Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Жыртық
796
оқылды

Авторы: Aspan

 (пьеса)

Кейіпкерлер:

Ұлмекен – декретте отырған әйел, 35 жаста 

Арман – ұлы, 13 жаста

Тілек – ұлы, 10 жаста

Мақсат – ұлы, 5 айлық

Елдос – күйеуі, сахнада көрінбейді 

Коуч – cахнада көрінбейді

Қайын әкпе – сахнада көрінбейді

 

I – көрініс

 

Ұлмекен туалет ішінде отыр. Есік жабық. Туалет ішінде бірдеңе құлап кетеді. 

Ұ л м е к е н. Ой, әкеңді!

Унитаздың суын ағызады. 

Ұ л м е к е н. Қайда кетті?.. Cен де қаштың ба? Еее, мында екен.

 

Осы кезде Арман келіп есікті тартып көреді. Ұлмекен тыныштала қалады.

Арман.  Ойиии!

Телефонын тауып, қосады.

Ұ л м е к е н. Сәлеметсіз бе?

К о у ч.  Қайырлы таң, Ұлмекен! 

Ұ л м е к е н. Қайырлы таң!

К о у ч. Халыңыз қалай?

Ұ л м е к е н. Болад. Шүкір.

К о у ч. Бастай берейік. Тақырып бізде “Күйеудің көңілін тап” қой иә?

Ұ л м е к е н. Аха. Сол.

К о у ч. Бизнес әйелдеріне де ментормын. Сабақ көп. Адам көп. Шатасам кейде. Жарайды. Тапсырма бойынша. Ойландыңыз ба? 

Ұ л м е к е н. Ааа, иә. Ойландым ғой. 

К о у ч. Жауап қандай? 

Ұ л м е к е н. Мммм

К о у ч. Мақсатыңыз не екен өмірдегі? Не үшін, кім үшін өмір сүресіз?

Ұ л м е к е н. Білмеймін, соны. Адам болу үшін шығар.

К о у ч. Анықтайық бұны. Мысалы бала кезде қандай армандарыңыз бар еді өзі?

Ұ л м е к е н. Ойбу, бала кезді ұмытыппын. Арманым... бала кездегі......

К о у ч. Қазір сол орындалған арманның қасында тұрсыз ба? Қайдасыз қазір?

Пауза

К о у ч. Өзіңіз армандаған өмір ме мынау? 

Ұ л м е к е н. Бала кезде өсуді армандадым. Өссем не істеймін, не жеймін, не киемін – соның бәрін өзім шешем деп ойлағам.

К о у ч. Бұл қарапайым ғана арман ғой. Арман емес, тілек десе де болады. Барлық адам сөйтеді. Күшік те, мысықтың баласы да тез өскісі келед.

Ұ л м е к е н. Арман да қарапайым бола ма? Қазіргі тілегім де осы ғана менің. Не істейтінімді өзім шешсем, жегім келетінді жей алсам, кигім келетін киімді де кие алсам.

К о у ч. Кім сізге қой деді. Ішіңіз, киіңіз. 

Ұ л м е к е н. Әлдидің диатезі бар. Сосын...

Тілек келеді. Есікті тартады.

Т і л е к. Мам! Қашан шығасыз?

Тілек есікті тебеді. Кетіп қалады.

Ұ л м е к е н. Сабағымызды сәлден кейін жалғастырсақ?

К о у ч. Сұрағыма жауап керек.

Ұ л м е к е н. Сұрақ! Кешіріңізші! Маған мына жерді босату керек.

К о у ч. Сіздің жеке бөлмеңіз бар ма өзі?

Ұ л м е к е н. Жоқ!

К о у ч. Сізге шегараны бекітіп үйрену керек. Жеке шегара деген бар! Естіп пе едіңіз? Кім көрінген баса көктеп кіре берсе, не болады?

Коуч ұрсып сөйлей бастайды.

Ұ л м е к е н. Кім көрінген болғанда.... Балалар ғой. Сабаққа жиналсақ деп жатыр.

К о у ч. Уақытым аз дедіңіз, анау дедіңіз, мынау дедіңіз, сол үшін таңғы сағат алтыға қойдық сабақты. Мен де ерігіп жүргем жоқ. Сәлден кейін басқа әйелге сабақ өтем. Дамығыңыз келсе, тайм менджментті меңгеру керек сізге.

Ұ л м е к е н. Тайм. Ааа, аха түсіндім.

К о у ч. Күтсін бала! Бес минутта ештеңе өзгермейді. Тұра қашпаңыз. Проблемадан сылтау іздеп тұра қашатын адамдар кедей болады.

Ұ л м е к е н. Аа, иә. Қашқам жоқ. Бірақ...

Арман келеді. Қолында нәресте. Есікті қағады. 

А р м а н. Мама, Макс оянды. Алсаңызшы.

К о у ч. Ешқашан ешкімнің сіздің кеңістікті баса көктеп кіруіне рұқсат жоқ. Жазып қойыңыз.

Ұ л м е к е н. Түсіндім.

К о у ч. Жазыңыз қазір. Жиырма рет жазсаңыз түпсанаңыз қабылдайды.

Ұ л м е к е н. Жазам…

К о у ч. Маған суретке түсіріп жіберіңіз сосын.

Ұ л м е к е н. Жіберем…

К о у ч. Ертеңге тапсырма жазып алыңыз.

Тілек келеді. Секіріп, бұтын ұстап тұр. Есікті тебеді.

Т і л е к. Мам, жарылды қуық.

А р м а н. Жібер бұтқа. Тұрси кебеді. 

Т і л е к. Кетші ей!

Ұ л м е к е н. Тапсырманы уотсапқа жібере салыңызшы? Мына жерді босатам.

К о у ч. Бұл не міндетсу, бай маған керек пе, сізге…

Ұлмекен телефонды өшіре салады. Туалеттен шығады. Туалетке Тілек кіріп кетеді. Арман қолындағы баланы Ұлмекеннің қолына ұстата салады. 

А р м а н. Ұйқы бермеді. Жылай береді.

Ұ л м е к е н. Шаршап жүреді екенсің. Түнде сотка қарап жатыр ең ғой.

А р м а н. Енді оянып кеттім де, осының даусынан.

Арман кетеді.

Ұ л м е к е н. Кетпе, анаған тамақ берейін. Ұстай тұр, енді. 

А р м а н. Ой, мам, қойшы. Тамақты кім жейді, сол ұстасын.

Тілек туалеттен атып шығады.

Т і л е к. Жо, жоқ! Киіну керек маған. Кітаптарымды да салмадым. 

Тілек пен Арман шығып кетеді.

Ұ л м е к е н. Неге мазаң болмай тұр. Тісің шығып жатыр ма? Қой тіске әлі ерте шығар. Әлде ішіңе жақпайтын бірдеңе жеп қойдым ба? Базардың қымызын бекер-ақ іштім бе екен? Қайтем енді? Жә, болды! Кешірші, құлыным! Онсыз да сен үшін тәтті-мәттіні ұмыттық. Бұтыңды былғап қойдың ба? Жүрші барып памперс ауыстырайық.

Ұлмекен кетеді. Тілек жүгіріп шығады. Мектеп формасын киіп алған.

Т і л е к. Мам! Мам қайдасыз? Тағы туалетте отсыз ба? Сағат үште  жиналыс. Ұмытпаған шығарсыз. Өткендегі жиналысқа да бармадыңыздар. Мам, естіп тұрсыз ба?

Ұлмекен келеді.

Ұ л м е к е н. Ақырын! Неге сонша айқайлайсың! Мақсатты оятасың! 

Т і л е к. Мені басты рөлге таңдау үшін ата-ана керек.

Ұ л м е к е н. Тілекжан, барғым келмейді деп ойлайсың ба?

Т і л е к. Ой, мам! Сіз осы Құндыз апаймен мен туралы сөйлесіп көрдіңіз бе? 

Ұ л м е к е н. Уотсапқа жазады.

Т і л е к. Не деп жазды?

Ұ л м е к е н. Енді… тәртібіңді сұраймын. Беске оқитыныңды білем ғой. Ақылдым менің…

Т і л е к. Маааааам! Қойылымға қатысам. Арыстан боп ойнағым келеді. Келесі апта қалалық сайыс. Мені көруге бармайтын да шығарсың, иә!

Ұ л м е к е н. Енді уақытты жеткізіп көреміз.

Т і л е к. Қойылымды көрмесең де, бүгінгі жиналысқа келші. Келісіміңіз керек.

Ұ л м е к е н. Бір амалы табылар.

Т і л е к. Сізге бәрібір осы!

Тілек қолын бір сілтейді. Кетіп бара жатады.

Ұ л м е к е н. Не деп тұрсың!

Т і л е к. Ұлмекен Болатқызы, сізді апайым екеуіміз жиналыста күтеміз! Шақырту телефонда.

Телефон көтеріп, Арман келеді.

А р м а н. Шырылдап жатыр. 

Ұ л м е к е н. Алло! Ау, жаным. Галстук дейсің бе? Соны таппай қалатыныңды білдім ғой. Үтіктеген соң қалтаңа салып қойғам, қарашы қалтаңды. Таптың ба? Ааа, тапсаң бопты. Дайындап қойған тамақты ұмытып кетіпсің. Не жейсің енді түсте? Асығыс шыққанда, еп- ерте-ақ ояттым. Шайды асықпай ішіп отырып алдың ғой. Жарайды, жан. Тілектің таңғы асын беру керек. Сосын сөйлесеміз, иә?!

Ұ л м е к е н. Тілек !

А р м а н. Тілек кетіп қалды.

Ұ л м е к е н. Айқайламай сөйлеші. Мақсатты оятасың.

А р м а н. Ояу жатыр ғой.

Ұ л м е к е н. Не? Қап-ай, қасына жатып мызғып алсам болар еді. Ұйқы да бір арман болды ғой. Ойбай арман демекші әлгі коуч тапсырма жіберем деп еді ғой. 

Телефонға қарайды.

Ұ л м е к е н. Жібермепті… Тілек! Аш кеткенін қарашы… қырсық бала…

А р м а н. Каспиіме ақша жібере салыңызшы. 

Ұ л м е к е н. Ааа. Арман. Шошыттың ғой. Кеше әкеңнен неге сұрамадың?

А р м а н. Мамаңнан ал деді.

Ұ л м е к е н. Қызық осы әкең. Әлі пасобия түспеді. Отыз-ақ мың теңгем қалып еді.

А р м а н. Ой, мам! Болды.

Ұ л м е к е н. Қанша берейін?

А р м а н. Беріп жүргенді, артық керек емес.

Ұ л м е к е н. Қарным ашып жүр деп әкеңе айттың ба?

А р м а н. Жоқ! Түсінбейді ол. Звондап сұрайын ба?

Ұ л м е к е н. Қазір әкең жұмыста ғой. Мазалаймайық! 

А р м а н. Иә, Әке – асқар тау. Ал асқар тауды мазалауға болмайды.

Ұ л м е к е н. Оның не?

А р м а н. Сіз айтасыз ғой солай. Ылғи. 

Ұ л м е к е н. Кейін әке болғанда түсінесің.

А р м а н. Асқар тау болмайм.

Ұ л м е к е н. Қазір өтпелі кезеңде жүрсің.

А р м а н. Өтпей кетті ғой сол кезең.

Ұлмекеннің қолындағы телефон шырылдайды. Арман кетеді.

Ұ л м е к е н. Ау, жаным. Не жаңалық болушы еді сол. Айта бер енді. Не? Қо-нақ-тар! Таң атпай?.. Жексенбі күні келе ме? Онда бүгін дастарханға керектіні ала кел. Етті ұмытпа. Жоқ! Арман сабаққа кетеді. Онда жұмыстан ертерек шық та, Мақсатты өзің қара, базарға барам. Жоға, менде қайдан ақша болсын!

Дауыс тоны көтеріле береді.

Ұ л м е к е н. Онда жиендерге ол күні үйде болмаймыз деп айта салу керек еді. Жоқ, қонақ күтуден қашып тұрғам жоқ. Не саламыз дастарханға? Мені сат онда! Памперс алуға кетеді. Рәзіңке ме пасобия.

Тұтқаны қоя салады. Дірілдеп, ашуға булығып тұр.

Ұ л м е к е н. Мақсат бақытты. Жөргекпұлы бар. 

Холда тұрған айнаға қарайды.

Ұ л м е к е н. Олвейс алудың өзіне үнемдеп жүрмін. Түрім мынау. Киімдерім симайды. (Кеудесін ұстайды) Мынау кетті салбырап. Қара дақ басты бетті. Қандай едім? Кім мынау? Өткенде аквапаркке бардық. Акция боп жатқан. Шешінетін бөлмеге кіріп бара жатсам, алдымнан бір әйел шыға келді. Шляпамыз ұқсайды екен. Оған жараспайды. Жымия салдым. Ол да ыржақтайды. Өтіп кетейін деп алға жүрдім. Құлап түстім. Айна екен. Айнаааа!

Айнаға қарайды. Үстін иіскейді.

Ұ л м е к е н. Қонақ шақырыпты.

Үстін қайта иіскелей бастайды.

Ұ л м е к е н. Ылғи айран сасып тұрасың деп айтад. Сүттің иісі ғой. Айран жағып алды дей ме сонда? Иісімнен жиіркенеді. Жоқ! Не деп кеттім. Коуч айтты ғой. Оның кінәсі жоқ. Мен кіналымын. Халат киіп жүрем. Қызықсызбын. Коуч тапсырма жіберді ме екен?.. 

Телефонына қарайды. Арман келеді, Мақсатты коляскаға отырғызып алған.

А р м а н. Мам. Телефонға кіріп кетпеңіз.

Ұ л м е к е н. Баланы қара. Жіберіп қойдым ақша. Чипси алма.

А р м а н. Ой, мен кетем.

Ұ л м е к е н. Ерте ғой әлі. Қайда барасың?

А р м а н. Жұмыстарым бар.

Ұ л м е к е н. Тоқта. Қандай жұмыс? Тамақ ішпейсің бе?

А р м а н. Уақыт жоқ.

Ұ л м е к е н. Сырттан фасфут жейсің. Асқазан қалды ма өзіңде!

А р м а н. Қойшы, мам! Мен бала емеспін!

Ұ л м е к е н. Саған ақша бермеу керек. Сонда үйден тамақ ішесің.

А р м а н. Кеттім мен.

Арман кетеді.

Ұ л м е к е н. Тоқта! Арман! Бала емеспін дейд?..

Арбадағы әлдиге қарап сөйлейді.

Ұ л м е к е н. Ол да қашты. Бізден бәрі қашады иә. Үй көкем. Жымиған түрінен. Осыған ғана керекпін. Мхм. 

Баланы коляскадан алып, емізе бастайды.

Ұ л м е к е н. Есті құлыным. Екеуіміз ғана қалдық тағы. Иә. Менің бүтін әлемім. Болашағым. Жылай береді деп қояды бұны. Жылаймайды ол. Отырады мамасына қарап, тып-тыныш. Келші өзіңді бір тойдырып қояйын.

Телефон шырылдайды. Телефонға қарайды. Қайта қояды. Көтергісі келмейді. Көтереді. Өзгеріп сала береді. Еріксіз күліп тұрып сөйлеседі.

Ұ л м е к е н. Ау. Қалдарыңыз қалай? Біз? Жақсымыз. Сол Мақсат екеуіміз үйдеее, отырған. Аааа, той құтты болсын. Тойбастар? Базардан алған дұрыс шығар оны. Аааа, бауырыңызға айтып көрейін. Жоқ, о не дегеніңіз! Ренжімеңізші. Көмектесем ғой. Баланы қарай тұрса деген мағынада айтқаным ғой. Көтеріп бара берем ғой, әкпе. Иә, кәләскіге салып аламыз автобусқа. Жақсы, түсіндім. Жарайды. 

Телефонды қойып, терең тыныстайды.

Ұ л м е к е н. Ойбу, балам! Бетің сүт-сүт қой. Ұйықтап қапсың ғой, тойған қозым.

Баланы еппен арбаға жатқызады.

Ұ л м е к е н. Әкеңе звондаймыз қазір. (Сағатына қарайды) Үзіліс қой қазір. Алло, жан. Тамақ ішіп отырсың ба? Мен әлі ішпедім. Уақыт болмай жатыр. Той туралы айтқан шығар. Мақсатты қарасаң, ертең әкпе екеуіміз барып қайтамыз ғой. Не?.. Моншаға жексенбі бар. Достарыңа айт, өзгерте сал уақытын. Недеген уәде сендердікі… Онда бүгін ерте келші. Үй жинайын. Душқа түсіп алайын сен барда.. Ой, қойшы, Елдос!

Телефонды ашумен қоя салады. Отырады.

Ұ л м е к е н. Кім бар, а? Кім бар мені құтқаратын… Тойға не кием? Так. Арманға екі мың жібердім. 28 қапты. Немізді апарамыз тойға. 20 мың апарсам, ар жағында қанша қалады. Иә, көйлекке  8-ақ мың қалады екен. Келе ме оған? Тауып аламыз, инстаграмда тіпті 5 мыңға бар еді ғой. Көйлек дайын. (Пауза) Жұмысқа шықсам ба екен?

Ұйқыдағы сәбиіне қарайды.

Ұ л м е к е н. Жаным. Көзі жәудіреп, мені сағынатын шығар. Кім қарайды бұны. Нянкаға сенбеймін. Қандай адам ол? Мен жоқта балама не істейді. Әлі кішентай. Тамақтың дәмін енді татып жүр. Бастық та жақтырмайды жұмысқа шықсам. Орныма келген мұғалім де, сағатын маған бере салмас. Балаң ауырса, сұранасың. Оны да ұнатпайды ғой олар. Бастан өткен. Көрдік. Бала болған соң, ауырады. Жазылады. Екі бала бір жасқа толмай жатып емшектен шықты.

Дастарханға заттар қоя бастайды. Отырады. Шай құйып қояды.

Ұ л м е к е н. Ол кезде қазіргідей ипотеға үй де алмағамбыз. Қаланың шетінде времянкада тұрдық. Үй иесі жақсы апа еді. Үйін жалға беріп бір, бала қарап екі ақша табады. Арман жайлы бала. Тамағы тоқ болса болды. Мазаны алмайтын. Тілек көп ауырды. Қожайын апа да қартая бастады. Тілекті қарай алмады. Тіл тиіп қала ма, әйтеуір екі ай сайын больницаға түсетін ек. 

Күрсінеді. Қолына қарайды. 

Ұ л м е к е н. Неке жүзігімді ломбартқа өткізейін бе? Стоп! Ұлмекен! Стоп! Ондайды ойлама! Елдос сол қалпы жүзігін ала алмай қалды. Күйіп кетті. Өткізбеймін!

Дастарханды жинастырады. Ыдыстың сылдыры қатты шығады.

Ұ л м е к е н. Уф. Құрбылар да жалықты менен. Жаңадан үйленгенде біздің үйге жиі келетін. Өз үйіміз емес, сонда да, нан мен шайға ғана тойып, мәз болушы едік. Дина қазір атақты блогер. Шетелде жүреді. Саяхатшы. Арманның кіндік шешесі ғой. Уақыты жоқ. Кластасым Гүлсіммен де сөйлеспегелі көп болды. Мақсатты қырқынан шығарғанда шашын ырымдап соған алдырдым. Жапондарша жасалған жаялық, тіс қышыса жағатын камистат бәби, Джонсонс беби, Хагиз, Памперс, Фрутоняня, Нестежн – бұның бәрі екеуіне қызық емес. Жалығады. 

Сағатына қарайды. Дереу телефонын іздейді.

Ұ л м е к е н. Қайда қойып едім.

Бөлмені айналып, заттарды қопарып, шашып телефонын әрең табады.

Ұ л м е к е н. Елдос! Жарты сағат қалды. Тілектің жиналысына баршы. Негізгі дайындық деген, мектеп театры. Бас рөлге таңдайды екен. Ата-ана келуі керек деген. Ренжитін болды. Елдос, енді үлгерер едің ғой.

Елдос тұтқаны қоя салады. Ұлмекен телефонға қарап сөйлейді. Жылап жібереді.

Ұ л м е к е н. Мектеп жұмысыңның қасында ғой. Тиіп тұр. Үлгересің. Тілек ренжиді, Елдос! Ұлың ғой сенің! Елдос! 

II – көрініс

Хол. Ұлмекен бөпенің киімдерін жайып тұр. Үй шашылып жатыр.

Ұ л м е к е н. Жауында кеппей қалар. Жұрт құсап балконды да жаптырмадық. Сонда жаяр ем ғой осыны. Адам өзі. Үлкендер сияқты киім кірлетет . Осы үйдің шаруасын өзі істеп жүргендей.

Қолындағы ползункиге сүйіспеншілікпен қарайды.

Ұ л м е к е н. Қайдан кір болады, түсінбеймін. Ой, мынау қашан жыртылған. Ауын жыртқан азамат өзі. Мазасы болмай тұр бүгін. Қызуы бар сияқты. Өлшеп көру керек. 

Кірді соңына дейін жаймай, градусник іздеп кетеді. Қораптарды ақтара бастайды.

Ұ л м е к е н. Қайда кетті ол. Дәрілердің арасында тұрушы еді. Бұл үйдің бір заты орнында тұрмайды. Арттарынан жинап жүресің. Соңғы рет қайсысы ауырып еді? Градусник деп айқай салсам, бір қуыстан атып шықса ғой. Қиял боп кеттім. Мәәә, жеделжәрдем шақыру керек.

Еңкейіп градусник іздеп жатып, есіне бірдеңе түскендей селк ете түседі.

Ұ л м е к е н. Обай ұят қой скорыйдан. Үйді жинау керек.

Тез-тез үйді сыпырады.

Ұ л м е к е н. Тездету керек. Кешкі тамақ бар, әлі.

Есіктің қоңырауы ойнайды. Ұлмекен селк ете түседі.

Ұ л м е к е н. Ойбай! Кім болды екен? Есіктен шатасқан шығар. Бұл уақытта кім келеді үйге?

Ары қарай сыпыра береді.

Ұ л м е к е н. Балалардың кілті бар. 

Есік тағы да қоңыраулатады.

Ұ л м е к е н. Не істесем екен? Қорқам.

Ақырын мысық табандап басып есік жаққа барады. Ішіне көп ауа тартып. Дем алмай, тесіктен қарайды. Тесікке қарап тұрып демін сыртқа шығарады. 

 

Ұ л м е к е н. Аааа, гүл ғой. Біреу гүл ұстап тұр. Гүл ме, шоколад жалатқан бүлдірген сияқты. Анық көрінбейді. Әйтеуір сыйлық. Қайдағы сыйлық. Шатасқан  анау. Үйде ешкім жоқ деп ойласын да, кетсін құрсын!

Есіктен бері қарай ақырындап жүреді.

Ұ л м е к е н. Алаяқ шығар. Қазір неше түрлі әдіс бар дейді ғой.

Телефоны шырылдайды. Шошып кетеді.

Ұ л м е к е н. Ойбай. Қайда шырылдап жатыр? Сыртта ма, әлде менікі ме?

Телефон кір жайған жақта қалған. Барып алады.

Ұ л м е к е н. Ау. Не болды? Иә, есікте тұр біреу. Ашпадым. Каспий достовка дейсің бе? Аааа, қазір ашам. Ескертсең болмас па еді. Жарайды, жаным. Өзіңді бар ғой сүйдім.

Жүгіріп барып айнаға бір қарап алады. Есік тағыда шырылайды.

Ұ л м е к е н. Қазір- қазір. Әдемі түрмен қабылдау керек гүлді. Әдемі түр?.. Мәссаған. Коучтың сабағы көмектесті деші.

Есікке жүгіреді. Есіктің арғы жағына сөйлейді.

Ұ л м е к е н. Сәлеметсіз бе. Аааа, рахмет. Жарайды сау болыңыз. 

Ұлмекен есік жақтан көңілсіз бері қарай келе жатады. Қолында моншаға арналған сыпыртқы.

Ұ л м е к е н. Баратын болыпты ғой. Моншасына.

Бұл сөзді Ұлмекен өте көңілсіз айтады. “Букетті” босаға жаққа лақтыра салады. Қарқылдап күледі. Отыра қалады. Ашуланып күледі.

Ұ л м е к е н. Жылап жатыр ма?.. Ааа, жоқ. Құлағым шыңылдап кетті. Не отырыс? 

Арбадағы балаға барады. Қолын маңдайына қояды.

Ұ л м е к е н. Қызу жоқ.

Қалған кірді жая бастайды.

Ұ л м е к е н. Қайдағы гүл? Мен де қызықпын. Қыз бен жігіт емеспіз ғой. Қайбір жетісіп қыз бен жігіт болдық біз. 

Тазикті туалетке апарып қояды.

Ұ л м е к е н. Жоқ. Танымаған, білмеген жерім емес. Танитынмын Елдосты. Ауылдаспыз ғой. Сөз салды. Мәәә, сөз салған кезде де гүл сыйламап еді ғой. (Ызаланып күледі). Гүлі жоқ. Романтикасы жоқ. Келіп тұр. Сосын мен оған. Жоқ дедім… Жоқ! Жоқ!..  Оқуымды бітіріп, жұмысқа жаңа тұрғам. Өмір көргім келді. Өзі сондай қызық жігіт. Сөз салып тұрып, ақыл айтып қояды. Қандай ақыл десеңізші.

Күліп алады.

Ұ л м е к е н. “Кәрі қыз боп кетесің” деп қояд. Ойлашы. Ұнатып жүрмін сыртыңнан деп алып, бірден үйленейік деп емеурін тастап тұр. Ашуыма тиді, солай. Бірақ осындай қылығымен аңғал, таза жігіт екенін байқадым. Еті тірі жігіт қой. Бас құрсасақ, балаларын асырай алатын әке шығады деп сендім.

Қолын бір сілтеп. Сыпыртқысына келеді. Отырады.

Ұ л м е к е н. Ұлдарым әкесі десе өлед. Әсіресе, Тілек.

Үндемей тұрып қалады. Үстелдің үстінде тұрған пышақпен картоп арши бастайды.

Ұ л м е к е н. Мамам маған қарағанда Елдосты жақсы көретін сияқты. Ах, мама! Мама! Осы сөз күшті иә. Бетіне айтпаймын оның. Жеңге деймін. Мен атамның қызымын. Сол жеңгемнің тапқаны бір бала. Ол – мен. Түсінбейді мені. Көп баланы Құдай беред. Бергенді тура бер, туа бер дейді. Қорқам одан. Қатал адам. Бірақ мен оны қатты жақсы көрем. Түсінем оны. Бала кезім. Жеңге мектепті тастады. Базарға шықты. Атамдардың зейнетақысы, әкемнің айлығы қатты кешікті. Әжем екеуі түнімен нан пісіріп,  жеңге ала дорбаны толтырып алып кететін. Аяғынан суық өтті. Денсаулығынан айрылды. Өзі көп туа алмаған соң маған туа бер дейді. Солай.

Қолын кесіп алады.

Ұ л м е к е н. Фффф, ой әкең!

Дәке іздейді.

Ұ л м е к е н. Дәрі салғыш аты-көтімен жоқ бопты.

Бармағын етегімен орайды.

Ұ л м е к е н. Өзім жоғалып кетпесем болды бұл үйден. Ооо, несі бар. Ұшты-күйлі жоғалып кетсем. Не болады? (Кесілген бармағына қарайды). Елдос іздей ме екен? Үшеуімен қиналатын шығар, байғұс. Ааа, Мақсатқа менсіз қиын. Сүтсіз қайтеді ол? (Омырауын ұстайды). Сүт менде кетіп қалады ғой. Оны алып кету керек. (Мақсатқа қарайды). Арман мен Тілек қайтеді? Қарындары ашады. Оқу да жайына қалатын шығар. Сонда жоқ болғанда мен қайда кетуім мүмкін? 

Пауза. Диванға сүйеніп еденге отыра кетеді. Жылайды.

Ұ л м е к е н. Құтқарыңдаршы мені. Көмектесіңдерші.

Ойға батып отырып бір сәт қалғып кетеді. Елең етіп басын көтереді. Тыңдайды.

Ұ л м е к е н. Жыламапты.

Орнынан тұрады. Етегіне қан жағылған халатты шешеді. Орындықтың басына іледі. Туалетке барады. Су ағызады. Бетін жуады, сүртеді.

Ұ л м е к е н. Маған не болды?

Жымияды. Унитазға барып отырады.

Ұ л м е к е н. Ішсем бе екен. Жоқ. Зиян ғой балаға.  

Телефонын шұқылай бастайды. 

Телефонға хат келгенде Ұлмекен селк етіп, қолындағы телефон түсіп кетеді.

Ұ л м е к е н. Құрсын… масқара… не іздеп кеттім…

Орнынан дереу тұрып жиналады.

Ұ л м е к е н. Е, тапсырманы жіберіпті ғой. Еркектің махаббаты асқазанында. Өз қолыңмен торт пісір. Бар махаббатыңды салып жаса… Үлгерем бе? Күні бойы күттіріп, кеш батқанда. Тездету керек.

Телефон шырылдайды.

Ұ л м е к е н. Бұл кім тағы… Нөмірі белгісіз.

Туалеттен шығады. Құлағына телефонды қойып, арбаны тербетеді.

Ұ л м е к е н. Сәлеметсіз. Тыңдап тұрмын. Арықтау марафоны? Иә, тіркелгем. А, жарайды. Қанша теңге еді? Қазір жіберем.

Каспи аударым жасайды. Телефонды халаттың қалтасына сала салады.

Ұ л м е к е н. Алғашқы бес адамға бес мың теңге. Су тегін ғой. Жақсы болды. Тортқа керек заттарды да алдырайын. Жұмыртқа үйде бар. Сары май мен қант керек. Бетіне жидектер салайын. Бұған да ақша керек. Бір мәнісі болар. (Мақсатқа) Жүрегім. Ұйқың қанды ма? Ауырмасаң болды. Қазір. Памперсіңді ауыстырайық. Ішің өтіп қалған ба? Бүлдіріпсің ғой. Жүр жуайық. Жиіркеніп жатсың ба? Жеп қояйын ба боғыңды. Жей салам мен. Жұпар ғой бұл.

Сөйлеп туалетке кіреді. Судың даусы шығады. Арман келеді.

А р м а н. Мам. Офисында шығар сол.

Туалеттің есігіне келеді.

А р м а н. Бәсе. 

Ұ л м е к е н. Ааа, Арман.

А р м а н. Тамақ бар ма?

Ұ л м е к е н. Қазір картоп басам. Қолым тимеді. 

А р м а н. Киім ауыстырып алайын. 

Арман кетеді. Ұлмекен туалеттен шығып, Мақсатқа жаялық кигізеді. 

Ұ л м е к е н. Қарның ашты ма? Бәрің ашсыңдар. Сені емізіп отырсам, ағаң қайтеді? Тортымды пісірейін.

Бір қолымен баланы қысып емізіп, бір қолымен шай қояды. 

Ұ л м е к е н. Үй, шашалып қалдың ба? Қазір. Жатып емізу керек.

Ұлмекен кетеді. Арман келеді.

А р м а н. Ааа, шелпек бар екен ғой. Отырып бір шай ішейінші.

Есіктің қоңырауы ойнайды. 

А р м а н. Ой, мынау кілтін жоғалтқан ба тағы.

Арман есікті ашады. Тілек кіреді.

Т і л е к. Мамам қайда?

А р м а н. Тыныштық па? 

Т і л е к. Мам!

А р м а н. Бала емізіп жатыр. Не болды сонша?

Т і л е к. Келмеді жиынға. Жетім баламын мен. Ешкімім жоқ. Жоқ менде мама!

Жылап жібереді. Арман есікті жабады.

А р м а н. Ақырын көршілер естіп қояды.

Т і л е к. Ести берсін.

А р м а н. Жігітсің ғой. Соған жылайсың ба? Тый андағы жасты.

Т і л е к. Кетші бар.

Тілек туалетке кіріп кетеді.

А р м а н. Есті шығарып. Жиналысқа бола сонша жылағаны несі? Менің де жиналысыма бармайд. Бармағаны жақсы ғой. Сабағымды айтады. Одан менің миымды ашытады. 

Арман картопты арши бастайды. Тілек су-cу қолымен шығып, холдан орамал іздейді.

А р м а н. Жылап болдың ба? Кел, шай ішіп ал.

Т і л е к. Кетші бар.

Тілек орындықта ілулі тұрған Ұлмекеннің халатына қолын сүртеді.

А р м а н. Сені бір тәртіпке салмасам. Ағаңа қалай сөйлейсің.

Тілек үндемей тұрып қалады.

А р м а н. Не болды ей. Қатып қалдың ғой.

Т і л е к. Мынау қан ғой? 

А р м а н. Ооо, жынды. Халатында нең бар?

Т і л е к. Ауырып қалған ба? Мама, маматай!

А р м а н. Қайда барасың енді?

Ұлмекен келеді.

Ұ л м е к е н. Ау, жарық дүнием.

Т і л е к. Қай жерің қанады, мам?!

Екеуі құшақтасады.

Ұ л м е к е н. Тыныштық па?

А р м а н. Халаттағы қаннан шошып. Қолын сүрткен. Не болды, мам?

Ұ л м е к е н. Киімге сүрткенді қоймады ә. Қолымды кесіп алғам.

Жерден халатын алады. Арман күледі.

Ұ л м е к е н. Күлесің ғой.

А р м а н. Сіз де қатырасыз. Тілек екеуіңіз бірдейсіз.

Т і л е к. Мен су қолымды сүрттім, сіз қан сүртіпсіз.

Үшеуі күледі.

Ұ л м е к е н. Сөз табады бұлар.

А р м а н. Татуластың ба, мамамен.

Тілек басын изейді.

А р м а н. Қылқындырып тастайтындай келді сырттан.

Ұ л м е к е н. Қой. Ондай сөз айтпа. Анасын кешіреді ғой. Арыстанның кимін алып берем.

Т і л е к. Шелпек бар екен ғой.

Ұ л м е к е н. Ертеңгісін жемей кеттің ғой. Әкең құран оқып кеткен.

Арман мырс ете түседі.

Ұ л м е к е н. Не көрінді?

А р м а н. Күштілеп оқыған шығар.

Ұ л м е к е н. Не боп жүр саған? Әкеңді мысқылдайсың. Құрдасыңдай.

А р м а н. Күнәларымызды кешір деген шығар.

Ұ л м е к е н. Доғар!

А р м а н. Ол доғарсын!

Арман орнынан атып тұрады. Ашулы. Қолында пышақ. Тілек шошып орнынан атып тұрады. Үшеуі де үнсіз тұрып қалады. Есік қоңырауы ойнайды. Үнсіздік. Есік қоңырауы тағы шырылдайды. Тілек есікке қарай қозғалады.

Т і ле к. Әкем шығар. 

Ұ л м е к е н. Отыр, мен ашам.

Ұлмекен кетеді. 

Т і л е к. Әкел, мен аршып тастайын. Сен демалып ал. Тамақ дайын болғанда шақырам.

Арман үнсіз. Пияз турай бастайды.

Т і л е к. Маманы ренжітпейік деп ең ғой өзің… тағы да бірнеше күн тымсырайып қалмай қазір мама кіргенде сөйлей сал иә… и, мынау жылап тұр ма?..

А р м а н. Кетше-ей…

Т і л е к. (Қуланып) Інісіне қалай-қалай сөйлейді-ей… 

Арман Тілекке қарай ұмтыла бергенде қолында торт пісіретін заттары бар Ұлмекен келеді.

Т і л е к. Сабақ оқиын мен.

Ұ л м е к е н. Кітаптарыңды осында алып кел. 

Т і л е к. Жарайды.

Ұ л м е к е н. Мақсатты қарай сал. Аунап кетпесін. Телевизор қаратып қойғам.

Есік қоңырауы соғылады.

Т і л е к. Енді әкем шығар.

А р м а н. Ол емес. Тесіктен қара дұрыстап, аша салмай.

Ұ л м е к е н. Өзің аш онда, тесікке бойы жетпейді оның.

Арман кетеді.

А р м а н. Тілек! Код айтшы. Памперс екен. 

Ұ л м е к е н. 2509

Арман памперсті алып арғы бөлмеге кетеді. Тілек соңынан кетеді. Кітаптарын алып тез оралады.

Т і л е к. Кімге жазып жатсыз, әкем бе?

Ұ л м е к е н. Трениң ғой. Ақша жіберіп тұрмын.

Т і л е к. Ақша сұрай ма олар.

Ұ л м е к е н. “Декретте отырып ақша табуды” үйретеді.

Т і л е к. Ақша табуды білсе, сізден неге сұрайды?

Ұ л м е к е н. Сен ол туралы ойламашы балам. Басыңды қатырма. Өскенде түсінесің.

Т і л е к. Өскенде, өскенде…

Ұ л м е к е н. Арман бірдеңе жасырып жүрген сияқты.

Т і л е к. Төбелескен шығар.

Ұ л м е к е н. Төбелескені несі?

Т і л е к. Атаман ғой.

Ұ л м е к е н. Ондай әлі бар ма?

Т і л е к. Әрине. Ағамның атын айтам ғой, маған тиіссе.

Ұ л м е к е н. Қойыңдар. Біткен ол заман. Оқу керек.

Т і л е к. Оқып отырық қой. Ағама неге айтпайсыз осы оқы деп.

Ұ л м е к е н. Оқиды. Неге айтпайм. Тексерем қазір сабақтарыңды.

Мақсатты көтеріп Арман келеді. Ұлмекен қазанға су құя салып, торт пісіруге кірісіп кетеді.

Т і л е к. Мама не пісіріп жатсыз.

Ұ л м е к е н. Торт қой

Арман Мақсатты кәліскіге жатқызбақ болады.

Ұ л м е к е н. Жатқызба. Отырғызып қой. Жылайды ол. Сендерді көріп тұрып, тыныш жата ма?

Тілектің қасына отырғызып қояды. Тілек мамаға сөйле дегендей Арманға қабақ қағып қояды. Арман тағы да жұдырығын көрсетеді.

А р м а н. Тамақ пісті ме? 

Т і л е к. Торт бар қасында.

Ұ л м е к е н. Ол әкелеріңе.

Т і л е к. Бүгін ерте келе ме сонда? 

Ұ л м е к е н. Қолдарыңды жуыңдар. Қазір сұрап білейін.

Т і л е к. Менікі таза. 

А р м а н. Кітап ұстадың. Есіктің тұтқаларын ұстадың.

Т і л е к. Оййй. Мені аңдып жүреді екен.

Екеуі туалетте қол жуып жатады. Ұлмекен тамақ салады.

А р м а н. Ары тұр ей.

Т і л е к. Не болды сонша.

А р м а н. Жуып тұрмын ғой. Қабаттаспа.

Тілек суды алып Арманға шашып жібереді.

Т і л е к. Өзің шақырдың.

Ұ л м е к е н. Ұрыспаңдар-ей. 

Арман Тілектің жотасынан қойып қалады. Ұлмекен туалет жаққа барады.

Ұ л м е к е н. Не көрінді. Аш емес сияқтысыңдар. Аш адам ұрыса алмайды.

А р м а н. Мынау ғой. Су шашып…

Т і л е к. Өзіңсің!

Ұ л м е к е н. Отырыңдар барып. Әкелерің кеп қалар, күте тұрайық.

Т і л е к. Келе жатырым деді ме?

Ұ л м е к е н. Телефоны өшіп тұр. Жолда шығар. 

Екеуі үстелге үнсіз барып отырады. Ұлмекен Мақсатқа барады. 

Ұ л м е к е н. Жаным. Құдай бере салғаным. Ағаларының соғысына қарап қалыпты. Өзі үйреніп алыпты. Басында шошушы еді.

Ұлмекен тағы да тел жалғайды. Сөндірулі. 

Ұ л м е к е н. Тамақтарыңды іше беріңдер, суып қалатын болды. Әкелерің тортқа үлгерер.

Т і л е к. Мама, тамақ ішсеңізші.

Ұ л м е к е н. Алтыдан кейін ішпей жүрмін.

Т і л е к. Неге?

А р м а н. Диета шығар..

Т і л е к. Ол не тағы.

Ұ л м е к е н. Марафонға қатысып жатырмын. Оны қайтесіңдер, тамақтарыңды жеңдер ыстықтай.

Пауза

Ұ л м е к е н. Тілекжан, апайыңа жібердім. Жазып жатыр.

Т і л е к. Рахмет мам. Не дейді?

Ұ л м е к е н. Арыстанның киімін ертең барып аламыз дейді.

Т і л е к. Уааааау!

Тілек арыстан боп айбар шеккен болады.

А р м а н. Сөздерін жаттадың ба?

Т і л е к. Баяғыда жаттап алғам.

Телефон шырылдайды. Ұлмекен қарап отырады.

Т і л е к. Алсаңызшы.

Ұ л м е к е н. Уфф. Кеш жарық! Үйдеміз. Балалардың кешкі тамағын беріп. Тикток дейсіз бе? Жоқ әлі қарамадым. Ертең базарға барғанда көреміз ғой. Тиктокқа да сол жердегілер салады ғой. Мұршам болмады. Жарайды әкпе қараймын, мхм түсіндім.

Т і л е к. Не деп ұрсып жатыр?

Ұ л м е к е н. Баламен отырғанымды біледі. Уфф. Өзі де балалы қатын ғой. Қалай түсінбейді!

А р м а н. Не дейді сонда?

Ұлмекен жасқа булығып туалетке кіреіп кетеді. Тілек орнынан тұрады.

А р м а н. Қайда кеттің енді, арыстаным?

Т і л е к. Болдым.

А р м а н. Қолыңды жу ей. Дәптерің май болады.

Т і л е к. Ооо май гад. Аңдығаны мен ғой. Аға деймін.

А р м а н. Не боп қалды?

Т і л е к. Торттың дәмін көрейік.

А р м а н. Мама ренжитін шығар.

Т і л е к. Сататын торт емес қой.

Пышақпен шетін тіліп жібереді. 

А р м а н. Қой ей, тарт қолыңды!

Арман бұл іске қатысы жоқ екенін білдіру үшін. Мақсатқа қарай жүгіреді.

Т і л е к. Өте дәмді.

Телефон шырылдайды. Тілек тұтқаға қарайды.

Т і л е к. Гүлзат әкпе ғой. Мама берейін бе?

А р м а н. Тойын айтып басын қатырады. Көтермеші.

Т і л е к. Сөйлесейік те. Біз де барамыз ғой тойға.

А р м а н. Қой деймін саған.

Арманның ащы даусы шығады. Ұлмекен туалеттен шығады.

Ұ л м е к е н. Арманжан, тыныштық па?

А р м а н. Тілек! Әкпемен сөйлесем дейді.

Т і л е к. Өшті ғой. Сөйлеспедім. Мама, мен торт жедім.

Ұлмекен кесілген тортқа қарап үнсіз тұрып қалады. 

Ұ л м е к е н. Ұлмекен… Ұлмекен… айналам кілең еркектер, атыма затым сай дегенім осы ма, Ұлмекен?!! Неменеге тыраштанып жүрмін мен?!! Кім үшін осының бәрі? Осылар үшін бе? Мен үшін кім не істеді? Мен үшін жердің бетінде қуанатын бір адам бар ма? Тіпті мен туғанда  ешкім қуанбаған. Қазір де қуанбайды ешкім. Адам бәрін өзі өзгерте алады, тағдырды да, бақытты да өзі жасайды дейсіңдер. Тырысып бақтым. Күн сайын талпынам.Қайда ал сол өзгеріс? Неге өзгермейді бәрі? Байдың түрі анау үй бетін көрмейді… ұлдардың түрі мынау, не тіл алмайды, не есеймейді… қашанғы күтем мен осы… Қашанғы?

А р м а н. Күтпе, келмейді ол! Асқар тау емес ол! Қыдырып жүр ол. Міне көріп отырым достарының парақшасынан!

Ұлмекен Арманды естімейді де, тортты алып қоқысқа тастай салады. Телефон шырылдай жөнеледі. Оны да алып қоқысқа тастай салады. Арман мен Тілек үнсіз қатып тұр. Мақсат жылай бастайды. Қоқыстағы телефон онан сайын қатты шырылдаған сияқты.

Ұ л м е к е н. Туалетімде отыра беруім керек ед! Бекер шықтым. Бұл үйдегі тыныштың қуысы сол жерде ғана. 

Ұлмекен туалетке кіріп есікті тарс жабады. Арман жылап жатқан Мақсатты алады. Сәби жылауын қояды. 

Тыныштық. Тып-тыныш. Ұзақ үнсіздік. 

Арман Мақсатты көтеріп кетеді. Тілек туалеттің есігіне барып бірдеңе айтқысы келеді де батылы бармай ол да кетеді. 

Біркезде щетканың ыңылдаған дыбысы шыға бастайды. Бара бара қатты шығады.

Бәрі тынышталады. Ұлмекен шығады.

 

Ұ л м е к е н. Ламбардқа барам. Жүзігімді өткізем. Балаларды қыдыртам. Киім алам үстіме. 

 

Соңы