Авторы: Jas_qalam
Дәстүрлі қоғамда қастерлі, киелі ұғым аманат сөзі мемлекетшілдік сана қалыптастыруда ерекше рөл атқарды. Соған орай, қазақ елінде «аманат аман сақтайды» деген қасиетті ұғым қалыптасты. Бұл жердегі аманаттың адамды қорғайтын түсінікте ұлттық тәлім-тәрбие қайнары мен қай кезеңде болсын өз Отанын қорғау жатыр. Қарумен соғысқан заманда жеңіліс тапқанын көздерімен көріп өскен Алаш қайраткерлері Алаш аманаты интеллектуалдық қарсыласу жолын таңдады. Сол үшін Алаш аманаты Қазақ мемлекеттіліктілігін қайта қалпына келтіру жолындағы ерекше кезең екенін естен шығармауымыз керек. Алаш қайраткерлері ұлт алдындағы өздерінің ағартушылық миссиясын өте жақсы түсініп, Алашорда үкіметі құрамында бастап, аяқталмай алған қалған қазақ жастарына оқу құрал мен әдеби шығармаларды шығару жұмысын кеңес үкіметі құрамында жалғастырып, бастаған істерін аяғына дейін жеткізіп кетті. Сол шығармалары кеңестік жастарға Алаш идеясын аманаттап саналарына сіңірді. Алаш идеясы ХХ ғасыр басындағы ұлт азаттығы жолында бастарын бәйгіге тіге отырып интеллектуал ұлт қалыптастыру жолында елінің рухын оятып, ағартушылыққа бастаған қайраткерлердің мемлекетшілдікті жаңғыртуы еді. Алайда кеңестік билік Алаш идеясына тиым салғанымен халық санасында сақталуына өз үлестерін қосқан азаматтар болды. Сондай тұлға кеңестік кезеңде тарихи сабақтастықпен жібін үзбей жеткізген бір жан болса ол ақын, ғалым Бүркіт Ысқақұлы болар еді. Сондықтан да, біздің осы мақаланы жазудағы мақсатымыз кеңестік кезеңде Алаш аманатына қан жүгірткен тұлғаның 1930-1957 жылдардағы өмір жолы мен қайраткерлік қырын адам идеяларын құрудың, сақтаудың және өзгертудің тарихи процесі туралы ғылым идеялар тарихы аясында қарастыру.
«Идеялар тарихы» пән ретінде негізін қалаған американдық ғалым Артур Лавджой: «Идеялар тарихы тек тарихи факторлардағы белгілі бір топқа ғана қатысты және олардың дәстүрлі түрде бір-бірінен тәуелсіз деп саналатын зияткерлік әлем салаларында жұмыс істеуінен байқалады; ол әсіресе әртүрлі салалардың өзара әсер ету процестеріне қызығушылық танытады» [1; с. 21], – дейді. Расымен де Алаш идеясы негізін салған Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы әр саланың кәсіби мамандары болса да ағартушылық бастарын бір арнаға тоғыстырды және қазақ халқын интеллектуалды ұлт болуға бар күш-жігерін аямай сарпыды. Алаш қайраткерлері қалыптастырған Алаш идеясы мен ағартушылық кейбір кеңестік жастар санасына мықтап орнады. Оны біз қарастырғалы отырған тұлға Бүркіт Ысқақұлы мысалынан көре аламыз.
Бүркіт Ысқақұлы 1924 жылы 4 қарашада қазіргі Қарағанды облысының Нұра ауданына қарасты Көкмөлдір ауылында дүниеге келген [2; 10 б.]. Бүркіт атасы Ыбырайдың (Ибрагим), көкірегі ояу әкесі Ысқақ пен халық ауыз әдебиетінің білгір әжесі Күнбала мен көзі ашық анасы Нұржамалдың (Қаймақ) тәлім-тәрбиесін көріп әдебиет әлеміне құштар болып өседі. Оған жас кезінде Ыбырай атасы 1909 жылы жарыққа шыққан Абай Құнанбайұлы өлеңдер жинағын Жақия Айнабековтен атан түйедей қалап алып үйіне әкеп, келініне оқытқызып Бүркітке жаттатып өсірген [3; 14 б.] Біздің Бүркіттің тұңғыш баласы Айгүлмен сұхбатында: «Әкем жас кезінен әдебиетке өте жақын болған, С. Сейфуллин, І. Жансүгіров кезінде репрессияға ұшыраған ақындардың шығармаларын оқыған. Соларға ұқсаймын деп жігерлі болған екен, өте білімге құштар болып, көп кітап оқыған. Осы кісілердің шығармаларын оқып ұқсағысы келген» [4], – дейді. Ежелгі жыр-дастандар мен қоса Сарыарқаның сайын даласының тарихын ата-әжесінің аузынан құлағына құйып ер жетеді. Соның дәлелі Нұра жеріндегі Айдаһарлы үңгірінің халық аузындағы аңызы негізінде Бүркіт Ысқақұлы жазған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр» өлеңінің желісімен қазақ халқының алғашқы мультфильмін Әмен Хайдар түсіреді [5].
1931 жылы Көкмөлдір бастауыш мектебінің 1 сыныбының табалдырығын аттаған. Мектеп оқушысы кезінде Бұқар Жырау, Абай Құнанбайұлы, Махамбет Өтемісұлы өлеңдірі мен жырларын жатқа айтатындықтан мектеп мұғалімдері «Қиссалар хрестоматиясы» деп атап кеткен [6; 290 б.] Сол сөзге қанаттанып өлең жазуды қолға алып мектеп қабырға газеттеріне шығарған. Осы мектеп кезінде Сәбит Мұқановтың «Адасқандар» (Мөлдір махаббат) романындағы кейіпкерден Бүркіт есімін өзіне таңдап алған [7; 30 б.].
Бүркіт балалық шағынан бастап ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллин есімімен әбден қанық, шығармашылығымен танысып өседі. Өйткені дүниеге келген жері Көкмөлдірде Сәкен Сейфулиннің жары Гүлбаһрам ұзатылған болатын. Осы жайды өз естелігінде: «1927-жылы Сәкен біздің ауылға келіп, онда Жақия, Қайып, Салық Айнабекбековтердің үйіне түсіп, солардың немере қарындасы Гүлбаһрам Батырбековаға үйленген екен. Гүлбаһрамның ұзату тойы Көкмөлдір өзенінің бойында өтіпті» [3; 15 б.], – дейді. Бала қиялы асқақ болатыны сөзсіз. Балалар сол кезеңнің батырлары Чапаевтай батыр, Чкаловтай ұшқыш болсам деп армандайтын. Ал Бүркіттің мектепте оқып жүргеннен бастап кітапта Сәкен өлеңдері немесе фотосы қасынан қалмайтын. Сәкен Сейфуллин табынған тәңірі, тұтынған пірі, ұстанатын ұраны, идеал көретін. Бала Бүркіт арман-қиялы Сәкендей ақын, жазушы болсам, еліме қажетті кітаптар жазсам, ұлтыма Сәкендей сыйлы азамат болуды қалаған.
Қазақ даласы ашаршылық алапатынан әзер шығып келе жатқанда 1933 жылы атасы мен әжесі қайтыс болуы оқушы Бүркіттің өміріне қиындықтар ала келді. Алайда қайтсемде баласын оқытам деген Ысқақ 1934 жылы Дәржан қарындасына ертіп Қарағанды қаласына жібереді. Қарағанды қала мәртебесін алған мезетке келуі дәл келеді. Өзінің естелігінде сол кезеңдегі алғашқы интеллегенция өкілдері деп сипаттайтын сол кездегі мұғалімдер Қасымжан Алпысбаев, Сұлтан Иманбаев пен «Қарағанды пролетариаты» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің редокторы Піспек Жұманов, атағы жер жарып тұрған, Қарағанды облыстық радиокомитетінің әншісі, Жаңыл Қартабаевалар жас баланың көңіл көкжиегінің өсуіне ықпал етеді. Ауылынан ұзап шыққан бала Бүркіт сағынышын 1935 жылы наурызда Қарағанды қаласында мектеп оқып жүргенде «Анама хат» деген алғашқы өлеңін жазған:
Жолдаймын дұғай сәлем анамызға,
Ең жақын жанашырым панамызға,
Сағындым, анатайым ақ жүзіңді,
Қасыңа нәсіп болып барамыз ба?
Сәлем де Қарағанды қаласынан,
Мұндағы оқудағы баласынан,
Мен жүрмін жүдеп-жадап, арып-ашып,
Зарыма құлағыңды саласың ба? [8; 4 б.].
Осындай сәлем хаттардан кейін Нұра ауданында алғашқы ашылған білім ошақтарының бірі Казгородок мектеп интернаты қайтып келіп оқуын жалғастырады. 1932 жылы Нұра ауданы Қарағанды облысының құрамына кіргенде Казгородок (қазіргі таңда Кертінді) кенті орталық болған. Осы мектепте әдебиет пәнінің мұғалімдері Рақым Асаубаев, Қабден Рахметов, Мұқаметжан Баймолдиндер қазақ және шетел ақын-жазушылардың жауһар туындыларының білім нәрімен сусындатады. Осы мектепте Бүркіт 1938-1939 жылдары «Жас әдебиетші» үйірмесін құрып қатарластарының әдебиетке құштарлығын оята білгені турасында Махмет Темірұлы: «Бүркіттің ықпалымен бұрын кітап оқымайтындар енді кітап оқуға құмарлана бастадық. Мектепте әдебиет кітаптарын оқытатындардың саны көбейді. Сөйтіп Бүркіттің бастауымен «Жас әдебиетші» деген үйірме құрдық» [7; 30-31 бб.], – дейді. Үйірме жұмысына Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аққошқар Мұқанов, Жанайдар Әубәкіров, Жүсіп Сүлейменов, Кәмали Рахметов, Рақыш Бұйрабеков, Ақаш Мұқанов, Әшім Сүлейменов сияқты оқушылар белсене қатысқан. Үйірме жұмысын әдебиет пәнінің мұғалімі Мұхамеджан Баймолдиннің көмегімен жүргізіп отырған. Үйірмеде сол кезеңде «халық жауы» атанған Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл ат» поэмасын әкелгені жайында: «Бүркіт біздерге Сәкенді ерекше сүйетіндегін айта келіп, «Қызыл ат» поэмасын мәнерлеп оқып берді. Поэманы талдай келіп, әңгімені қазақ халқының 1932-1933 жылдардағы аштан қырылуы туралы өрбіте түстік. Бәріміз де аштық нәубатын көзімізбен көріп, басымыздан өткерген екенбіз» [7; 31-32 бб.]. Әр жастың басынан кешкен қасіретімен сабақтас «Қызыл ат» поэмасын талқылап, оның не себептен болғанын, ұлт қайғысының қайдан шығып жатқанын саналарына сіңіру жолында бала Бүркіт ат салысқанын тағы да куәсі боламыз. Жаппай репрессия құрбанына айналған ұлт қайраткерлерінің еңбектерін оқу арқылы жастардың санасына Алаш идеясынан бала Бүркіт өзі нәр алып, қатарластарына себе білді.
Бүркіт кеңестік биліктің іске асырылған қазақи жер-су атауларын өз қалауларына қарай өзгертуі халықтың санасынан тарихи атауларды өшіріп орыстандыру саясатын жүргізгендігінің өз көзімен көріп туып өскен жері Көкмөлдір ауылының атауы «Өндіріс», «Ұзақбай», «Сәкен», «Октябрьдің қырық жылдығы» атындағы колхоз, «Чернигов» совхозының үшінші фермасына айналғанына жастайынан наразы болып ер жетеді [3; 14 б.].
14 жасқа келген Бүркіттің өзегіне өрт түсірген оқиға орын алады. Ол әкесі Ысқақтың халық жауы болып ұсталып кетуі еді. Осы турасында Қазақстан Республикасы Президент архивіндегі құжатта 1951 жылы 18 қаңтарда 23:40 басталып 00:45 біткен айыпталушы Б. Ысқақұлынан жауап алу хаттамасында: «Сұрақ: Сіздің туыстарыңыздан кімдер Кеңес үкіметі тарапынан қуғын-сүргінге ұшырады?
Жауап: 1938 жылы менің әкем – Ысқақ Томпақов қамауға алынып, сотталды. Кеңес өкіметі органдары тарапынан басқа туыстарым қуғын-сүргінге ұшыраған жоқ» [9], – деген жолдарды көреміз. Бала Бүркіттің тағдыр соққысын талай мәрте тартып, жүрекке қатқан кек ерте есейіп ер жеткізеді.
1940 жылы Кертінді мектебін бітіріп 1938 жылы ашылған Қарағанды мұғалімдер институтына оқуға түседі. Сол уақыттағы еліміздің жоғары оқу орындарының бірі Қарағанды қаласында ашылу себептерінің бірін Қ. Жуасов: «1938 жылы КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің шешімімен Орталық Қазақстанда жоғары білімнің негізін қалаған Қарағанды мұғалімдер институты ашылды. Осы уақытқа дейін Қарағанды, Балқаш және Жезқазған республиканың социалистік индустриясының орталықтарына айналды және педагогикалық кадрларға мұқтаж болды» [10; с. 6], – деп көрсетеді. Алайда біздің ойымызша КСРО үшін Қарағанды экономикалық тиімді аймақ ғана емес, саяси басқаруы өзінде болған «КарЛаг» – Қарағанды лагерлер жүйесіне де қажет еді.
Бірінші жылы институтта орыс және қазақ тілдерінде оқытатын тарих және филология факультетінде марксизм-ленинизм, тіл және әдебиет, тарих, педагогика және психология, дене тәрбиесі кафедрасында 117 студент оқыған [11; 6 б.]. Осы Қарағанды мұғалімдер институты Ішкі істер халық комиссариатының негізгі жұмыс көзіне айналды. Өйткені Қарағанды мұғалімдер институты қалыптасу кезеңінде Мәскеу, Саратов, Ленинград, Алматы және тағы да басқа қалаларынан арнайы шақырылған профессорлар мен оқытушылардан бөлек ҚарЛаг (Қарағанды лагерь) жүйесінде жазаларын өтеп жатқан ғалымдарды да жұмысқа тартқан. Осы турасында архив құжатында: «1939-1940 жылдар аралығында Қарағанды мұғалімдер институтында жұмыс істеген мұғалімдер тізімі: Рымарев, Мамиконян, Кобыляцкий, Абишев, Ткаченко, Нарешев, Спасибенко, Байтасов, Романовская, К. Меделец, Наумов, Табышева, Богословский», – дерек сақталған [12]. Бұл тізімдегі КарЛаг тұтқыны, 1940-1946 жылдары Қарағанды мұғалімдер институтында сабақ берген профессор П.С. Боголовский (1890-1966) Ресей және кеңес әдебиетшісі, фольклорист, этнограф, профессор, Перм университетінің тарих-филология факультетінің орыс әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (1922-1931, 1947-1948), Императорлық Петроград археологиялық институтының толық мүшесі, 1928 жылдан Орыс Географиялық қоғамының толық мүшесі болған ғалым еді [13]. Сондықтан да Ішкі істер халық комиссариаты Қарағанды мұғалімдер институтын ұлтшылдықтың ошағы ретінде қатаң қадағалауға алынды.
Қарағанды мұғалімдер институтын қадағалау өз жемісін берді. Осы жайында Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссары, мемлекеттік қауіпсіздік аға майоры А.Н. Бабкин мен Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік халық комисариатының құпия-саяси бөлім бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік аға лейтенанты М.Н. Головковтің № 20489 аса құпия белгісімен 1941 жылдың 8 мамырында облыстық басқарма басшыларына арналған жазбасында Қазақ КСР мектептері мен жоғары оқу орындарының студенттері арасында антикеңестік топтар құруға және Кеңес өкіметіне қарсы күрес ұйымдастыру әрекеттері қуғын-сүргінге ұшыраған халық жауларының балалары әке-шешесі мен жақын туыстарының тұтқындалғаны үшін кек алуды көздеген жағымсыз тенденциялардың бар екенін көрсетеді [14; 445 б.]. Алматыда да, республиканың барлық облыстарында да оқушылар мен студенттер арасында кеңеске қарсы күрделі құрылымдар әшкерелегенін айтады. Соған мысал ретінде, 1940 жылы ақпанда Қарағанды Ішкі істер халық комиссариаты басқармасы контрреволюциялық әрекеттері үшін ата-аналары НКВД репрессиясына ұшыраған, негізінен Қарағанды мұғалімдер институтының студенттері болған бір топ жастарға қатысты «Союз» (Одақ) деп аталатын барлау ісі бойынша жеті адамның тұтқындалғанын айтады [14; 447 б.].
Антикеңестік жастар тобын бұрынғы мұғалімдер институтының студенті, кейін Қарағандыдағы мектептің пионер жетекшісі, контрреволюциялық әрекеті үшін НКВД өлім жазасына кесілген бұрынғы ақ гвардияшы офицердің баласы – Т. құрды және Кеңес үкіметіне қарсы күресу үшін антикеңестік жастар ұйымын құрған. Осы ұйым жетекшісі жастарға антикеңестік өлеңдер оқыған, ұйымды тізбек арқылы басқару қарастырылған, топ мүшелері бағдарламаны, жарғыны, туды, әнұранды, мүшелік жарнаны, антикеңестік топқа жаңа мүшелерді алуды талқылады.
Контрреволюциялық жұмысқа адалдық туралы ант берген. Т.-ның анты: «Міне одақтың өзін-өзі ұйымдастырған төрт мүшесі жиналды. Осы төртеуінен басқа әзірге ешкім жоқ. Бір-бірімізден қорықпай жұмыс істей алуымыз үшін, мүшелеріміз бір-біріне адал болуы үшін, құпияны күшейту үшін әрқайсымыз ант беруіміз керек. Алдымен мен бастайын...
...Маған сеніп тапсырылғандай Кеңес өкіметімен өмірімнің соңына дейін күресемін деп ант етемін. Ал егер мен сөзімде тұрмасам, онда мен өлімге лайықпын және сатқындық үшін немесе қажет болса жұмыс істеп жүріп өлемін. Біз жалғыз емес екенімізді анық білемін, аға ұрпақтың үлкен одақтары бар, бізде қорқатын ештеңе жоқ...» [14; 448 б.], – дейді. Коммунистік билік антикеңестік жастар ұйымы мүшелерінің белсенді әрекеттерінен шошыған, өйткені студенттер мен мектеп оқушылары арасынан жаңадан қабылданғандар арқылы мүшелерінің айтарлықтай өсуіне әкелуі мүмкіндігінен қорыққан. Қамауға алынған жеті адам тергеу барысында антикеңестік жастар ұйымына қатысқанын толық мойындаған.
Тағы осы, Қарағанды мұғалімдер институтына қатысты «Разлагатели» (Іріткі салушылар) ісі бойынша бес жас жауапкершілікке тартылады. Осы жайында 1944 жылдың қаңтарында НКВД тергеу басқармасының кіші тергеушісі Егоровтың «Абрахманов Х., Магрупов А. және тағы бес адамға қатысты архивтік тергеу ісіне шолу» жазбасында: «1941 жылы шілдеде НКГБ-ның Қарағанды облысы бойынша басқармасы «Разлагатели» барлау ісінің жедел жою нәтижесінде қамауға алынғандар:
1. Хамит Әбдірахманов, 1920 жылы туған, кәмпескеленген байдың баласы, бұрын сотталмаған, мұғалімдер институтының студенті.
2. Аглам Магрупов, 1921 жылы туған, контрреволюциялық әрекеті үшін сотталған азаматтың ағасы, бұрын сотталмаған, мұғалімдер институтының бұрынғы студенті.
3. Қуаныш Рахымбеков, 1916 жылы туған, байдың баласы, 1940 жылы желтоқсанда РСФСР Қылмыстық кодексінің 74-бабының II бөлімімен бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Оған айып тағылғанға дейін ол НКВД-ның еңбек колониясында болған.
4. Исламқайыр Кемелбаев, 1920 жылы туған, байлар көтерілісіне қатысушының ұлы. 1940 жылы желтоқсанда РСФСР Қылмыстық кодексінің 74-бабының II бөлімі бойынша үш жылға бас бостандығынан айырылды. Ол қылмыстық жауапкершілікке тартылғанға дейін НКВД-ның еңбек колониясында болған.
5. Заржан Рахымжанов, 1922 жылы туған, бұрынғы байдың баласы, сотталмаған» [15]. Бұл іс бойынша тергеу жоғарыда аталған қазақ студенттерінің Қарағанды мұғалімдер институтында болған антикеңестік ұлтшыл топтың құрамында болғанын анықтады. Оның мақсаты институттағы тәртіпті бұзу, оқу іс-әрекетіне кедергі жасау, партия мен үкімет шараларына нұқсан келтіру мақсатында институт студенттері арасында кеңес үкіметіне қарсы диверсиялық жұмыс жүргізу болған. Олар студенттерді ұлтшылдық рухта тәрбиелеп, Кеңес үкіметіне наразылық туғызды, институттың профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттік комсомолдардың беделін түсіру үшін наразылық акцияларын ұйымдастырған. «Іріткі салушылар» деп айдар таққан антикеңестік топ Қарағанды мұғалімдер институтында болған антикеңестік ұлтшыл қай топтың құрамында болғанын анықтау мәселелерін қарастыруымыз керек.
Қарағанды қаласында 1941 жылдың 27 маусымында Қарағанды облысының прокуроры, Чувакиннің қамауға алу туралы рұқсатын алып, 28 маусымда НКГБ Қарағанды облыстық басқармасының бастығы, мемлекеттік қауіпсіздік капитаны А.П. Демидовтің бекітуімен Хамит Әбдiрахмановты қамауға алу ордерінде: «НКГБ Қарағанды облысы бойынша басқармасының жедел уәкiлеттi өкiлi мемлекеттiк қауiпсiздiк сержанты Тұрсынов 1920 жылы туған, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданының № 2 ауылдың тумасы, Қарағанды мұғалімдер институтының студентi Хамит Әбдiрахмановтың қылмыстық әрекетi бойынша НКГБ дирекциясына түскен материалдарды қарап шықты. Анықталғаны: кәмпескеленген байдың баласы Әбдірахмановтың өз көзқарасы бойынша антикеңестік көзқараста болып, Қарағанды мұғалімдер институтында антикеңестік ұлтшыл топ құрған. Ол топтың жаңа мүшелерін кеңеске қарсы әлеуметтік жағдайдағы студенттер қатарынан жинап, ұлттық фашистердің және Алашорданың контрреволюциялық идеяларын соларға таратып, іріткі жұмыстарын жүргізген. Топ мүшелерін бұрын топтың бірқатар мүшелерін әшкерелеген коммунист студенттермен күресуге бағыттаған» [15], – дейді. Қарап отырсақ, Алашорда деп жалпы атаудағы Алаш идеяларын жастар санасына сіңіру жолында қызмет жасағандығын көреміз. Осы істеген антикеңестік жұмыстары үшін 1941 жылы 10 сәуірде Қарағанды облыстық соты Х. Әбдірахмановты 10 жылға бас бостандығынан айыруға және 5 жылға құқығынан айыруға үкім шығарды; Магрупов пен Кемелбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыруға және 3 жылға құқығынан айыруға; Рахымбековты 10 жылға бас бостандығынан айыруға және 5 жылға құқығынан айыруға; ал Рахымжанов ақталған [15].
Алайда осы жылдардағы кезеңдегі Ішкі істер халық комиссариатының жұмысы турасында Ж. Кыдыралина: «в 1940-е-начале 1950-х гг. в системе органов государственной безопасности продолжалась неконституционная практика фабрикации «антисоветских заговоров», искусственного «создания» спецслужбой «подпольных центров и организаций» и т.д. [16; с. 164], – деп өз ойын білдіреді. Алайда осы істер қолдан жасалса да, жанындағы серігі деп сенген жанның комитет қызметіндегі адам екенін білмей бар сырын айтып, бір партиялық жүйеде өзгеше ойлап, өз ойларын жасырмай айтқан жастардың бұл істеп жүргендері ерлікпен пара-пар деп санаймыз.
КСРО әр өңірінен келген профессорлар мен оқытушылар Бүркіт Ысқақұлы сияқты студенттерге сабақ беруі ой өрістерінің жетілуіне септігін тигізді. Сол института әр түрлі үйірмелер жұмыс істеді. Олар қазақ әдебиеті мен қазақ тілі пәнінің оқытушысы Айтбай Нарешевтің жетекшілігімен құрылған «Жас қалам» әдеби үйірмесі, Сатенина Филиповна Мамиконян басқаратын орыс әдебиеті мен Константин Иосифович Меделец басқаратын тарих үйірмелері еді. Осы үйірмелереге студент Бүркіт белсене қатысады. Осы турасында Алматы қаласында 1951 жылы 23 қаңтарда тұтқындалғаннан кейін айыпталушы Б. Ысқақұлының жауап алу хаттамасында: «Қарағанды мұғалімдер институтына оқуға түскеннен кейін қазақ әдебиетінің тарихы мен дамуы және өткен ғасырлардағы жазушылар мен ақындардың шығармаларына қызыға бастадым. Бұл тұрғыда менімен бірге Махмет Теміров пен Аманжол Дүйсенбаев жұмыс істеді. Әдебиетке, оның тарихына деген құштарлығымызды ұстазымыз Айтбай Нарешев тез байқап, бірте-бірте мені жақын тарта бастады, үйіне қонаққа шақырып, бауырымен бірге өзінің мол кітапханасын пайдалануға мүмкіндік берді» [17], – дейді.
Жоғарыда аттары аталған ұстаздардың әлемдік деңгейдегі білімдері мен қажыр-қайраттары студенттердің тұлға ретінде қалыптастыру жолында еңбектері еш кетпеді. Алаш қайраткерлерінің және жас «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелерінің қайраткерлік тұлғаларының қалыптасуында ұқсастықтарды көреміз. Олар:
Біріншіден, қазақы қайнардан қанып ішкен ұлт тұлғалары;
Екіншіден, бұрынғы Ресей империясының жоғары оқу орны ұстаздарының оқытуы;
Үшіншіден, саясаттың салқын ызғарын сезінген қазақ халқы болашағын ойлаған ұлт қайраткерлері болды.
Студент Бүркіт қолжазба журналы шығып тұрған «Жас қалам» әдеби үйірмесінде жүрген кезінде Алаш қайраткерлерінің, оның ішінде Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал», Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ» және Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті», 1-бөлім, «ұлтшылдық дәуірі» («Қазақстан» баспасы, 1932 жыл, Қызылорда) латын әрпімен шыққан кітаптарын үйірмеге алып келіп студенттермен бірге талдайтын [18, 33 б.], – деп жазады. Осы кітаптарды оқып шығып Алаш партиясы халықтың мұңын жоқтаған партия екеніне толық көздері жетеді және болашақта осы тектес ұйым құру қолға алынады. Мысалға, Ахмет Байтұрсынұлының:
Қазағым елім,
Қайқайып белің,
Сынуға тұр таянып.
Талауда малың,
Қамауда жаның,
Аш көзіңді оянып!
Қанған жоқ па әлі ұйқың,
Ұйықтайтын бар не сиқың?! – деген өлеңдерді оқып халықтың нағыз досы Алаш партиясы сияқты өз еліне қызмет ететін партияның керек екенін түйсінеді. Саналы да арлы жастардың көкейлерінде «біз келешекте не істеуіміз керек» деген сұрақ мазалайды. Оған жауапты Мағжан Жұмабайдың:
Кене мен Абылайдың жолын қумай.
Жапанда жайылудың мәні қалай?! – деген өлең жолдарынан табады [19; 86 б.]. Өздерінің келешекте қазақ халқының азаттығы, тәуелсіздігі үшін күрескен Абылай мен Кенесары хандардың жолын қууға бел байласады. Осы КСРО қарсы күрес жолына түсуін: «Менің кеңеске қарсы ұлтшылдық көзқарастарым 1940 жылдан 1942 жылға дейін Қарағанды мұғалімдер институтында оқыған кезімде қалыптасты. Институтқа түскеннен кейін, ұстазым Нарешевтің, сондай-ақ Омар Қарашев, Сұлтан-Махмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев және басқа да жазушылардың ұлтшылдық шығармаларының ықпалымен, сондай-ақ кеңестік режимге де, партия мен кеңес үкіметінің ұлттық саясатына да наразылық білдіріп, ақыры кеңестік режимге қарсы күрес жолына түстім» [20], – деп жауап береді.
Институт қабырғасында студент Бүркіттің суырып салма ақындығы мен қайсарлығын мына естеліктен көреміз: «Тарих сабағының мұғалімі Қабзәкір Байтасов студенттерден карта алдында сабақ сұрайды. Кезек Бүркітке келеді, мұғалім оған күлімдеп: «Сен, шын ақын болсаң осы картаға қарап тұрып, көп ойланбастан бір ауыз өлең шығарып жіберші», – дейді. Сонда ол қомданған бүркітше ширыға түсті де, көп ойланбастан:
«Уа, Азия, ұлысың,
Ұлылығың құрысын.
Құрысын демей не дейін,
Еуропаның құлысың», – дегенде мұғалім де, тыңдап отырған біздер де Бүркіттің ақындық алғырлығына өте риза болып, сүйсініп қалдық» [21; 51 б.]. Осы өлеңді Б. Ысқақұлы өз аузынан естігенін жауап беру хаттамасында ....... былай деп жеткізеді: «Қарағанды мұғалімдер институтына түсу емтихандарын тапсырып жатқанда, Ысқақов география пәнінен қазақ мұғалімі өткізетінін түсіндірген. Емтихан алдында әлгі мұғалім оған: «Сен жас ақынсың. Міне, Азия картасы. Осы карта туралы өлең жазшы? Мен саған баға қоямын», – деген. Ысқақов келісіп, келесі мазмұндағы өлең шумағын жазды:
«О, Азия, Азия сұлусың ғой,
Сұлулығың құрысын –
Европаның құлысың ғой» [22]. Осы екі деректен кімнің айтқанының дұрыстығын анықтайық. Біріншіден, Қарағанды мұғалімдер институтында сол кезеңде тарих және филология факультетіне түсуге келген талапкерді география маманы емитихан қабылдады деген ешбір қисынға келмейді. Екіншіден, енді институтқа оқуға түсуге келген талапкер өз антикеңестік ойын ашық айтып жеткізу біздіңше мүмкін емес еді. Үшіншіден, жоғарыдағы Қарағанды мемлекеттік облыстық архив құжатында институт оқытушысы ретінде Қ. Байтасов есімі аталады. Сондықтан да, біздің ойымызша Махмет Темірұлының айтқаны шындыққа жақын деп санаймыз. Ал енді саяси өткір тақырыпта бұндай өлең шығару сол кезеңде барып тұрған көзсіз батырлық еді және төрт шумақ өлеңнің өзінде де Алаш қайраткерлері аңсаған азаттық, тәуелсіздік идеясы жатқанын көруге болады.
Ұстазы А. Нарешевтің кітапханасынан Алаш қайраткерлері кітаптарын үйірме мүшелерімен бірге оқып талдаған. Осы жайлы: «Бастапқы кезеңде біз құрған топ мүшелері кеңеске қарсы ұлтшылдық насихат жүргізді. Қазақстанның социалистік дамуына қарсы біз феодалдық-байлар кезеңін идеалдастырдық, қазақ халқы тек сол кезде ғана бостандыққа ие болды, ал олардың мәдениеті мен экономикасы гүлденді деп мәлімдедік. Ұлтшыл әдебиет пен Нарешевтің түсіндірмелерін пайдалана отырып, біз оның жақын серіктері арасында ұлтшылдықты насихаттадық, хандардың, сұлтандардың, Алаш Орда көсемдерінің және буржуазиялық ұлтшыл жазушылар Сейфулин, Дулатов, Майлин, Жұмабаев, Байтұрсынов және басқалардың феодалдық-байлардың билігін мақтадық, оларды қазақ халқының әл-ауқаты үшін күрескен «ұлттық батырлар» деп мадақтадық» [20], – дейді. Сол шығармалардағы өлеңдерді жаттап алып жастарға айтып жүрген. Шығармалардың әсерінен елге Алаш партиясы сияқты халық қамын ойлайтын партия керек деген ойға келіп, оны жүзеге асыруға тырысады. Алаш идеясынан нәр алған Бүркіт жақтастарымен бірлесіп кеңестік кезеңде 1937-1938 жылғы жаппай репрессиядан кейін өмірін қатерге тіге отырып «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) жастардың астыртын ұйымын құрады. Топтың қандай істермен айналысқанын Бүркіт: «Біз құрған топ мүшелері бастапқыда антикеңестік ұлтшылдық үгіт жүргізді. Сонымен қатар, біз Қазақстанның социалистік дамуына қарама-қарсы феодалдық-байлар кезеңін идеалдандырып, қазақ халқы сонда ғана еркіндікке кенеледі, оның мәдениеті мен экономикасы өркендейді деген ойды алға тарттық. Едіге, Қасымовтар, тағы басқалар сияқты феодал-бай көсемдерін «қазақ халқының тұтастығы» үшін күрескен «батырлар» ретінде көрсеттік» [17], – деп көрсетеді.
Махмет Темірұлы 1941 жылы ақпан айында құрылған «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының төмендегідей мүшелері болғанын дәйектейді: «Бүркіт Ысқақов (негізін қалаушы), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров – бұлар инстиутта оқып жүрген студенттер. Ауылдағы пікірлес достары және партия мүшелері: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Байдалы Боқаев, Ақаш Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев (Мақуов кейіннен). Тарих факультетінің студенттері де пікірлес болған, олар Нүркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайридден. Институтта Бүркітпен жақсы достардың бірі Жаппар Өмірбеков және ерекше тілектестері Оңайбек Құдышұлы, Орынбай Айтмағанбетов» [7; 36-37 бб.]. Біздің Махмет Темірұлымен болған нарративтік сұхбатымызда: «Жалпы саны жүздің маңайында болды. Осы кезде партия құрып, рұқсат беретін болса, біздің санымыз мыңдаған адам болатын еді. Біз жасырын түрде ұйымдастырып жүрміз ғой. Біз жасырып құрып жүрсек те адамдарымыздың саны 100-ге жуық болды» [23; 129 б.], – деген еді. Сол кезеңнің пайымымен қарайтын болсақ коммунистік партияға қауіпті өте үлкен күш болатын. Құптаушылар сол кездегі жалғыз Жамбыл атындағы қазақ мектебі оқушылары болған. Мектепке барып Алаш ақындарының өлеңдерін оқып оқушыларды тәуелсіздік рухында тәрбиелейтін. Мақсаты – тәуелсіз ел болу, міндеті – жастарды ұлттық рухта тәрбиелеу. Мақсатқа жету үшін, міндетін іске асыру үшін өз бағдарламасы мен заңдарын құрды.
«ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелері кеңестік кезеңде қоғамдық-әлеуметтік қайшылықтар мен саяси-экономикалық күресті партияның бағдарламасына қосып, жастардың санасына сіңірді. Кеңестік кезең идеологиясының басты құжаттары К. Маркс пен Ф. Энгельстің «Коммунистік партияның Манифесін» және «КПСС (КОКП) программасы мен уставын» оқып, салыстыра отырып «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мақсатын бағдарламада нақты айқындап, жазып шыққан. «ЕСЕП» бағдарламасын зерделеп тәуелсіздік биігінен қарайтын болсақ сол кезеңнің саяси жағдайды саралай алатын, әлемдегі соңғы жаңалықтармен таныс көзі ашық, көкіректері ояу ұлт тұлғаларын көреміз. Осы бағдарламасы жайында М. Темірұлы: «1941 жылы маусым айының орта кезі. Күн жексенбі. ...Бүркіт мені бос тұрған бір кабинетке ертіп келді. Мен сабаққа дайындалатын шығармыз деп ойладым. Стол үстіне дәптерін де, кітаптарын да жая бастады. Жайып тастаған екі тарақ ақ қағаздың бас жағына: Елін сүйген ерлер партиясының («ЕСЕП») программасы» деп тақырып қойып, оны әдемілеп жазып, астын сызып қойыпты» [7; 40 б.], – дейді. Сондықтан да, «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшесі Махмет Темірұлының есте қалған нұсқасын толығымен ұсынуды жөн көрдік:
«Елін сүйген ерлер партиясының («ЕСЕП») программасы:
Бүгінде отарлық бұғауда отырған дүниежүзінің барлық халықтарының, әсіресе Азия, Африка елдерінің ұлттық санасы оянып келеді. Келешекте бұлар жұмылған жұдырықтай болып ұйымдасып, азаттық үшін отаршылдарға қарсы аттанысқа шықса, отарлық темір құрсауының быт-шыт болуы айдан анық.
Отаршыл жыртқыштар өз үстемдіктерін күшейтіп, кеңейте түсу үшін бір-бірімен қырғын соғысты бастап отыр. Бұлардың жеңілгендерінің қарамағында отарлық бұғауда қан жұтып отырған халықтар бостандық алады. Ең болмағанда бостандық, азаттық үшін күресуге мүмкіндік туады.
Қазірде бүкіл дүниежүзі үлкен оқиғаның қарсаңында тұр. Жер шарының алтыдан бір бөлігінде мықтап орын теуіп, басқа жерлерге де тамырын жая бастаған коммунизм идеясының қатерлі қаупінен сақтану мақсатында өзара одақ құрып, батыстан Германия, шығыстан Жапония КСРО-ға қарсы жорық жасауға дайындалуда. Бұларды коммунизм қаупін сезген барлық мемлекеттер қолдауға тиіс. Бұл жорықтың нәтижесінде коммунизмнің негізгі ордасы КСРО талқандалып шықса, оның құлдық бұғауында отырған халықтар өз алдына жеке-жеке тәуелсіз мемлекет болып шығу мүмкіндігі туады. Міне, осындай қолайлы жағдай туа қалса, біздер жастар, дайындықсыз отырып, қапыда қалып қоймауымыз керек. Сондықтан келешекте барлық жауапты жұмыстар біріңғай өз қолдарына көшетін жастардың ұлттық ой-санасы оянып, олар өзінің дүниеге келген халқының мүддесі, намысы үшін жан аямай күресетін болып шығуы керек. Біздің бұл құрып отырған партиямыз ел мақсаты үшін еңбек ете білетін «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқаша айтқанда «ЕСЕП».
Яғни халықты қалтықсыз сүйетін жастар ұйымы. Біздің келешекте көздеген қоғамымыз тек қана халықтық мемлекет болуға тиіс. Бұл қоғам ешқандай тапқа бөлшектенуге тиіс емес. Біз Қазақстанда тұратын, осында туып-өскен және дүниеге келген жерін сүйе білетін барлық халықтарға арқа сүйейміз.
Бізді сырттан коммунистік жүйеге қарсы, онымен ешбір ымыраға келмейтін барлық мелекттер қолдайды. Бұрын отарлық бұғауда, құлдықта болған халықтар нағыз тағдырласымыз, одақтасымыз.
Бізді арғы шыққан тегі бір дүниежүзіндегі түркі тілдес халықтар қолдайды. Бұл туысқан халықтармен тағдырласпыз. Бұлардың көбі отаршылық езгіде жаншылып, зар жылауда. Алдағы уақытта бұл халықтардың бәрі де азаттық үшін аттанысқа шығып, бірімен-бірі толық, ынтымақтас, одақтас бола алады.
Біздің құрметтеп ұстайтын дініміз – ислам діні. Бүгінде ислам дініндегі халықтардың басым көпшілігі отаршылдардың бұғауында отыр. Келешекте олар да азаттық үшін жаппай аттанысқа шығады. Қазірдің өзінде олар отаршылдарға қарсылық білдіруде. Келешекте бостандық алған бүкіл мұсылман халықтары бір-бірімен толық ынтымақтас, одақтас бола алады.
Коммунистік бұғауда отырған барлық халықтар бір-бірімен тағдырлас. Азаттық жолындағы күресте бұлар бірін-бірі қолдайды. Бәріне бірдей ортақ жау – коммунистік жүйені құрту үшін күресу – бәріне бірдей ортақ мүдде.
Біздің жаңадан құрып отырған «ЕСЕП» партиясына мүше болғандар мен тілектестері дүниеге келген елінің отарлық бұғаудан құтылып, толық азаттық алғанына дейін өз күресін тоқтатпайды. Бұлар үшін дүниеге келген елінен, дүниеге келген жерінен қымбат ештеңе жоқ. Қазақ жастары «ЕСЕП» партиясының төңірегіне топталыңдар! Дүниеге келген жер, дүниеге келген халқың үшін жан пида!» [7; 40-42 бб.].
Осы «ЕСЕП» партиясының бағдарламасын біз Алаш қайраткерлерінің құрған Алаш партиясының бағдарламасымен салыстыра отырып талдаймыз:
Біріншіден – «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы Алаш идеясынан нәр алып, тарихи сабақтастықпен жібін үзбей тәуелсіздікке жеткізді, Алаш партиясының ізбасарлары болды.
Екіншіден – «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы бағдарламасында халықтық мемлекетті құруды көздесе Алаш партиясы Россия Республикасының федерациялық бір ағзасы болуды қалады.
Үшіншіден – «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы бағдарламасында бізді арғы шыққан тегі бір дүниежүзіндегі түркі тілдес халықтар қолдайды. Бұл туысқан халықтармен тағдырласпыз десе, Алаш партиясы реті келсе, Қазақ автономиясы сыбайлас жұрттар мен әзірге бірлесе тұруды қалады.
Төртіншіден – «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы бағдарламасында біздің құрметтеп ұстайтын дініміз – ислам діні деп көрсетілсе, Алаш партиясында дін ісі мемлекет ісінен бөлек қаралады.
Бесіншіден – «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы бағдарламасында жастарды жинап дүниеге келген жер, дүниеге келген халқың үшін жаның құрбан деп көрсетілсе, Алаш партиясы бағдарламасында елді қорғау үшін әскер ұстау көзделген.
Бұл жазылған «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелерінің ойлары кеңестік кезеңде тәуелсіздікке жеткенге дейін жастар санасында әрқашанда жаңғырып отырды. «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы бағдарламасында көрсетілген ойлар қазіргі таңдағы Қазақстан Республикасында да өзектілігін сараласақ:
– еліміз тәуелсіздікті алған күннен бастап мұсылман әлемімен байланысын жандандырып, 1995 Ислам ынтымақтастық ұйымына толық мүшелікке өтті. Бас қаламыз Астанада 2011 жылы 28-30 маусымда Ислам ынтымақтастығы ұйымы Сыртқы істер министрлері кеңесінің 38-ші сессиясы өтті. Сол сессия барысында Қазақ елі осы халықаралық ұйымға төрағалық етті. Бұл бас қосу тарихи оқиға, өйткені Ислам конференциясы ұйымы атауын Ислам ынтымақтастығы ұйымы деп өзгерту туралы шешім қабылданды және Адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссия құрылды. Алғаш рет ИЫҰ-ның Орталық Азиямен ынтымақтастық жөніндегі іс-әрекет жоспары қабылданды [24].
– түбі бір Түркі елдерімен саяси-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салаларда тығыз қарым-қатынас жасап отыр. Соның жарқын мысалы, Түркі Академиясы – Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) аясында құрылған, түркі елдері арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты үйлестіретін және ынталандыратын бірегей халықаралық ұйым [25].
– «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мақсаты халықтық мемлекет құру болса, қазіргі таңда Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде барша әлемге танылып отыр. «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы халықтық мемлекетті құруда Қазақстанда тұратын, осында туып-өскен және дүниеге келген жерін сүйе білетін барлық халықтарға сенсе, қазіргі кезеңдегі Қазақстан халқы Ассамблеясы ұлт пен ұлысты ұйытып, бүкіл қазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастырып отыр» [26; 66-67 бб.]. Бұдан шығатын қорытынды, «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының бағдарламасы Алаш идеясы – ұлттық тәуелсіздік идеясымен, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның мемлекетшілдік ұстанымен ұштасып жатыр.
Кеңестік кезеңде «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының қалыптасу кезеңіндегі бағдарламасын қазақ жастарының санасына сіңдіруге біріншіден, әкімшіл-әміршіл жүйе кедергі жасаса, екіншіден, импералистік мемлекеттердің әлемді бөлісу саясатынан тұтанған Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуы «ЕСЕП»-тің кең таралуына мүмкіндік бермеді. Соған қарамастан, Тәуелсіздік жолында Алаш идеясының үзілмей сабақтастықпен дамуына өлшеусіз өз үлестерін қосты.
Қарағанды мұғалімдер институтын бітіргеннен кейін Бүркіт 1942 жылы «Советтік Қарағанды» газетінде әдеби қызметкер болып жұмысқа тұрады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейінгі жағдайларын Махмет Темірұлы естелігі мен архив құжатында айтылғандай еш айырмашылықты көрмейміз. Соғысқа бармаудың амалын қарастырған Бүркіт пен оның досы Махмет Темірұлы екеуі Қарағанды облысының Амантау мен Ұлытау тауларында қарулы қазақ ұлттық әскери бөлімшелері шоғырланып, құрылып жатыр дегенді естіп бара жатқан жолда оларды НКВД тас-талқанын шығарғанын естіп, үй-іші жасырынып жүргенін қаламағандықтан еріксіз соғысқа 1942 жылдың желтоқсанында аттанады. Ульяновск әскери-байланыс училищесінде оқып, 1944-1945 жылдары фашистік Германия мен импералистік Жапонияға қарсы ұрыстарға қатысты [27; 12 б.]. Ел мен жер тану адамның ой-өрісінің жетілуіне әкеліп, жаңа идеялар туындататыны сөзсіз. Соғыс өртінде жүріп те өзінің қатарластары Ж. Өмірбеков, А. Рүстемов, М. Аупейсова және т.б. мен хат-хабар алысып тұрған. Өзінің айтуынша әскерге дұшпандық, ұлтшылдық сезіммен барғанын айтады. Қатарластарына жазған хатында КСРО-ға қарсы әрекеттерін күшейту туралы нұсқаулықтар берген: «Өмірбеков, Рүстемов басқа ұлтшылдармен бірге менің нұсқауларымды орындап, Кеңес өкіметіне қарсы күресу міндеті жүктелген «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясын) ұйымдастырды» [20], – дейді. Осы айтылған жайт 1944 жылы Қарағанды қаласында орын алып, «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясын) құрды деп 1944 жылы 21 тамызда Мемлекеттік қауіпсіздік халық комиссариатының Қарағанды облыстық басқармасы кеңеске қарсы ұлтшылдық топқа қатысқаны үшін облыстық «Советтік Қарағанды» газетінің әдеби қызметкері Бейсембай Жақсылықовты тұтқындады және қылмыстық жауапкершілікке тартты. 1944 жылы 4 және 5 қыркүйекте Қарағанды облыстық театрының әртісі Зейнолла Әбілдин мен 10-сынып оқушысы Асығат Рүстемов те осы іске байланысты тұтқындалды. 1944 жылы 12 қазанда республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің тілшісі Жаппар Өмірбеков бұл іс бойынша қосымша тұтқындалады [28].
Бүркіт 1945 жылдың қарашасына дейін әскерде қызмет етіп, демобилизацияланып, үйіне Нұраға келеді. 1946 жылдың қаңтарынан маусым аралығында «Советтік Қарағанды» газет редакциясында әдеби қызметкер болып жұмысқа тағы да орналасады. Осы уақытта халық ақыны Доскей Әлімбайұлының хатшысы да болады. Сол кезде Махмет Темірұлымен Қарағандыда кездесуі турасында: «Темировпен кездесу кезінде мен ақ эмигрант Мұстафа Шоқаевтың контрреволюциялық қызметі туралы айттым. Мен «Тәуелсіз Түркістан мемлекетін» құру үшін күресте біз жалғыз емес екенімізді және Мұстафа Шоқаевтың Ұлы Отан соғысы кезінде бұл идеяларды жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс істегенін түсіндірдім. Нацистік Германия үкіметімен байланыс орнатқаннан кейін, Шоқаев Кеңес Армиясына қарсы немістермен бірге шайқасқан ұлтшыл элементтерден - әскери тұтқындардан, қазақтардан, өзбектерден, қырғыздардан және басқа да Орта Азия ұлттарынан – «Түркістан азаттық армиясын» құрды» [29], – дейді. Алаш қайраткері Мұстафа Шоқайдың қызметі туралы немістер орыс тілінде шығаратын журналдан оқып білгенін, «Түркістан армиясының» қаза тапқан сарбаздарын майдан шебінде өз көзімен көргенін және олардың «түркістандықтар» екенін растайтын құжаттары бар екенін айтқан. Сонымен қатар Мұстафа Шоқайдың кеңеске қарсы қызметі туралы айта отырып, Бүркіт Махметке өздерінің «Тәуелсіз» мемлекет құру идеялары арасындағы бірлікті атап өтіп, кеңес өкіметіне қарсы ұлтшылдық жұмысын жалғастыруға түрткі болған.
Махмет Темірұлы: «Бүркіт Қарағанды чекистеріне «ЕСЕП»-ті ұйымдастырушы және тікелей оның лидері есебінде белгілі болған.
Бір кезде қолға түспей, қан майданда жүрген қауіпті жау ортаға оралып отыр. Соғыстың кеңес өкіметі үшін жеңіспен аяқталуына байланысты Жоғарғы Кеңес көптеген қылмыстыларға кешірім жариялады. Дүние бейбіт өмірге бет бұрған.
– Сонда да мынандай қоғамға қарсы пікірлі қауіпті адамды көзден таса қалдыруға болмайды, – деп оны сенімді жансыздарына бақылаттырып қояды. Солардың бірі Мәруа Әупейісқызы еді. Ол белгілі халық ақыны Доскей Әлімбаевтың жиені. Комитеттің адамдары оны шақырып алып: «Жігіттер сүйкімді қыздардан еш уақытта өзінің ішіндегі сырын жасырып қалмайды. Сен де оған сүйкімді көрініп, жүрегін жібіте біл. Сөйтіп, оның айтқан әңгімелерін бізге жеткізіп тұр» – деп тапсырма береді. Қыз келіседі. Бұл кезде Бүркіт Доскейдің үйіне жиі келіп, оның шығармашылық хатшысы болып жұмыс істеп жүреді. Досекең Мәруаның үй ішімен бірге тұрған. Осы себепті қыз бен жігіттің үнемі кездесіп тұруына ешқандай кедергі болмаған. Ой-өрісі кең, жақсы мен жаманды ажырата білетін ақылды қыз Бүркіттің сөйлеген сөзіне, жүріс-тұрысына ерекше көңіл аударады. Оқыған, тоқығаны бар, өзі келешегінен үлкен үміт күттіретін жалынды ақын, сүйкімді мінезді жігіт қызға ұнайды да, екеуі бірігіп тұрмыс құрады. Мәруа сүйген жарынан енді не жасырсын! Оның соңынан аңдушылардың жүргендігін, басқан әрбір қадамын да, аузынан шыққан сөздерін де, қандай адамдармен кездесіп жүретінін де бақылап отыратынын айтып береді. Бірақ Бүркіт бұған көп мән бере қоймаған» [21; 89 б.], – дейді. Осы естеліктен көріп отырғанымыздай, НКВД жендеттері қоғамға жат пиғылды тарататын жандарды өздерінің қармағында ұстап отыру жолында әр түрлі құйтыртқы әрекеттерге барған және Бүркіттің қай жерден жаңылыс басатын сәтін күтіп жүрген. Өкінішке орай, Бүркіт Қарағанды қаласында көп болмай 1946 жылы Алматыға оқу оқуға кетіп қалады. Осылай комитет қызметкерлерінің дайындап жүрген жоспарларының түл-талқаны шығады.
1946 жылы шілдеде Қазақстан жастарының Ленин Коммунистік Одағы «Пионер» журналының мектептер және пионерлік жұмыс бөлімінің меңгерушісі қызметіне тұрады. Осы Алматыдағы жағдайы турасында қуғын-cүргін тақырыбын зерттеуші Армиял Тасымбеков: «Б. Ысқақов 1946 жылы жазында Алматыға келіп, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих-филология факультетінің 3-курсына оқуға түседі. Ә. Нұршайықов, А. Байтанаев, М. Дүйсеновтермен бірге оқиды. 1948 жылы университетті ойдағыдай бітіріп шығып, сол жылы күзінде университет доценттері Бейсенбай Кенжебаев, Есмағанбет Ысмайыловтардың кеңесімен Қазақ ССР Ғылым академиясының аспирантурасына түскен болатын. Белгілі ғалымдармен Салық Зиманов, В.А. Есенғалиева, М. Базарбаев, Ә. Нарымбетов, А.Л. Маловичко, Ш. Әміров, Н. Вечкутовалармен бірге оқиды. Екі жылы ішінде ел қатарлы кандидаттық минимумдарын өткізіп, «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпқа диссертация да жазып жүрген еді» [30; 257-258 бб.], – дейді. Осы оқуын «қайсарлығының» арқасында бітіреді: «1946 жылы, Ұлы Отан соғысы жеңіспен аяқталып, әскерден босанып, елге келдім. Екі жылдық институт берген білім аз көрініп, (расында да, солай еді). Алматыға келіп, М.С Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне түстім. Оның үшінші курсын ойдағыдай бітіріп, июнь айында жұртпен бірдей жазғы каникулға шықтым, 1947 жылы сентябрінде, яғни, жаңа оқу жылын бастағанда, университетке қайта оқуға келсем, маған старостамыз:
– Бейсен, сен IV курс студенттерінің тізімінде жоқсың. Сені IV курсқа жібермепті, – деп қарап отыр.
– Неге? Қалай? – деймін мен таңданып.
– Білмеймін, – деді староста, деканатқа барып өзің біл» [31; 4 б.]. Бүркіт Ысқақұлы өзі айтпақшы күлкісіз күндер, ұйқысыз түндердің бұл басы болатын. Сол кезеңде студент Бүркітті оқудан шығарған халық арасында атын атауға қорыққаннан «төрт әріп» атанып кеткен НКВД қызметкерлері болатын. Соғыстан жеңіспен оралған Бүркітті аңду үшін НКВД қызметкерлерінің өзінің болашақ жарында пайдаланғанын жоғарыда айтқан болатынбыз. 1940 жылдардан Қарағанды қаласынан басталған сол аңду Алматы қаласында жалғасын тапқанына дәлел бола алады.
НКВД араласса да Бүркіт қайсарлық танытып «экстерно» оқуын бітіріп шығады. Бүркіт осы университетте оқып, дәріс алғанда Алаш қайраткерлерінің көзін көрген заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің түр-тұрпатынан, сыр-сипатынан, мінез-құлқынан, жүріс-тұрыстарынан зиялы адамның бейнесін көреді.
1948 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының аспиратурасында ғылыми жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты Е. Ысмаиловпен «Қазақ балалар әдебиетінің даму жолдары» деген тақырыпта диссертация жазып жүреді. 1949-1950 жылдары пәндер бойынша кандидаттық минимум тапсырады. 1951 жылдың күзінде диссертацияны қорғауға шығуға дайындалады. 1949 жылы қарашада Орталық комитет Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының ұйғарыммен «Лениншіл жас» газет редакциясының жауапты хатшысы лауазымына тағайындалады.
Алматыдағы кезеңін ....... былай деп жеткізеді: «1947-48 жылдары мен «Лениншіл жас» газетінің редакциялық алқасында, ал Бүркіт Ысқақов «Пионер» журналының редакциялық алқасында жұмыс істедік. Бұл жастар басылымдары бір ғимаратта орналасқандықтан, мен Ысқақовпен жиі жұмыс барысында кездесуге мәжбүр болдым. Осы кездесулер кезінде мен Ысқақовтың 1942 жылға дейінгі Қарағандыдағы өмірін, Кеңес Армиясындағы қызметі туралы әңгімелерін бірнеше рет естідім. Осылармен қатар, мен Ысқақовтың әртүрлі антикеңестік көзқарастарын естідім.
1948 жылдың басында Ысқақов маған Қарағандыда бір топ қазақ жастары «Елін сүйген ерлер партиясы» дегенді білдіретін «Е.С.Е.П.» атты ұлтшыл топ құрғанын айтты.
1947 жылдың қысында, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне сайлау қарсаңында мен, «Лениншіл жас» газетінің бұрынғы қызметкері Сақыпжамал Бекмұхамедова және Бүркіт Ысқақов – сайлау учаскесіне бара жатқанбыз. Жолда, нақты есімде жоқ, бірақ 3-ші сызық көшесінің бойында болған сияқты. Бекмұхамедова ғимараттың қабырғасындағы плакатты көріп. Алыстан плакаттардың тек біреуі ғана «Жасасын!» деген жазуы анық көрінді, қалғандары көрінбеді. Сондықтан Бекмұхамедова маған және Бүркіт Ысқақовқа бұрылып: «Бұл не плакат?» – деп сұрады. Искаков: «Иә, мүмкін бұл (көсемнің аты) немесе Кеңес үкіметі жасасын деп жазылған, басқа ештеңе жоқ. Сонда, сіздің ойыңызша, онда Искаков немесе Бекмұхамедова жасасын деп жазылған ба? Жоқ, бұл ешқашан болмайды», – деп жауап берді» [22], – дейді. Осы жерде айтылған С. Бекмұхамедова өзінің жауап беру хаттамасында: «Ысқақов кеңеске қарсы жала жабу туралы мәлімдемелер жасаған болуы мүмкін, бірақ уақыт өте келе оларды қазір есімде жоқ» [32], – деп жауап берген екен.
Мектеп пен универсиетте Бүркітпен бірге оқыған ..... жауап беру хаттамасындағы сұраққа: «Сұрақ: Айтыңызшы, Искаков пен Теміровтың антикеңестік мәлімдемелері болды ма?
Жауап: Иә, Бүркіт Искаков пен Махмет Теміров кеңестік жүйеге қатысты дұшпандық адамдар болды. Олар орта мектеп оқушылары мен студенттер арасында антикеңестік ұлтшылдық үгіт-насихат жүргізіп, қазақтардың революцияға дейінгі өмірін мадақтады. Нұра қазақ орта мектебінде олар буржуазиялық-ұлтшыл жазушылар-ақындар Жансүгіров Ілияс, Сайфуллин Сәкен және басқалардың тегі қазір есімде жоқ шығармаларын жүйелі түрде зерттеп, мақтады. Оқушылармен Ысқақов пен Теміров осы ұлтшыл жазушылардың өлеңдерін жариялап, олардың шығармаларын оқуға үгіттеп, жазушылардың ұлтшылдар, Қазақстанның ең үздік жазушылары мен ақындары екенін, сондай-ақ Жансүгіров пен Сейфуллинге еліктеп, Ысқақов өз өлеңдерін жазғанын айтты. Теміров әрқашан пікірлес Искаковты қолдады.
1940 жылдың соңында Қарағанды мұғалімдер институтының жатақханасына Ысқақов студенттер арасында ұлтшыл ақын Сұлтан-Махмұт Торайғыровтың «Алаш туы астында» өлеңін оқығаны есімде, онда ол алашордашыларды мадақтап, қазақ халқын алашордашылар партиясының айналасына жиналып, оған бірге баруға шақырды» [33], – деп жауап береді.
Тағы да бір Қарағанды мұғалімдер институтында оқыған ...... танысының жауап беру хаттамасында: «Сұрақ: Сізде кімнің әсерімен антикеңестік сенімдер қалыптасты?
Жауап: Антикеңестік ұлтшылдық сенімдерім Бүркіт Ысқақовтың әсерінен қалыптасты.
Сұрақ: Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші?
Жауап: 1940-1942 жылдары Ысқақовпен бірге Қарағанды мұғалімдер институтында оқыдым. Осы кезеңде біздің арамызда достық қарым-қатынас орнады және Ысқақов маған өзінің антикеңестік ұлтшылдық көзқарастарын ашық айтты.
Бұл ретте Ысқақов қазақ халқының патриархалдық-феодалдық өмірін мадақтап, хандарды, сұлтандарды және реакциялық жазушыларды, ұлтшылдарды идеализациялады. Атап айтқанда, Дулатов, Жұмабаев, Байтұрсынов осы жазушылардың шығармаларын оқыды және олардың шығармашылығын жоғары бағалады.
Ол әрі қарай бұл ұлтшыл жазушылар өз шығармаларында қазақ халқының «нақты» жағдайын көрсетіп, оны Тәуелсіздік пен «Тәуелсіз мемлекет» құру үшін Кеңес үкіметіне қарсы күреске шақырғанын айтты. Осыған байланысты Ысқақов Дулатовтың, Жұмабаевтың мұрагері болатынын және олар бастаған істі жалғастыратынын мәлімдеді.
Сонымен бірге Ысқақов Кеңес өкіметіне жала жапты, кеңестік шындықтың беделін түсірді және партия мен Кеңес үкіметінің ұлттық саясатын бұрмалап түсіндірді.
Ысқақов тыйым салынған ұлтшыл әдебиетті көп оқыды, маған осындай әдебиеттерді оқуды ұсынды. Сонымен қатар, Ысқақов антикеңестік мазмұндағы түрлі өлеңдер жазды, олардың кейбіреулерімен мені таныстырды.
Осының нәтижесінде мен антикеңестік ұлтшылдық көзқарастарымды нығайттым және антикеңестік жұмысты жүргізу жолына түстім [34], – дейді.
Енді мектеп пен институтта бірге оқыған Елеш Бимагамбетовтың жауап хаттамасында: «Сұрақ: Искаков пен Теміров болашақта орта мектепте және мұғалімдер даярлау институтында кеңеске қарсы қандай мәлімдемелер жасады?
Жауап: Содан бері 9 немесе 10 жыл өткендіктен, Искаков пен Теміровтің кеңеске қарсы қандай мәлімдемелер жасағаны есімде жоқ» [35], – деген жауабын көре аламыз.
Бірге сотталған Рамазан Нарешұлы Бүркітпен Алматыда жүргізген антикеңестік жұмыстары жөнінде өзінің жауап беру хаттамасында: «Қашан болғанын нақты есімде жоқ. Бірақ 1947 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің кейбір студенттерінің арасында қазір есімдері есімде жоқ, мен реакцияшыл жазушыларды, атап айтқанда Мағжан Жұмабаевты мақтадым. Оның өлеңдері мен шығармаларын «көркемдік дизайнның үлгісі» деп санайтынымды жеткіздім.
Сол жылы Ысқақов екеуміз ««ҚазКСР ҒА Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» К(б)П ОК-нің қаулысын бірнеше рет жоққа шығардық, Қарашев және басқалар сияқты ұлтшыл жазушыларды мақтау мен идеализациялау арқылы білдірілген ұлтшылдықты қазақ әдебиеті оқулықтарына енгізгені үшін сол институттың басшылығын, атап айтқанда Есмағанбет Ысмайыловты жақтадық.
Біз сондай-ақ бұл жазушылар қазақ әдебиетінің дамуында үлкен маңызға ие болды; олардың шығармалары қазақ халқының «шынайы жағдайын» көрсетті және олардан көп нәрсе үйренуге болатынын айттық. Біз сондай-ақ бұл жазушыларды қазақ әдебиеті оқулықтарына қосуды қаладық» [36], – былай көрсетеді.
Осы сияқты көптеген адамдардың көрсетуімен 1951 жылы 18 қаңтарда Бүркіт Ысқақұлын Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі қызметкерлері Алматы қаласында тұтқындайды. 1951 жылы 14-15 маусымда Қазақ КСР Жоғарғы Сотының Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының үкімі бойынша РСФСР Қылмысты Істер Кодексінің 58-10, 58-11 баптарының 2 тармағымен қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, Б. Ысқақұлын 25 жыл мерзімге еңбекпен түзеу лагеріне бас бостандығынан айыруға кесіп, оған қоса РСФСР Қылмысты Істер Кодексінің 31 бабының «А» (белсенді және пассивті сайлау құқығы;) және «Б» (қоғамдық ұйымдарда сайлану қызмет атқару құқығы;) 5 жылға азаматтық құқығынан айырады. Жеке меншік мүліктері тәркіленеді. 1951 жылдың 22 қыркүйегінде Бүркіт Ысқақұлы бастаған «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелерінің кейбірі этаппен айдалып Степлагқа келген.
1954 жылы 24 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Соты Төралқасының Жарлығымен қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының бас бостандығынан айыру туралы үкімі өзгертіліп Бүркіт Ысқақұлының 10 жылға дейін жаза мерзімі азайтылды. 1956 жылғы 17 қарашада КСРО Жоғарғы Соты Қылмысты істер жөніндегі Коллегиясының қаулысы бойынша Бүркіт Ысқақұлы бастаған «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелерінің іс-әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты іс өндіріспен тоқтатылып, қамаудан босатылған. 1957 жылы партиялығы қалпына келтірілгенге дейінгі уақытта қаншама қиындықты бастан кешсе де, мойымай, талмай ары қарай Отандық баспасөз бен ғылымның дамуына өлшеусіз өз үлесін қосты.
Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен 2020 жылғы 24 қарашадан 2024 жылғы 22 қаңтарға дейінгі аралықта «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі» мемлекеттік және әр өңірде құрылған комиссиялар өз жұмысын кешенді және жүйелі түрде атқарып шықты. Сондай комиссияның бірі, біз қатысқан Қарағанды облысы әкімдігінің жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау мәселелері жөніндегі өңірлік комиссия еді. Соның мүшесі ретінде бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған қуғын-сүргін құрбан Бүркіт Ысқақұлына байланысты ведомстволық архив құжаттарының бір парасын шаң басып жатқан жерінен тауып оны ел игілігіне пайдалануға беріп отырмыз.
Қорыта айтқанда, Бүркіт Ысқақұлы 1930-1957 жылдары Алаш қайраткерлерінің шығармалары арқылы Алаш идеясын өз санасына сіңіріп, оны жүрегімен қорытып заман ағымына сай өзгерте отырып жастардың бойына дарыта алғандығын дәлелдедік. Бүркіт Ысқақұлының біз қарастырғалы отырған жылдардағы тұлғалық және қайраткерлік қырының сырының бірнеше себептері бар деп санаймыз:
Біріншіден, Алаш қайраткерлірінің көзін көрген ұстаздар мен Ресей империясы тұсында оқып кеңес кезінде КарЛаг тұтқыны атанған профессорлардың Кеңес өкіметіне интеллектуалдық қарсыласудың дәнін идеялар тарихы арқылы студенттерге сабақ беру арқылы себе білген. Сол кезеңдегі студент жастардың санасына егілген дән Қарағанды мұғалімдер институтын ұлтшылдықтың ошағы ретінде болғандығын жоғарыдағы архив құжаттары айғақтайды. Соның бел ортасында жүрген студент Бүркітте пісіп-жетілді.
Екіншіден, Бүркіт Ысқақұлы Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған саясатын көзбен көріп оның өз отбасына әсерін сезініп наразылық танытуы жер-су атауларының өзгертулері, 1938 жылы әкесінің тұтқындалып Сібірге айдалып кетуі ес білген кезінен қалыптасқанын көреміз. Сол наразалық Қарағанды мұғалімдер институтында оқу барысында Бүркіттің өз бойындағы қарсыласуды оятуға түрткі болып, ол Алаш идеясына ұласты деп санаймыз. Бүркіт Алаш идеясынан нәр алып ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) жастардың астыртын саяси ұйымын құрды.
Үшіншіден, Б. Ысқақұлы 1940 жылдары Қарағанды қаласы оның ішінде Қарағанды мұғалімдер институты жастарының лидері болған. Ол ЕСЕП (Елін сүйген ерлер партиясы) жастардың астыртын саяси ұйымының негізін қалап, Алаш идеясын жастардың санасына Алаш қайраткерлерінің кітаптары арқылы сіңіре білді, сонымен қоса басқа да өзгеше ойлайтын жастардың санының өсуіне және олардың нақты іс-әрекетке көшіп астыртын ұйымдар құруларына ықпал жасады.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі:
1 Лавджой А. Великая цепь бытия: История идеи / Пер. с англ. В. Софронова-Антомони. — М.: Дом интеллектуальной книги, 2001. – 376 с.
2 Бүркіт Ысқақұлы: тарихи-биографиялық басылым (құрастырған Жағыпар Ә.Б.) – Қарағанды: «TENGRI Ltd» баспасы, 2024. - 323 б.
3 Ысқақов Б. Неге? Неліктен? Не үшін? // Парасат. 1992. – ақпан
4 Жағыпар Әділеттің жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) негізін қалаған Бүркіт Ысқақұлы қызы Айгүлмен сұхбаты, Қарағанды 29.05.2011 ж. (жеке архивтен)
5 «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» м/ф (реж. Әмен Қайдаров, 1967 ж.) // https://www.youtube.com/watch?v=ZkBfEFv34mo Қаралды. 27.10.2025 ж.
6 Күмісбайұлы Ш. Балалар бағының бағбандары // Анықтамалық. – Алматы: «Балалар әдебиеті» баспасы, 2008. – 300 б.
7 Темірұлы М. Арман мен азап. Естелік / – Алматы: «Санат», 1998. – 160 б.
8 Ысқақов Б. Көңіл көгімдегі Көкмөлдір // Орталық Қазақстан. 1986. –март
9 Қазақстан Республикасы Президент архиві (ҚР ПА) Қ. 20 Т.1 І. 3942 П.14-15
10 Жуасов К. Карагандинскому учительскому – полвека // Индустриальная Караганда. 1988. – 1 декабря.
11 Ысқақов Б. Менің қалам. Естелік // Орталық Қазақстан. 1989. – 11-12 қаңтар.
12 Қарағанды облысының мемлекеттік архиві Қ.538 п. Тіз.1. Іс.18. П. 66-82.
13 Сидякина А. А. Богословский Павел Степанович // Энциклопедия «Пермский край». http://enc.permculture.ru/showObject. do?object=1803701016 / 2014. – 11 апреля.
14 Материалы Государственной комиссии по полной реабилитации жертв политических репрессий (20-50 годы ХХ века). Т.1. / Под общ. ред. Е.Т. Карина. – Нур-Султан, 2022. – 622 с.
15 Алматы қаласы бойынша ҰҚКД Арнайы мемлекеттік архивінің Хамит Абрахмановқа және басқаларға қатысты № 5204 ісі / – Алматы, 1941.
16 Кыдыралина Ж.У. Неизвестные страницы организованных и других форм сопротивления интеллигенции и молодежи советской системе в Казахстане в 1920-1980-е гг. (по материалам отечественных и зарубежных архивов) // «ХХ ғасырдың 20–50 жылдардағы Қазақстандағы жаппай саяси қуғын-сүргін және мұрағаттық құжаттар мен мемуарлардағы оңалту процестері» атты Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағы – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2023. – 274 б.
17 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П.37-38
18 Темірұлы М. Елім деп еңіреген ер еді (ақын, ғалым Бүркіт Ысқақовтың туғанына 80 жыл) (1924-1991) // Азия Транзит. 2004. – қазан.
19 Жағыпар Ә.Б. (Макеев) Бүркіт Ысқақов «ЕСЕП» партиясының негізін қалаушы // «Тұғырлы тәуелсіздік – ғұмырлы ұрпақ кепілі» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Жезқазған: «Полиграфия АСАР» ЖК «Битанова С.Д.», 2011. – 117 б.
20 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 64-68
21 Темірұлы М. Азаттық аңсап азап шекендер / – Алматы: «Арыс», 2013. – 240 б.
22 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 26-28
23 Жағыпар Ә.Б., Әбдіғаппар А.Ж., Жағыпар Г.А. Махмет Темірұлы қайраткерлігі мен шығармашылығы: Ғылыми-көпшілік басылым / – Қарағанды: «TENGRI Ltd» баспасы, 2020. – 150 б.
24 Қазақстан Республикасы және Ислам ынтымақтастық ұйымы // https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/press/article/details/600?lang=kk 16 қазан 2019 ж.
25 Түркі академиясы туралы ақпарат // https://turkicacademy.org/kz/about/ob-akademii Қаралды. 28.10.2025 ж.
26 Жағыпар Ә.Б. Алаш қозғалысы тарихындағы «ЕСЕП» – Елін сүйген ерлер партиясының мәні мен маңызы // ХХI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы. / Құраст.: Сәбит Байдалы, Елдос Тоқтарбай. – Алматы: «ARNA-B» баспасы, 2018. – 352 б.
27 Мұқышев Қ., Ахметов Ә., Ысқақов Б., Әлімқұлов Н. Қазақ балалар әдебиетінің кітапханасы / Алматы: «Жалын», 1990. Т. 8. Өлеңдер, ертегілер, аңыздар, поэмалар. 1991. – 560 б.
28 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 4142 П.400-401
29 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П.50-54
30 Тасымбеков А. Елу сегіздің оны... // Зауал: Мақалалар, естеліктер / Құрастырған: Б. Қойшыбаев. – Алматы: «Жазушы», 1991. – 272 б.
31 Ысқақов Б. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер: Тағдыр // Орталық Қазақстан. 1989. – 13-17 қазан.
32 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 71-72
33 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 40-43
34 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 75
35 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П. 44-46
36 ҚР ПА Қ. 20 Т.1 І. 3942 П.76-78