Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Шойнақ Артық (Әңгіме)
155
оқылды

Авторы: Қарапайым

 

Адамның басы – Алланың добы деген рас-ау!

Айналасын әйдік шыңдар мен биік таулар көмкерген осы бір жаратқанның нұры тамған өлкеге келгеніме біраз уақыт болған. «Қырандар биікте өмір сүреді!» деп бұл маңның адамдары мақтанса мақтанғандай-ақ жер. Айтпағым, мен қоныс теуіп, лашығымды керген аудан орталығы еді. Адамдарының мінезі тау сияқты биік һәм суық. Аңқылдаған ақжарқын жандары да, бәкене ойлы пенделері де жетерлік. Кәдімгі қаладағыдай.

Ауылдас ағайын және көршілермен тосырқай-тосырқай ептеп араласа бастадым. Бақсам, біз тұрған Бибол көшесінің өзіндік тағдыр-тәлейі бірқыдыру хикая екен. Анау терезесі сынып, құлағалы тұрған ақсұр үй заманында бай-манаптың өзі имене кіретін, екінің бірі босағасынан сығалауға дәті жетпейтін даңғайыр шаңырақ болған-мыс. Қаракөктің тұқымы - отағасы өмірден озған соң, кетеуі кетіпті. Артта қалған екі ұл ынжықтау боп әкеден қалған атақ-абырой, мал-дәулетті шышып-төгіп рәсуә жасапты. Екі ұлдың анасы өле-өлгенше тышқаншылап өмір сүріпті. Ал, ана бейбақтар қазір кім көрінгеннің босағасында күнелтіп жүрген көрінеді. Кезінде мамағашынан ат, дастарқанынан қонақ үзілмеген бір әулеттен қалған белгі осы үй.

Оның ар жағындағы көк шатырлы үй қыз туа берген соң, әйелін тастап кеткен молданыкі дейді. Сөйткен қыздар, қазір облысты солқылдатқан үлкен қызметте екен. Өзі өз болған қыздар төркінін ұмытпапты. Мына Бибол көшесінің айнадай болып жарқырап жатуы солардың шапағаты дейді көршілер.

Иә, тізе бересек бұл көшедегі сырын бүккен әрбір үй бір-бір романға жүк болатындай. Менің кейіпкерім - осы көшенің басында тұратын Артық деген баланың хикаясы. Мұнда келгеннен бастап, оның тентектігі мен басбұзарлығы туралы жиі естідім. Жұрттың айтуынша, дүниеде одан асқан сотқар-сотанақ жоқ. Бейуақта қақапаларды таспен соғатын да сол, балаларды тырқыратып қуатын да сол. Ойбай! Пәленшенің басын жарған кім? Артық. Түгеншенің шөбін өртеген кім? Артық. Қызылкөздің дәл өзі. Қысқасы бұл баланы көргім келді. Бір жағынан өз балаларымды «жалғыз-жарым жүрмеңдер» деп ана пәлекеттен сақтандыруды да ұмытпадым.

Бір күні жаңбыр сіберлеп тұрғанда, жұмыстан қайтып келе жатып бір топ баланың біреуді ит сілікпесін шығарып тепкілеп жатқанының үстінен түстім. «Әй, қутүйнектер, тоқтаңдар. Жалғызды жабылып ұрғанды, қай аталарыңнан көріп едіңдер?» деп айқай салдым. Мені ағай деп ойласа керек. Бәрі сілейіп-сілейіп ошарылып тұра қалды. жерде батпаққа иленіп, ауызы-мұрыны қанаған тәпелтек бойлы ұсқынсыз бала жатыр. Мыналардан әжептәуір кішкентей. «Оңбағандар, өздеріңнен кішкене баланы қалай ұрып жатсыңдар?» деп қайтадан балаларға шүйліктім. «Қайдағы, ол бізден үлкен. Соқтыққан өзі» деп жамырады. Осы сәтте жердегі бала бөлтіріктей ырылдап, қарғып тұрды да, аналардың жағасына жармасып, ұмар-жұмар алыса кетті. Қайтадан жығылды. Сонда да біреуін балтырдан тістеп, біреуін тобықтан қағып тыпырлап жатыр. Жанына таяқ батса да жыламайды. О. Құдырет! Ырылдай ма, шаңқылдай ма бір меймәлім-таңсық үн. Қапелімде не болғанын білмей жандәрмен жетіп барып, қалың аяқтың астынан баланы суырып алмақшы болып, қолымды апара бергенде, сұқ саусағымды қыршып алды. «Мен туимай (туылмай) жатып өйгем, ұйыңдай, кәне ұйыңдай. Сен де ұй, мені ұй » деді шаңқылдап. Шақарын-ай өзінің. Денемді тоқ соққандай дір етіп, не істерімді білмей қалшиып тұрып қалдым.

Балалар да қймықты-ау, бытырап қаша бастады-да, анау жалғыз қалды.

– Атың кім балақай? – дедім

Қанды түкірігін былш еткізіп түкірді де, асықпай жаныма келіп, маған алая қарады.

– Оны не істейін деп ең? Атым – Айтик. – деді де сақылдап күліп, қашқан балалардың артынан маймаңдап қуа жөнелді. Соңынан құйрығы шәнтиген қоңыр күшігі бірге кетті. Бағана иесі таяқ жеп жатқанда арашаға түсіп, шәбелеңдеп жатқанын байқап қалғам. Атышулы Артықпен таныстығым осылай басталды.

Әуелгіде күйкі тіршілікпен жүріп, бұл бала қаперімнен шығып кетіпті. Бір күні кешкісін тереземіз шағылды. Үлкен ұлым үйге алқын-жұлқын ентелей кіріп, терезені «Артық сындырды» деді. Аулаға атып шықсам, Артық тұр үрку-үрейлену жоқ, балбал тастай бедірейіп. «Ей, мұның не?» деп қаңбақтай баланы желкесінен мытып-мытып жібердім. Қарсыласпады. Ақталмады.

– Сен, мені айдадиң. – деді шақ етіп.

– Есің дүрыс па? Не деп алдадым?

– Үйіңе дәу диппен конактай кейгенде.

Сол кезде барып, көтеріліп бара жатқан қолым сылқ ете түсті.

Бір айдың алдында үйге сыйлы ағалар келіп, қонақ болған. Риясыз үш-төрт сағат қауқылдасып, орындарынан тұрған. Соларды аттандырар кезде қайдан сап ете түскені белгісіз осы Артық келе қалып, бір ағамыз ішіп тұрған қымызға қарап тамсанып: «Андагыны маган бей, мен ішкім кейеді» демесі бар ма. Ақкөңіл ағамыз қымыз толы торсықты ұсына бергенде, тоқтатып: «Жоқ, аға, бұл сіздің несібеңіз. Бұл балаға ертең мынандай(бас бармағымды көрсетіп)қымыз алып беремін» деп Артыққа қақпа жақты нұсқағанмын. Итін ертіп кете барған. Мінеки, соны ұмытпапты. Бетіме басып келіп тұр. Есімнен тарс көтерілген. Осы пәледен құтылайын дедім де, қалтамнан мың теңге алып шықтым.

– Мә, мынаған алып іш.

– Жок, маган акша емес, кымыз кейек. – деді мізбақпай.

– Мына ақшаға базардан екі литір қымыз келеді. Үйде бір литір ғана қымыз тұр. Жо, соны аласың ба?

– Соны аям.

Үйден қымызды алып шығып бердім.

– Енді бұл жерден табаныңды жалтырат. Тағы көзіме түссең. Мойныңды үзем. – дедім сынған терезеге қарап.

– Енді өзімде кемейім. Сен өтикшісің.

Содан итін ертіп түнге сіңіп жоғалды. Жасы 15 ке келген бойы бір қарыс баланың сұлбасы ғайып болғанша артынан таңдана қарап тұрдым.

Әредік ол туралы жағымсыз әңгімелерді естігенім болмаса, арада екі-үш ай өткенше, көзіме түсе қоймады.

Бір күні түсте мектептен қайтатын екінші ұлым уақтында үйге келмей кешікті. Бастабында ойын баласы емес пе, бір жерде достарымен ойнап жүрген шығар деп мән бермедік. Кеш батып, қас қарайғанда шындап алаңдай бастадық. Барады-ау деген жерлердің бәріне бардық. Көрші-қолаң, дос-жаран, әріптес болып іздедік. Анасының боз боран боп жылағаны бір бөлек, баламның томпаңдаған бейнесі көз алдыма келіп, көңілім босай бастады. Ауылды тұтас адақтадық. Ізім-ғайым жоқ. Діңкеміз құрып енді полицияға хабарласайын деп жатқанда, есекке мінгескен екеу кіріп келе жатыр. Бажайлап қарасам, Артық пен ұлым. Әйелім баланы бас салып, сықсыңдап жылай бастады. Көзім қарайып тұрған мен «Оңбаған жарымес баламды қаңғыртқан сен екенсің ғой» – деп Артықты есектен жұлып алып, анадай жерге қалпақтай ұшырдым. Есі шығып кеткен баламда тіл-ауыз жоқ. Көршілермен қоштасып, үйге кіре бергенде анадай жерге ұшып кеткен малақайын қағып-сілкіп, ауладан үн-түнсіз сылти басып шығып бара жатқан Артыққа көзім түсті. 

Ертесі балам өз-өзіне келген соң, болған жайтты баяндап берді. Бақсам бақа екен дегендей, мен Артықты негізсіз кінәлаппын.

Ұлым әр күні сабақтан соң, кластас балалармен ауыл сыртына шығып, есек мінуді әдетке айналдырыпты. Көп кешікпеген соң, біз оны байқамаптық. Кеше ойынның қызығына түсіп, есек көкпар шауып кеш болғанын сезбей, ауылдан ұзап кеткен. Біздің ұлардай шулап мұны іздеп жүргенімізді сырттай бақылап жүрген, ауылдың ықпыл-жықпылын білетін Артық ұлымды іздеп тауып, есекті қақпақылдай жүріп бізбен табыстырған. Сондағы менің оған тартқан сыйым анау болды. «Қап!» – дедім ішімнен. Бұл жұмбақ балақайға шындап назарым ауды. Қайткенде де ертең сөйлесіп, істеген дөрекілігіме кешірім сұрағым келді.

Жасы он беске келсе де, бойы сегіз-тоғыз жасар баладай тапал, бір қарағанда өте сиықсыз, оған қоса маймақ, тілі мүкіс, шақар. Адамның себепсізден-себепсіз тиіскісі келеді. Бетіндегі шыбар дақтардың өзі көлденең көзге жағымсыз әсер береді. Бұл өзі табиғаттың қандай жаратылысы болды? Жазмыштан сонша теперіш көретіндей не жазығы бар еді? Мұның жақындары кімдер? Осындай қым-қиғаш ойлармен ертесі жұмыстан қайтқан соң Артықтың ауласының тұсына аялдадым. Шатырын күн жеген, қоршауы алқам-салқам, жұпыны қоржын үй. Есіктің алдындағы жер ошақта төңкерілген қазан жатыр. Бүкшеңдеп жүрген кемпірден басқа, кіріп-шыққан жан көрінбейді. Артық та көзіме шалынбады. Аз-кем тұрдым да өте шықтым.

Үш-төрт күннен кейін ғана кезекті бас қосулардан кейін, түн ішінде қызара бөртіп келе жатып, шұбырған күшіктерді ерткен Артықпен кездейсоқ жолықтым. Мені тани қойды да, жітірмелете басып, жүгіре жөнелді. Күшіктері де бүлкектей ерді. Мен де қатарласа кеттім.

– Артық тоқташы. Кешір! Өткенде артық кетіптім. Ұлымды тауып бергеніңе рахмет! 

– Жоғай, көзіме көйінбе, – деді ызбарланып.

Шынымен ашуланып тұрғанын сездім де, әңгімені басқа арнаға бұрдым.

– Мына күшіктерді шәуілдетіп, қайда апара жатсың?

– Шатагиң бомасын.

– Қымыз ішесің бе?

– Кімізіңді басыңа жак

– Күшігіңе ет берем.

Сол кезде барып ентігін басып, сәл аялдады. Сенер-сенбесін білмей, түріме барлай қарады.

– Айдамайсың ба?

– Шын айтам.

Басын сипап маған бір, қыңсылаған күшіктерге бір қарады. 

– Күшіктейімнің кайны аш. Ауыл ситындагы малдың өйексесіне бая жаткам.

– Жүр онда, үйге барайық. Күшіктеріңді жақсылап бір тойдырайын, – дедім де үйге бастадым. Амалдап Артықтың көңілін тапқым келді. Үйдегілер жатып қалған екен. Мысық табандап кілет үйге кірдім де, түнеу күні сойған қойдың өкпе-бауырын, ішек-қарнын алып, күшіктердің алдына лақ еткіздім. Таласа тармаса жей бастады. Ай сәулесінің астында күшіктерге ыржия қараған Артық керемет сүйкімді көрінді.

– Ал, батыр бұл күшіктердің бәрі өзіңдікі ме? – дедім әңгімеге тартып.

– Өзімдікі. Бәйін көседен тауып айгам – деді ептеп жібіген раймен. – Мұның бәрін не істейсің? иттен үй салайын деп пе едің, елдерге бермейсің бе?

– Бұлай ұйгашы ешкімге кейек емес, елдей ейкек(еркек) күсік бомаса бакпайды. 

Жанына жақындап отырдым.

– Бұлардың бәріне қайдан тамақ тауып бермексің? Елдер ұрғашы күшікті көзін ашпай тұрып, жерге көме салады екен ғой.

– Олай жаман адамдай, мен үйтпеймін. Бүлай менің достайым, – деді де шетте тұрған сары күшікті алып, – Мынаның аты – Сарко, ананың аты марко, ананың аты – пәлеше. -деп бір-бірден таныстыра бастады. 

– Әке-шешең бар ма?

– Бай, әкем де, шешем де бай.

– Мына күшіктерді баққаныңа ашуланбай ма?

– Үйсады. Мен олайга көйсетпей багам. Күндіз иесіз жаман үйлейге камап коям. Өйтпесем, ит ататындай өйтиеді. Кесте сыгайып, ауыл ситындагы өйекселеймен тойдыйамын. – Маған сезіктене қарады.

– Сен айтпайсың гой ия?

– Жоқ алаңдама. Тіс жармаймын.

– Бай бойсам ауидагы байлык үйгашы күшіктейді жинап багай едім.

– Есекке мінгенді жақсы көресің бе?

– Тай жок бойган соң, есекке мінем. Әкем тай апейем деп айдайды.

– Менде тай бар мінгің келе ме? –деп өтірік айттым.

– Иә, – деп жанары жалт ете түсті.

– Тайлар тауда. Демалыс күндері балаларымды апарамын, сен де бірге бар.

– Айдамайсың ба?

– Жоқ. Сөзім-сөз. Әкел қолыңды.

Қолын ұсынды. Кішкентай алақаны жып-жылы екен. Ол маған тақала отырды.

– Сенің атиң кім?

– Ғалым.

– Онда мен сені Гайок деймін. Гайок деген досым бойган. Калага көшіп кеткен.

– Оқисың ба?

– Жок, окыгым кемейді. Балалай мені мазактайды. Олайды жек көйем. Күсіктейді, кұстайды, тайды жаксы көйем.

– Ендеше, екеуміз дос болайық.

Ол бір сәт үндемей қалды.

– Қызың бар ма? – деп бүйірінен қытықтадым.

– Гайок ,саған айтсам бола ма? – деді екұдай.

– Айт.

– Жаксы көйетін кызым бай. Биак ол бимейді. Биінсі класта биге окыгамыз. Кейін мектептен кеттим. Ол казір 10 окиды. Аты – Лаги, – деп жымың ете түсті.

– Лағыл сұлу ма?

– Әйемдегі ең сұйу. Мен оны әй күні ситынан көюге мектептке баям. Бияк балалаймен төбелесіп кайтам, – деді де кенет орнынан секіріп тұрды. Күшіктер де жинала қалды. Әжептәуір уақыт отырып қалған екенбіз. Менімен қоштаспай, асығыс үйіне қарай бет бұрды.

– Артық, сау бол, – дедім артынан.

– Өткенде маган бейген кымызың дәмді екен, – деді де көшені басына көтеріп, күшіктерін шәуілдетіп кетіп бара жатты. 

Уәде құдай сөзі. Оның үстіне Артық алдаған адамдарды кешірмейді. Ебін тауып, тау баурайындағы жалқышы танысыма балаларыммен бірге Артықты ерте барып, бір күн бойы тайға мінгіздім. Сондағы Артықтың қуанғанын көрсеңіз! Періште дерсіз!

Содан көп өтпей дүниені дүр сілкіндіріп коронавирус деген жалмауыз шықты. Бәріміз тұмылдырық тағып, тұмшаландық. Қарс жерге барудың өзі мұң болды. Мектеп оқушылары да режиммен оқыды. 

Кіші ұлым сабақтан қайтқан бір әлетінде:

– Артық, мені таяқпен жотамнан ұрды, – деп жылап келді.

– Неге ұрды? Керісінше сендерді қорғаушы еді ғой, – дедім сеніңкіремей.

– Маска тақпапсың деп ұрды.

Баламды қолынан жетектеп, Артықты іздеп шықтым. Тоғыз жолдың торабында, көшенің қиылысында ары өткен мен бері өткендерді тергеп тұр екен. Қолында полицияның сырлап жасаған ала таяғы.

– Ей, Артық баламды неге ұрдың? Екеуміз доспыз ғой.

Ол мені танымайтын адамдай:

– Мен ескіммен дос емеспін. Мен полисеймін. Маскыңды так, – деді бұйрып.

Мен жалма-жан маскамды тақтым.

– Балаң маскы такапапты. Сол үсін таяк жеді. Заң бәйіне ойтак. Маган тәйтіп ойнатуга полисейдің өзі ұйыксат бейген, – деді де жолдың арғы шетіндегі маска тақпаған үш-төрт баланы қуып берді.

Ім, енді түсінікті болды. Көшеде жүре-жүре маска аңдып жалыққан бір полиция қызметкері мұны қылжаққа айналдырып полиция «шенін» берген болды. Баламды жұбатып үйге қайттым. Артық сол образдан шыға алмай, маска тақпаған балаларды тым-тырақай қуып біраз күн жүрді. 

Бірде тәңертең жәшікке салған үш күшігі бар үйге келді.

– Мынау ейкек күшіктей. Өткенде баллайың ейкек күшік багамыз деп еді гой. Міне әкедім.

Сүйкімді күшіктерді көрген балаларымның қуанышында шек жоқ. Ол мені жеңімнен тартып шетке шығарды.

– Түсте мектепке кей, Лагиды көйсетем, – деді.

– Жарайды, – дедім көңілін қайтармай. 

Түсте уақыт тауып, Артық айтқан уәделі жерге келдім. ол мені қол бұлғап ағаштың қалқасына шақырды.

– Әне, көйдің бе? Ойтасында тұйган кыз – Лаги, – деді жанары ұшқын атып.

Фонтанның жанында тұрған үшеудің ортасындағы ұзын бойлы талшыбықтай бұралған қыз айтса, айтқандай-ақ ажарлы екен. Ақырын көз қиығыммен ана қыздың бел тұсына келетін Артыққа қарадым.

– Сені тани ма?

– Таниды. Бияқ койкады.

– Неге?

– Білмеймін. Кыздайдың бәйі менен кашады.

– Қызың һас сұлудың өзі. Талғамың биік жігіт екенсің, – деп қолын қыстым.

– Иакымет. Айтпаксы оның туган күніне падайкы бейем, соны күтіп жүймін, – деді тісін ақситып. 

Солай бір сыдырғы күндер өтіп жатты. Кей түндерде ауласынан өтіп бара жатып: «От күші, жел күші, аспандагы жын-шайтандай кайдасыңдай? Бүгін маган балалай жабылганда кеймедіңдей, опасыздай!» деп өз-өзімен сөйлескен Артықты көретінмін.

Бір көшенің бойында тұрған соң, әке-шешесімен де таныстым. Әкесі 75, ансы 70 тер шамасындағы қой ауызынан шөп алмас момын адамдар екен. Басқа балалары бар ма, жоқ па? Қытқуырлап сұрамадым.

Қарашаның сүркейлі бір кешінде Бибол көшесіндегі ағайын шу ете қалды. «Ойбай! Етідіңдер ме?», «Сұмдық!», «Мақара!», «Ана шойнақ ұрлық істеп қолға түсіпті», «Тоқты-торым, ешкі-лақ қайда кетті десек, осы кезептен келген екен ғой.» бір-бірін қоштаған, іліп әкеткен сөздерден атан түйенің белі майысардай.

Салып ұрып көшенің басындағы ақсақалдың үйіне бардым. Кемпірі екеуі өлім жөнелткен үйдей күңіреніп отыр екен.

– Жетпегір, жеті атамызда жоқ дүниені жасап, сүйегімізге таңба салды, – деді ақсақал.

– Ұят болды, ұят болды, – деп қайталай берді көзінің жасын сығымдаған кейуана.

– Ол өзі қайда? Не бүлдірді? – дедім.

– Ой, шырағым, не дерің бар ма? Ана арғы көшедегі Оразбайдың екі қабатты жаңа салынған үйінің паравойын ұрлап, соны сатып жатқан жерінен қолға түсіпті. Қазір милицияда. Ананың кешірім, ал менің оған беретін пұлымның да реті болмай тұр – деді ақсақал кейіп. 

Мен жеделдете полиция бөлімшесіне келім. Жамағайын ағасы екенімді айтып, жауапты адамдармен сөйлестім.

– Рас, бұл бала ұрлықты жалғыз істемеген. Анандай ауыр темірлерді жалғыз өзі көтере алмайды. Жанында кімдер болғанын қасарысып айтпай отыр, – деді инспектор.

– Түсінікті. Баламен мен өзім сөйлесіп көрейін. Мүмкін жіп ұшін табармыз, – дедім. Инспектор келісті. 

Артық екеуміз оңаша қалдық.

– Екеуміз доспыз. Достар бір-бірінен сыр жасырмайды. Солай ғой. Жаныңда кімдер болды?

– Ешкім бойган жок. Өзім гана, – деді меңірейіп.

Сөйлесіп марқадам таппасымды білдім. 

Ертесі бұл істің қамына кірістім. Ортаға арағайынды салып, Оразбайдың паравойын жасап беретін болдық. Ол арызын кері қайтарды. Үш күннен кейін Артық бостандыққа шықты.

Бірқыдыру уақыттан соң, біздің үйге келген бір оңашада:

– Сен неге ұрлық істедің, – дедім жұмсақтап.

– Сынымды айтайын ба?

– Айт.

– Лагидың туған күніне падайкы аяйын дегем.

– Не алайын деп едің?

– Дәу күсік (күшік)

– Менен-ақ ақша сұрамадың ба?

– Кайыз(Қарыз) бойгым келмейді.

Қалтамнан он мың теңге суырып, қолына ұстаттым.

– Кейін, кайтаямын, - деп жасқаншақтай ақшаны алды.

– Бұрын ұрлық істеп пе едің?

– Жок, сендім.

– Жаныңда басқа балалар болды ғой, ә? Олар кімдер?

Бойды. Бияқ оны айтпайым, - деді нықтап. Ары қарай сұрамадым.

Жаңа жылдың түнінде ол жылап келді.

– Олар менің күшіктейімді өлтірді, – деді қара тастан шыққан тамшыдай көз жасы тырс-тырс тамып.

Мен оның жылағанын алғаш көруім еді.

– Кім өлтірді?

– Олай... Бимейм. Улап өйтиген. 

Мен оны жұбата алмадым.

Қыс өтіп, көктем келгенде ол мені ауыл сыртына шақырды. Қолында дәу қуыршақ күшік бар.

– Лаги енді жок, – деді

– Жоғы несі? – деп шоршып түстім.

– Мектепті бітіиіп, Алматыга окуга кетті, – мұнартқан таулардың аржағын нұсқап.

– Қыз деген көп қой. Әлі-ақ одан да өткен сұлу қыздар табасың.

Жұбатқан түрім.

– Жок, мен айтікпін (Артықпын). Мына өмійге айтікпін, – деп ашына айқайлады да, құшағындағы күшікті сайға қарай лақтырды. Сай табанындағы күл-қоқысқа қарай домалап бара жатқан ақ күшікке қарап ұзақ тұрдық.

– Сен әлі-ақ мықты азамат боласың.

– Жок, – деп шаңқ ете түсті. – Мен туимай (туылмай) жатып ойгем. Анамның кім екенін де бимейім. Ана үйдегі кісілей әке-сесем емес, атам мен апам.

– Сонда анаң сол кісілердің қызы ма?

– Жок, мен естеңе бимеймін. Сұяма менен.

Бәкене бойлы баланың сүрынан адам тіксінердей. Мазаламадым.

Күн батып бара жатқан көкжиекке үздіге қарап, қасқайып тұрған бейнесі әлі көз алдымда. Және де көктемін аңсап, төбмізден ұшып өткен құстардың қиқуы құлағымда қалыпты. Ол құстарды жақсы көретін. 

Көп ұзамай ол ауылдан жұмыс бабымен мен де кеттім.

Бойы аласа болағанымен, рухы биік, жігерлі сол бала кейінгі кезді жиі есіме түсіп жүр. 

Артық не істеп жүр екен?!