Авторы: Argyn gyzy
Абай Құнанбайұлы- қазақ әдебиетінің ұлы реформаторы, рухани ұстазы. Абай Құнанбайұлы қазақ әдебиетінде тек ұлы ақын ғана емес, сонымен қатар алғашқы әдеби сыншы, ойшыл- эстетик ретінде де танылған тұлға. Себебі, оқырманға көркем шығарманың сұлулығын, идеялық мазмұнын, көркемдік тәсілдерін дұрыс түсінуге көмектесе отырып, сол арқылы әрбір оқырманның көркемдік талғамы мен эстетикалық қабылдау мәдениетін қалыптастырады, сондай-ақ, шығарманы талдау арқылы қоғам, тарих, дәуір шындығы туралы ой түйдіріп, әдебиеттің қоғамдық рөлін айқындап, оқырманның дүниетанымын кеңейтетін еңбектері қаншама. Атап айтсақ, Абайдың поэзиясында сыншылдық сарын айқын сезіледі. Ақын өз дәуірінің кемшіліктерін ашық айтып, ел ішіндегі надандықты, жалқаулықты, мансапқорлық пен екіжүзділікті өткір сынға алады. «Болыс болдым, мінеки», «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Сегіз аяқ» сияқты өлеңдерінде ол қоғамның рухани дертін дәл басып көрсетеді. Ақынның бұл сыншыл көзқарасы- тек әлеуметтік наразылық емес, халықты оятуға, түзетуге бағытталған азаматтық үн. Абай ақындық өнердің өзіне де сын көзімен қарады. «Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» өлеңдерінде ол поэзияның биік мақсаттарын анықтап, нағыз ақынның қандай болуы керектігін көрсетті. Абай үшін ақын- шындықтың жаршысы, халықтың тәрбиешісі, рухани жетекшісі болуы тиіс. Бұл- әдеби сын тұрғысынан алғанда, шығармашылықтың моральдық және эстетикалық өлшемін анықтаған терең тұжырым екенін мойындау керек. Абайдың шығармалары мен қара сөздері қазақ әдеби сынының негізін қалаған рухани- теориялық бағдар ұсынады. Оған дәлел ретінде, әдеби сындағы орнын жан-жақты қарастырсақ:
1. Абай- қазақ әдеби сынының бастаушысы. Қазақ әдебиеті тарихында сын жанры Абайдан бастау алады. Бұған дейінгі дәуірлерде әдеби сын жүйелі түрде қалыптаспаған, тек ауыз әдебиетінде шығармашылыққа баға берудің ауызекі түрі (мақтау, даттау) болған. Абай атамыз болса, өлең мен өнердің мәні, мақсаты, қоғам алдындағы жауапкершілігі туралы терең пайым жасап, әдебиеттің эстетикалық және тәрбиелік қызметін ғылыми тұрғыдан алғаш талдаған болатын.
2. Өнер мен ақындыққа көзқарасы- сынның өзегі. Абайдың “Өлең- сөздің патшасы, сөз сарасы”, “Біреуден біреу артылса”, “Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін” сияқты өлеңдерінде ақын поэзияның мазмұны мен формасына, ақындық шеберлікке, өнер иесінің адамгершілік келбетіне баға береді.
Ол ақынның міндеті- халыққа ақыл, тәрбие беру, шындықты айту екенін атап көрсетеді:
«Мақсатым- тіл ұстартып, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ». Бұл- сын тұрғысынан келгенде, поэзияның идеялық-эстетикалық өлшемін айқындаған тұңғыш бағдарлама.
3. Қара сөздеріндегі сыншыл ой. Абайдың қара сөздері- қазақ әдеби сынның көркем-теориялық манифесі іспетті. Абайдың қара сөздері әдеби сынның дамуына зор үлес қосты. Онда ол халықтың мінез-құлқын, ойлау жүйесін, білімге, еңбекке, өнерге деген көзқарасын талдап, сын тұрғысынан бағалайды. Мысалы: 7-нші қара сөзінде жастардың білімге немқұрайлығын сынайды; 10-ншы қара сөзінде- «қазақтың қайраты мен ақылы, жүрегі бірікпесе, өрге баспайды» деп ұлттық мінезге сын айтады; 32-нші қара сөзінде- ғылым мен өнердің қадірін түсінбейтін жұртты сынай отырып, рухани сынның негізін салады; 19-ншы қара сөзінде- жалқаулық пен пайдакүнемдікті әшкерелесе, 38-нші қара сөзінде- рухани тазалық, адамдық ізгілік туралы философиялық ойларын білдіреді. Бұл еңбектер- қазақ әдебиетінде сыншыл реализм мен философиялық талдаудың алғашқы үлгілері болып есептеледі.
4. Абай дәстүрі және кейінгі сын. Абайдың сыншыл реализмі қазақ әдебиетінде шыншылдық дәстүрін қалыптастырды. Абайдың сыншылдық дәстүрі кейінгі әдебиет өкілдеріне жол ашты. М.Әуезов, С.Мұқанов, З.Қабдолов, Т.Кәкішев сынды сыншылар мен ғалымдар Абайдың эстетикалық көзқарасын дамытып, қазақ әдеби сынының ғылыми негізін қалыптастырды. Осы тұрғыдан алғанда, Абай- қазақ әдеби сынының теориялық әрі рухани бастау көзі. М.Әуезовтің “Абай- қазақтың жаңа реалистік әдебиетінің негізін қалаушысы” деген пікірі осының айғағы.
Зерттеушілердің дені Абай шығармашылығындағы ақын және қоғам мәселесін көбірек таныды. Негізгі ғылыми пікірлер де, осы төңіректе жинақталды. Абайды танудың жаңа кезеңінде бұл пікірлер толымсыз, сыңаржақ теорияға айналып отыр. Өйткені, Абай сынды кесек күрделі тұлғаның бет- болмысын айқындайтын әдеби теориялар да, тарихи философиялық та маңызы бар бұл мәселені социалистік жүйе мойындаған методология бойынша түсіндірдік. Яғни, Абайдың әдеби сыны қоғамдағы таптық қайшылық сарынынан ізделді. Бұл Абайға жасалған үлкен қиянат еді. Суреткер, әрі қайраткер Абай таныған шындық бұл шеңберге симайтыны бүгін бесенеден белгілі. Олай болса, ақынның идеялық- эстетикалық концепциясын айқындау арқылы ғана біз әдеби сын сияқты теориялық категорияны ғылыми түрде тұжырымдауға болады. Абайды тануға бүгін кешенді шара керек деуіміз содан. Өмір мен өнерді тұтастырып жіберген Абайдың идеялық- эстетикалық концепциясы да көп жағдайда жігі көрінбестей тұтас. Осыдан келіп, данышпандығы жыға танылған ақиқатты ол өмірге енгізбекке мол қайратын жұмсады. Мұндай мінез төркінін іздесек шығыстан да, батыстан да табуға болады. Ізденімпаз, ілгерішіл Абай еш "жақсыны" шет көрген жоқ. Ал өміріне де, өлеңіне де Абай өлшем еткен ӘДІЛДІК категориясының түп-төркіні түркі әдебиетінде сайрап тұр. Ілімнен ілгіш, қырандай қырағы Абай оны көрмеуі еш мүмкін емес еді. Ал сол әділдікті адамнан қоғамға ауыстыру, қоғамдық жүйенің өзегіне айналдыру идеясын бері салғанда М. Қашқари, Ж. Баласағұн еңбектерінен іздесек, бұл бағыттағы Абай ойларының тарихи тамыр соғысын тап басар едік. Ендеше, Абай тұтынған ақиқат- әділдік категориялары ғайыптан пайда болған кездейсоқ, немесе келімсек- кезеңдік дүние емес. Философиялық өлшемі, ғылыми негізі бар құбылыс. Сондықтан, Абай ойының арналарын Аристотельдің бүкіл даналық ілімін уақытқа сай қайта қорытқан Әл- Фараби айналымына қойып, сол принциппен саралау қажет болады. Ал Абайдан біз көп жағдайда тек "әлеуметтік" қайраткер ғана шығарып жүрміз. Сөз жоқ, Абай Әл-Фараби ізімен ғылым жолына біржолата бет бұра алмады. Өзіндік тарихи тағдыры қалыптасты. Оның шығармаларындағы өмірлік ақиқат осы жерден басталады. Олай болса, ақынның тарихи тағдыр тоқайластырған орыс, қазақ қоғамдық жағдайы туғызған кейбір үндес, әуендес әлеуметтік сарындарын көңіл көзімен көруі, ой елегінен өткізуі мүлде басқа мәселе. Ұлы уақыт құдіретімен де, тікелей өмір ырғағымен де орыс-қазақтың тарихи тағдыры, әсіресе адам, қоғам мәселесіндегі мұңы, сәулелі сезімі ақынды өзіне қатты баурады. Орыс өнерінен мұңдас- сырлас тапты. Қоғамдық ой-санасынан дос- жақтас тапты. Алайда, ол жағдай творчестволық процесс үстінде ақынды жұтып жібере алған жоқ. Керісінше, ірілендірді. Орыс арқылы бүтін Батысты "жаулады". Танымы тереңдей түсіп, бұрынғыдан да бетер жүректеніп, жолбарыс жонданды. Ұлы ақиқатты айтуға мықтылық керек. Екі аяқты тең басқан Абай қай мәселеде болмасын енді туралық сөзін айтудан еш тайсалған жоқ. Нақтырақ айтқанда, сыншылдық та, шыншылдық та Абайдың сыршыл лирикасынан көркемдік шешім тапты. Абайдың дара жаңашылдығы осы тұстан- ақ айқындала береді.
Дәстүрлі қазақ әдебиеті мен Абай арналарын тоғыстыратын сүбелі еңбектерсіз, ақынның көркемдік әдісінсіз, жалпы поэтикалық мәселелер арқауын кеңінен тарқатпай бұл сияқты өрескел пікірден Абайды арашалай алмасымыз белгілі. Абай сынын асыра дәріптеген кейбір зерттеушілер Абай қазақ өлең құрылысына тоникалық өлшем әкелді деген де пікірлер айтыпты. Бұл да сол замана ырғағындағы Абай мен орыс әдебиетін тұтастырып жіберу ағымынан туған асыра сілтеу еді. Абай өлең құрылысына қанша өзгеріс әкелсе де, қазақ өлеңінің силлабикалық жүйесін бұзған жоқ. Тым басы ашық хрестоматиялық түсініктен ауытқудың реті жоқ-ақ еді... Абайдың көркемдік әдісін белгілеуде де бұл тенденцияның салқыны жоқ емес. Мәселен, сыншыл реализмді оған меншіктеудің түп төркіні әлгі ойлармен тамырлас жаткандай. М. Сильченконың: "Абайға дейін де қазақ әдебиетінде сын болды, бірақ ол стихиялы еді" 2- деуінде Абайдың "күрескерлік рухы" ескеріліп отыр. Өлең табиғатын тереңдеп танымай оның көркем әдісін белгілеу болып па? Ол жағына алаңдап жатпастан бір ауыздан Абай қазақ әдебиетінде сынның негізін салушы боп танылды, әдіс ретіндегі теориялық сипаттан гөрі сыңаржак идеялық сарында қарастырылды."...Абай Еуропа ғалымдарының ірі пәлсафасымен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірінің негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өзгеге сөзін мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді", - дейді. Пайымдату мақсатындағы бұл пікір Абайды тануға апарар дұрыс арна еді. Иә, пәлсафаға ірге бермеген Абай "өзі басқа шауып, төске өрлеген" қазақта қара сөзге дес бермей отырып, көркемсөз тізгінін жатқа неге ұстата қойсын?! Яғни, оның көркемдік принциптері тарихи жағдайы, әдеби табиғаты бөлек Белинский, Чернышевский идеяларымен үш қайнаса сорпасы қосылар ма? Ол эстетика- көркемдік принциптермен Абай түгілі, Абай иықтас орыстың Пушкин, Толстой, Лермонтовтарының көркемдік принциптері ұштаса қояр ма екен? Міне біз асыра сілтеу қылышымен ұлы ақынның өзіне ғана тән көркем тенденциясын айқара ашу орнына, көктетпей солдырып, қынадай қиып тастаудан тайсалмадық. Бұл айтқандардан Абай сыншылдығы жоққа шықпайды. Абай қоғамға ғана емес, өлеңге де сын айтқанын жоғарыда айтып өттік. Жалпы сыни көзқарассыз Абай сынды үлкен суреткер туар ма еді? Алайда, ол қасиетті ақынның жалпақ творчествосының көркемдеу әдісі деуге негіз қайсы? Негіз әзірше жоғарыдағыдай тым әлсіз. Бұл сияқты кесек теориялық мәселенің арқауы әлгіндей үзілгелі тұрған жай жіп емес, шірімейтін қыл арқан болуы керек. Сонда ол ақын творчествосының өзіндей ширатсаң ширыға түсуі шарт. Иә, әдіс- методология сияқты әдебиеттанудың күре тамыры жанды дененің барлық қан айналымын реттеп әрі қамтамасыз етіп отыруы шарт. Өйткені, Абай творчествосы- осындай жанды процесс, сонымен бірге жүйелі ілім. Сондықтан, оның әдісі де басы ашық, айқын болуы қажеттілік. Тек оны тақырыптық шеңберден, шарттылықтан ажырату керек. Мәселен, ақынның саяси-әлеуметтік сарындағы өлеңдерін ғана шыншылдық- сыншылдық іздеу, сол арқылы ғана оның әдісін белгілеу дұрыс болар ма еді? Біріншіден, бүтін ақынды бөлшектеп тастаймыз. Ақынның тұтас эстетикалық ұстанымы көрінбегендіктен оның көркемдік принциптері де бүркеліп қалмақ; ал әдеби сын арқылы ақиқат түзілген жолдарды философиялық, педагогикалық, не дидактикалық т.б. тақырыптармен түсіндіріп, мамандыққа қарай жіктеп-жіліктеп бөлісіп аламыз. Нәтижесінде оның бәріне ортақ, бастарын құрайтын әдіс еңсе көтеріп, бой түзей алмайды. Осы желеуден ойшыл- түршіл ақынның көркемдік қырларынан гөрі ұзақ уақыт "күрескерлік" рухын ғана тиек еттік. Мұның бәрі қазақ әдебиеттанудың азусыздығынан еді. Әлі біз одан көп кенжелік көретін боламыз. Абайдың қандай тақырыптағы өлеңдері болмасын оның сыншылдығы мен суреткерлігін бөліп тастау мүмкін болмайтыны рас. Сыны- шын, шыны- сынға айналып, қызғылықты дара творчество ерекшелігі жетіле, дами түсетіндей. Мәселен, мына жолдарда:
Мен боламын демеңдер,
Аяқты алшаң басқанға.
Екі көзің аларып,
Құр қарайсың аспанға.
Сын басым ба, жоқ, шын басым ба? Соны бөле- жарудың қажеттілігі туа ма? Міне, Абай поэзиясының ерекшелігі де құдіреті де осында. Ол өмір шындығын тұтас көріп бейнелейді. Иә, өзіне дейінгі дүниені қорытып шығу үшін, әрине, сын қажет еді. Өлеңге ол жасаған реформа мен сынның тікелей қатысы бар, ендеше. Сол сияқты қазақ әдебиетінің даму заңдылығының өзі Абайға сын жанрын қосымша жүктегенін де ұмытпайық. Осы "міндет" кейде творчество спецификасына айналып кететін тұстар да аз емес. Бұл жәйтті жақсы түсінген казак көркемсөзінің білгір теоретигі А. Байтұрсынов: "Сөздің шырайлы, ажарлы болуына ойдың шеберлігі керек, ұтымды, орынды болуына сыншылдық керек, мағыналы-маңызды болуына білім керек. Абайда осы үшеуі де болған", - дейді. Яғни, Абай сыншылдығын көркемдік тәсіл, творчествосының ажырамас көркем компоненті деп карайды. Ғалым Т.Нұртазин Абаймен бітістіре келе мынадай пікір білдіреді. "...Сыншыл Абай сынға көбірек бейім екені рас, бірак Абай сынаушы ғана емес, адам табиғатының қат-қат дүние екенін конкретті жағдайға қарай жағымды ниетке де, жағымсыз ниетке де мекен болуы мүмкінін ашқан дана талдаушы" (1), - дейді. Яғни, Абайдың сыншылдық реализмі өнер табиғатынан туындайтын творчестволық ерекшелікке саятындай. Сондықтан "ит қуған теке көзденіп", "Екі көзің аларып, құр қарайсың аспанға" деген жолдардың сыншылдық астарында сымбат та бар. Образ, оның керемет деталі бар. Сұлулық көзі- шындықта дегенге ден қойғызады. Бұл- көркемөнерде бірегейлер ғана көтерілер белес еді. Мәселен, Рафаэль сұлулықты солай түсінді. Бұл образдардың мәңгілік сыры да сонда. Міне Абай образдың көркемдік кілтін мүлтіксіз табу арқылы ұлттық әдебиет шеңберін үзді. Сұлулық әлемінің әлемдік кеңістігіне көтерілді. Абай оған әдеби сын әдісін қатты пайдаланды. Тереңіне бойлады. Творчестволықпен дамытты да. Орыс әдебиетінің бірегей білгірлері кезінде хас реалист басқадан да гөрі И. Крылов екенін тегін айтқан жоқ. Ендеше, ұлы шындықты айту жанр тандамайды екен. Абай да шағын жанр-лирика арқылы өз образдарына үлкен кеңістік ашты. Дүниенің төрт бұрышын аралаған мысал жанры образдарының мәңгілік сырын ұққан Абай Эзоптан И. Крыловқа жалғасқан даналық талғамнан өткен жіп ұшығын ұстап, келесі кезеңге сабақтай білген дара тұлға. Өз халқының шындығы сөйтіп, Абайдың көркемдік шешімінде адамзаттық даналықпен қауышады. Содан алмастанған көркемдік принциптері, жаңа эстетикалық норма ақын таланттың қайнар көзіне айналады. Сөйтіп, шағын жанр- лирика арқылы образбен ой айтудың не бір тылсым тетіктерін тапты. Осы бағытта ол сыншылдық пен шыншылдықты тең ұстады.
Абай Құнанбайұлы- қазақ әдеби сынының негізін қалаушы, әдеби-эстетикалық ойдың жүйесін жасаған тұлға. Оның шығармаларындағы сыншылдық көзқарас:
- әдебиеттің қоғамдық қызметін айқындады;
- ақындық жауапкершіліктің өлшемін орнатты;
- қазақ әдебиетінде сын мәдениетін қалыптастырды.
Абайдың сыншылдығы- оның өмірге, қоғамға, адамға деген шыншыл көзқарасынан туындаған. Ол өз халқының болашағын ойлап, ел ішіндегі келеңсіздіктерді ашық сынады. Ақынның шығармаларында надандық, жалқаулық, екіжүзділік, мақтаншақтық сияқты мінездерге деген өткір сын бар. Бұл сын, бір жағынан, қоғамдық өмірдің кемшілігін ашса, екінші жағынан, халықты оятуға, адамгершілікке, білім мен өнерге шақырды. Осы арқылы Абай қазақ қоғамында сын мәдениетін қалыптастырды. Ол сын айтуды- біреуді даттау немесе кінәлау емес, халықтың кемшілігін түзетуге бағытталған ағартушылық іс деп түсінді. Абайдың сыни көзқарасы- тек кемшілікті сынау емес, адамды жетілдіру, қоғамды жаңарту, халықты ояту мақсатын көздеді. Сондықтан да, Абайды қазақ әдеби сынының атасы, ұлттық эстетикалық ойдың негізін салушысы деп танимыз. Оның шығармалары мен ойлары бүгін де өзекті, себебі Абайдың айтқан «толық адам» концепциясы мен шыншылдыққа, білімге, еңбекке шақырған идеялары- қазақ руханиятының мәңгілік темірқазығы.
Пайдаланылған әдебиеттер:
Әуезов М. Абай Құнанбаев.- Алматы: Ғылым, 1995.
Қабдолов З. Сөз өнері.- Алматы: Санат, 2002.
Кәкішев Т. Қазақ әдебиеті сынының тарихы.- Алматы: Білім, 1994.
Нұрғали Р. Әдебиет теориясының негіздері.- Алматы: Рауан, 2001.
Абай Құнанбайұлы. Қара сөздер мен өлеңдер.- Алматы: Атамұра, 2010.