Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған "Ұлы дала" республикалық шығармашылық байқауы
«Драматургия» номинациясы: Біз жүректі жақтадық!
303
оқылды

Авторы: Qar qyzy

(Отбасылық драма)

 Қатысушылар

Айназ-25 жасар бойжеткен, қызметкер қыз

Ермек-Айназдың әкесі, жасы елулерде, кәсіпкер.

Патшайым-Айназдың анасы, табысты кәсіпкер

Ақжігіт-Ермектің інісі, жазарман жігіт

Жансері-Ақжігіттің әріптесі, жазушы жігіт

Еркін-Ақжігіттің қарамағындағы қызметкер жігіт

Зәрипа-үлкен жастағы жазарман әйел

Берік-27 жастағы жігіт, Айназдың ғашығы,  газет тілшісі

Баттал-Беріктің әкесі, қарапайым шаруа адамы

Күлқаш-Беріктің шешесі, үй  шаруасындағңы әйел

Айжан-кітапханашы, жас қыз

Сұлупаң-егде жастағы репродуктолог дәрігер

Даяшы

Кәрима-агенттік қызметкері, жас қыз.

Баймырза-атаққұмар кәсіпкер, 50 жаста.

1-сұлба (әйел)

2-сұлба (әйел)

3-сұлба (әйел)

4-сұлба (әйел)

 

Бірінші акт

Бірінші сурет

   Кітапхананың салтанатты мәжіліс залы. Кіреберісте Ақжігіттің қабырға бойы портреті  мен ашық жатқан кітаптың суреті қойылған. Залға Ақжігіт пен Жансері қабаттаса кіреді.

Айжан (дауыстай сөйлеп): Қош келдіңіздер. Төрлетіңіздер! Жансері мырза, бұл сіз бе?

Ақжігіт (саңқылдай сөйлеп): Кеш иесі менмін ғой, мені бірден танысаңыз жарасар еді.

Жансері (сасқалақтап): Мен, иә, бұл мен. 

Айжан (газеттер қатталған қатарды нұсқап): Сіздің әңгімелеріңізді іздеп жүріп оқимын. Соңғы шыққан «Көк мұхиттағы көгілдір көз жасы» әңгімеңіз қандай тамаша!

Жансері (саңқылдап): Газеттен оқып үлгердіңіз бе? Әйтпесе мен әлі кітап шығармап едім ғой.

Ақжігіт (сөзге киіп кетіп): Құрдасым өзі ешқашан мұхитты көрмесе де, қиялдап жаза береді. (Жансеріге бұрылып) Жүр, анау төрге барайық. Қонақтардың алды келе бастапты.

(Жансері Айжанға сәл иіліп, ілтипат көрсетеді. Ақжігіт екеуі төрге жайғасқан Зәрипаға келіп амандасады.)

Ақжігіт (мінбеге жақындап): Құрметті оқырмандар, үстіміздегі жылы үш кітап жаздым. Бүгін, міне, үшіншісінің тұсауын кескелі тұрмын. Денемнен соңғы демім шыққанша халқыма қызмет етемін!

(Соғылған шапалақ тасасынан кекесін күлкі естіледі.)

Берік (ақырын дауыстап): Үстіміздегі жылы үш кітап жазса, астымыздағы жылы алты кітап жазар!

Айназ (сыбырға жақын үнмен): Аға, денем емес, кеудем, кеудем. (Ақжігіт қыздың сөзін естімейді. Айназ өзінің кеудесін ымдайды.)

Зәрипа (мінбеге ұмтылып): Ақжігіт балам, сен мықты жазушысың! Сені сыйлағандықтан, үлкен басыммен осы жиынға келіп отырмын. 

Ақжігіт (қалбалақтап біресе Зәрипаның қолын қысып, біресе кітабын ұсынып): Әумин, ақ апа, әумин!

(Төрт-бес кісі Ақжігіт пен Зәрипаны ортаға алып, кітаптың тұсауын кеседі.)

Берік (даусын естірте қасындағы қызға бұрылып): Осы Зәрипа ханымды түсінбеймін. Жас жазушылардың ортасында көп жүреді, өзінің жазғаны да шамалы. Басын қырау шалса да, бір татымды дүниесі жоқ. Енді бүгін Ақжігітті жер-көкке сыйғызбай мақтап отыр. 

Айназ (жақтырмай қарап): Білсең, бұл білдей жазушы менің ағам. 

Берік: Ағаңның атын білдік. Өз есімің кім?

Айназ (даусын әуездетіп): Айназ!

Берік (қолын ұсынып): Сізді, сені бұрыннан танитын сияқтымын. Жүзің сондай таныс. Мен-Берікпін!

Айназ (қолын ұсынып): Сөзіңе беріксің бе шынымен?

(Екеуі мінбеге назар аударады. Зәрипа әлі сөйлеп тұр.)

Зәрипа (қолын сермеп): Шынымды айтсам, кітапты оқымадым. Бірақ Ақжігіт өзі бір мың болғыр бала. Жақсы адамның жақсы жазатыны заңды құбылыс. Кітаптың сыртқы мұқабасынан-ақ еркек жазушының қолтаңбасы көрініп тұрған жоқ па?

(Тағы да шапалақ үні естіледі.)

Жансері: Құрдасым Ақжігіт, біраз сынымды айтудың реті келіп тұрған сияқты. Сөз кезегін берсеңіз, Зәрипа апай.

Зәрипа (даусын көтеріп): Сен бала кімсің? Кітаптың таныстырылымында есі дұрыс адам сын айтушы ма еді? 

Ақжігіт (қақалып-шашалып): Жансері деген жас жазушы. Өзі менімен түйдей құрдас. Әзілі бір таусылмайды.

Зәрипа (кітапты қолына алып): Не сын айтайын деп едің жап-жас болып? Кітап әдемі шыққан. Одан артық не керек?! 

Жансері (микрофонға ұмтылған күй қимылсыз қалып) Жаңа кітап туралы пікір білдіру үшін қартаю міндет емес.

Ақжігіт (микрофонды Зәрипаның қолынан асығыс алып): Қазіргі әдебиетіміздің анасынан ақ бата алған мен қандай бақытты едім!Енді, міне, қолтаңба берер сәт те туды. Келіңіздер! 

(Патшайым, Ермек, Айназ, Берік бастаған он шақты кісі қолтаңба алуға Ақжігітке таяп келеді.)

Патшайым (кітапқа селқос көз тастап): Жып-жылтыр болып әдемі шығыпты. Ақшаны аямап едім. Расымен әдемі. Иә, қолтаңбаңды жазып бер. Естелік болсын.

Ақжігіт (Патшайымды құшақтап, кітабын ұсынып): Бәрі сіздің арқаңыз, Патша жеңгем!

Ермек (кітапқа қолын созып): Маған да бір кітап жазып бер, інім. Қолым тигенде оқырмын.

Патшайым (Ермектің кітапқа созған қолын қағып жіберіп): Мен бір кітап алдым ғой, сол жетеді екеумізге. Үйге кітап жиып қайтесің?

(Ермек кітапты орнына қойып, әйелінің жанына қақшиып тұра қалады.)

Айназ: Аға, сізбен сұхбаттассам деп едім. Біздің ақпараттық агенттікке мақала жазуым қажет.

Берік (кітаптан жүзін ала беріп): Менің де бірер сұрағым бар еді. Газеттен келдім.

Ақжігіт (Айназды арқасынан қағып): Айназым, үйде-ақ сұхбаттаса берейікші. Ал мына тілші жігітпен сәл кейіндеу сөйлесемін. Уақытым болса, әрине.

(Ақжігіт келгендермен сарт-сұрт суретке түседі.)

Патшайым (Ермекке зәрлене сыбырлап): Ана камераға қара. Жерге шұқшима!

Ақжігіт (жарқылдай сөйлеп): Құрметті ағалар, әпкелер, мейрамханадағы қонақасына жүріңіздер!

(Ақжігіт кетіп бара жатып Берікке есімхатын ұсынады. Мәжіліс залында Берік пен Айжан қалады.)

Айжан (ретсіз кітаптарды жиыстырып жүріп): Тойдың болғанынан боладысы қызық деген осы. Неше күн қарбаласып дайындалдық. Бір сағаттан асар-аспаста тарқап кетті.

Берік (кітаптарға айнала қарап): Кітаптың таныстырылымын көпірме мақтауға айналдыруды қашан қояр екенбіз? Кітапты оқымастан келіп, «Ақжігіт өзі мың болғыр бала» деп мақтады-ай келіп. Бұндай мадақ лебіздермен шынайы оқырманды үйіре аламыз ба?

Айжан (кітапты құшақтап, Берікке жақын келіп): Ұзақ-сонар жиналыстан оқырмандар мезі болған. Жаңа форматқа көшетін кез туғалы қашан!

Берік (кітапты аспандата үйіріп): Кеше баспадан шығып, бүгін сөреге тұтқындалған сен, кітап, бақытсызсың-ау!

Айжан (Беріктің қимылын қайталап): Жоқ, жан адам парақтамай, мадақ айтып жаба салған сен, кітап, бақыттысың-ау!

Берік (кітаптың мұқабасын сипап): Шын оқырманыңа жете алмай жабығып тұрсың ба? Кел, екеуміз дос болайық!

Айжан (кітапты сөреге қойып жатып): Сыншы таппай қамығып тұрсың ба? Сыншыға жолығар сәт туар.

Берік (Айжанға қолын бұлғап): Мен зытайын. Кітапты оқып бастайын, мақала жазуға қамданайын.

Айжан (басын изеп): Қаламыңыз жүрдек болсын! Сыныңыз шын болсын!

(Берік кітапты қолтығына қысып, шыға бергенде Айназбен соқтығысып қалады. Екеуі де кітапқа ұмтылады. Бірінің қолын бірі ұстаған күйі орындарынан түрегеледі.)

Айназ (қолын тартып алып): Ағам сені мейрамханаға шақыруды ұмытып кетіпті. Жүр, бірге барайық.

Берік (кітапты портфеліне салып жатып):  Айып етпе,  бас тартуға мәжбүрмін. Жұмысым көп, кітапты оқып, дүйсенбіге дейін мақала дайындауым керек.

Айназ (Беріктің соңынан дауыстап): Менің ағамның жаны өте нәзік. Оның көңіліне тиетін сын жазба.

Берік (соңына бұрылып): Жүрегім не десе, соны жазам. Қажет болса, шындықты қазам.

Айназ (Ақжігітітң кісі бойы портретінің жанына тоқтап): Ағажан, бетіңізге айта алмаймын. Кітабыңызды оқыған боламын, мақтаған боламын. Сөз өнері сіз маңайлап баратын өлке емес тәрізді. Пәлсапа соғып нем бар? Мейрамханаға барайын, шырқап әнге салайын, ағамның көңілінің гүлі болайын.

(Айназ вальс билегендей айнала дөңгеленіп шығып кетеді.)

Айжан (кітаптарды орны-орнына қойып жүріп): Сөреде тұрған кітапта нелері бар осы? Оқымайды, құр сыртын қызықтайды. Қайран кітаптар, жұмбақ болып қанша тұрар екенсіңдер? Сөреде ұзақ тұрып, шаң басып қаламыз ба деп қорқып тұрсыңдар ма? Еш алаңдамаңдар. Мен күніне бір-бірлеп оқитын боламын. Ел-жұртқа насихаттарыңды артыратын біз, кітапханашылар боламыз. Ендеше, бастайын жаңа кітаптан. 

(Ақжігіттің кітабын ашып,  дауыстап оқи бастайды.)

Айжан (мәнерлеп оқып): «Күшік туғалы әкесін көрген жоқ. Шешесін танып үлгерді.»

(Айжан сықылықтап күледі.)

Айжан: Еркекше жазады, нағыз еркек деп бөрідей шулағандары осы кітап па? Енді бейбақ күшікке әкесін қайдан тауып береміз? Уайым болды ғой! Кітапты парақтап) «Құлыннның нағашылары да кілең жүйріктер еді, құлын әкесіне тартып тұлпар болып туыпты.» Пай, шіркін, құлынның  үш жұртын-өз жұртын, нағашы жұртын, қайын жұртын тегіс түгендеуді мақсат еткен бұл жазушының әуселесі белгілі болды.

(Кітапты жылдамдата сөренің түкпір жағына тығып тастайды. Кабинетті жиыстырып, шығуға айналады.)

Айжан (кітапты жасырған сөре жаққа жарап):  Сау бол, жаңа кітап! Күшіктің әксі қайда? Маған «терең ой» салдың! 

(Айжан шығып кетеді. Сахна сыртынан Ақжігітті мақтаған, қошеметтеген дауыстар естіліп тұрады.)

(Оқиға Беріктің пәтеріне ойысады. Берік тар ас бөлмеде кітапқа шұқшиып отыр. Күлқаш дастархан қамына кіріскен.)

Күлқаш: Балам-ау, тамақтан алсаңшы. Сосын да оқисың ғой. 

Берік (кітаптан көзін алмай): Мақала жазуым үшін бұл кітапты толық оқуым керек. Сонда мақалам да шынайы шығады. Тілшілік арым да мазаламайтын болады.

Күлқаш (күрсініп): Ар деген адамды мазалау үшін берілмей ме? 

Берік (кесеге қолын соза беріп) Апа, әлдебір жайт көңіліңізге қатты тиіп жүр ме?

Күлқаш (бәйек болып): Жоқ, не мазалаушы еді? Әкеңнің тұрақты жұмысы бар. Сен оқыған қызметкерсің. Одан басқа не керек маған?

Берік (анасын иығынан құшақтап):  Апа, сіз көкірек кере күрсінгенде қорқып қалдым.  Уайым-қайғыдан құдай сақтасын!

(Күлқаш күлімдеп, ұлының алдына тамақты жақындата түседі.)

Берік (шайын сораптап): Кеше Абайдың бір сөзін қайталап оқып едім: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: бірі, ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. ...жан құмары білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген.» Мен қазір осы екінші мінезді дамыту үшін көп оқып, көп үйренуді мақсат етіп жүрмін.

Күлқаш (бетін сызып): Сонда ол Абайың тамақ ішуге қарсы ма? Қарны аш адам бірдеңе үйренуші ме еді?

Берік (күліп) Жоқ, олай емес, апа. Айтпақшы, бүгін әдеби жиынға барып едім, жүзі таныс бір қызды көрдім. Кімге ұқсатарымды білмей  далмын.

Күлқаш (әндете сөйлеп): Құдайдың кереметі шығар. Кейде қаймана қазақтардың өзін бір анадан туғандай етіп жаратады ғой.

Берік (кітапты қайта ашып) Жарайды, апа, мән бермеңіз. Мен бөлмеме барайын.

(Берік орнынан тұрып, бөлмесіне келеді.)

Берік (дауыстап): Газеттің әдебиет, мәдениет беті берілгенде, несі қиын деп арқамды кеңге салып едім. Оным бекер екен. Енді, міне, жаңа кітаппен алғашқылардың бірі болып танысып отырмын. Не жазарым әлі белгісіз. Тағы да оқи түсейін. 

Берік (кітапқа үңіліп): «Егесті дәу жүн-жүн қоздыра түсті.» Дәу емес, еңгезердей шығар. Жүн-жүн деп ауызекі тілде суреттей салыпты. Қоздырмаған шығар, қыздырған болар. (кітапты көзіне тақап) Не дейді? «Қара сиыр ақыры босана алмай, осы кеште қаза тапты.» (сақылдап күліп) Бұл өзі ел мақтаған мықты әдеби кітап па, әлде  арзанқол шимай ма? Сиырды адамша суреттепті ғой. Қазіргі қазаққа ауыл өмірі жұмбақ болуға айналған ба?!Қап, әдебиет бөліміне бекер жауапты болдым.  

(Берік кітапты жанталасып парақтай береді. Әр парақты ашқан сайын  орнында шыр айналады. Ақыры кітаптың соңғы бетіне шығып, тұрған жерінде сұлап түседі.)

Берік (жатқан жерінде тыпыршып): Жо-о-оқ! Бәлен бет шимай оқыдым ба?! Сөздің ақ-қарасын айыратын біреуден жөн сұрауым қажет. Кімнен ақыл сұраймын? (атып тұрып) Абайдың ақылын тыңдайын.  (Абайдың қарасөздер кітабын тез парақтап) Міне, таптым! Абай «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар, сонан қашпақ керек. Әуелі-надандық, екінші-еріншектік, үшіншісі-зұлымдық.» Тоқта! Бұл жазарман жігіт жоғары білімді, бір жылда үш кітап шығарған еңбекқор, сонда ол зұлым болғаны ма? Әлде оқығанның да наданы бола ма? (қайта сұлап түсіп) Түһ, басым айналып кетті ғой!

Күлқаш (жүгіре жетіп): Балам, не болды, оқу көтеріп кетті ме?

Берік (шешесіне тығыла түсіп): Апа, айтшы, мен жындымын ба, әлде ақымақпын ба?

Күлқаш (баласын басынан құшақтап): Құдайдан сұрап алған құлыншағым! Тірілердің ішіндегі ерекше ақылдысы өзіңсің. Сенен асқан зерек, зерделі жанды өз басым көрмедім.

Берік (лақтырып жіберген кітапқа  еңбектей жетіп): Онда неге мұнда жазылғанның бәрі бір-біріне кереғар? Алғы сөзінде «кітаптың тілі шұрайлы» деп баттитып жазыпты. Ішін ашып оқысам, су татиды.

Күлқаш (кітапқа көз жүгіртіп): Несі бар, әп-әдемі кітап қой! 

Берік (жыламсыраған дауыспен): Мақаланы жазу үшін алып оқымадым ма бұл кітапты? Ерік менде болса, оқымастан жаба салар едім.

(сыртқы есіктің ашылған дыбысы естіледі. Үйге Баттал кіреді.)

Баттал (таңдайын қағып): Екеуің бірігіп бір кітап оқып отырсыңдар ма? Ана мен бала, ортада бір кітап. Қандай кітап?

Күлқаш (орнынан көтеріліп): Кешкі ас дайын. Тамақтанайық бірге отырып.

(Күлқаш шығып кетеді. Баттал Беріктің жанына келіп отырады.)

Баттал (кітапты қолына алып): Алда екі күн демалыс. Маған бер, мен де оқиын.

Берік (кітапты Батталдың қолынан жұлып алып): Жоқ, әке, оқымай-ақ қойыңыз. Бекер әуре болып қайтесіз.

Баттал (орнынан тұрып, ары-бері адымдап жүріп): Мені кітапты түсінбес дымбілмес көресің бе? Бұрын үйге жаңа кітап әкелсең, «оқы да оқышы» деп қиқылдап бітуші едің. Енді не өзгерді?

Берік (кітапты құшағына қысып) Бұл елуге толмағандарға ұлымен бірге отырып оқуға тыйым салынған кітап. Әрі кітап жайлы мақала жазбақпын. Сол үшін...

Баттал (басын шайқап): Мақұл. Бірақ оқуға ынтықтырып қойдың.

(Баттал шығып кетеді. Берік шапшаңдата адымдап ары-бері жүреді.)

Берік (кітапты сөреге қойып): Таныстық, дос бола алмадық. Кінәм жоқ менің. Жүрегіме жол таба алмаған өзіңнен көр. Күлқаш (ас бөлмеден дауыстап): Балам, тамаққа кел. Қуырдақ суып қалатын болды.

Берік (шығып бара жатып кітаптың тұсына  кідіріп): Сен тіпті суға  батпайсың. Өйткені ішің сылдыр су. Сөреде осылай тұра бер. 

(Берік шығып кетеді.)

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

(Баспагердің кеңсесі. Ақжігіт пен Жансері компьютердің тасасында бұйығып отыр.)

Ақжігіт (жүзін компьютерден бұрып): Жәкесі, бұл не үнсіздік? Елсіз-күнсіз айдалада отырғандаймыз. 

Жансері (компьютерге қадалған күйі): Мына жазбаны осы аптада тексеріп бітіруге міндеттеме алдым. Қатесі көп екен. 

Ақжігіт (сенімді үнмен): «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояптының» керін келтіріп, тым қатты редакторлап тастама.

Жансері (кесімді үнмен) Мен бұл жазбаны ел оқитындай  деңгейге жеткізіп қояйын дегенмін. Бөтен ойым жоқ.

Ақжігіт (кекете сөйлеп): Айтпақшы, менің кітабымның тұсаукесерінде ана бір батпақтай бойжеткенмен әуейі болып қалдың ба, қалай өзі?

Жансері (орнынан түрегеліп): Батпақтай деме, балғындай де. Әуейі деме, дос-жаран деп орайымен ата.

(Ақжігіт күліп, креслосына шалқалай бергенде, көрші кабинеттен жүгіре басып Еркін кіреді.)

Еркін (даурыға сөйлеп): Ақжігіт, сенің кітабыңды біреу сойып салыпты. Қара, сау-тамтығын қалдырмапты. Мақаланың сайттағы рейтингісі де тым жоғары.

Ақжігіт (атып тұрып): Не дейсің? Сойғаны несі?

Жансері (телефонына үңіліп, басын изеп): Мәссаған! Мінезді жігіт екен. Кітапты толық оқығаны көрініп тұр. Әр сөзі дәлелді.

Ақжігіт (қолы дірілдеп, телефонын алып шығып): Мынау не бәлекет? Бұны жазған ана жолы жиында менімен сұхбаттаспақ болған сүмелек пе? 

(Телефон экранына шұқшиып оқыған сайын, өңі бозарған үстіне бозара түседі.)

Жансері (салмақты үнмен):Сенің денеңнен демің шықпайтынын, нағыз еркекше ерлетіп-терлетіп жазатыныңды тілге тиек етіп, ары қарай өз дәлелдерін келтіріпті. Алғашқы сының құтты болсын. Бұған дейін тек көл-көсір мақтау естіп келіп едің.

Ақжігіт (айғайлап): Жансері, отқа май құйма! 

Еркін (шектен тыс елпілдеп): Ақа, ау, Ақа, бұл шіркін кітабыңды толық оқыпты. Ең басты қуаныш-кітаптың оқылғаны. 

Ақжігіт (креслосына сылқ отыра кетіп): Бүйтіп оқығаны бар болсын! Одан да басқалардай оқымай-ақ мақтай бергені жақсы еді.  Жансері (Ақжігітке қадала қарап): Жазу өнерінде өскің келсе, орынды сынды қабылдай білу керек.

Ақжігіт (уһілеп): Бұл сын емес, мені табанға таптау. Жүрегім аузыма сыймай барады. Су берші, су.

(Жансері Ақжігітке графиннен стақанға су құйып береді. Ақжігіт түбіне дейін ішіп қояды.)

Еркін (Жансеріні шетке ысырып): Ақа, бұны кітабыңа жасалған жарнама деп қабылдаған жөн. Жарнаманың жақсы-жаманы болмайды. Оқылым деңгейін қарашы. Сені осынша адам біліп жүретін болады.

Ақжігіт (орнынан тыпырлап тұра беріп): Жарнама дейсің бе? Шынымен де...Соңғы екі-үш жылда құлағым ерен мақтау сөзге үйреніп қалып еді. Мына сыни мақала сағымды сындырып тұрғаны-ай!

(Ақжігіттің телефоны шылдырлайды. Ақжігіт Айназға мұңын шаға жөнеледі.)

Ақжігіт (күрсініп): Айназ-ау, шын сөзіңді айтшы. Кітабымды сандырақ депті. Енді талып қалуға таяу тұрмын.

(Айназдың сөзін тыңдаған кейіппен сәл тынышталып, орнына отыра кетеді.)

Ақжігіт (даусын баяулатып): Иә, жарнама жасаған түрі ғой. Жас бала нені білсін. Мақаласының рейтингісін көтеру үшін осылай жамандап жазғаны белгілі. Айназ, сен не жазып едің? Қысқа ақпарат қана ма?Жарайды, жақсы.

Ақжігіт (өршеленіп): Тағы жазам. Бұл жолы әңгіме емес, роман жазам. «Құласам түйеден құлайын.»

Жансері: Бір түйеден құлаған соң екіншісіне бұт артудың қажеті қанша?

Ақжігіт (қолын оңды-солды сермелеп): Ешкім де бірден классика жазып кетпеген. Менің бағымды ашатын бір туындым болары анық.

Жансері (Ақжігітті арқасынан қағып): Жарайсың! Тек келесі жолы сиырды босандырып, күшікке әке іздетпеші. Жүр, түскі асқа барайық. Қара шайға қанайық. 

Ақжігіт (креслоның арқалығынан костюмін сілкіп алып): Мен шындықты қаз-қалпында жаздым. Ау, неге қара шай? Жарнамаға шыққанымды атап өтпеймін бе?Жүріңдер, мейрамханаға барайық.  Еркін (Ақжігітті шыр айналып): Мәрт жігітсің-ау, мәрт. Өзі туралы ғайбат айтса да, айбат шекпей, бізді дастарханға шақырған нағыз азаматсың!

Жансері (алақанын ысқылап): Ақжігіттің шерлі тойын тойлайық! Көпірме  мақтаудан еліріп кеткен, бір сыннан сынып кеткен көңілінің түбіне терең бойлайық!

Ақжігіт (екі жігітті екі жағына алып): Әдеби-сырлы кеш болсын! Жансері өлең оқысын. Еркін әнге бассын!

Еркін (Ақжігіттің қолтығынан шығуға тырмысып): Жансері, өткенде бір бас қосқанда оқыған өлеңің керемет еді. Түнде айға қарап, «ай сүйген жүзімнен ғашығым неге өппейді?» деп жылайтын қыз туралы өлеңің есіңде ме? Жансері (иығындағы Ақжігіттің қолын сілкіп тастап): Ол менің өлеңім емес. Жай отырысты қыздыру үшін оқи салғам.

Ақжігіт (есікке беттеп): Белден төмен жыр жазғандарды ешкім жүндеп жатқан жоқ. Мен «өлім құшқан тана» деп әңгіме жазып едім, сын-жебе маған атылды. Не жазығым бар еді? 

Жансері мен Еркін (қосарлана сөйлеп): Еш жазығың жоқ. Жүр, Ақа, жүр. Шеріңді бас.  (Үшеуі шығып кетеді. Іле-шала даңғаза музыка ойнаған мейрамхананың тірлігі естіліп тұрады.)

(Мейрамхананың іші. Қазақша ән тамылжып тұр. Берік шыдамсызданып, үстелдің жанында қаққан қазықтай қалшиып тұр. Үстелге орта жасқа келген танымал репродуктолог-дәрігер  Сұлупаң жақын келеді.)

Берік (ерекше елпілдеп орындық ұсынып): Сұлупаң ханым, қош келдіңіз.  Сұхбаттасуға келіскеніңізге рахмет!

Сұлупаң (тәкаппарлана қасын керіп): Сен қайта-қайта қоңырау шалып, келіспеске амалымды қалдырмадың.

Берік (орнына отыра беріп): Ол басқа тілші еді. Аяқ астынан ауылына жол жүріп кетті.  Мен оның орнын жоқтатпайын деп...

Сұлупаң (қабағын тыржитып): Онда сұхбатты бастайық. 

Берік (қойын дәптеріне үңіліп): Экоорталықта отыз жылдай қызмет жасап келесіз. Қолдан ұрықтандыру ұлттық демографияға қосылған үлес пе, әлде ұлттың тексізденуіне алып келетін терісқақпай үрдіс пе?

Сұлупаң (сұқ саусағын шошайтып): Әрине, алғашқы нұсқасы.

Берік (орнында қозғалақтап): Мен тест сұрағын айтып отырған жоқпын ғой. Сіз қалай ойлайсыз, жатырын жалға беретіндерден біздің қоғам зиян шегіп жатыр ма?

Сұлупаң (орындығында ырғатылып): Жалға беретін үйі болмаған соң жатырын береді де. Олардан кім зиян шегіпті? Сәби сүйе алмайтындарға ата-ана бақытын сыйлап жүрген құрсақ аналарға мен ескерткіш орнатар едім.

Берік (блокнотына әлденені түртіп алып): Ескерткіш! Құрсақ анаға! Келесі сұрақ: бір еркектің биологиялық материалынан қанша әйелді ұрықтандыруға заң рұқсат береді?

Сұлупаң (қадап айтып): Алты.

Берік (тамағын кенеп): Бұл көп емес пе?

Сұлупаң (алақанын жайып): Көп, әрине.Алты рет ұрықтандыруға рұқсат беру- өрескел қателік. 

Берік (диктофонын дәрігерге жақындата түсіп):Өте салиқалы пікір білдірдіңіз. Ал құрсақ анадан туған сәби одан қандай да бір қасиеттерді қанына сіңіре ме?

Сұлупаң (жүзіне құпия рең беріп): Медицинада ешбір қасиет берілмейді дейді. Сыр қылып айтайын, диктофоныңды өшір, құрсақ анадан белгілі бір дәрежеде мінез беріледі. Оны тәжірибе көрсетіп отыр.

Берік (диктофонын алып тастап): Аналық жасушасын өткізетін қыз-келіншектер туралы айтсаңыз?

Сұлупаң (маңғазданып): Олардікі таза сауапты іс. Аналық жасушасы таусылған, яғни, бедеулікке ұшыраған әйелдер донордың аналық жасушасын пайдалана алады. Бұл да ана болудың қазіргі  заман сыйлаған бір жолы.

Берік (көзі бақырайып): Ондай да бар ма? Мен тек еркектер ғана өткізе ме десем, әйелдер де қарап қалмайды екен ғой.

Сұлупаң (сағатына қарап): Белсенді биологиялық материал тек еркекте ғана бар деп ойлайсың ба? Әлемді жаратушы екі құдіреттің бірі еркек болса, бірі-әйел. 

Берік (басын шайқап): Сонда олардың жетер жетістіктері неде?

Сұлупаң (саусағын саусағына үккілеп): Ақша! Бір тамшы тер де тегін берілмейді бұл заманда.

Берік (блокнотына үңіліп): Тамаша айттыңыз. Бір тамшы арам тер де...

Сұлупаң (сұқ саусағын кезеп): Арам тер демедім, жай тер дедім. Өзгертпей жаз.

Берік (буындап айтып): Бір тамшы терін, жай терін тегін беру...

Сұлупаң (орнынан көтеріліп): Мен айтқан әңгімені сөзбе-сөз жариялайтын болыңдар. Жаныңнан әлденелерді қосып, соңы шу болып жүрмесін.

Берік (атып тұрып): Оған күмәніңіз болмасын. Тағы бір сұрағым бар еді.

Сұлупаң (сөмкесін қолына алып): Бір вип пациентіммен жолығуым керек. Шотты төлей саларсың.

Берік (дәрігердің соңынан ұмтылып): Құрсақ аналар неше тапсырысқа дейін қабылдай алады? Бүкіл өмір бойы ...

Сұлупаң (тездетіп шығып бара жатып): Бала туып беру базардан байпақ сатып алу емес. Денсаулығы мен психологиялық жағдайына байланысты бұл дүниелер.

Берік (қойын дәптеріне жазып): Бала туу, базар, байпақ... (Берік мейрамханаға екпіндей кірген Ақжігітке соғылып,  құлап түседі.)

Ақжігіт (залдағыларға естірге сөйлеп): Қазақтың ұлы сыншысы неге сұлап жатыр?

Жансері (Берікке қолын созып): Кәне, тұр, бауырым.

Еркін (екі иығы селкілдей күліп): Ұлы сыншыны ұлы жазушы сүйемелдеп тұрғызып жатыр. Күлкілі ғой, Ақа!

Ақжігіт (Еркінмен бірге алға озып): Мені жамандап газетке жазып, бүгін табанымның астына құлап түскені жай сәйкестік пе, әлде бір тылсым нышан ба? Осы жағы қызық болып тұр маған.

Еркін (Ақжігіттің иығына қолын салып): Әрине, тылсым белгі. Түбі саған келіп, өзі аяғыңа жығылады дегенді тұспалдап тұрмын баяғы.

Ақжігіт (ыңылдай әндетіп): Бәсе, солай деп, көңілімді көтеріп қойшы. (шырылдаған телефонын қолына алып): Алло, Айназ, мен мына мейрамханадамын. Иә, өзіміздің. Ақырын айт, Патшайым жеңгемнің мейрамханасы екенін біздікілер білмейді.Иә, келе ғой, кел, қарындасым!

(Үш жігіт бос үстелге беттейді. Берік еденнен қаламы мен қойын дәптерін алып, өзінің үстеліне барып отырады. Сәлден соң даяшы келеді. Берікке шотты ұсынады.)

Берік (ішін тартып): Бір шай мен кофе, тағы бір шөп-шалам салат осынша тұра ма? Менде мұндай ақша жоқ қой. 

Даяшы (нығарлай сөйлеп): Алған тапсырысыңызды толық төлеуге міндеттісіз.  Берік (қалтасын қарманып): Қап!Енді қайттім? Редакторға қоңырау шалайын. (телефоннына үңіліп) Өшірулі дей ме?

Даяшы: (зілді үнмен): Тәртіп сақшыларын шақыруға мәжбүрлемеңіз. Тездетіп төлем жасаңыз.

Берік (үстелді айнала жүгіріп): Кімнен қарыз сұраймын? Қысылғанда тынысым болар кімім бар?

Айназ (Беріктің жанынан өтіп бара жатып): Сөзі мірдің оғындай өткір жанның тағат таппай жүгіргені қызық екен. Берік (телефонынан әлдекімнің нөмірін жанталаса теріп): Қызық емес, шыжық болды.

Даяшы. Сылтауратпаңыз. Төлеңіз.

Айназ (даусын созып): Сонда бұл мырза ішкен-жегенін төлеуден бас тартып тұр ма?

Берік (бет-аузы тыржиып): Мүлде олай емес. Лажым таусылып тұр.

Айназ (түбіртекті қолына алып): Мен-ақ төлей салайын. Маған қарыз болдың, сыншы жігіт.

(Даяшы төлем түбіртегін үстелге қойып кетіп қалады.)

Берік (қоқиланып): Кім төле деп өтінді? Өзім де төлейтін едім. Тек картамды үйде ұмытып...

Айназ (көзін бақырайтып): Сеніп қалдым. Картаға байланатын заман өткен, онлайн төлем жасасаң болатын еді. 

Берік (еңсесі түсіп):Мен саған қарыз болдым.«Ер мойнында қыл арқан шірімес.»

Айназ (қасын керіп): Неткен ғажайып сөз! Сенің мойныңда анау-мынау арқан шіри қоймас. Мақалаңды оқыдым. Кітаптың сау-тамтығын қалдырмапсың. Ағам көңіліне алып қалып, енді мейрамханаға күйігін басуға келді.

Берік (заттарын жиыстырып): Өтірік жазуға арым бармайды. «Шындықты жазамын» деп өзіңе де айтып едім ғой. Жә, мен кетейін. Телефон нөміріңді қалдыр. Мен қарызымды берер кезде хабарласамын.

(Айназ үнсіз есімхатын ұсынады. Берік шығып кетеді. Айназ Ақжігіттер отырған үстелге келіп жайғасады.)

Айназ (мәзірге көз жүгіртіп отырып): Менің жар дегенде жалғыз ағам нені қалайды? Құлағым сізде, ағажан!

Ақжігіт (шашын қолымен тарақтап): Мына жүректі орнына түсіріп, бұрынғыдай бір қалыпта соқтыратын не бар? Сол сиқырға тапсырыс бер.

(Айназ мәзірді тақпақтата оқи жөнеледі. Ақжігіт басын шайқап, әуре болып қалады.)

Еркін (орнынан атып тұрып): Уды у қайтарады. Өткір дәмдеуіштермен дайындалған сорпа берейік саған.

Жансері (мәзірді жаба салып): Жылқы жайлы қанша әңгіме жаздың. Құлын етінен әзірленген қуырдақ алайық саған.

Ақжігіт (қолын төбесіне қойып): Жо-жоқ, құлын етін жемеймін. Кітабымды  есіме салмаңдар. Одан сайын тынысым тарылады. Мен не туралы жазбап едім?

Айназ (алақанын сарт еткізіп): Аға, сен балық туралы, су асты әлемі жайлы ештеңе жазған жоқсың. Онда саған балық алайық.

Ақжігіт (алақанын жайып): Сосын жазушы ағаң балық тәрізді меңірейіп үнсіз қалсын дейсің бе? Оған да көндік. Менің жанымды сенен артық түсінер кім бар, Айназ?

(Үстелдің жанына даяшы келеді. Музыка әуенінде Ақжігіт қайта-қайта орнынан атып тұрады. Қолын сермеп, қайта отырады. Ол атып тұрған сайын достары оның етегінен тартып отырғызып қояды.Ақжігіт топтың ортасында жүрегін ұстап, буынын билей алмай тұрады. Ақжігіт Айназға қарай құлайды, Айназ ағасын сүйемелдеп алып кетеді. Ақжігіттің бір қолтығынан Жансері мен Еркін, бір қолтығынан Айназ демеп, сахнадан алып кетеді.)

 

ЕКІНШІ АКТ

БІРІНШІ КӨРІНІС

  (Қара көлеңке бөлме іші. Берік  ары-бері адымдап жүр.)

Берік (қолын жүрек тұсына қойып): Сұлу қызға қарызын қайтарып берем деп, жүрегімді қосып бердім бе?Әлде қарызын кешіктіргенім үшін үстемақы есебінде жүрегімді ұстап қалды ма? Бұл жүрек неге тыншымайды? 

Не десем де, жүрегімде бір сезімнің іңгәлап жатқаны анық.

(Телефоны шырылдайды.  Берік қапелімде телефонын теріс ұстап, сасқалақтап қалады.)

Берік (телефонын жөндеп ұстап): Иек тұсымда біреулер сөйлегені несі десем. Алло!

Айназ (саңқылдап): Берік, сәлем. Тоқетерін айтсам, біздің агенттікке тілші іздеп жатыр. Сені ұсынсам қалай қарайсың?

Берік (қолын шапалақтап): Сенімен бір жерде жұмыс істегенім қалай болар екен? Көп жағдайда көзқарасымыз тым бөлек.

Айназ (жылы үнмен): Елдің бәрі мен сияқты ойлауға міндетті емес қой. Бастыққа сенің мақалаларыңды көрсетіп, құлағдар етіп қоямын.   Берік (жарқылдай күліп): Бағымды сынап көрейін. Алса алар, алмаса қазіргі жұмысымда да аштан өліп, көштен қалып жатқан жоқпын.

(Телефондағы әңгіме аяқталады. Берік аң-таң күйде ары-бері адымдай бастайды.)

Берік (күбірлеп): Өзі маған қамқор рай танытты. Табысты қызметте жүргенімді тәуір көріп отыр. Өзі қоңырау шалды. Құдай-ау, сонда ол маған ғашық па?Бұны жақын арада анықтауым керек. Бірақ қалай? Ғашықтықты анықтайтын тест жоқ қой. Абайдан ақыл сұрап көрейін. (Төс қалтасынан Абайдың өлеңдер кітабын суырып алады. Парақтап тұрып)

Таптым! Данышпан ақыл айтты.

   Ғашықтық тілі-тілсіз тіл,

Көзбен көр де, ішпен біл.

   Демек, қызден «мені сүйесің бе?» деп сұраудың реті жоқ, «ішпен біл» дейді. Ішпен!

(Берік сахнадан кетеді. Оқиға кеңсе ішінде жалғасады.)

Айназ (Берікке қарсы жүріп): Сенің мақалаларыңның рейтингісі тым жоғары екен. Соны көріп бастық риза болды. Бір ауыз сөзге келмей, сені жұмысқа алды. Енді екеуміз әріптеспіз.

Берік (Айназдың қолын сілкілеп): Саған рахмет, Айназ! Ағаң жайлы жазған ссыныма бола маған теріс қарарсың деп қауіптеніп едім. Өзің бір жайсаң жан екенсің.

Айназ (қолын тартып алып): Өз еңбегіңе рахмет айт! Ал ағамның кітабы хақында тек әділін жаздың. Оның несіне ренжиін. Тек ағамның көзінше саған жорта кіжінген боламын.

Берік (ішін тартып): Сонда сен Ақжігіттің жазу деңгейінің шынайы қай деңгейде екенін білесің бе?

Айназ (Берікке кабинетті нұсқап): Әрине, білемін. Тек көңілі үшін шындықты айта алмаймын. Оны апам қаржыландырып отыр. Қанша кітап шығарам десе де, бетінен қаққан емес.

Берік (кабинетке кіріп келе жатып). Мәссаған, сенікі ағаңа қиянат емес пе? Бліп тұрып, ақиқатты айтпауың...

Айназ (креслоға жайғаса беріп): Мен айтпасам да, айтатын өзге біреу табылды ғой. Ал мен ағам екеуміздің арамыздағы жылдар бойғы достық пен сыйластықты сақтап қалдым.

Берік (креслода керіліп): Жаңа қызмет-жаңа өмір. Өткір жазасың, интрига туғыза аласың деп ақыры жұмысқа алды.  Айназ (компьютеріне үңіліп): Берік, мына әншінің күшігі туралы елден бірінші жариялап үлгеруіміз керек. 

Берік (компьютерге селсоқ бұрылып): Сол әншілер түкірсе, түкірігін жерге түсірмей қағып алу не өнер, не сән?  Айназ (Орнынан тұрып, Беріктің желкесінде қақшиып тұрған күйі): Шапшаң қимылда! Ел қатарлы жариялаудан пайда жоқ. Елдің алды болып жариялап, жоғары рейтинг жасау өте маңызды.

Берік (компьютерден жүзін алмай). Бір әнші итінің туған күнін жасапты. Бәлкім, оны да сайтқа салармыз.

Айназ (Берікті арқаға қағып): Газет пен ақпараттық портал, сайттың айырмашылығын тез түсініп келесің. Жарайсың. Итін үйлендірген бір жұлдызды да құр жібермей, оған да бір шағын мақала арнайық.

Берік (ыңылдап): Жоқты теріп, ертегіге сеніп отырарымды білгенде, ғазиз басымды қор етіп мұнда жұмысқа келмес едім ғой. Газеттің әдебиет пен мәдениет беттерін жүргізу әрі қызық, әрі жауапты іс болатын. Мұндағы ісім баланың ойыны сияқты.

Айназ (телефонына шұқшиып): Өзге ұлтқа күйеуге шыққан қазақ қызының парақшасына жазылдым.  Нағыз қызық сонда екен. 

Берік (жақтырмаған раймен):Сол да қызық болып па? Сол қаракөзге бір қазақ жігіті бұйырмағаны қайта сор емес пе? Итінің туған күнін жасаған әнші жайлы мақала жазып, сайтқа салдым. Мына отырысыма қарап, өзімді өсек-аяқ терген суайттан бір кем сезінбеймін.

Айназ (Беріктің жүзіне үңіліп):Мен басқа нәсілді азаматқа тұрмысқа шықсам, сол кезде де осылай теріс қарайсың ба? Әлде сайтқа көлдей етіп мақала жазасың ба?

Берік (орнынан ыршып тұрып): Тұрмысқа шығам деймісің? Басқа нәсіл өкіліне? Мен тұрғанда ол арманыңды ұмыт! Өзгеге бұйыруыңа жол бермеймін!

(Айназ күліп жібереді. Сағатына қарап, кетуге жинала бастайды.)

Айназ (көңілді үнмен): Жүр, түскі асқа барайық.

Берік (шегіншектеп): Жоқ, өзің бара бер. Менің бір жерде шұғыл шаруам бар еді. Түскі үзілісте сол шаруамды тиянақтап алайын.

( Берік сахнадан кетеді. Айназ сөмкесін креслоға қоя салып, тербеліп отырады.)

Айназ (айнаға қарап): «Мен тұрғанда басқаға жоқсың» деп атып тұрғаны қызық болды. Бірақ жүрегім неге сонша қуанып кетті?(жүрек тұсын алақанымен қаққылап) «Шын махаббат жер бетінде жоқ» деп қарадай аза тұтып, азамат атаулыдан үріккенді қоятын кез жеткен шығар. Білмеймін, қандай шақ туғанын. Бірақ түскі ас ішетін мезгілдің болғаны анық.

(Айназ сахнадан кетеді. Оқиға саябақта жалғасады. Берік саябақты аралап, айғайлап самса сатып жүрген әйелден екі самса сатып алады.)

Берік (орындықта отырған қалпы): Ас болсын, Берікжан. Сенің мына түріңді Айназ көрмесін. «Үйді алғалы күрделі жөндеу көрмеді» деп апам зар илеген соң, несие алып едім, ақыры сол несие өмірімнің мәніне айналып кетті ме, қалай өзі? Тіпті менің миымда Айназдан гөрі көбірек орын алып тұрған менің несием ғой.

(Самсасынан бір тістеп, бөтелкеден су ішеді.)

Берік (орындыққа шалқайып): Жә, несие түбі бітер. Ал Айназ туралы ойларымның түбі, шегі жоқ.

(Беріктің иығынан біреу келіп ұстайды. Берік атып тұрады. Қараса, ту сыртынан келіп тұрған Жансері.)

Жансері (орындыққа жайғаса беріп): Халың қалай, Берік?Табиғат аясында тамақтану да бір бақыт, иә.

Берік (оның қолын алып): «Қанағат қарын тойдырады» деп отырмын. Иә, табиғатпен үндесіп тамақтанудың ләззаты мол болатынына дауым жоқ.

Жансері (пакеттен бір кітап шығарып): Сын жазып бастап едің, енді прозаға ойыса ма десем, агенттікке ауысыпсың.

Берік (күрсініп): Жазу үшін ой пісіру керек, шабыттану керек. Менде ой пісіретін артық уақыт жоқ, шабыт алатын аруым жоқ. Өзің не істеп жүрсің? 

Жансері (шашын қолымен тарақтап). Біздің баспа көз көрім жерде ғана. Серуендеп қайтайын деп шыққанмын. Айтпақшы, менің тағы бір әңгімем жарық көрді. 

Берік (жүзіне күлкі жиып): Әңгімеңді кітапханашы Айжан жаттап жүр ме?

Жансері (таңданыс толы жүзбен): Ең алғаш болып Айжан оқып, маған хабарласқан еді. Ағыл-тегіл  лебізін білдіріп, көл-көсір тілегін аямай жаудырған. Әңгімем оған өте ұнапты.

Берік (алақанын ысқылап). Сен неге сонша аңқаусың? Айжанға сенің әңгімең емес, өзің ұнап жүрсің. 

Жансері (басын шайқап): Жоқ, біз тек жазушы мен оқырман ретінде ғана пікірлесеміз. Әңгімеміз қанша ұзақ болса да, осы шеңберден шығып көрген емес.

Берік (Жансерінің иығынан салып қалып). Түһ, неткен аңғал жігітсің. Ибалы қазақ қызы жігітке алғаш болып сезім білдіруші ме еді? Сенен жігіттік сөз күтіп, сыпайылық сақтап жүргені түсінікті ғой.

Жансері (кітапты қатты парақтап): Біз тек кітап туралы әңгімелесеміз. Одан өзге тақырыпқа аяқ басып көрмеппіз. 

Берік (даусын көтеріп): Кітапханашы қыз кітаптан басқа не айтуы керек енді? Кәне, телефоныңды ал да, сезім өртіне оранған тілдей хабарлама жаз.

Жансері (телефонын қолына ала беріп): Түйеден түскендей «ұнайсың» дейін бе? Оным жарамас.

Берік (көзін сығырайтып): Ақыры шыныңды айттың-ау, батыреке! «Жаңа кітап сатып алдым, ол кітапты сен әлдеқашан оқып тастаған боларсың. Пікірлесіп, кешкі асты бірге ішсек қалай қарайсың?» деген мағынада жазсаңшы.

Жансері (телефонына хабарлама жазып отырып): Иә, кітап сатып алғаным рас. 

(Жансерінің телефонына Айжаннан хабарлама келіп түседі.  Берік пен Жансері хабарламаны көз жүгіртіп оқып, алақандарын сарт еткізеді.)

Берік (миығынан күліп). Көрдің бе, оқырман қыз кет әрі емес. Сен кешкі асқа қашан шақырады деп, тағатсыздана күтіп отырғанға ұқсайды. Бірден жауап жазды ғой.

Жансері (орнынан түрегеліп): Сенің бір ауыз сөзің қызды кешкі асқа шақыруыма себепші болды. 

Берік (жүрегін ұстап): Кешкі асқа емес, некелесуге бірден тартып тұрмаңдар. Хабар күтем өзіңнен.

(Жансері кетеді. Берік орнынан тұрып, оның артынан қарап қалады.)

Берік (көкке қарап):  Бүгінгі кеште екі ғашық жүрек толассыз сыр ақтарар. Менің жүрегім қайтпек? (жүрек тұсына қолын қойып): Екі ырғақта тіл қатты, демек Айназ дегені ғой. Айназ! Жүрегімнің үні, сезімімнің сыры өзің болдың ғой!Айназ! 

(Берік шыр көбелек айналып, сахнадан шығып кетеді. Оқиға кабинетте жалғасады. Айназ бен Берік қатар отырып,  әлденелерді ақылдасқан түр танытады. Айназ аңдаусызда қаламын жерге түсіріп алады. Екеуі бірдей иіліп, еңселерін тіктей бергенде, соқтығысып қалады.)

Берік (қызға тесіле қарап ішкі даусымен): Мына жібек жүзінен сүйіп алар ма еді?

Айназ (жігіттен көзін алмастан): Өзі маған ұқсайтындай көрінеді де тұрады. «Тағдыр қосқан ғашықтардың түр-келбеттері де бір-біріне ұқсайды» деген сөз рас па екен?

Берік (қызға қаламын беріп): Мінекей, қаламың. Ала ғой.

Айназ (қаламды аламын деп жігіттің қолын ұстай алып): Рахмет, әріптес.

(Берік орнына қарай жылжи беріп, аяғы тайып, құлап түсуге шақ қалады. Айназ шатқаяқтап қалған жігітті сүйеп қалады. Берік қыздың иығына сүйеніп, сәл тұрады.)

Айназ (күбірлеп): Осы тылсым тыныштықты ешкім бұзбаса ғой!

Берік (сыбырлап): Жанарың-жалын, құшағың-от. Содан да жанымда тыныштық жоқ!

(Екеуі құшақтары жазылып, әркім өз орнына отырады. Кабинетке жаңа қызметкер Кәрима кіреді.)

Кәрима (айғайға жақын үнмен): Келгенім кеше, содан болар, аттарыңды ұмыта беремін. Әрі түрлерің де ұқсайды.

Берік (қабағын кіржитіп): Абайша айтқанда, естігенде бір нәрсені ұмытпастиыққа төрт түрлі себеп бар.  Абайды оқы. Сонда ұмытшақтықтан арыласың. 

Айназ (Берікті нұсқап): Жаратушымыз рухы егіз жандардың сырт болмысын да ұқсастырып жаратады дегенді естімеп пе едің? Берік екеуміз құдайдың қолынан шыққан тамаша жаратылыспыз.

Кәрима (ішін тартып): Сонда сендер бауырсыңдар ма? Бәсе, бір-біріңнен аумайсыңдар. Қызметкерлер де айтып еді, Айназ бастыққа қиыла өтініп, өзінің ағасын қызметке қабылдатты деп.

(Берік пен Айназ жарыса күліп жібереді.)

Айназ (көзі бақырайып, қатты таңданып): Бауыр емеспіз, ниеттес, тілектес адамдармыз. Бастыққа қиылған ештеңем жоқ, жай ғана Беріктің жоғары оқылымдағы мақалаларын көрсеткенмін.

Кәрима (ернін сылп еткізіп): Бір суретті сәл өзгертіп көшіргендей кейіптерің. Құдайдың құдіреті деген осы.

Берік (креслосымен компьютерден кері шегініп): Айназжан, мақала дайын. Желіні шулатуға әзірмін.

Айназ (басын изей компьютерге көз салып): Мақалаң интрига туғызудың көкесін көрсетейін деп тұр. 

Кәрима (қолын шапалақтап): Түсіндім, сен жігіттің атың Көке ғой, иә? Онда мына тапсырма саған арналған секілді. Бір кәсіпкер Абай туралы ел естімеген пікір білдіремін деп, тілші шақыртып отыр.

Берік: Абай туралы ауыз ашатын бұл не білгіш екен?  (Кәрима шығып кетеді. Бреік пен Айназ  оның соңын ала күледі.)

Айназ (Берікпен қоса жиналып жүріп): Берік, мен де барайыншы. Фотограф деп айта саларсың. 

Берік (қолын шапалақтап): Суретші десем иланбас, сәнбике десем бе екен?

Айназ (қатты елпілдеп): Жұбымызды жазбай бірге барсақ қайтеді?

Берік (қызға ілтипат көрсетіп). Ендеше, кеттік, не тұрыс! (Оқиға кәсіпкердің кеңсесінде жалғасады.)

Баймырза (креслосында теңселіп): Туысқансыздар ма? Қатты ұқсайды екенсіздер.

(Берік пен Айназ бір-біріне қарайды.)

Берік (диктофонын Баймырзаға жақындатып қойып) Басты мәселеге көшейік. Біздің ақпараттық агенттікке хабарласып, салмақты айтарым бар депсіз.

Баймырза (ыңырана сөйлеп): Иә, кәсіпкер болсам да, кітапты көп оқимын. Содан жастар үлгі алсын деп айтқым келген бірер сөзім бар. Қарап отырсам, Абай тек сөздің адамы екен. «Оқы, біл, үйрен» деп құрғақ айта берген, өзінің тіпті жоғары білімі де жоқ. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деп айтқаны тіпті көкейге қонбайды. Қазір ойын көрудің өзі қымбат, күлкі  аса қат болып тұрған жоқ па? 

(Айназ кәсіпкер сөйлеген сайын шартылдатып суретке түсіре береді.)

Берік (орнында бір отырып, бір тұрып): Сонда Абайды қазақ баласын ғылым-білімге шақырғаны үшін жек көріп отырсыз ба? Абайды ғайбаттау күллі қазаққа топырақ шашқанмен тең екенін білетін шығарсыз?

Баймырза (стақандағы суынан сыздықтата ішіп): Ақыл айту-оңайдың оңайы. Еріккеннен  қара сиямен қырық бес сөз жазыпты. Оны өзі қара сөз деп атапты. Ақ сөз, қара сөз деген бола ма өзі? Енді мен де өмірден көргенімді баяндап, Баймырзаның бес ауыз сөзі деген өнер туындымды жазбақпын. 

Берік (жөтелген болып): Сонда не туралы жазбақсыз? Елу жылда өмірден не көрдіңіз?

Баймырза (көзәйнегінің үстінен қадала қарап): Жаздырмақсыз десең дұрыс болады. Мен нақты сені неге шақырттым? Сенің жазғандарың ғаламторда хит болып жатыр. Маған сондай хит жазатын тілші керек. Әрине, ақыңды аямай беремін.

(Берік диктофонды өшіріп, орнынан атып тұрады. Айназ атып тұрған Берікті де суретке түсіріп алады.)

Берік (ашулы үнмен): Баймырза көке, сен тісің батпайтын ну жынысқа кірмек болған әрекетіңнен тыйыл. Абай-сен лайлайтын айдын емес!

Айназ (сұқ саусағын кезеп): Мұхит де, мұхит!

Баймырза (даусын қатайтып): Ей, бала, шикіөкпе, сен неге маған әкіреңдеп тұрсың?  Берік (заттарын сөмкесіне салып жатып): Құрсақ жазушы болар жайым жоқ. Ақшаға да қызықпаймын. (кенет қимылсыз қалып): Үш несием бар емес пе? Жоқ, сандырақ кітап жазып несие жаппай-ақ қояйын.

Баймырза (иығын қомдап): Еркекте құрсақ болушы ма еді? Әуселең белгілі болды. Ау, суретші қыз, бәлкім, сен жазарсың. Сыйақыңды үйіп-төгіп беремін.

Айназ (басын былқ-сылқ шайқап): Айыпқа бұйырмаңыз, қалам ұстап көрген емеспін. Алтын тордағы тоты құсқа ақша беріп сайтратпақ болған бір патша туралы ертегі есіме түсіп тұр.

(Берік Баймырзаға иіле берген Айназды сүйрелеп, шығып кетеді.)

Баймырза (аң-таң жүзбен): Еһ, жастар, ақша табудың жолын үйретем десем, асаудай тулайсыңдар. Мейлі, ақша үшін терлейтін бір жазғыш табылар.

(Берік пен Айназ іркес-тіркес шыға жөнеледі. Сахна сыртынан екеуінің даусы естіліп тұрады.)

Берік: Абайда жоғары білім жоқ деп не сандырақтап отыр? «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» дегенге келтіріп, шіренген түрі қандай жиіркенішіті?

Айназ: Онымен қоймай, «Абай құрғақ ақыл айтқан» деді. Оны да жаз.

Берік: Жазбаймын, соямын!  Айназ: Мақтамен бауызда, мақтамен!

Берік: Қара бақырдың күшімен маған қалам ұстатпақшы.  Абай айтқан: «Қулық саумақ, көз сүзіп тіленіп, адам саумақ-өнерсіз иттің ісі.» Менің еңбегімді саумақ ниеті бар анау өнерсіздің.

Айназ: Өнерсіз ит деп толық айт. Әсіресе, ит деген сөзге қатты мән беріп айтсаң орынды болады.

Баймырза (риза пішінмен орнынан тұрып): Ойын басталды, шықпай жүрген атым енді жер жаратын болды.  Баймырза, сен жарадың! Енді бұл тілші жігіт өрттей етіп маөала жазады. Онда өзге тілшілер қарап тұрсын ба? Олар да менімен байланысқа шығады. Сөйтіп, бір-ақ күнде тұтас елге танымал кәсіпкерге айналамын. Танымал! О, жұртым, мені танып ал! (Баймырзаның  дарақы күлкісімен сахна ауысады.)

 

ЕКІНШІ КӨРІНІС

(Тілшілердің кабинеті. Айназ терезе алдындағы гүлдерге  су құйып жүр.)

Берік (Айназға сүйсіне қарап): Бір гүлдің бір гүлге су құйып жүргені қандай жарасымды көрініс!

Айназ (еркелеген үнмен). Сен осылай тым бөлекше ниет білдіріп отырасың. Содан ба, елдің бәрі туысқа теңеп, бауырға балап бітті ғой.

Берік (пернетақтаны шектен тыс жылдамдата теріп): Ел бізді бауыр десін, тіпті бір құрсақты бөліскен егіз десін, ішіміздегі  ғажапты білмейді ғой.

Айназ (айна алдына барып шашын жөндеп): Ғашықтық халдері елге аңыз болған Қозы мен Баян жетісті ме? Қазір мазарлары ғана қалды қаңырап.  Онда да оңбаған Қодан қараған болып, Қозы мен Баянның қабірінен өсіп шыққан қос қызыл гүлдің арасын жақындатпай тұр деседі.

Берік (қолын сермеп): Дұрыс айтасың. Сол Қодар тым болмаса о дүниеде тыныш жатпай, қлс ғашықтың ортасына әлі түсіп жүр ме? Нағыз оңбаған екен. «Ғашықпыз» деп жар салған Қыз Жібек пен Төлеген не болды ақыры?

Айназ (Берікке шұғыл бұрылып): Сонда екеуміздің арамыздағы бауырластық байланыс емес екенін елден жасыруымыз керек пе?

Берік (Айназдың қасына келіп). Жасырып, жабар неміз бар? Олар өздері қалай құп көрсе, солай ойлай берсін. 

Айназ (жүзін төмен салып): Білесің бе, мен кеше кешке апама «жұмысқа бір жігіт келді, өзі маған ұқсайды» деп едім, біртүрлі тіксініп қалды.

Берік (басын шайқап): Сонда не деп тіксінді?

Айназ (алақанын жайып). Ештеңе демеді. Тек іштей сескеніп қалғанын сездім.

Берік (өз-өзімен ақылдасқан раймен): Әкеммен сөйлессем бе екен? Жас кезінде серілік құрдың ба деп қалай айтам? «Мен сенің әкеңмін. Маған ондай сөзді дәтің барып қалай айттың?» деп сосын бір жексенбіде құлақ етімді жесін.

Айназ (тұрған жерінде секіріп түсіп): Таптым!. Басымызды қатырмай, туыстықты анықтайтын талдау жасатайық. Қан тапсырып, жай ғана қандас екенімізді дәлелдейік. Тіпті елдің сөзінен ығыр болдым.

Берік (қолын қалтасына салып қақшиған күйі): Ол қалай болар екен?  Біреулер «ұқсайсыңдар» деп айтты екен деп, клиникаға жүгіреміз бе?

Айназ (Беріктің қолынан бас салып): Тапсырайық! Сонда елдің жел сөзінен де құтыламыз. Қыз бен жігіт болып қол ұстасып, жұрттың алдында жайнап жүреміз.

Берік (Айназды бас салып): Қол ұстасып жүреміз дейсің бе? Кеттік ендеше  клиникаға! Қанымызды   талдатып бір көрейік. Туыс емес, қиыс емес екенімізге көз жеткізіп, нағыз ғашықтардай бір-бірімізді өбейік!

Айназ (қолын тартып алып): Білесің ғой, мен ондайды ұнатпаймын.  Берік (қыздан алысырақ тұрып): Айып етпе, сезімге беріліп айтқаным ғой. Әйтпесе саған деген көңілімн,ің таза екенін білесің ғой.

Айназ (сөмкесін білегіне іліп): Кеттік пе клиникаға? «Бауыр емес» деген қорытынды аларымызға сенімдімін. 

(Кабинетке Кәрима кіреді. Қолында планшет.)

Кәрима (айғай салып).: Екеуің қазақтың рухын ояттыңдар. Баймырза кәсіпкер туралы жазған мақалаң бүкіл қазақ елінің назарыа ілінді. Қоғамдық резонанс туғыздың.

Айназ (планшетке үңіліп): Мәссаған, мына көрсеткішті қара. Сайтқа салынғанына бір сағат та болған жоқ. Рейтинг деген жер жарып тұр. Жазсаң осылай жаз, Берік.

Берік (Айназды қолынан тартып): Мен бұл мақаланы компьютермен емес, жүрегіммен жаздым. Абайға қарсы азу білегендерді шеттерінен дарға асу керек.

Кәрима (планшетті қолтығына қысып): Бастық дән риза. Мақаланы оқып, редакцияға қоңырау шалып жатқан оқырмандардың санында шек жоқ. Заңгерлер де хабарласып жатыр. Баймырзаның басы дауға қалатын түрі бар.

Берік (Айназды жетектеп шыға беріп). Бастық шын риза болса, бізді түске дейін босатсыншы. Біздің тым маңызды шаруамыз бар. 

Айназ (аяғы аяғына шалынысып). Кезек күттірмейтін мәселені шешуіміз керек. 

Кәрима (планшетін алып шығып): О, ұшты, ұшты! Он мың оқылым. Он екі мың.  Бұдан кейін басекең сендерге үш күн тынығуға мұрсат берсе де таңданбас едім.

(Клиниканың тірлігі көрінеді. Ары-бері жүрген ақ халаттылар. Берік пен Айназ тыпыршып, есік көзінде нәтиже күтіп тұрады. Бір медбике шығып, оларға екі қағаз ұстатады. Екеуі жалма-жан оқи бастайды.)

Берік (қағазды Айназдың қолынан жұлып алып): Мұны қалай түсінеміз? Сонша ақшаға тапсырғанда, нәтижесі қате шыққан ба?

Айназ (дірілдеген дауыспен). Ақшаны қойшы. Мына масқараны қайтеміз?

Берік (екінші қағазға үңіліп). Сонда мен өзімнің қарындасыма ғашық болып жүрмін бе?  «Ғашықпын» деп айта алмай жүргенде «бауырым» деуге міндетті болдым ба?

Айназ (қағазды көзіне тосып): Әкелері бөлек, шешелері бір делінген. Бұл мүмкін емес.

Берік (қызды иығынан құшақтап): Қате болған шығар. Қайта тапсырып көрейік.

Айназ (орнында секіріп): Сонша қымбат тесттің екі түрін тапсырдық. Қате кетуі мүмкін емес. Бір анадан тууымыз да ақылға қонбайды.

Берік (Айназды қолынан жетектеп): Сыртқа барып, салқын санамен ойлайық. Ең бастысы әкелеріміз бөлек екен. Бірақ бір құрсақты бөлісуіміз еш қисынға келмейді.

Айназ (өксіп жылап): Өмірімде тұңғыш рет ғашық болып едім, сезімім көктемей ме енді?

Берік (қыздың көз жасын өзінің беторамалымен сүртіп): Ғашық болдым деймісің? Әріптес деп қана жүруші едің. Ал мен өз қарындасыма асық болдым ба? О, Алла, мұнша ауыр сынақ жібере көрме!Көтере алмаспыз!

Айназ (көз жасын сығып алып): Жоқ, мен оны бұлай қалдырмаймын! Ата-анаммен ашық сөйлесемін. Оларда бір уәж бары анық.

Берік (қызды арқаға қағып): Адуынды Айназ қалпыңа қайта оралдың ба? Бұл істің шырмауының бір ұшығы менің әке-шешеме де қатысты сияқты. Бәрін бір жерге шақырайық.  

Айназ (паңданып): Апамның мейрамханасындағы вип залдардың біріне бронь жасаймын. Сол жерге төртеуін жинаймыз. Сұрақ қойып, тергеуге алып, жөнін сұраймыз.

Берік (толқыған дауыспен): Жанымызды белгісіздіктің отына қуырмай, шындықты бірден айта қойса жақсы ғой.(Екеуі телефондарын қолдарына алады. Хабарлама жөнелтіле салысымен, үсті-үстіне жауап келе бастайды. Екеуі бір-біріне қарап, алақан түйістіреді.)

(Оқиға мейрамхананың ішкі оңаша залында жалғасады. Төрде ұзын үстелдің басында Айназ бен Берік отыр. Екеуі де бір-біріне телміріп қалған.)

Берік (қарсы отырған Айназдың қолын ұстап). Жүрегіме махаббат әнін салдырған сұлуым, жаныма шапағаттың  шашқан жылуын, сенен айырылсам қалай күн кешпекпін?

Айназ (жігіттің қолын қыса түсіп): Бақыттың дәмін татырған, жүрегімді шаттыққа толтырған сенен айырылсам диуана болып кетейін!

Берік (дауыстай сөйлеп): Сен диуана болсаң, мен соңыңнан ғаріп болып еріп өтейін. Жолыңда өлейін!

Айназ (қатты толқып): Тұра тұр, өлуге асықпайық. Бізді жасаған кім? Соны анықтап алайық.

(Залдың есігі кең ашылып, ішке Ермек пен Патшайым кіреді. Айназ әке-шешесіне қарсы жүреді. Берік те келіп амандасып, оларға орындық ұсынады.)

Патшайым (отырар-отырмастан): Не хабарлама анау? Еркелегің келсе, ашық айтпайсың ба?

Ермек (кеуде тұсын ұстап). Жүрек талмам ұстап қала жаздады ғой. Оқыс хабарлама жазғаның қалай, қызым?

Айназ (состиып тұрған қалпы): Бұл жігіттің аты-Берік. Менімен бір жерде жұмыс істейді. Әрі...

Патшайым (отырған орнында теңселе түсіп). Е, анау бір тілі сумақы тілші ме? Біздің  Ақжігіт соның  жазғанына күйініп, қатты ішіп, бірнеше күн үйде ауырып жатып қалып еді ғой.

Ермек (әйеліне қарай бас шұлғып): Иә, иә! Қалай ұмытайын. Ақош қатты қиналып еді. (Берікке қарап) Солай жаза ма екен?  (Берік Айназға жалтақтап қарайды. Айназ әңгімені шорт үзеді.)

Айназ (қатқыл үнмен): Бұл араға Беріктің мақаласын талдау үшін жиналған жоқпыз. Айтарымыз тым салмақты. Сендердің ақтарар ақиқаттарыңнан біздің тағдырымыз шешілмек.

Патшайым (үстелді саусағымен тоқылдаттып): Ақиқаты несі? Не біле алмай жүрсің? Бізің кім?

Ермек (көзі алақ-бұлақ етіп): Тағдыр дей ме? Өз басым ешкімнің тағдырын шешіп көрген емеспін. Қайта менің тағдырымды...

Патшайым (Ермекті иығынан қағып қалып). Сен ұзақ сөйлесең бірдеңені бүлдіресің. Сенің тағдырыңа қызыққан кім бар бұл жерде. Үндемеші.

(Берік сағатына қарай береді. Ішке Баттал мен Күлқаш кіреді. Отырғандармен амандасып, олар да Ермек пен Патшайымға қарама-қарсы жайғасады.)

Берік (үмітке толы көзбен әке-шешесіне қиыла қарап): Апа, әке, ауыр хабарлама жазғаным үшін кешірім сұраймын. Сіздерді мұнда шақырудың басқа орайын таппадым.

Баттал (көсіле жайғасып): Мейрамханадан кешкі ас ішеміз, келіңдер десең жетіп жататын еді ғой.

Айназ (Күлқашқа көзінің астымен сынай қарап): Беріктің апасы, ұлыңыз сізге тартқан екен сымбатты болып. Ол аздай мен де сізге ұқсаймын ба, қалай?

Патшайым (жалт бұрылып): Айназ, жалғызым деп бетіңнен қақпаушы едім. Жұмбақтамай, білгеніңді айт енді. 

Айназ (орнынан шапшаң түрегеліп). Айтайын, апа, мен өзімнің жүріп жүрген жігітім Берікке шешелік тұрғыдан қарындас болып шықтым. Сөзім құрғақ болмасын, бүгін удай қымбат қан талдауын тапсырдық. Екі талдау да біздің анасы бір, әкелері бөлек бауырлар екенімізді дәлелдеді.

(Залда өлі тыныштық орнайды. Ешкім қимылдамай қатып қалған. Бір сәт бәрі орындарынан тұрады.)

Ермек (өзіне-өзі сөйлеп): Әкелерің қайдан бір болсын? Мен өмірі Патшайымнан басқаны ойлап та көрген емеспін.

Баттал (ұлына жетіп барып): Қан талдауына сеніп қалдың ба? Қазір дәрігерлер қателессе, таң қалмайтын болдық қой. 

(Берік Батталға сараптаманың екінші қағазын ұсынады.)

Баттал (ысқырып жіберіп). Аналық материалдары бір дейді. Күлқаш, сонда Берікті сен тумадың ба? Мына дүние қалай-қалай құбылады, а?

Күлқаш (тұла бойы дірілдеп): Жылдар бойы жасырған құпиям осылай оп-оңай жария болады деп ойламаппын. А, Құдай, неге қаһарыңды төгіп тұрсың бейшара пендеңе? Өмір бақи өзіңе  бас иіп, дұға еткеннен басқа не кінәм бар менің?

Патшайым (Күлқаштың жанына келіп, оның көкке қарап созған қолын төмен түсіріп): Тұра тұр, сонда маған аналық жасушасын сатқан сен бе едің?Жылдар бойы жасырғанымыз ақыры жария болды, әшкере болды.

Айназ (шыңғырып жіберіп): Аналық жасуша? Апа, мені құрсақ анадан туғызып алғансың ба? Қолдан жасадыңдар ма мені?

Ермек (қолын сермелеп): Қызым, олай деме. Сені апаң тоғыз ай құрсағында көтеріп, өзі толғатып тапқан. Жүкті кезінде суретке көп түсетін. Сен де көргенсің ол суреттерді.

Айназ (қалш-қалш етіп): Сонда қалай? Өзің туған болсаң, мен неге Берікпен бауыр болып шықтым? Анмыз бір болуының себебі неде?

Баттал (әйелін жұлқылап): Сонда сен «төркінім берді, несие алдым» деп мені алдап, өзің  аналық жасушаларыңды өткізіп ақша тапқансың ба? Менен жасырын іс қылуға дәтің қалай жетті?

Күлқаш (күйеуін кеудесінен итеріп қалып): Айыптама мені. Бұлай жасағаным үшін сен кінәлісің! Тұрмыс тауқыметін көп тарттым. Пәтер жағалап әбден шаршадым. Ал сен туыстарыңды жарылқаудан басқаны білмедің. Сосын осы қадамға бардым.

Берік (шешесіне жетіп барып): Апа, бәрін басынан бастап айт! Мен түсінетіндей анықтап баянда. Қашан, қалай, не үшін?

(Бәрі Күлқашты ортаға алады. Оларды Патшайым тарқатып жібермек ниетпен әрқайсысын бір итереді.)

Патшайым (айғайлап): Сендер неге бұл әйелді жазғырып тұрсыңдар? Мен қырық беске келіп, бала тууға шешім қабылдағанымда, дәрігерлер менде аналық жасушалардың таусылғанын айтты. Ақыры дәрігердің кеңес беруімен донордың аналық жасушасын қолдандым. Бірінші жасанды ұрықтандыру сәтсіз аяқталды. Екінші рет Алла жәрдем беріп, құрсақ көтердім. Сөйтіп, ана бақытына ие болдым.

Күлқаш (безек қағып): Иә, мен қайта сауапты іс жасадым.  Патшайымдай талайларға сәби сүю бақытын бұйырттым, ақшаға, әрине.

Берік (шешесіне қарсы тұра қалып): Талайларға? Сонда менің Айназдан басқа тағы неше бауырым бар?

Баттал (күрсініп): Өмір бойы көп балалы әке болуды армандап едім. Сөйтсем, әйелім елді жарылқап жүріпті ғой. «Бір ұшлы бардың шығар-шықпас жаны бар» деп жүргеніме кімді жазғырайын?

Күлқаш (ұлынан жасқанып бетін қолымен көлегейлеп): Мен қайдан білейін неше бауырың барын? Аналық жасушамды өткіздім де кеттім. Ақысын тиісінше алдым. Олардың нешеуі ұрықтанып, нешеуі лаборатория жағдайында өлгенінің есебін ешкім айтпайды маған.

Баттал (алақанын сарт еткізіп): Менімен ренжісіп, төркініме кеттім деп, ақыры тындырғаның мына сұмдық па? Кесірің басқа емес, ұлымызға тиетін болды ғой.

Күлқаш (күйеуіне тұра ұмтылып): Сен мені бір баламен дұрыс қамтамасыз ете алмай жүріп, батылың жетіп, мені кінәлап тұрсың ба? Үйленген соңң екі жыл көрінгеннің босағасын сағаладым. Мен амал таппағанда әлі күнге солай жүретін едік.

Баттал (кері шегініп): Үйлене сала ешкім де балқып-шалқып кетпейді ғой. Тұрмыстың уақытша қыспағына шыдай тұруың керек еді. Кейін үй де алдық...

Күлқаш (кеудесін ұрғылап): Үйді менің жасушаларымның ақшасына алдың. Алғашқы жарнаны құя алмай пұшайман болғанда, мен «төркінім жарылқады, несие алдым» деп сені алдап, әрең дегенде қазіргі үйімізге қол жеткізгенмін.

Айназ (жыламсырап): Сонда мен құтыда жасалғанмын ба? Мен Беріктің апасының жасушасынан өз анамның құрсағында жаралдым ба? Сонда мені қолдан жасап алдыңдар ма? Апа, айтшы, менің тағы неше шешем бар? Тұрмыс қажетін өтеу үшін құтыға салып сатқан мына әйелдің сығындысымын ба?

(Айназ алас ұрып, ары-бері жүгіре бастайды. Жүгіре жеткен Патшайымды итеріп жібереді.)

Айназ (ортада өзі ғана қалып): Тағы неше анам бар? Аналарым, кәне, жасап алған қуыршақтарыңды көріңдер! Шешелерім, қайдасыңдар?

(Сахнаны тұман басады.  Тұман арасынан қарайған сұлбалар жүгіріп келіп, Айназды қоршай алады.)

1-сұлба: Мен сенің сүт анаңмын! Ақша үшін ақ сүтімді сатқанмын!

2-сұлба: Мен сенің биологиялық анаңмын!Құдіретті қағаз үшін сені құтыға салып сатқанмын!

3-сұлба: Мен сенің құрсақ анаңмын! Бала керек болып, бір тамшыны сатып алғанмын.

4-сұлба. Қорықпа, мен жай ғана кіндік шешеңмін! Туған күн сайын саған сыйлықтар сатып алатынмын.

(Сұлбалар Айназды қаумалап алады. Айназ айғайға басады.)

Айназ (қатты дауыстап): Жо-о-оқ!

(Тұман сейіледі. Ортада Айназ құлап жатады. Бәрі оған ұмтылады. Берік жетіп барып, Айназды көтеріп тұрғызады.)

Патшайым (қызын ұшықтап): Жалғызым, балапаным, не болды? Елес көрдің бе?

Ермек (қызының шашынан сипап): Сабыр, қызым, сабыр. 

Айназ (тұрған орнында секіріп түсіп). Сабыр? Қандай сабыр? Сабырмен шешілетін іс көріп тұрған жоқпын! Елдің бәрі «бір-біріңнен аумайсыңдар» дей берген соң, сараптама жасаттық. Жасаттық та, қасіреттің бетін аштық. Мені анау тұрған әйелдің ағзасынан сығып алып, пробиркаға салып, сол жерден сатып алыпсыңдар. 

Күлқаш (қызын құшақтауға тырысып). Ана болуды арман еттім. Алдымен кәсіп құрып, аяққа тұрдым. Уақыт жылдам екен. Тез-ақ қырықтың қырқасына шыға келдім. Ақыры медицина жаңалығын қолдандым, сөйтіп ана атандым.

Айназ (білегін жоғары көтеріп). Менің бойымдағы қан сенікі емес. Мен генетикалық тұрғыда сенің қызың емеспін.

(Айназдың сөзінен соң Патшайым сылқ етіп құлап түседі. Ермек оны көтере алмай, Баттал екеуі екі жақтап орындыққа отырғызады. Бетіне су бүркіп, Ермек әуре болып қалады.)

Айназ (Күлқаштың алдына келіп): Сен менің биологиялық анамсың.  Өзіңнің аналық жасушаңды сатып, бедеулерге бақыт сыйладым деп алдамшы жұбаныш еткеніңді иттің етінен жек көремін. Менің өмірімде саған орын жоқ!

Күлқаш (Айназға тесіле қарап): Сенің өміріңе араласайын деп тұрған кім бар екен? Қайта сен менің ұлымның өміріне қол сұққанды қой. 

Берік (Айназдың қатарына тұра қалып): Апа, ешкіммен ақылдаспай, өзімшілдікпен істеген бір ісің Айназ екеуміздің түбімізге жетті. Ғашық едік, аңсар арманымыз көп еді. Енді кім болдық? Күлқаш (сөмкесін қолына іле сала). Әй, айыптай салу оңай. Менің күйімді кешкен қайсың бар? Амалсыздан бармадым ба бұл іске?

Баттал (Патшайымды жайына қоя салып, әйелінің қасына жетіп барып): Амалың болмады ма? Барға қанағат етсең, мұның бірі де болмайтын еді ғой. Қазір ұлымыздың үйлену тойына дайындалып, арқа-жарқа болып жатар едік.

Берік (әкесіне жалт бұрылып): Әке, жалпы мұсылмандарда бір шешеден туғандардың некесіне  рұқсат жоқ қой, иә?

Баттал (ұлын иығынан қағып). Жоқ, балам, күнәлі істен аяқ тарт.  (Күлқаш жұлқынып шығып кетеді. Патшайым есін жияды. Айназ Патшайымның жанына барып, қолын уақалай бастайды.)

Берік (маңдайын ұстап): Әке, осы күнге дейін селт етпеген көңілім Айназды көргенде көктем әнін салып еді. Енді қалай тосыннан өмірімнің қысына көңіл гүлімді үсітемін?

Баттал (ұлын құшақтап): Жігіттің тарланы тағдырдың сынына ұшырайды. Сен де...Айтпақшы, бұдан былай қызбен танысарда алдымен туыстықты анықтайтын сараптама жасатуды ұмытпа.

Берік (әкесінен кері шегініп): Ақылыңа болайын, әке!Әрі ол сараптама өте қымбат тұрады. Тарлан болмай құрып кетейін. Төтеден сынақ берердей тағдырыма не жаздым?  Баттал (ішін тартып): Ұлым қыз үшін өмірден баз кешкен бе? Пәтер жалдап, бөлек тұрайық, күйігің ұмытылар.

Берік (айғай салып): Жанымды түсініп тұрған жоқсың, әке! Жаным азалы ән салып жатыр, азалы ән! 

(Баттал ұлына қарап тұрып, иығын қомдап шығып кетеді.)

Патшайым (орнынан тұрып) Әкең екеуміз сені сыртта күтеміз. Ақылдым, соңымыздан келе ғой.

(Айназ үнсіз. Ермек Патшайымды сүйемелдеп алып кетеді. Сахнаның екі бұрышында Айназ бен Берік қалады.

Берік Айназға жақындайды. Ол жылыстай береді.)

Айназ (күңірене сөйлеп). Өміріме күліп кіріп, жел айдаған қаңбақтай жоғалайын дедің бе?

Берік (Айназға қолын созып): Бізге енді бірге жүрмек жоқ. Болашаққа жоспар құрып, әзілдесіп, емен-жарқын  күлмек жоқ. Ғашықтыққа  орын берген жүрегімде бауырластық сезімнің оянуына жол жоқ! Сыртым-түзік, ішім-бүлік, бақытты өмір кешу маған енді жоқ!

Айназ (жүрегін ұстап): Жүрегім, әлдилеме енді махаббат әнін! Өмірім жоғалтты бар мәнін! Мыстан-шындық тонады бәрін!

Берік (жартылай теріс бұрылып): Шариғат та, ар да бірге болмақ жолымызды қиды. Жүректің әнін ақылдың сұсты әмірі тыйды. 

Айназ (Берікке қарай бір-екі адым аттап): Аға дей алмаймын, сезімім басқа. Бауырым дей алмаймын, жөніміз басқа! Жүрегім жалғыз, сала алмас әнге басқа!

Берік (айғайлап): Тегіміз бөтен, анамыз бір. Тағдырымыз бөлек, жанымыз бір!  Айназ (аһ ұрып): Қолдан жасалған қуыршақпын! Сормаңдай болдым дәмін татып кесірлі шақтың! Жүрегім жылап тұр, әнінен айырылып пәк махаббаттың!

Берік (күбірлеп): Жүрегім жылап тұр  әнінен айырылып пәк махаббаттың!

(Екеуі екі тұста жүрелеп отыра кетеді.)

Айназ (айғай салып): Қо-о-ош дей алмаймын!

Берік (атып тұрып): Ақыл сұрайын! Соңғы амалды сұрар данышпаным бар емес пе? (қалтасынан Абайдың кітабын алып шығады.)

Айназ (көз жасын сүртіп): Сен қызықсың, Берік! Абайдың заманында жасанды ұрықтандыру жолымен сәби сүю деген болған жоқ қой.

Берік (кітапты асығыс парақтап): Білемін, Абайдан бір өнеге табарым анық. Міне, міне, «адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз...»

Айназ (Беріктің жанына барып кітапты қолына алып, өзі парақтай бастайды): Біз қалай адам болудан қиналып тұрмыз ба? Біз жүректің қалауын орындай алмай дал болып тұрған жоқпыз ба? Жүрек, жүрек...

Берік (кітапты Айназдың қолынан жұлып алып): Таптым! Міне, қайрат, ақыл, жүрек! Міне, бізге керегі жүрек туралы айтқаны. «Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табаныынң топырағын көзге сүртерлік қасиетті адам-сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі жақтадым.»

Айназ (сықылықтап): Абай атамыз жүректі жақтапты. Онда біздікі не тұрыс?

Берік (кітапты қайта төс қалтасына салып): Мен де жүрекке билеттім! Бар еркімді бердім жүрекке!

Айназ  бен Берік (қол ұстасып): Біз жүректі жақтадық! Шын сезімді баптадық! Айыпты емеспіз ол үшін!Ұят пен Ар, сен бізді түсін!

   (Екеуі вальс әуенімен сахнадан кетеді. Сахна сыртынан бір күліп, бір жылаған қос ғашықтың үндері естіліп тұрады.)

(Бір-біріне жағаласып Ақжігіт пен Жансері келеді.)

Жансері (ғашықтардың кеткен жағына қарап): ХХІ ғасырдың Қозы мен Баяны, араларыңа Қодар түспеді, арамза ақша түсті!Жолдарыңды Қодар кеспеді, арсыздық кесті!

Ақжігіт (шыр айналып): Ромео мен Джульетта, сендерге роман арнайммын! Бұл жолы әр сөзімді таразылап, ақиқатты аңдаймын!

Жансері (Ақжігіттің қарсы алдына тұра қалып): Қосыла алмаған шын ғашықтардың күйікті халі жайлы мен жазбағанда кім жазады?

Ақжігіт (қолын сермелеп): Махаббат дерті меңдеген қарындасымның тағдырын өзім жазамын! Сенің қолыңнан келмесі анық.

Жансері (Ақжігітке саусағын безеп): Бұл ешкім бойлап бармаған тың тақырып, сонысымен де қызық болып тұр маған. Ести сала жазуға ойым кетті. Сен алдымен ана әңгімеңдегі күшіктің әкесін тауып берсеңші. Құлынның нағашы жұртын түгенде. Романға тісің батпас!

Ақжігіт (таңдайын қағып): Мәссаған!  Жазғаның небары екі-үш әңгіме. Енді келіп роман жазбақшы. Арыстан айға шауып мерт болыпты деген.

(Сахна сыртынан қыз бен жігіттің күлкісі естіледі. Күлкі жақыенндай береді. Екеуі күлкіге құлақ түріп, қимылсыз қалады.)

Жансері (құлағын тігіп): Бұл-шынайы махаббаттың шерлі күлкісі.

Ақжігіт (жүрек тұсына қолын қойып): Жоқ, бұлмахаббат мейрамына мас болған қос ғашықтың күмбір күлкісі.

 (Берік пен Айназ қол ұстасып жақын келеді. Екеуі вальс әуеніне билегендей бір айналып барып тоқтайды.)

Берік (оң жағындағы Жансеріге түйіле қарап) Жүрегімізде  тамылжыған бұл махаббат әуенінің бір нотасы бақыттан үн алса, екінші нотасы қасіретпен тамырлас. Сүйіспеншіліктің тек балын ішіп жүрген сен оны қайдан ұғасың? Жаза алмайсың біз жайлы!

Айназ (Ақжігітке бұрылып): Ағажан, жүрегімде бір күй бар, басы шаттықтан басталып, соңы қайғымен тұйықталған. Ғаріп халімді қалайша түсінерсің? Қыз  қумадың, қызмет қудың. Ғашық болмадың, алдаспан сезімнен қашық  болдың. Біз жайлы қалай жазбақсың?

(Жансері мен Ақжігіт желкелерін қасып, кібіртіктеп тұрып қалады.)

Берік  (Айназдың қолын  жүрек тұсына қойып): Әні құйқылжыған сезімім бар. Қуаныш кернеген жүрегімде қайғыға да орын бар.

Айназ  (Беріктің иығына басын сүйеп): Құтыдан шыққан жындаймын. Сынаққа, сірә, сынбаймын. Ешкім түсінбес жайымды, түбінде өзім жырлаймын!

Ақжігіт (қол соғып): Айназ-ау, өзің жаза берші! Басын ғажап етіп бастадың!

Айназ (Ақжігітпен қатарласып): Заман мені жасады!

Берік (алға озып): Біз тағдырды жасаймыз! Содан да жүректі жақтадық!

Жансері (алақанын жайып): Біз бәріміз кешкі отырыс жасаймыз! Келіңдер, бәрің, бәрің жиналыңдар! Еркін жүрегіне билеткен жаңа ғасырдың жасампаз ғашықтарына төрден орын әзірлеңдер!

(Музыка ойнайды. Төртеуі би қимылдарымен сахнадан шығып кетеді.)

 

Шымылдық

Соңы