Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы: Жұлдыз қонған бала (желілес әңгімелер)
175
оқылды

Авторы: Шырақ

 

Жазаланған әтеш

– Кукарр-рек-куу!

Оқыс шыққан дауыстан селк етіп оянған Жомарт басын жастықтан жұлып алды.

"Ее, ауылда екен ғой, ата-әжесінің үйінде. Әкесі кеше кешкілік жұмыстан босай салысымен, бұларды көлігіне салып ап, түнделетіп ауылға тартып отырған. Мұның жазғы демалысқа шыққаны сол-ақ еді, әкесі алды-артына қаратпай, ауылға ала жөнелген-ді."

Жомарт ұйқылы-ояу қалпы ауызғы бөлмеден дабырлай шыққан дауыстарға құлақ түрді. Ата-әжесі, әке-шешесі дастархан басына жиналыпты.

– "Балам-балам" деп, бетінен қақпай, әбден еркелетіп жібергенсіздер.

– Соны айтам-ау, өз дегені болмаса, көнбейді, қиқар.

– Атамның баласымын деп, бізді тіпті мойындағысы да келмейді.

– Сабағы біткенше, әрең шыдадық. Жаздай ауылда болсын, демалсын (біз де демалайық).

 Әке-шешесі жарыса сөйлеп жатыр.

– Тәйт ары, баладан демалайық дегендерің қай сасқандарың? – деп атасы тиып тастады.

– О несі-әй? Әлі-ақ рахатты менің баламнан көресіңдер ,– деп әжесі де бой берер емес.

Атасы ас қайырған соң, әке-шешесі апыр-топыр жолға жиналды.

Жомарт бір деммен төсектегінен атып ұшып, көзін жартылай уқалай, (киімін де толық киіп үлгерместен) әке-шешесінің ізін ала далаға атып шықты. Бірақ олар бұрылып та қарамастан, көліктеріне отырып, бип-бип деп сигнал берді де тайып тұрды.

"Менен құтылғанша асық!"–деп ойлады Жомарт.

Өшін кімнен аларын білмей, жан-жағына алақтай қарап еді, анандайда күйбең тіршіліктен алыс, бейқам өмірінің кезекті күнін сүріп, бір топ тауықтың арасында қоқылдап қана қойып, маңғаздана басып жүрген қызыл әтешті көрді.

"Әп, бәлем, сені ме!"

Жерден жұдырықтай тасты іліп алып, әтешті дәлдеп жіберіп қалып еді, жан дауысы шыққан әтеш орнынан ұшып түсті де, тауықтар байбаламдап, бытырай қашты.

Мамыражай аула лезде тауықтардың “ойбайына” толды.

– Оның не,балам- ау? – әжесі аңтарылған күйі.

– Қақылдап ұйықтатпады,– деп иығын қиқаң еткізген Жомарт үйге кірді де, төсегіне сұлай кетті.

– Әй, атасы, ана тауықтарды таң атпай қорасынан шығарғанды қой енді, қақылдап баламның ұйқысын бұзады,– деп әжесінің нығарлай сөйлегенін естіп жатып ұйықтап кетті. 

 

Қарлығаштың ұясы

Әжесінің балдай тәтті айранын сіміріп алып, Жомарт салқын үйде төбеге қарап, ойланып жатыр.

Әдеттегідей, кіре беріс бөлменің есігі айқара ашық. Оның себебі – кейінгі кезде ақ тамақ екі қарлығаш осы үйге үйірсектеп кеткен еді. Тұмсықтарына тістеп біресе балшық, біресе шөп-шалам тасып, бөлменің жоғары бұрышына ұя соғуға кіріскелі біраз болды. Өздері тынымсыз-ақ, шыр-шыр етіп бір байыз таппайды.

– Жомартым келіп еді, қарлығаштар да біздің үйге ұя сала бастады,– деп әжесі мәз.

Бірақ Жомарт әжесін түсінбеген күйі, үйге құс ұяласа, оның несі қуаныш екен? 

Бүгін де, міне, қос қарлығаш әппақ қылып әктелген дуалға қара балшықты кіп-кішкене тұмсықтарымен қиюластыра жабыстырып, қыл-қыбыр, жүн-жұрқа тасып әбігер.

Іші пысып, зерігіп жатқан Жомарттың басына тентек ой келді.

Осы қарлығаштарға мергендігін сынап көрсе қайтеді?.. Несі бар, мұндай мүмкіндікті жібермеген абзал.

Дереу төсектен атып тұрып, тастамай жүретін айыр мүйіз рогаткасын үйдің бір тыққан қуысынан кері тауып, есік алдынан қойдың құмалағындай майда тастар теріп әкелді. Сосын рогаткасын оқтады да резеңкесін шірей тартып, қарлығаштарға бағыттағаны сол-ақ екен.

 Есіктен ентелей кірген атасының таяғы Жомарттың май құйрығына сарт етті.

– Жетесіз-ау, мұның не сенің? Қарлығашқа оқ атқанды қай атаңнан көріп едің? О, тоба- тоба!

Түтігіп кеткен атасы немересінің қолындағы рогаткасын жұлып алып, ауладағы ошаққа ұмтылды. Жомарт атасының артынан тәуір жүгіріп, күртешесінен еркелей кері тарта, тоқтатпаққа әлек.

Ошақ басында әжесі қара қазанға баппен шымырлатып ірімшік қайнатуда. Ыңылдай әндетіп, алаңсыз ойда отырған әжесі кенет қолына рогатка ұстап, өзіне қарай өрт сөндіргендей түтіккен күйде келе жатқан шалын көрді, ләм-мим дегенше болмады, аптыға жетіп айырсадақты отқа атып ұрды.

– Ойбай-ау, атасы-ау, жайшылық па? Не болып қалды?

– Не болғанын ана тентегіңнен сұра!

Жомарт жүгірген бетте әжесінің құшағына қойып кетті.

– Балам-балам дегені өтірік! Менен қайдағы бір құсты артық көреді. Сол үшін мені ұрды ғой. Әке-шешем де солай, олар да маған ылғи ұрса береді,– деп қыстыға сөйлеген Жомарт өксіп жылап жіберді.

 

Бұларды кім байлаған?

Ұяда сары уыз балапандардың пайда болғанына бір аптадай уақыт өтті. Биік қылып өрілген ұядан балапандардың өздері көрінбейді, тек шиқылдаған дауыстары ғана естіледі. 

Жомарттың бар ойы балапандарға ауды.

"Түрлері қандай екен? Нешеу екен? Ұстап көрсе ғой...".

Жомарт қолайлы сәтті аңдығалы біраз уақ. Соның орайы бүгін келген сыңайлы.

Атасы пенсиясын алуға ауыл поштасына кетті (зейнетақы берген күні шалдармен әжік-күжік әңгіме айтып, жайырақ келетін). Әжесі, әдетінше, көз шырымын алуға жантайған.

Осы сәтті аңдып отырған Жомарт ауладағы сатыны сүйреп әкеліп, дуалға тіреді де, өрмелеп ұяға жетті.

Міне, қызық! Ұяда сары ауыз бес балапан жатыр екен. Құйтақандай-ау, құйтақандай!

Мұның жақындағанын сезген балапандар мойындарын созып, сап- сары ауыздарын бақаша ашып, жарыса шиқылдай жөнелді.

Ол енді балапандарды ұстап көргісі келді. Қолын жасқана созып, ең шетіндегі балапанды алмақшы болып еді,– ала алмады. Сөйтсе біреу балапандардың аяғын біріктіріп, шырмап байлап тастапты.

Бала таң-тамаша қалды.

Көрген-білгені ішіне сыймаған күйі кешке атасынан

– Ата, балапандардың аяғын кім байлап қойған?– деп сұрады.

– Әй, тентек-ай, ақыры ұяға өрмелеп, балапандарды көрген екенсің ғой?– атасы кеңкілдей күлді.

– Көрдің бе, балам, құс екеш құс та баласының қамын ойлайды. Абайсызда ұядан құлап кетпесін деп, балапандарының аяғын қарлығаштардың өздері байлап қояды. Көзін енді ашқан сары уыз қауіп-қатердің қайдан келерін білер деймісің? Ата-анасы сосын оларды осылай қорғайды. 

Адамдар да сол ғой, балам-ау. Әке-шешем ұрса береді-деп ренжіп едің, білсең, олар саған жаман болсын деп емес, жаман жолдан аман болсын деп ұрсады. Ата-ана айтпаса, бала неме ненің жақсы, ненің жаман екенін қайдан білсін? Олардың ұрысқаны-қарлығаштың балапанын тұсаулағаны секілді, қауіп-қатерден қорғағаны деп білгейсің,– деген атасы немересінің басынан сипады.

 

Қаладан келген бала

"Шіркі-і-ін, каникул деген рахат қой! "Тұр-тұр, сабақтан қаласың!– деп, таң атпастан ешкім жұлқылап оятпайды. "Балаңыздың тәртібі нашар”, – деп әке-шешесінің мазасын алып, мұғалім қоңырау шалмайды. Өз еркің өзіңде, «өзің – би, өзің – қожа!».

Бүгін де, міне, ұйқысы қанып оянды. 

“Жұмыс-жұмыс деп бұлар балаға қарамайды, қарашы, қабырғасы ырсиып, жүдеп кетіпті. Әй, қалада қай бір жөні түзу тамақ бар дейсің, бәрі крәскі”, – деп сөйлей жүріп, әжесі бар тәтті-дәмдісін мұның аузына тосты.

Әжесінің бауырсағын балқаймаққа шылап, соғып алған “батыр” аулаға шықты. 

Аула көрінісі тіптен тамаша: енді түйін тастаған алманың иісі мұрын қытықтап үлгеріп жатыр, ал қою қызыл тартып толған шиелер жұлып жеуге тіптен сұранып-ақ тұр, көбелектер болса әсем қанаттарын жарыса қағып, гүлден-гүлге ұшып-қонып мәз-мәйрам. Зеңгір аспанда ақ мамық бұлттар самал желдің есуімен еріне сырғып бара жатыр.

Шуағын нұрлана шашқан күннен құлаған сәулелер ауладағы жеміс жапырақтарының арасынан сығалап ойнап; ал алыстан, анау жақтан, мұнарлана көрінген тәкаппар кәрі таулардың көрінісі тіптен бөлек-ақ… 

– Сәлем! 

Көрші үймен арадағы шарбаққа сүйеніп, жасы мұнымен шамалас бір қыз қарап тұр екен. Үстінде көк көйлек, шашына да көк түсті түйреуіш қадапты, шорт кескен кекілінің астынан көздері жалт-жұлт етеді.

– Сенің атың кім? Қаладан келдің бе? Нешінші сынып оқисың? – деп бастырмалата сұрап жатыр.

Осы кезде қыздың арғы жағынан әжесі келіп қалды:

– Ботагөз, кіммен сөйлесіп тұрсың? 

Ойбай, жолама қаланың баласына, олар жүлік келеді. Нең бар, аулақ жүр, түрінде тұр ғой бұзық екені, ертең ұрып-соғып кетер, пәлесінен аулақ!– деп бұрқылдай сөйлеп, қызды ертіп кетті. Қыз мұрнын тыржита тілін шығарып, мұны мазақтап та үлгерді.

"Қап, бәлем, сені ме!"

Анадайда қызыл бұзау жайылып жүр еді. Жерге түскен көк түйнек алмаларды жесін деп, атасы алма ағаштың түбіне арқандап қойыпты. Жомарт арқанды шешіп, бұзауды көршінің бақшасына кіргізіп жіберді де, миығынан күліп, өзенге тайып тұрды.

 

Қарбыз пісіп пе?

Ауылдағы балалардың бас қосатын жері – өзен. Бастауын таудан алатын мөлдір өзен ауылды екіге жарып, сылқылдай ағып жатыр. 

Өзен бойы- қаптаған бала, бейне бір балалар патшалығы дерсің.

Ересектеу балалар анандайдан екпін ала жүгіріп, жарқабақтан суға «бомбочка» жасап, күмп етіп секіріп жүр. Тағы біреулер біріне бірі су шашып, енді біреулері ағыспен жарысып қуаласпақ ойнауда. Үшіншілері «Судың астында кім дем алмай ұзақ отырады?» десіп, қызыл кеңірдек болып дауласа, аузы-мұрындарын басып, тереңге сүңгіп жарысумен. Осындай топ ішінде бағанадан суда жүргендерінің астыңғы еріні көгеріп, ендігіде дірдек қағып тоңуға айналған (оны елейтін ойын балалары бар ма!).

Басқа балалар ыстық құмның үстінде арқаларын күнге беріп қыздырып, қолына түскен әлденелері өзен бетімен секірте лақтырып қызықтап отыр.

Қалғандары құрлыққа шықпақ болып қара жердің қиыршық тастарын жалаң табандарына батырып әбідегрленіп-ақ жүр, әттегені – мұндай сәтте судан шыққан әрбір баланы аңдып тұрған ескек жел де демін суыта ал кеп үрлей жөнеледі, дірдектеп тоңып, бүрісіп келіп суықтан пана іздеген күйі бағанадан күн көзіне ысып жатқан жалпақ тастардың біреуіне кеудеңді тосып жата қаласың: пс-с-с... (ту-у-һ, рақаты-ай!).

Несін айтасың, у да шу... 

Өзенінің таяздау жерінде су атысып ойнап, бір топ тақырбас ұсақ бала жүр екен. Өңкей қара домалақ балалар, бастарынан күн сәулесі тайып үлегіп, шағылысып, жылтырап тұр.

Бұл жиынға Жомарт та келген, бірдеңеге қырсыққан қалпы қолы қышып, оларды ұстап алды да:

– Қане, қарбыз пісіп пе, көрейік,– деп шетінен тоқылдатып, кертоқай ала бастады. Жомарттың ортан терегі кертоқай алуға әбден дағдыланған, тоқ етіп тигенде, шыбын жаныңды шырқыратады.

Бастары ауырған өңкей қарадомалақтар бақырып, маңайды бастарына көтерді (бірақ дауыстарын лезде өзең маңындағы шуыл жұтып әкетті). Сорасы ағып жылаған бір-екеуі “Мамама айтам”,–деумен, еңіреп ауылға жүгіре де жөнелді. Қатты алысқа ұзағандары есесін айқайлай мазақтап қайтармақ.

Оларды тастай сала “батыр” ендігі жарқабаққа ұмтылды. Биіктен сальто жасап айналып, айдынға күмп етті. Ойын тарқап, күн қайта әлін су сіңірген күйде үйге келсе, көршілер жақ у-шу, азан-қазан: қызыл бұзау ұрысқақ кемпірдің бақшасын түк қалтырмай таптап тастаған; әлгі таяқ жеген балалар ендігі ата-апасының артына тығыла аулада шағымданып келіп тұр, қысқасы, іші бірнәрсені сезе қойған ол лезде артық дыбыс шығармастан, тыныш қана аяқтың ұшымен, қораның сыртымен зу етіп жоқ болуға дайындала бергені сол еді.

Кенет…

Қораның сыртқы дуалынан құлаған көлеңкені жамылған күйі аяғын сәл сылтып басқан әлгі әтешті көзі шалды, ол болса Жомартқа ақысы кеткен ескі жаудай біртүрлі аңдыса қарайды, сірә, ұмытпаған секілді.

 – Кукарр-рек-куу! (ұмытпапты).

 

Шабандоз

Ауыл тым-тырыс. Аспан айналып жерге түсердей аптап ыстық. Жұрт ыстықтан бас сауғалап, салқын үйлеріне тығылып қалған. Ит екеш ит те тілі салақтап, көлеңке іздеп безіп кеткен.

Тек балаларға ғана күннің әмірі жүрмейді.

Бүгін де, міне, жейделерін бастарына көлеңке ғып, бір топ қара өзенге беттеп келеді.

Өзеннің жағасы тұнған тал-терек. Ыстықтан қорғалап сол тал- теректің ішінде көк майсада бір топ бұзау жатыр.

Жомарттың басына бір ой сап етті.

– Дабай, бұзауларға мінейік!

– Қой-ей, иесі көрсе, көкемізді танытады.

– Иесі қайдан көреді, жатыр емес пе үйлерінде ыстықтан қорқып.

– Рас-ей.

– Кеттік, мінейік.

– Кеттік, кеттік,– деп даурыққан балалар бір-бір бұзауды атша өңгеріп, аяқтарын салбыратып, мініп алды да, үріккен бұзаулар жан- жаққа тапырақтай ал кеп қашты. 

Жомарт мінген бұзау салып-ұрып ауылға тартты. Сол мезетте өтіп бара жатқан көлік жолдың шаңын бұрқ еткізіп тоқтай қалып, ішінен еңгезердей болып, екі үйден кейін тұратын Секен аға атып шықты.

– Әй, иттің баласы,түс бұзаудан!– деп гүр етті.

Жомарт бұзаудан сыпырылып түсіп қалды, жеңілдеген бұзау құйын-перен шауып кетті.

– Мен иттің баласы емеспін! Жомарт Секенге алара қарады. -Менің атым Жомарт.

– Жаман иттің атын Бөрібасар қояды деген. (Секен қарқылдап күлді). Ендігәрі бұзауға мінгеніңді көрсем, аяғыңды шағам, күшік!

Көлігін гүр еткізіп от алдырып, Жомартты қою шаңға көміп жөнеп берді.

"Қап, бәлем,сені ме!"

Ауыл халқы малын қоралап, кешкі асын ішіп, ел аяғы басылғанда, Жомарт демін ішіне тартып, мысықтабандап Секеннің үйін бетке алды.Үйдің шамы сөнулі, шамасы, үйдегілер ұйқыға бас қойған. Осы сәтті пайдаланып, ол бір бұтаның қуысына жайғасып алды да, өзіне тән аса бір талғампаздықпен қолына бірді-екілі “сүйкімді” тасты шақтап жинай бастады, кейін өзі отырған жерден кері бұрылып артқа қарай дәлдікпен төрт адым аттады, қайта кері айналды, осы жолы бар пәрменімен жүгіріп келіп қолындағы тасты терезе ал кеп атып ұрды – «Мә, керек болса!».

Әйнек салдыр етіп, шашылып түсті де, шам қосылып, үйдегілердің у-шуы айналаны алып кетті. Үй иесінің иті арсылдай үре жөнілгені сол екен, көрші ауланың төрт аяқтылары бұл шуды бірінен соң бірі қостай әкетті. 

Ал олардың абдырай шыққан дауысынан Жомарттың аяқтары әлдеқайда тез болған-ды. 

Жомарттың жұлдызы

Түн. Бақтың іші. Мүлгіген тыныштықты шегірткелердің үздік-создық шырылы мен өзен жағасында жарыса бақылдаған бақалардың әні ғана бұзып тұр.

Жомарт тізесін құшақтап көк шалғында отыр. Жападан жалғыз. Тек өзі. Тағы да.

Құлағында Секен ағаның кіжінген дауысы, көршілердің шағымы, көз алдында атасының кейіген жүзі мен әжесінің абдыраған өңі…(ыстық жас).

– Бала емес, бәле немереңіз! Милиция шақырып қаматып тастайтын-ақ бала. Мұндайлардың орны колония. Әттең, сіздің-ақ сақалыңызды сыйлаймын, әйтпесе бар ғой...

– Балам, сен бізді масқара қылдың-ау! «Көрші ақысы-тәңір ақысы», – деп, осы уақытқа дейін бет жыртысып көрмеп едік… Сен үшін қызарам деп ойламаппын осы жасқа келгенде... Ертең әкеңе қоңырау шалам, келіп алып кетсін!

– Қойшы, енді сен де, шал, төндіре бермей. Әдейілеп шақты дейсің бе терезесін, бала неме байқамай қалды да...

Қарағым Секен, сен де бір ашуыңды бер енді. Балам ақылды тентек еді, ондай бұзықтық жасай қоймас ендігіде…

Жомарт жас толған жанарын аспанға аударды. Түнгі аспан тамылжып-ақ тұр. Жұлдыздар мөлт-мөлт етіп, жерге тамып кетердей. Бір өкініштісі – баланың мұңлы назы мен аспанның мамырлы сазы жараспай-ақ тұр.

– Шіркі-і-ін!

Өзімнің жеке бір ғаламшарым болғанда ғой! Сол жаққа көшіп кетіп, енді қайтып келмейтін. Көрер ем сонда, мені қалай сағым қуып сағынатындарын. «Құлыным, құдай бергенім, қайтып оралшы» деп жалынып-жалпайып хат жазып, оны кептерлер арқылы беріп жібереді, сонда оқымай қоямын. Көрсін қалай екенін! Жәй аспаннан қарап отырамын: атамның гараждың төбесіне шығып мені іздеп шақырғанын; көршілердің бар тәтті-дәмдісін мен жесін деп терезесінің алдына тосқандығын; көрші қыз Ботагөздің күнде кешкісін дала шығып, көкке көз тастай бізге оралшы деумен маған қол бұлғағанын; ал Секен ағайдың… өй, қойшы, оны қайтем!.. өзіне де сол керек қой… бәрібір жерге түспей қаймасам...

Осындай бір бала қиялы түнді тербетіп тұрған шақ.

Кенет оның көзі аспанан ауып бара жатқан жалғыз құйрықты жұлдызға түсті. Одан бір жарық сәуле бөлініп, лезде айнала жап-жарық нұрға төгілді. Әлгі жарық сәуле біртіндеп жақындай берді, тақай берді…

О, тоба, бір уақта Жомарттың қолына кеп қонды. Бала қимылсыз, қатып қалды. Бойын бір беймәлім дегбір қуалап өтіп маңдайында ыстық тер боп бұрқ етті. Демі тарылып, алақаны жіпсіп, кеудесінде бір нәрсенің дамылсыз ытқып тұрғанын сезуде және сол нәрсе бойындағы ыстық бір күшті айдап әкеп екі құлағына құйды да, оны қыздырып бара жатты, бірақ Жомарт әлі қозғалыссыз. Жүрегі аузына тығылған қалпы, көкірегін ерекше бір сезім кей сәтте кернейді де іс түссіз жоқ болады, кернейді де жоқ болады... Жомарт құдды бір шаттық пен қорқыныштың ортасында, құдды бір өң мен түстің арасында тұр, кенет: «Ж... ж... жұл-д... жұл-д-ы... жұлдыз! Жұлдыз! Жұлдыз қонды, маған қонды, қолыма қонды! Жұлдыз!»– деп күбірлей берді. Жүрегінің соғысы жиілеп, тыныс алған сайын іш-бауырын әлдебір нәрсе қытықтап жатыр, бұл өзіне бұрын соңды таныс емес, бірақ сондай жағымды да қызық сезім еді.

Осы сәтте үйдің жарығын аулаға лақ еткізіп төгіп, есік ашылды да, әжесі:

– Балам-ау, тоңып қалдың ғой, кір үйге! Төсегіңді салып қойдым, айналайын, ұйықтай ғой, – деп шақырды.

Жомарт қолы дірілдеген қалпы жұлдызды барынша аялай ұстап, төс қалтасына салып қойды да, үнсіз барып төсегіне еніп кетті (жып-жылы екен).

Ұйқысыз түнді ол енді сыбыр аралас ойлармен толтырды. "Жұлдыз жерде не істеп жүр? Бәлкім, адасып кеткен шығар. Отбасысы алаңдайтын болды-ау... Әлде саяхаттап жүр ме екен. Онда маған неге кеп қонды? Байқамай қалған болар. Әлде әдейі келген бе? Бірақ неге? Жұлдыз мені естіп қойған ба? Естіп қойып, келген болса ше? Сонда қалай? А, мүмкін, ол мені түсінеді! Түсінгендіктен келді! Көмектескісі келеді! Мен… Мен… М... Маған жұлдыз қонды ғой? Демек ол мені таңдады! Сонда мен басқалар секілді емеспін бе? Менің өзгеше болғаным ғой? Мен... Мен басқамын? Ме-мен өзгешемін? Демек, ме... Мен… Ерекшемін… Мен ерекшемін!" – деп күбірлеген күйі Жомарттың көзі ілініп кетті.

 

Пирәшки

Көрші әже бақшасында күйбеңдеп жүр, белін сала құлаш орамалымен тас қылып байлап алыпты. Қолында күрек, әсілі, картоп қазбақшы. Күректі картоптың түбіне қадағанымен, қопарып тастауға күші жетпей, әбігер болып жүр. Сыртынан қарасаң, құдды бір кәрі кісі күрекпен күресіп жүрген сияқты, әһілеп-үһілеп мықшың-мықшың етеді. Басындағы жаулығы да біресе көтеріліп, біресе көзіне түседі.

Бұл көріністі анандай жерде, алма ағаштың саясындағы көлеңкеде, қызыл алманы тістелеп қойып, жайбарақат бақылап тұрған Жомарт көріп, сақылдай күліп жіберді. Кенет кілт тоқтады. Қойын қалтасының тұсында бірдеңке дызылдайтын секілді ме. «Бұл қылығым жұлдызды балаға лайық па?» деген ой оны осып өтті.

"Жұлдыз ше? Ол мені көріп, бәрін бақылап тұрған жоқ па... Жә, бұл ісім жарамас, менің жұлдызым бар ғой, жұлдыз мені ғана таңдады емес пе!", «Демек!..» 

– Әже, беріңіз күректі, мен қазып берейін, – деп күрекке жармасқан Жомарт әп-сәтте үш-төрт түп картопты қопарып-қопарып тастады (Шыны керек, мақтанға тоқтай алмай арасында бір-екі қиярды да қопарып жібергені бар).

– Ә-ә-әй, бәрекелді! Азамат деген осы ғой! Өркенің өссін, қарағым! - деді әже алғысын жаудырып. Қазір сен күте тұр, кетіп қалма, айналайын.

Арада сүт пісірім уақыт өткенде көрші әже табақ толы пирожкиді алып жетті. 

– Ботагөзіме картоп қосып пирәшки пісіріп едім, сен де дәм тата ғой, шырағым!". 

Әженің жүзінен мейірім нұры төгіліп-ақ тұрды.

Жомарт болса, тершіген маңдайын жеңімен қайыра сүрткен күйі оғаш қуанышқа бөленді.

 

Жалтырбастар

Үйдің көлеңкесінде бір топ қарадомалақ асықтың қызығына кірісіпті. Бір сызықтың бойына тізілген қызыл-жасыл асықтарды кім бірінші көздейтінін анықтап әуре. «Асығым-асығым, алшы түс!» деп сақаларын кезек-кезек иіруде. «Алшы!», «Тәйкі», «Бүк», «Шік» деп даурығысып, ештемеге мойын бұрар емес. Әлемдік проблеманы шешіп жатқандай-ақ қызыл кеңірдек болып жатыр.

Тақырлап қырып тастаған бастары айнадай жалтырап, кертоқай алуға сұранып-ақ тұр.

– Өй, жүгірмектер, көкелеріңе неге амандаспайсыңдар? – деп тақап келген Жомартты көргенде, бәрінің көзі тас төбесіне шықты.

– Сол үшін бастарыңды дайындай беріңдер, қарбыз ендігі пісіп қалған шығар, көрейік қане. Кім бірінші?

«Мына пәле қайдан сап етті?» – деген қорқыныш үрпиіскен түрлерінен анық көрініп тұрған қара домалақтар мұрындарын қорс-қорс тартып, еңіреп қоя берді.

Ортан терегін шошайтып, кертоқай алуға ұмтыла берді де, Жомарт кілт тоқтады. «Жұлдыз ше? Мұның жұлдызы бар ғой! Жұлдыз бұл қылығын құптамасы анық…»

– Хе-хе! Әзілдедім, ойнай беріңдер, – деді де, кері бұрылып кетті.

Ұзап бара жатқан Жомарттың соңынан өз көздеріне сенбеген жалтыр бастар аңтарылып қарап қалды.

«Мынаған не болған?!»

 

Өзенде

Жомарт өзенге тақап қалды. Мұндай ыстықта таудан аққан мөлдір суға шомылған да бір жан рахаты ғой!

Кенет өзен жағасы абыр-дабыр, у-шу болып кетті.

– Ойбай, суға кетті!

– Ұста! Ұста!

– Алдынан шық!

– Артынан жүз!

– Ақты!Ақты!

Жомарт жанұшыра жетіп келсе, суға батып-шығып бір бала ағып барады екен. Тентек ағыс сылқ-сылқ күліп, баланы жаңқа құрлы көрмей қақпақылдап, әкетіп барады.

Жомарт жейдесін басынан сыпырып тастап, өзенге сүңгіп кетті. Жұлдызы жайлы ендігі ойлануға мұршасы да келмеді. Құлаштай жүзіп, баланы қуып жетіп, жалма-жан жағаға алып шықты.Үш- төрт жасар бала су жұтып, тұншығып кеткен екен, көкпеңбек.

Үрейі ұшқан балалар жан-жақтан қаумалап алды:

– Су жұтып қойыпты!

– Тұншығып кетіпті!

– Не істейміз?

– Енді қайттік?

Қыздар жағы көз жастарына ерік берді.

Жомарт мектепте үйреткендей дереу алғашқы көмек көрсетуге кірісті.

Сұлқ жатқан баланың аузынан үрлеп, екі бетінен кезек-кезек шапалақтады. Сол кезде баланың кірпігі жыбырлағандай болды. Жомарт енді баланың кеудесінен басып-басып жіберді. Бала қақала-шашала дем алып, лоқсып-лоқсып, құсып жіберді. Сәлден соң екі бетіне қан жүгірген бала жыпылықтата көзін ашты.

– Ухх! – Жомарттың иығынан ауыр жүк түскендей болды. 

– Ура! Аман екен!

– Тірі! Тірі!

– Алақай!

– Жомарт азаматсың!

– Жарайсың!

– Еркексің!

– Әй, мәләдес!

Қуаныштан естері шыққан балалар Жомартты қаумалап, арқасынан қолпаштай қақты. Қыздар жағы таласа-тармаса бетінен сүйіп жатыр. (Ерін тиген жерде дуылдап ыстық тап қалды).

Балалар есін жиған балақайды арқалап үйіне әкеп, ата-анасына табыстады, Секен ағаның баласы екен.

 

Дөң басындағы «жиналыс»

Қызуы қайтқан күн ұяла қызарып, ұясына құлдилағанда, ауылдың қарбалас кешкі тірлігі басталады…

Ойпой, шіркін!

Өрістен қайтқан малдың алдынан шығу деген – ауыл халқы үшін тұнып тұрған ол бір “церемония” ғой: күн бойы ыстықтан қорғалап, үйде жатқан аталар, таяқты беліне кере тартқан әжелер – ауылдың үлкендері – қоңыр салқында малды сылтауратып, бір жағынан, замандастарын көру үшін осы дөң басына қарай аяңдайды...

Бастары қосылған соң аттың басын жібереді-ау бір…

Бұл жерде қандай әңгіме айтылмайды дейсіз, ауылда кімнің иті күшітегеннен басталып, соңы айдалада Америкадағы Трамптың Ақ үйінен бірақ шығады.

Дөң басы әжік-күжік әңгіме, ду-ду күлкі…

Осы жерде кәрі құрдастар бір жасап қалады. Бұған малдың алдынан шыққан ойын балаларының шуылы қосылып, одан сайын әрлей түседі. Әңгіменің нақ қызған шағында өңіреп-мөңіреп табын да жетеді.

Желіндері жер сызған сиырлар бүлкектей басып, азан-қазан мөңіреп, бұзауларына жеткенше асық. 

Іле-шала қою шаң арасынан үздік-создық маңыраған дауыстары ғана естіліп, ай мүйізді ақ серке бастаған бір отар қой-ешкі тұяқтарын сыртылдата басып, келе жатыр.

Осы кезде дөң басындағы “мәжілістің” сиқы кетеді: 

–Әукім-әукім!

– Әйт, шу! 

– Пүшәйт-пүшәйт!

– Әй, қайыр анау сиырды!

– Өйй, мына қарасан қайда тартты?!

– Өк! Өк, былай!

– Еййй, менің көк қошқарым көрінбейді ғой?

– Үйбәй, мынаның аяғы ақсап қапты қой…

– Шек, шек, кебенек!

– Былай, былай жүр!

“Мәжілісмендердің” әрқайсы өз малын бөліп алған соң, алдарына салып, таяқтарын ербеңдете айдап үйлеріне қайтады.

… Жаңағы у-шудың ізі де жоқ, дөң басы дым болмағандай, тым-тырыс, мүлгіген тыныштыққа бөгіп қала береді.

 

Жұлдыздың сыры

Кешкі қарбалас саябыр тапқанда, қаладан салып-ұрып Жомарттың әке-шешесі келді. Айтуларынша, Жомартқа керемет бір жазғы лагерьге жолдама алып қойыпты. Сол үшін түнделетіп қалаға алып қайтпақ екен.

"Баламыз алысқа ләгірге кетіп барады, баталарыңды беріңдер”, – деп атасы мен әжесі жығылып-сүрініп, қазанға ет салып, шешесі қаладан ала келген тәтті-дәмдісімен дастархан жайып, көршілерді шақырды.

Жиылған қонақтардың әңгімесі Жомарт болды. Жомарттың қол-аяғын жерге тигізбей мақтап, осындай ақылды, батыл, қолғанат бала өсіріп отырған ата-әжесі мен әке-шешесіне алғыстарын айтып, ізгі тілектерін жаудыруда.

Ет желініп, шай ішіліп болған соң атасы Жомартқа батасын берді:

Жортқанда, балам, жолың болсын,

Жолдасың Қыдыр болсын!

Алғаның алғыс болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Басыңа ырыс-бақ қонсын!

Қалтаң байлыққа толсын,

Бір толмасын, жылда толсын!

Қатарыңнан озған ерен бол,

Көл түбіндей терең бол!

Сынай қалса – құлақ сал,

Мақтай қалса –керең бол! 

Әумин!

 – Әумин, әумин.

Ас қайырылып, қонақтар «тойдан–тобықтай» деп бір-бір пакеттерін қолға ұстап, үйге тарай бастаған кезде, ата-әжесі ауылдың дәмі ғой деп сәлем-сауқаттарын ыңғайластырып жатыр. 

Сол бір қарбалас уақытты пайдаланып Жомарт баққа кіріп кетті. Төс қалтасындағы жұлдызды аялай алып шығып: «Рахмет саған, жұлдыз!» – деп сыбырлаған күйі алақанын түнгі аспанға тоса ашты.

Жұлдыз баяу қозғалып, биікке көтеріле берді, көтеріле берді.

«Ее, мен сияқты тағы бір тентекті жөнге салуға асығып барасың-ау, шамасы…»

Жарық қоңыз болса қанатын жайып, түнгі аспанға сіңіп кетті.

– «Қош бол, жұлдызым!..»