Авторы: almaskylysh
А.Кемелбаева мен Э.Шафак шығармаларындағы тарихи жады мен феминистік дискурс
Бүгінгі қазақ әдебиетінің даму бағытында ұлттық негіз бен рухани мұраның жаңаша көркемдік интерпретациясы өзекті арнаға айналып отыр. Қазіргі қазақ прозасында ұлттық бояуы қанық, мифтік сарындарға сүйенген және дәстүр мен замана үндестігін бейнелейтін туындылар көбейіп келеді. Бұл үрдіс қаламгердің ұлттық болмысты заманауи көркемдік әдістермен ұштастыруға ұмтылысын танытады.
Осы тұрғыда ұлттық шежіре мен ұрпақ сабақтастығы тақырыбы тек қазақ әдебиетіне тән құбылыс емес, ол әлемдік әдеби процесте де кеңінен көрініс табуда. Мәселен, қазіргі қазақ прозасының көрнекті өкілі Айгүл Кемелбаева мен әлем әдебиетінде өзіндік орны бар Элиф Шафак шығармашылығын салыстыра талдау ұлттық шежіренің көркем кеңістіктегі жаңаша сипатын ашуға мүмкіндік береді. Екі жазушы да ұлттың рухани жады мен әйел болмысы арқылы ұрпақ сабақтастығын, тарихи жадты және мәдени негізді бейнелейді.
Шежірелік сарын мен ұрпақ мәселесін көркем прозада бейнелеу үрдісі әлем әдебиетінде Габриэл Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романынан бастау алды. Магиялық реализм тәсілі арқылы жазушы Колумбия халқының тарихи жады мен отарлық сана мәселесін көркем түрде өрнектеді. Аркадио әулетінің бір ғасырлық тарихы ұлттық шежіре мен мифтік таныммен астасып, жазушының азаматтық және мәдени ұстанымын айқындады.
Шежірелік дәстүрдің көркем прозадағы сабақтастығы ежелгі грек эпосынан бастау алып, фольклор арқылы ұлттық әдебиеттерде тамыр жайған. Қазақ әдебиетінде бұл үрдіс халықтық жырлар мен аңыздарда қалыптасып, қазіргі кезеңде жаңа сипатқа ие болды. Айгүл Кемелбаеваның «Әулиебұлақ» повесі мен шағын прозаларында шежіре дәстүрі әмеңгерлік, бауырына салу секілді ұлттық салт-дәстүрлермен ұштасып, ұлт жадын көркем кеңістікте жаңғыртудың үлгісін көрсетеді.
Осылайша, қазақ және әлем әдебиетіндегі шежірелік дәстүрді салыстыра қарастыру ұлттық бірегейлікті жаңа контексте пайымдауға, дәстүр мен заман тоғысында туған көркемдік ізденістерді бағамдауға мүмкіндік береді.
Ұрпақ жадының сақтаушысы
Айгүл Кемелбаеваның «Әулиебұлақ», «Мұнара», «Тұлпарбасқан» сынды шығармаларында әйелдер бейнесі – жеке тағдырдың емес, ұлттың рухани тарихының айнасы. Қоғам мен дәстүр шеңберінен асып, өзін тану жолына түскен әйелдер тұлғасы ұлттық шежіремен тығыз байланысты. «Әулиебұлақ» повесіндегі әйелдер бейнесі ұрпақ жадының сақтаушысы, ұрпақтар арасындағы байланысты қамтамасыз етуші қызметінде көрінеді. Сонымен бірге әйелдер бейнесі (Нұржан, Кенжеғаным образдары) – үлкен мейірімнің, қамқорлықтың көрінісі және тектіліктің бастауы.
Әлем әдебиетінде шығыс әйелінің жай-күйі, ішкі әлемі Элиф Шафак туындыларында жиі сомдалады. Әйел тағдырына діни, мәдени қысым ұлттық түсініктермен астасып жатыр. Шығыс әйелінің бейнесін әлемдік әдеби кеңістікке әкелу арқылы феминистік деколонизация идеясын ұсынады. Элиф Шафак әйел образдары арқылы еркіндік пен дін, дәстүр мен модерн арасындағы қақтығыста суреттеуде шеберлік танытады.
Айгүл Кемелбаева мен Элиф Шафак шығармаларында көрінетін феминистік үндестік – әйел образдары арқылы ұлттың негізін танудың амалы. Әйел образдары шыққан тегіне орай ұлттық шежіремен тікелей байланысты. А.Кемелбаева әйелдер образы мифтік сана мен ұлттық дәстүрлер тоғысында өрбиді де, Э.Шафак шығармашылығында әйел образы қоғамдағы діни шектеулерге қарсылығымен көрінеді. Айгүл Кемелбаева мен Элиф Шафак прозалық туындылары – ұлттық әдебиеттің аясынан асып, феминистік дискурстың мәдени әрі тарихи аспектіде түрленуімен анықталатын феномендер. Қоғамдағы әйел бейнесін ұлттық жад, дін, дәстүр тоғысында суреттеу ұлттық шежірегі өзегі екенін танытудың амалы. Бұл – қазақ және түрік әдебиеті прозалық туындыларындағы ұлттық құндылықтардың қайта жаңғыруын көрсететін көркемдік әдіс.
Айгүл Кемелбаева прозасында («Көкқия», «Тұлпарбасқан», «Әулиебұлақ», «Мұнара» шығармаларында) Нұржан образы – отбасы татулығын ойлаған қазақ әйелінің типтік бейнесі. Өз жарынан жастай айырылып, аталас туысы Әбдіхамитке әмеңгерлікпен қосылған Нұржан үшін балалары мен немерелерінің бақытынан өзге қуаныш жоқ. Қаламгер аталған әңгімелерінде әмеңгерлік дәстүрінің ұлттық мәнін, қазақы болмыстағы отбасының маңызын көрсету үшін қазіргі жаһандық құндылықтардың бірі индивидуализмге (даралыққа) қарсы қояды. Элиф Шафак болса ұят категориясын діни таныммен астастырып, патриархалдық дәстүрдің ұлттық трагедияға әкелетінін нақты сомдайды. Айгүл Кемелбаеваның кейіпкерлер әлемі ата-баба салтын қатаң ұстанған, қазақы болмыстың лебі сезілетін образдарды құрайды. Элиф Шафак кейіпкерлері ескіліктің қатаң заңына, шектеулеріне бағынады. Діни фанатизмнің ұрпақ жадында сақталуын қоғамдағы қайшылықтармен тікелей байланысты. Екі қаламгердің кейіпкерлері ата-баба дәстүрін жалғап, сол ізбен өмір сүреді. Десек те екі шығармада да («Әулиебұлақ» пен «Намыс» шығармалары) шежіре – тек өткен тарих емес, қазіргі қоғамның рухани айнасы.
Ұлттық шежіре баяны
А.Кемелбаева «Әулиебұлақ» повесінде бүтіндей әулет арасындағы татулықты суреттеп, қайнаған ауыл тіршілігіндегі маңызын көрсетеді. Повесте үш ұрпақ суреттелген: Әбдіхамит пен Нұржан, Оразхан мен Кенжеғаным, Тоқтан, Биғайша, Жеңісқазы. Көркем прозада үш буынның қатар суреттелуі қазіргі қазақ прозасында мүлде кездеспейтін ерекшелік. Бұған дейін қазақ әдебиетінде шежіре жалпы ру, ата-баба есімдерінің аталып өтуі көрініс берсе, Айгүл Кемелбаева прозасында үш ұрпақтың түрлі кезеңдегі өмір жолы, тағдыры салт пен дәстүрдің тұтастығымен сомдалады. Повесте әмеңгерлік, бауырына салу дәстүрлері – шежіренің маңызын көрсететін айрықша деталь. Қазақтың жесірін жылатпауы, жетімін далаға тастамауы ағайын арасындағы татулықтың, жанашырлықтың шынайы көрінісі болса керек.
Туындыдағы рухани үндестік ұрпақ жалғастығы мен туған жердің қасиетінде тоғысады. Айгүл Кемелбаеваның «Әулиебұлақ» повесіндегі Құндызды мекені – қасиет қонған, киелі кеңістік. Биғайшаның Наз атасынан бастап қоныс тепкен Құндызды жері әулет бірлігінің, ұрпақ сабақтастығының көрінісі ретінде бейнеленеді. Повестің атауы да сол киелі мекенге тағзым ретінде алынған. Әулиебұлақ табиғи нысаннан гөрі рухани белгіге айналып, ата-баба аруағын дәріптейтін символдық кеңістікке айналған. Бұлақ суының тазалығы мен мөлдірлігі ұрпақ тектілігі мен рухани сабақтастықты бейнелейтін көркем метафора ретінде қызмет етеді. А.Кемелбаева туған жердің қасиетін ұлттың жаны, ұрпақтың рухани өзегі ретінде суреттейді.
Элиф Шафак та туған жер тақырыбын кең әлеуметтік және мәдени контексте қарастырады. «Намыс» романы шалғайдағы күрд ауылының суреттелуінен басталып, Англияға қоныс аударған Пимби отбасының тағдыры арқылы жалғасады. Романда түркілік дүниетанымға тән «шаңырақтың иесі – ер бала» ұғымы әлеуметтік санада тамыр жайған. Пимбидің анасы ұл тумауын кемшілік санап, өмірінің соңына дейін ер бала көруге талпынады. Сол арман кейін ұлы Пимбиге ауысады: ол да анасының тағдырын қайталап, ұлды болғанда өзін қоғам алдындағы борышын өтегендей сезінеді. Алайда жазушы бұл ұғымның трагедиялық салдарын Пимбидің ұлы Аскандер анасының жеке таңдауына қарсы шығуымен байланыстырады. Баласы өз анасын «намыс» үшін жазалауға ұмтылып, ақырында өз анасын өлтіріп алады.
Бұл трагедия – ұлттық сана мен жеке еркіндік арасындағы қайшылықтың көрінісі. Шафак романының идеялық өзегінде адамның туған жерінен, мәдени түпнегізінен алыстаса да, оның санасындағы ұлттық код өшпейтіні айқындалады. Англияның көпмәдениетті қоғамында өмір сүрсе де, Аскандердің бойындағы «намыс» ұғымы – туған жер мен дәстүрдің мызғымас әсерін көрсететін рухани белгі. Осы арқылы жазушы ұлттық сана мен туған жер арасындағы байланыс үзілмейтінін, рухани жад адаммен бірге жасайтынын аңғартады.
Айгүл Кемелбаева мен Элиф Шафак шығармаларында туған жер бейнесі тек географиялық ұғым емес, ұлттың рухани жады мен ұрпақ жалғастығының көркем символы ретінде көрініс табады. Бірінде туған жерге деген сағыныш пен рухани тазару идеясы алдыңғы қатарға шықса, екіншісінде одан алыстаған ұрпақтың рухани дағдарысы суреттеледі. Екі туынды да туған жерді адам болмысының түпнегізі, ұлттың рухани тұтастығын сақтайтын кеңістік ретінде танытады.
Айгүл Кемелбаеваның «Әулиебұлақ» повесі мен Элиф Шафактың «Намыс» романы ұлттық шежірені мәдени контексте шебер суреттейді. Аталған екі туындыдағы шежірелік желі негізінде ата-баба рухына деген құрмет, адам мен ұлт жадының байланысы, ұрпақтар сабақтастығы деген идеялары жатыр. Айгүл Кемелбаева шығармашылығындағы шежірелік таным – әулеттегі есімдердің айтылуы емес, ұлттық жадтың көрінісі. Осылайша қазақтың ұлттық болмысын танытатын өзегі тектілікпен, шежіре дәстүрімен тығыз байланысты екенін көреміз. Элиф Шафак шығармашылығында шежірелік таным отбасымен байланысты. «Намыс» романында үш ұрпақтың тарихы күрд халқының ұлттық дәстүрімен, түркілік санамен, әр ұрпақтың ұстанымдарымен бейнеленеді. Пимби әулетінің тарихында көрінетін қақтығыс ұлттық дәстүр мен жаңа заманның теке-тіресі. Ұрпақтар арасындағы байланыс намыс ұғымының төңірегінде анықталады.
Екі қаламгер шежіренің өткеннің естелігі деп емес, ұлттық жадтың формасы деп ұсынады. А.Кемелбаева да киелі мекен, кеңістік түрінде көрініс тапса, Э.Шафак туған жерінен алыстаса да, ұлттық санасындағы дәстүрден алыстамайтынын жеткізеді. Қазақ пен түрік прозасындағы шежіре дәстүрі – тектіліктің, киенің және кейіпкердің ішкі арпалысының өзегі.
Қорытындылай келе, аталған шығармалар ұлттық шежіренің негізінде адам мен қоғам, дәстүр мен заман тақырыптарының үйлесімін көрсетеді. А.Кемелбаева прозасында шежіре ұлттық тұтастықтың көрінісі болса, Э.Шафак прозасында кейіпкердің ішкі арпалысын, мәдени қақтығыстардың сомдалуымен ерекшеленеді. Екі туындыны біріктіретін ортақ идея – ұрпақтар сабақтастығы және шежіренің ұлттық жады екенінде жатыр.