Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Балаларды жұмыспен қамту орталығы
273
оқылды

Автор: Қараңғы

 

(фэнтези)

Білімді болуға оқу керек.

Бай болуға кәсіп керек. 

Күшті болуға бірлік керек. 

Осы керектердің жолында 

жұмыс істеу керек.

– Ахмет Байтұрсынұлы

 

Бізге балалықтың дәмін таттырып, өздері бейнеттен көз ашпаса да, өмірдің ыстық-суығын сездірмеген ата-аналарға алғыс айтамын. 

Балалар жұмыс істемеуі керек! Не сұмдық мынау?! Мұны ойлап тапқан мұғалімді дереу жұмыстан шығару керек,-дейді шегір көзді ата-ана. 

Бұл үшінші сынып оқитын Ержанның анасы болатын. Ұлының асханада тамақ тасып жүргенін естіген сәттен бастап мектеп басшылығына, одан қалса ауыл әкімшілігіне барып осы дау-дамайды бастағандардың алдыңғы шебінде жүргендердің бірі.

– Жай шығара салмай, сөгіс жариялап, басқалар үлгі алатындай қатаң түрде жазалау керек!! Онсызда өскен соң өмірінің соңына дейін жұмыс істейді ғой, – дейді қалың қасты әке.

Бұл жеті оқитын Нұргүл, Жангүл есімді егіз қыздардың әкесі. Ол сөйлеген кезде қастары желбіреп көзіне түсіп одан сайын ызаландыра түсуде. Әкейдің кіммен алысып жатқандығын түсіну қиынырақ болатын.

– Сабыр етіңіздер... Тынышталыңыздар... – дейді оқу ісінің меңгерушісі Гүлзат апай шіңкілдей. 

Оның даусы неге бұлай жіңішкеріп қалғанын әріптестері жақсы түсінетін. Бірақ Гүлзаттың жалынышты үнін ешқашан естімеген мұғалімдер қабылдай алмай қайта-қайта таңырқаныстарын жасыруға мүмкіндіктері болмай жатты. Гүлзаттың осы жағдайға негізі қуанып жүргенін мектеп директоры Сәулежан апай ғана білетін. Десе де, директор әліптің артын бағып қана, өзіне мына қырғынның түк қатысы жоқтай, көрермен болып отырды.

– Балалық шақ – тұлғаның психологиялық, эмоциялық және физикалық дамуының ең нәзік кезеңі.

– Мам! Мен өзім жұмыс істеймін деп айттым дедім ғой сізге!!

– Әкешім, жүрші шығайықшы! ӘКЕ!

– Баланың негізгі міндеті – оқу және даму болуы қажет. Ең тәтті өмірлік кезеңін ұрлап сендер де оңбайды екенсіңдер. Мына рұқсат берген басшылықты айтам!!

– Біз жұмыс істейміз!! Онда маған ай сайын осынша ақы төлеп тұрыңдар.

– Егер БЖҚО-ны жапсаңыздар мен оқымаймын. ОҚЫМАЙМЫН!!

– Тыныш!!! ТЫНЫШ!

– Құрметті ата-аналар, орындарыңызға жайғасыңыздар!!

– Оқушылар залдан шығыңыздар! Бұл ата-аналар жиналысы. Сіздерге бұл жерге кіруге...Ринат!!! Қазір қолыңдағыны лақтырсаң полицияға беріп жіберемін. Оқушылар сіздерге бұл жерге кіруге рұқсат жоқ! Шығыңыздар!! Шық бәрің!!

Қарағым, оқырманым, мұнда болып жатқан айқай-шудан алысқа кетейікші. Саған басынан бастап не болғанын жақсылап түсіндіріп берейін. Тіке жүре берсең, акт залынан қызыл дәлізге шығасың, дәліздің соңы тұп-тура сыртқы есікке апарады. Міне, мына сәулеті келіскен, әдемі мектепті көрдің бе? Осы мектеп жеті ай бұрын жындыханаға ұқсайтын, айналасы қоқыс толы, ауласына мал келіп жайылып жүре беретін қараусыз орын болғанына сенесің бе? Осының бәрі оқушылардың қолымен жасалған еңбек еді. Сегізінші сынып оқушыларына «БЖҚО – Балаларды жұмыспен қамту орталығын» ашу идеясын ұсынған Сезім ұстаз қазірде қаладағы полиция бөлімшесінде тергеуде отыр. Мә, ұста, мынау уақытты кері айналдыратын сағат. Шетіндегі тетігін теріс бұрып, сағаттың тілін кері айналдырсаң, сәуірден қыркүйекке секіреміз. Ойбайй!! Бұл қыс сияқты ғой. Әне ұлдар қар күреп жүр. Мықтап менен ұстап ал. Бізге керегі қыркүйек. Міне, айттым ғой, жөндеу көрмегеніне ғасыр болған сияқты...Жүр, қайта мектепке кірейік.

Күз. Күңгірт ауа-райы. Қарғалардың даусы. Шырмауық қаптаған ескі ғимарат. Психолог-педагогтың кабинетінде әлеуметтік педагог Нағима, ағылшын тілінің мұғалімі Сезім осы күздей көңіл-күйден жұрдай болып шай ішіп отырған. Оның себебі мектепке бөлінген қаржының балаларға ыстық тамаққа жетпейтіндігі. Оқушылардың көпшілігі қиналғаннан, күн көрістің қамынан, ата-аналарының тапқаны тым аз болғандығынан егістікке ерте жұмысқа шығып кететін. Бүгін тағы да Сезімді оқу ісінің меңгерушісі шақырып алып:

– Оқушыларға еге бола алмайсыз ба сонда? Сабаққа келсе ұйықтап отырады, келмесе алқапта төбелес шығарады. Сабақ уақытында жетеуі жоқ! Оларға мектеп мойнымен жауап беретінін білесіз бе өзіңіз?! Балалар сіздің жас екеніңізге кінәлі емес. Жетекшілік жұмысыңызды дұрыстап атқарыңыз,- деп ұрысқан.

Сезім ауыл квотасымен мына шалғайға келгелі бері бір күн болсын өзін бақытты сезінген жоқ еді. Ол ата-анасының көңілін ойлап, грант үшін таңдай салған осы жұмысты, түзде, елден жырақта атқарамын деп мектеп бітірген шағында толықтай түсінбеген. Төрт жылын баға үшін тартыспен өткізіп, өз қатары секілді сауық құрмай, дәрістерді сүйегіне дейін мүжумен талай ұйқысыз таң атырғанда жеткені осы болғанына қатты қапаланатын. Өзіндей үздік оқыған құрдастары шетелде жұмыс істеп жүрсе, бұл ит байласа тұрмайтын жерде ағылшынды оқытпақшы. 

Сыныбына ашулана кіріп келгенінде «тарих сабағы» болып жатыр екен. Болып жатыр деген аты ғана. Ағай өзінің студент шақтарын айтып, қыздармен әңгімелесіп отыр. Енді бой жетіп келе жатқан қыздарға жас ағайдың бос сөздері қалай әсер етуші еді өзі. Алдыңғы қатардағылары роман тыңдап отырғандай балқып отыр екен. Ұлдар артқы қатарда өздерімен өздері әңгіме-дүкен құруда. 

– Қайырлы күн, Жомарт ағай. Айып етпесеңіз сыныбыммен оңаша қалайын. Қоңырауға он-ақ минут қалыпты ғой,- Сезімнің зілді даусынан шошып кеткен тарих пәнінің мұғалімі заттарын жиып «сау болыңдар» деп шығып кетті. 

Жаңа ғана жайбырақат отырған жасөспірімдер партадан аяқтарын алып, түзуленіп дұрыстап отыра қалды. Қазір бір ұрыс болатыны анық. Есікті жапшы. Бізге оны естіп не керегі бар. Дәлізде күте тұрайық. Сезім апай әр сабақтан қашқандарды тұрғызып қойып тергеуге алатыны бар. Бұл жолы жаппай сыныпқа өкпелеп жан даусы шығып айқайлай бастады. Тіпті сыртта тұрып та іштегі жағдайдың сұмдық екенін сезуге болады. Қоңырау орнына домбыра үні қойылғалы бері әр қырық бес минутта «Адай» күйі ойнайтын. Күй аяқталса бұларда басқа сабақ жоқ. Үйді-үйге тарап кетеді. Ал Сезім апай әлі балаларды жұмыспен қамту орталығы жайлы идеяны айтқан жоқ. Қап, не істесек болады? Сен бүйтші, жарқыным. Оқырман болсаң да жұмсайын. Қазір мына құлаққапты киіп, кабинетке кіріп бар да Сезімнің құлағына «БЖҚО» деп сыбырлап қайта жүгіріп шық. Қорықпа, мына құлаққап – сиқырлы. Оны кисең сені ешкім көрмейді. Жарайсың, ендігі Сезім апай бірден жағдайды қолына алып:

– А, иә. Ақыры жұмыс істегілерің келеді екен. Менде мынадай идея болған «Балаларды жұмыспен қамту орталығын» ашайық. Мектептің іші мен сыртында бір-екі сағат жұмыс істеңдер. Болашақта өздеріңе де өмірлік тәжірибе болады, – деді. 

– Айтпағыңыз, ерікті болу ма?

– Жоқ, кәдімгідей ақша береміз. Мектепте жыл сайын қайырымдылық қоры болады. Директордан оның жинайтын қаржысын сендерге жалақы ретінде берілсе деп сұрап аламыз, - бұл сөзге терезеге телміріп отырған Олжас пен Мирас елең ете қалды. Заттарын буып-түйіп, кабинеттен атып шығуға дайындалып отырған қыздар да мұғалімнің бетіне өтірік емес пе екен деп зерлеп қарай бастады. 

– Мысалы, қандай жұмыстар? Парта сүрту ма? – деген Мирастың бүйірін Олжас түртіп қалды.

– Жоқ, кәдімгі жұмыстар. Репетиторлық, кітапхана кітаптарын реттеу, асханаға көмектесу, мектеп ауласын тазалау тағысын тағы. Қазір сабақтан соң қалып осыны жасайық десеңдер жұмыстардың тізімін бірге жазып, жоспарын директорға ұсынамыз. Егер келіспейтін болсаңдар, бұдан кейін таңертең үйме-үй жағалап, киіндіріп мектепке ертіп келемін. Мен сөздің адамы екенімді өздерің де жақсы білетін шығарсыңдар. Күнде әке-шешелеріңнің жанжалдасқанын қаласаңдар осылай болады. 

– Алпамыс атына сай батыр тұлғалы, ірі денелі болатын. Жүгіріп барып есіктің алдына тұра қалып:

– Ешкім де шықпайды, апай. Барлығымыз қаламыз. Отырған жерлеріңде отырыңдар, – деді сыныптастарына командирлерше бұйырып, – Жалғастыра беріңіз. Ешкімнің де жылап жатқан баласы жоқ.

– Менде бар. Былай тұр. Сау болыңыз, апай,- деп Әсия Алпамыстың соңғы сөздеріне шамданып, тау тұлғалы сыныптасын шыбын көрмей итеріп шығып кетті. Оқушылардың бәрі Әсияның анасы кішкентайымен үй шаруаларына үлгермейтінін, үйінде майда жеті бауыры осы бір бұғанасы қатпаған қызға қарайтынын білетін. Қыздың әкесі жаз бойы трактордан түспей жұмыс қылса, қыс түссе әркімнің үйіндегі ауыр жұмыстарды жасап талғажау азық табатын. 

Сезім ыңғайсызданып қалса да, осылай болғанын құп көрді. Бірінші мына мәселенің басын ашып алса, кейіннен оған да қолы жететінін сезетін. – Олай болса алғашқы отырысымызды ашық деп жариялаймыз. Біріншіден, «балаларды жұмыспен қамту орталығының» жұмысшыларын сайлауымыз қажет. Олар тек жұмысқа орналастыру, жұмыстың уақытымен әділетті атқарылып жатқанын тексеру, ақы төлеу сияқтылармен айналысады. Екіншіден, әр шешілген мәселені жазып отыратын хатшы керек. 

Осылай «БЖҚО»-ның жұмысы басталып кетті. Қадірменді оқырман, ендігі біз бұл жерден кете берсек болады. Бұлардың әлі бірнеше сағат отыратын түрлері бар. Мен саған өзім жиналыста не айтылғанын қысқаша айтып бере саламын. 

БЖҚО-ның алғашқы жиынында мынадай ережелер бекітілді:

« 1. Он бірінші сыныпты жұмысқа алмаймыз. (Оларға университетке дайындық керек)

2. Әр оқушының жұмысы мен табысы арнайы еңбек дәптеріне жазылады. Онда істеген сағаты, алған ақысы және мұғалімнің ескертуі көрсетіледі.

3. Ақы тек істеген жұмысыңның өнімділігіне байланысты төленеді. Уақытқа байланысты емес. 

4. Алайда жұмыс уақыты бастауыш сынып оқушыларына күніне 1 сағаттан аспауы керек. Орта сынып оқушыларына күніне 2 сағаттан аспауы керек.»

5. Кез келген оқушы өз идеясы бойынша пайдалы жоба ұсына алады.

6. Ешкімді зорлап жұмыс істетуге болмайды. Бәрі ерікті түрде, бірақ міндетті жауапкершілікпен қабылдануы керек.

7. «БЖҚО»-ның жиналыстары аптасына бір рет өткізіледі. Онда есеп беріледі және жаңа идеялар талқыланады.

8. Әр оқушының істеген еңбегі – оның жеке беделі мен абыройына әсер етеді. Тәртіп бұзғандар келесі аптада жұмысқа қабылданбайды.

9. Ең басты қағида: «БЖҚО-да жұмыс – жазалау емес, мүмкіндік».

Мақсат – ақшадан бұрын өз еңбегіңнің нәтижесін көру.

Бізге қазір мектептің артында орналасқан бұрын қойшылардың балалары жатып оқуға ыңғайланып салынған жатақхананың ғимаратына бару керек. Онда бірінші қабатта асхана, екінші қабатта бастауыш сыныптары оқиды, үшінші қабатта өнер кабинеттері және кітапхана бар. Ал осы ғимараттың шатырында жоғары сынып оқушылары жасырын жиналатын орын бар. Аяғыңды тезірек бас, оқырманым. Біз үлгермей қалсақ бейшара баланың обалына қаламыз. Шатырға жақындағанда тұрып қалған судың, тот басқан темір мен шіріп бастаған ағаштың иісі бетіңді өбіп мұрныңа кіргенде еріксіз тыжырынады екенсің. Біз үйдің төбесін үшбұрышты етіп сурет салатынымыздай, шатырдың үсті қиғаштай жабылған. Сондықтан кетік бөренелер арасынан бірең-сараң түсіп тұрған жіңішке күн сәулелері болмаса тас қараңғыда жеткіншектердің бұрқыратып отырған темекілерінің буын байқауға болады. Ендігі жаңағы көгерген иістің орнын темекінің иісі басады. Мұндай шам уақытында соңғы сабақтары бар кей мұғалімдер ғана жүргені болмаса мектеп қараусыз елестер қаптаған үй сияқты.

– Біздің «орындығымыз» қирап қалған сияқты ма?- деді оныншы сынып оқушысы Әсет. 

Ол өзін көтере алмай жерге етпетінен құлап жатқан сыныптасының белін сындыра жаздап, орнынан қайта тұрып бар салмағымен қайта арқасына секіре жалп етіп отырды. Жығылса да қайта тұруға талпынысы сәтсіз болып жатқан Марғұланның үстінен тұратын ойы жоқ Әсеттің қолшоқпары Самғат:

– Аси, біреу кіріп келе жатыр, темекіңді таста, – деді. 

Біз көрінбесек те оқырманым сықырлаған ағаш баспалдақ бәрін жеткізіп барады екен ғой. Бұл сұмпайылардың сазайын беру үшін біраз қорқытсақ жеткілікті. Мысалы, анау бұрышта тұрған жәшікті қимылдатып не болмаса мына бір тақтайды жылжытып сырттан жарық түсірсек қатып кетеді. Күннің соңғы қызыл шапақтары мына тапырық жерге сәл де болсын нұр сыйлады. Енді дұрыс болды. Шатырдың ішін анық көруге болатын екен. Ыбырсыған керексіз заттардың бәрін осының үстіне қоя берген секілді. 

Сыныптасының үстінде хан тағында отырғандай шіренгенін бір пәске қоя тұрып:

– Сага бар тексерш. Тышқан ба бірдеңе жүр ғо мына жақтарда, – деді Әсет.

– Тышқан күн түссін деп тақтайды ашып қоя ма?

– Ей, мисыз. Елестерің де күннен қорқады ғой. Барып қара дейм. 

– Сен де жүрші менімен,- сыныптасы қолын көтеріп ұрмақ болып ұмтылып еді, – Жарайды, онда сен қарап тұр. Ия ма? – деді дірілдей Самғат. 

Ол жәшікке жақындағанында әуеде қалқып өзіне келе жатқан кәмпиттің қағазын көріп айғайлауға үні шықпай тұрған орнында қатып қалды. Ал Әсет досын тастап, шатырдан безіп кетті. Марғұлан ғана мектептегі өмірін тозаққа айналдырған екеуіне не болып жатқанын түсінбей, аңтарылып, аузындағы қанын сүртіп Самғат қарап тұрған жаққа жобалап қарағанында, ол да біз ұстап тұрған кәмпит қағазын көріп, селк етті. Бізге Марғұланның қашып кеткені керек емес, оқырманым. Дереу, Марғұланның төбе шашын үрлеп тұршы, мен барып сотқардың құлағына «Марғұланға тиіспе» деп сыбырлап келейін. 

Күздің жапырағындай дірілдеп тұрған бейшара Самғат даусымнан шошынып сыртқы есікке қалай жетіп, баспалдақтан салдыр-гүлдір домалай түскенін білмей қалды. Қараңғы түсіп қалғандықтан мектеп ауласында отырған күзетшінің соқыр тазысының айдың көмескі жарығына шағылысып қызыл болып жанып тұрғанын көріп талып қалды. Оның іштен атып шығып, өздігінен жын соққандай адамдай жалп етіп ұзыннан құлағанын қарап тұрған Әсет енді мектептен алысқа қашты. Самғат қайта есін жиғанда жоғарыдан төніп тұрған, бет-аузына қан жағылған, солғын көздерімен қарап тұрған Марғұланды көргенінде:

– МАМА!! Мама!!- деп бақыра жөнелді. 

Жанында Марғұлан үнсіз тұрып өзін бүгін расында да әлдебір күшпен қорғалғанын сезінгендей болды. Әне күзетші Ақсай шал келе жатыр. Тағы бір мәселенің басын ашып алдық. Енді директордың кабинетіне барып, сондағы диванда сәл көз шырымын алып алсақ, таңертең Сезім апай БЖҚО-ның құжаттарын алып, осы идея туралы айтуға келгенінде қайта баяндауды жалғастыратын боламыз.

Күн көтерілгені әлдеқашан болса да, бұлттар көлегейлеп әлі таң атпағандай әсер беріп тұр. Оның үстіне ауыл мектебі жүз жыл болған биік қарағаштар, теректер мен емендердің ортасында орналасқан. Біз ұйықтаған кабинеттің терезесінің тұсында алып қарағай өсетін, сондықтан бұл бөлмеге күн сәулесінің түсуі тек тапа тал түсте ғана сирек құбылыс етін. Керіле бермей тұрсаңшы енді, оқырманым, жер тесіп келе жатқан биік өкшелі аяқ киімнің даусы жақындап қалды. Біздің бұл жатыс болмайды. 

Бөлмеге қуыршақтай кішкентай денелі зейнет жасына жақындаған сүйкімді әйел кіріп келді де, басына ораған орамалы мен пальтосын кіреберісте тұрған ілгішке ілді. Артынша Сезім мұғалім кіріп:

– Сәлеметсіз бе, Сәулежан Байшұбарқызы, рұқсат па?

– Қайырлы таң, Сезім ұстаз. Кіріңіз.

– Сәулежан Байшұбарқызы, мен әлеуметтік педагог Нағимадан балаларға түскі асқа қаражат жетпей жатқанын естідім. Әрі оқушылар қазір егістікте ору уақыты болғандықтан көбісі бау-бақшаға астық жинауға кетіп қалып жүр. Сабақтарға қатыспай тезірек ересектерше ақша тапқылары келеді. Соған мынадай ұсынысымыз бар. Сегізінші «А» және «Ә» сыныптарындағы 29 бала қол қойған. 

– Бұл не? «Балаларды жұмыспен қамту орталығы»? Есіңіз дұрыс, бәрі орнында ғой иә? – деп Сәулежан әдеттегідей күлкі аралас сөзімен түйреп өтті.

– Көшеде тентіретіп ақша тапқызған ата-анаға да, сабақ оқымаса болашағы қараң болатынын түсінбейтін оқушыға да, қосымша күш пен көмекке қажет мектепке де осы ең тәуір нұсқа болып көрінді. Келесі бетін ашып қарасаңыз, келер айдың бағдарламасы мен балалардың өздері жасаған ережелер бар. Мысалы, күніне бір-екі сағат қана жұмыс істеу, қауіпсіздік ережелерімен алдын ала танысу, жұмысқа зорламау және тағы сол сияқтылар. Міне, тоғыз қағида көрсетілген. Ойланып жауап беруіңізді сұраймын.

– Ойланатын несі бар. Табылған ақыл.

Сен және мен секілді Сезім апай директордың бірден келісе кететінін білген жоқ. Сондықтан бастығы тағы күлкі етіп отырмаған ба екен деп қайталап сұрады:

– «БЖҚО»-ға келісіміңізді бересіз бе? Шынымен?

– Иә. Несі бар? Жақсы ойластырылған. Енді іс жүзінде көрейік. Осы айдың бағдарламасы орындалған соң, есебі мен келесі жиналыстың хаттамасын әкеліңіз. «Ә» сыныбының жетекшісі Сұлтан қайда жүр? Ол бұған қатыспай ма?

– Сұлтан ағай әлі ауырып жатыр ғой. Екі сынып та қазір менде.

– Ааа, иә. Ал оқушыларға кім төлейді? Сіз төлейсіз бе? Мектепте ондай жағдай жоқ. 

– Білемін. Мектептің қайырымдылыққа бөлінген ақшасын аламыз. Түскі астың орынан қолына түскен ақысына қалағанын алып жейтін болады.

– Хмм... Жақсы. Алдымен көрелік дедім ғой. Бірінші сабағыңыз бар ма еді? Бара берсеңіз болады.

Мектеп оқушылары БЖҚО жайлы ести салысымен бос тұрған психологтың кабинетіне ағыла бастады. Бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейінгі оқушылар құжынай араның омартасы секілді гулегенде бір адам отыратын бөлме жарылып кете жаздады. Біреулері қызық көру үшін келсе, енді біреулері жұмыс істесек сабақ оқымайтын шығармыз деген дәмемен жүр. Тағы біреулеріне шынында қаражат керек, біреулері ата-аналары әпермей қойған заттарды алуға ақша жинау қажет. Әркім әртүрлі себеппен бір-бірінің үстін қаумалай екінші қабаттың қақ ортасында әжептәуір кептеліс жасап қойыпты. Оқырманым, терезенің жақтауына мінбесек екеуімізді таптап кетер. Былай мініп алшы.

Малдарын таң ата өріске айдап, асықпай екінші сабақтарына келген кей ұстаздар не болып жатқанын түсінбей:

– Сабақтарыңа кіріңдер!! Қоңырау ішке соқты. 

– Ринат, терезеден төмен түс! Басың жасай ма сенің?!!(бізге айтып жатыр екен деп зәрем қалмады ғой)

– Кір ішке! Тараңдар! Бар деймін әрмен! деседі. Ал жаңалықты естіп үлгерген мұғалімдер жаңа өсекті бүкіл ауылға жаюға асығып телефондарына түсіріп әлек еді. 

– Айдар ағай, енді біздің балалар жұмыс істейді екен. Мектеп сағатына бастауышқа ЖҮЗ теңгеден, орта сыныптарға ЕКІ ЖҮЗ теңгеден төлейді.

– Қойшы-ей! Рас па?

– Не жұмыс екен?

– Сонда аптасына бесінші сынып оқушысы мың теңге, айына төрт мыңдай таба ма?

БЖҚО ең бірінші директордың шаруа жөніндегі орынбасарына қатты ұнады. Ол бірден Сезім апай жазып берген мінездемелерін қарап шығып, 5-9-сыныптарда оқитын оқушыларды асханаға, мектептің іші мен сыртын тазалауға «жұмысқа» алды. Артынша кітапханашы келіп өзіне жетінші сынып оқитын Нұргүл мен Жангүл оқитын егіздерді көмекші етіп алды. Кейіннен бірінші және екінші сынып жетекшілері бағдарламадан қалып жүрген оқушыларға сабақпен көмектесетін жұмыскерлерді сұратты. Тіпті жақында болатын күзгі балға дайындайтын да көмекшілер керек болып, алты оқитын қыздар сонда қызметке кетті. 

Осының бәрін тезірек көру үшін мына сағаттың тілін ұстап оңға қарай айналдыра бер. Қалай сағаттар сырғып, күндер тезірек өтіп, апталардың бірінің соңынан бірі жылжып жатқанын көресің бе? Сағаттың тілін бұраған сайын көз алдымызда психологтың кабинетіне келіп-кетіп жатқан оқушылар мен мұғалімдер, мектептің әртүрлі қызметкерлері шапшаң қимылдағандары сонша көбісі құйрықты жұлдыздар сияқты ағып қимылдауда. Көп ұзамай киім ілушілер, мектеп қауіпсіздігінің инспекторлары, қоқысты өңдеуге жіберетін эко-белсенділер, БЖҚО жаңалықтарын жүргізетін әлеуметтік желі тілшілері, апта сайын қойылым жасайтын театр әртістері мен ұйымдастырушылар пайда болды. Аяз түсті, алғашқы қар да жауды. Болды. Осы жерден тоқтат. Қазір спорт залға барып БЖҚО-ның кезекті отырысына қатысуымыз керек. Иә, БЖҚО мүшелері кабинетке сыймайтындықтан қазір жиындары спорт залда өтіп жүр.

– ...Енді қар күреушілер де керек.

– Мектеп тазалаушыларының міндеті ғой. Жаңа қызметті қайтеміз?

– Ойбай, мынаны қара! Екі жүз теңгеңді екі жүз жерімнен шығарасың ба қайтесің-ей өзің?

– Ия, неге өздерің істемейсіңдер?

– Әр жұмыстың ауырлығына қарай ақының бағасын өзгерту керек. Әрі екінші сыныптар бөлме гүлдеріне су құйғандары үшін екі сағат бел жазбай асханада ботқа құйған менімен бірдей алады. Оларға елу теңге берсек те болады. Әлі ақшаның құнын білмейтін кішкентай.

– Қумашы, Мирас. Жұмыста жыныс та, жас та жоқ. Сен екі оқығаныңда не істегеніңді есіңе алшы.

 

– Сезім апай, сіздің сыныбыңыз түк істемей тек қадағалаумен ақша алып жүр ғой.

– Ей, есек. Адам бағу оңай ма саған? Сендерді бақылап, қырылып қалмауларың үшін кесте жасап, дұрыс істегендеріңді қайта-қайта тексеріп, үлкендерден ұрыс есту оңай дейсің бе?!

– Мә-ә...Сен ше? Мен есек болсам сен доңызсың. Арамын қарамайсың ба?

– Доңыз?!!

– ТЫНЫШ! Әй, майшабақтар, жабыңдаршы ауыздарыңды!! Директор сөйлейін деп жатыр. Сәулежан апай, айта беріңіз...

– Құрметті «Балаларды жұмыспен қамту орталығының» қызметкерлері. Әуелі сіздерді күз бойы бірлесе еткен еңбектеріңізге алғыс айтқым келеді. Оның ішінде: мектеп қоршауын жасап, арамшөбін бұтаған, айналасына гүл егіп, ағаштарын пішінге келтіріп қырыққан мектеп сыртын тазалаушы командасына...

Алдыңғы шепте тұрған оқушылар жымыңдасып бір-біріне қарасты.

– ... Мектеп терезе-есіктерін сүртіп, барлық парталардың сиясы мен сағызын тазалаған, шкафтардағы артық қағаздарды реттестіріп, аспашамдарын жуысқан мектеп ішін сыртын тазалаушы командасына...

Бұл команданың көбісі бастауыш оқитын еді. Директордың мақтауын ести сала қуаныштарын жасыра алмай қол шапалақтап, бір-екеуі шыңғырып қалды.

– ... Үш ай бойы асханада ыдыс жуысып, оқушыларға арналған түскі ас дастарқанын даярлаған, тамақ дайындауға көмектескен асхана командасына...

Кейбірі алжапқыштарын шешпепті де. Ержан есімді бала май сасып жүретініне ылғи шағымданатын еді. Қазір керісінше мақтанып, бар асты өзі пісіретіндей кеудесін керіп тұр.

– ...Қажет емес қағаздарды макулатураға өткізіп, бюджетке үлесін қосып, кітапхана кітаптарын насихаттап жүрген кітапхана командасына...

Бұл команда тек үш қыздан тұратын. Үшеуі орындарынан тұрып, алақандарын сүйіп, жан-жағына ауамен таратқандай үрледі.

– ... Бастауыш оқушыларының білімін қадағалап, үй тапсырмаларына көмектесіп жүрген репетиторлар командасына...

Бұл команда керісінше тоғыз-оныншы сыныптардан тұратын жасөспірімдерден құралған еді. Олар бастарын изеп қана қойды.

– ... Мектептің ішкі-сыртқы тәртібін ретке келтіріп, әлімжеттіктің орын алмауын қадағалап жүрген мектеп инспекторларына... 

 Өңшең жігіттердің арасындағы жалғыз қыз Айғаным мойнындағы ысқырығын алып ысқырып қалды. Оны достары қолпаштай қосыла ысқырды.

– ... Оқушылардың мәдени баюына атсалысып жүрген театр командасына...

Театр командасы арнайы дайындалып келгендеріндей хормен «Алға!» деп аяқтарымен жер тарсылдатты.

– ... Гүлдерге күтім жасап, апта сайын суреттер галереясын ұйымдастыратын бүлдіршіндер командасына ерекше лебізімді білдіргім келеді! 

Кейбір жоғары сынып оқушыларының мойнына мініп алған 1-2 сынып оқушылары дауыстап «алақайлап», қалған топтар оларға қошемет көрсетіп жатты.

– Тек сөзбен емес, құрметті оқушылар, қаржылай сыйақы болады! Жиын соңында Сезім апайдың журналына аты-жөндеріңізді жазып, мың теңгеден аласыздар.

Мына сөздерге тіптен спорт зал жаңғырып, әлем футболының жанкүйерлерінен бетер шулап кетті. 

– Келесі айтқым келгені: жанындағы жолдастарына сеніп ісін адал істемей жүргендер бар екендігі анонимді түрде бізге жетіп отыр. Оның үстіне араларыңызда жүктелген екі сағаттан аса жұмыс жасап, көбірек жалақы алып жүргендер бар екен. Ең сорақысы үйлеріне жұмыстан шаршадым деп айтып баратындар. Сіздерді ешкім зорлап жатқан жоқ, сіздің орныңызға әрқашан басқа оқушыны таба аламыз. Ал сіз алаңсыз сабағыңызды оқып демалып, бұрынғы өміріңізге қайтсаңыз да біз БЖҚО ештеңе демейді. Дей алмайды. Сіздер бекіткен қағидада солай жазылған емес пе? Әрі қайырымдылық қорына өткіземіз деп мектептен жиған ескі киімдерді арнайы дүкендерге сатып жібергендеріңізді де естіп қалдық. Мұнымен біткен жоқ. Асханадан ұрланған азық-түліктер, қоймада жоғалған құрал-саймандар, инспекторлардың шамадан тыс күш көрсетуі, бірінші сыныпқа үйретудің орнына өздеріңіз жазып беріп жүргендеріңізден де хабардармыз. Ақырғысы ең сұмдығы – пән мұғалімдері сіздерді оқудың орнына, сабақ үстінде тиын санап отырады деп шағымданып жатыр. Сонда болашақта да білімсіз осылай күнелтпек ойларыңызда бар ма? Біз керісінше алған білімдеріңізді өмірде қолдансын деп ешқандай шектеу қойып жатқанымыз жоқ. Ешқандай жаза болмайды. Бірақ! Келер айда, яғни, желтоқсанда тағы бақылап, болмаса БЖҚО-ны таратуға мәжбүрміз. 

Соңғы сөз айрықша қатты әсер етіп балалар демдерін іштеріне тартып «Ы-АҺ!» деді. Ал директор Сәулежанның күлімдеген жүзінің артына тығып көрсетпеген айбарын шындап сезінген сегізінші сынып оқушылары бір-бір жұтынып қалды. 

Әй, оқырманым, аңқаймай анау күртесін қолына ұстаған күйі жапалақтаған қарға қарамастан жүгіре басып үйіне бара жатқан Әсияға жетіп алайық. Есіңде болса Әсияның үйінде тоғыз бала бар болатын. Ең кішісіне ай да толған жоқ. Өздері ауылдың шетіндегі екі бөлмелі жұпыны үйді жалдап тұрады. Тұңғышы осы Әсия бір өзі жеті баланың білдей тәрбиешісі. Үйді жинау да, балалардың таңғы, түскі, кешкі астары да осының мойнында. Әсиядан кейінгі Әнуар жеті оқиды. Бірінші топтағы мүгедек. Туғалы аяғы жер басып көрген емес. Мемлекет берген арбасы өткен жылы сынып қалған. Содан бері сыртқа шықпады. Тек терезеден телміріп отырады. Оның бар жағдайын жасайтын да әпкесі. Үшінші бала Жәңгір. Ол бесінші сыныпта оқиды. Төртінші сынып оқитын інісі Жандос екеуі үйдің сыртқы жұмысын жасайды. Азғантай мал ұстайтын қора да осылардың міндетіне кіреді. Мектепке бармайтын Алуа мен Азиза мектепке кеткен Әсияны күтіп аш отырады. Ал аналары кенже Нұрғалиды үлкен ұлының ауруын қайталағанын қаламай шарқ ұрып ауруханадан ауруханаға, процедурадан массаждарға барып басқаларына қолы тимейді. Нағыз БЖҚО осында дерсің. Тек қаражат балаларға берілмейтінін санамағанда әрине. 

Мына қыз күртесін неге кимей келе жатыр. Суықтап қалса не етті. Оқырман, сен тоңып келемісің? Бұл ауылдың қысы алты ай болғанмен анау айтқан суық емес. Орман ортасында болған соң шығар, ықтан ызғар сезінбейсің. Әйткенмен қыстың аты қыс қой. Қалың киініп жүру керек. Әсия бекер асықпапты. Үй деген алыстан көк түтін болып пықсып жанып жатқаны көрініп тұр. Әсия сыртынан құлыптап кеткендіктен іштегі бауырлары шешелері келмесе шыға алмайтын еді. Әпкелері сұмдық көріністі анық көрген сәтте қолындағы күртесін тастай сала одан сайын бар күшімен жүгіре жөнелді. Көзіне келіп жағаласып шығып жатқан жасын ыршып тастап есікті барып бұрып кеп қалғанында ағасын төрт-бес жасар қарындастары сүйреп шығармақшы болып табалдырыққа әкеліп, үшеуі құшақтасып түтінге бөгіп жатқандарын көргенде Әсия не істерін білмей абдырап қалды. Құдайға шүкір, оқырманым. Марғұлан ауылдың басындағы өрт сөндірушілерді ертіп әкеліпті. Әне, жедел жәрдем де келіп жетті. Бағана, сен директордың жалынды сөздерін тыңдап тұрғаныңда залға Марғұлан кіріп Әсияға үйің өртеніп жатыр деп айтып, өзі көмекке кеткен болатын. Сал болып қалған атасы мен әжесінің қолында қалған Марғұлан көршісі Әсияның өзіндей әлсіз еместігіне қайран қалатын. Оған қыздың балалықтан тек денесі ғана қалғаны болмаса жеті баланың анасы осы секілденетін. – Хабарласуға менің телефоным жоқ болды. Әжем де бүгін телефонын алып қалаға кетіп қалған еді. Кешірші, - деді ырсылдап әзер демалып тұрған Марғұлан. Әсия көршісінің қолын қысып ұстап жерге отыра қалды. Қыздың жылауды білмейтін көздері бүгін жаңбырдай ірі-ірі моншақ жастары белдемшесінің етегіне тамшылап жатты. 

– Нем бар еді театрға қатысып?..

Марғұлан үстіндегі күртесін шешіп қыздың үстіне жауып, тізерледі де:

– Әсия, болған іс болды. Өткенді ойлап тұратын қазір бізде уақыт жоқ. Солай ғой? Қане, жедел жәрдемнің көлігіне отыр. Ата-анаң аурханаға жеткенше бауырларыңа бас көз бол. Қазір саған жылап отыруға болмайды. Осы уақытқа дейін өзіңді қалай ұстадың тура солай жалғастыр, жарай ма? Мен осында үйлеріңе қараулап қаламын. Бар.

Қыз басын изеп, көз жасын сүртіп, орнынан тұрып, үсті-басын қағып, жедел жәрдемнің көлігіне мініп кетіп қалды. Марғұлан ересек адамдарша өрт сөндірушілерге түсінік беріп жатыр. Мұның бәрін саған біліп қажеті не дейсің ғой? БЖҚО-ның дауы осыдан басталады. Әсияның анасы қызына бауырларын сеніп тапсырып кеткенін, ал ол болса мектепте тиын үшін алданып сайраңдап жүргенін айтып полицияға ақталады. Оны естіген Әсия:

– Сен мектепте жігітпен жүрмей оқығаныңда жұмыс табатын едің. Сонда біздің біріміз де дүниеге келіп осылай тарығып тіршілік етпес едік. Сендер сияқты балалардың жөргекпұлына өмір сүрмес үшін әрекет жасағым келді. Әнуар мен қыздарға бірнәрсе болса мен осы үшін өзімді де, мына сен екеуіңді де кешпес едім! - деп айтып қалады. 

Осы оқиғаны мейірбикелердің бірі түсіріп алып, әлеуметтік желіге таратып жіберген соң бүкіл ел БЖҚО туралы естиді. Балаларды жұмыспен қамту орталығы жайлы осылай жағымсыз жаңалық арқылы тарағаны өте өкінішті. Амал нешік. Енді біз көктемге өтуіміз керек. Сағаттың тілін тағы оңға қарай бұра түс. Аспандағы күн көкжиектен шығып-кіріп уақыт зымырауда. Қар біресе жауып, біресе тоқтап, енді еруге айналды. Болды, тоқта. Қазір бізге ауыл сыртына шығып мола жаққа қарай жүру қажет. Онда әке-шешесінің жанына жерлеген жаңа мүрденің жанында Марғұлан шоқшиып құран оқып отыр. Бүгін атасының қайтқанына жетінші күн. Ол мектептен кейінгі көп уақытын осында өткізіп жүр. Жігіт туралы шатырдағы оқиғадан кейін небір тылсым қауесеттер тарап, оны сотқарлар жайына қалдырып, жаны кіріп қалып еді. Қабірлерді айналшықтап жүргенін Әсет пен Самғат көрсе күздегідей естерінен танар. Марғұлан аяғын сілтіп басып мектепке бара жатыр. Себебі ол «ғылымдар» үйірмесінің жетекшісі болып оқушыларға кәдімгідей қызықты эксперименттерді үйрететін. «Ғылымдардың» лабораториясы ретінде бұрын қолданылмай тұрған шатыр пайдаланылды.

– Жындармен байланысы бар шаман ғой бұл. Байқаңдар сендерге де бір-екеуін салып беріп жүрмесін, - деп шатырға көтерілетін есіктің аузында кіші балаларды үркітіп Сәбит тұр. Оны елеп жатқан бала жоқ. Марғұланның қарасы көріне сала бәрі шуласып:

– Марғұлан ағай!

– Саламатсыз ба, ағай.

– Ассалаумағалейкум, Мәке,- десіп жатыр.

Сыныптасының аз уақыт ішінде балшықтан адам болып кеткенін көре алмаған Сәбит баспалдақпен көтеріле жанынан өте шыққан Марғұланның аяғын шалып қалды. Ұста, оқырманым, ұста баланы. Мына жерден құласа оңбайтын еді. Мың болғыр, сенің арқаңда жігітіміз тағы бір өлімнен аман қалды. Мына есалаң Марғұланның сүрінсе де қалқып барып, аяғына қайта тұрғанын көріп тағы шошып, артқа шегінемін деп баспалдақтан омақаса түсіп басын жарып алды. Осындайлардың неге бастарына бір таяқ жетпейтінін түсінбеймін. Шатырдағы сабаққа дайындалып жатқан болашақ ғалымдар мен Марғұлан шүйдесінен қан сауғалап жатқан Сәбиттің жанына жүгіріп барып алғашқы көмектерін көрсетуде. Осылай бұл сотқар келер жылға дейін демалысқа кетті. Жүр, оқырманым біз де ертеңге дейін директордың кабинетіне барып, ыстық шайдан ұрттап, тыныға тұрайық. Ертең мектепке Сәбиттің ата-анасы келеді. Қызықтың көкесі сонда дерсің.

– Менің балам өзі баспалдақтан құлап қалуы мүмкін емес. Біреу әдейі итерген ғой, – дейді Сәбиттің анасы.

– Өзі шалынса бетпен түсер еді, теріс қарап тұрғандықтан шүйдесімен түскен. Бұл істі полицияға сенбей, өзіміз қолға алып сонда болғандарды тергегіміз келеді,- дейді Сәбиттің әкесі.

– Дұрыс, тергеңіздер. Тек ол ғимаратта камера жоқ, – дейді Сәулежан директор.

– Жанында болғандар «Ғылымдар» үйірмесінің оқушылары. Жетекшісі Сәбиттің сыныптасы Марғұлан. Танитын шығарсыздар, - дейді оқу ісінің меңгерушісі Гүлзат апай. 

Бұл кісі БЖҚО-ның ендігәрі істен шығатынына кәміл сенімді еді. Сондықтан болар от үстіне май құймақ оймен, ата-анаға тергеуге көмек үшін мектеп тіршілігімен таныстырамын деген сылтауды алға тартып, мектеп артында раушандарды баптап жүрген оқушылардың жанына апарды. Сәбиттің әке-шешесі мұндайды бұрын көрмегендіктен «бұл не? сенбілік пе?» деп сұрады. Гүлзат апай күлімдеген күйі жауап қатқан жоқ. Раушан өсірушілердің арасында гүлдердің биіктігін тексеріп сегізінші сынып оқушысы Олжас жүр еді. Ол топырлап жүрген ересектерге жақтырмай ақсия қарап:

– Қайырлы күн, Гүлзат апай. Көріп болсаңыздар кедергі жасамас үшін басқа жерге барып сөйлессеңіздер дұрыс болар еді. Онсызда шаруамыз шаш етектен, – деді. 

Оқу ісінің меңгерушісі сызданып оған бір бағбандарға бір қарап өтіп, ата-ананы шеберханада жаңа орындықтар жасап жатқандарға апарды.

– Өй, ақымақ. Мына жерін құртыпсың ғой. Енді кісі қайтіп отырады? Салмақты біреу отырса ше? Сынады да қалады. Шегені абайлап суыр да, қайта қақ. Әкелші, суырып берейін, - деп шеберхана жетекшісі Ринат өзінен екі жасқа үлкен бір оқушыға ұрсып тұрғанында, басқа бала жасаған орындығының үстіне отырамын деп, онысы дұрыс шықпай, гүрс етіп жамбаспен құлады. 

Мұны көргенінде Сәбиттің әкесі «сіздерде технология сабағы осындай ма еді?» деп сұрады. Тағы да Гүлзат апай жауап орнына езу тартып қойды. Содан соң ол тәртіп бұзғандары үшін инспекторлардың бақылауымен спортзалды жуып жүрген оқушыларды көрсетуге апарды. Одан шыққан соң психолог кабинетінің тұсында ақыларын алуға кезекте тұрған екінші сынып оқушыларының жанынан өтіп, бастауыш оқушыларының артында отырған жоғары сынып оқушыларын көрсетті. Содан кейін меңгеруші оларды асханаға, кітапханаға, акт залына, шатырға апарды. Ең соңында:

– Бұл масқара ғой! Бала бала болып ойнамаса, үлкендерше мектепті айналшықтап күнұзақ жұмыс істесе, бар ойы сабақ емес ақша болса – бұл барып тұрған бала құқығын аяққа таптау! Осыны Сәбит сияқты көзі ашық, ақылды балалар басшылыққа жеткіземіз дегендерінде мынау болды,- деді. 

Оқиғаның басында болған жазғы жиналыс есіңде болса, бұл істің ақыры неге келіп тірелгенін айтпай-ақ түсініп отырған шығарсың, оқырман. Біз енді соңғы рет уақытқа саяхаттайтын боламыз. Сағаттың тілін оңға қарай сәл бұрасаң бірінші маусымға түсеміз. Мектеп қақпасының алдына оқу-ағарту министрін қарсы алуға күллі ауыл тұрғындары жиылған екен. Қымбат қара көліктен түскен билік мүшесі көмекшілерін ертіп, ешкімге бұрылмай, маңғаздана басып тіке мектепке қарай жүрді. Кіреберісте сегіз оқитын жардай Алпамыстан басқа ешкімнің жоқтығы келушілерді бір таң қалдырды. 

– Қош келдіңіздер, ханымдар мен мырзалар. Мен балаларды жұмыспен қамту орталығының президенті Керімбеков Алпамыс боламын. Сіздердің де, біздің де уақыттың тығыздығына байланысты жағдайды қысқа-нұсқа баяндайтын боламын. 

Алпамыстың қарапайым кісіден бір төбе биік болғандығы ма, келген қонақтар оны баласынбай мұқият тыңдап жүрді.

– ... Көріп тұрғандарыңыздай барлық жабдықтар оқушылардың қолымен тазаланған. Ал мына кабинеттегі парталар мен орындықтар шеберхана мүшелерінің жемісі. Былай жүрсеңіздер, өздерін де көресіздер. Мынау тоғызыншы сынып оқитын Айтқалиев Ринат. Бұл осы шеберханаға иелік етпей тұрып тек қиратуды ғана білетін.

– Рақмет, Алпамыс,- Ринат шап ете қалды да жылы жымиды. 

– Келесі акт залы. Мұнда «балалар күніне» арналған қойылымды дайындап жатқан әртістер мен театрдың жарық операторлары мен режиссері...

– Жап! Дайын емеспіз...Ой...Сәлеметсіздер ме? – деп мұрт-сақал жабыстырып алған арбадағы Әнуарды дайындап жатқан Әсия ыңғайсызданып қалды. 

Қыстағы оқиғадан соң жұрт жабылып жатып осы қыздың інісіне арба әперіп, мектепке бармаса да, аптасына бір рет театрға барсын деп Әнуарға көмектесетін күтуші оқушыларды жалдап қойған еді. 

Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері мұндай көріністердің ешбіріне дайын емес еді. Біз әлсіз деп ойнауды ғана білетін халық ретінде қабылдайтын балалардың жасаған бұл «әлемі» үлкендер жасаған қоғамнан әлдеқайда озық болатын. Құдды бір шалғайдағы орман ортасында орналасқан ергежейлілердің елі дерсің. 

– Ақшасы бар адам бай емес. Ақшасын сақтай алатын, дұрыс жарата білетін адам ғана бай екенін түсіндік.

– Әрнәрсенің сұрауы бар. Бәрі қағаздарда жазулы. Бәрі есептеулі. Жайдан жай ешнәрсе болмайды екен.

– Оқушыларды білімге үйрету үлкен қажырлы еңбек. Ол үшін аса сабырлы болуың керек.

– Жұмыстың үлкен-кішісі не ауыр-жеңілі болмайды. Бәрінің арқалаған белгілі бір жауапкершілігі мен өзі көтере алатындай жүгі бар. – Шаң сүртудің өзі мектеп те менің жерім деген тәртіпке үйретеді. Өз қолыңмен сүрткен жерді шашуға да, біреудің былғауына да жол бермейсің. 

– Өз қара басыңнан бөлек уайым жейтін дүниелер көп. 

– Қазір үйдегілер теңгені менен сұрайды. «Жұмысың қалай?» деп санасады. 

– Бұл мектепте ең бай оқушы мен шығармын! Әлі бір тиынына тиген жоқпын. Мектеп бітіргенше жисам мәшине аламын деп...Өтініш, БЖҚО-ны жаппасыншы.

– Ағайлар қараңдаршы, мына гүлдер бізсіз қурап қалады ғой. Жазда үйге алып кетсек деп отырмыз. 

Министр халықтың неге наразы екенін түсінбеді. Адамды адам еткен еңбек болса, баланың өз мүддесі үшін бір ауық тірлік еткені кімге залал болып жатыр? Тіпті оқу бітірген соң тәжірибесі бар деген қағаз жасатып қою керек екен деп түйін жасады. 

– Сендерді ешкім зорлап істетіп жатқан жоқ па? 

– Жоға. Қайта жұмыс жетпей таласып қаламыз.

– Жоғары сыныптағылар ақшаларыңды тартып алып не жартысын қалталарына басып қалмай ма?

– Мектеп инспекторлары бізде қатал. Біліп қойса жұмысыңнан шығарып жібереді. Сосын басқа еш жерге алмайды. 

– Иә, Алпамыс деген дәу бала бар. Ол естісе мойныңды үз...Сәлем, Алпамыс...

– Мектеп пәндерін оқымай жүрген шығарсыңдар қолдарың тимей?

– О не дегеніңіз министр мырза. Қайта сабақ білмей қалсақ БЖҚО-ны кінәлап, әкемдер жібермей қоя ма деп қатты оқып кеттік қой.

Оқу-ағарту министрі жанындағы қызметтестеріне қарап «елімізге бұдан артық не керек» деп еді. Оның осы бір ауыз сөзін күтіп сілтіден тынып тұрған балалар қуаныштан айғайлап, тіпті, кейбірі жылап та жіберді. Бастауыш оқитындары жүгіріп келіп ағайларды құшақтамақшы болғандарында Алпамыс «ұят болады, ары тұр» деп жолатпай қойды. Министр керісінше тізерлей отырып, құшағын жайып, осыншама баланың әкесіндей бәрімен құшақтаспақ ниетін білдірді. Оқушылар оған қарап тұра ма, жамырай бәрі мәз болып бүгін көрген ағайды қысып құшақтап жатты. Қарашы, Алпамыстың құлыптап қойған қоршауынан өте алмай, секіріп кіруге министрден жүрексініп, сыртта сығалап тұрған ауыл тұрғындары не болғанын білгісі келіп құшырланып тұр. 

Ал, оқырман, сағатымды бер, көрінбейтін ететін құлаққабыңды шеш, әкел қолыңды, осы жерден қоштасайық. Осы саяхатыңды жүрген жеріңде айта жүр. Көріскенше, аман бол!

– Соңы –.