Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
Драматургия» номинациясы: Сақмандағы оқиға
318
оқылды

Авторы: Tai Elan

 (комедия)

І бөлім.

(Әуен ойнап тұрады. Аула іші. Ортада кесілген ағаш томар. Үстінде майка, балағы түрулі, қолында шлапшын қап – қара болып Жөкен шығады. Ысқырып жүр әуендетіп. Томарға отыра қалады. Қолында пышақ. Балық аршиды.)

Жөкен: - Кешікпей келем деп ең. Мен тұрмын елеңдеумен. Есек бас қайда жүрсің Жеткізген.(көзін білегімен уқалап): - Сорлы басым – ай! Қайдан ғана мен үйден қуыртамын деп.... Аййй, Жөкен жөніңе қарап жүрмейсің. Басыңа бәле тілеп.

Ұрқия(сахнаға шыға келеді зыпылдап): - Қара пәле не істеп отырсың?

Жөкен: - Көрмей тұрсың ба? Балық аршып отырмын.

Ұрқия: - Обалың жоқ.

Жөкен: - Кетші ей!

Ұрқия: - Ойбай! Адам туған жеңгесіне осылай айта ма? 

Жөкен: - Енді қалай айтады! Ызыңдап маса секілді миды жейін деп отырсың. 

Ұрқия: - Ойбай! Мына қара пәле не дейді?

Жөкен: - Қара пәле сол дейді. Бітіре алмай жыным құрысып отырса.

Ұрқия: - Манағы қаптап жүрген қазан бастарың қайда қасыңдағы?

Жөкен: - Қазір келеді.

Ұрқия: - Ай, келмейді – ау!

Жөкен: - Келеді. 

Ұрқия: - Аршып болғасын кім қуырады мына қырғын балықты?

Жөкен: - Сіз қуырасыз да. Осы үйдің қазан – ошағы сіздің қолыңызда емес пе.

Ұрқия: - Ойбай! Мен қуырмаймын. О несі – ай! Қолым тимейді.

Жөкен: - Қолың тимей тас жарып жатсың ба?

Ұрқия: - Ойбай! 

Жөкен: - Түууу жеңеше ойбайлай бермеш! Одан да кел көмектес.

Ұрқия(басынан сипап): - Жеңгесінің еркесі. Аршып бер. Өзім қуырып беремін. Сені ашуландырып ойнап жатқаным ғой.

Жөкен(Ұрқияның даусына салып): - Ойбай!

Ұрқия: - Кет бар. Онда қуырып бермеймін.

Жөкен: - Жеңеше ойнап жатырмын. Қуырып бер. Аналарға сөз беріп қойып едім. Жеңешем дәмді етіп қуырады деп.

Ұрқия: - Солай деп айттың ба?

Жөкен: - Иәә. Солай деп айттым. Жеңешемнің қолы алтын деп. Любой тамағыңды қатырады. Қазанға жақындаса өзі пісе береді дедім.

Ұрқия(сықылықтап): - Жеңешеңнің әлсіз тұсын білесің иә.

Жөкен: - Енді осы үйде бес жыл бірге служить етіп жатқан жоқсыз ба?

Жеткізген(сахнаға шығады. Қасында Кәдірәлі): - Оооо, ойбай жеңешем сәлембердік. Амансыз ба?

Ұрқия: - Ойбай! Шүкір.

Жеткізген; - Ағам қайда?

Ұрқия: - Ағаң жұмыста. Неғып жүрсіңдер тапа тал түсте?

Жеткізген: - Жәй балық жейік деп.

Ұрқия: - Балық жейтін болсаң үйіңнен қуырмайсың ба? (балықты көрсетіп): - Мынаған май шақ келе ме?

Жеткізген: - Ойбай жеңеше – ау! Сен тұрғанда біз балық қуыратын ба едік. Оның үстіне мына қайның сізді мықтап тұрып мақтады емес пе? Солай ма Кәдіш?

Кәдірәлі: - Мен естіген жоқпын. Солай айттың ба, Жөкен?

Жеткізген (Кәдірәліні түртіп, көзін қысып): - Ой сен де! Қуыртып алайық та.

Ұрқия: - Ойбай мені алдап тұрсыңдар ғой.

Кәдірәлі: - Жеңеше алдап тұрғанымыз жоқ. Оның үстіне мықты поварсыз.

Ұрқия: - Е, бәсе!

Жеткізген: - Алып жатқан қатынымыз жоқ. 

Ұрқия: - Қатын жоқ болса алыңдар. Солақпандай болып салбырап жүрсіңдер. Мына қара пәлеге алып беріңдер. Маған да абысын керек. Әлде қыз қарамай ма мынаған?

Жеткізген: - Оооо, қыздардың бәрі сенің қайныңдікі ғой жеңеше. 

Ұрқия(мұрнын тыржитып): - Қой бұған қыз қарамас. Қап – қара қылып не істесін?

Кәдірәлі: - Қара болғанмен іші ақ қой, шіркін!

Жеткізген: - Қыз болсам соңынан қуалап жүріп тиіп алар едім. Күндіз негр, түнде көрінбейді рахат емес пе?

Жөкен: - Қойыңдар ей!   

Ұрқия: - Оңбағандар - оййй! Менің аппақ қайнымды әжуәләп. Тимеңдер!

Жеткізген: - Болды жеңеше. Тиіспейміз. Тек балықты қуырып берсең.

Ұрқия: - Ағаларыңа бір – екі қуырым алып қалайын ба?

Кәдірәлі: - Жеңеше өз еркіңізде ғой. 

Ұрқия: - Қәне маған бер. Қалғанын өзім дұрыстап шайып алармын.

Жеткізген: - Әп - бәрекелді. Міне, жеңге деген осындай болу керек. Сен бақытты қайнысың ғой, Жөкен.

Жөкен: - О, сорлы. Сен тіліңді тықпасаң Жеткізген болармысың.

(Ұрқия шығып кетеді. Жеткізген мен Кәдірәлі шалқасынан жатыр.)

Жөкен: - Наурыз қайда?

Жеткізген(мырс етіп күліп): - Төкеннің әкесінің бақырашынан таяқ жеп жатыр. Басы ісіп кетіпті.

Жөкен: - Не дейді? Қай Төкен? 

Жеткізген: - Бізден бір класс төмен оқыған.

Жөкен: - Сол таза жынды. Кеше түнде шаруам бар деп бөлек кетіп еді. Обалы жоқ. Қасында біреу болған ба?

Жеткізген: - Кәдіш біледі. Жаңа жолшыбай үйіне соққан ғой. Шекесі шодырайып ісіп кеткен дейді.

Жөкен: - Төкеннің үйінде кеше вечер болады деп еді. Кім қызға барды екен?

Кәдірәлі(күліп): - Төкеннің кластас қызы кім еді?

Жөкен: - Айта бер атын не қыламыз? Түбі естиміз.

Кәдірәлі: - Бұлар кеше барған.

Жөкен: - Бұлары кім?

Кәдірәлі: - Наурыз, сосын екі соқыр.

Жөкен(қарқылдап күліп): - Ақболат пен Бақтығали

Кәдірәлі: - Иә. 

Жөкен: - Соқыраңдатып ол екеуін не істейін деп жүр?

Кәдірәлі: - Төкенді шақырып алып бірдеңе дәм еткен ғой. «Шамалыдан кейін «көкек, көкек» деп шақырып белгі береміз. Сен алып шық» деген. Содан көше жағындағы форточкадан ішке қарай басымен кіріп «көкек, көкек» дей беріпті қақсап. Ешкім шықпағасын тағы да басын тығып “көөө” деп жатқан кезде «Терезеден құс кіріп кетіпті» деп әкесі бақырашпен бастан таңқ еткізген. Көзі жарқ етіп «ойбай» деп құлаған. Тұрып алып қашып бара жатса жаңағы қасындағы екеуі бірін – бірі көрмей соғысып, олардың да мұрындары даладай қан болып қашып кетіпті. 

(Жеткізген мен Жөкен жерде домалап жатыр күлкіден)

Жөкен: - Ойбай, ойбай ішім! Қасқалар – ау! Абыройдан айырылды ғой мыналар. 

Жеткізген(қарқылдап күліп): - Жоқ, Наурызды қойшы. Ай, жаңағы екеуін айтам. Ай иттер - ай!

Жөкен: - Қой мынаны ешкім естімесін. Алпыстың жігіттерінде сондай жағдай болыпты деп. Ішім – ай!

Кәдірәлі: - Ол ештеңе емес. Алдыңғы күнгіні айтсай Жеткізген.

Жөкен: - Тағы не болды?

Жеткізген: - Қымыз ба?

Кәдірәлі: - Иә.

Жөкен: - Тағы да Наурыз ба?

Жеткізген: - Жалғыз Наурыз емес. Мен, мына Кәдіш үшеуміз ғой. Үйдегі шал: “Мал ауылға барып кел! Көктемнің аяғы. Ана қораның ішінде жатқан рулонды шашып босатып ағаңа көмектес.” деген соң, шалдың тракторын алып мына Кәдіш пен Наурызды ертіп кетпеймін бе. Содан барып шаруаны бітіріп, қайтайын деп тұрғанда жеңгем қымыз ішіңдер демесі бар ма? Көкті шалып жүрген жылқы болғасын қымызы да күшті болады. Керек емес ішімізді қозғап жүрер деп едім, Наурыз қоймады ішейік деп. Ал, ішейік. Үшеуміз бір – бір литрден қағып тастадық. Кеш бата ауылға тарттық. Қай бір жөнді жол дейсің. Ауылға жақындаған кезде ішіміз қорылдай бастады. Шыдай алмадық. Үйге жете алмасымызды білдік те неде болса ауылдың шетіндегі қырманның бұрышына отыра кетпейміз бе? Үшеуміз үш жерде әндетіп бастағанымыз сол еді, милиция келіп қалды ғой. Ана шамның жарығымын тоңқаңдап, жылтырап қашып бара жатырмыз. Жартылай сүртіп, жартылай сүртпей киіп алып тракторға мініп үлгердік. Қарасақ, Наурыз жоқ. Сөйтсек бұл қарағым үйіне дейін жүгірген ғой түннің ішінде кім көреді деп.

Жөкен(ішек – сілесі қатып күліп): - Қой, сендердің жүрген жерлерің бар ғой.

Наурыз(сахнаға шығады. Басында тақия): - Біздің жүрген жерімізге не болыпты?

Жөкен: - Амансың ба? Бас қалай? 

Наурыз: - Бас орнында.

Жөкен(Наурыздың басын ұстап): - Қайсы?

Наурыз: - Ұстама! Ауырады.

Жөкен: - Миың шашылып қала жаздапты. Өзі аз ми еді. Ем болсын.

Наурыз: - Кет – ей құры!

Жеткізген: - Оқымысты қайда?

Наурыз: - Жей беріңдер. Артынан барам деді.

Жеткізген: - Соны кітап өлтіреді.

Кәдірәлі: - Арамызға бір оқымысты керек шығар.

Жеткізген: - О, да жөн.

Наурыз: - Не істеп отырсыңдар? Әлі дайын емес пе?

Жеткізген: - Ойбай жеңешең қуырып жатқан шығар. Мақтауын келістіріп жібердік.

Наурыз: - Мммм. А, айтпақшы Күнсұлуды көрдім жаңа. Ауылға келіпті ғой.

Жөкен(жалт қарап): - Қашан?

Жеткізген: - Түрің кетіп қалды ғой?

Наурыз: - Бүгін шамасы. Ауланың сыртынан көріп қалдым. 

Жөкен: - Өтірік айтпаш.

Наурыз: - Шын айтам.

Жеткізген: - Оооо, махаббат! Сегіз әріп, бір арман.

Кәдірәлі: - Жүрегі құрғыр дүрсілдеп кетті – ау! Мұздай су әкеліп қойыңдар. Есінен танады қазір.

Жөкен: - Қой – ей!

Жеткізген: - Рас қой. Түрің өзгеріп кетті. Қара адамның ағарғанын бірінші рет көріп тұрмын.

Наурыз: - Көзі жарқ ете қалды.

Жөкен(басынан шертіп қалды): - Қойыңдар деймін.

Наурыз(ыңырсып): - Басым, басым! Ауыртып жібердің.

Кәдірәлі: - Жеңешеге айтамыз ба дайындала беріңдер деп

Жеткізген: - Айтайық.

Наурыз: - Бұйртса кешкісін Күнсұлудың келгенін жуамыз ба енді?

Жеткізген: - Аптығын бассын да. Сенікі тек жуу екен.

Наурыз: - Енді аман – есен келуіңмен оқудан деп.... Жөкен а?

Жөкен: - Ау!

Наурыз: - Мынау Күнсұлудың атын естігеннен есі ауып кетті ғой.

Кәдірәлі: - Бүгін кешке Жөкен екеуміздің қолымыз босамайды. 

Наурыз: - Неге?

Кәдірәлі: - Сол. Солай ма Жөкен?

Жөкен: - Кешегі ме?

Кәдірәлі: - Иә.

Наурыз(Жеткізгенге қарап): - Мыналар жұмбаққа жатып алған ба?

Жеткізген: - Мен де босамаймын.

Наурыз: - Онда ертең барайық. Жөкенді дұрыстап жуындырып. 

Ұрқия(сахна сыртынан): - Қолдарыңды жуып үйге кіріңдер. Дастархан дайын.

Жеткізген: - Ал, кеттік. Қалғанын дастарханның басында айтармыз.

Наурыз(Жөкенді құшақтап): - Жүр кеттік! Мынаның есі ауысқан ба?

Жеткізген: - Махаббат деген сол енді.

(Төртеуі сахнадан шығып кетеді. Әуен ойнатылып, жарық сөнеді.)

 

ІІ бөлім

  (Ақсәуленің үйі. Аулада жарық. Аулада ер адам жүр. Ақсәуле шелекпен су төккелі шығады.)

Аманжол: - Қызым!

Ақсәуле: - Ау!

Аманжол: - Басыңа орамал тағып шықпадың ба? Түн ғой, қарағым - ау!

Ақсәуле: - Ештеңе етпейді, пап.

Аманжол: - Ештеңе етпейді дегенің не, қарағым? Шелекті қой сол жерге. Қазір өзім апарып төгемін.

Ақсәуле: - А, иә, иә. Итті босатайын ба?

Аманжол: - Жоқ тиме. Қазір көршінің үйіне барып келейін. Ертең алып кететін зат бар еді. Келгесін өзім босатармын.

Ақсәуле: - Жақсы. Тамақ ішпедіңіз бе?

Аманжол: - Іше беріңдер! Мамаң біледі.

Ақсәуле(сахнадан шығып барады): - Жақсы

Аманжол: - Жарықты өшіре сал ауланың.

(Жарық өшеді. Аманжол шығып кетеді. Ауланы жағалап екеуі келе жатыр. Бұқпантайлап келіп ауланың түбіне отыра кетеді. Бұл Кәдірәлі мен Жөкен.)

Жөкен(сығалап): - Жаңа ғана жанып тұр еді.

Кәдірәлі: - Ішке кіріп кеткен шығар.

Жөкен: - Шығам деді ме?

Кәдірәлі: - Жоқ. Шығарып аламыз.

Жөкен: - Ең болмаса звондамадың ба?

Кәдірәлі: - Звондадым. Телефонды папасы көтеріп тұр.

Жөкен: - Терезе түртейік те?

Кәдірәлі: - Күтейік.

Жөкен: - Терезесі қай жағында?

Кәдірәлі: - Қайдан білейін. Үйіне кіріп - шығып жүр дейсің бе?

Жөкен(мойнын созып): - Ой, сенің қызға келгенің құрысын! 

Кәдірәлі: - Сенен жақсымын.

Жөкен: - Енді отыра береміз бе?

Кәдірәлі: - Күтейік те. Сабыр ет.

Жөкен(бұқпантайлап жүгіре жөнеледі): - Қазір келемін.

Кәдірәлі(сыбырлай жекіп): - Жөкен! Жөкен! Қайт кейін бүлдіресің!

(Салдыр - гүлдір дыбыс шығады. Иттің ызалана үргені. Іле - шала Жөкен шығады.)

Кәдірәлі: - Айттым ғой саған.

Жөкен: - Қаш, қаш!

Кәдірәлі(Жөкенді төмен қарай тартып): - Тұра тұр. Кім екенін байқайық.

Жөкен: - Міне мынау.

Кәдірәлі(сықылықтап күліп): - Сорлы. Мынау сиыр ғой.

Жөкен: - Қап! Осының кесірінен шалбарды жырттым. Бәсе, жәшік шығар деп шығып ауладан секіре беріп едім жылжып кетті ғой. Бір аяғым аулада, бір аяғым жерде шатым керілді де қалды. 

Кәдірәлі(күліп): - Айттым ғой саған жыбырлама деп.

Жөкен: - Қайта құдай сақтады. Ішке қарай түскенде ана ала төбет өлтіретін еді. Көрер жарығым бар екен. Шалбарды не істеймін?

Кәдірәлі: - Таста. Менің үйдегі шалбарымды аларсың.

Жөкен: - Охотаға киіп жүрген шалбарыңды аламын.

Кәдірәлі: - Сен де шалбарды сұрайтын уақытты тапқан екенсің.

Жөкен: - Енді көшеге киіп жүрген жалғыз шалбар. Ертең Күнсұлуға қалай барамын? Есің дұрыс па!

Кәдірәлі: - Иә, иә! Аласың. Беремін.

Жөкен: - Сөйтсейш!(ауын сипалап): - Е, мое, мынаның бәрі айырылып қалыпты. (Кәдірәлі ауланың ішіне мойнын созып қарап қояды.): - Ей, оқымысты келем деді ме мына жерге.

Кәдірәлі: - Иә.

Жөкен: - Ол қызға бару біле ме?

Кәдірәлі: - Білмеймін оны. Ақсәулеге хат жаздыртып едім. Соны алып келу керек. 

Жөкен: - Ух ты, мынаны қара. Өзің жаза алмадың ба есек?

Кәдірәлі: - Ол жақсы жазады. Өлеңдетіп.

Жөкен: - Онда ертең Күнсұлуға арнатып жаздырамын.

Кәдірәлі: - Тыныш! Біреу шығып келе ме?

(Екеуі үн - түнсіз тың тыңдайды.)

Жөкен: - Отыра береміз бе?

Кәдірәлі: - Жарайды. Сен отыр осы жерде. Оқымысты да келіп қалар оған дейін. Артқы жақтың терезесін түртіп келейін.

Жөкен: - Ол бөлме болмаса ше?

Кәдірәлі: - Күндіз інісінен біліп алдым.

Жөкен: - Арраааам - ой!

Кәдірәлі: - Өмір солай енді. Отыра тұр.(Сахнадан шығып кетеді. Жөкен ыңылдап өлең айтып отырады.)

Жөкен(шырт түкіріп): - Саған ергенше салақтап, Күнсұлуға барғаным мың есе артық еді. Иәә, бірақ уәде беріп қойдым. Күнсұлудың келгенін білгенде уәде бермес едім. Жаным Күнсұлу, әнім Күнсұлу. (ауаны қарманып): - Былай бас салып сүйер ме еді. Ех, шіркін, сағындым ғой. Бір ауылда тұрып бара алмау! Мынау кім?(көзін сүртіп, сыбырлап): - Оқымысты, ей, оқымысты! Сорлы, бұның да көзі көрмейді.(жай ысқырып): - Бері кел, мұндамыз!(ол да ысқырады.): - Мында, бері кел! (жақындаған кезде): - Ой, Аманжол ағай, құрыдық!(қаша жөнеледі).

Аманжол: - Тоқта, бері кел! Жігітсің бе? Бері жақында!

Жөкен: - Ағай!

Аманжол: - Кімсің?

Жөкен: - Жөкенмін, ағай!

Аманжол: - Қай Жөкен?

Жөкен: - Бимағанбеттің.

Аманжол: - Не істеп жүрсің түннің ішінде?

Жөкен: - Қой іздеп жүрмін.

Аманжол: - Қойың біздің үйдің ауласында ма?

Жөкен: - Жоқ.

Аманжол: - Айналайын, сен ауылдың ана шетінде тұрмайсың ба?

Жөкен: - Енді ауылдың....

(Қасына сахнаға жүгіріп шығады. Қастарына барады.)

Кәдірәлі: - Түрттім. Қазір шығатын шығар.(Аманжолға): - Алып келдің бе?

Жөкен(түртіп): - Аманжол ағай!

Кәдірәлі: - Ааааааааассалаумағалейкум ағай!

Аманжол: - Уағалейкумассалам! Қайырлаштың баласысың ба?

Кәдірәлі: - Иәәә, ағай!

Аманжол: - Иәә не істеп жүрсіңдер?

Кәдірәлі: - Ақсәуледен кітап алайын деп.

Аманжол: - Қандай кітап?

Кәдірәлі: - Оқитын кітап.

Аманжол: - Ммм. Қазір мына жерден табандарыңды жалтыратыңдар! Ертең онда контордың алдына келесіңдер.

(Оқымысты келеді.)

Оқымысты: - Кәдіш, Жөкен! Кешігіп қалдым. Кәдіш мәә!

Аманжол: - Бері кел!

Оқымысты(Селк ете қалып, хатты аузына салып жібереді. Екеуімен амандасып, Аманжолдың бетіне үңіліп): - Саламатсыз ба, ағай!

Аманжол: - Саламат бол! Аузыңдағы не?

Оқымысты: - Сағыз ғой, ағай!

Аманжол: - Үшеуің ертең контордың алдына келесіңдер. Мәселелеріңді май шаммен қараймын. Түсіндіңдер ме?

Жөкен: - Түсіндік

Кәдірәлі: - Түсіндік.

Оқымысты(шашалып): - Иә, ағай!

Аманжол: - Түсінсеңдер үйлеріңе қайтыңдар! Барыңдар! Енді мына жерден көрмейтін болайын.

(Сахнадан шығып кетеді. Үшеуі бір - біріне қарап тұрады.)

Жөкен: - Болды енді. Құрыдық. Ертең жиналысқа салады.

Кәдірәлі: - Мектеп бітіргенімізге бір жыл болды ғой.

Жөкен: - Бітірсек ше? Қап, жиналыста жазалайды.

Кәдірәлі: - Жыламаш осы сен! Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді!

Жөкен: - Осындай әдеби сөздеріңмен миды ашытпаш! Кітапқа келіп едің не сенің?

Кәдірәлі: - Сен не дедің?

Жөкен: - Қой іздеп жүрмін дедім.

Кәдірәлі: - Басың кем сенің.

Жөкен: - Енді не деймін?

Кәдірәлі: - Болары болды.(оқымыстыға бұрылып): - Хат қайда?

Оқымысты: - Шайнап жұтып қойдым.

Кәдірәлі: - Хатты ма?

Оқымысты: - Иә. Қорыққанымнан аузыма салып жібердім.

Жөкен: - Еңбегім - ай!

Аманжол(дауыстап): - Сендер әлі тұрсыңдар ма?

Жөкен: - Кеттік!

(Үшеуі зыта жөнеледі. Әуен ойнатылады.) 

 

ІІІ бөлім

 (Ауыл конторының бөлмесі. Төрде совхоз председателі. Төменгі жақта Қоңырбай отыр.)

Председатель: - Ақсақал, сіз мені түсініңіз. Мен сізге адамды қайдан тауып беремін.

Қоңырбай: - Бұл қалай? Қайдан тауып беремін дегенің?

Председатель: - Көмекке жіберген адамдарды қуып жіберіп отырсыз. Қызықсыз. 

Қоңырбай: - Жіберген адамдарың төлді қарамақ түгілі, құйрықтарын көтере алмайды жерден. Кілең жатып ішерлерді жібергенсіңдер.

Председатель: - Өзіңіз түртпектеп отырғызбапсыз. Олардың кінәсі не?

Қоңырбай: - Кінәсі - жалқау. Айналып келіп жата береді көтерем қой секілді. Иә бір қолына күрек ұстау білмейді. Былтырғы анау араққа сылқия тойып алып қозыны таптап өлтірді. Айналайындар - ау, бір дені дұрыс жастар жоқ па? Оның үстіне жылы күнде төлдейді деп қошқарды отарға кеш қостыңдар. Онымен қоймай екі жүз елу бастан үш жүзден артық төл алуымыз керек деп шалқаясыңдар. Немене, мені әулие дейсің бе қойдың ішінде қанша қозы бар екенін білетін. 

Председатель: - Ай, бір қырсық шал екенсің!

Қоңырбай: - Аааа?

Председатель: - Ештеңе ақсақал. 

Қоңырбай: - Сақман, сақман дейсіңдер. Мал керек, ет керек дейсіңдер бір адам көмекке жібере алмай отырсыңдар. Ары кетсе он бес күн ғой. Болмайтын болса ауданға баратын көлік тауып бер ауданның басшысына барып айтайын.

Председатель: - Енді жіберген адамды қуып жіберіп отырсыз ғой?

Қоңырбай: - Анау жастардан құрған брігәд қалай еді ?

Председатель: - Комсомол бригада.

Қоңырбай: - Иә, сол. Оның адамдары қайда?

Председатель: - Оның адамдары егістіктің басына кетті.

Қоңырбай: - Немене оның басында құрт қазып жей ме?

Председатель: - Ой, ақсақал оның басында да шаруа жетеді. Күш жетпей жатыр.

Қоңырбай(ашуланып, бас киімін қағып): - Ай, онда әкесінің аузын қырылса қырылар, тірі қалғанын бағармыз!

Председатель: - Ашуланбаңыз.(телефон шыр ете қалады. Тұтқаны көтереді): - Алло! Иә, кірсін.(Қоңырбайға қарап): - Отыра тұрыңыз! Бір мәнісі табылар.

(Сахнаға Аманжол кіреді. Қолында шляпа)

Аманжол: - Ассалаумағалейкум!

Председатель: - Амансың ба? Кел, отыр.

Аманжол: - Ассалаумағалейкум, ақсақал! Мал - жан аман ба?

Қоңырбай(күңк етіп): - Әліксәләм! Шүкір отырмыз!

Аманжол: - Ақсақал ашулы ғой.

Председатель: - Сақманға баратын адам таба алмай отырмын. Мал бастап төлдеп жатыр екен. Соған ашуланып отыр.

Қоңырбай(тұруға ыңғайланып): - Ашуланбай қайтем. Қайтайын. Қолдарыңнан іс келмейді.

Аманжол: - Ойбай, ақсақал, тұра тұрыңыз!

Қоңырбай: - Не болды?

Аманжол: - Көмектесетін жастар алып келдім.

Қоңырбай: - Қәне?

Аманжол: - Қазір.(председательге бұрылып): - Әбеке, хатшыңызға айта қойыңыз. Сыртқы бөлмеде тұр.

Председатель(тұтқаны көтеріп): - Маған сыртта тұрған жастарды кіргіз. (Аманжолға қарап): - Нешеу?

Аманжол: - Бесеу.

Председатель: - Бесеуін де кіргіз.(Тұтқаны қойып Аманжолға): - Ақсақалдың ашуынан құтқарып қалдың, Аманжол. Не істерімді білмей отыр едім.

(Сахнаға Жеткізген, Кәдірәлі, Жөкен, Наурыз, Данабек шығады.)

Председатель: - Соқталдай бес жігіт. Әй, мыналар неге комсомол бригадасына кірмеген?

Аманжол: - Оны білмедім. Бірақ күндіз ұйықтап, түнде жортатындар.

Председатель: - Түсінікті. Не бүлдірді?

Аманжол: - Мына тұрған үшеуі - бойжеткен қызы бар үйлердің терезесін түртеді екен.

Председатель: - Мына екеуі ше?

Аманжол: - Бұл екеуі совхоздың мүлкін бүлдірушілер.

Председатель: - Қандай мүлкін?

Аманжол: - Кәдімгі көше бойындағы бағананың басындағы шамды рогаткамен атып сындырып жүрген мергендер.

Председатель: - Не дейді? (жігіттерге қолымен нұсқап): - Былай тұрыңдар! Бұлар оқушылар ма?

Аманжол: - Жоқ, былтырғы түлектер. Осы жылы армияға бару керек болатын.

Председатель: - Бұзақылық жасағандары үшін жазаға тартылу керек. Әке - шешелерін қазір шақыртайық кабинетке.

Аманжол: - Шақыртқан қалай болар екен, Әбеке? Менің ойымша, қатесін түсінген болар. Жазасын мына Қоңырбай ақсақалдың қарамағына барып өтесін. Қалай қарайсыңдар жігіттер?

Оқымысты(көзілдірікті көтеріп): - Жақсы қараймыз, ағай. Кінәмізді еңбекпен ақтаған дұрыс деп ойлаймын.

Жеткізген(оқымыстыны түртіп): - Тыныш тұр.

Аманжол: - Неге түртесің? Данабек дұрыс айтады. Қолыңмен жасадың ба мойныңмен көтер.

Председатель: -  Ақсақал, бұған не айтасыз?

Қоңырбай(жігіттердің қастарына барып түрлеріне үңіліп қарап): - Әй, сен Нұрманның баласы емеспісің?

Оқымысты: - Иә!

Қоңырбай: - Бәсе, ұқсап тұр. Мынау Бимағанбеттің баласы. Мммм. Әкесі қырсық мұның. Мынау мелисиа Қайырлаштың баласы. Тәртіпті өзі бұзып жүр. Мына ұзын қара дәу де болса Қосақбайдың баласы боларсың. Түрің айтып тұр. Мынау...

Наурыз: - Тілеубергеннің баласымын.

Қоңырбай: - Мммммм. Зыпылдауын.

Председатель: - Ақсақал, киім таңдап кеттіңіз бе?

Қоңырбай(сақалын сипап): - Кілең мықтының балалары екен. Жақсы болды.

Жеткізген(Жөкенге сыбырлап): - Үлкен қайын атаңның жұмысына барамыз.

Жөкен: - Тұршы жөніңе!

Жеткізген: - Күнсұлу қой ауылда шығар.

Наурыз: - Әп - бәрекелді. Служу қайын жұрту болайын деп тұр.

Кәдірәлі: - Жақсы күйеу қайыншылды қосып қой.

Наурыз: - Сол жақтан үйлендіріп қайтамыз бұйртса.

Жөкен: - Ой қойыңдар!

Председатель(дауысын көтеріп): - Не сыбыр бұл? Тоқтатыңдар кәне!(Қоңырбайға бұрылып): - Ақсақал, үшеуі жарамай ма?

Қоңырбай: - Бесеуін де алып кетсем.

Председатель: - Үшеуі жарайды ғой. Қалғанын егістіктің басына жіберейін.

Қоңырбай: - Айналайын, менің сақманнан басқа қораны тазалатуым керек, қи ойдыруым керек. Тағы....

Председатель: - Жақсы, жақсы. Бәрін алып кетіңіз. Көлікті түстен кейін жіберемін.(жігіттерге бұрылып): - Ал, сендер үйлеріңе барып дайын отырыңдар. Алдымен менің хатшыма барып аты - жөндеріңді тіркетіп кетерсіңдер. Барыңдар. (бесеуі шығып кетеді.): - Ал, ақсақал! Келген шаруаңызды реттедіңіз. Жолыңыз болсын. Бір емес, екі емес бес жігітті беріп отырмын. Жолыңыз болсын!

Қоңырбай: - Ммм. Бес жігітті тауып берген Аманжолға рахмет. Жақсы.(шығып бара жатып): - Жіберетін көліктеріңнің астауы бар ма?

Председатель: - Бар. Сізге жетеді.

Қоңырбай: - Ааа жақсы. Аман болыңдар қарақтарым!(шығып кетеді)

Председатель: - Уфф! Не деген мазасыз еді мына ақсақал.

Аманжол: - Үлкен адам ғой.

Председатель: - Манадан бері жағамнан алып...

Аманжол: - Иәәә, тентек кісі.

Председатель: - Саған рахмет. Құтқарып қалдың. Ааа, айтпақшы жаңағы сындырылған шамдар көшенің қай жерінде?

Аманжол: - Орталық көше.

Председатель: - Иттер - ай! Бірақ жастық не істетпейді. Жарайды. Складқа барып келейік. Қозыбағарды тауып, шамды ауыстыртайық.

Аманжол: - Онда шығайық.

(Екеуі сахнадан шығып кетеді. Жарық өшеді. Әуен ойнатылады.)

 

IV бөлім

(Аула іші. Сахнаға қолында көрпесі бар Күнсұлу шығады. Соңында әжесі)

Күнсұлу: - Әже, міндетті түрде көрпелерді алып бару керек пе?

Әжесі: - Жаңағы атаңның тапсырмасы. Қайтесің енді.

Күнсұлу: - Қайтесің болғанда таза көрпелерді бүлдіреміз ғой.

Әжесі: - Қарағым, деніміз сау болсын де. Дүние ғой.

Күнсұлу: - Сонда да. Ол үйде де көрпе - төсек бар емес пе?

Әжесі: - Қасындағы үйге керек дейді атаң. Сақманға адамдар барады дей ме? Ыдыс - аяқтарды да ала сал. Болғасын алып келеді ғой.

Күнсұлу: - Түуу! Атам да қызық.

Әжесі: - Алжыған қақбас десейші. Әйтеуір бірдеңені былықтырады да жүреді. (Күнсұлуға қарап): - Іштегі алашаны ала шық. Буып - түйіп дайын отырайық. Қазір келіп дегбірімізді алып, тызақтайды.

Күнсұлу: - Атама айтпайсыз ба?

Әжесі: - Ол тыңдай ма мені. Құлағымыздың тынышына дайындап қоялық.

(Күнсұлуды шығып кетеді. Қоңырбай кіреді қақырынып)

Әжесі: - Әй, алжыған немене басыңа көтеріп келе жатырсың?

Қоңырбай: - Не дейді?

Әжесі: - Жоқ жерден шаруа тауып беріп жүрісін қарашы. 

Қоңырбай: - Не оттап отырсың? Шаруа болса бала - шағаның қамы да(сәкіге отырып): - Осы сен кемпір алжиын дегенбісің?

Әжесі: - Алжытпай қоясың ба! Елу жыл болды осы сенімен арпалысып келе жатқаныма.

Қоңырбай: - Дайын болды ма?

Әжесі: - Болып қалдық, қараң қалғыр! (Қоңырбайдың қасына отырып): - Ухх! Осы сен шал аяқ  асты бірдеңе шығармасаң отыра алмайсың. Ол адамдарды не істейін деп жүрсің, құдайым - ай?

Қоңырбай: - Не істегені несі - ай? Қартайғанда кәрі сүйегімізді сүйретіп қой қоздатып өлеміз бе енді?

Әжесі: - Тапсыр басқаларға. Осы сәбқоздың қойын бағам деп өлетін болдың. Онымен қоймай мені өлтіретін болдың, қақбас! Екі ортада селкілдеп өлетін болдым. 

Қоңырбай: - Аййй кемпір - ау! Барлығы сендер үшін ғой. Мені сене басқа кім тыңдайды дейсің. Қырсық мінезімді көтергеніңе рахмет айтамын. Жәмән кемпір сен болмасаң осы!

Әжесі: - Қой, өтірік мақтама.

Қоңырбай: - Құдайдың бере салғаны!(құшақтап): - Әй, сен бар ғой ақылдысың.

Әжесі(ернін шығарып): - Пппптт, қақбас!

Қоңырбай: - Әкел, бетті.

Әжесі: - Өй, жынды неме. Жібер. Мойнымды ауырттың қақбас! Қызымыздан ұят. 

Қоңырбай: - Қызым ба? Ақылдым сол! (айқайлап): - Күнсұлу, Күнсұлу!

Күнсұлу(сахнаға шығады. Қолында заттар): - Ау, ата!

Қоңырбай: - Құдай бере салғаным! Осы мені бақпаса, мына әжеңді қой. Бағасың ба мені ертең?

Күнсұлу: - Бағамын.

Қоңырбай:  - Әне, атасының қызы. 

Әжесі: - Жетісіп қалыпсың!

Қоңырбай: - Құлыным, маған көже алып келші. Сосын есіктің қайырылысындағы кебеженің үстінде шақшамды ала кел.

Күнсұлу: - Шақша деген не?

Әжесі: - Насыбай да қараң қалғыр!(Күнсұлуға қарап): - Алдымен алашаны жай. Мынаны буайық. 

(Күнсұлу мен әжесі алашаны жайып, заттарды буа бастайды.)

Қоңырбай: - Бәрін салдыңдар ма?

Әжесі: - Үйде не бар соны салдық.

Күнсұлу: - Көже дедіңіз бе?

Қоңырбай: - Иәәә, құлыным!

Күнсұлу: - Қазір.(шығып кетеді)

Әжесі: - Әй, шал!

Қоңырбай: - Ау!

Әжесі: - Қарағым да бара ма?

Қоңырбай: - Барады. Қалада оқу сорып тастаған шығар. Таза ауада ағарған ішсін. Бойын жазып.

Әжесі: - Әке - шешесінің қасында қала берсін де. Бойжетіп отырған қыз. Кілең топырлаған еркектің ортасында.

Қоңырбай: - Не деп отырсың? Әрі кетсе он бес күндей болады да қайтады ғой. Бір жағынан саған көмектессін. Тобығың тойтиып сені өлтірейін бе? Сүйегіңді зорға көтеріп жүргенде.

Әжесі: - Оның дұрыс қой. Баратын адамдар жастар ма?

Қоңырбай: - Өзіміздің ауылдың балалары ғой. Қайырлаштың, Қосақбайдың, Нұрманның, Тілеубергеннің жүгірмектері. Сосын әәә Бимағанбеттің баласы.

Әжесі: - Мына қырсық Бимағанбеттің үйленбеген, былтырғы мектеп бітірген жындысы ма?

Қоңырбай: - Жынды болып қайда барады дейсің. Қызыма тиісіп көрсін жондарынан таспа тілейін.

Әжесі(ойланып): - Әәә, онда қарағымның кләстәстары екен ғой.

Қоңырбай: - Солай ма?

Әжесі: - Солай. Сонда да абай болайық. Бойжетіп отырған...

Қоңырбай: - Жағыңа жылан жұмыртқаласын сен кемпірдің. Қайдағыны айтасың да отырасың. Барады.

Әжесі: - Өзің біл. Ертең маған айтпады деп ақырып жүрме.

Қоңырбай: - Ештеңе де болмайды.

(Күнсұлу шығады. Қолында зерен кесе. Бір қолында шақша)

Күнсұлу: - Ата!

Қоңырбай: - Әй, айналайын! Өркенің өссін.

Күнсұлу(шақшаны нұсқап): - Мынаның иісі сасып тұр ғой. Қалай аузыңызға саласыз. Фууу!

Әжесі: - Иісі алапат. Кәпір.

Қоңырбай: - Әй, мұның қасиеті мықты. Анау әжеңмен ұрысқан күні осыны атсам көңілім көтеріліп қалады.

Әжесі: - Ие, саған!(Күнсұлуға қарап): - Сен де жинал, құлыным! Атаң алып кетеміз дейді.

Күнсұлу: - Жайлауға ма?

Қоңырбай: - Иә! Әжеңе көмектесесің. Мына сақманның адамдары кеткенше.

Күнсұлу: - Жақсы. Қайта күшті ғой демалып қайтамын.

Қоңырбай: - Ақылыңнан сол!

Күнсұлу: - Онда мен дайындалайын.

(Сахнадан жүгіріп шығып кетеді. Машинаның сигналы естіледі)

Қоңырбай: - Мынау дәу де болса Сақанның машинасы. Шығайық. Мына заттарды маған бер. Үйдің есігін іліп кет. Келін де келіп қалар.

(Сахнадан шығып кетеді. Әуен ойнатылады. Жарық сөнеді.)

 

V бөлім

(Жайлау. Кешкі мезгіл. Сарайдың іші. Бір бұрышта кітаптар. Ортасында оқымысты жатыр шұқшиып. Сырттан Кәдірәлі, Жеткізген, Наурыз кіреді)

Жеткізген(Оқымыстыны нұсқап): - Мынау ертең Мұздақбайдың баласы сияқты әуей болып кетпесе жақсы. Кітапты кеміреді де жатады. Я көшеге шықпайды, я қызға бармайды, я қойға бармайды, я түнімен қора күзетпейді. Не жатыс мынау?

Кәдірәлі: - Жатса жата берсін. Пайдасы дәмді етіп тамақ пісіреді ғой.

Жеткізген: - Бұтында шалбары бар ұрғашы.

Наурыз: - Ей, мен осыны біреуге ұқсатам. Кім еді ана орыстың ақыны ма, мектепте суреті ілулі тұратын еді ғой. Бұйра бас.

Кәдірәлі: - Пушкин.

Наурыз: - Ооооо, дәл сол Пушкин. Ұқсамаң тумағыр.

Жеткізген: - Пушкин қайта махаббаты үшін дуэльге шығып атылып өлді ғой. Мынаны қоя ғой.

Оқымысты: - Неменеге мені өсектеп жатырсыңдар? Қызға да бәріне үлгереміз.

Жеткізген: - Оооо тоба! Бір жеті болды келгенімізге. Тілге бүгін келді. 

Наурыз: - Жын кіріп кеткен шығар.

Жеткізген(шошыған кейіп танытып): - Не дейді?(Оқымыстының қасына барып, бетіне қарап): - Біссіміллә, біссіміллә деш. 

Оқымысты: - Қума - ей! Мен жын - шайтан дегенге сенбеймін.

Наурыз:  - Шынымен де сенбейсің бе?

Оқымысты: - Иәәә! Ол тек құбылыс. Адамның көзіне елестейтін, ойдан туындаған. Ертегідегі кейіпкерлер ғой. 

Наурыз: - Солай ма? Мен білмеппін.

Жеткізген: - Шайтанды қоя тұрыңдар. Алдымен тамақтанып алайық. Шам қайда? Қазір қараңғы түседі. Оқымысты, давай тамақты алып кел. Басып алайық.

Оқымысты: - Жөкенді күтпейміз бе?

Наурыз: - Ол қайда?

Кәдірәлі: - Ана үйге қарап ұлып отыр.

Жеткізген: - Ғашық адам аштықтан қорықпайды. Керісінше шыңдалады.

Оқымысты: - Мына сөзді қайдан оқыдың?

Жеткізген: - Ешкімнің сөзі емес . Мен авторы - Қосақбайдың ұлы Жеткізген.

Наурыз: - Төлі де!

Жеткізген: - Аааа?

Наурыз: - Ештеңе. Давай ауқаттанып алайық. Жөкеннің енесі мана шалап беріп жіберіп еді. Қазір алып келейін.

(Төртеуі дастархан жайып, шам жағып тамақтана бастайды.) 

Наурыз(оқымыстыға қарап): - Осы сен жаңа жын - шайтандардың бар екеніне сенбеймін дедің бе?

Оқымысты: - Иә. Ол құбылыс қой. Адамзаттың ойы.

Жеткізген: - Айттым ғой мынау қуайын деген

Оқымысты: - Шын болса дәлел келтір.

Кәдірәлі: - Мына біз отырған қой ауылдың жанындағы құм төбешіктер бар емес пе?

Оқымысты: - Есіктің алдындағы ма?

Кәдірәлі: - Иә. Сол құм төмпешіктердің арғы жағында ұзыннан бойы сай жатыр. Сол сайды ауылдың адамдары “Шайтансай” деп атайды. Ол неге білесің бе?

Оқымысты(иығын қиқаң еткізіп): - Ал білмеймін.

Кәдірәлі: - Шайтандар мекендейтін сай болғасын.

Оқымысты: - Мүмкін емес.

Наурыз: - Неге мүмкін емес. Көрген адамдар да бар ғой.

Оқымысты: - Жердің атауы ғой.

Жеткізген: - Ой, мынауың! Құй, шалаптан!

Кәдірәлі: - Есіңде болса біз сегізінші сыныпта оқып жүргенде сенің көршің Алпысбай шал.

Оқымысты: - Иә.

Кәдірәлі: - Күзде қатты ауырып, көтеріліп кетті. Жын қағыпты деген жоқ па? Сол осы “Шайтансайда” болған ғой. Сары қашары жоғалып кетіп соны іздеп жүргенде алдынан қашары қашып, бұл қуалап жүргенде қараңғы түсіп кеткенін байқамай осы сайға келіп түседі ғой. Жаңағы қашары сайға түскеннен кейін тоқтағанына қуанып, жетекке аламын деп басына ноқтасын іле берген кезде ши мұрынға айналып, сайдағы қалың шимен байлап кеткен. Қайта көрер жарығы бар екен мына Қоңырбай Жөкеннің болашақ қайны атасы таң ата көріп қалып босатып алған.

Оқымысты: - Ши мұрын деген не?

Наурыз: - Шайтанның бір түрі.

Оқымысты: - Содан?

Кәдірәлі: - Аузы қисайып кеткен, есі кіресілі - шығасылы Алпысбайды ат арбамен ауылға жеткізген. Бір ай больницаға жатқызғанмен солай түрі қалып, ақыры ауылдың молдасын шақыртып деп салдырып, оқытып аяққа тұрғызған жоқ па?

Оқымысты: - Сонда адам күйінде келе бере ме?

Жеткізген: - Әрине. Ауылдағы Алдаберген шал (қолымен ишара жасап): - Қараңғыда келе жатса далалықта кездестірген. Емшегі салбыраған әйел оттың айналасында айдалада балаларды ойнатып отыр дейді. Өлген жоқ қой тірі ғой Алдаберген шал.

Оқымысты(жыбырлап): - Шамды көтерейін. Қараңғы болып бара жатыр.

Жеткізген: - Немене қорқып отырсың ба?

Оқымысты: - Жоқ - ей! 

Жеткізген: - Көтерме. Ана шал ертең тағы зар илейді шамның майын құртып тастапсыңдар деп.

Оқымысты: - Сонда ол көзге көрінетін болып тұр ма?

Наурыз: - Әр түрлі түсте. Кейде адам кейпінде, кейде мал кейпінде. Қазір жүретін кезі. Сағат неше?(қол сағатына қарап): - Как раз көшетін кезі.

Кәдірәлі: - Солайййй! Сондықтан Құдайға сеніп жүруіміз керек.

Наурыз: - Қараңғыға кірген шыққанда “біссімілләні” айтып жүрі керек.

Жеткізген: - Не дейді? Наурыз мынаны сен бе айтып жатқан?

Наурыз: - Адамбыз ғой. 

Оқымысты: - Ойланатын нәрсе.

Наурыз: - Ойланатын түк те жоқ.

Жеткізген(шалқасынан түсіп айқайлап керіледі, оқымысты шошып кетеді): - Ааааа!(қайтадан тұрып): - Жігіттер, мен де бір ой бар.

Кәдірәлі: - Сен айтпай - ақ қой!

Жеткізген: - Айтпай - ақ қой дегенде келгелі отар қойдың ортасында отырып бір ет жемедік. Жеп жатқанымыз жартылай шикі, жартылай піскен оқымыстының тамағы.

Оқымысты: - Ұнамай ма, жеме!

Жеткізген: - Ұнаса да, ұнамаса да жейміз амал жоқ. Жоқ, сен ренжіме. Менің айтқым келгені мына Қоңырбай шал түк татырмайды. Кеше үйіне қи оятын күрек сұрап барсам, төрде отырып алған алдында қойдың басы кеміріп отыр. Әй, бір “ауыз ти” деп айтпады. Шық бермес Шығайбай екен. Қойын қоздатамыз, қиын ойып, жинап, қорасын тазалап беріп отырмыз. Еще комсомол бригада дейді. Біз шөп жемейміз шығар. Не ойлайсыңдар? Мына шалды қатырайық та.

Оқымысты: - Мен араласпаймын.

Жеткізген: - Уже араласып кеттің. Тыңдап отырсың ғой.

Наурыз: - Енді?

Жеткізген: - Отардағы көк ісек бар ғой. Соны бірдеме қылу керек.

Наурыз: - Қайсысы күнде қасымызға келіп тұратын ба?

Жеткізген: - Ия. Соған көзім түсіп отыр.

Кәдірәлі: - Сонда да ұят болмай ма?

Жеткізген: - Ұят ештеңесі жоқ. Енді аштан өлеміз бе?

Наурыз(қарқылдап күліп): - Жақсы болды. Оны қалай істейміз?

Жеткізген: - Ертең Наурыз екеуміздің кезегіміз қой бағатын. Кәдіш түске дейін келіп туылған қозыларды алып кетеді. Ана шал ертең түске дейін Қаражарға тойға барады. Дәл сол Қаражардың бағытына қарай қойды шығарайық. Шалдың төбесі көрінгеннен көк ісектің басын жуан ағашпен ұрып тыпырлатып алсақ ар жағы белгілі ғой. Шал кейін қайта алмайды бір ісек үшін. Сол жерде бауыздап тастаймыз да Кәдіштің арбасына салып жібереміз. Шал тойдан келем дегенше қуырдақты жееееп жатпаймыз ба?

Наурыз: - Оны істерміз. Бірақ көк ісек қасақана қылғандай келмей қалса қасымызға. 

Жеткізген: - Оған дейін келеді. Сол кезде ұстап алып аяғына жіппен тұсау салып шалдың келуін күтеміз.

Кәдірәлі: - Сенің басың қатты негізі.

Наурыз: - Өййй, бұл дала академигі ғой.(оқымыстыға қарап): - Ал, сен пышағыңды қайрап отыр. Келген бойда қуырдақты дайындауға кірісесің.

Кәдірәлі: - Жөкенге айтып қояйық.

Жеткізген: - Жөкен біледі. Бағана екеуміз ақылдасып қойғанбыз.

Наурыз: - Баукеспе күйеу де.

Кәдірәлі: - Әлі болған жоқ.

Наурыз: - Бұйртса болады. Сен не ойланып отырсың?

Оқымысты: - Ойланып отырмын.

Наурыз: - Ойланатын түгі жоқ. Күйеу баласы рұқсат беріп отыр. Әлде манағы шайтанды ойлап отырсың ба?

Оқымысты: - Қой жоқ. Далаға шығып қайтайын(тұрып шығып кетеді)

Жеткізген: - Осы бір түрлі бар ғой.

Кәдірәлі: - Ешкімге зияны жоқ. Арамдығы жоқ ақ құрдас қой.

Жеткізген: - Қой жатайық. Ертең үлкен шаруа бар.

(Сахнаға оқымысты ойбайлап жүгіріп келеді. Жолдағы заттар салдыр - гүлдір. Барлығы орнынан атып тұрады.)

Оқымысты: - Ойбаййй, ойбаййй! Біссіміллә, біссіміллә! 

Наурыз: - Не болды?

Оқымысты: - Шайтан! Есіктің аузында шайтан тұр.

Жеткізген: - Қайда?

Оқымысты: - Міне сыртқа шыға беріс жерде құмның төбесінде.

Жеткізген: - Не дейді? Есің дұрыс па?

Оқымысты: - Шын айтам. Қып - қызыл болып от шашып тұр.

Наурыз: - Жүр, Кәдіш! Мылтықты ала шық.

Кәдірәлі: - Қазір.(екеуі шығып кетеді)

Жеткізген(оқымыстыға): - Отыр. Аптығыңды бас! Сорлы – ау, көзің айналып кетті ғой.

(Сахнаға Кәдірәлі мен Наурыз қарқылдап күліп кіреді)

Жеткізген: - Екеуіңді жын қағып кетті ме?

Наурыз: - Ай сен қатырдың? Ойбай ішім, ішім!

Жеткізген: - Не болды?

Кәдірәлі: - Оййй, қорқып отырсаң айтпайсың ба?

Наурыз: - Қорыққанға қос көрінеді деген. Мынау құмнан көтерілген айдың қызыл сәулесін шайтан деп ха - ха - ха!

Жеткізген(оқымыстыны иығынан итеріп): - Кетші бар! Ішкен - жегенімнің барлығы құйрығымнан жұздыздай болып ақты ғой.

Кәдірәлі:  - Сен қатырдың.

Наурыз: - Сиіп үлгердің бе?

Оқымысты: - Ия. Сонда ол....

Кәдірәлі: - Жоқ ей! Ай ғой кәдімгі.

Оқымысты: - Жыбырлады ғой кәдімгідей.

Кәдірәлі: - Қорыққасын солай болады.

Жеткізген: - Қой мынау концертті қойды. Ойбай, ішім - ай!

(Төртеуі қалқылдап келіп біразға дейін күледі.)

Кәдірәлі: - Қой, жатайық. Шамды өшірейін бе?

Оқымысты: - Қастарыңа жатамын. 

Наурыз: - Алдында ана жерге өзім жатамын деп едің ғой.

Оқымысты: - Бүгін ойым өзгеріп жатыр.

Жеткізген: - Ой, ішім - ай! “Біссіміллә” деп жүгірген кезде.(тағы күледі)

Наурыз: - Ал сөндіремін. (оқымыстыға қарап): - Сен шетке жат.

Оқымысты: - Жоқ ортаға жатамын.

Наурыз(шамды өшіріп): - Онда “біссімілләны” айтып жат.

(Шам сөнеді. Оқымыстының “Біссіміллә” деп айтқан дауысы шығады. Ырқ - тырқ тағы күледі. Әуен ойнатылады.)

 

VI бөлім

(Түн. Ай жарық. Шегіртке шырылы. Ортада ат арба. Арбаның қасында біреу отыр. Анда - санда басын шығарып қояды.)

Жөкен: - Қашан шығасың? Әлде, ана қақбас шал жатпай отыр ма? Әлде есіктің алдына көлденең жатып алды ма?(жүрек тұсын ұстап): - Жүрегім құрғыр бір түрлі соғып тұр ма? О, махаббат! Не деген күш! Күнде көріп жүрсем де сағынатын болыппын. Ооо, құдайым - ай! (шалқасынан жатып): - Келші сәулем, құшақташы!

Өбші беттен.

Ақын болып кеткеннен сау емеспін бе? Қызық я өмір. Ғашық боласың, сүйесің, іздейсің. Бірақ ат арбаның жанында отырасың. Ана төртеуі мені жерден алып, жерден салып жатқан шығар.(басын шайқап күліп): - Бүгін айтып жеткізуім керек.(ауаны қармап): - Күнсұлу, күнім! Мен сенсіз өмір сүре алмаймын. Сені енді көрмесем бір қасық суға батып өлем, шарық жіпке асылып өлем. О, қой құрсын! Жынды болып кетермін. Айтып отырғаным жаңағы Наурыздың сөзі ғой. Тфуу! (үстін сипап қалтасын тексеріп кетеді): - Манағы хат қайда? Қайда салдым? Ал, кес. Ааа басыңды ұрайын Бимағанбеттің ұлы. Жоғалтсам біттім ғой. (Бас киімін алып): - Уффффф, мында екен ғой. Атаңа нәлет ит оқымыстыға жалынып жаздырғанда жоғалтып алсам.... Не айтам? Фууу, терлеп кеттім ғой. Мынадан мал баққан жақсы екен.(хатты қарап): - Үш бұрышты қылып сықитып тастапты хатты. Сыртын ақ матамен ораған ба, не пәле? Талай хат тасығанымды білем. Бірақ мынадай қылып орағанды бірінші рет көрдім. Қасында мана екеуі қалып еді. Ай, бірдеңені құртпаса жақсы. Бар үміт осы хатта енді. 

Күнсұлу(сыбырлай дауыстап): - Жөкен! Жөкен!

Жөкен: - Келе жатыр.(Арбаның қуысынан басын шығарып): - Ау! Күнсұлу мен мындамын.

(Күнсұлу сахнағы бұқпантайлап, жалаң аяқ жүгіріп арбаның қасына барады. Қолында тәпішкі. Екеуі бірін - бірінің қолынан ұстайды. Үнсіздік. Махаббат әуені ойнатылады. Ұзақ қарап тұрады.)

Күнсұлу(есін тез жиып): - Жөкен отыршы. Біреу көріп қалар.

Жөкен: - Аааа, не болды?

Күнсұлу: - Отыршы деймін.(сықылыптап): - Не болды саған?

Жөкен: - Ааа, иәәәә. Ештеңе болған жоқ.

(Екеуі үнсіз. Екеуі екі жаққа қарап отырады)

Күнсұлу: - Көп күтіп қалдыңыз ба?

Жөкен: - Аааа! Жо - жоқ. Қанша күт десең де күте беремін ғой. Тек атаң біліп қалып жібермей қалды ма деген қорқыныш басым болды.

Күнсұлу: - Атам білмейді. Әжем біледі.

Жөкен: - Әжем дейсің бе?(қозғалақтап): - Енді ұят болады ғой. Қалай көзіне көрінемін.

Күнсұлу: - Неге қорқасыз? Қайта жақсы емес пе?

Жөкен: - Оның несі жақсы. Ыңғайсыз. Қашаннан бері біледі.

Күнсұлу: - Бір жылдай болды. Өзім айттым.

Жөкен: - Өзім айттым?

Күнсұлу: - Иә! Сосын менің ауылға келгеніме бес күн болды. Неге келіп жүздеспедіңіз?

Жөкен: - Енді.... Қолым тимеді. Бірақ Наурыздан естідім келгеніңді.

Күнсұлу: - Сонда да. Естіген күні Кәдірәлі екеуіңіз Ақсәулеге барыпсыздар. 

Жөкен: - Мен емес барған. Тек Кәдіштің қасына еріп бардым.(Басын қасып): - Бірақ барғаным да жақсы болды. Соның ақыры қасыңда отырмын ғой.

Күнсұлу: - Сонда да. Сізге қатты көңілім қалып қойды.

Жөкен: - Ренжімеші енді.(қолынан ұстап)

Күнсұлу(қолын сыпайы тартып): - Біреу көріп қояды.

Жөкен: - Қой ауылда отырмыз ғой. Кім көреді?

Күнсұлу: -  Ай көреді. Ай желге айтады, жел күнге айтады. Сосын...

Жөкен(ыржалаңдап): - Сосын атаңа айта ма?

Күнсұлу: - Ия да.

Жөкен: - Айтса айта берсін. Қорықпаймын ешкімнен.

Күнсұлу: - Атамнан да ма?

Жөкен: - Ия.

Күнсұлу: - Онда қазір атамды шақырып айқайлаймын.

Жөкен: - Айқайлай бер.

Күнсұлу(тамағын кенеп): - А - тааааа!

Жөкен(жылдамдықпен Күнсұлудың аузын басып): - Ойбааай, Күнсұлу! Күнім айқайлама!

Күнсұлу: - Қайтып алдым де!

Жөкен: - Қайтып алдым. Енді айтпаймын.

Күнсұлу: - Сөз бересіз бе?

Жөкен: - Сөз беремін. Мәәә, тер бұрқ ете қалды ғой.

Күнсұлу(сықылықтап күліп): - Солай ма? Атамнан қорқып қалдыңыз ба?

Жөкен: - Қорыққаным жоқ. Біріншіден ұят болады. Екіншіден сені көре алмай қаламын.

Күнсұлу: - Қойыңызшы. Көре алмай қаламын деп қорқып отырсыз ба?

Жөкен: - Ия.

Күнсұлу: - Олай болса Наурыздан естіген күні неге келмедіңіз?

Жөкен: - Уәде беріп қойдым ғой.

Күнсұлу: - Мммм. Демек мені жақсы көрмейтін болып тұрсыз. Әйтпесе...

Жөкен: - Күнім – ау, мені әбден қинадың - ау!

Күнсұлу(сықылықтап күліп): - Ойнап отырмын. Сіздің осы мінезіңізге ғашықпын. 

Жөкен: - Тек мінезіме ме?

Күнсұлу: - Қалай айтсам екен. Түріңіз қара болғанымен, жүрегіңіз ақ қой. Сізді...

Жөкен: - Шын айтып отырсың ба?

Күнсұлу(елең ете қалып): - Тссс! Үйден біреу шыққан сияқты.

(Екеуі тың тыңдайды. Көлбақаның дауысы.)

Жөкен: - Ешкім шыққан жоқ.

Күнсұлу: - Сізден сұрайын...

Жөкен: - Айта бер, күнім!

Күнсұлу: - Ертең күзде әскерге кететін болсаңыз мен не істеймін?

Жөкен: - Мүмкін кетпейтін шығармын.

Күнсұлу: -  Жігіттердің бәрі барады емес пе?

Жөкен: - Екі жыл екі күндей өтеді де кетеді. 

Күнсұлу: - Сонда да.

Жөкен: - Ой, күнім - ау! Ертең кетіп қалатындай не көрінді саған? Бармаймын.

Күнсұлу: - Қойыңызшы. Қалай бармайсыз?

Жөкен: - Үйленемін де бармай қаламын.

Күнсұлу: - Кімге үйленесіз?

Жөкен: - Саған. Басқа кімге үйленемін. Жүрегі құрығыр “сен” деп соғады.

Күнсұлу: - Өтірік айтпаңызшы.

Жөкен: - Шын айтамын. Дүние төңкеріліп кетсе де маған бәрібір.

Күнсұлу: - Үйдегілер мені бермесе ше?

Жөкен: - Алып қашамын.

Күнсұлу: - Мен көнбесем не істейсіз?

Жөкен: - Күнім мені қинамашы. Онсыз да екі жыл күтіп әзер жүрмін.(Күнсұлудың қолын ұстап): - Сағынамын сен алыста жүрсең. Сен мені сағынасың ба?

Күнсұлу(басын төмен салып): - Ия да. Неге сағынбайын. 

Жөкен: - Күнім сол!

Әжесінің дауысы: - Күнсұлу! Ау, Күнсұлу! Жаңағы қыз қайда кетті?

Күнсұлу(қолын тартып алып): - Әжем! Мен кеттім.

Жөкен: - Тоқташы.(Қалтасына қолын салып хатты беріп): - Мынау саған.

Күнсұлу: - Не бұл?

Жөкен: - Үйге барғасын қарарсың.

Күнсұлу: - Жақсы. Қайырлы түн!(Жөкеннің бетін шөп еткізіп сүйіп алады да жүгіре басып сахнадан шығып кетеді.)

Жөкен(бетін сипаған күйі шалқасынан түсіп домалайды): - Бетімнен сүйді. Бетімнен сүйді. Не деген керемет күн бүгін. Мен бүгін бақыттымын. Рахмет саған, Күнсұлу!

(Жарық өшіп, әуен ойнатылады. Қайтадан жарық жанып, хат оқылады. Жөкеннің дауысымен)

Дауыс: - Амансың ба, Күнсұлу! Аяқ алысы, жүрек қағысы, өмір барысы қалай? Сенің келгеніңді Наурыздан естідім. Барғым - ақ келді. Бірақ уәде құдайдың аты деген досыма уәде берген соң саған бара алмадым. Күнім, сені ойлаумен таңымның атып, күнімнің батып жатқанын әсте сезіп жүрген шығарсың. Сенің күлімсіреп тұратын күн сүйген жүзіңді бір сәтке де ойламау мүмкін емес.  Үлкен күнә. Сені жақсы көремін. Сені өзімнің жанымда мәңгі бірге болуыңды қалаймын. Өзіңді құшақтап сүюші Ж....!

Ааа, айтпақшы ұмытып бара жатырмын егер мені шын сүйсең, алып қашуға көнем десең хаттың сыртында оралған ақ матаны ауланың сыртына байларсың. Сенімен екі жарты бір бүтін болып өмір сүргім келеді. Мені түсінеді деп ойлаймын. Мен сені жақсы көремін!

(Әуен ойнатылады. Сахнаға Күнсұлу шығады. Кеудесіне ақ матаны басып тұрып, шарбаққа байлайды. Шығып кетеді. Жарық сөнеді)

 

VII бөлім

 (Сахнаға жеткізген мен Наурыз шығады. Қолдарында ісек қой. Сахнаның ортасына әкеп тастайды)

Наурыз(ырсылдап): - Зілдей. Не беріп баққан мынаған.

Жеткізген: - Соны айтам. Атаңа нәлет совхоздың бар жемін осыған берген - ау деймін.

Наурыз: - Неде болса қатырдық.

Жеткізген: - Қарап қой. Анау қырдың басынан көрініп бергі сайға түскен кезде бастап періп жіберейік.

Наурыз: - Көріп қалса ше?

Жеткізген: - Көрмейді. Үлкейді ғой. Байқайсың ба үнемі бинокль ұстап жүреді. Бүгін тойға бара жатыр. Бинокльді салақтатып алып жүрмейді.(жан - жағына қарап): - Жуан ағаш қайда?

Наурыз: - Мынаны ұстаған жерде қалып қойды.

Жеткізген: - Алып кел. Келіп қалып ұра алмай қалармыз. Пышақ қайда?

Наурыз(қонышынан шығарып): - Міне.

Жеткізген(қолын ысқылап): - Бүгін бір жақсы күн болды. Қуырдақ жейміз.

Наурыз: - Күнсұлуды алып қашамыз де.

Жеткізген: - Ух ты ол бар екен ғой.

Наурыз: - Егер келіссе.

Жеткізген: - Келіседі. Біздің Жөкенді көрсе көзі жарқ ете қалады ғой, шіркін! Бізге сондай қыз да жолықпады.

Наурыз: - Аулаға ақ матаны байламапты ма?

Жеткізген: - Ақ мата емес ол. Жөкеннің ақ майкасы ғой.

Наурыз(қарқылдап күліп): - Сен қатырасың.

Жеткізген: - Ей, ол майканың қызығын көреді Жөкен. Рахмет айтады ертең. Сен жаңағы ағашты алып кел. Келіп қалатын уақыты болды.

Наурыз: - Жақсы.(шығып кетеді)

Жеткізген(әндетіп):- Сен мөлдірсің еркем, Тау бұлағындай! (шалқасынан жатып): - Біз қашан үйленеміз? Біреуге қатын тауып береміз деп, өзіміз қатынсыз қалмасақ жарар еді.

Наурыз(жүгіріп шығады. Қолында жуан ағаш): - Келе жатыр, Жеткізген.

Жеткізген(атып тұрады): - Әкел. Қай жерде?

Наурыз: - Міне сайға түсіп кетті.

Жеткізген(ісекті бастан бір қойып): - Болды тыпырлай тұрсын. Аяғындағы жіпті шешіп алайық.

Наурыз: - Өліп қалмай ма? Арам өліп қалып жүрмесін.

Жеткізген: - Өлмейді. Қорықпа. Мына ағашты жоқ қыл.

Наурыз: - Әкел.(сахнаның сыртына жүгіріп, қайтып келіп Жеткізгеннің қасына отыра кетеді): - Ал, көрейік.

Жеткізген: - Сен үндеме. Өзім қатырамын.

(Сахнаға Қоңырбай, Әже, Жөкен кіреді.)

Қоңырбай: - Әй, жүгірмектер! Қалайсыңдар? Бағар көбейсін.

Жеткізген: - Ақсақал, бәрі жақсы. Тек мынау болмаса...

Қоңырбай: - Не мынау?

Жеткізген: - Көк ісекті айтамын, ақсақал.

Қоңырбай(жүгіріп барады қасына): - Мынаған не болды? Ертемен сау еді ғой.

Жеткізген: - Білмеймін. Жайылысқа шыққаннан қайта - қайта жата береді. Осы жерге келіп жатыр еді. Аяқ асты тыпырлады да қалды.

Қоңырбай: - Қап! Қап! Сау қойға не болды? Әлде сендер бірдеңе жасадыңдар ма?

Жеткізген: - Біз не істейміз? Өзі ауырып тұрса біз кінәлі емес шығармыз.

Қоңырбай: - Қап! Тым жақсы мал еді. Қап!

Әжесі: - Шал, оған бола неге күйіп - пісесің? Бастан - құлақ садақа.

Қоңырбай(ала көзімен қарап): - Сен не білесің осы? Қалқамның тойына деп сақтап жүрген едім. Жүрегім бірдеңе сезіп еді. Қап!

Әжесі: - Әй, шал! Қарағымның тойына табылар. Самсаған малың бар емес пе? Мына балаларға бер бауыздап тастасын. Арам өліп қалар. Жолдан қалмайық. Жылына бір шақыратын менің төркінімнің тойына бір ісек үшін бармаймын деп отырып алма енді.

Қоңырбай: - Төркініңнің әкесін аузы...

Әжесі: - Бармасаң өзім кеттім. О несі - ай! Алжыған қақпас.

Қоңырбай: - Бауыздап алыңдар. Сосын үйге апарып сарайға салып тастаңдар мүшелеп бұзып. (кемпіріне қарап): - Жүр!

Әжесі: - Айналайындар! Күн ысып кетіп етті борсытып алмаңдар. Жаңағы Қайырлаштың баласы ауылдан ат арбамен шығып келе жатыр еді.

Наурыз: - Ия, ия! Қозы жинап кетеді қазір.

Қоңырбай: - Соған тиеңдер!(насыбайын аузына салып): - Қазір ауылдан пошташы Абылмен ауылдағы бала келеді. Апасына бір - екі күн қарайласуға. Әлімжеттілік жасап жүрмеңдер. Анда жұмсап, мында жұмсап.

Жеткізген: - Жақсы, ақсақал. (Наурызға бұрылып): - Пышағыңды қайрай бер.

Наурыз: - Құп болады!

(Қоңырбай мен әжесі шығып кетеді.)

Жөкен(күліп): - Сендер бар ғой нағыз қанішерсіңдер.

Наурыз: - Қайын жұрттың малы болғасын жаның шығып бара жатыр ма? 

Жеткізген(Жөкенге бұрылып): - Ауылдан кім келеді деді?

Жөкен: - Күнсұлудың інісі.

Жеткізген: - Мммм. Демек қайын атаң бүгін келмейтін болып тұр ғой.

Жөкен: - Солай.

Жеткізген: - Пошташы Абыл деді ме?

Жөкен: - Ияя!

Жеткізген: - Екі қоянды бір оқпен атып аламыз ба, досым?(Жөкенді құшақтап)

Жөкен: - Түсінбедім.

Жеткізген: - Күнсұлуды алып қашайық.

Жөкен: - Жындысың ба?

Жеткізген: - Сенің қиналып жүргенің жанымызға батып жүр. Темірді қызған кезде соқ деген. Алып қашайық. Алпыстардың бірінші тойы болсын. Тойға түсейік те. 

Жөкен: - Күнсұлу көнбейді ондайға.

Жеткізген: - Көнеді. Көндіреміз.

Наурыз(бауыздап жатып): - Кәдіштен хабар күтейік. Мана айтып кеткен едім.

Жөкен: - Ол қандай хабар?

Наурыз: - Күнсұлудың келісімін.

Жөкен: - Сендер жындысыңдар ма?

Жеткізген: - Әй, сен Күнсұлуды жақсы көресің бе?

Жөкен: - Ия.

Жеткізген: - Болды ғой.

Жөкен: - Кәдішті неге күтіп отырмыз?

Наурыз: - Бері қара. Кеше сен оқымыстыға хат жаздырып па едің?

Жөкен: - Ия.

Наурыз: - Хат ақ матаға оралған ба?

Жөкен: - Ия.

Наурыз: - Енді хабар күтеміз.

Жөкен: - Түсінбедім.

Жеткізген: - Қазір Кәдіш келгенде түсінесің. Мынаны қақыратып тастайық. Терісін сыпырып алайық.

(Үшеуі үн - түнсіз қойдың айналасында жүреді. Сахнаға Кәдірәлі кіріп келеді.)

Кәдірәлі: - Іске сәт, жігіттер!

Наурыз: - Айтқаның келсін! Қандай жаңалық бар Кәдіш?

Кәдірәлі(Жөкеннің қасына барып): - Құтты болсын досым! Қолыңа қондырған аппақ құсың!

Жөкен: - Аааа! Рахмет.(шошып кетіп): - Қайдағы құс? Әй, сендер!

Наурыз: - Сабыр ет, Жөкен! Қазір түсіндіреміз. Алдымен мынаны тиеп тастайық. Кәдіш, ұста бір жағын.(Кәдірәлі мен Наурыз қойды алып шығып кетеді)

Жеткізген: - Ал енді не істейміз?

Жөкен: - Айтып түсіндіріңдерші адамды жынды қылмай.

Жеткізген: - Сен хатты оқымыстыға жаздырған күні кеше біз Наурыз екеуміз астына тағы бір - екі сөйлем жаздырдық.

Жөкен: - Не деп?

Жеткізген: - Қалай айтсам екен.(желкесін қасып): - Алып қашуға келіссең ақ матаны шарбаққа байла деп.

Жөкен: - Ой, енеңді ұрайын кілең.

Жеткізген: - Ашуланба.

Жөкен: - Ашуланып тұрғаным жоқ. Қызық болып тұр. Шарбаққа байлап па?

Жеткізген: - Кәдіштің құттықтауына қарағанда байлаған болып тұр ғой.

Жөкен(жерге отыра кетеді): - Не істедіңдер?

(Сахнаға Кәдірәлі мен Наурыз шығады)

Наурыз: - Рас айтасың ба, Кәдіш?

Кәдірәлі: - Рас айтамын. Байлап қойыпты.

Наурыз: - Досым құтты болсын! Ал, іске кіріселік.

Жөкен: - Қызықсыңдар.

Жеткізген: - Қызық ештеңесі жоқ. Қыз көніп тұр. Енді жігіттігіңе сын. Артқа қайтар жол жоқ! Артымызда - Москва.

Жөкен: - Сендерге қызық керек.

Кәдірәлі: - Сен баста үйленуді.

Наурыз: - Ақ мата сенің ақ майкаң(күледі)

Жөкен: - Қалай сонда?

Наурыз: - Ақ мата таба алмай сенің ақ майкаңды кесіп хатты орап жібердік. Күнсұлудың келісімін алу үшін.

Жөкен: - Біліп едім. Біліп едім. Сендердің бірнәрсе бүлдіргендеріңді.

Жеткізген(қалқылдап күліп): - Ақ майкаң адал қызметін атқарып шықты. Ал дайындалайық.

Жөкен: - Тоқтаңдар!

Жеткізген: - Тоқтайтын ештеңе жоқ. Алып қашамыз.

Наурыз: - Қашан?

Жеткізген: - Бүгін.

Жөкен: - Бүгін?

Жеткізген: - Ия бүгін. Үйде шал мен кемпір жоқ. Қазір ауылдан пошташы Абыл келеді. Інісін қойға жібереміз де Күнсұлуды алып қашамыз.

Наурыз: - Сенің басың қатты негізі.

Жеткізген: - Дос үшін жан құрбан.

Кәдірәлі: - Үйййй дееее!

Наурыз: - Жөкен не дейсің? Осыдан кейін шанс қашан келетіні белгісіз. Қатынсыз қалуыңда мүмкін.

Жеткізген: - Ия не дейсің, досым! Кеттік десең іске кірісеміз.

Кәдірәлі: - Бір минут уақытың бар.

Жөкен(төмен қарап ойланып отырып): - Кеттік. Шешінген судан тайынбас. Ары қарай көреміз. Күнсұлу келіссе болды. Бас  тарта алмаймын.

Жеткізген: - Міне, еркек! 

Наурыз: - Айғыр де!

Жеткізген: - Таааак! Қойдың басын қой ауылға қарай бұрайық. Көбісі жаңа қоздаған саулықтар. Ауылға қарай бірі қалмай тартады. Інісін алдап қойға жібереміз. Пошташы Абылмен өзім сөйлесемін. Бір жартысын алып берсек келіседі. 

Кәдірәлі: - Ісектің етін не істейміз?

Жеткізген: - Ауылға алып кетеміз машинаға тиеп. Барғасын шашлық жасап, Жөкен мен жас келінді ауданға шығарып салмаймыз ба?

Кәдірәлі: - Мынау табылған ақыл.

Жеткізген: - Ал, кеттік.

Наурыз: - Ал, күйеу баста! 

Жөкен: - Мынау қызық болды ғой.

Наурыз: - Не болды жүнің жығылып қалды ғой?

Кәдірәлі: - Кеттік. Еще оқымысты жиналып болмайды. Қыз сияқты.

Жеткізген: - Қайдан жиналып болсын. Жүгімен жүреді. Ал, кеттік. Қалғанын жолшыбай шешеміз.

Наурыз(құшағын жайып, әндетіп): - Лейла, Лейла қалқам - ай! Келші сәулем, еркем - ай! Бізде бүгін той. Екі жас бақытты болсын! Келші бетті әкелші, досым!(Жөкенді құшақтап сүйеді)

Жөкен(күліп): - Жартыбастар - ай! 

(Төртеуі құшақтасқан күйі сахнадан шығып кетеді. Әуен ойнатылады. Жарық өшеді) 

 

VIII бөлім

(Қой аула. Сахнада  әжесі отырады. Төмен қарап ойланып)

Әжесі: - Күйіп - пісіп өлетін болды ғой мына шал. Кеше жүрегім бірдеңені сезіп отыр деп қоймап еді. Қап, жалмауыздар - ай! Әке - шешесіне не айтамын. Ойбаййй!

Қоңырбай(сахнаға кіреді): - Жеті әкеңнің аузы кілең. 

Әжесі: - Бар ма?

Қоңырбай: - Жоқ. Жым - жылас. Соттатамын оларды. Етті де алып кетіпті.

Әжесі: - Етті қойшы. Ана қызды алып қашып кетіп отырған жоқ па?

Қоңырбай: - Ішім сезді осыны. Бармай - ақ қояйын деп едім қоймадың ғой. Төркінің көшіп кететіндей.

Әжесі: - Кім ойлаған былай болатынын.

Қоңырбай: - Сен бәрін білдің!

Әжесі: - Нені білдім?

Қоңырбай: - Қыздың қашып кететінін. Сен ұйымдастырып отырған. Әншейін де бармасаң бармай - ақ қой деп отыратын едің. Кеше қояр да қоймай мені алып кеттің.

Әжесі: - Қой, айналайын. Бәлеңді маған жаппай. Бойжетіп отырған қыз. Сен байлап ұстап отырсаң да отырмайды. Кетем деген қыз кетеді ебін тауып.

Қоңырбай: - Оттамай отыр.

Әжесі: - Оттамасаң оттама. Мендей бәле жабысқыр.

Қоңырбай: - Қап! Әкеңнің аузы... Ана Бимағанбеттің қарасы жылтың - жылтың етіп келуінде бір бәле бар еді.

Әжесі: - Жәә, ашуланба енді. Сабыр ет, отағасы. Кететін қыз кетті. Бағы ашылсын.

Қоңырбай: - Қалай ашуланбайсың а? Онымен қоймай үлкен қойдың етін ұрлап... Ақ адал малым ғой бағып отырған.

Әжесі: - Қызымыздың жолына құрбан болсын сол.

Қоңырбай: - Оттамай отыр.

Әжесі: - Отағасы, бері қара! Қайталай берудің қажеті шамалы. Одан да кешірім сұраушыларды күтейік.

Қоңырбай: - Кіргізбеймін. Өзінің әке - шешесіне барсын.

Әжесі: - Әй, алжыған, қақбас. Бимағанбеттің шешесі көргенді жердің қызы еді. Кешірімге осы үйге жібереді қара шаңырақ деп.

Қоңырбай: - Тфууу! Білгендеріңді жасаңдар!(теріс қарап отырып алады.)

Әжесі: - Өкпелеп тоныңды өртеп не қыласың. Одан да кешірім сұрап келетіндерге бір малымызды сойып дайын отырайық. Шөбіңе түскен соң бас тарта аламайсың. Қашып құтыла алмайсың.

Қоңырбай: - Білгендеріңді жасаңдар дедім ғой.

Әжесі: - Қазір немереңді шақырып қорадағы соятын малыңды әзірлеп қой.(дауыстап): - Алмат! Ау, Алмат!

Алмат(сахнаға кіреді): - Ау, әже!

Әжесі: - Атаңның айтқан малын сойып дайында. Бізде елміз. Елдігімізді білдіріп отырайық. 

Алмат: - Жақсы әже! Ата, қайсысын сояйын?

Қоңырбай(ойланып): - Шыға бер! Қазір барамын.

Алмат: - Жақсы.(шығып кетеді)

Әжесі: - Ақылымызды шашпайық. Қазымырланып, қырсығып, өкпелеу бізге қол емес. Баламыз бақытты болсын! 

Қоңырбай: - Мен баламның бағын байламаймын ғой, кемпір - ау! Жаныма батқаны ақ адал малымның етін алып кеткені де басынып.

Әжесі: - Басыныбы несі - ай! Жастар ғой. Кешіріммен қарайық. Болашақ күйеу баладан ұят болар. Жастықпен істеген ғой. Өзіңде талай тентектік жасамадың ба?

Қоңырбай: - Менін заманым басқа болды. Жәә, жарар кемпір! Сенің айтуың орынды. Мен барып реттестірейін. Қарағымның бағы ашылсын.

Әжесі: - Сөйтші.

(Қоңырбай шығып кетеді. Әжесі кемсеңдеп жаулығының ұшымен көзін сүртеді)

Әжесі: - Құлыным сол! Бақытты болсаң болды да. Біздің тілегіміз сол ғой. (сыртқа қарап): - Жүгірмектер, Шалыма да сабақ беріп кеттіңдер.(күліп): - Өзіңе де сол керек. Көмектескен адамдарға тыныштық бермейтін едің.

(Басын шайқап, күліп шығып кетеді. Әуен ойнатылады. Жарық өшеді.)

 

IX бөлім.

(Түнгі көше. Төртеу отыр. Кәдірәлі, Жеткізген, Наурыз, Оқымысты. Қолдарында гитара. Наурыз ыңылдап өлең айтып отыр гитара шертіп.)

Кәдірәлі: - Ал, енді не істейміз?

Жеткізген: - Істегеннен құдай сақтасын.

Наурыз: - Оқымыстыға қатын алып береміз бе?

Оқымысты: - Маған басыңды ауыртпай - ақ қой.

Жеткізген(күліп): - Бағана темір дүкеннің алдында Қоңырбай шалды көріп қалдым.

Наурыз: - Ісек қайда деді ме?

Жеткізген: - Қолыма түспей кеттіңдер деді.

Наурыз: - Қолына түскенде өлтіретін еді. Жөкен Күнсұлуға үйленіп жанымыз қалды.

Кәдірәлі: - Сол ғой. Аман - есен қалдық. Тағы да тәртіп бұзды деп совхоздың шөбін жинауға айдап жібере ме деп ойладым.

Жеткізген: - Күзде картоп жинауға бару керек.

Наурыз: - Қой құрсын. Қоңыз теріп жүретін жағдай жоқ. 

Жеткізген: - Ей, бүгін осы клубта танцы бар ма?

Наурыз: - Қой жоқ. Кино бар деген. Индийский кино. Не деп еді Гита мен Зита деді ме? Оқымысты деймін.

Оқымысты: - Ау!

Наурыз: - Мана соқыр не деп кетіп еді? Гита мен Зита деді ме?

Оқымысты: - Ия. Солай деді.

Жеткізген: - Байқайсыңдар ма? Осы Бақтығали клубтан кинодан шықпайды. 

Оқымысты:  - Ол Сырғаға барып жүр.

Наурыз: - Сен үйден шықпайсың оны қайдан біліп отырсың.

Оқымысты: - Алдыңғы күні хат жазып бердім.

Кәдірәлі: - Хат жазу да білмейміз.

Наурыз: - Сол ғой. 

Жеткізген: - Осы алдында Жөкеннің тойында бір сары қыз отырды ғой. Естеріңде ме?

Наурыз: - Төр жағында отырған ба?

Жеткізген: - Иә, иә!

Наурыз: - Қаражардың қызы. Аты есіме түспей отыр. Кім еді? Иииии! Гүлдің аты. 

Кәдірәлі: - Роза.

Наурыз: - Роза. Дәл  айттың. 

Жеткізген: - Сол қыз кімнің үйіне келеді ауылда?

Наурыз: - Ойыңнан шықпай жүре ме?

Жеткізген: - Қой жоқ.

Наурыз(шырпы жағып Жеткізгеннің бетіне қарап): - Түрің бозарып кетіпті ғой.

Оқымысты: - Қайсы?

Жеткізген(кері шегініп): - Сонша үңілгендерің не? Немене бетімнен бал тамып келе жатыр ма?

Наурыз: - Бал тамып келе жатқан жоқ. Қойдың етін алып кеткеннен қорықпаған жүрегің, Розаның атын айтып еді қызыл қан бетіңе шапшыды ғой.

(Бәрі күледі.)

Жеткізген: - Күздің басына бір той жасап жіберу керек еді.

Наурыз: - Председатель Әбудің қызы келіпті ғой. 

Жеткізген: - Баян ба?

Наурыз: - Ия. Шашын қиып әдемі болып кетіпті. Кластас қой бармадық па? Үйіне соғып келуіңмен демедік пе?

Жеткізген: - Тағы ұсталып қалып ешкі тудыруға жібермесін.

Кәдірәлі: - Жөкенге соғайық.

Наурыз: - Жөкен енді шыға ма! Үйленген шырақ келіншегінің қойнында жатады ғой. 

Жеткізген: - Жөкен досымыз жуасып қалыпты. Үйленгеннің бір бәлесі бар ма білмедім. Үлкен кісі болып отыр. Ерте үйлендіріп жіберіп баланың обалына қалған жоқпыз ба деп уайымдап отырмын.

Наурыз(орнынан атып тұрып): - Ұмытып кетіппін. Жөкенді жырлап отырған кезде. Қонаққа шақырып қойған екен ғой.

Жеткізген: - Ойбай! Бірдеңе болып қалды ма?

Кәдірәлі: - Еее, сен жөніңе жүр тағы да бақыраштан таяқ жеп қаларсың.

Жеткізген: - Қасыңа тағы екі соқырды ерткенше, біз барайық та.

Наурыз: - Ол енді...

Жеткізген: - Түсінікті. Бара бер. Ертең бәрібір естейміз. (қарқылдап күліп): - Ауыл кішкентай. Көзің жылтырап тағы сығалауға бара жатқан шығарсың.

Наурыз: - Жоқ ей! Қыздар шақырып қоймай қойды.

Кәдірәлі: - Не деген соқыр қыздар сені шақырып жүрген.

Наурыз: - Қой, мен кеттім.

Жеткізген: - Жолың болсын!

Кәдірәлі: - Жөкенге барып, Күнсұлудың шайын ішейік.

Наурыз: - Сөйтіңдер. Ал, жақсы.(сахнадан шығып кетеді)

Жеткізген: - Біз былай жасайық. Дәу де болса мынау вечерге емес, қызға бара жатыр. Кімнің үйіне барады екен аңдиық.

Кәдірәлі: - Бәсе, үстіне аңқытып одекалон сеуіп алыпты.

Жеткізген: - Мынау дайындалған әбден.

Кәдірәлі: - Сосын Жөкенге барайық.

Жеткізген: - Мүмкін тағы той болып қалып жүрер.

Кәдірәлі: - Оқымысты барасың ба?

Оқымысты: - Қой жоқ. Өздерің бара беріңдер. Мен үйге қайтамын.

Жеткізген: - Осы сен үйден шықпайды екенсің. Ана басыңдағы миды тазартшы таза ауаға шығып. Жалпы сен түнгі ауылдың кереметін көрдің бе?

Оқымысты: - Не істеймін онда барғанда?

Жеткізген: - Қарап отырамыз. Төбеге шығып алып. Сенің бар ғой сұрақтарыңның өзі бір түрлі.

Кәдірәлі(тұрып үстін қағып): - Тұрайық. 

Жеткізген: - Ананың бағыты қай жақ?

Кәдірәлі: - Орталықта.

Оқымысты: - Тағы да ұсталып қалмайық.

Жеткізген: - Ұсталған жақсы емес пе? Барған жерімізде үйленіп кете береміз.

Оқымысты: - Қой. Мен бармаймын.

Кәдірәлі: - Барасың.

Жеткізген(Кәдірәліге қарап): - Кәдіш, ұста ар жағынан. Көтеріп жүреміз.

Оқымысты: - Қойыңдар! (қаша жөнеледі)

(Сахнада бірін - бірі қуалап, қарқылдап күліп шығып кетеді. Әуен ойнатылады. Жарық сөнеді)

 

Соңы 

Рольде ойнайтындар:

Жөкен – 20 жаста. Күнсұлудың ғашығы

Күнсұлу – 19 жаста. Жөкеннің ғашығы

Жеткізген - 20 жаста. Жөкеннің досы

Кәдірәлі - 20 жаста. Жөкеннің досы

Наурыз - 20 жаста. Жөкеннің досы

Оқымысты - 20 жаста. Жөкеннің досы

Қоңырбай – Күнсұлудың атасы. Қойшы.

Әжесі – Қоңырбайдың кемпірі

Алмат – Күнсұлудың інісі

Председатель – Совхоз директоры

Аманжол – мектеп мұғалімі.