Авторы: Barys
Кейіпкерлер:
Ораз
Жанарыс
Тұрар
Жанерке
Ғалия апай
Полиция
Комитетчик
Бандиттер
Жанерке
Жанерке-1
Жанерке-2
Жанерке-2-нің күйеуі
___________
1-көрініс
Тұрар мен Жанарыс
(Пәтердің іші. Артқы жақта сурет, ортада диван, үстел және сол жақта, шетке қарай қол чемодан тұр. Тұрар оң жақтан іші толы екі жол сөмкені сүйреп ортадағы диванға келіп отырады. Ішін ашып киімдерін түгендей бастайды.)
(Жанарыс екі жол сөмкесін көтеріп сол жақтан келеді)
Жанарыс:
Бісміллә. (табалдырықты оң аяғымен аттап) Ой, кешіріңіз, әлі кетпепсіз ғой?
Тұрар:
(жымиып) Саламатсыз ба? Иә, заттарды жинап отырғанмын. Негізі болыпта қалдым. Жаңа пәтер жалдаушысыз ба?
Жанарыс: Иә, дәл өзі. Досым екеуміз жалдайтын боламыз. Досыма ауылдан бір-екі зат салып жіберіпті, соларды алып келеді. Айтпақшы, Жанарыс (қолын созып).
Тұрар:
– Тұрар. Сен дей бер. Кіріп жайғаса бер. Мен болып қалдым.
Жанарыс: Иә. Асықпа, асықпай жинала бер, біз заттарды әкеліп, орнығамыз дегенше, біраз уақыт өтеді. Ауылдағы апаларымыз айтушы еді: «кедей болсаң көшіп көр». Сол дәл келіп отыр. Әншейінде білінбейтін азғантай зат көшкенде үлкен тау болып үйіледі екен.
Тұрар:
– Студентсіңдер ме?
Жанарыс:
Иә, өткен жылы Ораз екеуміз ЕНУ-ға, ол құқықтану, ал мен филология мамандағына түстік. Биыл екінші курс. Жатахананы тек бірінші курстарға береді екен. Сосын, амал жоқ, пәтерге шықтық. Ыңғайлы, жақсы пәтер сияқты, ә?
Тұрар:
– Иә, пәтер ыңғайлы, жылы. Қыста жаурамайсыңдар. Мен де Астанаға алғаш келгенде туыс-таныстың үйінде тұрмай, бірден пәтерге шыққанмын. Біреу жақтырса, біреу жақтырмайды дегендей. Бір жыл осында тұрдым. Қазір Еуропаға ұшып барамын.
Жанарыс:
– Шынымен бе? Қандай жақсы! Жұмысқа ма?
Тұрар (терең дем алып):
– Иә... жұмысқа шақырғанына жарты жыл болды. Бірақ бір себеппен кетпей қалдым.
Жанарыс (қызығып):
– Қандай себеп ?
Тұрар (күліп, бірақ сәл кідіріп):
– Мұның аты – қыз. Кезінде бір «қара көзге» көңіл ауып, соңынан жүгіремін деп ұшпаған едім. Жарты жыл күттім... бірақ кеше басқа жігітпен көрдім. Сол кезде түсіндім – уақытты босқа өткізіппін. Бір қыз бар маған қарамайтын, мың қыз бар мен қаламайтын... деген осы екен.
Жанарыс (басын шайқап):
– Еее... Өмір ғой. Негізі бір жағынан... Бұрынғылар айтушы еді ғой «сен сүйгенді емес, сені сүйгенді сүй» деп. Сенде көңілі болып, қарамаған қыздың соңынан жүгіру керек емес сияқты, бәрібір көңілі басқаға ауып тұрады.
Тұрар:
– Мәселеде осында болып тұр. Ол қыз бұрыннан мені ұнатады екен. Айналамдағыларда осыны айтатын. Мен ақымақ оның бәрін әзілге айналдырып, ойнап жүріппін. Тіпті, ол үстіңгі қабаттан пәтер жалдағанда да мән бермегенмін. Бар ойымыз оқуда болып, қызық қуып жүре беріппіз.
Жанарыс:
– Ол не, осы тұрғын үйде, жоғары қабатта тұрады ма?
Тұрар:
– Тұрған... Қазір әпкесіне көшіп кетті.
Жанарыс:
– Содан. Ұнататынын қашан байқадың?
Тұрар:
– Тек басқа жігіттер онымен сөйлесіп, сөз сала бастағанда ғана. Сол кезде ойлана бастадым. Оған ақырындап жақындауға тырыстым, көңіл бөлдім. Тұрсам-жатсам бар ойым сол адам болды. Осылай жүргенде жарты жылда өтіп кетіпті. Бірақ, Мен оған көңіл бөліп, жанынан табылған сайын менен алыстай берді (Есік қағылады).
Жанарыс:
– Бұл Ораз болар, мен ашайын (есікті ашу үшін сахнаның сол жағына барады).
2-көрініс
Тұрар, Ораз, Жанарыс, Ғалия апай
(Ораз, Жанарыс және Ғалия апай сахнаның сол жағына шығады. Ораз қойнына қара пакетті қысып алған.)
Ғалия апай:
– Үйлерің осы. Екі бөлме, балконы да бар... Тұрар, қалайсың, балам? Әлі кетпепсің ғой, ұшағың нешеде еді?
Тұрар:
– Саламатсыздар ма? Жақсы, өздеріңіз..(қолын созып) Тұрар.
Ораз:
– Ораз.
Тұрар:
– Ұшақ екі сағаттан соң ұшады. Мен өзімде жиналып болдым. Ғалия апай, барлығы үшін рақмет. Пәтеріңізде азды-көпті тұрақтадық, енді жолға шығар уақыт болды. Алдын ала барып, ұшаққа тіркеуден өтпесем, үлгермей қалатын жайым бар. Жігіттер, сәттілік.
Ғалия апай:
– Жолың болсын, балам!
Жанарыс:
– Жолың болсын!
Ораз:
– Жолың болсын!
(Тұрар ортадағы екі жол сөмкені көтеріп, шығып кетеді.)
Ғалия апай:
– Жолың болсын, аман жүр, айналайын. Жаңағы бала – Тұрар, осы пәтерде жарты жылға жуық тұрды. Өте ұқыпты, таза ұстады. Қараңдаршы, сендерге қандай етіп қалдырып кетіп жатыр. Сендерде осылай таза ұстаңдар. Сосын, түнде шуламаймыз, ішпейміз, шекпейміз, «қарындасым еді», «туысқаным еді» деп қыздар шақырмаймыз. Естеріңде болсын, мен осы тұрғын үйдің КСК Төрайымы боламын. Бұдан өзге, бұл тұрғын үйде менің тағы екі пәтерім бар, өзімде осында тұрамын. Бір қылтың-сылтыңдарың шықса, жұрттан бұрын мен естимін. Оның үстіне КСК Төрайымы болған соң тұрғындар да бірден маған шағады. Сосын айтпады деп жүрмеңдер.
Ораз:
– Әрине, ондай қылтың-сылтыңымыз жоқ, әдептен озбай, тыныш жүретін, балдармыз.
Жанарыс:
– Қалай айтсақ екен? Почти, намаз бастайын деп жүрген балдармыз.
Ғалия апай:
– Ну, көреміз. Айтпақшы, коммуналдық төлем пәтер ақысына кірмейді, оны бөлек есептейміз, сол үшін жарық, суды үнемдеңдер.
Ораз:
– Әрине.
Жанарыс:
– Иә, Еуропада оқып келген, бір ағамыз айтпақшы, ол жақта күндіз жуынып-шайынған суымен кешке киім жуып үнемдейді екен. Бір сөзбен айтқанда еуропаша өмір сүреміз.
Ораз:
– Қандай ағаң, ол?
Жанарыс:
– Сен оны танымайсың, Қазығұрттан асып шықпағансың ғой.
Ғалия апай:
– Посмотрим... Айтпақшы, сендер Шымкенттен емессіңдер ма? Өткенде, жоғары қабаттағы пәтерге бір жігіт келген, Шымкентский екен, бір ай болмай қасына тағы төрт бала қосылды. Сұрасам: «қонақтар, уақытша келген» дейді. Сол қонақтары жанағы жігітпен бірге үш ай тұрды. Кейін бәрі бірге көшіп кетті. Білмеймін, бесеуі жиырма бес шаршы метрдың қай жеріне сыйғанын.
Жанарыс:
– Жо-жоқ, біз Қазығұрттанбыз. Қазығұрт қайда, Шымкент қайда? Екеуі жердің екі жағында.
Ораз:
– Жоқ, Шымкенттен емеспіз...
Жанарыс:
– Неғыса, әпше, отырып, шәй ішпедік пе? Қазығұрттың қонақжайлығын көрсетіп дегендей...
Ораз (ақырын ғана, Жанарысты шымшып):
– Қайдағы апше, әпке деп айт, білдіртпесей.
Ғалия апай:
– Негізі менде асығып тұрған жоқпын, сендермен де әңгімелесіп, жақынырақ танысып алармын.
Жанарыс:
– Оразға ауылдан посылка салып жіберген. Ауылдың сарқыты өзгеше болады, ауыз тиесіз. Иә, жайғасып, отыра беріңіз.
Ораз (Жанарысты қаттырақ түртіп, қойнындағы қара пакетті изеп, ақырын):
– Ей, қырт, бұл сарқыт емес, басқа нәрсе. Хозяйканы кетіре алмай жатсам, шәйің не? Тезірек қайтарып жіберейік, көрсетемін сосын.
Ғалия апай:
– Не болды сендерге, сыбырласып, келмейсіңдер ме? Шәй қойдыңдар ма? Даусы шықпайды ғой.
Жанарыс:
– Не ғой, әпше, ой, әпке, айтпақшы Сіз асығыс екенсіз ғой.
Ғалия апай:
– Кім, мен бе?
Ораз:
– Жо-жоқ, біз асығыс едік демекші болды...
Жанарыс:
– Иә, иә, біз асығыс екенбіз, ұмытып кетіппін, ыңғайсыз болды-ау. Келесі жолы бір сәті түскенде, жақсылып күтеміз. Қазығұрттың басында Нұх пайғамбардың кемесі қалай қалғаны жайлы айтып беремін.
Ғалия апай:
– Ну, жақсы. Сендер жақсылып жайғасып алыңдар, Мен кедергі жасамайын. Айтпақшы, пәтер ақысын кешіктірмеңдер. Ұмытпаңдар, Мен осы маңда боламын. Бірдеңе болса, бірден естимін.
(Жанарыс пен Ораз бастарын изейді. Ғалия апай шығып кетеді.)
3-көрініс
Жанарыс пен Ораз
Жанарыс:
– Ораз, не болды? Не ол қойныңдағы?
Ораз:
– Жанарыс, айтсам сенбессің. Теміржол вокзалына, посылканы алуға барғанмын. Ауылдағы көкем Сарығаш-Павлодар пойызы, 12-вагон, қара пакет салып жібердім деген ғой.
Жанарыс:
– Иә, сонымен. Айтсай енді...
Ораз:
– Содан, Сарығаш-Павлодар пойызы, 12-вагонға бардым. Жолсеріктен, Оразға, қара пакет беріп жіберуі керек еді деп сұрадым. Ол жоқ, Оразға ешкім қара пакет салып жіберген жоқ дейді. Көкеме звандасам алмайды, білесің ғой, Қазығұртта байланыс жақсы ұстамайтынын. Содан, қош онда деп, қайтарға Яндекс такси шақырып, енді қайта бергенде, қасыма бір адам келіп: «Оразбысың, Шымкенттен қара пакет салып жіберуі керек пе еді?» дейді. Мен көкемнің Сарығаштан немесе Шымкенттен салып жібергенін қайдан білейін. Иә, сол жақтан болуы керек дедім. Ол, қолыма осы пакетті ұстатып, «қызылдар жүр, абай бол» деп кетіп қалды. Мен алдын ала Яндекс такси шақыртқанмын, сол келіп тұр екен. Ішін ашып көрейн десем, қара пакеттің аузы скотчпен оралған, ал такси болса күтіп тұр. Күткеніне ақша жемей ме? Сосын ақша кетпесін деп, таксиге асыға отыра салдым. Біраз жол жүріп қалғанда ауылдағы көкем хабарласып тұр. «Ораз, қателесіп жазыппын, 12 емес 21-вагон екен. Сосын пакетті алмапсың, жолсерік 3-кассадағы қызға қалдырып кеттім дейді. Содан алып кет» дейді. Мен болсам аң-таңмын, пакеттің аузын ақырын ашып қарасам, Бенджамин Франклин тұр.
Жанарыс:
– Бенджамин Франклин? Сурет пе?
Ораз:
– Сурет болғанда да, қымбат сурет, доллардың бетіндегі сурет ше? Жүз доллардың бетіндегі.
Жанарыс:
– Не дейсің? Қане, әкелші бері. Аузы недеген қалың байланған еді. Қалай ашқансың?
Ораз:
– Маған әкел, бар қайшы ма, пышақ па беріп жіберші.
Жанарыс:
– Қазір, әкелемін... Міне пышақ, ақырын аш.
Ораз:
– Қазір. Шетінен ұстап тұршы.
Жанарыс:
– Ашылды, ашылды.
Ораз:
– Енді өзіңе қарай тарт, қаттырақ тарт.
Жанарыс:
– Мәссаған, мынау тура кинодағыдай ғой.
Ораз:
– Тіпті, әлі ашылмағанда екен. Мынаны қарашы бума-бума. Сыртында он мың доллар деп жазылып тұр. Сонда әр бумасы он мыңнан болса, ал мына жерде он данасы бар. Яғни...
Жанарыс:
– Жүз мың доллар... Қуана бер досым, енді байыдық. Тіпті, оқуды тастасаңда болады. Сосын жұрттың бәрі айтып жүрсін, Ораз бен Жанарыс американың миллионерлері сияқты, оқуды тастап, байып кетіпті деп. Ауылдағы ағаларым айтып жүруші еді: «оқуды не істейсің? Таста оны, газель айдайсың» деп. Су жаңа газельдің кілтін алдына лақтырып жіберіп, өзің айда газелді демесем ба.
Ораз:
– Тоқта, мұндай көп ақшаның сұрауы да болады. Бірақ, ақшаны берген адамның аты-жөнін де, нөмерін де білмеймін. Жоғалған заттарды полицияға тапсырмаушы ма еді? Полицияға хабар берсек пе...
Жанарыс:
– Ораз, қума. Бұны берген адам тегін адамдардан емес. Қазір адамдар осыншама ақшаны пойыздан беріп жібереді дейсің бе? Пойыз түгілі, банкке сеніп тапсырмайсың ғой. Өзің ойла, арзан затты тауып алдым деп барсаң, жарайсың деп сүйінші береді, ал үлкен, қымбат затты алып барсаң, «қайдан алдың, қалай алдың, неге тапсырып жатсың, ақыл-есің бүтін бе, ұрламадың ба» деп сұрайды. Оның үстіне қаланың бір шетінде бір банкомат тоналып жатқан болса, ал сен осындай ақшамен «тауып алдым» деп барып тұрсаң, оларда іздегенге сұраған деп, істі саған артып, жауап тастамасына кім кепіл?
Ораз:
– Олай құрастыра берсең, шыға береді. Неде болса, біздің ақша емес, тіпті қандай ақша болса да иегесін тауып, беріп құтылу керек.
Жанарыс:
– Ораз, бірінші жақсылап ойланып алайық. Өзіңде құқықтану мамандығына болашақ заңгер боламын деп түспедің бе? Тоқта, біраз ойланып алайық. (Есіктің қоңырауы шалынады).
Ораз:
– Мынау кім болды екен?
Жанарыс:
– Ғалия апай шығар?
Ораз:
– Мен ашып көрейін, сен тез мыналарды жина.
Жанарыс:
– Бірден ашпа, бірінші көздеуіштен кім екенін қарап ал.
(Ораз сахнаның сол жағына барып, сығалап қарайды)
Ораз:
– Жанарыс, мәссаған...
Жанарыс:
– Кім екен? кім...?
Ораз (дауысын ақырын шығарып):
– Полиция, полиция...
Жанарыс:
– Мәссаған, ашпай тұр, Мен қазір мыналарды тығып қояйын. Мына пәтердің қандай тығатын жерлері бар өзі.
Ораз:
– Маған бер, мен тығып қоямын. Ал сен есікті аш.
(Ораз сахнаның сол жағындағы чемоданды және қара пакетті алып, сахнаның оң жағына кетіп қалады).
4-көрініс
Полиция, Жанарыс және Ораз
Полиция:
– Саламатсыз ба! Полиция аға қызметкері Қайсаров. Ашпай көп тұрдыңыздар ғой.
Жанарыс:
– Саламатсыз ба, естімегенбіз ғой. Иә...
Полиция:
– Сарбасов Асхат, 2002 жылғы, осында тұра ма?
Жанарыс:
– Сарбасов Асхат... Жоқ, танымайды екенмін (уһһ деп, бір жеңілдеп қалады).
Полиция:
– Біздегі дерек бойынша осында тұрады деп жазылыпты. Әскерден жалтарып жүр. Екі апта алдын хабарлама жіберілген. Бәрі дұрыс па? Терлеп кеткен сияқтысыз ғой.
Жанарыс:
– Жо-жоқ, бәрі дұрыс. Досым екеуміз осы пәтерді жалдап тұрамыз. Бүгін бірінші күн болғандықтан...
Полиция:
– Пәтер жалдап тұрамын деңіздер. Үйде басқа адам бар ма? Мүмкін ол білетін шығар, шақырыңызшы.
Жанарыс:
– Айтып тұрмын ғой, біз бүгін ғана көшіп келдік, ондай адамды танымаймыз.
Полиция:
– Шақырыңыз, ол кісінің өзінен сұрайық, Сарбасов Асхаттың тұрмайтынына нақты көз жеткізейік, протоколға бәрі түсуі керек.
Жанарыс:
– Жарайды. Ораз... Ораз... Келіп кетші.
Ораз (сахнаның оң жағынан чемоданды сүйреп шығып):
– Не істедің? Анау ментті жібердің ба? Ааа... Саламатсыз ба?
(Жанарыс оң қолымен бетін жабады)
Полиция:
– Сендер не? Бірдене жасырып отырсыңдар ма? Айтпақшы қалада тіркеуде тұрсыңдар ма?
Жанарыс:
– Ағатай, келгеніміз бүгін, қайдағы тіркеу?
Ораз:
– Қазақстанның қай заңында жазылыпты тіркеуде тұру керек деп.
Полиция:
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 492-бабы бар, соның бірінші бөлігінде тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын жері бойынша тiркеусіз тұру ескерту жасауға әкеп соғады делінген. Ары қарай айыппұл көзделген. Интернетке тойып алып, осылай сұрайтындарыңды қойыңдар. Тоқта, сенің көзің ойнап тұр ғой, дірілдеп тұрсыңдар ғой. Бірдене шегіп алған жоқсыңдар ма? Ішке кірейікші, қане.
Ораз:
– Ордер...
Полиция:
– Бұл саған Америка емес, қайдағы ордер.
(үшеуі диванға келіп отырады)
Жанарыс:
– Ағатай, негізі Сіз Сарбасов Асхатқа келген едіңіз ғой. Асхатты сұраймын деген едіңіз ғой.
Полиция:
– Асхатты сен қайдан білесің? Таниды екенсің ғой?
Ораз:
– Қайсы Асхат? Мергембай көкемнің баласы ма?
Жанарыс (екеуіне кезек-кезек қарап) :
– Жо-жоқ. Жаңа ғана Сарбасов Асхат деп өзіңіз айттыңыз ғой.
Полиция (Оразға қарап) :
– Сен қай Асхатты айтып отырсың?
Ораз:
– Ауыл жақтағы Асхат.
Полиция:
– Ауылдарың қайда? Қай жақтың балдарысыңдар?
Жанарыс:
– Қазығұрттың.
Полиция:
– Жерлес екенбіз ғой. Мен Түлкібастан боламын.
Жанарыс:
– Сәйкестікті қараңыз. Ораз, шәй қойып жіберші. (Ораз сахнаның оң жағына кетеді) Ағатай-ау, Астанаға оқимыз деп келіп қалдық. Енді түсінесіз ғой. Жаспыз, әрі жерлес екенбіз.
5-көрініс
Полиция, Жанарыс және Тұрар
(Есік қағылады, Тұрар ентігіп кіреді)
Тұрар:
– Кешіріңдер, жігіттер... Саламатсыз ба?
Жанарыс:
– Тұрар, иә. Бірдене ұмыттың ба? (Полицияға қарап) Осы пәтерді бізге дейін жалдап тұрған бала. Тағы да, тек бүгін таныстық.
Тұрар:
– Мен қол чемоданымды ұмытыппын. Қайда тұр еді өзі? Ааа, мұнда екен ғой.
Полиция:
– Тұрар, Мен полиция аға қызметкері Қайсаров боламын. Сарбасов Асхатты танымайсың ба? 2002 жылғы.
Тұрар:
– Білуімше, маған дейін осында тұрған. Мен өзім бұл пәтерге жарты жыл бұрын келдім. Ғалия апайдан сұраңыз, сол кісіде бұрынғы тұрғындардың нөмері сақтаулы. Рұқсат болса Мен жүрейін, ұшақтың уақыты таяп қалды.
Полиция:
– Жақсы, жүре беріңіз. Жолыңыз болсын.
Жанарыс:
– Жолың болсын.
Тұрар:
– Рақмет, жақсы (қол чемоданды сүйреп, сахнаның сол жағынан шығып кетеді).
Полиция:
– Ғалия апай деген кім? Осы пәтердің иегесі ме?
Жанарыс:
– Иә, әрі ол кісі мұнда КСК Төрайымы. Мұнда оның басқа да пәтерлері бар. Яғни, бұл тұрғын үйде бірдене қит етсе, бірінші болып сол кісі естиді.
Полиция:
– Солай де, жақсы жігіттер. Жанарыс, жолдас балаңды шақыршы. Аты кім еді өзі? Шәй-пәй керек емес, отырып сөйлесейік, сосын мен тұрамын.
Жанарыс:
– Ораз ғой. Ораз, шәй керек емес, мұнда келші.
6-көрініс
Полиция, Жанарыс және Ораз
(Ораз, сахнаның оң жағынан келеді)
Полиция:
– Ораз, отыр. Жігіттер, қалаға енді келіпсіңдір, оның үстіне жерлес екенбіз, youtube-қа тойып алып, анау қайда жазылған, мынау қайда жазылған дегенді қойыңдар. Бұл жер – қала, Қазығұрт емес. Оның үстіне күздік әскерге шақырту жүріп жатыр. Қазір әскерден қашқандарды ұстайтын мезгіл. Жалғыз Мен емес, басқа да полиция қызметкерлеріне қатысты қойылған сұраққа дұрыс жауап берсеңдер, сендерге ешкімде тиіспейді.
Жанарыс:
– Бізден айып кетті. Бірақ, Сарбасов Асхатты танымаймыз.
Ораз (басымен бөлмені қайта-қайта шолып) :
– Иә, айып менен кетті. Сосын...
Полиция:
– Өй, сендерге не болған. Шынымен Қазығұрттансыңдар ма? Шудан емес па? (күліп алып) Жігіттер, осы шағын ауданға жауапты – Менмін. Неғылса, нөмерім міне (үстелге бір парақ қояды). Мәселе шықса бірден хабарласа беріңдер. Бөтен қалада жерлес інілеріме қорған болмағанда...
Жанарыс:
– Иә, әрине. Қалада бір ағамыз бар деп жүреміз.
Ораз (Жанарысқа басымен ымдап):
– Ағатай негізі бір мәселе бар...
Полиция:
– Иә, қандай мәселе?
Ораз:
– Егер бірдене жоғалса Сіздерге барамыз ғой, сол сияқты бірдене тауып алсақ, яки бірдене жаңылысып алып қойсақ, тағы да Сіздерге барамыз ба?
Полиция:
– Жаңылысып алып қойсақ дегенің не? Ей, сендер біреудің затын ұрламадыңдар ма?
Жанарыс:
– Жо-жоқ, Ораздың кішігірім заты жоғалған ғой, егер біреу-міреу тапса, полицияға алып бара ма, деп сұрап жатқаны ғой, иә? (Оразды түртіп).
Полиция:
– Тапқан адамның арына байланысты. Негізі жоғалған затты тапқан адамдар бізге әкеледі. Біз оны тіркейміз.
Ораз:
– Ақша әкелсе ше, оны да тіркейсіздер ма?
Полиция:
– Әлі ешкім ақша әкелмеді. Бірақ, оны да тіркейміз. Оның процедурасы басқаша.
Жанарыс:
– Ағатай, бізде сұрақ жоқ. Майда-шүйде мәселемен мазаламайық.
Полиция:
– Жақсы онда, жігіттер. Сосын, Ғалия апайларыңа айтыңдар, уақытша болсын осы пәтерге тіркесін. Ертең оғанда рейд жүретін болады. Қазір рейд екі мәселе бойынша жүріп жатыр. Күздік әскерге шақыру және шетелге ақшаның заңсыз шығуына тосқауыл қою. Сол үшін қазірден осы пәтерге тіркеле беріңдер.
Ораз:
– Шетелге ақшаның заңсыз шығуы деген қалай?
Полиция:
– Қазір не бір адамдар бар. Декларация тапсыратын кезде салықтан жалтарып, мүліктерін жасырып жүреді. Сосын қаражатын ақшалай шығарып алып, шет елге тайып тұрады. Жә, жақсы онда, мен жүрейін.
Жанарыс:
– Мен шығарып салайын.
(Жанарыс және Полиция сахнаның сол жағына кетеді, ал, Ораз сахнаның жан-жағын тінтіп, қол чемоданды іздеп жүреді)
7-көрініс
Ораз, Жанарыс және Ғалия апай (телефонмен)
Жанарыс (сахнаның сол жағынан келеді):
– Ораз, мұның не? Мен тежемегенде, Сен бәрін жайып салайын деп тұрсың ғой. «Жаңылысып алып қойдым» деген едің, бірден «ұрладыңдар ма» деді. Бәрі солай ойлайды. Қалай адам біреудің затын жаңылысып алып қояды, тіпті егер ол жүз мың доллар болса? Тіпті, менің де басыма сыймайды. Жә, оны қойшы ақша қайда?
Ораз:
– Қайдасы, қайда? Сенен сұрау керек.
Жанарыс:
– Қалай Менен сұрау керек? Мен ментке есікті аштым, ал Сен ақшаны тығып қою үшін кеттің. Ақшаны сен тықпадың ба? Қайда ақша?
Ораз:
– Сенің қол чемоданың қайда?
Жанарыс:
– Қайдағы қол чемодан, менің заттарым жол сөмкеде.
Ораз:
– Полицейский келмей тұрып, осында тұрған қол чемодан ше? Осында тұрған еді ғой. Күтпеген жерден полиция келген соң ақшаны соған тыққанмын.
Жанарыс:
– Не дедің...? Өй, Сен Тұрардың қол чемоданын айтып тұрсың ғой. Менде ешқандай чемодан жоқ (орнынан тұрып басын екі қолымен ұстап, ары-бері жүреді).
Ораз:
– Жарайды, Сенікі емес, Тұрардың қол чемоданы қайда? Тұрар деген полициядан алдын кетіп қалды емес пе?
Жанарыс:
– Қырсықтың шалғанын-ай. Жаңа, сен асханаға шәй қоюға кеткенде, Тұрар келген. Ұшаққа асығып жатырмын деп, тез келді де, қол чемоданын алып кетті.
Ораз:
– Не дейсің? Өй, мынауың... Неге маған айтпадың? Қалай ғана жіберіп алдық?
Жанарыс:
– Сенің ақшаны айналып келіп соған жасыратыныңды қайдан білейін? Пәтерде ақша тығатын мың қырық жер бар, іздеп жүріп тапқаның сол чемодан болды ма? Жәә... Мақұл, енді не істейміз? Соны ойластырайық.
Ораз:
– Тұрар енді ұшаққа мініпте қойған шығар. Қазір артынан қуып барсақ үлгермейміз. Әттең, қолымызда оның нөмері болғанда ғой. ..
Жанарыс:
– Тоқта. Айтпақшы, жана Тұрар келгенде Ғалия апайда бұрынғы тұрғындардың нөмерлері бар деген еді.
Ораз:
– Хабарлас онда, Ғалия апайға. Шәй ішейік деп жатыр едің ғой. Сені танып қалған шығар.
Жанарыс:
– Қазір...(телефонмен хабарласып) Алло, Ғалия апай, саламатсыз ба, қалайсыз? Бұл Жанарыс ғой.
Ғалия апай (телефонмен):
– Алло, Жанарыс, иә, таныдым, жақсы, жақсы. Өздерің қалайсыңдар? Не болды?
Жанарыс:
– Жақсымыз. Сұрайын дегенім Сізде Тұрардың нөмері бар ма? Пәтер жалдап тұрған Тұрар ше?
Ғалия апай (телефонмен):
– Иә, бар. Оны не істейін деген едің?
Жанарыс:
– Тұрармен заттармыз алмасып кетіпті. Ұшақ ұшпай тұрып, сұрап алайын дегенмін.
Ғалия апай (телефонмен):
– Мен үшінші қабатта, 318-пәтердемін. Осында кел, пәтер жалдаушылардың нөмері жазылған дәптер бар, соны қарап көремін.
Жанарыс: Болды Ғалия апай, қазір барамын (Жанарыс сахнаның сол жағынан шығып кетеді).
8-көрініс
Ораз және бандиттер (телефонмен)
(Ораздың телефонына қоңырау келіп түседі)
Ораз:
– Алло...
Бандит (телефонмен):
– Алло, Ораз.
Ораз:
– Иә, Мен – Орызбен. Бұл кім?
Бандит (телефонмен):
– Сен бүгін Сарыағаш-Павлодар пойызынан қара пакет алып кеттің, солай ма?
Ораз:
– Кім бұл?
Бандит (телефонмен):
– Сол пакеттің иегесімін. Ішін аштың ба? Неде болса ішінде бір затын жоғалтпай, Сапаржайға алып кел. Саған бүгін кешке дейін уақыт береміз.
Ораз:
– Менің нөмерімді қайдан алдың? Бұл не, пранк па? Пакетті өздерің беріп, өздерің қайтып алып кел деп...
Бандит (телефонмен):
– Сөзді көбейтпе. Бұл ешқандай пранк-мранк емес. Сапаржайдағы 3-кассада Қазығұрттан салып жіберген посылкаңды қалдырып кетіпсің. Мына жерде Сенің барлық деректерің жазылып тұр. Негізі біз Сені онсыз-ақ тауып алар едік. Қысқасы, Саған кешке дейін уақыт береміз, ақшаны әкелмесең, иманыңды үйіре бер. Сөз бітті....
Ораз:
– Алло, алло.... Қырсық, енді не істедім?
9-көрініс
Ораз, Жанарыс және Тұрар (телефонмен)
Жанарыс (сахнаның сол жағынан келіп):
– Ораз, Ғалия апайдың дәптерін бүтіндей сұрап алғансың ғой. Мына жерде жалғыз Тұрар емес, қаланың жартысының нөмері бар.
Ораз:
– Жанарыс, маған қазір ғана хабарласты.
Жанарыс:
– Кім...?
Ораз:
– Ақшаның иегесі, оларда Мен жайлы бәрін біледі екен. Бүгін кешке дейін уақыт берді, пакетті әкел, немесе иманыңды үйіре бер дейді.
Жанарыс:
– Онда тез хабарласайық. Қазір....... Міне Тұрардың нөмері: жеті жүз жеті, жүз он екі.... Алло?
Тұрар (телефонмен):
– Алло?
Жанарыс:
– Тұрар, бұл – Мен, Жанарыс. Таныдың ба? Ғалия апайдың жаңа пәтер жалдаушысы.
Тұрар (телефонмен):
– Иә, Жанарыс. Таныдым.
Жанарыс:
– Тұрар, Сенде біздің бір затымыз кетіп қалыпты. Анау қара чемоданың бар еді ғой. Сонымен бірге кеткен сияқты. Ұшағың қашан ұшады?
Тұрар (телефонмен):
– Менің чемоданымды Сенің затың қайдан жүрсің? Мен қазір ұшақтамын, ал чемоданды жүк тиегішке өткізіп қойдым. Францияға барған соң, қайтып салып жіберемін, келесі апта барып қалады. Қазір өшіруім керек, телефондарды өшірсін деп жатыр.
Жанарыс:
– Тұрар, жоқ, тоқта. Біз бір апта күте алмаймыз.... Алло...алло? Қырсық, ол қойып қойды.
10-көрініс
Ораз, Жанарыс, Жанерке-1 (телефонмен), Жанерке-2 (телефонмен), Жанерке-2-нің күйеуі (телефонмен) және Жанерке (телефонмен)
Ораз:
– Егер ол қазір ұшатын болса, құрыдық дей бер. Анау бұзақылардың қолында барлығы бар. Мен жайлы, сен жайлы, қай жерде туылған, қайда тұрады, бәрі бар... Неде болса Тұрарды тоқтату керек. Ұшақты ұшырмау керек.
Жанарыс (үстелдегі Полицияның қалдырған парағын алып):
– Мүмкін, полиция ағамызға хабарласып, Тұрар деген бала жүз мың долларды шет елге заңсыз шығармақшы дейміз бе? Ұшақты тоқтатын шығар...
Ораз:
– Өй, одан кейін полициядан ақшаны алып көр. Оның үстіне Тұрар ақшаны мыналар салды деп бізді көрсетсе, бәрі шатасып кетеді. Ешкімге ештеңе түсіндіре алмай қаламыз. Сосын бұл, өте ұят іс болар еді. Басқа жолын табу керек, басқа жолын... Тұрарды жібермей ұстап қалатын шешімі болуы керек.
Жанарыс:
– Айтпақшы, Сен келетінге дейін Мен Тұрармен сөйлесіп танысып алғанмын. Сол кезде Тұрар айтқан еді, оны негізі өткен жылдан бері Еуропаға шақыртқан, алайда бір қызға сөз саламын деп күтіп жүрген. Сосын ол қыз басқамен көңіл қосып... Қысқасы, Санта-Барбара. Тұрарды ұшақтан бір қалдырса, сол қыз қалдырар...
Ораз:
– Жақсы, ол қыз кім болды? Оның нөмерін қайдан табамыз?
Жанарыс:
– Ол қыз да осында, жоғарғы қабатта пәтер жалдаған. Жаңа Ғалия апайдан тұрғындардың нөмері жазылған дәптерді сұрауға барғанда, «Жанеркенің де нөмері керек пе?» деген. «Жоқ» деп қоя салған едім. Жарты жыл бойы Тұрарды осы қалада ұстап тұрған сол қыз болуы керек.
Ораз:
– Қане, ашайық. Мына жерде екі Жанерке бар ғой.
Жанарыс:
– Жоқ, үшеу екен. Міне тағы біреуі. Так, онда біріншісінен бастайық..... Алло....
Жанерке-1 (телефонмен):
– Алло...
Жанарыс:
– Саламатсыз ба? Бұл – Жанерке ма екен?
Жанерке-1 (телефонмен):
– Иә, Жанерке. Бұл кім болды?
Жанарыс:
– Түсінесіз ба? Жағдай былай ғой... Тұрарды білесіз бе? Тұрарды...
Жанерке-1 (телефонмен):
– Тұрар, Тұрар дейсіз бе? Жоқ, танымаймын. Кімсіздер?
Жанарыс (дауысын ақырын шығарып):
– Нөмірді қарашы, анық осы нөмер ме?
Жанерке-1 (телефонмен):
– Мен Тұрарды танымаймын...
Жанарыс:
– Сіздің көмегіңіз керек болып тұр... Алло... Алло.. Қойып қойды.
Ораз:
– Ол емес, басқасына хабарласып көр. Бұл жолы мен хабарласып көрейін..... сегіз жеті жүз жетпіс жеті........Алло....
Жанерке-2 (телефонмен):
– Алло....
Ораз:
– Саламатсыз ба, Жанеркесіз бе? Біз Тұрардың достары боламыз.
Жанерке-2 (телефонмен):
– Тұрар? Сіздер қателесіп кеттіңіздер....
Жанерке-2-нің күйеуі (телефонмен):
– Әкелші маған. Кімсіңдер? Менің әйеліме неге хабарласып тұрсыңдар? Мен – күйеуімін. Тұрар деген кім?
Жанарыс:
– Өшір, өшір. Анық, мынау емес.... міні соңғысы қалды. Неде болса осы болуы керек. Мен хабарласып көрейін.
Жанерке:
– Алло.
Жанарыс:
– Саламатсыз ба? Бұл – Жанерке ма екен?
Жанерке:
– Иә, Сіз кімсіз?
Жанарыс:
– Мен, Тұрардың досы – Жанарыс боламын. Сіз Тұрарды танисыз ба?
Жанерке:
– Тұрар дейсіз бе? Иә, әрине. Мектептен бері бірге өскен жан достармыз. Тұрарға бірдене болды ма?
Жанарыс:
– Иә, сол Тұрарға бірдене болды. Оның Сізде көңілі бар екенін білдіңіз бе? Көптен бері айта алмай, бүгін міне Еуропаға ұшып барады.
Жанерке (үнсіз тұрып қалып):
– Иә, білемін. Бірақ, қыз басыммен қалай оған бірінші әрекет жаса деп айта аламын? Өткен жолы бір жігіт сөз салды деген едім, сол күйі үнсіз кетіп қалды.
Жанарыс:
– Ол – ақымақ, Сізді басқа адаммен көңіл қосты деп, Еуропаға ұшқалы тұр. Біз достары болғаны үшін шыдай алмай хабарласып тұрмыз. Тұрарды бір қайтарса, тек Сіз қайтар аласыз. Байғұс бала әбден қиналды.
Жанерке:
– Ұшағы қашан ұшады екен?
Жанарыс:
– Қазір ұшқалы тұр. Бірден хабарлассаңыз болады. Тұрарды алып қалыңызшы, өтініш. Тұрар бізге керек... Яғни, бізге оның бақытты болғаны керек дегенім...
Жанерке:
– Жарайды, рақмет Сіздерге. Қазір бір сөйлесіп көрейін.
Ораз:
– Урааа, енді Тұрарды көндірсе жақсы болар еді...
Жанарыс:
– Иә, соны тілеп отырайық. Әкелші бесті...
(Ораздың телефонына қоңырау келіп түседі)
Ораз:
– Кімнің телефоны тың еткен? Сенікі емес пе? Жоқ, менікі екен... Ауылдан көкем хабарласып жатыр екен. Арғы бөлмеге, тыныш жерге барып сөйлесіп келейін (Телефонды оң құлағына тақап, сахнаның оң жағынаа кетіп қалады)
Жанарыс (ары-бері қуанып жүреді): Құдай қаласа, мынау іс біткелі тұр. Айтпақшы, мына дәптерде тағы кімдердің нөмері бар екен.... (дәптерді парақтап отырады).
11-көрініс
Ораз, Жанарыс, Тұрар (телефонмен)
(Жанарыстың телефоны шырылдайды)
Жанарыс:
– Алло, Тұрар, тыңдап тұрмын...
Тұрар (телефонмен):
– Алло, Жанарыс, Мен ұшақтан түсіп қалдым. Білесің бе? Күтпеген жағдай болды. Көптен күтіп жүрген қызым қоңырау шалды. Қуанышым қойныма сияр емес. Жанарыс, Мен Астанада қалатын болдым!
Жанарыс:
– Тұрар, Сен үшін қуаныштымын. Шынымен қуанып тұрмын. Не істейін, аэропортқа барайын ба, әлгі сенің қол чемоданыңда кетіп қалған затты алу үшін...
Тұрар (телефонмен):
– Айтпақшы, сенің затың бойынша.. Не ғой, Жанерке хабарласқан соң, ұшақтан соңғы сәтте түсіп қалдым. Ал, менің қол чемоданым, барлық заттарым ұшақтың жүк тиегішінде қойып.... солай Парижге ұшып кетті.
Жанарыс (қатты таңдана, көзі үлкейіп, аузы ашылып қалады):
– Не, не дейсің? Пааааарииижге.......
Тұрар (телефонмен):
– Алло, Жанарыс, алло.....естілмей жатыр....
Жанарыс:
– Тұұұрар, Тұррррар, Қайдағы Париж, бізге ол ақша бүгін керек... яғни, ол зат бүгін керек, қатты қажет боп тұр.
Тұрар (телефонмен):
– Уайымдама, қазір аэропорт әкімшілігімен сөйлесіп жатырмын, егер мүмкін болса, рейс қайтып оралғанда менің заттарымды бірге алып келуі үшін.... Жанарыс, аэропорт әкімшісі келді, телефонды қоямын. Сосын хабарласамын.
Жанарыс:
– Қап, әттеген-ай! (екі қолымен басын ұстап) Аман есен, ақша Парижден келсе екен, келсе екен...
Ораз (сахнаның оң жағынан жүгіріп шығып, ентігіп):
– Жанарыс, Жанарыс...
Жанарыс:
– Ораз, не болды? Сонша айқайлап?
Ораз:
– Олар келе жатыр...
Жанарыс:
– Кім келе жатыр, түсіндіріп айтшы...
Ораз (ентігіп):
– Мен қазір ғана ауылдағы көкеммен сөйлестім. Оған біреулер хабарласыпты... «Балаңыз Сіз салып жіберген посылканы ауыстырып, біздікін алып кетіпті. Қайда тұратынын айтсаңыз, өзіміз апарып береміз» деген екен...
Жанарыс:
– Не, не дейсің? Көкең біздің адресті бермеген шығар?
Ораз:
– Қырсық шалғанда, айтып қойыпты.. Жарты сағат бұрын айтқан. Ауылда байланыс болмай, енді естіртіп тұр екен...
Жанарыс:
– Жарты сағат, дейсің бе? Оларың ендігі жерде жетіпте қалған шығар?.
Ораз:
– Тұрар,Тұрардан хабар жоқ па? Ұшақтан түсіпте ме?
Жанарыс:
– Тұрар ма? Тұрармен сөйлестім, ол ұшақтан түскен. Ол қалатын болды.
Ораз:
– Шүкір, шүкір... Әйтеуір бір жақсы жаңалық бар екен-ау...
Жанарыс (көрермендерге бұрылып, саусақтарын тістеп тұрып):
– Тұрар Астанада қалды, ал ақшалар Парижге ұшып кетті....
Ораз:
– Не, не дейсің? Париж, қайдағы Париж....
Жанарыс (Оразға бұрылып):
– Иа, Парижге ұшық кетті. Қол чемодан ұшақтың жүк тиегішінде қалып қойыпты. Енді не істейміз? Мына бандиттерді қайтеміз?
Ораз (көзін көрермендерге қадап, терең-терең дем алып):
– Енді ойлануға болмайды. Полицияның нөмерін берші, погондағы ағамызды шақырамыз. Оған бар жайтты айтамыз. Неде болса 100 мың доллар бізге нан болмайды.
Жанарыс:
– Мақұл, бұл жолы көндім...
12-көрініс
Ораз, Жанарыс, Полиция (телефонмен) және Тұрар (телефонмен)
Ораз:
– Алло...
Полиция (телефонмен):
– Алло....
Ораз:
– Ағатай, бұл біз – Қазығұрттық інілеріңіз.
Полиция (телефонмен):
– Иә, таныдым. Не болды?
Ораз:
– Ағатай, бүгін айтқан ақшаны заңсыз шет елге шығару ісі бойынша бізде үлкен мәлімет бар, пәтерге келесіз бе?
Полиция (телефонмен):
– Жігіттер, майда-шүйдеге араластырмаңдар. Ол – комитетчиктердің ісі. Нақты болатын нәрсе айтыңдар.
Жанарыс:
– Маған берші... Ағатай, Сарбасов Асхат табылды. Тез келіңіз. Біз оны пәтерге шақырып қоямыз.
Полиция (телефонмен):
– Мәссаған, мынауың жаңалық қой. Қазір жетемін.
Жанарыс (телефонды өшіріп):
– Көрдің бе? Әр адамның өз тілін таба білу керек. Тоқта, маған Тұрар хабарласып тұр. Алло....
Тұрар (телефонмен):
– Жанарыс, Мен аэропорт әкімшісімен сөйлестім. Олар еш қиындық жоқ дейді. Тек Парижге барған соң, менің заттарым сканерлік тексерітен қайта өтеді екен. Сосын бірінші рейспен Астанаға келеді деді.
Жанарыс (Оразға сыбырлап):
– Чемоданды Парижде тағы бір тексереді екен....
Тұрар (телефонмен):
– Сендердікі сынатын зат емес пе еді? Қызық сендердің заттарың менің чемоданда қалай кетіп қалып жүр..? Айтпақшы, қазір жанымда Жанерке бар. Жанеркеден естіп жатырмын, оған хабарласқан екенсіңдер. «Қандай керемет достарың бар» деп жатыр. Рақмет сендерге. Қалай болғанын жолыққанда бір айтып берерсіңдер.
Жанарыс:
– Тұрар, Сені сүйген қызыңмен қосылмай кетіп қалады дегенде, біз қатты уайымдадық.... Жақсы, байланыстамыз.
Ораз:
– Әрине, ол қызымен, біз ақшамен қоштасар едік... Осыдан мына мәселені шешіп алайық, ешкімнен ештеңе алмаспын. Бір қап ақша берсе де алмаймын.
Жанарыс:
– Аларын алып, жасарын жасап болған адамның сөзі ғой, мынау...
Ораз:
– Жанарыс, бар мәселені анау полиция келген кезде айту керек еді. Менің аузыма қақпақ болмай...
Жанарыс:
– Ақшаны алған Сен, Тұрардың чемоданына салған Сен, үйдің адресін бандиттерге берген сенің көкең... Маған не дейсің еді?
Ораз:
– Бәріне кінәлі Мен боп қалыппын ғой... Бағана, ақшаны әкелген кезде, «бірге жұмсаймыз, туысқан ағама жаңа газель әперемін» деген кім еді? (екеу жаға ұстаса кетеді).
13-көрініс
Ораз, Жанарыс, Бандиттер (есіктің арғы жағынан), Полиция және Комитетчик
(Есік қатты қағылады. Ораз бен Жанарыс ерегістерін жиыстырып, сахнаның сол жағына үңіліп, құлақтарын тосып, тұра қалады.)
Бандиттер (есіктің арғы жағынан):
– Ей, боқмұрындар, есікті ашыңдар! Осында екендеріңді білеміз!
Жанарыс (Үстелдің артына тығылып):
– А-патай, Астанаға нем бар еді түсіп. Тыныш ғана ауылда ағамның газелін айдап жүру керек еді...
Ораз (жерге жатып алып, екі қолымен екі құлағын жауып алып):
– Я, құдайым құтқара көр...
Бандиттер (есіктің арғы жағынан):
–Аш деймін, аш! Тоқта, қазір көрейін әуселеңді (Ораздың телефоны шырылдайды).
Жанарыс (ақырын ғана):
– Ораз, Ораз, телефонның даусын өшір, өшір енді.
Ораз (телефонын қалтасынан алып):
– Қазір, қазір....
Бандиттер (есіктің арғы жағынан):
– Міне, дауыс шығып тұр! Қоңырау барып тұр! Естідің ғой... Ашыңдар есікті, аш...
Полиция (есіктің арғы жағынан):
– Ей, кім мыналар? Полиция! Тоқтаңдар, қимылдама!
Бандиттер (есіктің арғы жағынан):
– Қаштық, кетейік тез!
(Ораз бен Жанарыс басын көтеріп, бір-біріне қарайды)
Жанарыс:
– Ораз, мынау біздің полициядағы ағамыз ғой...
Ораз:
– Иә, құдай айдап, жеткенін қарашы...
Полиция (есіктің арғы жағынан):
– Жанарыс! Ораз! Бұл – Мен, аға полиция қызметкері Қайсаров! Ашыңдар есікті!
Ораз (сахнаның сол жағына барып, есік ашады):
– Ух! Ағатай, Сізді көріп, әкемізді көргендей боп отырмыз.
Жанарыс:
– Ағатай, жеткеніңіз жақсы болды. Енді болмағанда біткен жеріміз осы деп отыр едік...
Полиция:
– Мыналар кімдер, не болып жатыр өзі? Тез түсіндіріп беріңдер!
Ораз:
– Маған бүгін ауылдан посылка салып жіберген. Соны алуға вокзалға барғанмын. Сосын вокзалда қолыма қара пакет беріп жіберді. Пакеттің ішінде...
Полиция:
– Не болды пакеттің ішінде?
Комитетчик (сахнаның сол жағынан келеді):
– Пакеттің ішінде жалған ақшалар болды. Өтірік ақша деуші ме еді!? (Ораз, Жанарыс және Полиция Комитетчикке қарап қалады)
Полиция:
– Сіз кім болдыңыз?
Комитетчик (қызыл қызметтік куәлікті ашып):
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті, арнайы қызметкер Сержан Қаппаров. Ал, мына жігіттер үшін жәй ғана Жанеркенің ағасы. Бүгін қарындасыма біреулер хабарласып, Тұрардың достарымыз деген. Тұрардың қандай достары бар екенін бес саусақтай жақсы білемін. Сосын істің мән-жайын зерттеп қарасам, жігіттер былыққа батқан екен.
Полиция:
– Арнайы қызметтің мұнда не қатысы бар? Қандай былық жайлы айтып тұрсыз... Жаңағы адамдар кімдер?
Комитетчик:
– Полиция аға қызметкері Қайсаров. Бұдан ары қарай істі маған тапсырыңыз. Бұл жерден ары – біздің юрисдикция.
Полиция:
– Бірақ...?
Комитетчик:
– Сіздің тапсырмаңыз не еді? Әскерден жалтарғандарды Жиын пунктіне жеткізу ме? Өз ісіңізбен ары қарай айналыса беріңіз.
Полиция:
– Иә, иә. Айтпақшы, Жанарыс, Ораз, Сарбасов Асхатты таптық деген едіңдер ғой, қайда ол?
Жанарыс:
– Ағатай, жаңағы бандиттерден қорқып, Сарбасов Асхатты сылтауратып Сізді шақыртқанбыз.
Полиция:
– Жаңағы бандиттер ма еді?
Комитетчик:
– Рұқсат болса, балдармен өзім, оңашада сөйлессем...
Полиция:
– Бұлар Менің інілерім, жандарында бірге болсам деймін.
Комитетчик:
– Жақсы. Ораз, Жанарыс қара пакеттегі ақша қайда? Ол ақша жалған, өтірік ақша болса да, біз оны табуымыз керек.
Ораз:
– Ол ақша қазір бізде жоқ, Парижде...
Комитетчик:
– Парижде?
Жанарыс:
– Байқамай, Тұрардың чемоданына салып жіберіппіз. Содан Тұрарды ұшырмау мақсатында қолдан келгенді жасауға тырыстық. Жанеркеге де сол үшін хабарласқанбыз.... Тұрар Астанада қалды, бірақ чемодан ұшақтың жүк тиегішінде қалып қойыпты. Осылай қазір ақша Парижге ұшып бара жатыр.
Полиция:
– Ораз бен Жанарыс бүгін Менімен бірге жүрсе, інілеріме өзім бас–көз болсам деймін.
Комитетчик:
– Әрине, егер жігіттер өздері қаласа, Мен қарсы емеспін. Жігіттер, мына мәселе жайлы енді уайымдамасыңдар да болады. Жаңағы бандитсымақтармен де, жалған ақшамен де мәселені өзім шешемін. Сендер тек, бұдан кейін ешкімнің затын алмаңдар.
Полиция:
– Алсаңдар да, бірден құқыққорғау органдарына айтыңдар.
Жанарыс пен Ораз (бастарын изеп):
– Иә, өзімізде әбден жыларман болдық.
Полиция:
– Қызық жалған ақшаның соңынан мұнша жүгіргендері несі?
Комитетчик:
– Ары қарай біздің жұмыс, Сіз жігіттермен бір сөйлесіп алыңыз.
(Полиция, Жанарыс пен Ораз сахнаның сол жағынан шығып кетеді)
14-көрініс
Комитетчик
Комитетчик (телефон шалып):
– Топастар, осыншалық ебедейсіз болуға бола ма?! Бар ақшаны жас баланың қолына бере салып, артынан пәтеріне дейін келіп, есікті қағып тұрсыңдар. Бір істі дұрыс орындай алмайсыңдар. Жә, іс насырға шапты ма деп едім, бәрі өз орына келді. Сендер жасай алмағанды, анау екі бала жасап тастапты. Ақша аман-есен Қазақстаннан шықты. Париждегі адамдармен өзім сөйлесіп қоямын. Енді көзге көрінуші болмаңдар. Басқа, жаңа схема құрастырамыз. Маған өте күшті бір идея келіп тұр....(Көрермендерге қарап, ақырын жымиып тұрады).