле жадырап шыққан күннің көзі көлегейленіп, төңірек түнере түседі. Аспанды тіле жасын ойнап, күн күркірейді де, тамшылаған жаңбыр жиілеп, қас қағым сәтте нөсерлетіп ала жөнеледі. Бұл жайлаудың үйреншікті «мінезі». Қонақтардың бағы бар екен, жаңбыр жаумай киіз үйге кіріп, төрге жайғасып алды. Өздері үшеу. Әкесінің есімі – Майкл, анасы өзін Кэтрин деп таныстырды. Қанат құралпы бала Брайан екен. Ауылға келген туристерді мектептегі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ертай ағай мен ауыл әкімі Марат аға жол бастап ертіп келіпті.
– Беке, – деді ауыл әкімі қымызды қомағайлана сімірген соң тамсана отырып. – Елімізге туристердің келгені жақсы, табыс түседі. Бұлар өздері ақсүйектер емес пе. Тұмса табиғатты тамашаласақ деген ниетін білдірді. Бірден сіз жайлап отырған Сарықырдың құйқалы құба жондары есіме түсті. Тілмашымыз – ағылшын пәнінің мұғалімі Ерекең. Жалпы тіл оқыған жөн бе деймін, тіпті қажет екен. Құдды бір мақау секілдіміз, бұлар шүлдірлейді мен түсінбеймін, – деді кеңкілдей күліп.
– Келген қадамдары оңынан болғай. Сонымен айтар бұйымтайыңыз, – деді сөзге сараң үй иесі.
– Бұйымтай болғанда Беке, осы туристер сіздің үйде бір қонып, ертең асықпай жайлауды аралап тынығып қайтса деп едік.
– Демалушыларға деп арнайы тіккен алты қанат ақбоз үйге жайғассын, балалар керек-жарағын жеткізіп береді, – деді. Ертең түс ауа айтып келетінін айтқан ауыл әкімі мен мұғалім көлікке отырып аттанып кетті.
Бұзауларды суаттың басынан айдап келу бүгін Ермекке тиесілі еді. Алыстан көз салған ол есік алдында бір топ адамның тұрғанын көріп, тездете жету үшін атын тебінді. Төбе басынан Болат та қол бұлғап шақырып жатыр. «Ата-анам келді ме екен, қалаға ертіп кетеміз десе қайтемін, тағы бірер апта болғаным дұрыс еді. Не де болса бара көрейін» деді күбірлей сөйлеп.
– Ермек, тезірек кел, – деді дауыстай айғайлаған Болат. – Мама ағашқа шылбырды күрмеп байлап, үйге келгенде байыптады, келген қонақ ата-анасы емес, бейтаныс кісілер екен
– Балам, ағылшын тілін білсең туристерді анау ақбоз үйге жайғастырайық, ерсоқты болып жолдан шаршаған болар, – деді Бекен аға.
– Мен самаурынды қайнатып, шәй демдеп жіберейін, содан кейін де тынығады, – деген Болат пен Қанаттың анасы асыға басып үйге кіріп кетті.
Ағылшын тілінен қосымшаға барып, тәп-тәуір меңгергені мұндай жақсы болар ма. Ойын тиянақтап, еркін жеткізе алатын деңгейде. Жайлаудағы мына жүздесу Ермекке таптырмас тәжірибе болды. Екі жақтың әңгімесін аударып, шүйіркелестіріп отыр. Ол Алдымен Ақсананы таныстырып, Болат пен Қанаттың анасы екенін айтты. Өзі қалада оқитынын құлағдар етті. Жайлаудың өмір салтынан қысқаша хабардар етті. Болат пен Қанаттың сауалдарын ағылшынша аударып қонақтарға бағыттайды. Кэтрин әңгімешіл боп шықты. Майкл болса, қымызға бойы балбырап, керегеде ілулі тұрған сегіз өрім, бұзаутіс қамшыны қолына алып қызықтап отыр. «Мынау тисе, оңдырмай осып түсетін шығар» дегендей аударып-төңкеріп қарайды. Брайан да анасына тартқан екен, ашық-жарқын. Бұларды жатырқамай әр нәрсені сұрап, таңдана түседі. Әр сауалына айтылған жауапты тыңдағанда қой көздерін аударып таңырқайды. Нұрлы жүзі одан бетер ажарланып шыға келеді.
Дастарқан үстіндегі ірімшіктен бір кесегін сындырып алған Кэтрин аузына салып тамсана шайнады. Мұның қалай жасалатынын сұрады. Ермек қонақтың сауалын қазақшаға аударып берді.
– Сүтті ашытып, ашыған айранды қазанға қайнатады. Дамылсыз араластырғанда ірімшігі сары судан бөлінеді. Содан соң қайнаған айранның бетіне қалқып шыққан ірімшікті сүзіп алады. Алақанмен қысып түрлі пішінге келтіріп өреге жайып кептіреді. Осындай қызу жұмыстан кейін ғана ірімшік әзірленеді. Ет пісірім уақыт жұмсаймыз, – деді Ақсана Кэтринді байырғы құрбысындай жақын тарта сөйлеп. Қонақ күтіп әбден төселген ол меймандардың алдына қарай бауырсақтың бес-алтауын аунатып жақындатты.
– Шәй ішіңіздер, қымыздан алыңыздар, жуас ашыған сусын. Ой, менде де ес жоқ, бұлар қазақша түсінетіндей самбырлап отырмын. Ағылшынша аударып жеткіз менің айтқанымды, Ермекжан, – деді Ақсана күліп.
– Нағашы әпке, ет пісірім деген қанша сағат? – Ермек еңкейіп сыбырлап жатыр, өзі қызарақтап ұялып та тұр. Бірақ қонақтар қазақша түсінбейтінін есіне алып сыр білдірмеді.
– Үш сағаттан аса уақытымызды сарқимыз, – деді кеседегі шәйін ұрттаған Ақсана. Ермектің аудармасынан кейін Кэтрин басын шайқап, таңданысын білдірді.
– Жеңіл шаруа емес әрине.
Қонақтар ас қайырып, тысқа шыққанда өткінші жаңбыр сейіліп, тау бөктеріне сақиналанып кемпірқосақ ілінді. Төңірекке тамсана көз салып, Кэтрин фотоаппаратына суретке түсірді. Жаңбыр сызының салқын самалынан үйден шыққандар тоңази бастады. Қонақтар мұны елейтін де емес. Есік алдына қаулай өскен түйежапыраққа ілінген жаңбыр тамшылары майда самалдан дірілдей үзіле жерге құлайды. Таудың шыңына қарай түрілген бұлт құдды мойынға ораған шәлі секілді. Жайлаудың ауа-райына үйренісу оңайға соқпайды. Шіліңгір шілденің ми қайнатар ыстығын басуға асыққандай бүркіп өтетін жаңбырдың арты қарға айналатындай салқын тартып сазара түседі кейде. Бүгін де солай төңірек түнеріп, күздің ерте келетінінен хабар бергендей. Аспанды торлай буып тұрған бұлт бүркіп өткеннен кейін күн көзі де кіртие көрінді. Ағылшындар жайлаудың салқынынан үріккендей бүрісіп, қалың киімдерін қымтана киіп алыпты.
Түнемел қымыз Майклдың буынына түсіп кеткен болуы керек, мең-зең күйде киіз үйдің сыртында қабырғаға сүйеніп тұр. Ермек меймандарға енді төңіректі таныстырды. Босағадан алдымен қолына ұстаған шелегі көрінген Болат бие сауым мезеті кіргенін айтты. Кэтрин баласы Брайан екеуі сауыншыларға ілесіп, желі басына келді. Артынша Майкл да жетті. Болат өзінің шеберлігін көрсетуге ұмтылып, күнделікті сауымдағыдай емес, ширақ қимылдап жүр. Жаңбырдан кейінгі тымық ауаның салқын самалы түре қуып тастағандықтан сона, бүрге, бөгелек атымен жоқ. Биелер де шыбындамай алаңсыз тұр. Қанат мама ағашта байлаулы тұрған торы қасқа дөненіне тоқым салды да ырғып мінді. Қос өкпесінен тебініп, тізгінін сілкіп-сілкіп жіберді. Жаңбырдан кейін тоңазып тұрған жүйрігі шаба жөнелді. Желі басынан шығандап ұзай жайылып кеткен биелерді қайырып, бұларға қарай жақындатты. Мына көрініске Майкл көзі шарасынан шығардай таңырқай назар салды. Ермекке қарап, Қанаттың тақымы мықты екенін мақтай жөнелді. Брайан да Дарем қаласындағы ат фермасындағы үйірмеге жазылғанын айтты. Бірақ әлі жүрексініп, жеке өзі міне алмай жүргеніне көңілі толмайтынын аңғартқандай даусы бәсең шықты. Қанат торы қасқа дөненің шоқтығына тас кенедей жабысып алған. Өрге жүргенде жалынан уыстап ұстап нық отырады. Еңіске ылдилағанда да тақымы қозғалмайды. Кэтрин де Брайанның жайлауда жылқы қайырып жүрген құрдасы Қанаттың сондай епті, шымыр екеніне таңдана қарайды.
Майкл желігі ұстады ма, әлде баласының намысын қамшылайын деді ме, Ермекке жақындай атқа мінгісі келетінін жеткізді. Құдайы қонақты әрдайым құрметтеп, аттандыруға машықтанған Қанат көңілін жыққан жоқ. Атынан сырғып түсті де, тізгінді мейманға ұстатты. Бұрын-соңды атқа жайдақ мінбепті. Тек жуас, көнбіс аттарды ерттеп алып тізгіндейді екен. Ермек қолтығынан демеп, аяғынан көтеріп қондырды. Тізгінді қолына алып тебініп қалып еді, еті қызып тыпыршып тұрған арғымақ ытырыла жөнелді. Мұндай оқыс қимылды күтпеген Брайанның әкесі ауып түсті. Жуас жылқы үріккен жоқ, әрірек тоқтап, пысқырына қарады. Осқырынып, қонақтың бос тақым екеніне кейігендей. Қайта шынтағын тірей құлаған екен, еш жері ауырмады. Смартфонының камерасына таспалап тұрған Кэтрин сықылықтай күліп жатыр. Ермек те езу тартты. Бірақ сол сәтте өзінің де жайлауға келгенінде жайдақ аттан талай мәрте құлағаны есіне түсіп, қызарақтап кетті.
Желі басындағы биелердің күнделікті бес мәрте сауылатынын естіген қонақтар қаршадай балалардың еңбегіне тәнті екенін аңғартқандай басын шайқады. «Атқа ертоқым салмай жайдақ мінген сен батыл екенсің» дегенді аңғартып Майкл Қанатты қаусыра құшақтай қысып, маңдайынан сипады.
Болат үйге кіріп саумалды аз-кем демін алдырып, тындырған соң күбіге құйды. Сөйтіп үшеуі алма-кезек пісуге кірісті. Орталарына қонақ баланы да қосты. Бірақ ол елуге дейін санап піспектеді де, шаршағанын айтты. «Сен мұндай жұмыс істеп үйренбегенсің» деп кейіген анасының сөзін Ермек Болат пен Қанатқа аударып үшеуі мәз болысты.
Англияның Дарем қаласынан келген қонақтар ертесінде күн еңкейіп, ұясына қонақтауға таяғанда қоштасып, жол бастаушы ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ертай ағаның көлігіне отырмаққа қамданды. Болат пен Қанат төсектің астындағы ұраны ашып дорбадағы құртты көтеріп әкелді. Анасы Ақсана қоймада салқында сақталған сары майды да дастарқанға қойып, таразыға тартып, салмағын өлшеді. Ортадағы тілмәш Ермек құрт пен майдың бағасын айтып еді Кэтрин ішегін тарта таңырқады. «Қап, бағасын сәл төмендеу айтуым керек еді, қымбатсынып тұр ма?» деді ішінен қысылып. Қымыздың литрін неше теңгеден сататынын да білді. Бірақ әуежайдан сұйық тағам өткізбейтіндіктен тек құрт сатып алды. Сары майға да ерекше ықыластықпен қызықты. «Күн ыстықта еріп кетсе» деп тәуекел етпеді.
– Сіз әзірлеген құртты Англиядағы туыстарымызға, құрбыларыма да беремін. Мені таңдандырғаны бағасы тым арзан екен, таң атқаннан қас қарайғанша еңбек етіп жинаған құрт пен майды неге қымбатқа сатпайсыз? – дегенін Ермек қазақшаға аударды.
– Қымбатқа сатсақ қанеки, байып шыға келмейміз бе? – деді Ақсана әңгімесін әзілге сүйеп. – Бізден де басқа мал бағатын адамдар сүт өнімдерін саудалайды. Бағаны қымбаттатқанмен алушыдан сұраныс төмендейді, – деді мән-жайды ұғындырып. Сатып алушылардың да қалтасына ауырлық әкелмеуі керек екенін де қосты. Дүниеге құныққан адамның ар, ұяты әлсірейтінін жеткізді. Дейтұрғанмен де жайлауда өткізген екі айдан аса уақытта әзірлеген құрт, май, ірімшік, қымыздан түскен табыспен-ақ балалардың мектепке қажетті құрал-жабдығы, киімдеріне жеткілікті екенін де ұмытпады. Ағылшындар бұл үйден көп жайтқа таңданып, еңбекқор отбасының шаруасына разылығын айтып аттанды.
Жайлаудағылардың демалысы да өзгеше. Бұлар кей күндері өздері бастықтырып үйреткен тайларын жүгендеп мініп алады да, сауым арасында көрші қонған малды ауылға қыдырыстап барады. Өздері құралпы балалармен тегістеу жерде доп ойнайды. Кей күндері сойылған ешкінің терісін тулақ етіп көкпар тартады. Алғашында асаулығы әлі де бастыға қоймаған тайлар тулақтан үріп, жалт бергенде бос тақым балалар ауып түседі. Ермек де бірнеше мәрте омақаса құлады. Намысқа тырысып жүріп жығылмайтын болды. Өзінен кіші Қанаттың жылқыны жайдақ мінгені Ермектің намысын қайрай түсті. Өзін өзі іштей қайрап, қорқынышын да сейілтті. Бір-екі рет құлаған соң бұған да еті үйреніп, бойында сенімділік нығайды. Мұнда келгелі көп жайтқа қанықты. Жұмыс істеп өзі де шынықты. Қалада жаздың күндері ыстықтың әсерінен бе, тамаққа көңілі көп соға бермейтін. Жайлауда керісінше, тәбеті де ашылып, кейде тым ашқарақтанып кетеді. Алғашында ептеп қысылып жүрді. Қарны ашса, күбідегі қымыздан көсіп алады да рахаттана сіміреді. Нағыз сусын. Қол күшін сарқа жұмсап әзірленетіндіктен де шығар, өте дәмді. Буыныңды босатып, балбыратып ұйқыға да тартады.
Күзге салым Болат пен Қанаттың әкесі жайлауға келген мал сатып алушыларға үш бас жылқы, екі сиыр, он шақты қой-ешкісін саудалады. Қолтығына қысқан дорбадағы қомақты қаржыны кешкі астан кейін дастарқан үстіне шығарып барлығы алқа-қотан отырып санады. Екі айдай мерзім өздеріне қолғабыс еткен Ермекке де қомақты ақшаны ұстатты.
– Еңбегіңнің жемісі бұл, Ермек, – деген Бекен ағасы. – Сен жайлауға қыдырып келгеніңмен, бізге қолғанат болып, тәп-тәуір көмектестің, – деп алғысын жаудырды. – Келесі жылы да келсең жақсы болар еді.
– Әрине, келемін, – деді мұндай сияпат берілетінін күтпеген Ермектің жүзі бал-бұл жанып.
– Менің бұл жиенімнің көп көмегі тиді емес пе. Әсіресе әлгі шетелдік туристер келгенде тілмаш болып біздің арамызда әңгімемізді жарастырды. Туристер де көңілді аттанды. Өздері мәрт-ақ екен. Құртымызды да дорбалап сатып алды. Ермектің ағылшын тілін еркін білгені мұндай жақсы болар ма? Сондықтан отағасы, жиеніме қанша ақша берсең де көптік етпейді – деді қасын керіп, көзін қысты Ақсана.
– Біз де ағылшын тілін үйренуге күш саламыз, – Болат нық сөйлеп отыр. – тіл білген адамның өрісің кеңейе түседі. Қонақтарға көп нәрсені айтқым-ақ келді, бірақ ағылшынша сөйлей алмағандықтан жеткізе алмадым, – деді кейіп.
Бекен аға өзінің көлігімен үшеуін Алматыға алып келді. Болат пен Қанат жаңа оқу жылына қажетті заттарын, киімдерін алды. Анасына да сыйлықты ұмытқан жоқ. Күн көзінен қуат алып, өздігінен жүретін велосипедке Қанат қызығып еді, әкесі қарсы болмай, қуаттай түсті.
– Анаң екеумізге биыл жазда үшеуің де қолғанат болдыңдар. Қолымыз ұзарып, өнімді еңбек еттік. Әрдайым маңдай тердің өтеуі болуы керек. Ала ғой, – деді кенже ұлының маңдайынан сипап. Бекен ағаның жомарттығына Ермек те қуанды. Қаладағы Қанат құралпы балалардың аулада ойнап жүріп кейде ата-анасы дүкенге жұмсаса әрең баратынын ойлады. Өзі үйдің еркесі болғанымен, тым қағылез. Ата-анасына болысып, жаздай шаруадан босаған емес. Әрі оған уәж де айтып, кейімейді. Болат пен Қанаттың еңбекпен есейіп келе жатқанын ойлаған Ермек қысылды. Өзінің ара-тұра үйде еркелігі ұстайтын сәттері есіне түссе, ұялып кетеді. Болат өзін тым ересек ұстайды. Ермек екеуі соңғы үлгідегі смартфонды сатып алды. Екеуінің алған затының түсі де бірдей: шымқай қара. Әкесі де ұрыспайды енді. Сынған смартфонының орнына жаңасын өзінің еңбегімен тапқан ақшаға сатып алды. Аялай сипап, алақанына қыса түседі.
Жазғы каникулды жайлауда өткеріп қалаға келген Ермек Брайанмен әлеуметтік желі арқылы таныстығын арттырды. Ара-тұра хат жазысып, жағдайын сұрасады. Ағылшын досы да еліне барған соң көп өтпей әлеуметтік желідегі парақшасына жайлауда түскен фотоларын жариялады. Тау етегіндегі малды ауылға барғандарын мазмұндап шағын мәтін де қосыпты. Қазақстаннан жаңа достар тапқанын да ұмыт қалдырмапты. Ағылшын замандасы Сарықыр жайлауында бір күн еру болып барып, көп жайтқа қаныққанын баяндапты. Жүктеген суреттерінде жайлаудың тамаша табиғаты анық көрініп, көзді қызықтыра түседі. «Біз Қазақстанда табиғаты көркем жерлерін араладық. Әсіресе өзім құралпы замандастарымыздың еңбекқорлығы тәнті етті. Олар жазғы демалысында ата-анасына қолғабыс етіп, мектепке қажетті құралдары мен киімдерін сатып алуға ақша жинайды. Бізбен құралпы жеткіншектің өзі атқа жайдақ міне алады» дегенін оқығанда Ермектің бойын ерекше мақтаныш сезімі билей жөнелді. «Болат пен Қанатқа аудармасын жолдайын» деді.
***
Жаңа оқу жылының алғашқы аптасында қазақ әдебиеті пәнінен педагог Дархан ағай оқушыларға шығарма жаздырды. Тақтада екі тақырып: «Жазғы каникулда есте қалған ерекше сәт», екіншісі – «Ерекше құрметке ие еңбек адамы». 8-сынып оқушылары еркін көсіліп, көпшілігі жазғы каникулды қалай өткергені жайында толғанып, алды ақ қағазды қаламымен шиырлаудың қамына кіріскен.
– Кейіпкер қалалық болғаны дұрыс па, ағай?
– Әлде өзіміз күнде көріп жүрген еңбек адамы туралы жазғанымыз нанымды болар?
– Екі тақырыптың біреуін таңдап жазсақ жарай ма? – Оқушылар жамырай сұрап, сынып ішін у-шу кернеп кетті. Дархан ағай бордың ұнтағы сіңген қос алақанын біріне бірін сүйкей қақты да, ту сыртына бұрылды.
– Неге болмасын, екі тақырыпты да қарымымыз жетеді деп қамти алсаңдар тіпті жақсы. Еңбек адамы деп кімді құрмет тұтасыңдар? Таңмен таласа тұрып аула мен көшенің иегін сыпырып, сынық ағаш тастамай тазалайтын қызметкерлер де нағыз еңбек адамдары. Егер жазғы каникулда өздерің де осындай маңдайын күн сүйген жандарға қолғабыс еткендеріңді де суреттеп жазсаңдар керемет шығарма туары сөзсіз. Еңбек адамы ауылда да тұрады. Олардың күнделікті атқаратын шаруасы шаш етектен. Және оған ешуақытта шағым айтып, шаршаған емес, – деген мұғалімнің сөзінен кейін оқушылар демін ішіне алып, сыныпты тыныштық жайлады.
Ермектің ойы сан тарапты шарлап кетті. Қызықты қай оқиғаны жазғаны жөн. Биыл алғаш рет ауылдағы туыстарының жайлауына барды. Жазғы демалысының екі айға жуық мерзімін дала төсінде, таудың бөктеріндегі жайлауда өткізді. Өзінің қол еңбегіне деп Бекен аға берген қомақты қаражатқа сатып алған смартфонынан уақытты қараған. Қоңырау соғылғанға дейін әлі жарты сағат бар екен. Қазақ әдебиеті пәні сабағында шығарма жазу кезінде жайлауда өткерген екі айдағы оқиғаларды ой елегіне түсірді. Расында бұл шаңырақтың Бекен аға бастаған мүшелері өте еңбекқор. Таң алакеуімнен оянып сиыр сауып, бие байлап, сүт тарту. Бұзауларды өріске айдап, қотандағы отар қойды өргізу. Түнде жылқы күзетіне шығу. Таудың қия беткейіне жалғыз аяқ сүрлеу жолмен өрлеп барып, жел жығып, қураған қарағайдың қу бұтағын жинап үйге тасымалдау сынды шаруаға да көп қажыр-қайрат қажет-ақ. Өзінің де ала жаздай тек қыдырып қана қоймай табыс тапқанын да қосты шығармасына. Нағыз еңбек адамдары екенін барында баяндады. Өзі де болашақта ағылшын тілін тереңдей меңгеріп, елге шетелдік туристерді тартатын компания ашқысы келетінін де жазды. «Қолымдағы смартфонды өзім сатып алғаным үшін ата-анам ерекше қуанды» деп аяқтады жазбасын.